Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Лев Толстой. Қазіргі ғылым бұрнағы шіркеудің орнын...

Лев Толстой. Қазіргі ғылым бұрнағы шіркеудің орнын басып отыр

06.01.2026

5635

Лев Толстой. Қазіргі ғылым бұрнағы шіркеудің орнын басып отыр - adebiportal.kz

Қаңтар... Бұл айда Лев Толстой адам болмысы мен рухтың табиғаты туралы көп ойланды. Күнә ұғымының метафизикалық мәніне бойлады. «Адам қайтсе бақытты болады?» деген сұраққа жауап іздеді. Ғалымдарға көңілі неге толмайтынын ашық айтты. Осы һәлде хатқа түскен хакім ойларын ақын Абзал Мақаштың тәржімесінде ұсынамыз. 

***

Адамға еркін болу – бәрінен қымбат. Біреудің емес, өзінің ықтиярымен өмір сүру маңызды. Ол үшін адам жанын ардақтап өмір сүру керек.  Ал оған жету үшін тән қалауларын тежеген дұрыс.

 

***

Өмір – рух пен нәпсінің тоқтаусыз күресі. Нәпсі ажыратады, рух біріктіреді. Бұл күресте рух жеңеді. Бірақ бұл ешқашан соңғы жеңіс емес. Нәпсі қайтадан қарымта соққы жұмсайды, қайыра ажыратады. Бірақ рух оны қайтадан тізе бүктіреді. Әр күрестен кейін нәпсі әлсірей береді, әлсірей береді, ал рух күшейе береді, күшейе береді.

 

***

Ұзақ өмір сүрген әрбір адам әуелі шақалақ сәби болады. Сосын бүлдіршін, сосын ер немесе әйел, сосын кемпір не шал болады. Алайда адам жасына сай қалай өзгерсе де, өзін «мен» деп атайды. Сәби болса да, қарт болса да оның ішінде ешқашан өзгермейтін нәрсе – осы «мен». Дәл осы өзгермейтін «менді» рух деп атаймыз. Су құйылған әр түрлі ыдыстарды шелек, бөшке, тегене деп айта береміз ғой. Бірақ бәрінің ішінде бір-ақ су. Сол секілді адамдарды да тән ерекшелігіне сай ұл бала, қыз бала, шал, кемпір деп бөлгенімізбен, әрқайсының ішінде бәріне ортақ құдайлық рух бар.

***

Адам ой түбіне сүңгігенде ішіндегі кереғар екі дауысты естиді. Бірі айтады: әлемде тек сенің ғана «менің» бар деп. Және сол «менің» үшін өмір сүру керек дейді. Ал екінші дауыс: «сенің «меніңнен» басқа, барлық адамның да өз «мені» бар. Олар үшін де өмір сүре білу керек», деп қосады. Есейе келе бірінші дауыс құмыға береді де, екіншісі қуаттана береді. Бірінші дауыс адамдарды алыстады, екіншісі жақындатады.

***

Адамдар ақиқатта ғана біріге алады. Ол үшін бір-біріне қарама-қарсы жүрудің қажеті жоқ. Керісінше барлығы ақиқатқа қарай жүруі керек. Тек сонда ғана олар бір тұтас болмысқа айналады. Адамдар жарасайын деп жараспайды, жолдары бір болғаннан кейін жарасады. 

Үлкен храм бар деп елестетейік. Оның жарығы жоғарыдан бір нүктеге ғана түседі. Құлшылық қылушылар бастарын қосу үшін, бір-біріне емес, әлгі ортадағы сәулеге ұмтылса жеткілікті. Сонда ғана олар өзара жұмылады. 

­Өмірде де солай. Бәрің ақиқатқа, құдайға қарай бастаңдар, бастарың қосылады.

***

Тән «менінің» бейбаяндығын ұққаннан кейін, адам назарын жан «меніне» көшіреді. Бұл көшіріс өмірлік қуатты кемітпейді, өшірмейді де. Керісінше, оны арттыра түседі, тек дұрыс бағытта. Жанның «мені» өзімен өзектестің барлығымен біргіп кетуге ынталанып тұрады. Руханияттың мәні осында жатыр.

***

Құс табиғатына сай болу үшін ұшуы керек, балық жүзуі керек, ал адам сүюі керек. Сүюдің орнына қатігездік танытса, адам құстың жүзгеніндей, балықтың ұшқанындай қисынсыз ғұмыр кешеді.

***

Адамның өзін ғана сүйіп, оның кеудесіндегі ортақ құдайлық рухты сүймесең, уақыт өте бере сезімің суи береді. Тіпті оны жек көре бастайсың.

***

Соқаны мықтап ұстай алмай, атыздан шығарып алса –диқанның кінәсі. Өмірде де дәл солай. Күнә деген – сол, адам нәпсісін ырқынан шығарып алады да, тура жолдан тайып кетеді. 

***

Тәнжағымпаздығынан жалқаулық, сауыққұмарлық сынды күнәлар туады. Еңбексіз адам өмір сүре алмайды. Әгәраки адам жұмыс істемесе, ол аштықтан және түрлі қажеттіліктен өліп қалар еді. Бұл әмбеге аян. Ал адам жұмыс істемей, садақа сұрамай тірі жүрсе, оның үстіне ақшасын ағыл-тегіл шашып жүретін болса, ондай жан басқалардың маңдай терімен тапқанын қулықпен яки күшпен тартып алып жүр деген сөз.

***

Қара жұмыстан қол үзу ақиқатты танитын ақыл күшінен ажыраусыз болмайды. Әдебиетіміз бен философиямыздың кемшілігі – олардың шамадан тыс кірпияздығы, әйелилігі, меланхоликалығында. Бұлар әдеби топтардың кеселді әдеттерінің бірі. Хош, кітабы онша болмай-ақ қойсын, бірақ оны жазған адамның қарекетшіл болғанын қалайсың, жазғанына қарама-қайшы болғанын емес.

 

***

Мерекеде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ мерекеге сұмдық дайындалып, оған өзі қатыспайтын адамдар болса, ондай салтанат жақсы емес.

 

***

Садақа өз еңбегіңнен берілгенде ғана игілікті іс болады. Мақал бар: «еңбекпен тапқан нан тәтті» деген. «12 апостол ілімінде» де айтылады: «садақа алақаныңның теріңмен бірге шықсын» деген.

***

Буддистер барлық күнә – ақымақтықтан дейді. Өте ғаділ сөз, әсіресе ниеттің түзу болмауы хақында. Балықшы немесе құсбегі оларды ұстай алмағаны үшін балық пен құсқа ренжиді. Ал мен адамға менің қалағанымды емес, өзіне қажетті істегені үшін ренжимін. Екеуі де бірдей ақымақтық емес пе?

***

Сократ хакімнен қайда дүниеге келдің десе, «жерде» деп жауап береді екен.Қай мемлекет тұрғынысың деп сұраса, «әлемдік» деп қысқа қайырады. Асылында, бұл ұлы сөз. Шекараға бола шекісіп жүрген жандар ұқсын, бәріміз құдайдың алдында теңбіз. Мақшар майданында біз адамның емес, құдайдың низамымен жауапқа тартыламыз.

***

Үкілер қараңғыда көріп, күн шыққанда көз алды су қараңғы болады. Ғалымдар да дәл сондай. Олар ешкімге керегі жоқ нәрсенің бәрін біледі. Бірақ өмірдегі ең маңызды нәрсені білмейді һәм біле алмайды. Ол нәрсе – адам өмірін қалай сүру керектігі туралы ілім. 

 

***

Қазіргі ғылым деп жүргеніміз осыдан 200-300 жыл бұрынғы шіркеудің тура сол орнын басып отыр. Бұрынғы пірәдар – бүгінгі профессор, бұрынғы собор – бүгінгі академия, университет. Бәз баяғы сарапсыз соқыр сенім. Қаз-қалпындағы қиямпұрыс қайшылық. Түпсіз түсініксіздік, парықсыз паңдық. Біреуі қасиетті кітапты, шіркеуді терістейді, біреуі ғылыммен келіспейді.

***

Адам бүтін дүниенің бүкіл ғылымын игеріп һәм күллі тілде күмілжімей сөйлей алғанымен, мәңгілік өмірдің хикметінен мақұрым болса, мұнда не мақсұтпен келгенін ұқпаса уә өзінен не талап етілетінін түсінбесе, онда бұл адам құдайға инанған, оның өзінен не қалайтынын білетін сауатсыз кемпірден де төмен тұрады. Олай болатұғын себебі, ол кемпірдің ең маңызды сұраққа жауабы бар: өмір деген не һәм оны қалай сүрмек керек? Гәп осында. Ал түкке де қажетсіз күрделі сұрақтарға қиыннан қиыстырып жауап табатын ғалым шіркіндер әрбір ақыл иесінің ең басты сұрағына жауап іздемейді. Ол сұрақ мынау: өмірге не үшін келдім уә не істеу үшін келдім?

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan