Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Максималар мен қоғамдық ойлар......

Максималар мен қоғамдық ойлар...

12.01.2026

5218

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы, жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді. Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның осы бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

 

***

Біздің осы бостандық деп жүргеніміз бір жапырақ нан емес пе екен?

 

***

Мемлекетшілдік сана ең әуелі өнерде болмаса, ендеше, сол халықтың өмірінде де бұл нәрселердің болуы тіпті де мүмкін емес. 

 

 

***

«Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды». Сонда ата-бабаларымыздың арасынан «Қазан үлкен болса ше?» деп сұрақ қоятын бір естияр жан табылмаған ба?

 

***

 

«Адамзаттың тарихы – тұлғаның тарихы» дегенді жиі айтамыз. Таласбек Әсемқұлов «Бір күйдің жоғалуы тұтас бір өркениеттің жойылуымен тең» деген мағынада ой айтады. 

Әрине, мұны әсіре сөз деп айтпас едім.

Маған керісінше талантты жанның тағдыры, оның еленбеуі мен бағаланбауы трагедияға пар секілді сезіледі де тұрады. Қысқасы, қасақана жасалған я қағаберісте қалған әлгі тұлғамен бірге сол халықтың құнды қазынасы да қоса жоғалады деген пікірдемін. Неге? 

Неге десеңіз, тұлға атаулы кез келген халықтың кісі кейпіндегі асыл қазынасы ғой. Тұлға танымының тапталып я еленбеген ахуалын мына мысалмен ғана айшықтауға болады. 

Алпамысы жоқ елді Ұлтанқұлдың, жарық жоқ жерді қараңғылықтың шеңгелдеп тұмшалайтыны секілді…

Көңіл көңілден су ішеді, суат алады десек, тұлғаның когнитивтік мазмұны мен таратар сәулесі күн нұрына сай. Ол, ең әуелі, көкөрім ұрпаққа қажет. 

Ілгеріде Абай болмаса – Әлихан, ал Әуезов болмаса Әбіштің де болуы екіталай деген лепес айтқан едік.

Бұл жағынан келсек, Айгүл Болатханқызының фейсбук парақшасына жазған «Маған кейде Асқар Сүлейменов тірі болғанда Әмірхан Балқыбек те өлмес еді» деген пікірімен толықтай келісер едім. Бұл бір тұлға өзіндей екінші тұлғаны терең түсінуі арқылы өміріне араша бола алады дегенді астыртын меңзесе керек.

Кинорежиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» көркем фильмінде мына бір сөз бас кейіпкер ауызымен бірнеше мәрте айтылады.

«Бұлар бәрін кешіреді. Тек тірі жүргенімді ғана кешірмейді» дейді. 

Бұл қандай қысастық пен қылмыс? Ақылдысын өлтіру арқылы өш алатын, баяғы сол аристофобия ауруы ма?

 

 

***

 

Ғалым Доскеннің ғұмыры қынап ішінде қалған қылышты елестетеді...

 

***

 

Сопылықта «Ара», «Алқа» іспетті зікірлер болады дейді. Сол зікірді салуға еш талаптанып көргенім жоқ. Мен үшін әннен артық зікір болған емес. 

Асқар Сүлейменов өзінің «Адасқақ» повесінде: «Ән –зар һәм мінәжат. Ол әуелі жүректі бауыздайды…», – дейді. 

Кемеңгер сөз. Қан жүрегіңді қозғау арқылы әр әуенге мағына дарытып, мантра деңгейіне дейін жеткізуді  ұлы мінәжат демей көріңізші енді.

 

***

 

Француз жазушысы Эмиль Золя 1898 жылы «Аврора» газетіне «Мен айыптаймын!» атты әйгілі мақаласын жариялады. Әрине, әділетсіз іс әр ғасырда бола береді ғой. Бірақ қаламгерлік қарсылық ше? 

Осыны ойлағанда қаңтар оқиғасы бірден есіме оралады. Офицер Альфред Дрейфурсты жанұшыра қорғап, кінәсіз деп есептеген Эмиль Золя құсап неге біз жазықсыз жандарды қорғай алмадық? Бойымыздан қайраткерлік мазмұн, бірбеткей мінез табылмаған соң осы оқиғаның ең басты Эстерхазиі де еш жауапқа тартылмастан құлантаза құтылып кетті.

 

 

***

 

Ұлттың мақтаныш сезімі Шыңғысхан мен Алтынорда тақырыбымен емес, тап қазіргі әділет пен шындық тезінде ғана анықталуға тиіс...

 

***

 

Қазақ – қияметтің қылкөпірінен әлдеқашан өткен халық. Кешегі қызыл қырғын мен аштық жеті жаһанам отына пар. Енді сол халықты қайыра қиямет сотына тартып, тозаққа тастап Құдай-Тағала не абырой таппақ екен.

 

 

***

 

Әдебиетті айтпағанда, ақиқаттың өзі үнемі жетіліп, өзгеріп отырады.

 

***

 

Бір кітап немесе бір елдің ғана мәдени аумағы кез келген  халықты  әсіре фанатизмге ұрындырады. Толеранттылық пен либерализ, түрлі мәдениет, қилы көзқарастар негізінде ғана қалыптасады десек, өзіңіз өлердей сенген әділет пен дәстүр ұғымдарына да аса кірпияздықпен бейтарап қарауға тура келеді.

 

***

 

Бойымызда бір түйір мемлекетшілдік мазмұн, этикалық норма, критикалық ойлау қабілеті болмаған жағдайда, билік  таза әлеуметтік мәселелерден туындайтын жайларды айтпағанда, жан түршігерлік қанды оқиғалардың өзін қалыпты жағдай деп түсіндіретін болады…

 

***

 

Екі дүниеге ес-ақылым шығып ерекше күлемін. Біріншісі – анекдот. Әрине, өте қызықты болса... Ал екіншісіне келсек, пәленше түгенше деген марапаттардың иесі деп әлгі адамның шені мен шекпенін түгендеп жатқанда неге екенін білмеймін, көкірегімді жыбырлатып бір жаман күлкі қысады…

 

***

 

Атақ пен марапат дедік. Мұны сөз еткенде әйгілі режиссер Болат Атабаевтың «Меніңше, атақ бір жерде кемістігі бар, өзін кем тұтатын, енді сол олқылықтарын өзге дүниелермен толтырғысы келетіндерге ауадай қажет», – деген пікірімен бір сөзге келместен риясыз келісуге болады.

 

***

 

Раболептік сананың шарықтау шегіне жеттік. Гамлет не айтса болды, соны айнытпай қайталайтын бейне бір Полоний болдық.

 

***

 

Шіліңгір шілде туғанда құйрығын тік шаншып оқыралаған сиырды сан мәрте көрген боларсыз. 

«ӨЛІ РАЗЫ БОЛМАЙ, ТІРІ БАЙЫМАЙДЫ...».

Қазақтың ас пен тойын қоздыратын оқыра іспетті қызыл құрттың бірі де тап – осы сөз.

 

***

 

Уақытты жазу туғызады...

 

***

 

Маған Тұрсын Жұртбай десе болғаны, жыныс орман ішінде қамалып, тарам-тарам мүйізін қарағайдың қарсы бұтағы қағып, ен далада басын еркін жіберіп зымырай алмаған алып бұғы елестейді. 

Әулие Мәшһүр-Жүсіп «Япыр-ай, Шоң мен Торайғырдың ұшып кетпей жүргеніне қайранмын...» дегені секілді мұншама «мүйізден қаққан» қысастық, толайым білім, ащы кермектен «ұшып кетпей жүрген» әзиз басыңа өзім де қайранмын. 

О, Құдая тәуба, мұндай жанкешті тұлғаны бергеніңе, көзіме көрсеткеніңе медет. Абай өзінің он жетінші қарасөзінде ақыл, қайрат әм жүрек үшеуін өзара айтыстыра келе «...ОСЫ ҮШЕУІҢ БІР КІСІДЕ МЕНІҢ АЙТҚАНЫМДАЙ ТАБЫЛСАҢДАР, ТАБАНЫНЫҢ ТОПЫРАҒЫ КӨЗГЕ СҮРТЕРЛІК ҚАСИЕТТІ АДАМ – СОЛ» деп жазатын еді ғой жарықтық. 

Басқан ізіңнен садаға кетейін-ай. Ант етуге бармын. Абайдың айтып отырған «...сол»  адамы дәу де болса өзіңнен еш артық емес болар... 

Алаштың жақсысы неге өткен өмір, өлілер тізімінде ғана болуы керек. 

Қайталап айтуға бейілмін. Мұндай жанкешті тұлғаны бергеніңе, көзіме көрсеткеніңе шүкір...

 

***

 

Қазақстанда қатаң тыйым салатын  немесе ұзақ жылға мораторий жариялайтын ең қатерлі істің бірі марапат мәселесі деп есептеймін.

 

***

 

Рим императоры Калигулла: «Әйелдерімнің мені сүюі шарт емес, ең бастысы, олар мені елестеткенде  ерекше қорықса болғаны» депті.

Міне, авторитарлық биліктің ең басты табиғаты мен анықтамасы осы…

 

 

***

 

Қоғамдағы кез келген орын алған құбылыстың мәнін әлеуметтану ғылымы арқылы түсінуге болады. Жалпы тарихтың тек өзін ғана жекелей қарастырмай, оған  болмыстық  мәселе деп қарап, енді сол болмыстың өзін ғылыми жолмен зерделеуге тура келеді. 

Бір нәрсеге қатты қайранмын. 

Ұлт, оның ішінде адам ағзасы алған ілгері-кейінді тарихи жарақаттар мен психологиялық сұрақтарды біз дін контексінде я болмаса арғы ата-бабалар жолының негізінде қарастырып, оларды оп-оңай жолмен шешкіміз келеді. 

Әрине, бұл түбегейлі қате пайым. Қайталап айтамыз, мұндай күрделі сұрақтардың жауабы тек ғылыми теориялық негізде ғана шешіледі.

Шешпеген жағдайда ол вакуумның орнын дін мен дұға, аруақ пен кие секілді тылсымдық мәселелер шеңгелдейді.

Өз кезегінде мұндай жайлар молдалар мен псевдоғалымдарды мүгедек қоғамның нағыз лидерлеріне айналдырып тынады.

 

 

***

 

Ғылымға байланбаған, уақытқа бейімделмеген әдебиеттің адам жанына түсірер жарығы болмайды. Мұны айрықша айтып отырғаным, орта жас, оның ішінде қырық жастың дағдарысы туралы психология ғылымында арнайы айтылады. Бұл білген адамға, шынымен-ақ, үлкен дағдарыс. Ең талантты қаламгерлердің өз-өзіне қол қатуы да өзге жаспен салыстырғанда осы кезеңдерде көп ұшырасады. Қырық – өмірдің бір биігі. Рас, сол биікке шыққанда өзіңнің де, өмірдің  де көп кемшілігін көресің. Қысқасы, қоғамдық өмір өзің ойлағандай болмай шығады. Ішіңде туған сан арпалысты айтпағанда, кеше ғана бір мұрат жолында серт байласқан достарыңның азаматтық ұстанымдары күрт өзгергенде кәдімгідей күйреп қаласың. Сөйтіп, көңіліңде бір алапат құлазу басталады. Өзім де қырықтың қырқасына шыққанда осы дағдарыстың шырмауына түстім. Күйзелістің себебін зерделеп, аталған ахуалдан шығудың жолын қарастырдым. Сөйтіп,  Карл Юнг пен Эрик Эриксонның ғылыми еңбектерінен бірқатар жауап тапқандай болдым. 

Енді бұл жасты менің ата-бабаларым қалай қабылдап, қайтіп еңсерген екен деп баяғы жыр, дастанға қараймын ғой. Қарасам былай деп жауап қатқан екен. 

«Он жаста жарға ойнаған лақтайсың,
Жиырмаңда жас әйелге бұлғақтайсың.
Отызда ақыл толып, кісі болып,
Төскейден құлап аққан бұлақтайсың.
Қырықта қия шапқан қылыштайсың,
Елуде ерлер мінген пырақтайсың...» (Шал ақын)

Ал Бұқар бабам бұл жасты былайша пайымдаған екен.

Жиырма деген жасыңыз
Ағып жатқан бұлақтай,
Отыз деген жасыңыз
Жарға ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз
Ерттеп қойған құр аттай... 

2004-2006 жылдар аралығындағы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының негізінде «Бабалар сөзі» жүзтомдығына енген қазақтың қара өлеңдеріндегі «ғұмыр туралы, мүшел жас» тақырыптарын  түгелдей дерлік сүзіп шықтым. Бәрі де айналып келіп жоғарыдағы қос өлеңнің мазмұнына саяды.  

Ең қызығы, орта жастың психологиялық күйзелісі, одан арылудың айла-шарғысы, қысқасы, қырықтың қуаты жайлы сөз болғанымен жанның ішкі арпалысын зерделеген бірде бір деректі ұшырата алмадым. Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар. Жоғарыдағы қос өлең  де кешегі көшпелі өмірдің көне сөзі. Қош, сонымен заман өзгерді. Иә, заманмен бірге адам ахуалы да көп өзгеріске түсті. 

Мен өзіме ғана мәлім қырық жастағы психологиялық бұл арпалысымды «қия шапқан қылышпен де», «ерттеп қойған құр атпен де» түсіндіре аламас едім. Әрине, бұл дене қуатым қайтты дегенді білдірмейді. Біз осы (орта) жастың дағдарысы туралы ғана сөз шығындап отырмыз.

Шындап келгенде қазіргі адамның ішкі күйзелісіне ілкідегі «қылыш» пен «құр аттың» жауап бола алмайтынын ғана аңдатып отырмыз. 

Ақыры айтқан екенбіз, мұны да енді ақ қағаз бетіне дестелей кетсем деймін. Бүгінгі «жігіттің жеті қазынасына» да дәл осындай өзгеріс қажет деген пікірдемін. 

Ілкі қазақтың «қыран бүркіт» пен «құмай тазының» санатына адамды, анығырақ  айтсақ, «әйелді» қосқан көзқарасын тіпті де түсіне алмаймын. 

Ал мұны бүгінгі мектеп оқулығына енгізіп, оны оқушыларға жаппай жаттатудың қажеті бар ма?

Қысқасы, ғылымға негізделмеген, адам психологиясына үңілмеген, жаңа уақытқа бейімделмеген әдебиеттің келешегі жоқ деп отырғанымыздың да себебі осы-тұғын. Өтіңіз жарылса да айтайын... 

Өкінішке қарай, біздің мәдени мазмұн (оның ішінде әдебиет) өркениеттік мұратқа емес, ата-бабалар авторитетінің моделіне құрылған. 

Енді сол ата-бабаларымыздың аруағын аспандатып, (анығырақ айтсақ) ішін кептіріп мақтасаң, ең ізетті жан, ал кез келген көзқарасына сау ақылмен сындарлы қарай бастасаң болғаны, адасқан, я қағынан жерінген бейбақтың біріне айналасың. Бұл не болды сонда? 

Бұл – қазақ мәдениетінің (ғылымдағы) дискурс пен полемика ұғымдарынан  тым шалғай  жатқанынан  өзге ештеңе де  емес...

 

(жалғасы бар…)

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan