Көктем

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.

163

Көктем - adebiportal.kz

(әңгіме)

Есеннің өміріндегі ең ұзақ түн небәрі бірнеше сағатқа ғана созылған еді. 

***

Көктем келген сайын Есен ауыл шетіндегі өзенге баратын. Бұл оның жыл сайын қайталанатын әдеті еді. Қар еріп, күн жылына бастағанда, ауыл адамдары үйдің айналасын реттеп, көктемгі жұмыстарға кірісетін. Ал Есен болса, таңертең ерте тұрып, өзен жаққа бет алатын. Ол жаққа не үшін баратынын ешкім сұрамайтын. 

– Есен аға тағы өзенге кетіпті, – дейтін біреуі.  

– Қоя бер. Өзінің әдеті ғой, - дейтін екіншісі. 

Есен өзеннің жағасына жеткенде біраз тұратын. Сосын кері қайтатын. Кейде жолай кездескен адамдармен амандасып, хал сұрасатын.

— Есен аға, тағы да суға барып келдіңіз бе? — дейтін көршілері.

— Бардым, — дейтін ол.

— Су қалай екен?

Есен өзен жаққа көз тастап:

— Өз жолымен ағып жатыр, — деп жауап беретін. Осыдан кейін сұрақ қоятындар көп болмайтын. Ол өзеннен келген соң таңертең ауласын сыпыратын, бақшасын қарайтын, көршілерінің шаруасына көмектесетін. Қолынан келетін істі істеп жүре беретін. Есен ешқашан өзіне жұмыс іздемейтін. Бірақ біреудің жұмысы шыға қалса, қасынан табылатын.

Бір жылы жазда көршісінің шатыры дауылдан ұшып кетті.

– Ертең жөндерміз, – деді үй иесі.

– Ертең жаңбыр жауса ше? – деді Есен. Сол күні кешке дейін шатырды жауып шықты.

Үй иесі ақша ұсынғанда: – Үйің бүтін болса, болды, – деді де кетіп қалды. Осыдан кейін ауылда әлдекім: – Кім барады екен? – деп қалса, біреу міндетті түрде: – Есен ата баратын шығар, – дейтін.

Есеннің үйінің алдында көк түсті ГАЗ-53 тұратын. Көліктің бояуы оңып кеткен. Есігін жапқанда сықырлаған дыбыс шығатын. Кабинасының төбесін тот шалған. Соған қарамастан Есен әр сенбі сайын оны жуатын. Моторын тыңдайтын. Дөңгелектерін айналып шығатын. Бірде балалардың бірі:

– Ата, мұны музейге өткізу керек шығар, – деді. Балалар ду күлді. Есен де жымиды.

– Әлі ерте, – деді.

– Неге?

– Әлі жүрегі соғып тұр.Балалар тағы күлді. Есен аталары моторды айтып тұр деп ойлады.

***

Көктемнің бір күні мен ауылға келдім. Автобустан түскенімде ауыл сол баяғы қалпында қарсы алды. Жол жиегіндегі теректер ғана биіктеп кеткен. Мектептің шатыры жаңарыпты. Ал дүкеннің алдындағы ескі орындық сол орнында тұр. Көшеге кіре бергенімде көзім Есен атаның үйіне түсті. Үйдің алдында баяғы ГАЗ-53. Есен ата оның капотын ашып, бірдеңесін қарап отыр екен. Менің есіме бала күнім түсті.Біз сол көліктің артына жабысып алып, ауылдың шетіне дейін жетіп алатынбыз. Есен ата артына бұрылып:

— Әй, құлап қалмаңдар! — деп айқайлайтын. Бірақ тоқтамайтын. Сол кезде бұл көліктің ауыл үшін жай ғана көлік емес екенін қайдан білейік...

— Ассалаумағалейкум, ата! — дедім жақындай бере. Есен ата басын көтеріп, маған біраз қарап тұрды. Сосын жымиып:

— Әй, сен... Нұрланның баласы емессің бе?

— Иә.

— Қала сені әбден өзгертіп жіберіпті. Мен күлдім.

— Сіз еш өзгермепсіз.

— Өзгермеген адам болмайды, балам, — деді ол капотты жауып жатып. — Тек кейбірінің өзгергені сырт келбетінен де байқалмайды.  Ол сөзге мен мән бере қойған жоқпын. Кейін көп нәрсені сол бір сөйлемнен іздейтінімді ол кезде қайдан білейін...

***

Ауылға келгеніме үшінші күн болған. Қалада жүргенде таңның қалай атқанын аңғармайтынмын. Ал ауылда күнмен бірге оянасың екен. Терезеден түскен жарық ерте тұрғызады. Әжем аулада жүр екен.

— Есен ертемен тағы өзен жаққа кетіпті, — деді шай құйып отырып.

Мен таңданбадым. Бала күнімнен солай екенін білетінмін. Бірақ не үшін баратынын ешқашан ойлап көрмеппін. Шайдан кейін ауылды тағы бір айналып шығуға шықтым. Көшенің шетіне жеткенімде Есен ата қарсы келе жатыр екен. Қолында ештеңе жоқ. Жай ғана өзен жақтан қайтып келеді.

— Ассалаумағалейкум, ата.

— Уағалейкумассалам, балам.

Қатарласа біраз жүрдік. Көктемнің иісі аңқып тұр. Еріген қардың суы арықпен сылдырлап ағып жатыр.

— Өзенге барып келдіңіз бе? — дедім.

— Иә.

— Биыл су қалай екен?

Есен ата иығын қиқаң еткізді.

— Су жылдағыдай.

Сосын өзім де байқамай:

— Сіз көктем сайын сонда барасыз ғой... – дедім.

Есен ата маған қарап жымиды.

— Иә.

— Неге?

Ол жауап беруге асықпады. Жол шетіндегі талдың бүріне көзі түсіп, бір сәт аялдады. 

Сосын:

— Әдет болып кеткен, балам, — деді. Басқа ештеңе айтпады. Мен қайта сұрамадым. Екеуміз ауылға қарай қатар жүрдік. Арықтың жиегіне талдың бір бұтағы келіп тіреліпті. Су оның айналасын көбіктендіріп, жолға қарай бұрып жатыр екен. Есен ата еңкейіп, бұтақты алып, арықтың жиегінен әрі қарай лақтырып жіберді.

— Су өз жолымен ақсын, — деді жай ғана. Сол күннен бастап Есен атаның өзенге неге күнде баратын ойлай беретін болдым. Ертеңіне де ол өзенге барды. Арғы күні де. Мен оны байқамай қала алмайтын едім.

***

Ауылда адам туралы сұрасаң, әркім өзіне белгілі Есенді айтып береді. Бір күні дүкенге кірдім. Сатушы апай мені көріп:

— Қалаға қайтатын күнің белгілі болды ма? — деп сұрады.

— Әлі жоқ.

— Ауылға үйреніп қалдың ба?

— Үйреніп келе жатқан сияқтымын.

Әңгімеміз осымен бітетін шығар деп тұрғанымда, сырттан Есен ата кірді. Екі бөлке нан мен бір қорап сіріңке алды. 

— Сәлеметсіз бе, — деді.

— Сәлеметсіз бе, Есен аға, — деді сатушы әйел орнынан сәл көтеріліп. Есен ақшасын төлеп, шығып кетті. Сатушы әйел оның артынан біраз қарап тұрды.

— Жақсы адам... 

Ол сөздің жалғасы бар сияқты еді. Бірақ айтылмады. Келесі күні ауыл шетіндегі қорада отырған шопанға жолықтым. Әңгіме арасында:

— Есен ата мал ұстай ма? — деп сұрадым.

— Ұстайды.

— Көп пе?

— Жетерлік.

Біраздан кейін өзі сөз бастады.

— Ол кісіге бұл ауылдың қарызы бар.

— Қандай қарыз?

Шопан маған қарады. Бірақ жауап бермеді.

Тек: — Үлкендерден сұрарсың, — деді. Сол күні кешке әжем екеуміз шай ішіп отырдық.

— Әже, Есен ата қандай адам?

Әжем кеседегі шайын асықпай ұрттады.

— Жақсы адам.

— Оны білемін.

— Онда тағы не білгің келеді?

— Неге жұрттың бәрі оны ерекше сыйлайды?

Әжем біраз ойланып отырды.

— Кейбір адамдарды біреулердің ол туралы айтқан сөзінен емес, уақыт өте келе танисың, балам. Сосын әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді. Ертеңіне таңертең ерте оянып кеттім. Терезеден қарасам, Есен ата тағы өзенге қарай кетіп барады екен. Осы жолы мен де артынан ердім. Алыстан ғана.

***

Ораз ақсақал әңгімені асықпай бастады.

— Су қоймасы жарылуы мүмкін деген сөз бірнеше күн бұрын-ақ шыққан еді. Бірақ оған жұрттың көбі сене қоймады. «Жылда айтылатын әңгіме ғой», – дегендер де болды. Ол кесесін үстелге қойып, терезеге бір қарап алды.

— Ауыл халқы баяғы қалпынша тыныш еді. Түн ортасы ауа бергенде жер астынан бір гуіл шыққан. Әуелде ешкім оның не екенін түсінбеді. Біреу күн күркіреп жатыр деді. Біреу ауыр көлік өтіп бара жатқан шығар деді. Бірақ артынша жердің өзі білінер-білінбес дірілдей бастады. Иттер қыңсылап, байлаулы мал аласұрып кетті. Содан кейін адамдар есік алдына жүгіріп шықты. Қараңғылықтың арасынан ақ көбік аралас қара су лап қойып келе жатты. Ай сәулесіне шағылысқан су бірде аппақ болып көрінеді де, бір сәтте қайтадан қара түнекке сіңіп кетеді. Оның екпініне қарсы тұрар ештеңе жоқ еді. Адамдар не істерін де білмеді. Бірі баласын көтеріп жүгірді. Бірі қарт анасын сүйемелдеді. Бірі үйінен ештеңе ала алмай сыртқа атып шықты. Балалардың жылағаны, әйелдердің айқайы, иттердің үргені – бәрі судың гүріліне жұтылып жатты. Сол кезде Есен ешкімге ештеңе айтқан жоқ. Есігінің алдында тұрған ГАЗ-53-ке қарай жүгірді.  Кілтті бұрады. Мотор от ала қоймады. Тағы бір бұрады. Осы жолы барып дүр ете қалды. Судың гүрілі мотордың дауысын басып кетті. Алғашқы рейсте көлікке кімнің мінгенін ешкім санаған жоқ. Адамдар бірін-бірі итеріп, балаларды жоғары көтеріп жатты.

– Әуелі балалар! Балаларды шығарыңдар! – деген дауыс қараңғылықтың арасынан бір естіліп, бір жоғалып жатты. Ең әуелі балалар мінді. Артынан әйелдер. Сосын қарттар. Көлік қара суға кіріп кетті. Бір кезде тек екі фарасының жарығы ғана алыстан дірілдеп көрініп тұрды. Сосын ол да көрінбей кетті. Жұрттың бәрінің көзі қара су жұтып қойған жолға қадалды. Бірнеше минуттың өзі бірнеше сағаттай көрінді. Бір кезде қараңғылықтың арасынан мотор үні қайта естілді. ГАЗ-53 қайта шықты. Тағы адам мінді. Екінші рет кетті. Үшінші рет те оралды.  Әр келген сайын машинаның дөңгелегіне жабысқан лай қалыңдай берді. Кабинадан су сорғалап тұрды. Бірақ мотор әлі өшкен жоқ. Бір кезде біреу:

– Есен, болды! Барма! – деп айқайлады.

Ораз ақсақал басын шайқады.

– Естіді ме, жоқ па, білмеймін... Бірақ ол тағы рөлге отырды. Есікті жауып, газды басты. ГАЗ-53 тағы да қара суға сүңгіп кетті. Осы жолы ешкім оның қайта шығарына сенген жоқ.

***

Ораз ақсақал кесесін қолына алды. Бірақ шайдан ұрттамады. Сырттан өзеннің сылдыры ғана естіліп тұрды.

– Таң ата су қайтты, – деді ол ақырын ғана. –Аман қалғандар бірін-бірі іздеп жүрді. Сонда ғана Есеннің сол түні неше рет барып, неше адамды алып шыққанын жұрт есептей бастады. Бірақ нақты санын ешкім айта алмады. 

Ол тағы бір сәт үнсіз отырды.

— Бір ғана нәрсе анық еді, балам...Маған тіке қарады. — Сол түні Есен дүниеге келгеніне бір апта енді ғана болған ең жас нәрестеге де өмір сыйлаған еді. Ораз ақсақал сөзін аяқтамады. Мен де ештеңе сұрамадым. Терезенің ар жағында көктемгі өзен баяғыша ағып жатты.

***

Ауылда өткізген бірнеше күнімнің қалай өткенін өзім де аңғармай қалыппын. Қайтар күнім де келді. Әжем ертемен дорбама жолға деп бауырсақ салып берді.

— Қалаға жеткен соң хабарлас, — деді. 

Мен басымды изедім. Автобус түске таман жүретін. Соған дейін ауылдың ішін тағы бір айналып шыққым келді. Көктем күннен-күнге күшейіп келеді екен. Кеше ғана лай болып жатқан жолдар кебе бастапты. Арықтағы су баяу ғана сылдырлап ағып жатыр. Құстардың даусы көбейген. Ауыл бұрынғы тіршілігіне қайта оралғандай. Есен атаның үйінің қасынан тағы өттім. Ол аулада жүр екен. Баяғы ГАЗ-53-тің капотын ашып қойыпты. Мені көріп қолын көтерді.

— Кетіп барасың ба, балам?

— Иә, ата.

— Жолың болсын.

Мен де амандасып өте шықтым. Қақпадан ұзай бергенімде артыма бір қарадым. Есен ата капотты жауып, алақанымен көліктің қанатын жай ғана сипап қойды. Неге екенін білмеймін, сол көрініс көңілімде қалып қойды. Автобусқа мінерден бұрын дүкенге кіріп су алайын деп едім. Дүкеннің алдында Ораз ақсақал отыр екен. Мені шақырып алды.

— Қалаға қайтып барасың ба?

— Иә.

Ол біраз отырып қалды да сосын:

— Есен туралы көп сұрап жүрдің ғой, — деді.

— Иә...

— Ешкім саған толық айтып бермеген шығар.

— Иә.

Ораз ақсақал басын изеді.

— Кейбір әңгімені айту да қиын.

Ол алыстағы өзен жаққа қарап отырып сөзін жалғады.

— Сол түні Есеннің ГАЗ-53-іне мінгендердің көбі қазір өз алдына бір-бір шаңырақ болып отыр.

Мен тек тыңдап отырдым

— Бір кемпір болды. Бір жас келіншек болды. Балалар да болды. Тағы бір осы ауылдағы ең жас нәресте де болды...

Мен еріксіз:

— Кейін олар не болды? — деп сұрадым.

Ораз ақсақал маған таңырқай қарап сосын жай ғана жымиды да:

— Балам... сол нәресте сен едің ғой.

***

Мен ештеңе айта алмадым. Көз алдыма соңғы бірнеше күнде көргенімнің бәрі қайта оралғандай болды. Көктем сайын өзенге баруы. ГАЗ-53-ті сатпауы. Ауыл адамдарының Есенді ерекше сыйлауы. «Әдет болып кеткен» дегені. «Су өз жолымен ақсын» дегені. Бәрі бір-ақ сәтте өз орнына түсті. Ораз ақсақал ауыр күрсінді.

— Сенің анаң сені құшағына қысып отырған екен. Есен екеуіңді бір рейсте алып шыққан. Ол орнынан баяу тұрды. — Осыны сен білсін дедім. Басқа айтарым жоқ.

Ол жай ғана жүріп кетті. Мен орнымнан тұра алмай біраз отырдым. Автобус сигналы алыстан естілді. Орнымнан көтеріліп, дорбамды алдым. Жолай Есен атаның үйіне тағы бір қарадым. Ол баяғысынша аулада жүр екен. ГАЗ-53 те сол орнында тұр.

***

Қалаға оралғаннан кейін көп уақыт ештеңе ойламадым. Жұмыс басталды. Күндер бірінің артынан бірі өте берді. Бір күні көктемгі жаңбырдан кейін теледидардан тағы бір ауылды су басқанын көрдім. Экранда лайсаң су ағып жатты. Адамдар бірін-бірі іздеп жүр. Сол сәтте есіме ешқандай тасқын түскен жоқ. Есіме бір ғана адам түсті. Есен ата. Сол күні кешке жұмыстан қайтып келе жатып, жол жиегіндегі арықтың қасына еріксіз тоқтадым. Көктемгі су ештеңе болмағандай баяу ғана ағып жатыр екен. Мен ұзақ қарап тұрдым. Су өз жолымен ағып жатты.

Лақап аты: Сайын

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan