Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Максималар мен қоғамдық ойлар......

Максималар мен қоғамдық ойлар...

03.10.2025

1235

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

 

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы, жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді. Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның осы бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

 

***

«Біреулер аяқ астынан патриотизм туралы айта қалыпты... Шамасы,  тағы да бірдеңені былықтырып ұрлағалы жатқан болуы керек», – деп жазыпты Салтыков-Щедрин... Неге екенін білмеймін, әйтеуір әр жолдау, әр жиналыс сайын осы сөз қаперіме оралады да тұрады.

 

***

Сталиндік қорлық пен мазақтың  сан  қыспағына ұшыраған көрнекті ақын Марина Цветаева: «Ауырсыну оқиға болудан қалды, ол  енді хәлге айналды», – деп жазыпты бір хатында. Осы ұлы запыранның өңін өзіме қатысты сәл өзгертіп айтар болсам, «Отарлық оқиға болудан қалды. Құлдық мен үшін енді мәдениетке айналды» деп мойындаған болар едім.

 

***

Шын еркіндікті жасампаз жандар ғана жарата алады. 

«Айтқанға көнбеген, айдауға жүрмеген», абзалы, тыйым салынған жердің бәрінде ар мен ұжданның ащы дауысы бар. 

Әйгілі түрік ақыны Жемаль Сүреяның «Өлең  заңнан тыс, заңға қайшы жерден басталады...» деп отырғаны да сол.

 

***

«Байтал шауып бәйге алмас». 

Шамасы, бұл бұрнағы қазақтың жылқы туралы пайымы емес пе? Енді сол жылқының  адаммен, оның ішінде әйелмен нендей логикалық байланысы бар екенін түсінсем еш бұйырмасын... 

 

***

Дін атаулының астарындағы алдау мен арбауды әшкерелеген  жалғыз-ақ ауыз құдіретті сөз.

«...Молдалар о дүниені көп мақтайды

Жақсы болса өздері бармай ма екен?!» (Тоғжанның әйгілі «Гөй-гөйі» әнінен.)

 

***

 

Қайта-қайта қателесе беруге бола ма осы?

Философияда қателіктің де өз лимиті бар. Мен мұны біздегі саяси сайлау мәселесіне қатысты қолданып отырмын. Әділетсіз сайлау жеке тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін бұзып, мемлекеттің барынша ілгері дамуын тежейді. Бұл өз кезегінде халықтың үміті мен  логикасын толығымен «Мерфи заңына» айналдырып үлгерді.

 

***

 

«Өлген адам әруақтан гөрі естелікке айналады» дегеніміз әлдеқайда әділетті секілді…

 

***

 

Музыка  дыбыстан гөрі жарықтың табиғатына көбірек ұқсайды. Бәрімізге мәлім, жарық – жылудың негізгі көзі. Әрине, әнші ән салғанда әр нотаның өз  өлшемінде тұрғаны дұрыс. Солай десек те әнші вокалдық дауыстан гөрі сол үннен тарайтын жарық пен жылу жайында көбірек ойланғаны жөн бе деймін. 

Сонда ғана ән атаулы анаңның әлпетінен тараған сәуле, алақанынан тараған  жылудай  зор мағынаға ұласады. 

Міне, ұлы өнерпаз деп осындай жандарды ғана айтуға болады. Тағы да қайталап айтуға бейілмін. Әнші – ең әуелі, ән айтушы емес, тыңдарман жүрегіне шұғыла таратушы. 

Ән – жан шұғыласының дірілі. Тоңған жүрек, шерлі кеудеге жетпейтіні де осы бір шөкім жылу емес пе?

 

***

 

Дін мен діл тақырыбы – халыққа тұрмыс таршылықтарын ұмыттыру  үшін тасталатын биліктің кезекті қулығы.

 

***

 

Шекспир айтпақшы, әр затты өз атымен атаған дұрыс. Осы жағынан келсек, кешегі «Зар заман» әдебиеті дегенді қайраткерлігі кем «Күйреуік әдебиет» деп атаған әлдеқайда әділетті деп есептеймін. Бұл музыка ұғымында «минорлы (қайғылы) сарын» деп аталады.

Зарды білмедім, тап осыған «заман» ұғымын телуге тіпті де қарсымын. 

Шын мәнінде, «заман» – адам әрекетсіздігі мен нәтижесінің көрсеткіші. Абайдың «Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» анықтамасы да осы.

Бұл жерде сонда жеке тұлғаның жауапкершілігі мен азаматтық дауысы қайда? 

Байқасам, бәрінде заман ұғымына аудара салып құр қарап отырудың   шарасыздығы байқалады. 

Жақсы, тарихты күстаналауға болмайды. Бұл кешегі кеп, сондықтан кемшіліктің көбі кешірімді дейік...

Бірақ, қазір де дәл осылай ғой. Ел ісіне келгенде көбіміздің енжар тартып,  жеке жауапкершілікті мойынымызға алғымыз келмейтіні де өтірік емес қой.

«Мен тіршілігі өз туындыларымен еш сәйкес келмейтін, үндес шықпайтын жандарды иттің етінен жек көремін» депті неміс композиторы Роберт Шуман. Қалай десек те қайраткерлігі кем адамды тұлға деуге әсте болмайды.

Орыс отарлығына қатысты кешегі Мұрат Мөңкеұлының бір шумақ өлеңіне қатысты философ Қанағат Жүкешев: «Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны. Еділді келіп алғаны – етектен келіп шалғаны...». 

Бос сөз! Нәтижесіз констатация! 

«Неге алдырасың?», «неге шалдырасың?» деген сұрақ қойылмаған. 

Алдырмау үшін, шалдырмау үшін бірлескен әрекет қайда?», – деп ашына жазыпты. Айтқанының бәрі рас қой.

Рас, қайраткерлігі кем,  рухы төмен әдебиеттің ұлт үшін қажеті шамалы. 

Мен қашанда қаламгер ұғымының қайраткер сөзімен қатар тұрғанын қалаймын.

Осы жағыннан келсек, қазіргі азат елдің ұрпағына қайта-қайта отар болғанымызды айтып, олардың сүйегін жасытудың мерзімі әлдеқашан өтті деп есептеймін.

 

***

 

Өлім... Өліп көрмесем де мен мұны жан жүрегіммен жақсы түсінемін. Дүниеде әйел задынан да артық хас сұлулықты  «әдемі өлу» деп топшыладым.

 

***

 

Өнердегі академиялық (дұрысы, вокалдық) білім шын өнерпаздың өз даралығын төл натурализмінен күн санап алыстатып бара  жатыр. 

Соның салдарынан ән мен әнші арасындағы синергетикалық байланыс  барынша әлсіреп, вокалдың негізгі пәрмені басты орынға шықты. 

Кешірерсіз, көмейінен шыққан үндері бір-бірінен  аумаған опера әншілерін айтпағанда, дәл қазіргі дәстүрлі әнде жүрген көкөрім жастар дауысынан кімнің кім екендігін ажыратудан қалдық. 

Кино мен театрда да дәл осы кеп. Академия неге адамның табиғи болмысын  стандарттап шаблонға салуға құмар? 

Жарықтық Болат Атабаевтың «Маған актер  керек емес, адам керек» деп күйіп-пісетін жанайқайының артында адам табиғатын өзінен алыстатқан осындай дүниелерге қапаланған  ұлы уайым жатыр  екен ғой.

Сонымен, дербес тұлғаның төл табиғаты дегеніміз не? 

АДАМНЫҢ САУСАҚ ҰШЫНДАҒЫ БЕДЕРІНІҢ ІЗІ БІРІНЕН-БІРІ ҚАНШАЛЫҚТЫ БӨЛЕК БОЛСА, АДАМ ҮНІ ДЕ ДӘЛ СОНДАЙ БӨЛЕК ФЕНОМЕН. 

Кез келген дауыстың ешқандай да екінші аналогиясы жоқ. Бұл дегеніңіз енді ұлы мұғжиза ғой. 

Ендеше, бірінің-бірі ауызына түкіргендей біркелкі дауыстар мен мимикалар,  ескірген постановкалар ережесі неліктен еш өзгеріссіз қалды? 

Бұл деградация бізді қайда апара жатыр? Бұл жайында аз да болса бас ауыртып көрдік пе өзі?

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan