Күміс шақша

18

Күміс шақша - adebiportal.kz

Жаманауланың терістігіндегі астыңдағы аттың терлігінен аққан тер таралғының бойымен жылап тамшылайтындай қашықтықта кешқұрым салқын леп соғып, танауыңа дымқыл ауа толтыратын көл бар. Алыстан алақанның аясындай ғана боп көрінетін қайнарлы су айдыны жақындаған сайын шеңберленіп ұлғая береді. Күржікөл, кейін Дөңгелек көл деп таңбаланып қалған бұл тіршілік көзінің бір ерекшелігі, жағасындағы қопалы қамыста құс атаулы ала жаз бойы жамырасып шулап, тұңғиық тұнбасына балық уылдырық шашып, білектей шортандары су бетіне шоршып шығып шабақ қуғанда амалсыз арбайтын. Содан болар, кейбір келімді-кетімді жұрт Балықты деп те атап кеткені бар.

Айнала қоршаған Айыртас, Қазқонған мен Қойтас тауларындағы бұлақтардан су жылға салып сылдырап ағып келіп тостаған сынды қоймасына құйылып қосылатын, арнасынан түспей, ернеуінен аспай бір қалыпты мөлдіреп жататын айдынға шоқылардан сығалаған күн сәулесі құлап шағылысып жататын. 1900 жылдың тышқан, он бестің ақ қоян, он сегіздің жылқы жұтына да куәгер, қаншама жұрты жұтаған дала зарын, қанды кезеңдердің құрбаны болған қазақтың тағдырын тұңғиығына бүккен. Кері ауыз келімсектердің байырғы жұрттың маңдайына күкірт сасыған мылтықтарын мықшыңдай кезенген күндердің құпиясын тулаған толқындардың жеткізер тілі жоқ. 

Маңайындағы ауылдардың таңмен таласып тұрған жас келіндері суға келіп айнадай айдынынан өз сұлбаларын анық көріп шаштарын тарайды. Беті-қолдарын жуып, аяқтарын малып жандары рахат табады. Кенже келін де күнделікті әдетімен аяғын тізесіне дейін түсу үшін көйлегін көтеруге ұялып, тобығына шейін малып, бет-жүзін дымқылдап, қолын шынтағына дейін жуып, кеңсірігін ашытқанша мұрнына су тартып ғұсыл ырымын жасады да, екі шелегін малып толтырып алды. Мойылдан иілген күмілет ағаш асынған ол қос шелегіне кезек қарап үйіне бет алғанда, қоймен бірге өруге ыңғайланған иттің үргенін естіп кілт тоқтап шелектерін жерге қойған. Алақанын шекесіне апарып күн салып қарағанда аттылы екі адамның қонақ боп түсіп жатқанын көзі шалды. Қайын атасы Шәкітайдың да күн күлімдеген сәттен бастап көрпе астында қара саны көгергенше жатпайтын әдеті. Бәйбішесі төркіндеп кеткелі тұн ұйқысы да құс ұйқыланып мазасы қаша бастаған. 

Шәкітай ұзын бойлы, жілікті адам. Жасында барымта шауып, балуандығымен аты шыққан буын-ды, 1916 жылғы «березоп» басталғанда Жаманауланың жігіттеріне бас болған, туған жұртын тағдыр тулағына айналдырмаймын деп қолы тізгіннен, аяғы үзеңгіден босамаған ұлт-азаттық дүмпулердің дарабоз Бәшәриденнің тізелерін қосқан сенімді қырық жігітінің бірі еді. Осы үйге табалдырығын аттағандардың барлығы Бейсеннің Бәшәридені туралы сөз бастатып, тың дерек тауып құлақтары батырдың басынан өткен хикаяларға қанығатын. 

Кенже келін сыңараяқ соқпақпен жедел басып ауласына аттағанда көлденең жатқан жуан қарағайдың үстінде сары сүйегін күнге қақтап шуақтап отырған қайын атасының қасына бөркін тізесіне қойып жайғасқан, шоқша буырыл сақалын сауып тараған қонақты көрді. Қастарында алғашқы мүшелін енді тауысқан мөлшеріндегі бала бар. Қос шелегін жерге қойған кенже келін иба жасап, сәлем етті. 

– Көп жаса айналайын, қоймен бірге қозда, қарағым, – деп батасын беріп сығырая қараған шоқша сақалдың иманды жүзінен жылылық еседі. Келген мейман мен атасы мал жілігінің майы үзілер маусымдағы күйін, жердің отын айтып бейсауат отыра берді. Бойларына тектілік тұқым еккен екеу шаруаның жайына алыстан шолғын жасады. 

Зып етіп үйге енген келін жез самауырды қос құлағынан жұлқи көтеріп сыртқа алып шықты да, тақтайдай жалпақ көк тастың үстіне жайғастырып оттай бастады. Бастапқыда бықсып, көмейіне көк түтін кептелген сары жез тұншығып жанбай әлек салған. Оны бақылап отырған баланың шыдамы таусылды ма, жоқ аршаның ашқылтым иісі алқымын аралады ма, орнынан атып тұрды да көксау тиген кәрі қойдай боп тұрған самауырдың көмейіне шүмшеуірді ұзыннан сүңгітіп жіберді. Бықсыған қоламтаны қопарды да, ауылда ауыздарын тобық салып алып атып ойнайтын әдетімен демін ішіне терең тартып үрлеп жібергенде, оттығына толған қоламта арасынан саңылау ашылып, тамыздық ағаштар лап етіп жалыны бетін шарпыды. «Кірпігім күйіп қалған жоқ па» дегендей бетін бір сипады да, көкіректегі күдігі сейілгендей болды. Елгезек ұлдың арқар танауы жүзінің жартысын алып жатқанын байқаған Шәкітай да іштей разы болғандай. 

– Балаң ба? – деді ол қонақ шалға қарап. 

– Балам, – деп жауап қатты қонақ та қуақыланып. – Таяғыма сүйеніп үш аяқ боп жүргенде бұғының қанын ішіп бұлқынды дегіңіз келді ме? – деген ол Шәкітайға жаратпай қыр көрсете қарады. 

– Тоятын тапса жаназасын ұмытатын еркек кіндікке дауа бар ма? – деп қыршаңқы тілімен шымшып алды Шәкітай. Қонақ сөз таластырған жоқ. 

– Бауырыма басқан немерем ғой. Үзеңгіге аяғымды салар көмекшім. Қоңыр әулиенің үңгіріне бас-көз боп қалатын осы болар деген дәмем бар, таяғымды да сайлап қойдым. Бір елі қалмай қасымда жүреді, көре берсін, біле берсін. Түптің түбінде осыған үміт қыламын, – деген қонақ қарияның сөзі жұқа орамалынан өтіп құлағына сіңген кенже келін мұның Қоңыр әулиедегі Құрман шырақшы екенін бірден таныды. Атын талай естігені болмаса көзбе-көз көріп тұрғаны осы. 

– Болса болар, оның несі бар. Есті бала көрінеді. Ат ерінді, ер мұрынды келеді деуші еді, байқап отырмын пошымы келісті. Танауына қарағанда өзі де өскенде насыбайдың жауы болар, – деп сықақтап кеңкілдей күлгенде Құрманның да есіне ескі әдеті түскендей селк ете қалды. Бұрын бұл жақтың жұрты насыбайды мұрынға ататын. 

– Құрттаған қошқардың күпегіне кешкісін сепсең, әп-сәтте күйдіріп қотырландырып түсіретін мойылдың күлін қосып насыбай үгуші едіңіз ғой. Ол өнерден қара жаяу қалмасаңыз оған да қонақ болайық. 

Бұл ауылда Шәкітай тек Бәшәриденнің нөкері болуымен, балуандығымен қатар, насыбайды баптап үгетін шеберлігімен, ұқыптылығымен де аты шыққан. Түнеу күні бір желікқұмар жолаушы тау асып келіп, бір шара қароба қымыздың бір шарасын кеңірдегіне төңкере салған да, бір атым насыбай сұрап алып ерніне қыстырып жатып елітіп ұйықтап қалған. Ұйқысырағандай ыңырана қырылдай бастағанда аяғынан жұлқылап әрең оятып алған. Уланып қала жаздаған мейманға сүт беріп, аузын шайдырып әрең аман алып қалғандары бар. Енді бірі жасыл бұйраның бір шөкімін аузын шайған жылқы құсап үстіңгі ернін көтеріп, күрек тісінің үстіне басып мәңгіріп мас боп қалып, көкнәр жеп қойған күшіктей соңғы жылдары осы ауылда пайда болған тауықтарды қуып әлек қылған қызығы естен қалай шықсын?! Тіпті ауылдағы кейбір қулар Шәкітайдың үккен насыбайын екі ататын. Ерніндегі уыты қайтқан үгіндіні алып кептіріп, кезекші шақшаларына салып жүретін әдеттері бар. Сұрағандарға соны беріп, мең-зең боп «Шәкеңнің шақшасы-ай» деп тамсанып отырғандарын көріп өздері де таң-тамаша болатын. 

Осындай оқиғалардың талайы бастан өткен Шәкітай шырақшы Құрманға шамаң келе ме дегендей таңырқай бір қарап қойды да, бетін қайтарған жоқ. Мәсісінің қонышына әдіптеп тіккен ұры қалтасына саусағын сүңгітті де бүркіттің тұмсығы үлгісіндегі сыртынан күміс қаптаған мүйіз шақшасын алып шығып, тығынын ашқанда қышқылтым иіс жайлап кетті. 

– Әкел алақанды, – деді сосын Құрманға қарап. 

– Мүгедек емеспіз ғой, шақша қағып насыбай ататын қауқарымыз бар, қолымызға ұстатсаңыз да болар еді, – деп реніш танытқандай болды ол. 

– Е, Құрман, сенің бозқасқаның жалына тісің өтпейтін шал, шалымсыз сөзге ат шалдыратын шауқан-шәлкес емес екеніңді жақсы білемін ғой. Бұл шақша Бәшәриден мырзадан қалған екі көздің бірі. Мен үшін асыл зат болғандықтан достан да қорып бағатын дүнием. 

– Екіншісі – жеңешем бе? – деп қуақылынды Құрман әп-сәтте. Ол Шәкітайды Бәшәриден үйлендіргенін жақсы білетін. 

– Сен қу, бәрін біледі екенсің ғой. Кемпір төркіндеп кеткен, – деп күлді Шәкітай. 

Бәшәриденнің аты аталғанда бала да селк ете қалған. Естияр болып қалған ол батырдың Алабас-Далба көтерілісінде қол бастағанын, әкесі Бейсеннің бәйбішесі Ұлбала пұшпағы қанап перзент көрмеген соң жарына өзі екінші әйел әперіп, үйінің қасынан жапсарлас отау салдырып, көрген ұлды бауырына басқанын, оның тұңғыш сапарында қасқыр соғып әкелгені жайлы әңгімелерді естігені болмаса, артық ауыз басқа жайттарды білмейтін. Қайтіп сұрап алсам екен деп самауыр басында тұнжырап тұрған ойын атасы дөп басқандай болды. 

– Бәшәриденді молда ағам Мәшһүр Жүсіп: «Балдағы алтын наркескен», – деуші еді. Сізді де қырық жігітінің бірі болған дейді, сол рас па өзі? 

– Рас қой, рас. Несін сұрайсың, өтті ғой дәурен. Қырықтың қатарында болмасақ бұл шақшаға сиырдың кеуде терісін тескен кенедей жабысып не көрінді, не құным бар дейсің? 

– Онда олжалы дүние болды ғой, – деген Құрман самауырға қарағайдан тамыздық бұтап салып тұрған немересіне қарады. 

– Әй, Алтынжан, кел. Кептелген көмейін ашайық. Самауыр қайда қашар дейсің, атаңның әңгімесін тыңда. Үйдегі қағаздарыңнан табылмайтын дүние осы отыз тістің ар жағында, кел, – деп немересін қасына шақырды. Алтынжанның да күткені сол. 

Кенже келін де ошақ астына тезек тұтатып, шойын шұңғыл табаға құймақ құя бастады. Көзі табадағы көпірши бастаған қызған сары майда болса да құлағын үшеудің әңгімесіне тосқан. Қайын атасы шәлкес аттай шегіншектеген жоқ, әңгімесін бастап кетті. Тыңдаушысы табылғанға разы секілді. 

***

Тезек тергендерден таспа тілгендерге дейінгілердің тілдерінің тұсамысының тиегі ойнымалы, ағытылып кетсе алты рулы елді аралап, алты алаштың құлағына ілігетін уақыт. Осыны ескерген жұрт ел ішінде Бәшәриденнің атын айғайлап айтпаса да, үй ішінде есіктерінің тұтқасына таяқ тіреп қойып айта беретін. Шәкітай бұл топтың екеуіне де жатпайды, жалтарып көрмеген сабаз. Бәшәриден туралы сөз қозғалса, шын ниетті тыңдарманы табылса, бұрын ел естімеген әңгімелерді қисынын келтіріп таңдайынан сауып айтатын. Қолауына жақпайтындар кездессе қалауын қанағаттандырмайтын, қолапайсыз сөзін қойып қалатын. 

– Ол уақытта мына біз Қарақойтастың бауырында тұрамыз. Батырдың алды – Далба, арты – Семізбұғы, оң қапталын Қоянды алып жатқан Қаратомардан Ақкелін мен Алабастың ортасындағы Бұқар аңғарына кетпеген кезі болатын, – деп бастады сөзін Бәшәриденнің батыр жігіті. 

– Әкем Манасбайдың сырттан біреу келіп барымталайтындай малы жоқ, бірақ ел мүсіркеп, ер жерге қарайтындай сіңірі шыққан кедей де емес. Бәшәриден де жуандардан, жәрмеңкелердегі ешкінің құйрығын көкке, түйенің құйрығын жерге жеткіземін деп көксеп жүрген көпестерден айдап келген малы мен қолға түскен мүкәммалдарын елге үлестіріп беретін, атының тізгінінің бір ұшы Қарқаралыда жүрсе, екінші ұшы Қояндыға жететін. Отаршыл келімсектерге шұрайлы мекеннен ұлтарақтай жер бермеймін деп жұлысты. Он алтының алашапқыны әлі басталмаса да патшаның шолақ құйрық жандайшаптары мен жансыздарын мына Баянауыл станицасына жамыратып жіберген кезі, жергілікті жұрттың тілерсегі дірілдеп жүрген уақыт. Біреулері Боқырау жәрмеңкесін ұйымдастырып малды су тегін алса, екінші бір көпестер көр қазған көртышқандай айналаны шұрық-тесік қылып қазып кен іздей бастады. Бәрі жергілікті қазақтарды жұмысқа жегіп, маңдай терін арзан ақтауды көздеген кәззаптар. Ондайларға Бәшәриден шыдасын ба, шандыры шыға бастаған шаруаның аузына ақ май саламын деп атқа қонды. Көпестер мен солардың сойылын соққандар оның бұл әрекетін анық білсе де, қол-аяғын кісендеуге дәлел таппай дағдарды, – деп әңгімесін ширықтыра түскен Шәкітай ерніндегі жасыл насыбайды бас бармағымен астыңғы ернін қайырып басты да сұқ саусағының ұшымен алып тастады. Үшеудің арасындағы әңгіменің енді басталып, белгісіз тылсымына арбалған кенже келін де беті қызарған құймағын төңкеріп аударып әрі тыңдай берді. Қос бетінің шырайы да құймақтай қызарып, қызуы бойында ойнақ салған жастығынан хабар бергендей. 

– Бәшәриденнің ел ішінен таңдаған сенімді қырық жігітінің біреуінің шамасы бес адамға татитын. Барлығын иненің көзінен өткізіп барып таңдаған. Бірі – мерген, бірі – қамшыгер дегендей. Негізінен бойдақ жігіттер, «опат болсаңдар қатын-балаларыңның обалына қалар жайым жоқ» дейтін жарықтың қарқ-қарқ күліп. Бәрін бір жерде емес, шашыранды ұстайды. Шетінен балтырынан ет кесіп беретін тірідей жүрек жұтқандар. Солардың қатарына мен де қосылдым, жасымда қанжардың жүзінен қан жалайтын өжеттеу болдым, саптарында жүргенді өзіме бақыт санадым. Әкем Манасбай іштей қорықса да, үміт артатын. Ал шешем жасым егделеніп бара жатқан менің тезірек аяқтануымды тілейтін, тіпті құлағымның да етін жей беретін. Бір күні олар екі жақтан: «Әй балам, біздің кәрі қойдың жасындай ғана жасымыз қалды. Ажал айтып келмейді, айдап апарса көрден қашпаймыз. Қартайдық, қол қысқарды, сені үйлендіріп, Құдай көрсетсе немере иіскеп кетейік. Атау керемізді де алаңсыз ішейік. Сен ана Бәшәриденге әке-шешем осындай ұйғарым жасап отыр деп айт. Өзіңе ұнаған қызды айттырсын, – деді. 

Жатсам-тұрсам да әке-шешемнің сөзі сүйегімнен өтіп, санама сүңгідей қадалып сарсаңға салып қойды. Дайын тұрған қыз да жоқ. Әрі ойланып, бері ойланып, бір күні тәуекелге бел буып Бәшәриден отырған Қаратомарға бардым. Батыр үйінде екен, атымнан түсіп сәлем бердім. 

– Үй-жайың жақсы ма, барып қайттың ба? Жағдайларын көріп келдің бе, сәлемдемелерімді бердің бе? – деп сұрақтың астына алды. Қолы ашық еді. Жорықтарға барып келгеннен кейін қасындағы жігіттерге ас-су, мінер ат, киер киімін үлестіріп молынан беріп кеңдік көрсететін әдеті. Жанары сұғы сұлатып түсіретін сұр арланның көзіндей сұсты. Бізден де «іштеріңдегіні іркіттей ірітіп іркімей тура айтыңдар, ілдебайлап маңайсоқтап алушы болмаңдар» деп талап ететін. Екі ұрса қарсыласар адам қылдырмайтын ол. Сол мінезін жаттап алған мен де қара басымды қайраққа тірідей тыққандай күй кешсем де, ойымды бүкпей сөзімді төбеден төтелеп тастай салдым.

– Әкем мен шешем қартайды, сенің үйленгеніңді көріп, немере сүйгіміз келеді. Біз болсақ қартайдық деген уайымдары бар екен. Сіз мені босатыңыз, – дедім. Шөлін енді басқан адамдай үнсіз отырып қалды. 

– Иә, Шәкітай, сенім артқан, аманат арқалатқан жігіттерімнің бірісің ғой. Жанымда боламын деп ант-су ішкен сені босату қиындық келтірмес, бірақ орның ойсырайды ғой. Алған бетің дұрыс, адам баласы ұрпақ өрбітуі шарт. Тек өзіңнің орныңа татитын жігіт тап, – деп бұйырып сөйлеген батыр тұнжырап біраз отырды. Жепелемде оны қайдан тауып беремін деп мен де қиналдым. Тәжікелескендерді атымен қоса аударып кететін Құдайдың берген қара күші бар жігіттер жетеді ғой. Ал жұтқан сөзін жүрегінде байлап ұстайтындарды қайдан тапсам болады? Маған серік болатын ұл тумайтындай қазақтың қатындарының құрсағына құрт түсті деп пе едің? 

– Жігіт таба алам ба екен, – деп қипақтадым. 

– Жігіт таппасаң орның үңірейіп қалады ғой, – деп батыр тағы сөзін қайталап күрсінгендей болды. Батырдың сенімін сетінетіп алдым-ау дегендей мен де қиналдым. 

Содан біраз уақыт сенделектеп жүріп қалдым. Лайықты жігіт көзіме ілікпеді. Маңайдағы ауылдарды шарлап көрдім, ит жүгіртіп саятқа шықтым, ат жаратып ас-тойларға қатыстым. Таңдаулы серік ел ішінде бар ғой, тек тапқан жігітім сенімімді ақтамаса батырға обалдық жасаған боламын деп жаным жүдеді. 

Бір күні Бәшәриден өзі шақырды. 

– Әй, Шәкітай, саған бір бұйымтайым бар. Соны орындасаң, мен сенің өтінішіңді орындап босатайын, – деді. 

 – Айта беріңіз. 

– Айтқанда былай ғой. Ерейментаудың арғы бетінде қалың Қанжығалы отыр. Төменгі жағында Керейлер отырушы еді. Солардың бір байы Қараөткелдің жәрмеңкесінен түркіменнің ақалтекесін әкеліпті. Түбі – текежәуміт. Текежәумітті білуші ме едің? 

– Естігенім бар. 

– Естігеніңмен елді адастырасыңдар. Көне Каспийдің жағасында мекен еткен түркімендердің Теке руы Теке, ал Жәуміт руы Жәуміт тұқымды жүйріктерді өсіріпті-мыс. Кейін Ахал шұратына барып қан араластырып, шыққан түлікті Ақалтеке атапты. Ешкі бас, ұзын сирақ, сидиған сұйық жал, түгі құндыздай жылтырап тұратын бұлардың біреуіне қырық қыздың жүгін айырбастап жіберсең де аз. Өткенде бір бәйге болып, әлгі ақалтеке құйрығын аспанға шаншып кеткеннен алдына бір қылқұйрықты салдырмай қозыкөш жер алда келіпті деседі. Қашқанда атқан оқ қуып жете алмайтын жұлдыздай аққан соны қолыма түсіріп берсең деген өтінішім бар. 

– Батыреке, мінем десеңіз сізге ат табылар. Оны қайтесіз? 

– Көзімнің құртын жеп тұрғаны шамалы. Соңғы кезде ол бай көпестерге жағынып, кен қазуға қазақтарды жығып беріп жүр деп естимін. Ақалтекесін алдына мініп шығып таптап кетсем бе деп жоспарлап отырмын. Аударып алып көрсін сосын шімірікпей шамасы жетсе. 

– Оның жөні бөлек екен ғой. Ал қалай алып кетсем болар екен? Амалын айтсаңыз тас жұтамыз ғой, – деп қипақтадым батырға қарап. 

– Ол оңай алдырмайтын олжа болғалы тұр. Барып бірден алып кел демеймін. Алдымен алды-артын ойлап жағдай жасайық. Мына Ерейменнің бір саласында Өтеубай деген досым бар еді, байталы босағасына сарыған бай. Соған мен хат жазып беремін, апарып бересің. Сосын сол Өтеубайдың айтқанын істейсің, – деп тапсырды батыр. 

– Өзі де бірнеше ат мінген деседі ғой жұрт, – деп сұрады Құрман естігенін бекітіп алғысы келгендей ортадан килігіп. 

– Иә, жорыққа шұбар ат мінетін. Өте атқұмар еді ғой, «Ақтамақ» қара аты ақылды жануар еді. Бөкенгері мен Көмеккер қашса ұстатпайтын ұшқыр, белді болатын. 

– Ішінде тұрғанда мың жылқы қабырғасынан келетін дейтіні қайсы еді? 

– Аққоян ғой ол, биік ат болды. Ал Бәшәриденді әптиектен әрі асып оқымаған деген бос сөз екен. 

– Солай ма? 

– Иә, – деді Шәкітай. – Ол арабша хат жазып берді. Менің сауатым жетіңкіремейді. Атқа мініп, үстіме бір киер киім киіп Ереймен қайдасың деп тартып отырдым. Бұлаңқұйрыққа салып бір қалыпты жортып, арада екі қонып барып жеттім. Қоржынымдағы көк сүтті қайнатып алған сіңілтір ақ ірімшікті азық етіп, шөлдегенде таңдайға жас сықпадан жасалған майлы ежігей мен баспа құртты басып сорамын. Көзі ілінсе түсінен, кірпігін ашса көз алдынан мал кетпейтін Өтеубай байдың жылқысы қопалы көлдің бұлағы жағында ақар-шақар боп жатыр екен. Үйі қырдың беткейінде. Киіз үйіне барып байға сәлем беріп, Бәшәриденнің сәлемдемесін жеткіздім. Алдындағы қымыздан ұрттап қойып асықпай баптанып оқып болды да сырбаздана сөз бастады. 

– Жоғалып кеткен туысымыз табылған екен, – деп күлді де жаныма жақын отыр деп қасына тартты. 

– Сен миыңа құйып ал, бүгіннен бастап маған жиенсің. Қалай деп сұрама. Жылқышы жігіттермен бірге жүр. Жөніңді сұраса нағашымды сағалап келдім деп айтарсың. Бәшәриденнің айтып отырған жүйрігін ара-тұра арнайы адамы жетектеп, келіп құлайтын мына көп жылқымен бірге көлден суарады. Жылқышыларымен араласып құралас, тек жымыңды білдірме. Танысқан бетте бөтенауыз сұрақ қойма, біраз бірге жүріп, ортақ табақтас болып әбден сіңіскеннен кейін барып байдың мән-жайын сұрап біле жатарсың. Оған дейін аузыңа сөз салмаймын, – деді. 

– Содан, – деп екілендіріп қойды Құрман. Кенже келін де тегештегі езбесін құймақ қылып құйып, қызыл сары дәмді табаққа шөмеле салғандай үйе бастады. Тұруға асықса да, қайын атасының бастан өткергенін естуге құмартып-ақ отыр. 

– Сөйтіп күнде көп жылқыға барамын, қашақ байталдар мен айғырсымақ сәуріктерін қайырысамын, сауданың бойдақ малын қамасамын, айдап суға түсіреміз, қырға шығарып жусатамыз. Бие байлаймыз, асау ұстаймыз. Асау ұстау деген не тәйірі, құйрығынан ұстап тақымға басып тыпыр еткізбейтіндей әбден әбжілденіп алған қазақпыз ғой. Керейдің жылқышылары да асау айғырларды аяғынан ұстап жығатындай шетінен мықты. Сақау шыққан жабағылардың жарасынан ірің ағызу үшін қылдан әнжі саламыз. Астымыздағы мінген аттар да әлді, қанжығамызда қыл арқанымыз сайлаулы. Сөйтіп байдың жылқышыларымен үйірсек болып кеттім, олар да қазбалап сыр сұрамады, сыртқа теппеді. Жөнімді сұраса «сендерге көрші отырған нағашымды сағалап келдім, аунап-қунап қайтайын деп келдім» деп жалтарма жауап бердім. Әбден кірігіп сыр алысатындай сыралғы болып алдым. Тек көп жылқының ішінен ақалтекені көзім шалмады. 

– Ол қайда кеткен сонда? Сатып жібермесе игі еді, – деп тыпыршыды Алтынжан.

– Тыңда бала, тауыспа тағатыңды. Қазір айтамын, сөзді бөлме, – деген Шәкітай бір жөткірініп алды. 

– Бір күні: «Мына байларыңда мықты жүйрік ат бар дейді, оны неге сендер мінбейсіңдер? Өзінен басқа жан баласы мінбей ме, қайтып ұстап отыр оны. Бір рет болсын пошымын көру керек еді», – деп сұрадым. Олар тіс жарып үндемеді, мен де сұраншақтамай сөзден тартпақтадым. Араларында орта жасқа келген біреуі бар екен, ол маған үйірсек болды. Екеуіміз ат үстінде тартысамыз, шауып келіп теңге алып жарысамыз. Содан бір күні ол: Қараөткелдің жәрмеңкесіне Түркімен жақтан келген ақалтекеге бай үш үйір жылқы беріп алып қалды. Өзі пішілмеген айғыр, тұқым алатын секілді. Өткенде бір-екі аста жер тарпып шапқанын көріп сүйсіндім, шаң жұтпай келді, шіркіннің сипатын-ай, – деп сырдың аузын ашты сілекейін жұтып тамсанып. 

– Оны қайда ұстайды? 

– Биік дуалдың ішінде ұстайды, аяғына кісен салып қояды. Күзет мықты, құдыққа барып суарып, ұзын қыл арқанмен аунатып, баптайды. Шөпті қолмен жұлғандай етіп қысқартып қиып береді. Қарағайдың қылқанын алдыртып қаужатады, көк тал кеміртеді, жегені жарылған сары сұлы. Тек жымың ішіңде болсын, – деді. 

Бұдан артық маған не керек? Алыстан алдарқатып жүріп төрт-бес сайлаулы жігіт соның күтімінде тұратынын білдім. Бірде сыр ашқан жігітпен сол ауылға еріп бардым. Шынында да биік дуалмен қоршалған қорада ұстайды екен. Есігіне қос қара құлып салынған. Қай уақытта суаруға шығаратынын аңдап көрдім. Біріңғай қу шөпке байламайды, кейде көгалға жаятын көрінеді. Аяғын кісендейді, жігіттер аунатуға шығарғанда қос арқанды белдеріне байлап ұстайды. Бие сауым уақыттай шөп жұлғызып тістетіп, қайта қамап қояды екен. Бабын күзеткен атсейістер де төртпақ тұлғалы, әлді көрінеді. Атты шығарып суаратын, аунататын, оттатын уақыттарын біліп түйсігіме пішіп алдым. Осылайша сырттай бақылап, Өтеубайдың ауылында айға жуық уақыт жатып қалдым. Бір күні бұл жатысым жарамас деп әрекетке көштім. Астымдағы мініп келген жүйрік ат та ішіне май айналып тыңайып қалған. Бір ауылдан жымымды білдірмей шығып бай ауылындағы дуалға жақынырақ келдім де анадай жерге жанына менен басқа жан баласын жуытпайтын атымды бір аяғынан шалып байлап қойдым. Белімде кездігім бар. Әлдеқандай жағдай болса сойып жіберуге арналған. Олай торыдым, былай торыдым, ала алмадым. Енді не істеу керек? 

– Жаяу Мұса құсап белінен арқан өткізіп қораның төбесін аршып көтеріп алып шықпадың ба? – деді Құрман шырақшы да қосылып амал іздегендей. 

– Ондай алапат күш қайдан келсін?! 

– Енді... Иә, сосын не болды? 

– Содан бір күні көз байлана бастаған іңірде жарау атыма мініп, үстіме жұлым-жұлым сулық, басыма бөркімді аударып бастырына кидім. Ақалтекені суарып болған кезде төтесінен қиып шауып барып қабаттастым да кеттім. Баптаушы жылқышылар маған едірейіп қайдан жүрсің дегендей шүйлікті. Жаман киімімді көріп жалшы ма деп қалса керек. Қақпайлап қуып жіберді. Мен оңайлықпен қарамды батырамын ба? 

– Батырмайсың ғой. 

– Аттың аяғынан кісенін шешіп, ұзын арқанмен аунатып жатқанда жақындадым да ұстап тұрған жігітті саптама етікпен бір тептім. Қойдың жүніне тайдың қылын қосып ескен шылбыры қолыма тиді, қос арқанды кездікпен орып жібердім. Сол бетіммен тарттым. Айнала у-шу, азан-қазан болды да қалды. 

Жетекке алған ақалтеке де тар жерде бауырын жазып шапқысы келіп ойнап тұрған ат, менің де атым жүйрік. Қолтықтары сөгілгенше сол күйі Көкшетау жаққа қарай ызғыттым. Соңымнан қуды, аспанға мылтық атты, жете алмады. Былай шыққаннан кейін аттарды итшоқыраққа салдым, қаралары жоғала бастағанда саржеліске ойысып барып аяңдатып, терін бастым. 

– Әй, сабазым, қатырған екенсің, – деген Құрман желкесін қасып мәз болды. – Содан...

– Содан сол, – деген Шәкітай қарт екіленіп алды. – Өтеубай байдың бір ерке баласы бар екен. Алты ай жаз үйіне қонбайды. Қай жерде той, қай жерде шілдехана, сол жерге жанына топтап жігіт-желеңдерін ертіп салтанат құрып қыдырып, серілікпен кетеді. Мұндай топты бұрын кім көрген? Ақпа ақыны, әуелеткен әншісі, бір қойды жалғыз тауысатын мешкейі, сиқыршысы, тіпті ақ май ғана жеп жарысатын адыраңқайлары да бірге ереді екен. Өзі сыңар ат жирен жеккен жеңіл төрт аяқты трашпенкенің ішінде жатып ұйықтайды да, зеріксе кезектеп салт мінеді екен. Баласының жүзін бұрын көрмегенмін, бірақ жылқышылар «қағу көрмеген ерке, ойына келгенін істейтін доңайбат» деп әңгімелейтін. Айтқандары туған айдай дөп келді. 

Қырдан аса бергенде алдымнан бір топ жігіт шықты. Ішім қылп ете қалды. 

– Ассалаумағалейкүм! 

– Уағалейкүмассалам. 

– Қайдан келесің? – деп сұрады топбасы. 

– Мен мынау Ерейменнен кетіп барамын. Біреудің аманат тоймалы еді, соны апара жатырмын, – дедім. Ойым жүйрікті тездетіп Бәшәриденнің қолына өткізу. Ауылдан ұзап шыққан соң кездескен көздер күдік келтірмес үшін ақалтекенің үстіне көзін ғана қалдырып жабу жауып, бір айылмен тартып қойғанмын.

– Киіміңнің түрі мынау, бірақ аттарың жақсы екен, – деді әлгі адам мені менсінбей. Ақалтекеден көзін алмай ішіп-жеп барады. Бір кезде қонышынан күміс шақшасын алып, тақасына нәл қағылған, былғарысы қынамен боялған етігінің өкшесіне қағып насыбай атты. Тамағым жыбырлап сала берді. 

– Бір атым насыбай бересің бе? – деп сұрадым құмарланып. 

– Үш рубль, – деді әлгі жігіт мыңқ етпестен. 

Бұрын сайын далада насыбай сатқанды кім көрген? Қалтамда бұрыннан жүретін үш сом болатын. Әлгіні саусағына қыстырмақ болдым да шақшасын алдым. Шақша да, ақша да менің қолымда қалды. Шақшасы күміспен безендіріліп керемет жасалған екен, бұрын дүние-боққа әуестігім жоқ еді, қай сайтанның сапалағы түрткенін құдайым білсін, қатты қызықтым. Көздің жауын алған дүние көкіректі кемірмей тұра ма, осы шақшасы маған бұйырып тұрған шығар деп атымды тебініп қалып ытқи жөнелдім. Сол құлдилатып кеткеннен ізді Көкшетау жаққа салып боздаттым. Менен мұндайды күтпеген тойдан қайтып келе жатқан ұйқылы-ояу тамақтары тарқап үлгермеген сәнді топ ию-қию болды да қалды, жекелеген жігіттері қысқа шоқпарларын шошаңдатып соңымнан қуды, жете алмады. Ауыздарына келгендерін айғайлап балағаттап артымда шаң қауып қала берді. Шақша да олжа болды, үш сомым да саусағымның арасында қалды. Ытқып қашқаным қандай жақсы болған деп ойлап қоямын. Шақша да нағыз шебердің қолынан шыққан екен. Мүйізді күміспен көмкеріп, бетіне көк жыландат пен ақтұяқ тастар қондырыпты да, шүмегі мен тығынын жалғайтын жұқа шынжыр сары бау тағыпты. 

– Қатырған екенсіз, – деді Алтынжан сөзін жарып. 

– Сол қатырғаным өзіме сор болды ғой, бала. Оның байдың баласы деп күдіктенбей қара басты мені, – деп күректей алақанымен маңдайының терін сүрткен Шәкітай. 

Кенже келін де ошақ басында ертек тыңдаған көкжелке балаусадай қызыға қарап қалыпты. Құлағында қала берсін, ертең немерелеріме әуезе қылар деп ойлады ма, Шәкітай мән беріп маңызданбай сөзін әрі жалғады. 

– Көкшетау жағында біраз айналып жүріп, Баянауылға оралып Қаратомарға келдім. Бәшәриден батырдың әлі күнге дейін үйінің орны сақталған. Жылыбұлақтағы таудың екі ортасындағы қалың ағаштың ішіне айдап әкелген жылқыларды қамайтынбыз. Атымды да, ақалтекені де сол жерге байлап, Күржінің жағасына барып бетімді жудым. Киіміме сіңіп қалған аттың ащы терінің иісін көлдің салқын тынысы жұтып қойғандай әсерлендім. Бұдан әрі шыдай алмай суға қойып кеттім. Таудан ескен желмен араласқан жусан иісі танауыма тығыла берді. Сол әсер әлі есімнен кетпейді. Жағасына шығып киініп жатқан едім күміс шақша шөп етіп суға түсіп кеткені. Жарықтықтың судың мөлдірін-ай, тізеден келетін жерде түбінен өлараның аспанындағы үркер жұлдыздай жарқырап көрініп жатты. Сол сәтте ұрлығым есіме түсіп опына бастадым, осы шақшаны су неге жұтып қоймады екен деп өкіндім. Бұл сырды мен, шақша және көл ғана білетін. Шақшаны жалпақ белбеуімнің ішіне сүңгіте салдым да, кешқұрым ұрланып Бәшәриденге келдім. Есік алдында бала-шаға жүр екен. 

– Батыреке үйде ме? – деп сұрадым түбіт түтіп отырған Қоныкей бәйбішеден амандық сұрасқаннан кейін. 

– Үйде, – деді. Кіріп бардым. 

– Астафиралла, тірі келдің бе? – деп мырс етіп күлген батыр сипап отырған Тұйғынкөктің алқымынан алақанын алып маған созды. Керегеге шекпен ішінен оқ қалталар салдырған жарғақ тоны мен күмістелген кісесі ілініп тұр, қасында қызыл сапиян етігі жатыр, алты атары қол созым жерде сүйеулі тұр. Ол кезде қазақтың киімдерінде қалта болмайтын еді ғой. Шекпен киіп, оны белбеумен буынады да, қолына тигенді қойнына тыға салатын. Әңгімені бастай беріп едім батыр аялда дегендей қолын көтерді де, бір бөстек лақтырды. 

– Сен енді қолтығыңа басып жатып демал. Түнеп қайт, асықпай айт, – деді. 

Шынтақтап жата беріп едім байдың баласынан алып кеткен белбеуге қыстырған шақшам жерге аунап түсе қалмасы бар ма. Оны көрген Бәшәриденнің түрі сұрғылттанып, жауар бұлттай түтігіп бұзылып кетті. Қос жанарының ішінде бұлт пен бұлт шарпыса соғылып от шашқандай. Менің мұндай шақшам барын бұрын көрмеген. Жалпы өзі қырық жігітінің әрбірінің мінез-құлқын, дүние-мүлкін, тіпті жақсы, жаман әдеттерін де жақсы танитын. Жадысы мықты, көргенін ұмытпайды. Басқа адамдарды да сырттай бақылап жүреді. Сөйтсем ол бұл байдың баласының шақшасы екенін бірден аңғарған екен. 

– Әкел андағы шақшаны, қайдан алдың? – деп тіксінді. 

Батырдың алдында жаным екеу емес, сүмірейдім де қалдым. Бүгежіктеп пұшайман боп бар жайды айтуыма тура келді. 

– Ойпырмай, ары-бері жүргенде ат белін суытатын тамырым еді. Сен ай жатып ақадал ас-суын ішіп, құлынды биелі құны бар шақшасын алып кеткенің қалай? – деп дүңк еткізді. – Қиын болды-ау, енді не істесем екен», – деп ойланып қалды. 

Ұяттан өртеніп барамын. Содан «баланы танымаймын, барғаннан көрмеген адамым, Өтеубай байдың баласы екенін мүлдем білмеймін» деп ақталдым. Шынымен солай ғой. «Жағалай қонған қыпшақ, Керей, төменгі жағында Арғындар отырады. Солардың тойын жағалап кетеді екен ол бала. Аяқ астынан кездесіп қалды, Өтеубайдың баласы екенін білгенде олай жасамас едім ғой» деп ақтарылып ақталдым. Үйдегі тыныштықтан жүрегім қағып, дүрс-дүрс еткені естіледі. Жұтқыншағы әрі бері жүгіріп батыр отыр, қолындағы сегіз өрім ақсұр бұзаутіс қамшысының қызыл мойыл сабын сығымдап үгіп жіберетіндей. Бәрін сезіп отырмын. Қамшының астына алса да обалым жоқ қой. Алтыатарын алса ше?! Бақытыма қарай батыр менің сөзіме сенді. Бірақ тіс жармай үнсіз түйіліп отырды. Құлдилап келіп қызылға тегеурінін сұғып алатын қыран дерсің. Алдына адам кіргенде үйге ешкім аттап аяқ баспайтын салты бар еді. 

– Ендігі мәселені тыңда, – деді бір уақытта тыныштықты іші кепкен малдың тырсиған қара қарнын тіліп жібергендей. – Атыңды бір-екі күн суытып алғаннан кейін Өтеубайдың үйіне қайта барасың. Хат жазып беремін, мына шақшаны апарып бер, – деді де шақшаны алдыма лақтыра салды. Сұрап алған бәлекет құсап шақша өзіме қарай домалап келе жатқанда ақсиған ажалым жанымды алуға жалаңдап келе жатқандай болды. Өз аяғыммен омақаса отқа құлап, бәлеге бас тіккендей болдым, амал жоқ. Бұрын адамның меншік затына қызықпаған сорлы басым сопиып қолымды шауып тастағым келді. Батырдың айтқанын істейсің, орындамайтындай от жұтқаның шамалы. Жеті қат жер астына түсіп кетсең де көріңнен қазып алатын тік мінез. 

Бір-екі күн аялдаған соң мың жылқысының ішінен сұлыға семірген семіз дөненді қосақтап жетектетіп жіберді. Қорқа, қорқа бардым. Өтеубайдың үйіне жақындай алмай бастапқыда сырдақтап жүріп жылқышылардан суыртпақтап сыр білдім. Баласы үйінде екен. Қуандық елінде өтетін бір асқа кеткелі жатқан көрінеді. Шақшасынан айырылғалы бұрқылдап жан-жаққа жансыз шаптырып, жылқышыларға дамыл бермесе керек. Асқа кетті-ау деген хабар келгенде қосалқылап тағы сұрадым. Үстінен түссем бауыздап өлтіреді ғой. Кеткеніне көзім жеткеннен кейін мініс атымды белдеуге байлап, семіз дөненді жетектеп, қоржындағы шапанымды қолыма ұстап, Өтеубайдың алдына айыбымды арқалап бардым. Өзі де бәрін біліп отыр екен. 

– Жігітім ішкен асыңды ақтамадың ғой. Бәшәриденнің мұнысы қалай? Қасына қиямет жасайтын адам ұстамас еді, – деп күйінген күй білдірген ол орнынан атып тұрды. Тығылатын жер болса қыпша бел құмыраға кіріп кетуге дайын отырмын. 

– Алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген. Ат-шапан айыбым бар. Мынау балаңыздың шақшасы, мынау досыңыздың хаты. Босағаңызда семіз дөнен байлаулы тұр, – деп ұсындым. 

Хатты оқыды да сылқ етіп қайта отыра кетті. 

– Жақсы ер екенсің, жүрек жұтқан екенсің. Батырлығыңа тәнті болдым, – деп қонақ қып күтті. Кетіп қалған баласы үйде болғанда тіпті сұмдық болайын деп тұрған. Бай риза болды, Бәшәриден батырып-батырып айтты ма, жазды ма? Менің асты-үстіме түсіп мейман қылардай не жазғанын әлі күнге дейін білмеймін. Кетерде бай: «Мә, мынау сенің ерлігіңнің өтеуі», – деп иығыма қалталы бұлғын ішік жапты, қосалқы ат берді. Қуанып елге қайттым. Қайтадан Қаратомарға келдім. Батыр үйде жоқ екен, бір-екі күннен кейін келді. 

– Тірісің бе ей, Шәкітай? 

– Тірімін батыреке. 

Байдың жазған қайтарма хатын бердім. Асықпай оқыды да мырс етіп күлді. Алып келген бұлғын ішікті иығыма жапты. Қосалқы аттың ноқтасын ұстатты.

– Батыреке, абыройыңызды аяқ асты еткен мені байдың, шақшасынан айырылған тентек ұлдың үйі мұнша құрмет көрсететіндей не жазып бердіңіз? – деп сұрадым. 

– Оның сыры маған ғана аян, – деп сөзді тоқтат дегендей ишара білдірді. Ойындағысын қас-қабағынан танитын әдетіміз ғой, әрі қарай сұраған жоқпын. 

Көп уақыт өткен жоқ, Бәшәриден өзі бас болып қалыңын төлеп, маған әйел алып берді, алдыма аздаған мал салды. Төркіндеп кеткен кемпір сол ғой. Орта шаруаның қызы. Бұлғын ішікті киіп көріп едім, кең екен. Қайын атама тарту болсын деп қалтасына қолымды сүңгітіп жібергенде сұп-суық бір зат ілінді. Алып шығып қарасам күміспен оюлап кестелеген олжалы күміс шақша екен. Міне, содан бері кемпір екеуі Бәшәриденнің көзіндей боп келеді, – деп күлді Шәкітай. – Осылайша Бәшәриденнен қол үздім. 1919 жылы Керекудегі ақ түрмеге «банда, совет өкіметіне қарсы» деп басқа емес, өз ағайындарымыз ОГПУ-ге көрсетіп домалақ арыз жазып, балағына биттей жабысып жаптырды. «Заманның сиқы сондай болды. Өздері де сеңге соғылған балықтай боп жүрген кездер» деп себеп айтамыз ғой, бірақ сол ақтауымыз дұрыс па? Араға екі жыл салып Күреңбие деген сайда баласымен қосып атып кетті емес пе найсаптар. Өзге емес, өзіміздікілер сатты дейді. Кетті ғой, Айдабол – Жанғозы – Мамыт атасының емес, тұтастай қазақтың қас батыры – Наурызбай да кетті ғой. Жарықтық бозқасқа шалып, бет сипап, Алабас көтерілісін бастап үш мың адамды соңынан ерткен еді, – деді әңгімесін түйіндемек болған Шәкітай ақсақал. 

– Батырдың шын аты – Наурызбай ма еді? – деп сұрады жұдырығын түйіп алған Алтынжан. 

– Иә, азан шақырып қойған ныспысы – Наурызбай болатын, – деген ақсақал баланың құймақұлақтығына разылық танытты. 

– Ал ақалтекені іздеп келгендер болмады ма? 

– Баламысың дегені. Бәшәриденнің бүрген тырнағынан сусып шыққан ештеңе жоқ. Батырдың алдына баса-көктеп келуге тырқ етпей көтені шыдасын ба? – деп рахаттана күлді үй иесі. 

Ақалтекесінен айрылған бай Өтеубайдың екі үйір қысырақтарын жылқышылармен жымдасып Ақмоладағы көпестерге айдап жібергенінен Шәкітай бейхабар болатын. Ол тек Бәшәриденге ғана аян еді. 

***

Ұзақ әңгіменің түйініне теңселіп қалған Құрман шырақшы терең күрсінді. Кенже келін әңгіменің аяқталған нобайын сезді де орнынан тұрып самауырдың суын тексерді. Әлі суымаған екен, ішіне көлемі саусақтай ғана шайыры бөртіп қатқан безді қарағай кесіндісін тастап жіберіп еді, суылдап ала жөнелді. 

– Шайға жүріңіздер, – деді ол сосын орнынан қозғалып құймақ үйілген тегешін қолына алып есікке қарай аяңдай басып. 

– Қазір қызым, қазір барамыз, – деген Манасбайдың Шәкітайы күміс шақшасынан алақанына тағы да бір шөкім жасыл бұйра насыбай төкті де, шақшаны қасындағы Құрман шырақшыға ұсынды. Күрсінген қос қарт орындарында үнсіз қала берді. 

Алтынжан бұрқылдап қайнаған самауырдың шоғын шүмшеуірмен тазалады да үйге алып кетті.  
 

Бейбіт Бөжен

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan