М.Айтхожина поэзиясындағы ұлттық сана және туған жер концептісі

М.Айтхожина шығармашылығын ұлттық сана мен тарихи жады тұрғысынан қарастыру ақынның көркемдік әлеміндегі туған жер ұғымының айрықша мәнін тануға мүмкіндік береді. Ақын поэзиясында «туған жер», «Отан», «ел», «атамекен», «топырақ» ұғымдары бір-бірінен оқшау тұрған лексикалық бірліктер емес, лирикалық кейіпкердің рухани болмысын қалыптастыратын өзара сабақтас концептілер жүйесін құрайды. Сондықтан М.Айтхожина жырларындағы туған жер тақырыбын тек патриоттық мазмұн аясында түсіндіру жеткіліксіз. Ақын поэзиясында туған жер – адамның өзін-өзі тануының, тарихи жадын сақтауының әрі ұлттық болмысын айқындауының рухани кеңістігі.

150

М.Айтхожина поэзиясындағы ұлттық сана және туған жер концептісі - adebiportal.kz

Ақынның туған жер туралы жырларында жеке адамның сезімі мен халықтық сана бір-бірімен астасып жатады. Бұл ерекшелік оның лирикалық субъектісінің табиғатынан да анық көрінеді. Ақынның «О туған ел, Мен өзіңсіз қанатсыз, тұғырсызбын, Сен болмасаң сөнемін – ғұмырсызбын» деген жолдарында туған ел ұғымы жай ғана мекен атауы ретінде емес, лирикалық «меннің» өмір сүруінің негізгі шарты ретінде көрінеді.

Мұндағы «қанат», «тұғыр», «ғұмыр» сөздері кездейсоқ алынбаған. Қанат – еркіндік пен қозғалыстың, тұғыр – тұрақтылық пен негіздің, ал ғұмыр – тіршіліктің символдық мәнін жинақтайды. Демек туған елден ажырау ақын санасында адамның рухани тірегінен айырылуымен теңестіріледі. Осы тұрғыдан келгенде, «туған жер» концептісі географиялық кеңістіктен антропологиялық және рухани кеңістікке көтеріледі.

Өлеңнің келесі жолдарындағы:

Маған – сенің сезімің қуат, серік,
Саған – менің сезімім шуақ беріп –
Демімізден мөп-мөлдір нұрды жұтып,
Тірліктегі азап пен мұңды ұмытып.
Қос махаббат алауы жер үстінде
Бұрқасынды өмірді тұр жылытып... – 

деген тұжырымдар туған жер мен ақын арасындағы байланысты екіжақты рухани қарым-қатынас ретінде көрсетеді. Бұл жерде ақын туған жерді сүйетін тұлға қана емес, туған жеріне өз сезімімен «шуақ беретін» жан  ретінде көрінеді. Яғни ұлттық сана дайын күйдегі ұғым ретінде емес, адамның туған кеңістігімен рухани қарым-қатынасы арқылы қалыптасатын құбылыс ретінде танылады.

Осы ерекшелік М.Айтхожина поэзиясындағы туған жер концептісінің қазіргі әдебиеттанулық тұрғыдан маңызды бір қырын ашады, яғни туған жер – лирикалық субъектінің идентификация кеңістігі. Ақынның «Мен» ұғымы елден, жерден, халықтан бөлек өмір сүрмейді. Оның жеке сезімі қоғамдық және ұлттық мағынаға ұласып отырады. Сондықтан Айтхожина поэзиясындағы отаншылдық пафос ұрандық сипаттан гөрі адамның ішкі сезімінен туындайды.

Бұл ерекшелік ақын тағдырымен де сабақтас. М.Айтхожинаның поэзиясында туған жерге деген сағыныш пен тарихи жадының қатар өрілуі оның шығармашылық тұлғасын түсіндіруде маңызды. Ақынның «Алғысым» өлеңіндегі:

Жабырқадым,
Жасымадым, кектендім,
Жөн тапқанша,
Жол азабын көп көрдім...
Асау өзен кең өткелі сияқты,
Бала күннен өмір көшін өткердім, – 

деген жолдар жеке адамның өмір жолын ғана емес, туған жерден жырақта жүрген адамның тарихи-рухани тәжірибесін де аңғартады. Өлеңнің:

«Құлай кетті шекарадан өткенде, Әкем менің туған жерін құшақтап», – деген жолы бұл тұрғыдан ерекше мәнге ие. Мұнда туған жер ұғымы жеке адамның сағыныш объектісі болумен бірге әкелік жады мен ұрпақтар сабақтастығы байқалады. «Шекара» ұғымы да осы тұста тек географиялық межені білдірмейді. Ол тарихи тағдырдың, бөлінудің, туған кеңістіктен ажыраудың символдық шегіне айналады. Ал әкенің туған жерді құшақтауы – жоғалған мекенмен қайта табысудың, тарихи жадының үзілмегенінің көркем белгісі.

Осыдан келіп, М.Айтхожина поэзиясындағы ұлттық сана мәселесін жеке жадыдан ұлттық, ұжымдық жадыға өтетін көркем процесс ретінде бағалауға болады. Ақынның жеке тағдырындағы сағыныш, елге оралу, туған жермен қайта қауышу мотивтері біртіндеп халықтық жадының мазмұнымен тоғысады. «Отан – ана, алғысымды қабыл ал. Бақыт бердің,  Сөнбес шабыт, От бердің!» деген жолдардағы Отанның «ана» ретінде бейнеленуі де осы рухани тұтастықты күшейтеді.

М.Айтхожинадағы туған жер концептісінің тағы бір маңызды белгісі – оның табиғат образдарымен сабақтастығы. Ақын үшін жер – адам мекендейтін физикалық кеңістік қана емес, адам рухымен тілдесетін тірі әлем. Осы себепті тау, дала, өзен, қарағай, қыран, аққу, қызғалдақ тәрізді табиғат образдары ақынның поэтикалық жүйесінде ұлттық-мәдени мағынаға ие болады.

Мәселен «Қына басқан қарағай» өлеңіндегі қарағай бейнесі адам тағдырының символына айналған. Ақын:

Салмағын салса да оған мынау аспан,
Күлместен,
Күңіренбестен,
Жыламастан,
Беткейде жатыр сұлап бір қарағай
Өн бойын жасыл түкті қына басқан, – деп суреттейді.

Мұндағы қарағайды табиғат нысаны ретінде ғана қабылдау өлеңнің философиялық тереңдігін толық ашпайды. Ақын қарағайдың төзімділігін, тамырлылығын, дауылға қарсы тұра алатын табиғатын адам тағдырына параллель қолданады. Сондықтан қарағай образы ұлттық сана тұрғысынан тамыр, тұрақтылық, төзім және тарихи сабақтастық ұғымдарымен үндеседі. Өлеңнің:

Беу, ғажап қарағайлар,
Жетік өскен!
Бәрінің ортасында бұл алыпты
Қалайша
Шіркін өмір жетім еткен, –

деген қорытынды жолдарында табиғат бейнесі адам тағдырының әлеуметтік-философиялық символына дейін көтеріледі.

Ақынның «Қыран жеткен» өлеңіндегі қыран образы да осы символдық жүйенің жалғасы. «Туған жер мәпелеген түлек үшін, Ақын да ағыл-тегіл құяр жырын» деген жолдарда туған жер мен шығармашылықтың өзара байланысы анық көрінеді. Қыран – биіктік пен еркіндіктің дәстүрлі ұлттық символы. Бірақ М.Айтхожина бұл образды дайын қалыпта пайдаланбай, оны ақынның шығармашылық биігімен байланыстырады. Осылайша ұлттық-мәдени символ жеке шығармашылық мақсатпен тоғысады.

Бұл ерекшелік ақынның табиғат лирикасын да жаңаша түсінуге мүмкіндік береді. М.Айтхожина табиғатты сыртқы әлемнің көрінісі ретінде ғана суреттемей, табиғат арқылы адамның ішкі күйін, тарихи тағдырын, рухани болмысын ашады. Сондықтан оның табиғат лирикасында пейзаж бен философиялық ой қатар жүреді. Зерттеулерде де ақынның табиғатты күнкөріс кеңістігі емес, рухани туыстық нысаны ретінде қабылдайтыны атап көрсетілген.

Туған жердің нақты географиялық кеңістік ретінде көрінуі де ақын поэзиясының ұлттық сипатын күшейтеді. Ақынның туған өлке туралы жырларында жер атаулары, табиғат көріністері мен елдік сезім бір-бірінен ажырамайды. Бұл тұрғыда «ауыл», «өлке», «топырақ», «тау», «дала» секілді ұғымдар жеке пейзаждық деталь емес, ұлттық кеңістіктің көркем модельдерін қалыптастырады. Қазіргі зерттеулерде де М.Айтхожина поэзиясындағы туған жердің жай географиялық кеңістік емес, рухани тамыр мен ұлттық жадының негізі ретінде қабылданатыны көрсетіліп жүр.

Осы тұрғыдан ақынның туған жер туралы жырларында «жер – жады – адам – ұлт» деген семантикалық байланыс қалыптасады. Жер адамға өзінің өткенін еске түсіріп, өткен адамның тарихи жадын қалыптастырады әрі тарихи жады ұлттық сананың құрамына енеді. Демек туған жер концептісі М.Айтхожина поэзиясында кеңістіктік ұғымнан тарихи-мәдени концептіге айналады.

Бұл ерекшелік ақынның «Туған елім» тәрізді өлеңдерінде де айқын көрінеді. «Туған елім, күн сүйген — Қазақстан, Түлегіңмін төріңді қалап ұшқан» деген жолдардағы «түлегіңмін» сөзі лирикалық кейіпкер мен ел арасындағы туыстық байланысты білдіреді. Ал «Отаным, бір өзіңді жырлап өтем» деген жол ақындық шығармашылықтың өзін Отанға деген азаматтық жауапкершілікпен байланыстырады.

Сондықтан М.Айтхожина поэзиясындағы ұлттық сана тікелей декларация арқылы емес, сағыныш, махаббат, тарихи жады, туған жер табиғаты және жеке тағдыр арқылы көркемделеді. Бұл – ақын поэзиясының басты ерекшеліктерінің бірі. Ақын шығармаларында ұлттық болмыс сыртқы этнографиялық белгілердің жиынтығы ретінде емес, адамның ішкі рухани әлемінен көрінетін құндылық ретінде танылады.

М.Айтхожинаның туған жер тақырыбындағы өлеңдерін қазіргі әдебиеттану тұрғысынан қайта қарағанда, оның поэзиясының құндылығы дәл осы тұтастықтан байқалады. Ақынның «мені» мен халықтың «мені» бір-біріне қарсы қойылмай, керісінше жеке адамның сезімі арқылы ұлттық сана тереңдей түседі. Осы себепті ақынның туған жер туралы жырлары белгілі бір тарихи кезеңнің патриоттық поэзиясы шеңберінде ғана қалмай, уақыт өткен сайын мәнін сақтайтын рухани мәтіндер қатарына жатады.

Демек М.Айтхожина шығармашылығындағы «туған жер» концептісі – ұлттық идентификацияның, тарихи жадының әрі адамдық болмыстың көркемдік тоғысқан нүктесі. Ақын туған жерді сүюді құр ұран деңгейіне көтермейді. Оны адамның тамырымен, әулеттік жадымен, табиғатпен, ел тарихымен және шығармашылық миссиясымен байланыстырады. Сондықтан ақын поэзиясындағы туған жер бейнесі – әрі кеңістік, әрі жады, әрі рухани мекен әрі ұлттық болмысты сақтайтын көркем код.

 

Ләйлә Демесінова, PhD

«Абай академиясы», ЕҰУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan