Көркем әдебиетте балаға айтуға болмайтын тақырып қандай?
Балалар әдебиеті туралы сөз қозғағанда, біз көбіне «тәрбие» деген ұғымды алға шығарып жіберіп, балаға бұрыннан қалыптасқан, белгілі бір қалыпқа құйылған тәртіпті орнатады екенбіз. Мысалы, кітап оқитын бала жақсы мен жаманды ажырата алуы, үлкенді сыйлауы, Отанды сүюі, білімді әрі еңбекқор болуы керек деген сынды. Одан бөлек, көркем әдебиеттің ең маңызды, баланың жан дүниесіне үңілу деген қасиеті де бар емес пе?
Жалпы балаға жалған сөйлеу қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Өлім туралы айту ше? Отбасындағы кикілжің мен ата-анасының ажырасуын бүлдіршінге қалай түсіндіруге болады? Жалғыздықты, қорқынышты, буллингті, тіпті әлемде орын алған соғыстың не екенін қалай дұрыс жеткіземіз? Баланың миы қорыта алмайтын, алайда ішкі түйсігі сезіп, жүрегі ауыратын кей күрделі тақырыптарды кітаптан оқып беру, өзі оқу арқылы жеткізсе, әлдеқайда жеңілірек қабылдар ма, бәлкім?
Байқағаным, балалар әдебиеті туралы сөз қозғағанда, біз көбіне «тәрбие» деген ұғымды алға шығарып жіберіп, балаға бұрыннан қалыптасқан белгілі бір қалыпқа құйылған тәртіпті орнатады екенбіз. Мысалы, кітап оқитын бала жақсы мен жаманды ажырата алуы, үлкенді сыйлауы, Отанды сүюі, білімді әрі еңбекқор болуы керек деген сынды. Одан бөлек, көркем әдебиеттің ең маңызды, баланың жан дүниесіне үңілу деген қасиеті де бар емес пе?
Қазіргі отандық балалар әдебиеті баяғыша «тәртіпті бала – жақсы бала», «елдің баласы» деген қарапайым формуламен шектелмеуі керек. Баланың ішкі әлемі, оның рухани жалғыздығы, қорқынышы, отбасы және достарымен қарым-қатынасы, бүгінгі технологиялармен байланысы да ақырын-ақырын заманға сай әдеби үдеріске ене бастағанын көріп жүрміз. Зерттеулерге сүйенсек, егемендік кезеңінен былай қарай қазақ балалар прозасының тақырыптық және көркемдік тұрғыдан мазмұны жаңарғаны айтылады.
Бүгінгі балалар әдебиетінің алдында тұрған негізгі сауалдардың бірі – қазір балаға не жазуға болады емес, оған оны қалай жеткізу керек? Өкінішке орай, әр баланың балалық шағы – бақытты, алаңсыз, әдемі өтпейді. Біздің әдеби түсінігімізде балалық кезең көбіне шуақты қамсыз кезең ретінде ерекше суреттеліп жататыны рас. Мысалы, ауыл, жазғы демалыс, достар, мектеп, ата-әже, балалық шексіз қиял, тәтті арман…тағысын тағы. Бірақ баланың шынайы өмірі әдебиетте суреттелген әдемі картинамен сәйкес келмеуі мүмкін. Бүгінгі қоғамның баласы ата-анасының жиі ұрысқанын көруі мүмкін. Жасөспірім шақта қапыда досынан айырылуы мүмкін. Мектепте дене бітіміне, түр-келбетіне, отбасылық жағдайына байланысты мазаққа жиі ұшырауы мүмкін. Солай жүріп өзгелердің арасында өзін жалғыз қалғандай сезінуіне әбден себеп табылады. Көп балалар бүлдіршін кезінде ата-анасының ажырасуын да бастан өткеріп жатады. Анасын, әкесін ерте жоғалтатын жағдайлар қазір жиі ұшырасады. Бұл – өмір. Тағдырлы балалар қоғамда өте көп. Ең қиыны – балаға мұндай жағдайлардың түпкі себебін ересек адамдар әрдайым дұрыс түсіндіре бермейтіндігінде. Яки түсіндіре алмайды. Осындай жағдайларда балаға экран емес, қарапайым кітаппен дос болуы аса маңызды сияқты. Өз тағдырына ұқсас, шығарманың кей тұсында оқиғаның сәйкес келуі сынды өз кейіпкерін тапқан бала сезімдерінің мына әлемде тек ол ғана қиындықпен бетпе-бет келмегенін сезіну арқылы өткерсе, әр бала үшін жеңілірек болатындай. «Менің де жағдайым осындай», «мен де осындай сезімдемін» деген қарапайым ойлардың өзі бала үшін сондай қилы сәттерде үлкен рухани демеу болуы бек мүмкін. Яғни балалар әдебиеті баланың жанына бататын жаралы дүниелерді жазудан айналып өтпей, сол ауырлық көрсеткен жүгін бірге көтеріп, түсінуге мүмкіндік беретін кеңістікке айналуы керек.
Балаға өлім туралы айтуға бола ма? Балалар әдебиетіндегі ең ауыр әрі «нәзік» тақырыптардың бірі – өлім, қазалы оқиға. Қазақы ортада балаға өлім туралы ашық айту қашанда оңай болмаған. Оны әдетте халқымыз философиялық ойға салып, қандай да бір теңеулермен, метафоралармен жеңілдеу етіп жеткізе білген. Әдетте мұндай тақырыптарда үлкендер «әлі кішкентай ғой», «түсінбейді, бала емес пе?» деп балаға айтудың қажеті жоқ немесе әлі ерте деп есептейді. Алайда қанша дегенмен бала, бәлкім жасына сәйкес жағдайды толық түсінбегенімен, ауыр аураны жақсы сезінеді. Жақынын жоғалтқан балаға өлім туралы ештеңе айтпау – оның іштегі сұрағын жоймайды. Керісінше, жауапсыз қалған сұрақ баланың ішінде одан әрі үлкеюі ғажап емес. Әрине, мұндай тақырыптарда авторға артылатын жауапкершілік өте жоғары. Баланың психологиясы мен жас ерекшелігін ескермей, өлімді үрей мен қорқыныш арқылы суреттеу – бір бөлек дүние. Ал жақынын жоғалтқан жан үшін уақыт өте оған деген сағыныш пен естелікті, өмірдің әрі қарай жалғасатындығын қарапайым түсінікті тілмен жеткізе білу – мүлде басқа. Баланы өліммен қорқытпай, керісінше, сол арқылы өмірдің қадірін, оның да бір күні соңына жетіп, аяқталатынын түсіндірген абзалырақ. Өлім деген – ешкім қашып құтыла алмаған, біреуге ерте, біреуге кеш келетін дүние ғой.
Ал ата-ананың ажырасуы, жалғыздық, қоғамда көп белең алып жүрген жасөспірімдер арасындағы буллинг – бақылай алатын, шешімі бар жағдайлар сияқты көрінгенімен, бұл тақырыптар да бала психологиясы үшін өте күрделі дер едім. Ойлап отырсақ, бұрынырақ балалар әдебиетінде отбасы, жанұя деген тақырып көбіне мінсіз күйінде суреттеліп келген екен. Кез келген шығарма сюжетінде әдеттегідей, әкесі мен анасы тату, балалары күлімдеген, ата-әжесі ақылын айтып, ертегісін оқып отырған толық отбасы суреттеледі. Ал бүгінгі күннің шындығы – көп жағдайда бұл шығармалармен сәйкес келе бермейтіндігінде. «Қазақстан – ажырасу бойынша алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі»,- дейді статистика. Екі отбасының бірінде айрылысу – қоғамда қалыпты жағдайға айналған. Мұнымен айтпағым, әр бала ертегі, көркем шығармадағыдай толық отбасында өмір сүріп жатқан жоқ.
Толық емес отбасында өсу, ата-ананың ажырасуы, өгей әкемен я анамен тұру, ата-ананың шетелде жұмыс істеуі, баладағы ішкі жалғыздықты интернеттегі белгісіз қарым-қатынаспен толтыру, мектептегі әлімжеттік немесе буллинг – қазіргі баланың өміріне жақын мәселелер осындай ауанда. Бүгін дәл осындай өзекті тақырыптарды шығармаға арқау ету арқылы балалар әдебиеті шынымен қазіргі балаға бір қадам жақындай түсетіндей. Алайда мәселені жазу арқылы баланы мәселенің ішінде қалдырып қоймаған да абзал. Шешімін де көрсете алу керек. Жалғыздықты, буллингті еңсерген кейіпкер шығуы керек соңында. Қиындықтың артынан үміт те болуы қажет. Жалғыздықтың ішінде оның сезімін түсінетін бір жан табылуы керек. Балалар әдебиетінің ерекшелігі де осында дерсіз. Үміттің үзілмеуі. Үзіп алмау... Қазіргі кейбір психологтар: «Балаларға арналған шығармаларда жағымсыз кейіпкерлерді шектеу керек», - деген пікірлерді айтады. Бірақ әдебиеттегі «зұлым» кейіпкер мен «зұлмат» жағдайлардың болуы баланы жамандыққа үйретпейді. Қайта оның жамандықты тануына мүмкіндік бере түседі. Бала әдеби кейіпкерлер арқылы ішкі сезімдерін дұрыс тани алса, қуантарлық жағдай. Балаларға арналған кітап зорлықты қызық көрініске айналдырмауы керектігі түсінікті. Қорқынышты әдейі күшейтіп, баланың эмоциясын дұрыс пайдаланбауы деген сияқты тұстары да бар. Бірақ тұрмыстық зорлық туралы айтуға болмайды деу де, дұрыс емес. Өйткені бала оны кітаптан «көрмесе де», өмірде кездестіруі, экраннан көруі әбден мүмкін. Ал әдебиет бала санасына сол ақпаратты дұрыс жеткізудің, түсінудің, саралаудың, сезінудің мәдениетін алғашқы болып қалыптастыра алатын күші бар.
Қазіргі балалар әдебиетіндегі жиі кездесетін тағы бір дүние – шығарманың балаға ақыл айтатын әдебиетке айналуы. Балаларға арналған кей шығармаларды оқып отырсаң, автор баланың жанында отырған «досы» емес, оның үстінен бұйыра сөйлеп тұрған «ұстазы» сияқты боп жатады. «Мынаны істе», «ананы істеме», «үлкенді сыйла», «ала жіпті аттама» деген сияқты сөз тіркестерін жиі байқаймыз. Әрине, адами құндылықтар маңызды. Бірақ технология мен роботтар дамып, экран онсыз да бала зейінін ұрлап жатқан заманда, бала кітапты оқып отырып, мектептегі тәрбие сағатында отырғандай сезінсе, кітапқа, көркем әдебиетке деген қызығушылығы бәсеңдеуі әбден мүмкін. Балалар әдебиетінің шығармалары – баланың ойлау жүйесіне көтерілу арқылы оның өз тілінде сөйлесуі керек. Бүгінгі қазақ баласының көркем әдеби кейіпкері қандай дегенде, тек беске оқитын, ғарышкер болуды армандайтын, үлкендерді тыңдайтын, тәртіпті бала болғаны емес, қателесетін, сұрақ қоя алатын, бәлкім анасымен ғана тұратын, интернет құралдарын шертіп отырып қолдана білетін, әлемге ашық, өзіндік пікірі бар, сонымен бірге ұлттық болмысын жоғалтпаған бала деп айта алу керек сияқтымыз. Бүгінгі ұрпақ өзгерді. Соған сай кейіпкерлер де ауысты. Ендеше оның әдебиеттегі бейнесі де өзгеруі керек. Қазіргі балалар әдебиетінің алдында заманнан қалмаған жаңа кейіпкерлерді жасау міндеті бар. Ұлттық әдебиеттің тамырынан ажырамаған, алайда әлемдік трендтерді де ерекше меңгере алған кейіпкерлер бейнесі көп болғаны артық емес.
Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
