Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Максималар мен қоғамдық ойлар......

Максималар мен қоғамдық ойлар...

29.01.2026

5882

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы, жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді. Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның осы бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

***

 

Марқұм, Болат Атабаевтың басына бардым. Көкірегіме көтеріліп бір өксік келді. Жазайын...

Тізгін, шылбыр көрмеген асау басың

Тізе жетпес төмпешік болғаны ма!?

***

 

Төртбұрышты тәртіп – тек коммунистердің  ұраны.

Өнер, бар болғаны, провакация мен мінез ғана. Кез келген шығармашылық адамының бойында бұл екеуі пар болмаған соң бәрі де бекер…

 

***

 

2011 жылы Жапонияда жойқын  жер сілкінісі болғанда қалған ел «енді қайтпек екен» деп бір дүрліккен болатын. Базбір білгіштер бұл апат енді Жапон экономикасын елу жылға дейін тұралатып кетуі мүмкін деп жарыса жазып жатты. Күн шығыс халқының самурайлық санасы мен камикадзилік ерлігін бағамдай білмеген жүйесіз сөздерге ішімізден бір мырс етіп күлдік те қойдық. Сол Жапонияңыз бүгіндері түк те болмағандай, алапаты артып күннен күнге қарыштап барады. Ақшулан аралдың ортасында орналасқан мемлекетке бұдан кейін де нендей тыныштық болсын деп мүсіркейтіндерге мынаны қатаң ескерткіміз келеді: біз сейсмологиялық тұрғыдан балдық қуаты одан пәленбай есе пәрменді жағдайдың үстінде отырмыз. 

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ қасында жер сілкінісі, СУАЙТТЫҚТЫҢ қасында цунами дегеніңіз апат па, тәйірі. Әсіресе, құлдықтың қасында...

 

***

 

Қашаннан бері қараңғыға бөккен заманның түнегін сейілтіп, жарығын жаққандар еркін ойлы, жасампаз жандар ғана. Адамзат жылнамасы қалай десекте мораль соғатын молдаларға емес, осыбір игі жандарға қарыздар. Осыны ойлағанда мынабір мысал еске түседі. 

Табиғат зерттеушісі, әйгілі ғалымы Эрнст Геккель бір отырыста дін қызметкерлерімен қатар отырып қалады ғой. Дін қызметкері қалтасынан темекісін  шығарып, оған Геккель сіріңке шырпысын тұтатып енді ұсына бергенде жалп етіп сөніп қалады.

Қараңыз, ғылым шырағы сөнді, – дейді дін қызметкері миығынан күліп.

Сонда Геккель «Оған таңданатын дәнеңе жоқ. Шіркеу билігі (қолыңда) тұрғанда бұл шырақ әлі мың, миллион  мәрте сөнеді» деп жауап қатқан екен әйгілі ғалым…

 

***

 

Билікке құлдық пен құлшылықтан ада таза еркіндік мәселесімен қарайтын болсақ, билік ешқандай да адамға берілген зор артықшылық емес, бар болғаны жауапкершілік пен сенім мәселесі ғана болып шығады.

 

***

 

Кез келген ұлт, өнер, салт-сана... тек өзгеріске түсу арқылы ғана сақталады. Бұл философияны айтпағанда өмірдің заңы. 

Өзгеріске түсу бұдан кейін де өмір сүруіміздің кепілдігі десек, адамзат игілігі  үшін табылған түрлі саяси модельдер де жаңаруға түспесе түбі бір тоқырауға ұшырайды. Осы жағынан келсек, демократияның өзін абсолютті, және мінсіз саяси жүйе деп қабылдауға әсте болмайды. 

Уинстон Черчилльдің «Демократияны керемет дей алмаймын, бірақ адамзат онан асқан ештеңені  әзірге ойлап тапқан жоқ», деп отыруының да себебі осыны меңзесе керек. 

 

***

 

Әдебиет  адамзат жүрегін жұмсартып, ұждан сабағына ұдайы су құйып отыруы үшін ғана қажет.

 

 

***

 

Дарвиннің ұлы сұрыпталу идеясын ары қарай да  жүзеге асыратын табиғи тәсіл, тек  әділетті сайлау мәселесі ғана…

 

***

 

Ақорданың терезесінен ақиқат пен шындық ақпандағы борандай тым бұлдырап көрінетіні несі!?

 

***

 

Қателікті белшеден батып жасап ап, оны Құдайдың сүйген құлына берген шын сынағы деп қабылдайтынымыз қызық. Бұл тұрғыдан келсек, адамның мұндай  инфантил мешеулігінен әлгі қорғансыз  Құдайдың өзін қызғыштай қорғайтын парасатты көзқарас қажет.

 

***

 

Маған  режиссер А.Қарсақбаевтың әйгілі «Қожа» фильмін ет пен сүйектен жаратылған пенде баласы емес, Құдай-Тағала секілді бір тылсым күш түсіргендей болады да тұрады. Киноның өн бойынан алып тастайтын басы артық деталь, бір кемшілік болсашы, шіркін!..

 

***

 

«ЖЫЛАМАҒАН БАЛАҒА ЕМШЕК БЕРМЕЙДІ». 

Бұл сөздің тура мағынасы дұрыс. Қалай десек те балаға жарасатын қылық. 

Ал есі сау ересек адам ретінде тойымсыз тілемсектігімізді тап осы сөздің тасасында ақтауды нағыз бетсіздікке балаған болар едім...

 

***

 

Менің дербес бұл көзқарасыммен келісерсіз я келеке етерсіз, мәселе онда емес. Ең бастысы, межеленген ой оқырманға түзу жетсе деймін.

Былай ойлаймын...

Ертеде адамзат кезеңінде, әсіресе, қараңғылық шеңгелдеген ғылымсыз дәуірде діннен өзге адамның рухани тазаруының балама жолдары болған емес.

Мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой?

Өзгеріс атаулы барлық дүниені өзгеше сұрыптап, жаңаша түзеді десек, ендеше, түгел түсінік пен өнердің де қағидалары уақыт талабына сай жаңаша тәпсірленіп отыруға тиіс.

Бұлай болса ендігі әдебиет пен өнер, тіпті теология саласындағы сауап пен күнә, керек десеңіз тағат-құлшылық туралы түсінігіміз де кеңеюі керек деген пікірдемін.

Бұл тұрғыдан келсек, Құдай ұлы танымның сыртқы қабаты ғана.

Ал оның негізгі мәнін АР мен ҰЖДАН, ШЫНДЫҚ пен ӘДІЛЕТ секілді ұлы құндылықтар құрайды. 

Адамзаттың әділетті таңдамауы, шындықты табанға таптауы «Құдайды өлтіруі» десек те болады. 

Ендеше, «Сен әділет үшін не істедің?» деген сауал «Сен Құдай үшін не істедің?» деген сұрақтың статусымен бірдей. 

Бұл, сөз жоқ, онтологиялық сауал. 

Осы жерде мына дүниені де қосамжар айта кетсем деймін.

Біздің намаз оқуымыз бен қажылыққа баруымыз құлшылық ретінде есепке алынғанымен, шындық пен әділет, сондай-ақ азаматтық қоғам жолындағы жанкешті күрескерліктің не үшін ғибадат болып саналмайтыны қызық. 

Осы тұрғыдан келсек, мен егер «пайғамбар жолы» бар деп есептейтін болсам, оның бүгінгі мирасқорлары сәлделі молдалар мен сарай депутаттары емес, еркіндік пен азаматтық қоғам табиғатын көздің қарашығындай қорғайтын нағыз демократтар деген болар едім. 

Сонымен ораза мен намаз қаншалықты парыз болса, ынсаптан тайып мемлекет мүлкін тонамау, кепелеп тамақ ішіп, көлемі үлкен көлік мініп экологияны ластап экожүйені бұзбау, бұл әлгі бес парыздан да биік тұруға тиіс парыздар деп есептеймін.

Жоғарыда жаңа уақытқа сай, сауап пен күнә, тағат-ғибадат ұғымдарына да су жаңа түсінік керек дедік. 

Енді осы ойымды өнердің өз тілімен өрбітіп көрсем деймін.

Суреткер Андрей Тарковскийдің интеллектуалдық киноларын айтпағанда, жетілген мәтіннің негізгі статусы «храм» мен «Қағба» есебінде. 

ҚАЙЫРА АЙТАЙЫН, ЖЕТІЛГЕН МӘТІН МЕН КЛАССИКАЛЫҚ ӨНЕР ДЕ АДАМДЫ ТАЗАРТУШЫ ҒИБАДАТ ЕСЕБІНДЕ.

Байқайсыз ба, биік өнер де өзгергісі және ойланғысы келмейтін жалқау жандарды маңына да жуытпайды. 

Бұл жерде «жуытпайды» сөзін саналы түрде қолданып отырмыз. 

Сонда бекзада өнерді қалайша етене түсінуге болады?

Ол үшін ет пен сүйектен жаралған пенде баласы парасатты өнерді шын түсіну үшін, ең әуелі, ішіндегі зор меймана, қор білместігінен толыққанды арылып қана жақындай алады. 

Мұны бір сөзбен безбендеп айтқанда рухани катарсис қажет.

Өнердің сәжде етер жайнамазы адамды өзгерту мен ойландыру десек,  парасатты өнер атаулыны да тазартушы ғибадат орыны демей көріңіз енді. 

Бұл тұрғыдан келсек, Шекспир мен Фердауси, Тәттімбет пен Шопен шығармалары да кәдімгі «Қағба» есебінде.  

Адамзатқа классикалық өнер талғамын жетілдіріп тазару үшін керек десек, ендеше мұндай киелі орындар неге Мекке мен Мәдина ғана болуы керек!?

                                                                                                      (жалғасы бар…)

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan