Бүгінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби-тарихи мұрасы насихатталып, оның адами-шығармашылық бейнесі әр қырынан танылып жатыр. Дегенмен, ғұламаның азаматтық келбетi, қаламгерлік және әулиелік бiтiм-болмысы әлi де түгелдей танылып болды деп айта алмаймыз. Бұған себеп – Мәшһүртану ілімінің тым кешiрек қолға алынуы. Оған кезiнде толып жатқан саяси-қоғамдық жағдайлар себеп болғанын бiлемiз. Ол өз алдына бiр бөлек әңгiме. Бiздiң айтпағымыз, Мәшһүр Жүсiптiң әкесi Көпей сопы (Көпжасар) Сермұхаммедұлы жайында. «Жалпы Көпей сопы деген кiм? Оның өмiрге деген көзқарасы, таным-түсiнiгi қандай болған? Ненi мұрат тұтқан? Мәшһүрдiң тұлға болып қалыптасуына оның ықпалы қандай?» - деген сауалдар төңірегінде әңгіме қозғасақ деп едік.
Мәшһүр Жүсiптiң өзi жазып кеткен ғұмырбаянына үңiле отырып, қараңғы қазақ ауылында туып-өскен әкесi Көпейдiң ғылым-бiлiмге соншалықты ынтызар болғанын байқаймыз. Ол заманда білім iздеу деген қазақ баласы үшiн түске кiрмейтiн нәрсе. Ат жалын тартып мiнген еркек үшін ең басты шаруа – шама келсе «мал табу», дүние-дәулет құрау, қалыңын тауып берiп қатын алу. Бұл сол кездегі қазақ қоғамының бұлжымас заңы. Бiрақ Көпейдiң ой-санасы бұл секiлдi пенделiк түсiнiктен биiктеу болған. Бала күнінен көкейінде «Оқысам» деген мақсат шырағын жаққан ол осы ойын қайтсе іске асыруға талпынады. Сөйтіп, арман арқалаған ол 18 жасында үйiнен қашып кетiп, медресе-молдасы мол Қызылжарға жетеді. Бiрақ азғана күн дәріс алған соң сырқатқа шалдығып, 4-5 ай төсек тартып жатып қалып, қолындағы шамалы қаражат осымен таусылады. Соңынан iздеп келiп, көмегiн бере қоятын ағайын-туыс тағы жоқ. Амалы таусылған Көпей оқуымды әрi қарай жалғауға қаражат табайын деп, жергiлiктi саудагер ноғайларға жалданады. Ақыры сол жерде табан аудармастан 40 жасқа жеткенше тұрып қалады. Ноғайларға еңбегi жағып, сенiмдi адамына айналады. Олар Бұхара, Ташкент, Қоқанға керуен тарта барса, Көпейдi бiрге ала жүреді, кейін осы сауданы өзі жүргізетін керуенбасы етеді. Осындай тірлікпен қырықтың қырқасына шығып қалған Көпей «Енді бұлай жүре бергенім дұрыс болмас, елге қайтайын, жұрт қатарлы шаңырақ көтерейін, үйлі-баранды болайын» деген шешімге келеді. Осы ойын қожайыны ноғай саудагерге білдіргесін, ол оны қуана құптап, Көпейдің талай жылғы адал еңбегiнiң ақысын артығымен қайтарған екен. Сөйтіп Қазылжар мен Бұхара, Ташкентке керуен тартып, Есіл бойында 22 жыл ғұмырын өткізген Көпей енді елге қарай бет бұрады.
Қазақта көнеден келе жатқан «жақсы нышан», «ырым» деген түсiнiк бар. Тәңiрдiң жазуымен кей уақытта бастаған шаруаңның алдынан аузы дуалы, халыққа қадірі бар адамдар кезігіп, жөн сiлтейдi, ақыл бередi. Осындай белгіні қазақ қашанда жақсылыққа жорып, ырым еткен. Көпей сопының шаңырақ көтерiп, үй болуына да дәл осындай ырымдайтын, жақсы нышан деп айтуға тұрарлық жағдай себеп болғанын жазады кейін Мәшһүрдің өзі.
Талай жылдар Орталық Азияға керуен тартып, ел ішінде «Көпей саудагер» атанған Көпей сопы жүрген жерiнде жақсы-жайсаңның үйiне түсiп, Арқадағы аты белгiлi талай адамдармен таныс-бiлiс болады. Солардың бірі – Ақмола сыртқы округының тұңғыш аға сұлтаны болған Қоңырқұлжа төре. Ноғайлардан ақысын алып, елге оралып келе жатқан Көпей сопы жолшыбай бұрыннан өзі түсiп жүрген Қоңырқұлжа төренiң ауылына соғады. Әңгіме үстінде Көпейдің шаруасын сұрап білген төре:
– Осында Алтай-Мұратта Танаш, Қанай деген менiң балдыздарым бар. Саған лайық Танаштың бiр қызы бар, өзiмнiң балдызым, соны ал, - деп ақыл бередi.
Төренің ақылын алған Көпей ол қызды айттырайын деп кiсi салса, Қанай:
– Елсiз, жұртсыз қаңғып жүрген Күлiкке қыз бермеймiн, – деп көнбейдi (Құлболды-Күлік – Көпей сопының руы).
Осыдан соң Қоңырқұлжа төре Қанайды шақыртып алып:
– Сенiң сол қаршадай қызың көп баланың iшiнен Құран оқығанда, құлағым сүйсiнушi едi. Малды көп берген бiр қара қазаққа қор болады-ау деп ойлаушы едiм. Көпей секiлдi дiн қуған, оқудың қасиетiн бiлетiн жанға Құдай кез келтiрдi, баланың бағын байламай берiңдер! - дейдi. Төренің өзі араласқасын, Қанай қайда барады, қызын жасаулап Көпейге ұзатады. Сөйтіп, Көпей сопының үй болуына осылай Қоңырқұлжа төренiң шарапаты тиген екен. Қараңыздаршы, бiр дуан елдi уысында ұстап отырған атақты Қоңырқұлжаның осы шаруаға себеп болуын қалайша оң нышан, жақсы ырым демеске?
Осылай әйел алып, шаңырақ көтергесін, қалтасында азды-көптi қаражаты бар Көпей шаруашылықпен айналыспақшы болып, әжептәуiр малдың басын құрап, Баянауылдың сыртындағы Күйеушоқыдан қыстау салады. Ондағы ойы бай болып бiреуден асып кету емес, шаруасын түзеп, iргесiн бүтiндеп алған соң, өзiнiң ғұмыр бойғы арманын iске асырып, бiр мешiт салу, ел-жұртты имандылыққа тарту болса керек. Және өзi жете алмаған биiкке жалғызым Адам-Жүсiп (Мәшһүрдiң азан шақырып қойған шын аты) жетсе екен, өзiм алмаған бiлiмдi сол алса екен деген тiлек. Бiрақ өкiнiшке қарай, сопының бұл мақсаты iске аспайды. 1861 жылы әйгiлi «тауық жұтына» ұшырап, бар малы тегiс қырылып, қыс iшiнде ерiксiз Қызылтаудағы ағайындарына барып паналайды. «Жаз шыға: «Адамға мал мен дүние жолдас емес, ғылым жолдас екен, қалалы жер ғой, мешiтсiз болмас, мешiтi болса, молласыз болмас» - деп әкем Баянауылдың басына көшiп келедi», - деп жазады Мәшһүрдiң өзi. Сөйтiп, оқусыз дүниенiң бос екенiне, малдың бiр жұттық қана екенiне көзi жеткен Көпей ендi жалғыз ұлының ғана болашағын ойлайды. Баянауылға келгесiн де баяғы мақсатынан қол үзбей, қолда қалған аз ғана қаражатына бiр казак-орыстың төрт бөлмелi ағаш үйiн сатып алып, оны бұзып, мешiт салдырмақшы болады. Бiрақ қолдың қысқалығы оны оп-оңай іске асыра қоюға мұрша бермептi.
Ескi кiтаптарды ежелеп оқитын ғана сауаты бар Көпей аса тақуа, исламға жан-жүрегiмен берiлген, хақ жолымен жүретiн, барынша адал адам екен. Оның осы мiнезiнен ел iшi «сопы» атап кетедi. Бұл жөнiнде Мәшһүр өзi:
Кiсi едi бек мүсәпiр, әкем кәрiп,
Мешiтте күн өткiздi жатып алып.
Дегендей: «Отындықтан – оқтық мүсiн»,
Әр жерде түстiм көзге майсыз жанып.
Бар едi үш кiтабы жазба түркi,
Белгiлi жұртқа мағлұм дiнге беркi.
Екеуiн шала-шарпы бiлушi едi,
Жоқ едi бiреуiне анық еркi.
Үйренген онан-мұнан басын құрап,
Сәлденi бiлмеушi едi түзу орап.
Күндiз-түн жалықпастан оқушы едi,
Зүбдатiл Масаилыны бiзден сұрап.
Болмаған қолы толық дүние-малға,
Жасында ноғайларға жүрген жалға.
Кiтабы бiзге әперген «Мұхаммедия»,
Өзi ескi және жыртық далба-далба.
Болар ма мұнан артық қара қасқа,
Кiсi едi үйiр болған көзi жасқа.
Әпердi үш теңгеге бiр «Мұқтасар»,
Кiтап жоқ ендi бiзде онан басқа, - дейдi.
Мiне, осы үш кiтап Мәшһүрдiң алғаш тiл сындырып, харiп тануына құрал болады.
Жасы келiңкiреп қалғанда көрген перзентiн Көпей сопы шыр етiп жерге түскен сәтiнен бастап оның болашағына қатты алаңдағанын, соншама мән бергенiн байқаймыз. Мәшһүр өзi бұл жөнiнде былай деп жазады: «Атамыздың 42 жасында, анамыздың 18 жасында ережеп айында, жұма күнi жалған жарық дүниенiң жүзiне келген екенбiз. Атамыздың әкесiмен немере Босқынбай дегеннiң Қисық атты қатыны екi қызымен бiрге анамыз екiқабат болғаннан меншiктеп, меңгерiп, кiндiк кесуге жалақтап, бала шыр етiп жерге түскенде ұмтыла бастады дейдi. Сонда атамыз Көпей марқұм жаңағы Қисық қатынға:
– Кiндiк кескенде қалап алатын, көңiлің қалаған нәрсеңдi кiндiк кеспей-ақ ал. Балаға жарық дүниенiң жүзiне шығарда перiштенiң алақаны тиедi, сондықтан шыр етiп жылайды деушi едi. Жерге түскен соң оны кiм көтерiп алса, соған тартып кетедi деушi едi. Жерден Сонай абыздың бәйбiшесi Тоқтық көтерiп алсын, кiндiгiн Тоқтық кессiн дейдi».
Осылай нәресте Мәшһүрдiң дүние есiгiн ашқан сәтiнен бастап, жерден кiмнiң көтерiп алып, кіндігін кімнің кескеніне дейiн қадағалаған Көпей сопы перзентi үшiн тек жақсылық қана ниет етiптi. Бұл Көпейдің «Сәбиіме Жаратушы ием өзі қорған болсын, ғұмыр жолын жақсылыққа бастасын» деген әкелік тілегі еді.
Көпей сопының көп оқуы болмаса да, жоғарыда айтылған екi-үш кiтаптан ұққанын тiлi шыққаннан бастап жалғызының құлағына құя берген секiлдi. Себебi Мәшһүр бес жасқа аяқ басқанда Баянауыл округiнiң указной молдасы Нәжмеддин хазiретке апарып оқуға бередi. Сәби Мәшһүрге бiрер сүренi оқытып көрген хазiрет Көпейге:
– А, сопы, балаң Бұхарай Шәрiптiң баласындай екен. Ана отырған балалардың оқып отырғанын өз естуiмен бiлiп кетерлiк, - деп баға бередi. Ақыры хазiреттiң айтқанындай болып, бес жастағы Мәшһүр өзiнен жасы үлкен балалардан иығы асып, хазiреттiң аузынан шыққан әрбiр сөздi қағып алып, тек құран жаттап қана қоймай, араб, парсы тiлiн игеруде алғашқы қадамдарын жасайды.
Таңғалмасқа болмайтын бiр жайт, Көпей сопы әлi сәби жасындағы жалғызы Мәшһүрді оқысын деп, бұрыннан таныстығы жоқ бөтен адамдардың қолына тастап, жүре бередi. Бұл оның қатыгездiгi емес, баласының болашағын ойлағаны, оқысын, адам болсын дегенi. Өзiн бейтаныс бiреулердің үйіне тастап, торы атына мiнiп, ұзап бара жатқан әкесі Көпейдiң артынан сәби Мәшһүр томпаңдап жүгiрмей ме? Ондағысы, әкем артына бұрылса, менi аяп, мiңгестiрiп үйге қайта алып қайтар деген ой. Бiрақ жалғызының болашағын ойлаған Көпей сопы iштей аяп тұрса да, қабағын бермей, баласына жекiп, қамшымен жасқап: «Бар, қайт, оқуыңды оқы, мен сенi оқысын деп әкелдiм» - деп, хазiреттiң қақпасына қайтадан кiргiзiп кетедi.
Артына міңгестіріп алып келді,
Бес жаста бес шақырым жерге берді.
Ал, әкесі қайтқанда енді үйіне,
Соңынан жүгірмей ме баласы енді?!
Атамыз дін жолына белін буған,
Бұл Мәшһүр сол секілді ерден туған.
Көшінің қақ басынан қуғанынан,
Жеткенше медіресеге атпен қуған, - деп жазады Мәшһүр Жүсіп өзі бұл оқиға жайлы.
Қазір Жапон елінде баланы бес жасқа жеткенше бетінен еш қақпайтын, ал, беске келген соң, қатал тәрбиеге алатын дәстүр сақталған дейді. Көпей сопының бес жастағы сәби Мәшһүрді хазіреттің үйіне жападан-жалғыз тастап кеткені қазіргінің көзімен қарасаң, керемет қаталдық секілді. Қазір бес жастағы баламызды бөтен үйге тастамақ түгілі, балабақшадағы тәрбиеші шекесінен шертіп қалса, шу шығарамыз. Бірақ Көпей сопы жалғызының келешегін ойлап тұр еді. Соның арқасында Мәшһүр ел танитын тұлға болып қалыптасады.
Нәжмеддин хазiреттен соң Қамараддин ахунның алдын көрген Мәшһүр Жүсiп бiлмегенiн сол кiсiден толықтырып, Баян төңiрегiндегi қалған қожа-молдалардың оқытқанын мiсе тұтпайды. Өмiрiнiң он бiр жылын оқуға сарп еткен Мәшһүрдi жасы он алтыға келгенде өзiмен рулас Күлiктiң Ақай деген атасынан шыққан Әкiмбек мырза қолына алады. Осы кезден бастап Мәшһүр талай жылғы көрген қиындықтың есесiн қайтарып, алған бiлiмiн кәдеге жаратып, материалдық тұрғыдан жағдайы дұрыстала бастайды. Яғни, алған білімі енді өзінің дивидентін бере бастайды.
Әкiмбек он алтымда алып кеттi,
Жалғызы Қабылбекке ұстаз еттi.
Басында Ақшакөлдiң жаз жайлауда,
Әкемдi он жылқымен бiр жөнелттi, - дейдi өзi бұл жөнiнде.
Сөйтiп, екi жыл бала оқытып тұрғанда, Әкiмбек Мәшһүрдiң еңбегi үшiн деп Көпей сопыға бас-аяғы қырық шақты мал берiп, Көпей сопы ендi «жатақ» деген аттан құтылып, елмен бiрге жайлауға шығатын болады. Алған бiлiмнiң арқасында Мәшһүрдiң өзi де мал малданып, мырза жiгiт атанып, көңiлiне ұнаған жақсы ат, жүйрiк тазыны бәсiн берiп алатын жағдайға жетедi. Осының барлығы әкесi Көпей сопының бала жасынан бiлiмге баулыған еңбегiнiң, тәрбиесiнiң арқасы едi.
Өзiнiң өмiрбаянында Мәшһүр Жүсiп: «Әкемiз Көпейдiң 42 жасында дүниеге келiппiз» - дейдi. Мәшһүр Жүсiп дүниеге келгенде (1858) Көпей сопы 42 жаста болса, оның 1816 жылы туғанын бiлуге болады. Ал, өмiрден 1889 жылы 73 жасында озып, өзi қоныс етiп отырған Баянауылдың басына, «Көп жатақтың зираты» деген қорымға, Мәшһүрдiң ұстазы болған Қамараддин хазiреттiң жанына қойылыпты (Бұл зират қазiр аудан орталығында).
Баянауылдық өлкентанушы-тарихшы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, Көпей сопы қабiрiн кейiнгiге көрсетушiнiң бiрi – Мәшһүрдiң немересi Төлеубай Шәрәпиденұлы. Ол кiсiге кезiнде Мәшекең өзi нұсқаған екен. Ал екiншi адам – Мәшһүр мұраларын бүгiнгi заманға жинап жеткiзушiлердiң бiрi Иманғали Мәненұлы. «Иманғали атам менiң бала күнiмде ат-арбамен Баянға келгенiмiзде осы қорымға соғып: «Балам, ана бiр ағашы қарайып жатқан Қамараддин хазiреттiң қабiрi, жанындағы шым зират Көпей сопынiкi, бұл екеуiнен басқа бұл жерде Көпейдiң iнiсi Хасен деген кiсi жерленген» деушi едi», - дейді Алтынбек Құрманов.
Осының бәрiн айтып отырғандағы мақсатымыз, жақында Мәшһүр Жүсiптi 160 жылдық мерейтойын тойладық. Оның саналы ғұмырына жол сілтеп, тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар беруші Көпей сопы Сермұхаммедұлының есiмi ескерусiз қалмаса екен деймiз. Себебі, Мәшһүр сынды ғұлама жерден өсіп шыққан жоқ. Оны дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие беріп өсірген әкесі Көпей сопы.
Біздер, өкінішке орай, кез келген тарихи тұлғаны дәріптеп жатамыз да, оның ата-бабасы мен дүниеге әкелген әке-шешесін ұмыта береміз. Бұл жалғыз Мәшһүр Жүсіп қана емес, ол кеше ғана мерейтойы тойланған Сұлтанмахмұт Торайғыровқа да, Жүсіпбек Аймауытовқа да, тойланбақшы болып жатқан Мұса Шорманұлына да, басқаларға да қатысты. Мысалы, Жүсіпбектің әкесі Оймауыт пен атасы Дәндебайдың зираты қараусыз мал аяғының астында жатыр. Көкшетаудың Мәдениет ауылында жатқан Сұлтанмахмұттың арғы бабасы Торайғыр бидің басына ана бір жылы әупірімдеп бір тас қоюға қол жеткіздік. Торайғырдың әкесі Едіге бидің сүйегі Ерейментаудан мәңгілік мекен тапқан. Осыдан екі-үш жыл бұрын Баяндағы Жаңатілек аулының азаматтарына қолқа салып жүріп, басын көтерткіздім. Мұса мырзаның әкесі Ерейментауда Шорман өзенінің жағасында жатыр. Ол да бүгін ешкімге керексіз, малдың аяғының астында. Әңгімемізге өзек болып отырған Көпей сопы жөнінде де айтарамыз осы. Зиратының басына қарайтып белгі қойылып, кесене көретілсе, аруағы риза болар еді дейсің.
Сайлау Байбосын,
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.