Кітап оқымайтын «батыр»
Біреу,
Оның миссиясы,
Тек іреу.
«Ақын-жазушы,
Керек емес» дейді!
Олар сөз қазушы,
Әшейін елес дейді...
Шетелді білем,
Марк Твен,
Кеңкелес дейді.
Шекспир
Түбі түскір,
Кете қойған бел-белес дейді...
Сөз қозғасақ әріден,
Ғабит, Ғабиден.
Масыл екен,
Бүгінгі жазушылардың,
Көздері жасыл екен,
Өзі ғана,
Маржандай асыл екен!
Олар президентке,
Кіріп барады екен,
Сөйтіп кезексіз,
Пәтерін алады екен,
Жазғандары,
Іріп барады екен,
Ал халық байғұс,
Далада қалады екен...
Ереуілге шықпайды екен,
Көз жастарын сықпайды екен,
Ақша тапса көшеден,
Бюджетке тықпайды екен,
«Жазушылар керек емес!»
Осыны ұқпайды екен,
Таспен бір ұрсам,
Қорқып, бұқпайды екен...
Кітаптары жарамайды түкке,
Деп жаза салды,
Фейсбукке...
Ойпырмай,
Осылай...
Ақын-жазушыларға,
«Оптом» ор қазып кетті!
Бір оқырман:
«Жынды ма?» деп,
Кенеттен азып кетті...
Жазғыштың көмейінде,
Тақылдаған таңдай жатыр,
Кітап оқымайтын,
Көңілге тоқымайтын,
Ештеңе шоқымайтын,
Бұл өзі, қандай батыр?
Өтірік айтсам, өліп кетейін!
Біреу байлығымен мақтанады,
Құдайдың «құдасымын» деп,
Құлап қалуға шақ қалады...
Халықтың несібесін жеп,
«Бұйырғаны» деп ақталады,
Біреу кресломен мақтанады,
«Охо-хо, хо-хо! деп шаттанады.
Тоқалына пәтер сыйлау үшін,
Астанаға асығып аттанады...
Біреу коттеджімен мақтанады,
«Өлмеймін» деп өзінше баптанады,
«Ақша, ақша, ақша!» деген сөздер,
Жүрегінде өлгенше жатталады.
Кедей макоронмен мақтанады.
Айлығым азаймасын деп,
Күнде дұғасымен сақтанады,
Президент жұртыменен,
Қомағай ұртыменен,
Жылмағай мұртыменен,
Бір кемпір,
Құртыменен...
Алаяқ алдауымен,
Дуакеш арбауымен,
Ток өзін тұйықтаумен,
Кей депутат ұйықтаумен,
Бәрі-бәрі мақтанады,
Министр екен кешегі,
Ұры болған Тоқтарәлі...
Ал мен ар-ұятқа аттанам,
Мен тек Адам екеніме,
Бәріне адал екеніме,
Өтірік айтсам, өліп кетейін,
Кәдімгідей мақтанам!
