Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
«Мейірлі көзіне, шапқатты жүзіне қараймын...»...

25.07.2025 2639

«Мейірлі көзіне, шапқатты жүзіне қараймын...»

«Мейірлі көзіне, шапқатты жүзіне қараймын...» - adebiportal.kz

Бір қарасаң, Абай туралы әдебиетшісі бар, ғалымы бар, ақылманы бар, сарқып бәрін айтқан сияқты көрінеді. Бірақ, әлі түгел айтылмаған да  сияқты, өйткені, Абай жұмбағы  – басын бастап шығарып, ортасында мүдіріп, соңына жете алмайтын ғасыр есебі секілді.  Өйткені, өлеңдегі Абай – идеалға айналған бейне де, ал өмірдегі Абай – күрескер, қайраткер, кейде шаршаған, кейде адасқан да адам көрінеді. Олай болса бір болмыстағы екі бейненің сырына бойлау қайдан оңай болады? Шығарма мен шынайы тіршілік арасында әрдайым алшақтық бар, бұл алшақтық табиғи, ол өнердің болмысына тән. Сондықтан ақын туралы  тек өлеңі арқылы, не тек өмірбаяны арқылы толық ұғым тудыру мүмкін емес. Бұл өнер мен өмірдің арасында жылжып, соның шегінде қалтылдап тұратын шындық.  Нағыз таным  сол идеал мен шынайылықтың тоғысында тербеліп тұрған шындықты көру, сол қалтылдаған тұста тоқтай білу.

Шағын мақалада ақын суретіне қатысты екі түрлі пікірді беріп,  аз-кем ой толғап көрсек дедік.

«Абайдың суреті»

«Қасым» баспасынан биыл шыққан Мұхтар Мағауиннің «Абайдың суреті» кітабы – «Абайдың суреті», «Абайдың белгісіз әңгімесі», «Абай тойы» деп аталатын үш бөлімнен тұрады.  Оқып отырып, Абай туралы аңыз көп болғанымен, бірақ, біздің Абай туралы түсінігіміз бәрібір де жұтаң екенін ойлайсың. Ал Мағауин әңгімесінде айтылатын күнделікті, кейде тіпті елеусіз көрінетін жайттар, естеліктер  шын бейненің бір-бір бөлшегі. Бірақ сол ұсақ детальдарсыз, қайсыбірде пендеге тән қылық-мінез болмаса рухани тұлғамыз жасанды, біздің «күнәсіз» Абайымыз шындықты жоғалтқан болып шығар еді. Ал шын Абай пенделік пен парасатты бірге көтерген тұлға. 

М.Мағауин бұл дүниесінде Абай жайлы жылы жүрекпен, ерекше ілтипатпен бастай отырып, сол кезеңде әскери қызметкер болған, бірақ «Халық еркі» тобына қатысқаны үшін Ростовтан Семейге төрт жылға жер аударылып келіп, Абаймен танысқан әуесқой суретші Павел Дмитриевич Лобановскийдің (1857-1887) ақынға тура қарап отырып қарындашпен салған суретіне де тоқталады. Басын келтірейік:

«Менің жұмыс бөлмемде, жазу столының сыртында, кітап сөресімен астасқан Абай суреті тұр. Мен үшін сурет емес, тірі тұлға. Күн сайын, қолыма қалам аларда мейірлі көзіне, шапқатты жүзіне қараймын. Медет тауып, өз мойынымдағы қарызымды өтеуге ала қағазға жүгінем. Атамның төбемнен төніп, арқамнан демеп отырғанын айқын сезінемін. Өзімде жоқ қуат құйылады. Жазудан бос уақытта да үңіле қарап отыратыным болады. Біздің үйде абай суретінің әлденешеуі бар. Үлкенді-кішілі, әртүрлі басылымдарға енгізілген, әрқилы суретшілер салған. Ал мынау – Абайдың өзінің нақты бейнесінен тікелей көшірме. Тұпнұсқасы Семейдегі атаулы мұражайда. 1941 жылы 6 март күні Мұхтар Әуезов сыйға тартыпты. Фотографтың есімі – Н.Г.Кузнецов. Семей қаласында түсірілген. 1896 жылы. 

Суреттің толық нұсқасында Абайдың екі жағында екі ұл – Ақылбай мен Тұрағыл. Бәрінің де жүзі байсалды. Ал атамның өңінен даналық лебі шалқып тұрғандай. Бір адам емес, бүкіл Алаштың даналығы», – дейді М. Мағауин. 

Осылайша Мұхтар Мағауин «Абайдың суреті» атты эссе-повесінде 1896 жылы түсірілген баршаға мәшһүр жалғыз фотоға қатысты деректерді алға тарта отырып, ақынның өмір салты, күнделікті дағдысы, араласқан ортасы, айналасындағы адамдар жайлы да қызықты баян етеді. Автор суреттегі ақын бейнесіне жіті үңіліп қана қоймай, ұлы тұлғаны кескіндей суреттеп, айталық, басына, құлағына, қолына, саусағына бөлек тоқталып отырып, оның ерекше болмыс-бітімін, мінез-құлқын, адами қадір-қасиетін, тәңір сыйлаған дарын қабілетін  ғылыми болжамдарға сай жан-жақты ашып көрсетеді. 

Мұхтар Мағауиннің Абай туралы естелігінде  оның Абайтанудағы алғашқы сезімінің бейнесі көрінеді. Әлбетте бала кезде қабылданған әсер – адамның рухани құрылымына мәңгілік із қалдыратыны белгілі. Мұхтар Мағауин естелік арқылы бес жастағы өзіне қайта оралып қана отырған жоқ, бұл жерде келешек ғалымның жан-жүрегімен сезінген алғашқы тылсыммен бірге уақыт пен сана арасындағы шексіз кеңістік көрінеді. Сол бес жасар бала кейін Абайды зерттейді, оның сөзін талдайды, өйткені, сол сәттегі рухани әсер оның ішкі өзегін қалыптастырған. 

«Мен бес жастамын. 1945 жыл, мамырдың соңы, әлде маусым болса керек, ел жайлауда, тапа-тал түс, төбе басында отырмыз. Біз ауданнан келген уәкіл, менің үлкен әкем Мағауия және мен. Әдетте үлкендер төбе басына кешке қарай шығады, күндіз көтерілсе, аса бір маңызды әңгіме болғаны. Бұл ауыл Семей облысының Жезқазғанмен шектесер тұсындағы алыс отар, 32-жылы халық жаппай қырылғанда ел ауып, мүлде бос қалыпты, өткен жазда ғана біраз жұрт қайтадан қоныстанған, қазір ойлап қарасам, әлемнен аулақ жатқан арал сияқты екен. Біздің ақсақал запперме, яғни ферма бастығы, осы ауылдың бірден бір қожасы, кеңсе басына, ресми тілмен айтсақ, колхоз орталығына жарты жылда бір-ақ рет қатынайды, сыртқы дүниемен байланыс – осы ғана болса керек. Мұндай жағдайда ауданнан уәкіл келуі үлкен оқиға. Әдетте уәкіл үркітіп, қорқытып кететін, ал бұл кісіміз өйтпеген сияқты, әйтеуір әкем (шалдың баласы есептімін, атамды әке дейтінмін) екеуі төбе басына қарай аяңдағанда мен де соңдарынан ерсем керек.

  Бәрі есімде. Төбе басы желтең екен, бірақ күн жылы. Кенет уәкіл мен әкемнің арасындағы әңгіменің сарынын құлағым шалып қалды. «Енді Абайды бүкіл дүние танығаны ғой, – деді әкем толқып. «Жүрегімнің түбіне терең бойла!» – деп еді. «Ішім толған у мен өрт», – деп еді. Зары жеткен екен ғой. «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы. Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» –  деп еді. Өлмегені ғой. Содан соң әкем құран оқығандай, тамағын кернеп, қоңыр әуезбен Абай өлеңдерін мақамдап кетті. Көбін білемін. Білмейтіндерім де бар екен. Бұдан соң кеңестен ұққаным – Абай атамның ұлан асыр тойы болмақ. Кешегі Керей Демесіннің асынан артық. Арыдағы Абылай ханның асына пара-пар. Ет тау болады. Қымыз көл болады. Күрес, сайыс, ат ойындары. Аламан бәйге өтеді. Бүкіл Қазақстан қатысады. Шет жұрттар да келуі мүмкін. Біздің Шұбартау ауданы үй қамдап, сойыс әзірлеп  ат жаратып, балуан баптап жатыр. Басшылар қыздың өңдісін, жігіттің өнерлісін іріктемек көрінеді. Ал өздері түгел аттанады. Той! Абай тойы! Барған – бақыт, бармаған – арман. Бірақ тәуба! Кім ойлаған, дүние қайта айналады деп. Енді міне! Абайдың өзінің тойы өткізілмек!»

Мән берсек, бұнда – бес жасар баланың көзімен көрген сәт қана емес, ұлттың ұлы перзентін ұлықтауға орай туған рухани сілкініс, жадының жаңғыруы, шынайы тағзымның көрінісі тұр. Естелікте айтқан төбе басындағы көрініс, жайлаудың бір түкпірінде, өзімен-өзі оқшау жатқан бір шағын ауылдағы осы көрініс арқылы автор поэзиядағы құбылысқа айналған Абайды таниды. Әкесінің көзімен. «Енді Абайды бүкіл дүние танығаны ғой» деген әкесінің сөзі – оған рухтың қайта оралуындай әсер еткен. Баланың көз алдында әкесінің Абай өлеңдерін құран оқығандай мақамдап оқуы – поэзияны үлкен дәрежеге көтеру, сөздің киесі мен шындығына тағзым сияқты қабылданған. Елестетіп көрсеңіз, Абай сөзін жай өлең, әдеби туынды емес, рухани мәтін ретінде көрген Мағауиннің әкесі оны оқыған кезде Жаратушыға жалбарынғандай әсер қалдырған, содан да балаға бұл қатты әсер еткен. 

Мағауиннің Абай жайлы естіген-білгені кеңірек болатындығының тағы бір себебі – ол көп әңгімені кішкентай күнінде әкесінен естіген, атасынан жеткен естеліктер тағы бар. Мағауияның әкесі Құрымбай Бітенұлы (1830-1902) деген ақсақал Абаймен жақсы таныс-біліс, тіпті кейін сыйластықтары жарасқан дос-жар, ағалы-інілі адамдар сияқты болған. Оның бір себебі  Абай Бақанастың бойындағы жайлауға қызыққанда, Құрымбай оның бұл қалауын орындаған екен. Міне, осылай әкесінің естелігі арқылы Абайды ерте таныған Мағауин кейін сол тағзымы арқылы өсе берді, іші кеңи түсті. Абай шығармаларының ұлт рухының, тарихи зерденің, сөз киесінің тағдыры екенін ұқты. Мына кітапта да Мағауин Абай арқылы тұтас қазақ руханиятының шынайы өлшемін іздейді. Абайдың сөзі – тарихи құжат қана емес, метафизикалық тірек, оны сақтау керек, Абай сөзін сақтау – уақытқа қарсы тұру, ал сол сөздің киесін бұзбай жеткізу – болашаққа аманат қалдыру деген ой айтады. Абай шығармаларын жүйелеп, халыққа жеткізуде Әуезовтің еңбегі жайында Мағауин ерекше ықыласпен жазып отырып, Әуезов  абайтанудың бастауы ғана емес, оның шекарасын да белгілеген тұлға деп, Әуезовті зерттеуші немесе ғалым ретінде емес, тарихи миссиясы бар адам ретінде көреді. Себебі Абайдың сөзін сақтап қалу – ол заманда тек ғылыми емес, саяси да тәуекел болатын.

Қазір де біз Абайды оқимыз. Өзімізше. Тиіп-қашып деуге болады. Сирек. Көбіне мектепте не студент кезде. Кішкентай балалар өздерінен он есе үлкен өлеңдерді жаттап байқауларға қатысып, судыратып оқып жатады. Әрине, оқи берсін, бәрі сыйымды, бүгін ойында қалады, ертең жүрекке жетеді. Бәріне уақыт керек. Абайды оқу – оны түсіну емес, қабылдау, бұл жерде «ақылды ойға шомдыру» емес, «жүректі сонымен тербету» маңызды. 

«Абайдың суретіндегі» 87 бетте «Абайдың белгісіз әңгімесінде» Мағауин текстологиялық тазалыққа шын мәнінде не қажет екенін көрсетеді. Мағауиннің баяндауында Абайдың әр сөзі  тек көркем тіркес емес, ол – бір кезеңнің, бір ұлттың жан күйі. Оның ойынша бұл шығармаларды өңдеу, түзету әрекеті – тілге араласу ғана емес, сол кезеңнің дүниетанымына араласу, өйткені, тілді біледі, салыстырады, бәрін көріп отыр. Сондықтан автор өз ойын үлкен жауапкершілікпен айтады. Бұл жерде сөзге емес, сөздің артындағы рухқа деген құрмет басым. Бұл жерде ақиқатқа жету үшін тек білім жеткіліксіз, бұл  сана, таным, ішкі рух тазалықты қажет ететін іс. Демек, Абайды түсіну деген –  оның тілін білу ғана емес, дүниеге оның көзімен қарауға тырысу. Сол арқылы өзіңнің адами табиғатыңды көру. Содан да Абайдың «көлденеңнен қарағанда қисынсыз» көрінетін тіркестерінің өзі – оның дүниетанымының коды деп қарайды. Оны бұзу немесе өзгерту – терең мағынадан айырылу, сол арқылы бүкіл мәтінді рухани тұрғыдан кедейлендіру. Бұл  философиялық тұрғыдан алғанда болмысты бұрмалау. Міне, осыдан да Мағауин еңбегінде Абай текстологиясына үңілу – ұлт жадын сақтау болып шығады. Мысалы, «Еңлік-Кебек» шығармасына қатысты өз пайымын жеткізе отырып, автордың әрбір сөзіне, әрбір үзігіне үңілген  әрекеті тұтас ұлттық болмысты қайта қарастыруға жасаған қадам сияқты. Осының бәрі Абайдың санадағы бейнесінен, қабырғадағы бейнесінен шығып отыр ғой. 

Абайдың дидары

Тұрсынжан Шапайдың «Абайдың дидары» атты ертеде жазған дүниесін қайта оқып шықтық. Бұ кісі қызық жазады ғой, күліп отырып қалай күрсінгеніңді байқамайсың. Ия, Тұрсынжан ағамыздың Абай жайлы жазғандарын оқып отырып, автордың  философиялық-эстетикалық пайымын байқаймыз. Жанрын әркім әртүрлі бағамдар, біздіңше бұл кәдімгі ой-толғау. Айтылып отырған мәселе бір ғана портрет төңірегінде емес, тұлғаны тану мен ондағы ерекшелікті табудағы рухани әдіске қатысты. 

«Ендігі қалғаны Абайдың бейнесіне бірдеңе айту ма» дейтіндер табылады. Бұл жерде әңгіме ақынның құдай жаратқан бейнесін сөз қылу емес, оны шынайы беру, оқырманға одан сайын жақындата түсу мәнінде айтылып отыр. (Бізде әдетте ұлы адамдарды тым періште қылып көрсету бар. Шығарма жазсақ та, кино түсірсек те, тым идеалдандырып, оны бар адам дейін десең ондай адам болуы мүмкін емес сияқты, жоқ дейін десең бар екені анық, әрі-сәрі қаласың. Содан да біздің ұлы тұлғаларымыз тірі рух емес, музей экспонатына көбірек ұқсайтын сияқты). 

Сосын біз де Абай бейнесіне көз тоқтаттық. Ес жиғаннан мектеп қабырғасындағы портреттерден, оқулықтардан көріп келе жатқан, көпшіліктің санасында орныққан – дөңгелек жүзді, сабырлы, салмақты қария ғой. Бірақ автор Тұрсынжан Шапай осы бейнені біртүрлі қомсынатындай көрінеді. Неге? Өйткені оның ойынша осы біз көріп жүрген, қолдан салған суреттерде, мүсіндерде әлде театрлық бейнеде ақынның рухани болмысы, сезімдік күйі, ішкі әлемі көрінбейді екен. «Суретші, мүсінші, актер, әнші, киношы... алдымен Абайдың өз сөздеріне бойласын. Сосын, міндетті түрде, Абай туралы естеліктер мен аңыздарды оқысын! Фотосуреттегі бейтарап кескіннің рухани мазмұнын солардан ұстасын. Мәселе, суретшінің шеберлігінде ғана емес, өлеңдегі анық, Абайды түсінер парасатта жатыр. Біздің суретші-драмашы-режиссер-мүсіншілер үшін Абай – ресми данышпан, ұлылық тұғырындағы сезімсіз келбет. Абайдың мәңгілігі – тұғырдағы мүсіннің мәңгілігіңдей өмірсіз, суық, жансыз. Қоланың, тастың мәңгілігі... Ескерткіштің, алыстаған сайын қарауытып, бедерсіз сұлбаға айналатын күңгірт-сұр, мағынасыз тұрпаты...», – дейді Т. Шапай. Абайдың бет-бейнесі жайлы мәселе – бұл жеке сурет мәселесі емес, ұлттың өзін тануы, жадысын сақтау, қасиетті бейнелерге құрметпен қарау туралы мәселе. Автор Абайдың ресми бейнесі мен оның шын келбеті арасындағы алшақтықты  ұлттық санадағы түйткіл ретінде көріп отыр, соған қынжылып отыр. «Абайдың барша жұртқа әйгілі «ресми» портреттеріне зер салыңыз – тақия киген, жүзінде ой белгісі, сезім нышаны жоқ, стандартты егде» – деп, осы қалыптасқан бейненің шынайы Абаймен байланысы мардымсыз екенін ашып көрсетеді. 

Абайдың бірнеше суретін салыстырып қайта қарадық, өзімізше Т. Шапай байқағанды байқағымыз келгені ғой. Қараған сайын автордың айтқаны, яғни, Абайды тек қартайған, ойға шомған философ етіп көрсету – оның шығармашылық табиғатын біржақты, үстірт қабылдауға жол береді, мұнда суреткер емес, «моралист» Абай басым түсіп кеткен деген ойы көкейімізге қона берді. 

Даусыз, портрет – оқырман қабылдауына әсер ететін алғашқы кілт. Сол кілт арқылы авторды тануға жол тартамыз. Әліппені ашқаннан бүкіл оқу процесінде Абаймен алғашқы танысу – сол «өзіне тоқмейіл қарттың бейнесінен» басталады. Автор бұл алғашқы әсер кейінгі танымға терең із қалдырарын еске салады. Осы алғашқы әсер оқырманды өмір бойы ақынның тек сыртқы бейнесі мен ұстанымына қарап бағалауға итермелеуі мүмкін. Сосын Толстой образына жасалған шебер параллель арқылы мынадай ой айтады: «Мәселе, Толстойдың бір құшақ сақалында да емес. Өңменіңнен өте, тереңіңді тергей тесілген көздерінде» – дейді. Енді Толстойға қараймыз, ана суретін, мына суретін... Рас, Толстойдың портретіндегі көзқараста – рухани тереңдік, көрегендік, адам жанының сырын ұғуға деген талпыныс бар екен, ол көрінеді екен. Сол себепті біз Толстойдың сол романдарды жазғанына еш күмән келтірмейміз. Ал Абайдың портретінен ондай интеллектуалды, ішкі мазмұнды, мазасыздықты көрмейміз. Яғни, проблема тек сыртқы ұқсастықта емес, рухани сәйкестік пен портрет арқылы берілетін ішкі күйде жатыр. Бұған ақын кінәлі емес, өмірінде түскен екі-ақ фотосуреті бар. Соның өзінде біз: «Абайдың әлгі айтқан «ресми» бейнесіне табынудан көз ашпай, осылай Абайды рухани-философиялық күрделіліктен айырып отырғанымызды аңғармаймыз.

Сонда автор Абайды қалай, қандай бейнеде көргісі келеді? 

Автор Абай бейнесіне қатысты мәселеге жеке пікір ретінде емес, жалпы еуропалық ақын-суреткер тұлғаларымен салыстыра отырып қарайды. Лермонтов пен Гёте жайлы айтқан мысалдарында да олардың – ішкі дүниенің көркемдік бейнелеудегі күрделілігі портреттерінен көрініп тұрғанын айта келіп, Лермонтовтың 15 портретінде де оның шынайы болмысы табыла қоймағанын, Гётенің 70 портреті бір-біріне ұқсамайтынын айтады. Бұл – шығармашыл, суреткер тұлғалардың бейнесін толық сомдау мүмкін еместігін дәлелдейді. Мұндай бейнелердің әрқайсысы шындықтың бір қыры ғана.

Бірақ...

Абай – от пен суға түскен, өмірдің ащы дәмін татқан, болмыстың түбіне бойлаған адам. Бірді айтып, бірді кетті демеңіз, жалпы көбіміздің ақын шеккен қайғы туралы түсінігіміз де қызық, бізге салса ұлы адамдардың өміріндегі қиындықтар, жан азабы көбінесе «қираудың алапат көрінісі» ретінде сипатталады. Негізінде қайғының табиғаты тұтасымен жаман емес, кейде ол ойшылдың санасын ашатын – көркемдіктің көзі, ал жан азабы – біртіндеп ұғылатын рух биігінің белгісі болуы мүмкін ғой. Сондықтан да ұлылардың бұралаң жолы, сол жолда сүрінуі, адасуы  сол рухтың толық көрінісі болмақ. Біз қазір түсінбейміз, біздің шенеуніктер де: «Абай өзі Құнанбайдың баласы болады, ішкені алдында, ішпегені артында болып тұрып6 неменесіне азап шегеді» деп ойлауы мүмкін. Олар Құнанбайдың баласы болса, мына дүние үшін уайым жемей-ақ  жатар еді. Көп үшін қайғы шегу, көптің мұңын сезіну миллиондардың біріне жазылған, және эстетикалық қабылдауда бұл  кемшілік емес, мазмұн.

Ақын «көк тұман» ішінен үміт сәулесін іздейді. Өлеңінде бұл  нағыз данышпанға тән мазасыз әрі жанкешті көру қабілеті көрініп тұр. Оның рухы – арман мен күйініштің, өмірге іңкәрлік пен одан шеттеу сезімінің синтезі. Автор үшін Абай ақиқатқа ынтыққан күрескер жан, ал бұл бейне мектеп оқулығындағы  дидарынан әлдеқайда күрделі, терең әрі шынайы. Абайдың жанары өткенді де, бүгінді де, келешекті де қалт жібермейді.

Өзінің өлеңіндегідей. Ол келешекке үңілгенде:

 

Көк тұман – алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.

 

Ол күндер – өткен күнмен бәрі бір бәс,

Келер, кетер, артына із қалдырмас.

Соның бірі – арнаулы таусыншақ күн,

Арғысын бір-ақ алла біледі рас.

 

Ақыл мен жан  мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы  – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі...

 Ақын өлеңіндегі осы маңызды идеядан  бейне мен рухтың сәйкестігін іздеген автор үшін суреттегі бейне – оның ішкі мазмұнын, жан әлеміндегі тербелістерді жеткізуі керек еді,  дидарында ызалы-қамырықты аңсар мен қасіретті де қайратты рухтың ізі көрінуі керек еді. Жаны тыныш, мыңғырған малы мен ойын-сауығынан басқа уайымы жоқ, жайбарақат, бейқамдықтың емес, ішкі арпалыс пен қайғы-қасірет шеккен адамның дидары көрінуі тиіс еді. Жоқ, бұл жерде біз данышпанның шырайы – толайымен мазасыз шындық дегелі отырғамыз жоқ,  ол – бұл дүниеден қайырылмастай түңілмеген, қайта оны сүйіп отырып, оның дертіне ем іздеген тұлға ғой. Сондықтан да, оның шын бейнесінен осы көрінуі керек-ті. Ал автордың көзіне Абайдың қазіргі таңдағы «ресми» бейнесінен шынайы эстетикалық төңкеріс емес, дін иесіне тән тоқмейіл сабыр көрініп,  тіпті тасадан қараған беймәлім әулиені еске түсіреді. «Менің «портретімдегі» Абайдың дидарында сөнген жанартаудың алыстан көз тартқан тынық көркіндей «классикалық» салқындық жоқ – тұсындағы қайғымен қарауытып, тіршілігіндегі көздің ащы жасы, жүректің ыстық қанымен буырқанып тұр. Абайдың дидарында кешегі айтқаны бүгінге дөп келген Шыншылдың шырайы мен салтанаты бар. ...Ал, мына суреттегі әулие кім?...» дейді Т.Шапай.  Шын ғой,  нағыз эстетикалық әсер – ұлы адам бейнесіндегі жарық пен көлеңкенің, қуаныш пен азаптың, рух пен дененің тартысынан туады. Ұлылықты мойындау – оны пенделікпен безендіруді емес, сол пенделікпен күрескен тұтас болмысымен қабылдауды қажет етеді.

Абайдың мәңгілік келбеті – сөзінде екені мың мәрте айтылған шығар. Бірақ сол сөздің иесін көзбен көрмекке талпынған ұрпаққа әсер етер жаңа бейне қажет. Ол бейне – жалған пафостан ада, рухани тереңдікті бейнелейтін шынайы кескін болуы тиіс. Сіз осыған келісесіз бе?


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар