Қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған құнарлы топырақта қазақ рухы асқақтамақ. Бұл – талқыланбас ақиқат. Оған куә – ұлтының тілінен мақрұм, уызына жарымай өскен талай буын ұрпақ өгей діл мен тілдің шырмауында өз ішімізде өзгенің күйін кешіп шөре-шөре халде жүргені өтірік пе еді! Бұларға ұлттық рух туралы не айтуға болады?
Ал керісінше, өзгенің ішінде жүрсе де өз жырымызды жырлап, өз мұңымызды мұңдап, тағдырдың жазуымен қиыр қыстап, шет жайлап жүрген бауырлар бар. Солардың бірі – Алаш атты ақын жігіт. Баян-Өлкедегі Көкмойнақ деген шағын ауылда тұрады екен. Жасынан әдебиетке құмарланып өскен жігіт жұмыстан қолы қалт еткенде өмірден көрген-түйгендерін өлең етіп өретін Алаш ақынның жолдаған өлеңдерінде сөзіміздің басында айтқан ұлттық рух бұрқырап тұрғандығын айтқан жөн.
Желмая мініп, сар желіп өткен Асанқайғының
Көзеулі жерін ұрпағы баса алмай жүр бүгін...
Құлагер сынды жүйрікті қосып аламандарға,
Алаңсыз әлі жүрміз-ау осы, тоса алмай бүгін.
Иә, Асан бабаның сары ізі қалған сайын даланың қай пұшпағы кімнің меншігінде қалмады дейсіз! Аламанға қосқан Құлагер жүйрігіміздің көмбеге аман келеріне толықтай кепіл берген заманды да әлі көрген жоқпыз...
Күлдір де күлдір күреңді мінген Ақтамбердінің,
Қайталар ұрпақ бар ма екен асқан ерлігін.
Мысын тап басып, дұшпаннан иық оздырған,
Абылай ханның жоғалттық па асқақ өрлігін!
Біз ақын өлеңдерінен заманауи соны пішін, тапқыр тіркес, айшықты айтылым іздеп жатпаймыз. Біздің іздейтініміз – ұлтқа, оның жан дүниесіндегі аңсар-арманының, күйініш-сүйініші ғана. Шындығында, ұлтқа деген махаббат – үлкен бол, кіші бол, танымал бол, белгісіз бол – қалам ұстап сөз құрауға ынталы барша қауымның шығармашылық жолы түйісетін бас қақпа болуы тиіс қой. Өзінің ұлтын жан жүрегімен жақсы көріп, ол үшін алаңдамаған адам – қорқынышты адам.
Қан майданда ханына Көкдөнен күлігін берген,
Тайсалмай барып отын да алған қараңғы көрден
Жәнібек бабам – ерлігің жұғысты ма екен,
Қолымен бұрап жылқының ортан жілігін бөлген?
Арғыдан жеткен бабалар дәстүрі, ерлік рухы бүгінгі дәуірден өтіп келешек буынға жұғысты болғай дейміз де. Сол үшін де қаптаған ашық-машықтық өлеңдер, ашық-шашықтық клиптер заманында ұрпақтың құлағына тектілікті, ірілікті жалықпай құйып отыруымыз қажеттің қажеті ғой.
Әз бабаң солай бағынған әр кез Дала заңына,
Тәу етіп келген байрақты батыр бабаларына.
Жекпе-жек айқаста дәуірдің тағдырын шешіп,
Жандарын түйген аналар ақ орамалына.
Алаш ақынның өлеңіне тиек болған Дала заңы – көшпелі халықтың елдігінің, ерлігі мен өрлігінің қайнар көзі болғаны, «қарағай басын шортан шалған» замандарда қолданыстан шығып, ұлт ділінің діңін жұлынқұрт кеуектеумен ғасырлар өткені – кешегінің, жаңадан сауығар заманға бет бұрылғаны – бүгінгінің ақиқаты.
Алаш ақынның қай өлеңін алсаңыз да, қазақы ойламның мөлдір тұмасы, ұлтына деген риясыз махаббат жатыр. Өзге елде жүрсе де, өзім деп соққан жүректен айнымаған ақын жүректер көп болса, қазақ әлемінің де келешегі кемел болары анық. Өлең өлкесіндегі өрісің кең болғай, Алаш ақын!
Сәбит Жәмбек, әдебиеттанушы
Дала заңы
Желмая мініп, сар желіп өткен Асанқайғының
Көзеулі жерін ұрпағы баса алмай жүр бүгін...
Құлагер сынды жүйрікті қосып аламандарға,
Алаңсыз әлі жүрміз-ау осы, тоса алмай бүгін.
Ереуіл атқа ер салған есіл Махамбеттердің
Кессем деп басын кектенген би мен бектердің
Азаттық үшін басын бәйгеге тіккен Кенесарыдай,
Артынан ермей сандалдық талай текті ердің.
Күлдір де күлдір күреңді мінген Ақтамбердінің,
Қайталар ұрпақ бар ма екен асқан ерлігін.
Мысын да басып, дұшпаннан иық оздырған,
Абылай ханның жоғалттық па асқақ өрлігін.
Қан майданда ханына Көкдөнен күлігін берген,
Тайсалмай барып отын да алған қараңғы көрден
Жәнібек бабам – ерлігің жұғысты ма екен,
Қолымен бұрап жылқының ортан жілігін бөлген?
Бабалар өткен, ғұмыры солай аңыз-әфсана,
Тарихын мөр қып қалдырған балбал тасқа да.
Тұлпарға мініп, ту ұстап ұрпақ қамы үшін,
Қаймықпай кірген қан қасап, отқа да.
Қобыз сарыны құлаққа жетсе Қорқыт бабаның,
Абыз даладан сыр аңдап толқып барамын.
Аты аңызға айналып жеткен кіл баһадүрлер,
Рухы асқақ болуға тиісті-ау жатқан даланың
Әз бабаң солай бағынған әр кез Дала заңына,
Тәу етіп келген байрақты батыр бабаларына.
Жекпе-жек айқаста дәуірдің тағдырын шешіп,
Жандарын түйген аналар ақ орамалына.
Көкқасқа шалып жолына оғландарының
Ақ тілеу тілеп қарайтын ана жолына әр күн
Оқ тисе арттан, арланар: «Менің ұлым емес!», - деп,
Дала заңына нансаңыз солай бағынады әркім.
Қапысыз айтқан кесімге қарсы шықпаған ешкім
Әділ би бір құт, алашқа ортақ еді ғой тектің.
Тергеген олар тентекті Дала заңымен ғана,
Сөйлемей сөзін бұра да тартып би менен бектің.
Әділет соты, билердің сол бір, қара қылды жарған,
Әдептен ұлдар, безбеген кез-тін қыздары ардан.
Қадірлеп қартын, ұстаса салтын, ұжданды ұрпақ,
Әсері бәлкім сол Дала заңының біздерге қалған.
***
Сағынышымның саумалы дала
Анамдай болып баурадың дала
Көктемде қыздай көрікті болып,
Жүрегімді жауладың дала.
Қиялдың құсын ұшырдым саған
Мұңайған кезде мұңымды шағам
Қуанған кезде құмыңа аунап,
Төсіңнен шәрбат, ләззат табам.
Жусаның жұпар мұрынды жарып,
Сыйлаймын досқа гүліңді алып.
Мәңгілік мекен тұрағым сенсің,
Демалам бір күн өзіңе барып.
Ұрпақ үшін
Бабам салып күміс ер күреңіне
Шоқпар іліп «Алла» деп білегіне
Жолбарыстың жымына жол тартыпты,
Әжем жерік болған соң жүрегіне.
Аю сойсам деп ойлап қалжасына
Қаймықпастан барыпты ор басына
Құралайды көзінен дәлдеп атып,
Сақина іліп кей кезде сау басына...
Кер бестісін үкілеп таң асырып
Киік қуып арқадан ары асырып
Отырмапты беймаза тірлік кешіп,
Ұрпақ үшін әйтеуір аласұрып.
Қасқыр байлап ырым ғып іргесіне
Бөрі мінез қонсын деп бір несібе
Бесігіне асығын таққан екен,
Сұғанақтың тіл-сұғы тимесін деп...
Ұрпағының абадан болуы үшін
Кемеліне тезірек толуы үшін
Айдаһардың алыпты басын кесіп
Көктүріктің киесі қонуы үшін...
Бабалардың баһадүр өр қылығын
Кейінгі ұрпақ керек ақ жол қылуың
Арыстан жал айбатты ер қазағым,
Босбелбеу боп жүрмегей ендігі ұлың?!
Таулар, таулар
Таулар, таулар...
Иілмес аласаға
Өр тұлғасы тауларға жарасады ә?
Күннің өзі тығылып қалқасына,
Биіктікпен санасады ә?!
Таулар, таулар... төбеден төнесіңдер
Күн сәулесін алдымен көретіндер
Таулар, таулар... ақсақал абыздардай
Қыран жетпес құзыңда аңыз бардай
Құлан жортар көсілген кер далада
Қарайтындай өзіңе қарыздардай...
Таулар, таулар... мәңгілік шөге көрме
Еш мойынсал болмаңдар төбелерге!
Желге пана болғаның – елге пана,
Керек, жерге… Заңғар тау… Керек, елге!
Қасқыржал
Қасқыржал. Қасқырлар ұлиды,
Құба жон аһ ұрып.
Ай маңып аспанда жылжиды,
Ақ сүтке алқапты батырып !
Іңірдің белгісі бояулар,
Қызарып жиегі аспанның.
Аңдаусыз атылған жебедей,
Жұлдыздар ағады қас-қағым.
Ұмытшақ
Түнеріп кетті айнала
Аспанды бұлт торлады.
Болардай сірә, зілзала,
Найзағай жарқ-жұрқ ойнады.
Бұршақ төкті сіркіреп,
Шарқ етіп күн күркіреп
Қорада жатқан жайымен,
Қой-ешкі үрікті дүркіреп.
Өзен асып арнадан
Тасыды жойқын теңіз боп.
Топансу салып зікірін,
Дегендей: «енді өмір жоқ!».
Көрмеген көптен мұндайды
Пенделер қатты шошынды.
Еске алып бір сәт құдайды
Сиынып түгел отырды.
Тәңірге бұл іс қиын ба?
Лезде нөсер басылды.
Өзгере қалды пенделер,
Ұмытып тәуба айтуды.
Тәңірін бірден ұмытар,
Пенде ғой, оған не дерсіз?
Ұмытшақтықтың құнын бұл –
Бақида бәлкім төлерсіз...
***
Жапырақ жаным жылайды...
Жапырақтар, жапырақтар...
Жанымның жасыл бақтары
Үзіліп өкпек желменен,
Қалбаңдап құлап жатқаны
Жердегі жан бөлшегім бе?
Тапталып жылап жатқаны …
Жапырақтар....
Көркі еді-ау көктемдерімнің
Көңілді көк торғын шақтардың,
Белгісі өткен күндердің
Хат байлап қанаттарына
Жіберген кептерлерімнің.
Жапырақтар...
Желге ұшып жоғалғаның ба?
Жаныма жалқылық үстеп,
Батырып ой орманына
Мендегі балауса көктем
Өкінем тоналғанына!
ТОНАЛҒАНЫНА!!!
***
Күз келді күрең қабақ
Жанымды мұң тілгілеп.
Шөп бойы қырау тұнса,
Сыздайды.құрғыр жүрек!
Сарғайып жапырақтар
Салдың ба, уайымға
Қаз қайтты мекеніне
Қабарып күн райы да…
Үзілме келте ғұмыр
Аптықпа, басып жылдам…
Жапырақ...Үзілмеші...
Болсыншы, қабыл дұғам!
Қабыл дұғам!
Алаш Кеңшілікұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.