Түн...
Аспанды қорғасындай қою, зіл батпан, қорқынышты қара бұлт торлаған. Анда-санда астаң-кестең болып күркіреген күнмен астасқан найзағайдың алапат жарқылы терезеден төніп, жанарыңмен түйіседі.
Күлімсі иіске көмілген, қараңғы қапырық тар бөлме. Жантайған адамның жамбасына бататын, сүзілген жұқа матрас төселген ағаш төсек. Бір бұрышта ернеуінен асып төгіліп қоқыс жәшігі тұр, іші толған темекі қалдықтары мен пісте қабықтары және шала-пала ішіліп-төгіліп шашылған сыра шөлмектеріне сүрініп жығылуға болатындай.
Бұл қала шетіндегі тау бөктерлей өскен жымысқы орман ортасында оқшау орналасқан екі қабат мейрамхананың күзетшілерге арналған шағын бөлмесінің сиқы. Ішінде менен басқа тірі жан жоқ. Қаңғырлаған қалбыр секілді бос бөлмелер. Бұл жерде бірінші рет болғаннан ба, елегізіп, елеңдеп көзім ілінер емес. Іш пыстырмаудың қамын жасаймын деп қалың кітап алып келгем, белгісіз себептермен кібіртіктеп оқығым келмеген соң, басыма қойып жастық ретінде қолдандым. Қыбыр етпестен шалқамнан жатырмын. Үстіңгі қабаттағы ас даярлайтын бөлмеден ыдыс-аяқтың салдыр-күлдір еткен ащы дауысы құлағыма кеп кұйылды. Қолайсыз ауа-райымен қосыла шыққан бұл дыбыстан кеудемді кенет үрей биледі. «Қорыққанға қос көрінеді» деген деп өзімді алдарқатып, кенет келген үрейді жеңіп, ұмытуға тырыстым. Қалта телефонмен достарыма тіл шалып уақыт оздырғым келді. Ол да мүмкін болмады, себебі қарызға алынған бірліктің уақыты бітіпті,оның үстіне қуат көзі отыруға шақ қалған екен, үнемдейін деп үнсіз қалтама салып қойдым.
Екі көзім алақ-жұлақ етіп тың-тыңдап жатырмын. Сыртта сіркіреп, жанталасып жаңбыр жауып тұр. Құлағыма тағыда белгісіз дыбыстар еміс-еміс естіле бастады. Мен жалғыз емес екенмін. Екінші қабатта біреудің жүргенін анық сездім. Арылы-берылі жүріп, біресе есіктерді ашып-жауып, біресе шүмектегі суды сарылдатып, ойына келгенін істеп, мені мазақ қылып жүрген секілді. Адам ба? Аң ба? Кім? Не? Белгісіз. Жүрегім атқақтап маңдайымнан суық тер шығып, таңдайым кеуіп, тынысым тарылып, жаным тағатсыздана бастады. Есіктен біреу қашан ентелеп кіріп келіп, жанымды суырып алар екен деп қыбыр етпестен жатырмын. Қай-қайдағы дүниелер мен оқыған кітаптарымдағы қорқынышты кейіпкерлер есіме еміс-еміс орала берді. Бәрі қорыққаннан.
«Есік ашық қалып, ұры-қары кіріп кетті ме?», - деген ой да келді. Бірақ ымырт жабыла іштен мықтап тұрып құлыптап алғаным есімде. Не де болса, анық-қанығына қөз жеткізгім келді. Сіресіп жатқан орнымнан әрең көтеріліп, еденге етбетімнен жатып, есіктің астындағы саңылаудан ақырын сығаладым. Тірі пенде жоқ сияқты болған, кенет біреу жүгіріп өткендей болды, тек сұлбасын ғана көзім шалды. Бірақ түк көрмегендей сыңай танытқым келді.
Етбеттеп жатқанда, көгеріп дымқыл тартқан еденнің иісі қолқаңды қауып, жүрегіңді айнытып, лоқсытады екен. Сондай жиіркенішті. Бұл қоқыс бұрышы құрт-құмырсқа, тарақандардың таңдаулы тамаша мекені іспетті. Жерде жатқанда желкемді жыбырлатып, жон арқама қарай жорғалай бастаған тарақанды алақаныммен шап беріп уысымда умаждап жібердім. Анау аз болғандай енді мыналар... Тұла бойым тітіркеніп кетті. Мені де біреу умаждап жоқ қылмасына кім кепіл?
Артық дыбыс шығармай, демімді ішке тартып, асқан ептілікпен аяғымды аңди басып барып сыртқы есікті итеріп көрдім. Бәрі дұрыс. Тек кіре берістегі әжетхананың жарығы бір жанып, бір сөніп тұрғаны, үрей үстіне үрей қосып, тұрған жерімде сілейіп қаттым да қалдым. Не істерімді білмеймін. Тағы да өзімді алдарқата бастадым, жаңбырдың кесірінен электр сымдарында ақау пайда болып, жанып-сөніп тұрған болар деп сендірдім өзімді. Күллі әлемнің әйнегі шағылғандай шалдыр-күлдір еткен дыбыс естілді де, соңы әйелдің күлкісіне ұқсас ұзақ сонар бірдеңеге ұласып, оның соңы ықылық атқан адамның дауысына ұқсап барып, жым болды. Төбе құйқам шымырлап кетті. Зәре құтым ұшып, жанымды қоярға жер таппай қараңғы қапырық бөлмеме қайта келдім.
Қорқақтығыма қатты жыным ұстады. Кім айтады мені отбасы құрған, бала-шағасы бар, орда бұзар отыздағы жігіт деп.Үрейді ұмытып, өмірімнің ең жарқын белестерін ойлап, қиялымда тербеткім келді. Ең алдымен, жарыммен шаңырақ құрмай тұрып бірге өткізген есіл күндерді біртіндеп көз алдыма әкелдім. Ол сондай сүйкімді, қылықты еді... Қазір де дәл сондай. Кенет тұла бойымды қызғаныш оты шарпыды. «Мүмкін ол дәл қазір менің жоқтығымды пайдаланып, балаларды ұйықтатып тастап, басқа еркектің қойнында жатқан шығар?», - деген сұр жылан ой сумаң ете қалды. Мен қазір өліп кетсем әйелім басқа біреумен кететіндей сезілді. Үрейге қызғаныш сезімі қосылды. Оның үстіне, әйелімнің әлеуметтік желілерге жариялаған суреттеріне аузының суы құрып, сілекейі шұбырып жүрген талай еркекті білетінмін. Бүгін өлмеуім керек. Миымның талшықтарында ақау пайда бола бастады ма? Әлде есімнен адаса бастадым ба? Түсініксіз кейіптемін. Қалай да бұл жерден зытып бергім келді.
Кетуге ыңғайланып қараңғы бөлмемнің есігін ептеп ашқанымда оның көлбеңдеген көлеңкесін анық көрдім. Ол әжетхана жаққа кетті. Сол сәтті пайдаланып жалма-жан жүгіріп, екінші қабаттағы ас бөлмесіне келдім де, қолыма іліккен қара пышақты алдым. Бір қызығы бұл жердің де жарығы жанып-сөніп тұр. Кім болса да турап тастамақ ниетпен баспалдақты батыл басып, тістеніп, төмен түсіп келем. Бұл батылдық бойымда қайдан пайда болғаны беймәлім. Қолымда қара пышақ. Бар ойым бұл елестен құтылу. Мен оны дәл шыға беріс есік алдында көрдім. Бойы екі метрдей, еңгезердей қара киімдегі ер адам, жүзі таныс секілді, көзі көк теңіз түстес, мені кекетіп, ыржалақтап тұрған тәрізді. Бір сәтке жанарымды тайдырып барып, кайта қарағанымда ол жер жұтқандай зым-зия ауаға сіңіп кетті.
Түннің бір уағы...
Жарықты жаққан күйі қалдырып, елесті ішке қамап тастадым да, сыртқа шықтым.
Дала қап-қара түнек құшағында. Төпеген жаңбырдың астымен алды артыма қарамастан, қара жолдың жиегімен ызғытып келем. Үсті басым малмандай су. Анда-санда жарқылдаған жасынның жарық сәулесі қолымдағы қара пышақтың өткір жүзімен шағылысқанда қылпып тұрған өткір екеніне көзім жетті. Аяқ асты өзімді мерт қылмасын деп аса сақтықпен ұстадым. Тағы да қорқынышым үдей түсті. Айналаға жамырай өскен қарағай талдың бәрі көзіме қарақшы боп елестеді. Мені қаумалап ұстап алатындай. Үйге жеткенше біраз жүгіре түсуім керек... Жаңбыр суын шалпылдатып алға қарай зытып келем... Көз ілеспес жылдамдықпен. Кенет дәл артымнан ықылық атқан адамның дыбысы естілгендей болды. Артыма жалт қарадым, ешнәрсе байқамадым. Әлде ол менің алдымда кетіп бара ма? Түнгі жаңбырдың ызғарымен қалтырап тоңа бастадым. Таңертең үстіме тек жұқа жемпір мен жеңіл-желпі спорттық шалбар кигенмін. Кім білген бұлай боларын.
Бірен-саран өткен көліктерге қол көтердім, ешқайсысы тоқтамады. Тек бір «такси» деген жазуы бар көмірдей қап-қара, жаңбыр жуып жылтыратып тастаған жеңіл машина тоқтады. Рульі оң жақта екен. Қара пышақты жеңіме сүңгітіп жасырдым да, бірден жылы орынға жайғасып, мекен-жайды айттым. Ол үнсіз. Кенет...
Көзімнің қиығымен оның бет әлпетін шолып өттім. Жүрегім зу ете қалды. Әлгі адам! Дәл сол қара киімдегі елес, өз көзіме өзім сене алар емеспін. «Тоқта!», - деп айтуға тілім күрмеліп, ләм-мим дей алмадым. Ол мені басқа жаққа алып бара жатқандай сезілді. Әрекет етпесем құримын деп ойладым. Қара пышағымды ақырын алып шықтым да, сол жақ кеуде тұсына сермедім. Ол да қорғанып бағуда, күші мығым екен, көліктің тежегішін басып тоқтай бере, жағымнан шойындай жұдырықпен «зыңқ» еткізді. Сол сәтте мен оның жүрегіне қара пышағымды қадап үлгерген едім. Ол тілге келместен жүріп кетті. Мен оны жеңгеніме масаттанып, қорқыныш атаулыдан арылып, жұмыс орныма, яғни, тау бөктеріндегі мейрамхананың караңғы бөлмесіне қайта келіп, су киімдерімді кептірдім. Көз шырымын алып, түк болмағандай қорылға бастым.
Жұмыс уақытым аяқталып, таң ата үйге келдім. Әйелім жайдарлы жүзбен күлімдеп қарсы алды. «Қатты шаршағаннан ба өңің сұрланып, көздерің кіртиіп қалыпты ғой, жаным», - деп шайын құйды. Теледидарды қостық. Барлық телеарналар бір жаңалықты жерден жеті қоян тапқандай қайталап жеткізуде екен: «Бүгін түнде қала сыртындағы қара жолдың бойында жан түршігерлік оқиға орын алды, белгісіз біреулер такси жүргізушісін қасақана өлтіріп кетті, жүрегіне қадалған қара пышақтан саусақ іздері табылмады». Осы сәтте әйелім таңдайын қағып: «Азған айуан немелер!», - деп кектене күбірледі. Мен де сөзіне қосылған сыңай танытып, әйеліме күдіктене қарап, үнсіз отыра бердім. Қолымның қызыл қанға боялғанын әйелім біліп қоя ма деп жұмған аузымды ашпадым сол күні. Жұмысқа бармайтын боп шештім... Әйелімнің тапқан ақшасы да жетеді... Оның үстіне «қара киімді адамды» көргім келмейді.
Айтпақшы, таксидегіні ыңғайлап жұмысқа қайта барып, су киімдерімді кептіріп отырғанымда, қара киімдегіні тағы көргенмін. Ол өлмепті. Оны емес таксисті өлтіргеніме сол кезде көзім жеткен-ді.
Сіз де сырт көзге сондай сыпайы, бейкүнә болып көрінесіз... Иә, сіз! Мүмкін мен сияқты зор күнәға батып, ешкімге тіс жармай жүрген боларсыз... Бір сәт ойланып көріңізші, бұл қоғамда елес сияқты «қара киімді адамдар» құзғындай қаптап жүр. Сенбесеңіз, айнаға қараңыз. Мүмкін солардың бірі өзіңіз шығарсыз.
Манарбек ҚыдырбайМатериалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.