Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Маржан Ершу. Қожанасыр жырлайды (аударма)...

Маржан Ершу. Қожанасыр жырлайды (аударма)

03.11.2025

3198

Маржан Ершу. Қожанасыр жырлайды (аударма) - adebiportal.kz

Қожанасыр хикаялары қазаққа ежелден таныс. Түрік ақыны Қожанасыр хикаяларын өз тілінде өлеңге айналдырып жырласа, қазақ ақыны Маржан Ершу оны қазақ тілінде сөйлеткен екен. Ақынның «Қожанасырдың жырлайды» атты аударма жинағын оқырмандарға ұсынып отырмыз. 

Ғалымдар Қожанасырды «Түркияда туған және сол жақта өмір сүрген, моласы да сол жақта қалған» деген деректер айтады. Біздің білетін Қожанасырымыз, оның ауыз әдебиетіндегі бейнесі барша түркі дүниесіне ортақ. Түркия, Орталық Азия халықтарына ортақ сүйікті Қожанасырдың хикаялары күллі әлемге танымал. Біраз жыл бұрын Қожанасырдың дүниеге келгеніне 600 жыл толуына орай дүние жүзінің көптеген елдері дүбірлетіп той жасап атап өткені мәлім. Қазақ, қырғыз, түрік, өзбек, түркімен, тәжік, парсы, татар, башқұрт, қарақалпақ, ұйғыр, башқұрт, араб, күрд, грек, хакас, авар, шешен, иран, осетин және т.б. халықтар арасында Қожанасырдың астарлы, пәлсафаға толы әзіл-қалжыңдары кеңінен тараған. Әр елдің қожанасыртанушылары оны өз елінің қаһарманы етіп көрсетпекші болады. Мұның өзі Қожанасырдың барша ел сүйетін қасиетін көрсетпей ме?! 

1937 жылы Стамбул қаласында «Қожанасырдың хикаялары» алғаш рет кітап болып басылып шықты. Академик В.А.Гордлевский бұл кітапты түрік тілінен орысшаға аударды. 1962 жылы Қазан қаласында шыққан «Хужа Насреддин мәзәкләре» атты кітапта В.А.Гордлевский аудармаларынан іріктеліп жарияланды. 1965 жылы Қазақстанда «Қожанасыр әңгімелері» алғаш рет кітап болып шықты. Қазақ даласы Қожанасыр есіміне ертеден таныс және оның күлдіргі хикаяларын өз жандарында жүрген танысындай тарқатып, әсерлендіріп айтады. Содан болар қазақтың ауыз әдебиетінде Қожанасыр Алдар Көсе, Тазша бала сияқты әйгілі персонаждармен қатар жүреді. Мұхтар Әуезовтың еңбектерінде Қожанасыр хикаялары қазаққа көрші елдерден келгендігі, Кожанасырдың шаһарда тұрғандығы айтылады. Біздің халқымыз Қожанасыр туралы естіген-білген әңгімелерінің қорын молайтып, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып жеткізіп отырған. Қожанасыр бәріміздің де ескі досымыз, ол қанша ғасыр өтсе де қартаймақ емес. Қолымызда – жаңа кітап. Қожа Насреддиннің жыр тілінде сөйлеуі. Бұрын қара сөз түріндегі Қожанасыр хикаяларын тұңғыш рет түрік ақыны, ғалым Махмұт Кая жыр тілінде сөйлетті. 

Түрік ақыны, ғалым Махмұт Кая сөзін де келтіре кетсем. «Анадолы Түрік халқының әзіл символы болған Қожа Насреддин өмірі туралы өкінішке орай көп мәлімет жоқ. Қожа Насреддин Сиврихисардың Хорту ауылында 605\1208 жылы дүниеге келген делінеді бізге жеткен деректерде. Әкесі Абдуллах Эфенді ауылдың имамы болған. Әкесінің көмегімен сауат ашқан Қожа кейін әкесі өмірден өткен соң, орнын басып туған ауылында отыз жылдай имам қызметін атқарады. Сол аймақта атағы мәшһүр болған Шейх Сейд Махмут Хайрани және шейх Сейд Қажы Ибраһим сұлтанға жақын болу үшін Қожа ауыл ауыл имамы қызметін шәкірті Мехмед Эфендіге тапсырып, 635(хиджра жыл санауы бойынша) \1237 жылы Ақшеһирге қоныс аударады. Музейге тіркелген құжаттарда 655(хиджра жыл санауы бойынша) \ 1257 жылы Сейд Махмуд Хайрани , 665(хиджра жыл санауы бойынша) \1266) жылы Қажы Ибраһим сұлтан атынан жасалған екі іргетаста хәкімдер алдында Қожа Насреддиннің куәгер ретінде аты жазылған. Ахшехирде елу жылдай өмір сүрген Қожамыздың қандай іспен айналысқаны туралы нақты деректер болмаса да, оның шешендігі, әзіл-оспағы, күлдіргі хикаялары халық арасына кең тараған. Арғы-бергі замандағы түрік ғалымдарының айтуларына жүгінер болсақ, Қожа Насреддин 683\ 1284 жылы 76 жасында қайтыс болып, Ақшеһирде жерленген. Осы қаланың оңтүстік-шығысындағы үлкен зираттың арасында Қожаның моласы бар. Моладағы құлпытаста Қожаның өлген күні 386 деп жазылса да, бұл Қожаның өзі секілді бір қалжыңбастың тарапынан 683 саны 386 болып теріс жазылып кеткен болуы да бек мүмкін.

Түркияда Қожа Насреддин туралы хикаялар өте көп. Мысалы: Челеби бастаған бір топ тарихшы Қожаның Йылдырым Баязит және Тимурмен замандас болғанын, тіпті Қожа мен Тимур арасында болған тапқыр әңгімелерді алға тартса да, аталған кісі Қожа емес, ақын Ахмеди болатын. (815\1412-13қ.к). Қожаның Селжүктер дәуірінде өмір сүргені және 1.Алааддин Кейкубадтан (616\ 1220 қ.к) бастап Селжүк сұлтандары тұсында болғандығы туралы деректер бар.

Ауыз әдебиетінің ең танымал тұлғасы Қожаның күлдіргі хикаяларының ерекшелігі – әңгіменің соңғы түйінінде, көбінесе Қожаның өз аузынан айтылатын тапқыр сөзінде жатыр. Әртүрлі варианттағы әзіл әңгімелері күлкілі болғанмен, аңқау адамның жан бейнесіндей көрінгенмен, оның сөзінің астарында айлалы қулық, ащы мысқыл, әжуа-мазақ жатқаны байқалады. Көптеген халықтарда Қожанасыр хикаялары деп айтылып, ауыздан ауызға тарап келген Қожа әңгімелерінің кей варианттарында әдепсіз, дөрекілік сарындары байқалып қалады. Бұндай жөнсіздікті Қожамызға телу құрметсіздік болар еді деп ойлаймын. Қожа елдің жүрегіне жақын әрі адамгершілік имани қасиеті бар әдеби тұлға болып қала бермек.

Бүгінгі заманымыздың оқырмандарына әсіресе жастарға Қожа Насреддиннің хикаяларын қарасөз түрінде емес, жыр тілінде баяндасам, жүректеріне жетер деп ойладым. Осы ойымды құптаған және маған ақыл қосқан қымбатты досым Нұреттин Албайран мырзаны құрметпен еске аламын. Осы кітабымды жарыққа шығару барысында маған ақыл-кеңестерімен, ой-пікірлерімен қолдау көрсетіп тілек білдірген құрметті Хусейн Кутлу ұстазға, бізді өзінің ғажайып суреттері арқылы Селжүк заманындағы Қожа Насреддинмен кездестірген суретші Эрсан Перчемге және «Қожанасыр жырлайды» кітабының жарыққа шығуына ықпал еткен Хусейн Догруге, Стамбулдағы «Дамла» Баспа үйінің ұжымына шын жүректен ризашылығымды білдіремін, -деп жазған еді Махмұт Кая өзінің Қожанасыр туралы кітабының алғысөзінде».

«Қожанасыр жырлайды» енді «Фолиант» баспасының қолдауымен менің аудармам арқылы поэзия тілінде қазақ аудиториясына қанат қағып отыр. Қожанасыр хикаяларын жыр тілінде сөйлету де бір ғанибет екен. Құрметті Оқырман! Қожанасырдың сан қырлы мінездері мен күлкіге бөлер іс-әрекеттерімен жақынырақ танысқыңыз келсе, осы кітапты қолыңызға алып, оқырсыз деп ойлаймын.

«Қожанасыр жырлайды» кітабынан аударма жырлар. 

ІШІНДЕ ӨЗІМ ДЕ БАР ЕДІМ

Қожа сатыдан құлады,

«Гүрс» еткен даусы шығады.

Көршісі естіп дауысты

«Не болды» деп сұрады.

Қожаға жақын келеді,

«Не дауыс» дей береді.

Қожа сонда былай дер:

- Шапанымның дауысы

Құлағанда қиын-ды.

- Шапанда дауыс бола ма?

Қожеке, айтшы шыныңды.

Көршім-ау, неткен адамсың?

Сөз ұқпайтын жамансың.

Мейлі сен түсін, түсінбе

Өзім бар едім ғой

Сол шапанның ішінде.

ҚОЖА МЕН ҚАЙЫН ЕНЕ

Бір адам келді жүгіріп,

Қожаға қарайды үңіліп:

- Қайғылы хабар демеңіз,

Суға кетті енеңіз!

Тезірек, Қожа барайық,

Судан шығарып алайық.

Өзенге жақын келеді,

Құлаған жерін көреді.

Қожа тереңге үңілді

Теріс бағытқа жүгірді.

- Қайыненеңді құтқармай

Қожеке қайда барасың ?

Теріс бағытқа жүгірсең

Енеңді қалай табасың?

Қожекең сонда күрсініп:

Қайныенем өзі қырсығып.

Теріс ағып кеткен ғой

Жасайын бір құлшылық.

САБАП ХАЛУА ЖЕГІЗУ

Жүрген жері мол аңыз,

Конияға келді Қожамыз.

Кедейлігі сор тағы

Кебежесі кейін тартады.

Қалада кім күтер-ді,

Көрді, халуа сататын дүкенді.

Дүкенге кіріп оңдады,

Опырып жейді халуаны.

Дүкенші таяп қасына

Таяқпен ұрды басынан.

Қожа сонда күледі,

Дүкеншінің ұстап білегін.

Өзі сабап, өзі ұрсып

Халуа жегізді-ау бұл қырсық.

ТҮЙЕНІҢ ҚАНАТЫ БОЛСА

Бір жыртқыш құс, 

қаланы әуреге салды,

Ақшехирдің кей тұрғыны 

Қорыққаннан жылап та алды.

Жыртқыш мұржаны қиратты,

Тауық қораны құлатты.

Қап-қара боп түн жатты

Сұмдық, 

кім көрген мұндай сынақты?

Мылтық атылды,

Оқтар сайланды.

Қарумен батыл-ды

Адамдар ойланды.

Қожекең сол кезде,

Қызынып сөйледі.

Терге малшынып

Аппақ көйлегі:

- Ей, мұсылмандар!

Айтқанымды тыңдаңдар!

Аллаға шүкірлік етіңдер көп.

Түйенің қанаты жоқ.

Түйеде қанат болғанда, 

Ол мұржаға қонғанда. 

Түйе-қанатқа қарсы тұрар

Мына бізде хәл бар ма?

Кеңесімімді тыңдасаңдар,

Жыртқыш құс өлді,

Өлгенін көзіміз көрді.

Тез үйлеріңе кетіңдер

Осы күндеріңе шүкіршілік етіңдер!

ДОРБА ЖАСАР ЕДІМ

Қожамыз шықты сапарға,

Сәлемдеспек құрбы-қатарға.

Бірнеше ай қонақ болыпты,

Пейілдеріне тойыпты.

Аттанар кезде Қожаның

Дорбасы жоғалды... мазағын.

Қожа ашуға мінеді

Айқай сап көңілсіз жүреді.

- Таппасаңдар дорбамды

Батасыңдар күнәға.

Не болатынын сұрама.

Көпшілік енді сасады

Қожаның ашуын басады.

- Табылды, Қожеке дорбаңыз

Жолыңыздан қалмаңыз!

Табылмаса дорбаңыз

Қайтер едік онда біз.

Қожекең айтты: Қайтейін?!

Жаңа дорба тігермін

Мойныма іліп жүрермін.

ОНЫ МЕНЕН СҰРА

Қожаның сүйікті әйелі,

Келісті көркем жан еді.

Емі жоқ ауруға душар боп

Бір күні байғұс өледі.

Жаназаға ел жиналды,

Жылайды қимай қиналды.

Имам сұрағы бар еді:

Бұл ханым қандай жан еді?

Елдің бәрі ұмтылып,

«Жақсы адам» деді құлшынып.

Қожекең сонда имамға

Мойнын созып бұрғанда.

- Жұбайымдай жан қайда?

Менен сұрасаң болмай ма?

Мені қырық жыл басқарды

Өзімшілдігі өзінен аспады.

Ақырында не керек

Мені тастап қашқаны.

Әй, жамағат мен білем

Әйелім қандай екенін.

Жақсы ма, жаман ба

Сөз қалдырғын маған да.

Кетер адам кетеді

Босқа сөйлеп нетемін?!

ӘЗІРӘЙІЛ КЕЛГЕН КЕЗДЕ

Қожа бір күн ауырды, 

Үстіне ілді тәуірді.

Бір ой келіп басына

Шақырды әйелін қасына:

Өлетін шағым жақын-ды

Айтайын бір сөз ақылды.

Әдеміленіп киініп 

Жанымда менің отырғын.

Әзірейіл келген шағында,

Көзі түсер сендей лағылға.

Сұлулығыңа қызығып

Алып кетер келген жағына.

Ұзатып сені салармын

Ауруымнан бір айығармын.

ДӘМІ БІРДЕЙ

Бақтан шығып мәуелі,

Қожакең әндетіп келеді.

Қарайды балдар қызығып

Дорба толы жүзімі.

- Қожеке, көке, жүзім бер!

Бір бергенде жүзін бер!

Қожекең берер түйірлеп

Көп жесең саған қиын деп.

Аз жесең, қарын тояды

Қызығатыны жоқ,

жүзімнің дәмі бірдей болады.

СЫРЛЫ ХАТ

Қожаның көршісі той жасар,

Ел-жұртты түгел шақырып.

Сыйлы қонақтар жайғасар

Семіз қой болды – тақырып.

Көршісі ұмытып Қожаны,

Қонақтарына қоспаған.

Көрші болып отырып

Дұрыс па есік ашпаған.

Қожекең ойлап әрнені,

Қысылды біраз терледі.

Хатқалтаны ап қолына

Көрші үйге кіріп келгені.

- Құдайы көршім, қарашы,

Хат жазды саған балашың.

Алыстан келген үшбухат

Хабарын хаттан табасың.

Қарады оңы-солына,

Хатқалтаны алды қолына.

Дастарқанға отырып

Қожекең күлдірді тағы да.

Қалтаны ақтарып бозара,

Үй иесі қарады Қожаға.

- Қожеке, хат жоқ, дым да жоқ

Хатты осылай жаза ма?

- Көрші-ау, - деп Қожа күледі,

Өзім асығыс жүремін.

Хатқалтада хат та жоқ

Мұны өзім де білемін.

Көршім-ау, біле білсең.

Құламас тірегім сен.

Жұмысым сәлемдесу

Жыларсың шын егілсең.

ІШІНДЕ БОЛМА

Қожадан біреу сұрапты көтеріп қолды.

- Табытты молаға апарарда

 қай жағында тұрған оңды?

Бәлкім оң,

Бәлкім сол

Бәлкім алдында, 

Бәлкім артында?

Айтыңызшы, Қожеке дұрыс жолды?

Қожекең сонда: Е депті,

Оңында да , соңында да болма,

Алдында, артында да болма.

Деймін ақымақ жанға.

Ең бастысы табыттың ішінде болма.

ӨЗІМ ДЕ ТҮСЕЙІН ДЕГЕМ

Өмір ғой алда талай сынақ бар-ды,

Есегі сүрініп, Қожекең жерге құлап қалды.

Адамдар анталасып шауып келді

Қожеке, амансыз ба деп қауіптенді.

Қожекең мырс етіп сәл тіл қатады

Сөзінде күлкі менен мұң жатады.

Демей ме ең алдымен өзің сақтан

Өзім де түсейін деп келе жатқам.

КІМ ІЗДЕП, КІМ ТАБАР?

Бір күні Қожаның есегі жоғалды,

Есек жоғалту, ес жоғалтқаннан жаман-ды.

Қожекең шарқ ұрып іздеді,

Есегім келер деп үмітін үзбеді.

Қайғырып, күйзелмей ұзақ күтті

Ақылды есегім сірә, болар деп мықты.

Бір күні ойланды

Есектің үстінде өзім болсам

Сосын адасып қалсам.

Мені кім іздеп, кім табар

Жағдайым сонда не болар?

МІНДЕТ БӨЛІСУ

Көршісі алқынып жүгіріп келді

Қожеке, үйің өртенді, көзім көрді.

Жүгір, тезірек үйің жануда

Хабарла барша қауымға.

Қожекең саспады, аспанға қарады,

Салалап сақалын тарады.

- Біз бөлісіп алғанбыз міндетті,

Шүкір жақсымын, жаным да тыныштау

Дұрысы үй деп, дүние деп ұрыспау.

Мен – түздің, ол – үйдің адамы

Өз ісіме мен адал боламын.

Қатынға айт, ие болсын үйіне,

Күйсе де дүние.

Шаруасын қатырсын,

Өртін де сөндірсін.

Таңын да атырсын

Үйіне кіріп жылынып отырсын.

ҚОЖАНЫҢ СИЫРЫ

Сүт шықпайтын сиыры,

Қожаға сор болыпты.

Құтылудың қиыны

Қиын екен соны ұқты.

Мал базарға, делдалға

Сиырды сатып бер деді.

Делдалға айтар сөз бар ма

Мал сатудың шебері.

- Бұл базар болғалы

Мұндай сиыр көрмедім.

Делдал делдал болғалы 

Мұндай сиыр көрмедім.

Күн-түн сүт береді,

Қаймақ майы бес елі.

Сиыр өзі денелі

Сағат сайын өседі.

Сатып алсаң, байлық бұл,

Қазынаң да болады.

Әсте мұндай сиырдың

Пұлы болар жоғары.

Қожекең сонда егілді

Көзінен жасы төгілді.

Мұндай асыл сиырды

Сату қандай қиын-ды.

Білмей жүрсем бағасын

Делдал айтты қарашы.

Не айтсаң да көнбеймін,

Сиырымды сатуға бермеймін.

ЕСЕК АҚЫРҒАНДА

- Қожеке, көмек бер маған,

Көшіміз қайда қалмаған?

Есегіңді берші бір күнге

Жүк артайыншы аздаған.

Қожекең қимас есегін,

Өзінше пішіп есебін:

- Есегім жүр - дер қыдырып 

Арғы басында көшенің.

Қожекең сөзін аяқтар,

Қолында қамшы, таяқ бар.

Есегі кенет ақырды 

Жанына жақын таяп бар.

- Мұныңыз не, Қожеке!

Есегіңіз қорада.

Бес-алты қадам арада.

Қожекең сонда былай дер:

Қора жаққа қарама,

Ақылды болсаң, айт өзің,

Маған емес, есекке сенсең қайтемін?!

БӘЛКІМ ТАБАР

Түн мезгілі.

Ұры түсті Қожа үйіне,

Сыбырлайды әйелі.

Қожа үнсіз, үндеме деп ымдағаны жай ғана.

Ұйықтағандай жатыр үнсіз,

Ұрылар жүр торуылдап айнала.

Қожекең сөз айтады ойлана:

- Үйімізден қазына тапса, апырау 

Үмітіміз оянбай ма, қатын-ау?

Шығып бара жатқанында

 тартып алсақ болмай ма?

 Екеумізге керегі тек бақылау.

СЕН ҰНАТТЫҢ

Қожекең көңілдірек кешегіден,

Жол үстінде келеді есегімен.

Есегі әр тезекті бір иіскейді

Қожекең есегіне тиіспейді.

Есегінің аңсарын танып алып

Теріп келед дорбасына салып алып.

Жем жейтін уақыт келгенінде

Дорбадағы тезектерді бергені де.

Есегі бір ақырып бас шайқайды

Дегендей, тезегің жем емес қой, тастай дағы.

Кожекең күлкісіне тұншығады,

Өзің ұнаттың ғой не дейсің?!

Ойпырмай жоқ жерде қырсығады

Ұнатсаң да жемейсің.

МАҒАН НЕ ПАЙДА? САҒАН НЕ ПАЙДА?

Бір мылжың: Қожеке!

Үйме табақ үнді долмасы

Қайда барады аңдашы?

- Ол долманың бар ма маған пайдасы?

- Долма сіздің үйге қарай кетті

Үйме табақ. Долма. Ойлашы.

- Жақсы, одан саған бар ма пайдасы

- Жоқ, Қожеке! Жәй ой ғо осы...

ЕШКІМ ЖЕМЕСІН

Қуырылған тауық етін,

Сүйсіне жейді Қожекең.

Жанына келді бір адам

Ашқарақтың өзі екен.

- Қожеке, берші тәтті дәм,

Сілекейім шұбырды.

Менікі емес,-деп Қожаң

Тауықтың етін мүжиді.

- Көкем-ау, жалған айтасың,

«Менікі емес» деп тағы да.

- Өзгелер мені байқасын

Мен әйеліме бағынам.

Әйелім берген сыйлық-ас,

Ешкімге берме деп еді.

Өзіңмен өзің отырып

Тек өзің ғана же, - деді.

УАҚЫТ КӨП, АҚША ЖОҚ

Алдына үйіп тамақты,

Қожа күтіпті қонақты

Қонағы досы Қожадан

Ұзақ мерзімге қарызға

Ақша сұрапты қомақты.

Тарс түйіп ап қабақты,

Қожамыз санын сабапты.

- Ех, досым-ай, уақыт көп, көп

Бірақ бір тиыным жоқ.

Ал менен уақытты, ал бәрін,

Ақша емес, уақыт қой жан -жағым.

ДОСТАРДЫ САУДАДА КӨР

Қожекең,

Базарда сірә, бақытты,

Жұмыртқа алып сатыпты.

5 динарға алып

10 жұмыртқаны

5 динарға сатыпты. 

Саудагермен дау да келер 

Ұрысты Қожекеңе бір саудагер:

-Мұның не?

Пайдасы жоқ сауда қылдың?

Сатсаң сат, тек пайда көр!

Әй, Қожеке нағыз ерсің!

- Жұмыртқалар берекем-ау,

Пісіріп ап талай жерсің.

Достарым да көп екен-ау

Саудада да мені көрсін.

ТОҒЫЗ ДИНАР ДА БОЛАДЫ

Қожекең түс көреді.

Түсінде бір адам

9 динар алшы деп қинайды.

Онға саны жетпесе

Тоғызын алмаймын деп тулайды.

Шошып оянып ұйқыдан,

Түс екенін сезінді.

Жұмайын тағы көзімді.

Берші, 9 болса да алайын

Бақытыма балайын.

МАҒАН КӨРІНБЕСЕҢ БОЛДЫ

Қожаны үйлендірді сұрықсызға,

Бір қылықсызға.

Тойдан кейін әйелі:

- Жаным, қабағыңды қалай жазамын?

Қожа: Сен ренжіме, көзіме де көрінбе

Көрінсең арта түсер азабым.

Әйелі: Қожеке, бұл қай мазағың?

Қожа айтыпты: Тек көзіңді жылтыратып

Орамалға оранып ал!

Барым-базарым!

ҚЫЗЫҚ ТЕСТ

Қожаның тентек баласы,

Өзіне ұқсаған шамасы.

Жинап алып қауымды

Білсеңдер депті жайымды.

Кім қулығын асырар

Жұмбағым бар жасырар.

Мына бояу о баста көк еді,

Көздері де жоқ еді.

Қарға балапаны 

Аппақ алақаны.

Мықты болсаң, болса сенде ес

Кел де, жұмбағымды шеш.

Қызық! Бала сұрағы

Қожа тыңдап тұрады.

- Халайық! Мен ештеңе демедім,

Үйретпедім. 

Білмеймін миының көлемін.

О, біздің бала! Бас қандай!

Бір жаңалық ашқандай.

Болса да арзан қиялы

Өзін дәлелдеп шығады.

АҢҚАУДАН ЖҰМБАҚ

Қожаға бір күні бір аңқау

Жұмбақ жасырам тап депті.

Жұмған алақанымда

Не барын білсең егерде

Бәрі де сенікі 

Қожеке дегенде.

Аздап көмек берейін

Ақылдылығыңды көрейін.

Ішінде сары уызы бар

Сырты –аппақ не дейін?!

Қожекең мырс-мырс күледі:

Жұмыртқа! Мұны аңқау да біледі.

СУДЫҢ СУЫН

Көрші ауылдың аңшысы,

Қоян аулап алыпты.

Сол қоянын көтеріп

Қожаға жол салыпты.

Қонақ алып келгесін,

Қоянды Қожа сойыпты.

Отқа қақтап пісіріп

Етіне әбден тойыпты.

Арада күндер өткенде,

Баса алмай әбден желікті.

Әлгі аңшының жақыны

Қожаны іздеп келіпті.

Қожа қонағын сыйлайды.

Алдына етті турайды.

Жақынын да мәз қылып

Сыбызғы ғып тартар қурайды.

Арада күндер өткенде,

Таң сарғайып жеткенде.

Әлгі аңшының ағасы ем деп

Бір адам келді бөктерден.

- Қожеке, мақтар сені жұрт,

Әңгімемді тыңда егіліп.

Қоянның еті тәтті ғой

Кетті ме бәрі желініп?

Қожекең сасып қиналмай,

Қазанға салды барын да.

Шақырусыз келген мейман да

Отырды сөйлеп арындай.

Арада тағы айлар, күн өтті.

Аңшының көршісі келді білекті.

Қожекең үлкен ыдыспен

Су әкеп, жасады тағы ізетті.

- Қожеке, бұл су не деді?

Көлемі қандай көп еді.

- Тақсырым, су - Құдайдың сыйы ғой

Өткенннің ол да дерегі.

Қоян да желінді, ас та жоқ,

Таңдайға басар тас та жоқ.

Мынау қоянның суының суы қасиетті

Оны сезетін сенде бас та жоқ!

ҚОЖА МІНБЕДЕ

Мінбеге шықты Қожекең,

Не десем екен, не десем?

Қабырғамменен кеңесем.

Менің айтар сөзімді 

Білетіндерің бар ма екен

Өздеріңмен теңесем.

Шулайды сонда сан адам,

Қожаға тіктеп қараған.

- Сенің ойыңды ұғатын

Табылмас кісі арадан.

- Сөйлер едім-ау шешіле,

Нелерді салып есіңе.

Білмесеңдер жамағат

Сөз сөйлейін несіне?

- деп Қожамыз ашулы

Үйіне қарай жөнелген.

Толқып-толқып басылды

Жиналған сан көрермен.

Арада жылжып күн өтті.

Қожамыз біздің жүректі.

Мінбеге шықты тағы да 

Айтайын деп тілекті.

- Әй, мұсылман қауымым!

Бәрің менің бауырым!

Сөйлер сөзім қандай-ды

Білесіңдер ме жарығым?

- Білеміз, - деді біреулер,

Білмейміз, - деді біреулер.

Қожекең сонда күледі,

Білгені айтсын білгенін

Білмегеніне үнемі.

Деді де үйіне жөнелді,

Не түсінер ел енді.

Апта өткесін арада 

Қожекең тағы келер-ді.

- Армысың, арма жұртым-ау,

Жүзіңде бір мұң тұр-ау.

Ішім сайрап тұрғанмен 

Күлкілі көрінер сыртым-ау.

Мен – жалғыз, сендер көп едің,

Сағынып тағы кеп едім.

Білсеңіздер естиін

Не айтайын деп едім?

- Қожеке! жақсы ұғамыз!

Өзіңді және сөзіңді.

Не айтарыңды мына біз

Таба алмайтынымыз сезілді.

- Білемін сөздің ретін,

Таусылма, талма, қорықпа!

Не дейін енді, не дейін

Сөзімді сыйлаған халыққа!

ТҰЗДЫҚТЫ КІМ САТАДЫ?

Есегіне мініп азанда,

Қожа келді базарға.

Бар дауыспен айқай салады

Ей, жарандар! Тұздықты кім алады?

Сатайын мен де бір өнім,

Тұздығым тұздық! Білемін.

Қожа тұздығын мақтайды

Алатын адам таппайды.

Тыныш тұрса нетеді?

Есегі ақырып кетеді

Мен бе әлде сатушы?

Сен бе әлде сатушы?

Әсте тілді алмайсың

Ақырғаныңды қоймайсың.

Білгіш болсаң, айтарсың

Кім бастық? Мен бе? Әлде сен бе?

Үйге сірә қайтарсың.

КӨЛГЕ АШЫТҚЫ ҰЙЫТУ

Қожекеңнің кең даладай көңілі бар

Кіл қызықпен өткізетін өмірі бар.

Қожекеңнің қиялына таңғаласың

Дүниеде ондай адам болмағасын.

Арманы анау көлге қатық қату, 

Жағасында май жеп, айран ішіп жату.

Бар жанды сол маңайға жинап алып

Барлығын риза ғып, сыйлар анық.

Қожекең ешбір ойын жасырмапты

Қиялын іс жүзіне асырмақ-ты.

Көлдің жанына кеп сүт ұйытты

Ұйыған сүтін көлге құйыпты.

Көргендер: Қожеке, келеді-ау күлкім тіпті

Қожекең депті сонда: Жасайын қолда бар мүмкіндікті.

МЕН ДЕ БІРАЗ ӨЛЕЙІН

Қожа бір күн қажыға қонақ бопты,

Қажы үйінде сірә да тамақ көп-ті.

Дастарханға шырын мен палау келді

Қажы күлімдеп Қожаға қарай берді.

Өзінде – үлкен, Қожада – кіші қасық,

Палау жей бастады асып-сасып.

Шырынды ішкен сайын «өлдім»дейді

Қожекеңді осылайша жеңдім жейді.

Қайталап «өлдім» сөзбен өлтіреді

Шырынның да дәмін әбден кетіреді.

Ожаумен опырады палауды да

Ұмытқандай Қожекеңе қарауды да.

Қожекең депті сонда: Қажы мырза,

Ожауыңды берші маған

Мен де өлейін ожауға болып ырза...

ЖҰРТТЫҢ ЕСЕГІ

Ауылнайдың есегі жоғалды,

Әрі іздеді, бері іздеді таппады.

Есек жоғалту мұңайтады екен адамды

Есейген шақтағы.

Қожекеңе хабар берді бұл адам,

- Есегімді іздеп тапшы, сұранам.

Жәрдеміңе зәру болып отырдым

Тауып келсең , қуанам.

- Іздермін де, бәлкім тауып қалармын

Тапсам егер өзім алып барармын.

Деген Қожа ел кезеді, алысты

Ұшыратып бөтенді де, танысты.

Ысқырады барын салып күшеніп

Тұла бойға кереметтей күш еніп.

- Ей, Қожеке! Жай ысқырсаң нетеді?

Сен ысқырсаң жылағым кеп кетеді.

Деді біреу Қожекеңнен сыр тартып

Ауылнайдың есегін іздеп жүрмін

Жоқ іздеймін!-деді Қожа жұмсартып.

- Ей, Қожеке! Ысқырықпен есек іздеу күлкілі,

Мүмкін маңнан іздеп жүрсің түлкіні?

- Әркімнің де өз әдісі , ісі бар

Тек өзіне жететұғын күші бар.

ШАПАНДЫ ТАП, ЕРІҢДІ АЛ

Қожекең дәрет алмақ боп,

Есегін отқа жаяды.

Жан жағына қарап салмақтап

Шапанын ерге қояды.

Қайтып келсе шапан жоқ,

Есегі тұр ақырып.

«Осы сенің қатең көп»

Ұрыны шақырдың бақырып.

Жазалап сені жүдетем,

Еріңді түсірем жерге мен.

Шапанымды ұрлаған кім екен»

Деп есегін тергеген.

Есек байғұс ақырып,

Көзінен жасы тамады.

Біраз үнсіз отырып 

Қожекең күліп алады.

- Есегім болсаң шауып көр,

Тұманды күнді жарық ет!

Шапанды тауып алып кел

Еріңді келіп, алып кет!

ҚОЖАНЫҢ ҚҰДА ТҮСУІ

Қожаның бір жақыны достық еткен,

Құда түсуге жұмсайды хош ниетпен.

Қожа барды құда боп сырын ашты

«Қыз бермейміз» деп олар тұра қашты.

Қожа қайтып келеді ісі бітпей,

Құдалыққа сөзі де, күші жетпей.

Қожекеңнен досы кеп сұрар халді:

- Іс бітер-ау, бірақ бір мәселе тағы бар-ды.

Қыз да, құда да құптаса керемет қой!

Құдалыққа отырмын сөзім өтпей...

ЖҰЛДЫЗ ЖОРАМАЛ

-Қожеке!-депті біреу.

Жұлдызнама бағдаршам.

Жұлдызың өмірде тіреу

Шынымен аңғарсаң.

- Сұрасаң, Жұлдызым – текемін.

Өзім бір өзгеге ұқсамас жекемін.

Таудан тауға, тастан тасқа

Қаласам секіріп жетемін.

О баста атам Тауешкі болған,

Тауешкі түбірін таудан алған.

Тауешкі жардан секіре-секіре

Құйттай теке боп қалған.

Қарағым, айтайын ! Жұлдызым – Текеңмін, 

Өзім де кей кезде текеге ұқсайды екенмін.

ҰЙҚЫМ ҚАШЫП КЕТТІ

Қатал тәртіп орнады,

Қаладағы халыққа.

Түнде жабық бар маңы

Шыға алмайсың жарыққа.

Түнгі ауаны сағынып,

Қожекең шықты үйінен.

Қарауылға бағынып

Үйде қамалу! Қиын ең!

- Тыйым салған уақыт

Қайтыңыз, дереу үйіңе.

-Берші маған бақыт

Жетуім керек түбіне.

Ұйқым қашты қай жаққа

Білемісің, қарауыл?

Іздеп жүрмін бейуақта

Күлемісің қарауыл?

Ойларыммен сенделген,

Шошытпайын жұртымды.

Сұрап жүрмін көргеннен

Қашып кеткен ұйқымды.

ЖҰЛДЫЗ САНЫ

Қожаның сөзі ұнайды,

Тек Қожадан сұрайды:

Аспанда қанша жұлдыз бар

Санын айтшы, ақылшым?

Өзің дана, батырсың.

Қожа дана көзімен:

Ақымақтың сөзі дер

Ақымаққа ақылсыз 

Сөзіңнің де өзі ем.

Қожа күлді жай ғана

Сөздеріне таңғала:

Есектің жүнін тараңдар,

Әр қылын сипап, санаңдар.

Есекте қанша қыл болса

Жұлдыз да сонша, жарандар...

ЖІПКЕ ҰН СЕУІПТІ

Көршісі Қожадан жіп сұрай келген,

- Қожеке, жібімді бер, саған берген.

Жіпті қолға алады Қожанасыр

Қиялы кәдесіне жарағасын:

- Қарасам, жіпке біреу ұн сеуіпті

Содан жіп аппақ болып кеуіпті.

Кім қылғанын біле алмадым

Не қылғанын ұға алмадым.

Бөтен жіпті неғыламын,

Бұл жіп, сенікі ме, танымадым?

ЖЕ, ШАПАНЫМ

Қожекең сыйлар бір асыл да

Шақырылды тойға расында.

Той десе, қу бас домалар

Қожекең өзінше жобалар.

Жыртық шапанды киіп ап

Келді Қожекең сыйын ап!

Үй иесі көзін салмады.

Назардан тыс қалғаны

Төрден де емес дәмелі

Бәрі жыртық шапанның әлегі.

Үйіне барып, тез келді

Шапаны қымбат! Көз көрді!

О, қандай шапан! Бағалы!

Матасы қымбат! Жағалы!

Қожеке, төрге шығыңыз

Биік қой сіздің құныңыз.

Қожекең күлді миықтан:

Шапаным биік иықтан.

Басымнан асыл бұл шапан,

Тілімнен қымбат бұл шапан.

Бәріне сыйлы шапаным

Шапаным – менің атағым.

Шапансыз болсаң кедейсің

Же, шапаным, не жейсің?

ҮЙГЕ ДЕ КЕЛЕР ЕНДІ

Көршілері Қожекеңе сыр айтады

Сыр айтады, Қожаны мұңайтады.

Әйеліңіз үйде отырмас жиһанкез бе?

Анда- мұнда жүреді... айтар сөз де.

Қожа бұған сенбейді жала ғой деп

- Өсек, өтірік айтпаңыз данагөй көп.

Асықпайық , қыдырма болса әйелім

Жаңылысып бір күні өзі үйге келер де...

ҚАРА МАЙ

- Ешкіме бір ауру жабысты

Қышыма дейді аты аурудың.

Ешкімнің қайғысы өзіме ауысты

Зоры болды бұл қайғымның.

Шипалы қолың, сөзің өткір-ді,

Қожеке тапшы бір емін.

Емін таппаған ауру ешкімді

Тек сен жазарын білемін.

Ешкім арыды қу сүйек боп,

Мұңайып қарар үнемі.

Ауру алып кете ме иектеп

Сорлайды-ау менің жүрегім.

Қожа кемпірдің сөзін ұғынып,

Жәрдем беретін кез келді:

- Ең әуелі жем бер, сосын қара май

Жағарсың,

Азайтып сөзді енді...

ҚОЖАНЫҢ АТҚҰМАРЛЫҒЫ

Қожекең 

Асыл текті арғымаққа құмартты,

Мінемін деп пырақты.

Сатып алмақ ниетімен әуелі

Ат фермасына келеді.

Жүгіріп кеп ат жалына жармасты

Асау көңілі мұң-шер болып алмасты.

Екінші атқа ұмтылғаны сол еді

Ол да асау ат жақындатпай тебеді.

Менің сірә, атқұмарлық не теңім?!

Есегім-ай ! Өзіңе тез жетейін.

ЕШҚАЙДА ДА КЕТУШІ БОЛМА

Бала деген тынымсыз,

Ойынмен күні өтеді.

Қожаның ұлы бір күні 

Құдыққа түсіп кетеді.

Қожаға жетіп бұл хабар

Құдыққа қарай жүгірді.

Айқайлап бар даусымен

Төмен қарай үңілді.

Балашым деді, қайдасың?

Бармысың құдық ішінде?

Құтқарам сені шырағым

Жетеді оған күшім де.

Ешқайда кетпе! Әзір бол!

Тұра бер құдық түбінде.

Арқан әкелем қазір деп

Үйіне қарай жүгірді.

Мұң деген көңіл бұзады, ә!

Құдықтан шықпа, балашым.

Ешқайда кетпе, ұзама

Әйтпесе адасып қаласың!

ИНШАЛЛА

Таңсәріде көршісін

Қожа көрді даладан.

Қайда ерте жиналдың

Деп оған бір қараған.

- Базаршылап барамын,

Есек сатып аламын.

Есек деген еңбеккүш

Байып мен де қаламын.

- Қалтаңды байқа, абайла,

Иншалла де жарай ма.

-деді Қожа қамқорсып

Көршісі бұған қарай ма?

- Қайдағы иншалла ,Қожеке?

Машалласы не тағы?

Базар деген маңайда

Ақша деген жетеді.

Базарға кетті көршісі,

Есек сатып алмақ-ты.

Ұрылар тонап ақшасын

Шайнайды әбден бармақты.

Үйіне қайтты еңбектеп,

Көзінен тамшы жас ағып.

Жаңа есекті көрмекке.

Қожа алдан тосады.

-Есексіз қайттың базардан,

Жетпей қалды ма параң да?

- Қысылып тұрмын Қожеке

Ауырып тұр ғой жарам да.

Ақшам бар машалла

Ұрлатып келдім иншалла...

ҮМІТТІ ҮЗБЕУ

Ойласаң қызық бар мұнда,

Базардан келсе әйелі.

Қожа есік алдында 

Әлдене қарап жүреді.

Қарайды жерге үңіліп,

Қарайды жерге бүгіліп.

Әлдене іздеп жүргендей,

Кетеді кейде сүрініп.

Әйелі көріп мұңайып,

Дейді оған: бірге жылайық.

Қожекең сонда былай дер:

- Сақинамды жоғалттым

Жан ба едім соған лайық.

Іздедім таңнан тұрып ап,

Іздегенді таппау қиын-ақ!

Ауланы түгел қарадым

Сақинам әлде жатыр ма

Тар жерге де сыйып ап.

- Өзіңе лайық сөз екен

Қайда жоғалттың Қожеке?

- Үйде, үйде жоғалттым бұйымды

Үйден іздеу қиын-ды.

Үй қараңғы.

Қараңғыда нені іздермін?

Жарықтан күдер үзбеймін.

Табылмас деме, табылар

Тапсаң егер сен өзің

Саусағыңа тағып ал!..

ҚАРҒА ДА ЖУЫНСЫН

Біздің Қожа аямас,

Әйелінен көмегін.

Кірді бірге жуысып

Сабын әкеп береді.

Көл маңында от жағып,

Су толтырар легенге.

Таза болсын киімің 

Таза болсын денең де.

Кенет әйелі саңқ етіп,

Екі санын сабар-ды.

Қара қарға қарқ етіп

Сабынды алып жоғалды.

Қожекең үнсіз күледі,

Тазалық оның жүрегі:

Қарға да жуынсын бір уақ

Кірлеп кетіпті реңі.

Қарғаны кемпір, қарғама,

Сабын көп бізде қарашы.

Қарқылдап ұшқан қарға да

Сабынға ғашық-ау шамасы...

ДӘМЕҢ ЗОР ЕКЕН

Қожаға келіп бір кісі сырын ашты,

Сөзін тыңдап Қожаның түрі қашты.

- Қой бақтым, қойшы болдым қанша жыл,

Қой соңында жүріп әбден шаршадым.

Отардағы қойды ұрлап саттым көп

Қазынаға осылайша баттым кеп.

Жетімдерге, жесірлерге сауап деп

Құрбан шалдым жемейінші таяқ деп.

Дін жағынан сауатым аз білемін

Осы ісімді үнемі ойлап жүремін.

Харам іске жұмақ есік тар ма екен?

Сауабынан маған көмек бар ма екен?

Қожа күлді: Өз тілегің –ор екен

Сауап күткен дәмең сенің зор екен...

ТУҒАН КЕЗДЕ БОЛМАҒАН

- Әйеліңіз аңқау әрі ақымақ-ау, Қожеке!

Депті біреу сөз ете.

Жасырасыз, бар мінін кемшілігін

Кешіресіз әрдайым ерсілігін.

Қожекем-ау, күлесіз-ау жорта сіз

Шындығы сол, әйеліңізден қорқасыз!

- Әйелімнің ақылы туған кезде болмаған

Аңқау кезде келген еді ол маған.

Жамандасаң, жамандай бер,

Әйелге сөз қонбайды.

О баста болмаған нәрсе 

болмайды ғой , болмайды...

КҮНӘ АРҚАЛАМАЙЫН

Бір кісінің зәбірлігі өтіпті,

Қожекеңнің еті түгіл, сүйегіне жетіпті.

Әлгі кісі марқұм бопты бір күні

Жадырапты Қожамыз ашылғандай түндігі.

Жаназаға жиналыпты жамағат

Сөйлеу қиын өлген жанды қаралап.

Қожа айтыпты: 

-Бұл пақырдың көрсетпегені жоқ маған

Қайсысын айтып мақтанам.

Жақсы болмағаны рас еді арамыз

Жазылмай жүр жүректегі жарамыз.

Кектенсе ол өшін алмай қоймайтын

Сараңдығы сол бір қойын да соймайтын.

Жә, өлгенді жамандап күнә арқаламайын

Қаза деген қиын ғой, бәріңе ортақ ағайын...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan