Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Күлкі күні және күлу мәдениеті жөнінде бі сөз...

Күлкі күні және күлу мәдениеті жөнінде бі сөз

01.04.2026

44

Күлкі күні және күлу мәдениеті жөнінде бі сөз - adebiportal.kz

Бүгін – бірінші сәуір. Көктемнің екінші айының алғашқы күні. 1 сәуір – Күлкі күні немесе Әзіл күні ретінде танымал. Сонымен қатар дәстүрлі түрде достар мен жақындарды қалжыңдап, Алдау күні ретінде де атап өтіледі. Адамдар бір-біріне көңілді сәттер сыйлайтын күн. Бұл бейресми мерекенің басты мақсаты – адамдарды күлкіге қарық қылып, көңіл күйін көтеру. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген сөзге саятын болсақ, бұл күні әзіл-қалжыңға ерік беруге болады. Дегенмен қазақы әдеп бойынша мұның да шет-шегі болса керек. «Күлген – күле жатады, екі етегін түре жатады», - деп те бекер айтылмаса керек. «Ойнау білмеген бала шешесінің етегін түртіп ойнайды» деп те ишаралаған, қазақ. 

Сеніскен, сенген адамын түрлі жағдаяттар бойынша алдаудың түбінде де әзіл мен күлкі жатыр. Сол себепті де Күлкі күні мен Алдау күнінің ара-жігі бір-біріне жақын. Ең бастысы – әзіл-қалжыңның дәмі татымды болуы. Бұл күні айтылған әзілдер «зілсіз», яғни ешкімнің көңіліне тимейтіндей, жарасымды болуы керек. Себебі біреуге күлкі болған іс-әрекет – екінші біреудің жанына тиетіндей, қолайсыз болуы әбден мүмкін. «Кімге күлкі, кімге түрпі» деп осындай жағдайды айтады емес пе?

Сонымен 1 сәуір, Күлкі күні қашан, қайдан шыққан? 

Ежелгі заманда адамдар қысты шығарып салу рәсімінде сабаннан жасалған қарақшыны өртегенде, бетперде киіп, карнавалдық костюмдер жамылатын болған. Бұл қысты алдап соғу және оның «өліміне» кінәлілерді таптырмау үшін жасалатын. Ал күлкі – өлім бейнесімен астасып жатқан қысқы қаһар мен байсалдылыққа қарсы тұратын құбылыс ретінде қабылданған.

1 сәуірдегі маскарад салты ежелгі Үндістанда да кең таралған, мұнда бұл мереке сонымен қатар Жаңа жылдың алғашқы күні болып саналды. Дәстүрлі «Гули» (Холи) қойылымы ұйымдастырылып, оған қатысушылар жою мен өлім құдайы Шива танып қоймасын деп бетперде киетін. Қазіргі Үндістанда 26 және 27 наурызда Көктем мерекесі атап өтіледі. Адамдар ең ескі киімдерін киіп, бір-біріне қызыл, сары және көк түсті бояулар шашады және екі күн бойы осы кейіпте жүреді. Сәуірдегі қалжыңбас ойындар Ежелгі Грекия мен Римде де болған. Римдіктерде күлкі құдайы Ризус «ең қасиетті әрі ұлы» деген лауазымдарға ие еді.

Кейбір деректер бойынша Күлкі күні – ежелгі гректер заманынан тамыр тартады. Себебі, бірінші сәуірдің Күлкі күні аталуы – грек мифологиясындағы толып жатқан құдайлардың бірі Гелиостың есімімен байланысты екен. Күлкі құдайы Гелиос әрқашан күлімсіреген қалыпта бейнеленеді. 

Ежелгі Римде де қыстың соңғы күнінде Күлкі немесе Алдау күніне ұқсас мерекені атап өткен екен. Қыраулы қыстан құтылып, арқа-басы кеңіген жұрт әзіл-қалжыңға ерік берген. Ашықауыздар күні делінген бұл мереке күнтізбе бойынша қазіргі бірінші сәуірге сәйкес келеді.

Ирландиялықтардың арғы ата-бабалары кельттер көктемнің алғашқы айы туғанда Күлкі құдайына арнап ойын-сауық өткізетін болған. 

Рим империясы құлағаннан кейін мереке бүкіл Батыс Еуропаға таралды. Көптеген зерттеушілер мерекенің бастауын ортағасырлық пасхалық мистериялармен байланыстырады.

Христиан діні Еуропаға орныққан орта ғасырлардан бергі кезеңде Пасха мерекесінде діни мазмұндағы сахналық қойылымдар әзірленіп, халық алдында ойналатын салт қалыптастырған.

Батыс Еуропада ертеде 1 сәуірді қыспен қоштасып, көктеммен қауышудың қуанышты күні ретінде атап өткен. Ал Фламандияда (Бельгия) ертеде бір мырза өзінің қызметшілеріне әзіл-қалжың түрінде тапсырмалар берген екен. Бұл мырзаның әзіл-қалжыңы жұртшылыққа ұнағандықтан, Еуропаға кеңінен тарап, Ақымақтар мерекесі қалыптасқан екен. 

Тағы бір дерек: Британдықтар адамдарды 1 сәуір күні күн шыққаннан түс ауғанға дейінгі аралықта әзіл ретінде әлдебір іс-әрекетке жұмсап алдаған екен. Түске дейін алдап үлгеру қажет, ал түстен кейін мұндай әрекетке барушының жыл бойы жолы болмайды деп санаған. Түстен кейін осындай әрекет жасаған адамды «Сәуір ақымағы» деп таныған. 

Немістер үшін 1 сәуір – жолы болмайтындар өмірге келетін күн. Сондықтан да 1 сәуірде немістер жаңадан іс бастамайды. Әркім бір-біріне орындалуы күрделі, күлкі-қалжыңға құрылған тапсырма беріп алдауға тырысады. Француздар мен немістер сәуірдің бірінші жұлдызындағы әзілге сеніп қалған адамды «сәуір балығын» жұтып қойған ақымақ деп есептейді. Ал ағылшындар бұл күнді «Барлық ақымақтар күні» деп атайды. 

Бұрын халық арасында: «Бірінші сәуір күнінде, сене көрме ешкімге!» деген сөз жиі айтылатын. Ресейде бұл мереке І Петр заманынан кеңінен тарай бастаған. Ал Кеңес Одағы тұсындағы қалжың дәстүрі Ильф пен Петровтың әйгілі «Алтын бұзау» романынан алынған мына үзіндімен үндеседі: «Ал қызметтестеріне келетін болсақ, олар өте байсалды жандар еді және жылына бір-ақ рет — бірінші сәуірде ғана әзілдейтін. Сол күнгі көңілді ойындар мен қуанышты алдаулардың ішінде олар тек бір ғана мұңды қалжыңды қолданатын: машинкаға Кукушкиндті жұмыстан шығару туралы жалған бұйрықты басып, үстелінің үстіне қойып қоятын. Жеті жыл бойы әлгі қарт әр жолы жүрегін ұстап қалатын, бұл айналасындағылардың бәрін қатты мәз қылды». Кеңес Одағының құрамында болған кезеңнен бері  Қазақстанда да Күлкі күні көрініс тауып келді.

Әлем елдеріндегі Күлкі күнінің атаулары әр түрлі. Яғни 1 сәуір – Күлкі күні бүкіл әлемде тойланады десек те, әр елде өзіндік атаулары бар. Бұл күнді АҚШ пен Англияда — «Ақымақтар күні» (April Fools' Day), Франция мен Италияда — «Сәуір балығы күні» (Poisson d'Avril) деп атайды. Шотландияда бұл күнді «Көкек күні» деп атаса, Германияда әзіл мен алдауды меңзеп «Сәуірге жіберу» (In den April schicken) дейді.

Елдер бойынша негізгі атаулары:

Атауы

Елдер

Ерекшелігі

«Ақымақтар күні»

АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия, Канада, Германия

Ең танымал халықаралық атау.

«Сәуір балығы»

Франция, Италия, Бельгия

Адамдардың арқасына қағаздан жасалған балықты білдіртпей жапсырып кету дәстүрімен байланысты.

«Көкек күні»

Шотландия

Адамдарды жалған тапсырмалармен әуре-сарсаңға салып, алдау.

«Күлкі/Юмор күні»

Қазақстан, Ресей, Украина, Болгария

Көңілді кештер мен әзілдерге толы күн.

«Сатира мен юмор күні»

Армения

Кәсіби әзіл мен сатираға көбірек мән беріледі.


Мерекенің қызықты ерекшеліктері:

- Ұлыбритания мен Жаңа Зеландияда: Адамдарды тек түске дейін ғана алдауға болады. Түс ауа жасалған қалжың орынсыз саналып, әзілкештің өзін «ақымақ» деп атайды.

- Португалияда: Бұл күні адамдар бір-бірінің үстіне ұн шашу арқылы қалжыңдасады.

- Үндістанда: Мерекенің баламасы ретінде көктемгі Холи фестивалі саналады. Мұнда адамдар бір-біріне түрлі-түсті бояулар мен дәмдеуіштер шашып, көңіл көтереді.

«Жаза алман сол күлкісіз бір күн өлең» немесе ойлы күлкі заманы келе жатыр 

«Күлкі – адамның жасын ұзартады», - дейді дәрігерлер. Рас та болар. Сондықтан да адамзат баласы мынау күйбеңі бітпес күйкі тірліктің бір мезетін әзіл-қалжың күні ретінде қабылдаған екен.

Бұл – әлемдік үрдіс. Біздің қазақ – қалжыңқой халық. Арғы Алдаркөсе мен Қожанасыр, Қу бала, берідегі Шаншардың қулары, күні кешегі әр өңірде болған айтулы айтқыштар – соның дәлелі. «Әзілі жоқтың қойынында шоқпары» бар деп, халқымыз әзіл-қалжыңды түсінбейтін адамдарды айта отыра, шынайы күлкінің нарқына жете білуді – адами қасиеттің бірі санаған.

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,

Ер табылса жарайды, қылса сұхбат, - 

деп Абай да осыны меңзесе керек.

Осы ретте бір тоқталарлық, құлаққа түрпі, көзге қораш жағдай: қазіргі күні әзіл-қалжыңды сахнаға, экранға шығарып жүрген көптеген жеке орындаушылардың нені қай ортаға қалай жеткізудің әдебін жете түсінбей жүргендігі. Яғни «күлдірем деп бүлдіріп алған» кейбір күлдіргіштер от басып, опық жеп те жатыр. Әр ұлттың, халықтың өзіне тән күлкі шақыру, күлу мәдениеті бар емес пе? Төртінші қарасөзінде Абай кімге, неге қалай, не себепті күлу қажеттігі туралы тайға таңба басқандай етіп жазған жоқ па: «Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау, құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі.»

Күлкі күні, күлкі туралы айтылғанда, ХХІ ғасырдағы қазақтың өмір сүру салтының дәстүрлі бөлшегіне айналған тойлардағы кейбір ойсыз келгендеу асабалардың дарақы күлкі, оспадар ойындарына еркісіз еске оралады. 

Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Серік Ақсұңқарұлының «Гогольдің күлкісі» немесе Оспанхан Әубәкіровке арнау» өлеңі – шыңыраудан шымырлап шыққан кәусардай шынайы туындыдан ләззат алып немесе рухани аңғары биік парасатты жандардың татымды сөзіне тұщынған қалыптағы шынайы күлкіні аңсаудан туған өрелі жыр.

Көрінген күйкілігі түр-түсінен,

Кездесіп Сіз кездескен бір кісімен –

Сақылдап күлген неткен рақат ед

Гогольдің қасиетті күлкісімен!

Көп пе екен біз көретін көресі де,

Өрбіп кеп өңшең мысқыл өңешіңе –

Ішек-сілең қатып күлгің келеді екен

Дүниенің күллі күйкі – көмешіне.

Жаза алман сол күлкісіз бір күн өлең.

Көз жасын соныменен сүртіп өлем.

Пенденің неше түрлі пасықтығын

Қарсы алам, міне, осындай күлкіменен!

Күлем мен...

Қасірет жоқ түк қанымда!

Көнбеспіз күлкімізге сұқтануға.

..Қаптаған анекдоттар келе жатыр

Адамды азабынан құтқаруға!

«Сөз түзелді, тыңдаушым – сен де түзел» демекші, әлеуметтік желінің бір құдіреті болса, ол – көпшілік қауымның ауа жайылғандарды қайтарып, артық айтқанды түзетіп жіберетін мысы мен тезі болса керек. Ақпарат заманында сөзге, сөз бен қимыл-әрекет арқылы көрініс табатын қойылымдарға деген талап пен талғам да түзеле бастады. Осыған орай тыңдаушының (көрерменнің) де деңгейі өсіп келе жатыр. Ол – анық. Қазақтың әзіл-сықақ айдыны да арамшөптерден арылып, тазара түседі деген сенім зор.

Тағдыр жолы сіз бен бізді шынайы күлкіден айырмасын! Күлкі күні құтты болсын!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan