Кітап кімге керек?
“Шөп те – өлең, шөңге де – өлең дегендей, майысқақ сынның қолпаштауымен өзін кәдімгідей халық тәрбиешісі тұрғысында ұғынып және соған әжептәуір сеніп, оқушыға еш жаңалық ұсынбайтын көшқұлаш жазбаларын кең жазира романға балаған алдамшы тоқпейілдіктен де біз біржола арылып болғанымыз жоқ”. З.С.
Біз кейде «қазақ оқымайды» деп кесіп айтамыз. Бұл ойға түгел қосыла алмаймын, қазақ оқиды, бірақ не оқиды? Әлеуметтік желідегі ұзақ посттарды, психология туралы кітаптарды, бизнес әдебиетін, тарихи танымдық еңбектерді, діни мазмұндағы кітаптарды оқиды. Ал көркем әдебиетке келгенде қызығушылық аз. Бұл жерде мәселе оқу мәдениетінің ғана емес, көркем әдебиеттің қоғамдық ықпалының әлсіреуінде.
Жақында елімізге белгілі баспаға барған едік, редакторы соңғы кезде кітаптың, оның ішінде қазақша кітаптардың өтуі өте баяулап қалғанын айтты. Белгілі әдеби порталдарда да оқылым, қаралым рейтингі төмен. Бұрында да ана тілінде оқитын оқырман көп емес еді, соңғы жылдары TikTok т.б. әлеуметтік желілердің қарқын алуымен оқырман саны тіпті азайып кеткенін байқаймыз. Оның үстіне жаз мезгілі, елдің бәрі демалыста, тойдан тойға, құдалықтан құдалыққа дейін өмір сүретін әдетіміз тағы бар, демек, елді кітап оқуға шақыру, кітапты насихаттау, кітап оқығандарға жүлде тігу дегеннің өзі жырғағаннан, жетіскеннен шығып отырған ұсыныс-идея емес.
Біз, әрине, елдің бәрі неге кітап оқымайды деп кінәлаудан аулақпыз, кредиті бар, тірліктің илеуінде, тұрмыстың артында, күнкөріспен жүрген жалпы жұртшылыққа бұл қисынсыз талап сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, оқу, оның ішінде көркем туындыларды оқу дегеннің мәдениеттің бір бөлігі екенін бәрібір айтып, жеткізіп, сіңіруіміз керек. Онсыз болмайды.
Егер ұлт көркем әдебиетті аз оқитын болса, ол біртіндеп күрделі ойлаудан да алыстай бастайды. Өйткені роман мен повесть адамға жауапты дайын бермейді ғой, бірдеңеге күмәндануға, салыстыруға, адамның ішкі әлеміне үңілуге үйретеді. Ал қазір елдің есін алған қысқа видео тек дайын эмоция береді. Сондықтан көркем әдебиеттің оқылмауы тек кітап нарығының мәселесі емес, ойлау мәдениетінің мәселесі.
Біз әрине, түсінеміз, бұл жерде мәселе әлеуметтік желінің шыққанында емес. TikTok-ты, басқаны кінәлап, мәселені жеңілдетіп алу оңай, шамасы бірінші себеп сол - кітап оқудың қоғамдық құндылық болудан қалғанынан шығар. Кезінде кітап оқу білімділіктің, зиялылықтың, тіпті белгілі бір дәрежеде беделдің белгісі еді, қазір қоғамда табыс, танымалдық дегендер көбірек бағаланады. Кейде қарап тұрсаң адамдар күнделікті өмірдің қысымынан шығу үшін ғана жанталаса өмір сүріп жүргендей, әрине, ондайда көркем әдебиетке уақыт бөлу көпшілікке «қажетсіз, басы артық жұмыс» сияқты.
Оның үстіне баяғыдай жазушы жазады, баспа басып береді, презентация өтеді, осылай кітап өз оқырманын өзі тауып алады деген түсінік мына уақытқа келмейді, байқасақ, бүгінгі адамның назары үшін қаншама видео, платформа таласып жатыр. Демек, әрекет керек. Олай болса біз кітап оқытуды науқан ретінде емес, мемлекеттік те, қоғамдық та деңгейдегі мәдени саясат ретінде түсінуіміз керек. Кітап оқыған адамға сыйлық беру, кітап фестивальдерін өткізу, кітап клубтарын көбейту, мектептерде қазіргі қазақ әдебиетін талқылау, авторларды медиаға шығару сияқты бастамалар сырттай қарағанда майда-шүйде шаруа көрінуі мүмкін, бірақ дәл осындай кішкентай қадамдардан үлкен оқу мәдениеті қалыптасады.
Адам кітапты көбіне жарнамадан емес, біреудің шынайы әсерінен кейін оқиды. Роман туралы бір ғана шынайы, терең әңгіме кейде елу баннерден күшті әсер етуі мүмкін. Сондықтан бүгін бізге ең алдымен кітаптың өзін емес, кітап туралы ойлайтын, сөйлейтін, пікір таластыратын интеллектуалдық ортаны қайта қалыптастыру қажет. Сонда оқырман да біртіндеп қайтып келеді.
Үшінші дейік пе, біз әдебиет туралы әңгімені жоғалтып алдық. Бұрын жаңа роман шықса, оны газет-журнал талдап, сыншылар пікір айтып, кітап қоғамдық әңгіменің бір бөлігі болатын болса, қазір кітап шығады, желіден лентасы қиылғанын көреміз, сосын тым-тырыс. Осы жерде әдебиетшілер, сыншылар, мысалға айтайық, Зейнолла Серікқалиевтер еріксіз еске түседі. Неге ол кісіні айтып отырмыз?
Өткен айда Ұлттық академиялық кітапханада болып, сыншы, мәдениетттанушы Зейнолла Серікқалиұлы кітаптарын алып, баяғы оқығанымызды еске түсіріп, оқымағанымызбен қайта танысып отырып ойладық: бұл кісілер өз заманында әдебиеттің бүкіл процесін жіті бақылап, шыққан дүниені қалдырмай оқып, жазылған шығарманың жаңалығы неде, әдебиетке әкелгені, қосқаны не, салмақтап, әдебиеттің бағытын белгілеп отырған екен. Зейнолла Серікқалиұлының «Күміс күмбез»,, «Суреткер сыйлығы» деген мақалаларымен қоса, Жұмекен Нәжімеденов туралы, Асқар Сүлейменов, Сағат Әшімбаев, Мұқағали, т.б. қазақтың сирек таланттары жайлы сол замандағы мақалаларынан сыншы ретінде сол адамдардың аяқ жолына жарық түсірген адам екенін көресің. Не деген еңбек! Тіпті естуімізше, бір жерде жайбарақат отырып, соған өзін арнап жұмыс істеуге мүмкіндігі де болмаған, үнемі жауапты қызметте болған, соның өзінде жазған мақалалары шетінен ауқымды, сол замандағы әдебиеттің келешегі үшін алаңы, уайымы, қуанышы, үміті, бәрі көрінеді.
Ол кезде сыншы тек пікір айтушы емес, әдеби процестің тамырын ұстап, шығарма әдебиетке не қосты, қай жерде жаңалық бар, қай жерде әлсіздік бар екенін айтып отырғанның арқасында жазушы да, оқырман да ортақ кеңістікте өмір сүрген сияқты. Қазір сол көпірдің бір жағы қисайып жатыр. жазушы бар, оқырман бар, бірақ екеуінің арасындағы интеллектуалдық диалог әлсіреп кеткен.
Зейнолла Серікқалиұлы жайлы сыншы Әлия Бөпежанованың тамаша мақаласы бар еді, кезінде «Егемен Қазақстанға» да шықты. Біз көбіне жазушыларды ұлттық руханияттың тірегі деп айтамыз., ал осы руханияттың сапасын сақтап отырған сыншылардың еңбегі көбіне тасада қалып қояды, өзі қаншама қаламгерді жазды, қаншама еңбектің оқырманға жетуіне ықпал етті, бірақ, сол сыншылардың өздері туралы айтыла бермейді. Менің ойымша, Зейнолла Серікқалиұлы туралы осы мақала сондай әділетсіздіктің орнын толтыруға ұмтылған еңбек сияқты. Әлия Бөпежанова ол кісіні тек өмірбаяндық тұрғыдан емес, әдеби ойдың феномені ретінде қарастырады, Зейнолла Серікқалиұлының әдебиетке әкелген ойлау мәдениетін талдайды. Бұл өте әділ, өте анық, адамның бүкіл ғұмырының мазмұнын жарқыратып көрсеткен мақала деп ойлаймын. Және оның азаматтық болмысын көркемдік танымнан бөліп қарамайды. Кейде біз «жақсы адам», «жақсы сыншы» деп екі бөлек айтамыз. Ал Әлия Бөпежановада бұл екеуі тұтас ұғымға айналған, оның пікірінше, шынайы сыншылық тек білімнен тумайды, оған мінез, әділдік, рухани тәуелсіздік керек. Ол сыншыны әдебиеттің шетінде жүрген бақылаушы емес, оның ішкі қозғалысын реттеп отырған рухани институт ретінде көрсетеді. Осылай Әлия Бөпежанова тұлғаның өмірбаянын емес, әдебиеттегі орнын анықтауға ұмтылған. Ал тұлғаның орнын анықтау – кәдімгі естелік жазудан әлдеқайда күрделі.
Еңбектерін тағы бір оқып отырып, сыншының өлшемдері бүгін де қажет екенін аңғарасың және еріксіз: «Бүгін сондай талғам, сондай интеллектуалдық адалдық бар ма?», – деген сұрақ туады. Осы себепті, бүгін, міне, порталымызға Зейнолла Серікқалиұлының 1983 жылғы «Кітап туралы кітақа барар жол» деген мақаласының екінші бөлімін салып отырмыз, бұл бүгінгі біздің уақытпен де үндесетін мақала (кітапты суретке түсіріп, оны мәтінге айналдырғаннан техникалық қателіктер болуы мүмкін екенін ескертеміз).
Кітап кімге керек?
Жалпы мәдениет тарихында адамзат ұрпағының, әр халықтың ала тын орны оқыған кітабының санымен айқындалады. Э. Лабуле бір кезде осы алуандас пікір айтқанда «мынау оқитын кісі» деп сән үшін ғана шіренетін сөрелер де болатынын, әрине, ойламаған шығар. Біз бұл күндері өндіріп оқып жарытпасақ та, түрлі-түсті мұқабалы кітап атаулының біразын сырттай иеленіп, сатып алып, көңіл көншітетін ұрпақтың өкіліміз.
Оқығаныңнан гөрі келешекте оқылатын, оқылуға тиіс, оқылуы мүмкін кітаптардың сұлбасын шамалаудың өзі талайымызға әжептәуір ләззат сыйлайды. Біз тіпті бұған кәдімгідей мақтана да аламыз. Сатып алған кітабыңның санымен болса да әйтеуір ел санатында жүргенің жақсы ғой.
Не дегенмен, кейінгі жылдардың мықты бір жетістігі, талай үйлердің төріндегі көз жауын алатын, жұтынған асадалдар беде лі сопитас шараларды, қазмойын құтыларды бүйірінен түртіп ығыстырған сәнді мұқаба, салмақты кітаптарымен мерейлі бола бастады. Бұл – сөз жоқ, заман талабы, жақсылық шарапаты, рухи кемелдік нышанының білдіртпей бойыңа дарып, бірте-бірте төріңе ене бастауы. Біреу әдетте бүгін оқымасам ертең оқырмын деп кітап жинайды. Әлдебіреулер қатарынан кем қалмауын ойлайды. Жұрт таласып, жақсы кітап деп шарқ ұрып жатса – тегін болмағаны, бұл да жеткен жеріне дейін іздеу салып көруі керек. Енді бір топ өзім оқымасам да, балаларым оқысын, ұрпағым оқысын дейді. Әсіресе болашаққа сенген, ұрпағына сенген осы адамның пейілі қандай таза еді! Шынында да, кім біледі, күндердің күнінде ата-ананың ақ тілеуін ақтайтын кітапқұмар бір ғұлама тап осы шаңырақтан шығып қалар. Егер біз үміт жетегіне беріліп, барша кезде дәл осылай ойлай алатын болсақ, шетімізден оптимист болып шығамыз. Ақылды кітап қашан да адам тәрбиесіне қызмет еткен. Адам тағдыры толғандырып, есімі тарихқа алтын әріппен жазылған заманымыздың ғажайып педагогтарының бірі, ауыл мұғалімі В.А. Сухомлинскийдің жеке меншік қорында он мың кітабы болған. Өз шәкірттерін тәрбиелеу үшін, адамгершілік үлгісі, ақыл-ой даналығы үшін қарапайым ұстазға рухани асыл мұрамен суарылған жан-жақты білімдарлық ауадай қажет еді. Кишиневте тұратын, молдава университеті философия кафедрасының аға оқытушысы Е.И. Колесник жылына орта есеппен отыз шақты газет, жүздеген журнал, кітапшалар жаздырып алады. 1945 жылдан бастап жиналған 80 мың журналды былай қойғанда, 42 мың кітаби басылымды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бұл иесінің ғана қызғыштай қоритын құлыптаулы кітапханасы емес, бұл қазына қазір Кишиневтің 1500 үйелменіне қызмет етеді. Баспасөзде әр кезде тиіп-қашып сөз болып жүрген М. Әуезов, С. Мұқанов кітаптары жайында әңгіме, әйгілі қаламгерлердің оқу, іздену өрісін, талғам-танымын жан-жақты таразылайтын, жете талдайтын білікті сөз мұражай қызметкерлерінің келешекте жұртшылық назарын аудара кең тоқталатын қасиетті тақырыптарының бірі болар.
Мен тек осы орайда өзім тым әріден жақсы білетін, өрістегі қозылардай қай отарға қосылып кеткенін біле алмай, қайсыбір кітабынан оқта-текте көз жазып қалып, із кесіп жүргенімен, мұрты мұқал май, әлем әдебиетінің үздік үлгілерінен мейлінше жүйелі құрастырылып, тірнектеп жиналған Қадыр Мырзалиев кітапханасын атамай қала алмас едім.
Біздің астанаға тұңғыш қадамымыз сонау елуінші жылдардың орта белінде, Қадыр университеттің жоғарғы курсында оқып жүрген кезбен тұстас келді. Алдыңғыларға еліктеп, айналаңа ашық жанар-мен қарайтын арманшыл балаң шақтың алғашқы әсері ешқашан ұмытылмайды. Артында қол ұшын беріп қарайласар тірегі жоқ, болмашы студенттік айлығын тіршілік дәм-тұзы мен ұлы арманына тең бөліп, кітап жастанған, қағаз кемірген, анда-санда Тастақ бойында жалдамалы бір бөлмеден келесі бір хұжыраға көшерде көңілшек жеткіншектеріне кітап тасыттырып қоятын шынашақтай жігіт сол кездің өзінде-ақ тұрғыластары қызыға қарайтын кішігірім құпия бір қазына боп көрінетін. Содан бері... содан бері... әлсін-әлсін сұрыпталған, екшелген, оқылғандары орын алмастырып, айырбасталып, жаңарып, толығып тұратын, баға жетпес құны санмен емес, сапамен өлшенетін қайсар кітапхана қандай белестерден өтті, – оны әрине көрші-көлем, көлденең көзден гөрі ізгілік иесінің өзі айтып бергені жақсы. Ал мен Қ. Мырзалиев ақын ретінде, білікті, парасатты, азамат ретінде ең алдымен өсіп-өнген өз кітапханасына қарыздар деп есептеймін. Ғұмыр бақи ұққаным: кітап жинайтын адам қашан да дәл осы Сухомлинский, Колесник, Мырзалиевтердей болса ғой, адам игілігіне қызмет ететін ұлы мұраттарды үлгі тұтса ғой. Одақтың Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитетінің бір кездегі төрағасы Б.И. Стукалин «Правда» газеті оқушыларының сұрақтарына қайтарған жауабында социологтар есебі бойынша жеке адамдар қолында қырық миллиардтай кітап жинақталып қалғанын айтқан. Бұл бүкіл мемлекеттік, қоғамдық кітапханалар корынан бірнеше есе асып түседі. Осыншама қисапсыз байлық барлық жерде бірдей өз оқушысын тапқан ба? Сөз қадірін ұғатын бүгінгі ұрпақ жаның сүйсінер ғажайып ырыстың рыздығын түгел татқан ба?

Кітап жинау, кітап саудасы, кітап таңдай білу, насихаттау, оқушы талғамын тәрбиелеу мәселелері – бүгінгі таңдағы ең көкейкесті тақырыптардың бірі. Біз өз еліміз жағдайында бұл әңгімелердің әсіресе бір саласы – кітап насихаттау, тарату, санын белгілеу, жалпы кітап саудасын ұйымдастыру бағытында бір ғана «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде берілген қаншама пайдалы пікір алысуларға куәгерміз. Соңғы бір-екі жылдың өзінде республикалық тұтынушылар Одағының төрағасы мен Ғ. Мүсіреповтен бастап, белгілі қазақ қаламгерлерінің біразы мүдделі ортақ әңгімеге азды-көпті өз үлестерін қосты. Талай іскерлік ұсыныстар айтылды, кітап өтпейді емес, жетпейді деп жатты. Үлгілі де кездейсоқ кітапханашылар тілге тиек болды. Алыпсатарлық, саудагерлік сұмдығы жайында да ойлана бастадық. Бірақ бұл шындап келгенде мәселенің тек бірер буыны ғана еді. Талғам тәрбиесі, таңдап оқу, кітап жинау, айырбастау мәдениеті дегеніңіз, әділіне көшсек, біз әлі мықтап қолға алмаған, талқыламаған, күні бүгінге дейін жүрдім-бардым, босбелбеу тақырыптардың бірі болып қалғаны өкінішті-ақ.
Әйгілі «Литературная газета» бұдан талай жылдар бұрын Е. Осетров мақалаларымен оқушы талғамы, кітапқұмарлық сән қойлығы (модасы), жалпы кітап атаулыға көзқарас жайында қызулы да қызықты бір талқылаулар ұйымдастырған. Ойлы көкіректердің біразына бұқаралық баспасөздің игі әсері тимеді деп айта алмаспыз. Әйтсе де мына бір соңғы деректерге назар салып көріңізші. А. Рубиновтың «Сауда шырғалаңы» дейтін сынына орай Ресей Мемлекеттік сауда тексеру орнының бастығы А. Ф. Малков жауап берген («Литературная газета», 9 маусым, 1982). Кітап саудасына байланысты із кесу кезінде анықталған қылмыстарды әр жерден бір шолып шыққанның өзінде төбе шашың тік тұрады. Тюмень облыстық кітап саудасы қоймасының директоры Писарев бір ғана қаңтар айында (1982) халық сусап отырған 1316 сомның қат кітабын жалғыз өзі иемденген (бір адамның сол кездегі орташа айлық жалақысымен шағып қараңыз!), 5800 сомның кітабын өзге қызметкерлері қағып алған. Свердлов облысында тексерілген 89 дүкеннің 45-інде сауда тәртібі бұзылған. Читаның Кітаптар үйінде жаздырып алатын басылымдарды сатушылардың өздері пышақ үстінен он-ондап бөлісіп, жасырын тізімдермен таратқан. Чувашияда қандай да басылымдарға тек бір-ақ рет жазылуға болатын ұтыс билеті он шақты реттен «рейс» жасағаны анықталған. Горькийде 233 жыртынды қағаздар (макулатура) талоны дүкен мен саудагерлер арасында әрлі-берлі астыртын өтіп, әлдекімдердің тек пайда табу көзіне айналып кеткен. Алыпсатарлық, әр түрлі есептер үшін қоқыстар қалқасында, жертөлелерде құпия сақталған Джек Лондон мен Флобер, тек санаулы адамдар қолына бума-бумасымен өткен Дюма, Стендаль, В. Высоцкий кітаптары... – тізе берсе кітап дейтін қастерлі, қасиетті ұғыммен де рухани байлығыңды емес, тұрмыс-жайлық әл-ауқатыңды, жасанды «мерейіңді» үстемелейтін қылмысты «қазына» бөктеруіңе болады екен ғой. Бұл деректерді мен текке келтіріп отырғаным жоқ. Ешқандай сәуегейлік емес, дәл осы көрсетілген өрескел кемшіліктер біздің республикамызда да желі тартқан. М. Рахманбердиев пен Ә. Бөпежанова «Қазақ әдебиетінде» жазған, астананың қақ төріндегі, іргесіндегі «бұқпа базар» хикаясының тірі «кейіпкерлері» қайдағы бір Тюменьнен, Горькийден, Чувашиядан жер ауып келген алыпсатарлар емес, тұп-тура өз топырағымыздан өсіп-өнген, сауда орындарымен жең ұшынан жалғасқан қылмыскерлер. Ескі-құсқы қағаздарыңды қабыл дау тораптарына өткізіп, әділ жолмен талон алудың орнына бес сомыңды қисаң, жымысқы қолдан табу анағұрлым оңайырақ. Кітап дүкендерінде қажетті басылымдарға жазылам деп ұтыс билетінен үміт еткеннен гөрі азын-аулақ беделіңмен өтетін жеріңді алдын-ала ойластыра бер. «Қазақкітап» бірлестігі «Классиктер кітапханасы» түзілісін өз қызметкерлерінен бастап баяғыда-ақ тізіммен таратып жіберген. Қос томдық «Әлем халықтарының мифтері» энциклопе-диясы өзгеден гөрі осы саланың санаулы мамандарының бірі С. Қасқабасовқа керегірек еді. Ол енді қайтеді, әлдебір саудагер қандай құнға баласа да, ғылыми жұмыстарының болашағы үшін амалсыз қолдан сатып алуға бар.

Кітап кімге керек? Кітап ең алдымен сусаған адамына, мұқтаж адамына, оқитын адамына керек. Бірақ, амал не... Ерте ме, кеш пе, біздегі сауда тексеру орны жоғарыдағы Ресей тәжірибесінің қатал да әділ сабағын тұп-тура қайталап, халық алдында, қалың оқушы жұртшылық алдында өзінің қырағылық қызметінен әйтеуір бір есеп беруі қажет-ақ. Кітапқа байланысты қылмыстың үлкен-кішісі болмайды. Республикалық кітапқұмарлар қоғамы, мұғалімдер, мектеп оқушыларынан бастап, бүкіл ел болып, кітап – табыс көзі емес, рухани игілік, ақыл-ой даналығы, мәдени қазына, шын мәніндегі білім бұлағы деп ұғатын, қадірін білетін ойлы, парасатты адамдардың қолына жетуі үшін аянбай ат-салысуы тиіс. Ащы деректерді келтіру арқылы біз бәрінен бұрын мәселенің байыбына тереңірек көз жеткізуді ойластырып отырмыз. Е. Осетров қазіргі заманғы қайсыбір «кітапқұмарларды» «сараң серілер» мен «ақылман жеткіншектер» деп жіктеген. Мейлінше дәл осы анықтамаларды біз де қолданып көрелік. «Сараң серілер» – мейлі, төрт қа бырғасы түгел сіресіп тұрсын, бәрібір шын мағынасында кітап жинаушылар бола алмайды, олар – қор жинаушылар. Құнды, сәнді кітаптар оларға тоғышар, топас тіршіліктерін сырт көзден перделеп, өздерін тек парасатты адам қатарында көрсету үшін ғана керек. Бәсеке үшін, әлдекімдерден қолының ұзындығын дәлелдеп, қызғаныш «қызығы» үшін, кершолақ мерейінің «үстемдігі» үшін... «Ақылман жеткіншектер» де дәл осы өңірден табылады. Бұл – бей-берекет, беталды оқу. Бәрін «білуге» тырысып, үстірт, талғамсыз оқу. Оқиға қуалап, сырғытып өтіп, даналық сырын жете ұғынбай, автор ойына, шығарма табиғатына, құпия-қазынасына бойламай, қайран уақытын қор қылу. Гәп сенің тек оқыған кітабыңның санында емес, ең алдымен, қандай кітап оқығаныңда, қалай оқығаныңда, яғни оқуыңның сапа-сында, санаңа сіңіріп, ақыл-ой даналығынан сабақ ала білуіңде.
Әдетте кітапқа байланысты сөз қозғалғанда, әркім өзі ғажайып әсер алған әлдебір шығармаларды міндетті түрде оқу жұрттың бәрі не парыз деп есептеген жағдайда он-сан атаулар, авторлар тізімі беріліп, нақты бір тақырыптар төңірегінде пікір алмасулар да болып жатады. Бағалы кітаптарды насихаттаудың бұл да бір баянды жолы. Біздің бүгінгі толғаныстарымызда да, бәлкім, қазіргі кездерде мәні бар деп ұққан кейбір бағыттар аңғарылып қалар. Бірақ, ең алдымен, бір қағидаттың басын ашып алайықшы. Әлдебір ақылды адамның, не ақылдымын деп есептеген адамның ұсыныс-пікірін ғұмыр бақи малданып қай оқушы өмір сүреді. Әркім бәрібір ұзын жолдың бойында рухани несібесін өзі айқындауына тура келеді. Мұндайда, әрине, кеңесудің, жұрт пікіріне құлақ асудың кейбір мәселелерді анықтап алуға азды-көпті септігі ғана тиюі мүмкін. Шын мәніндегі ақылды, ойлы оқушының қалыптасуы тек кітап оқумен шектелмейді, мәселе түйіні, сайып келгенде, мынау айқара жарық дүниені, өмірді, тіршілік құбылыстарын жан-жақты тану, өмірдегі өз орнын айқындау жолындағы әр адамның құлшыныс-қимылға, іс-әрекетке деген белсенді қатынасына байланысты. Ең бастысы, мектеп қабырғасынан бастап, ұстаздар мен ата-аналардың, кітапханашы, мәдениет қызметкерлері мен қаламгерлердің, бүкіл баспасөздің, бәрінің де көздейтін ортақ мүддесі – парасатты, жасампаз жаңа адамды тәрбиелеу. Ал, кітапсыз – тәрбие тұл. Ендеше бұл – ең алдымен, жас буынды сұрыптап-талғап нені оқуға, қалай оқуға және не үшін оқуға тәрбиелеу деген сөз. Әркім құмартатын өз тақырыбын, қызықтайтын өз өрісін, керек десеңіз, тіпті өзі қалаған сүйікті бір жазушысын жаза баспай табуына, тануына көптеп-қаумалап көмектесу деген сөз. Осы сара бағыт көкірегіне ұялап, табиғатына дарыған оқушы, өз мүддесін, арман жолын ұққан оқушы, ойлы оқушы нені оқу керек екенін көп жағдайда бас бұйдасыз өзі-ақ шешеді.

Кітап оқу – өнер. Әр адам өз мамандығына орай, жалпы қызығатын, құмартатын тақырыбына, талғам-талабына, қабілетіне қарай толассыз шығып жатқан қыруар өнімдер тізбегінен қажетті кі таптарын таңдай білуінің өзі – өнер. Мумкіндігінше кеңірек қамтып, көп оқу, тынымсыз оқу парыз, әрине. Бірақ біздің заманымызда, әсіресе дәл қазіргі қомдасқан қауырт кезеңде ғасырлар бойы адамзат ақыл-ойы тудырған қисапсыз ру хани байлықты түгел санаңа сіңіріп, жан-жақты білімдар болу оңай шаруа емес. Мұндайда тек талғам таразысы ғана сүбелі сөзін сұрыптай алады. Ф. Петрарка кез келген кітапты талғамай оқи беру қанатыңды қайырып, өз бойыңа дарыған ақыл-ес, асыл қасиетіңді тонағанмен тең деп ұқты. Д. Рескин адам баласы онсыз да қысқа ғұмырын, азын-аулақ бос уақытының бірде-бір сағатын құнсыз кітапқа текке сарп етпеуін арман қылды. Осы таяудағы жылдардың бірінде Д. Гранин В.И. Ленин атындағы Мемлекеттік кітапханада оқушылармен кездесуде өзін нашар кітаптарды мейлінше тез оқитын адамдар қатарына қосты.
Ф. Петрарка – Д. Рескин – Д. Гранин. Осы үшеуінің де жалпы кітап атаулыға көзқарасында өзара бір сабақтастық бар. Демек, өзіңді-өзің тонайтын құнсыз кітап та, нашар кітап та болады екен. Кітап дейтін қасиетті ұғымның табиғатына жараспайтын мұндай көңілсіз түсінік қайдан туады? Нашар кітап, құнсыз кітап неге шығады? Кез келген оқушының осындай сұрақ қоюға қақысы бар ма? Бар. Әрине, ешкім жаман кітап жазайын деп ойламайды.
Шөп те – өлең, шөңге де – өлең дегендей, майысқақ сынның қолпаштауымен өзін кәдімгідей халық тәрбиешісі тұрғысында ұғынып және соған әжептәуір сеніп, оқушыға еш жаңалық ұсынбайтын көшқұлаш жазбаларын кең жазира романға балаған алдамшы тоқпейілдіктен де біз біржола арылып болғанымыз жоқ.
Сондай өз сауатын жөндей алмай жатып әзірше ғана жазушы санатында жүргендердің талайының өресі жеткен жерінен ортақол, кейде тіпті арзан, жасық дүниеліктер де тоғытылып туып жатады. Баспаларда әлі де бүгінгі күннің биік талғам-талабымен жете санаспау, кітап әйтеуір өтеді деп сан қуалап, әр түрлі есептерге, көңілшектікке жол беру басым. Бұл бүкіл әдеби сынның, талғампаз оқушы қауымның бірлесіп күресетін ортақ өрісі, біздің шын мәніндегі бір осал буынымыз.

Жасыратыны жоқ, әлі де сауаты төмен азын-аулақ оқушылардың болмашы қажетін ғана өтеп, тіршілік сахнасынан шығатын жұпыны кітаптар да, мың-миллион оқушының рухани сүйенішіне айна-лып ғұмыры жанған ойлы туындылар да баршылық. Бізге тек мың миллионның тілеуін тілеу керек.
Кезінде қалын көпшілік дуылдап қол соғып, кейін жылдар жотасында біржола ұмытылған дүниелер Пушкин заманында да болған. Қазақ әдебиеті де өз тарихынан ондай баянсыз парақтарды біршама біледі. Уақыт – ұлы төреші. Әйтсе де, кешеуілдеп жететін сол төрелікті сарғайып күтпей, бүгінгі оқушының қамы үшін кітап сапасы, талғам тақырыбында, жалпы сауатымыз, іздену өрісіміз жайында білікті ұстаздар, кітапханашылар, кітап құмарлар, әдебиет, мәдениет қайраткерлері ағынан жарылып өз ойларын ортаға бір салар ма еді.
Сауат демекші... бізге енді жасырынбақ ойнаудың еш қажеті жоқ. Ащылау болса да тек әділіне жүгінейік. Уызына жарымаған төл қандай? Парасат-білім де – тиянақ-тұғырымен, қайнар бастауымен!
Қазіргі заманда адамзат ұрпағы мәдениет бастауының бір ұлы бұлағы – қадым дәуір (антик) әдебиеті мен өнерінің даналық жетістіктерінен бейхабар отырып, «мен білімді адаммын» деп өзіңді-өзің қызықтау мүлдем ақылға сыймайтын құбылыс.
Ал Гомерді түсіну үшін белгілі бір тарихи, мифологиялық дайындықтан өту керек. Оның ең бастапқы оңай, төте жолы – Н.А. Кунның «Ежелгі Грекня мифтері мен аңыздары» дейтін әйгілі кітабы. Халық даналығы ғажайып мұраларының қалың көпшілікке арналған мазмұндамасы. Орыс тіліндегі бесінші басылымы бойынша «Мектеп» баспасы 1979 жылы тұңғыш рет Қазақ тілінде шығарған. Бұл кітапты жөндеп насихаттай алмаған мерзімдік баспасөзді кіналаймыз ба, әлде өз шәкірттеріне жанашырлық жасап, ақыл қоса алмаған жергілікті ұстаздарға, ересектерге сын дейміз бе? Қолдан-қолға өтіп, кез келген жеткіншектің қойын кітабына айналар осы бір айтулы туынды мәдениеті мен әл-ауқаты, құрылысы, болашағы кісі қызығарлық Темір қаласының (Ақтөбе облысы) орталық дүкенінде күні кешеге дейін тізіліп тұрған. Жазушылармен кездесуде, клубта естелікке қолтаңба аламын деп, құндысын да, құнсызын да көп талғамай қыруар жинақ ұсынған өрім дей жастардың бірде-біреуі осы кітапқа мән бермеген-ау, мән бермеген. Әсіресе қазақ жастарының, Толстой, Достоевский мен Әуезов, Мүсіреповті оқитын бүгінгі ұрпақтың кенделеу қалып, көп біле қоймайтын бір тақырыбы – әлемдік өнер тарихына байланысты. Рас, кейінгі жылдарға дейін қазақ тілінде жөнді әдебиеттер болған жоқ. Бірақ жан-жақты ізденетін, қызығатын кітапқұмар жастар орыс тілінде болса да он-сан үлгілер таба алатын еді ғой. Қазір жағдай әжептәуір түзеліп келе жатыр. Бізге енді қорашсынбай бәрін әліппелік танымнан бастап, өз мүмкіндігіміздің қызығын көру керек. Лев Любимовтың мектеп оқушыларына, көпшілікке арналған «Ежелгі дүние өнері», «Батыс Европа өнері», «Ежелгі орыс өнері» дейтін үш томдығы қазақ жастарының қолына тие де бастады. Орыс тілінен Ә. Кекілбаев аударған «Кемпірқосақтың түсі қандай» дейтін, бейнелеу өнеріндегі әр алуан ұғымдардың мән-мағынасын түсіндіретін сөздік те жасөспірім жеткіншектерге мол мағлұмат береді-ақ. Ал 1972 жылдан бастап Герман Демократиялық Республикасы-ның «Ферлаг дер Кунст» (Дрезден) баспасы мен мәс кеулік «Искусство» баспасы бірігіп, неміс, орыс тілдерінде қатар шығарып келе жатқан көп томдық «Өнердің ықшам тарихын» қазақшалау тек жоғарғы класс оқушыларына, жастарға ғана емес, бүкіл халқымызға қуаныш сыйлайтыны даусыз. Қазірдің өзінде немісше, орысша оншақты кітабы жарық көріп үлгерген бұл қызық басылымды республикалық «Өнер» баспасы келешекте түгелдей қазақ оқу шыларының игілігіне айналдыруды ойластыра бастағандай («Өркен» апталығымен сұхбатымызда біз бұл жайында бір-жар дерек келтіргенбіз. 1993 жылға дейін қазақша жарық көріп үлгергені әзірше үш том – З.С.). Кітап қадірлейтін ойлы ұрпақтың келер жылдарда бір қадағалайтын қазынасы осы туындылар болар әлі. Одақ бойынша тұңғыш рет жүзеге асырылып жатқан, қалың ел сусап отырған мұндай бағалы еңбектің орыс тіліндегі әр кітабын тек бір-бір данадан ғана алдырып, бүгінгі оқушының мұқтажын мүлдем ескермеген астанадағы Орталық кітапхана «Өнер» баспасы шығаратын қазақша басылымдарға енді қандай «жомарттық» жасар екен? Ал осы кітапханадағы жаңағы онсыз да сыңар «Антик өнері» томының екі жүзге тарта түрлі-түсті суретін астыртын қиып алып, қоғамдық, халықтық меншікті өзінің күйкі бас пайдасы үшін жымқырған безбүйрек оқушы жайында не деуге болады? Дәл осы кітаптың өзінде ежелгі Грекияда қылмыскерді тас театрлар алаңында көпшілік көзінше тағы аңдарға талататын қатал бір жаза айтылады. Біздің адамгершілік, моральдық қағидаларымызбен бұндай жаза, әрине, сыйыспайды. Әйтсе де, «мәдениетті» ұры ар алдында ұрпақтар үкімінен қашанға бой тасалап қала берем деп ойлайды екен? Қаныңды қыздыратын, жастарды жанашырлыққа, қырағылыққа шақыратын бір көңілсіз гәп осы арада жатқан жоқ па?
Біз бүгінгі әңгімемізді негізінен кітап қадірін білетін жеткіншек жастарға арнадық. Асыл уақытын қор қылып, жүйесіз, талғамсыз, беталды оқымай, өз тақырыбын, өрісін, қызығы мен қуанышын ерте бастан адаспай тапса деген игі тілек бұл. Ал кітап жинадым деп құр босқа бәсеке желігіне берілген «сараң серілер» мен кітап оқуды мүлдем азап санап жаны қиналатын жатыпішерлерге бұл сөзіміз мүм кін жетер, мүмкін жетпес. Бірақ соларды күнде көріп жүрген ата-аналар, ұстаздар, тәрбиешілер арасынан біз өзімізбен тілеулес, мүдделес талай жандарды табармыз. Шындап кіріссек, жетесіз кержалқаудың қандайын да құлағынан сүйреп, кітап құшақтатып, қалқитып қою қолымыздан келеді. Тек мұнымыз «кітаби даналықтан ақымақтың топастығы екі есе танылады» деп Ж. Мольер айтпақшы, жамау-жасқау білімді желімдеп жапсырғандай жасанды сүлде боп шықпағай. Қалай болғанда да, біз бәріміз бір заманның ұрпағымыз, келер күндер алдында қызармаудың бір орайлы жолдарын іздестіріп көрелікші.
Зейнолла Серікқалиұлы,
1983 ж.

