Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Нагиб Махфуз. ҚАНДЫҚОЛ (Мысыр жазушысы)...

Нагиб Махфуз. ҚАНДЫҚОЛ (Мысыр жазушысы)

23.12.2025

4788

Нагиб Махфуз. ҚАНДЫҚОЛ (Мысыр жазушысы) - adebiportal.kz

Не істеуі керек?! Түрмеден шыққалы бері тіленшіге айналғандай, қалтада көк тиын жоқ, жұмыс түгілі, үміт те жоқ. Түрмеге түсуі бірінші рет емес, соңғысы да бола қоймас. Тіпті оны тірлік тізімінен сызып тастағандай. Үміттенгендерінің бәрі теріс айналған. Кімге барса да, жұмысқа алмады. Ақыр-соңы гашиш сатушылардың өзі оған күдіктене қарады. Күндер өтіп жатты, ол болса, құлдырай берді, құлдырай берді. Діңкелей сүйретіле жүріп, бұрынғы тамыр-таныстықтан дәмелене, кофеханаларды жағалаған, бірақ бәрі бос әуре болып шықты; оны бәрі ұмытыпты, ешкім сөйлеспеді, ешкім жанына жақындамады. Тек өңменінен өте қараған суық көздерді көрген.

Кейде әлдебір даяшы бозбаланың жүрегі жібіп, жұртқа сездірмей, бірер түйір гашиш әкеп беретін. Сондай кездерде тәтті түске еліткен бұл байғұстың көз алдына аста-төк ас, ағыл-тегіл шарап, сұлу әйелдер елестеп, – осыдан ширек ғасыр бұрын ба, әлде одан да көп уақыт бұрын ба, – әйтеуір баяғы бір кездері шағын кафеде ребаб сүйемелдеуімен естіген, бұл күнде ұмытылып үлгерген сиқырлы ертегілердегі бейнелер көлбеңдейтін. 

Үсті-басы кірлеп, сақал-шашы өсіп, түте-түте галабеяны ғана жалаң киген ол шешесімен бірге Каирдегі ең көне кварталдардың бірі – Хусейниядағы иісі мүңкіген қуықтай үйшікті паналайтын. Сал ауруына шалдығып, қайыр-садақамен жан бағатын соқыр шешесі ұлының бар-жоғын да білмейтін секілді. Оның өзі де түн жамыла үйіне оралған кезінде шешесіне көңіл аудармайтын.

Оның бар алаңы: «Не істеу керек? Қайда баруым керек?» – деген ой еді. Бұрынғы өмірі қайнап жатушы еді-ау; әуелі жүк тасушы болған, содан кейін гашиш таратушыға айналды, одан соң ұрлыққа кірісті. Қаншама төбелес бастан өтті десеңші! Түрмеге де бірінші жолы төбелес кесірінен түскен. Қазір жасы қырыққа толса да, бұлт-бұлт ойнаған бұлшық еттері қандай жүгіңді де қаңбақ құрлы көрмес еді, бірақ бұл бір тілім нанға бола тіленіп жүр.

Ол түрмеден үшінші рет шығып отыр, бірақ мына өмір бұған дейін ешқашан дәл осы жолғыдай қатыгездік танытпаған екен. Баз кешіп кеткен кейбір сәттерде көңіл түпкіріндегі әлдебір дауыс түрмеге қайтып оралып, қалған күндерін сонда өткізуге кеңес беретін. Өзі түрмеге алғаш түскен кезінде баласы қайырымдылық ауруханасында көз жұмған еді. Екінші рет қамалғанда әйелі кетіп қалған, содан бері әйелінің қайда екенін, кіммен жүргенін де білмейтін. Бұл үшін әйелін кінәлаудың не жөні бар? Түрмеге байланып қалғандай көрінетін адамды ақ-адал жар боп күте алатын әйел кемде-кем шығар.

Бұл бейбақты қайтадан адам қатарына қоса алатын тылсым күш бар ма өзі? Шынымен-ақ мына дүниеге білектілер керек болмағаны ма? Шынымен-ақ бұл үшін бәрінің біткені ме?!

Тектен-тек көше кезіп жүрген күндердің бірінде әлдебіреу оған:

– Әй, Байюми! – деп дауыстай үн қатты.

Кенеттен қамшы тигендей шошына жалт қараған. Әйтеуір біреуге керек екен-ау. Ауызы жайыла, арсалаңдай ыржиған Байюми өзін шақырған адамға асыға жақындап, қолын сүйе бастады:

– Амансыз ба, амансыз ба, мәртебелім, амансыз ба, ардақтым, өзіміздің Әли Рукн Сейд мырзаға сәлем бердік...

Анау қолын қағып жіберіп:

– Бос сөзіңді қоя тұр! Түрмені сағынып қалған жоқсың ба, соныңды айт одан да!

– Өзіңіз сияқты кісілер болмаса, – деп жәреукелене бастады Байюми, – шынымен сағынып қаласың ғой...

– Тағы оттап кеттің ғой!

Күймесіне беттеген Әли мырза қолымен нұсқап, Байюмиге қатарласа отыруға бұйырды. Ол өз көзіне өзі сенбей қалса да, маңызды бірдеңе күтіп тұрғанын бірден сезіп, көне кетті. Мырза делбені қағып қалып еді, аты көпірді шаңдата, желе жөнелді. Жан-жағына қатулана қарап өткен Әли Рукн:

– Сен Абд ас-Самад әл-Хаббани қажыны өлтіре аламысың? – деп оқыс сұрады.

Таңғалған Байюмидің бет-ауызы сопиып кетті.

– Өлтіру ме? – деп міңгірледі сосын.

Әли Рукн өз сөзіне еш мән бермегендей:

– Иә, – деп жайбарақат айта салды.

– Мен кісі өлтіріп көрмеп едім.

– Онда бара бер, – деп суық тіл қатқан Әли Рукн делбені тартты.

Бірақ Байюми орнынан тапжылмады. Іле:

– Сіз төлейсіз бе, мырза? – деп өңі күреңіте сұраған.

– Мен төлеймін бе, Махмуд мырзаның өзі төлей ме, шаруаң қанша? – деп мырс еткен Әли Рукн делбені босатыңқырай ұстады. 

– Махмуд мырза – ірі адам! Фабриканың иесі де, гашиш сатушылардың ең ірісі де – сол. Ол өзіне де, өз адамдарына да ешкімнің күдіктенбегенін қалайды. Ал үлкен шаруаны ақылды адам ғана тындыра алады.

– Мен Махмуд мырзаға да, сізге де қызмет етуге әзірмін ғой...

– Жә, мыжи берме. Абд ас-Самадты өлтіруге келісесің бе?

– Қазірден бастап жұмақта жатыр деп есептей беріңіз, – деп суық жымиды Байюми.

– Тозаққа түссе де мейлі, сені де ала кетсін тіпті!..

Байюми бұл сөзді әшейін әзіл деп қабылдап, тағы ыржиған; Әли мырза:

– Сен түрмеден шыққалы ақша көрмеген шығарсың? – деп жалғастырды.

– Иә, бұрын да көргенім шамалы.

– Елу гинея.

– Елу ғана ма?

– Соңғы баға осы.

– Кісі өлтіргенге ме?!

– Сен не, сенімен саудаласып тұрады деп ойлайсың ба? – деп жақтырмай қалды Әли Рукн.

– Ақшадан қатты тарығып жүрмін, қолымда кәрі шешем де бар.

– Шеше! – деп қайталаған Әли Рукн қарқылдай күлді де, қалтасынан бес гинеялық ассигнация алып шығып, Байюмиге қарай созды.

– Мә, кепіл ақшаң.

Ақшаға қадала қараған Байюми:

– Жоқ, сіздің ар-ұятыңызбен ант етейін, мырза, бұл аз, – деп шыр ете түсті.

– Жарайды, кепіл ақшаң он гинея болсын, –  деп келісе кеткен Әли Рукн көзін сығырайта, қатулана сөйледі: 

– Сен не, бізге сенбей тұрмысың, ақымақ?

– Жоға, о не дегеніңіз, мырза. Бірақ мына өмірдегі ақырғы алашағым осы болуы да мүмкін ғой...

– Қашан тындырасың оны?

Байюми ойланып қалды.

– Бір жұма уақыт беріңіздер... Бір жұмадан кейінгі сенбі күні.

– Оның болмайды.

– Бірақ, мырза, күдік тудырмау үшін жоспар құрып, бәрін дұрыстап дайындауым керек қой. Тым болмаса, бір жұма адам сияқты өмір сүргім де келеді. Кім біледі, бұл соңғы жұмам болуы да мүмкін ғой...

Бес гинеялық тағы бір қағазды алып шыққан Әли Рукн екеуін де Байюмиге созды.

– Шаруаны созып жіберсең, не болатынын білемісің? – деп сұрады ол.

Ақшаны бүктей бастаған Байюми:

– Неге білмейін, Алланың қаһарына ұшыраймын ғой, – деп күлді.

– Қандай жағдай болса да, біздің ешқайсымызға жақындаушы болма, – деп ескерткен Әли Рукн делбені тартты.

Секіріп түсіп, кетіп бара жатқан күйменің соңынан үміттене қараған Байюмидің: «Әли Рукн бұрылып қарар, қол бұлғар», – деген дәмесі желге ұшты.

Ақшаны сығымдай қысқан Байюмидің көз алдында дүние шыр айналды. Ол ешқашан осынша ақша ұстап көрмеген еді... Адам өлтіріп те көрмеп еді. Төбелескені де, ұрлық жасағаны да рас, бірақ адам өлтірмеген. Кей кездері өмір өлімнен бетер қатыгез көрінсе де, ол бәрібір өмірді сүйетін. Бірақ бұл туралы ойлай бергеннен не пайда бар, бұрын адам өлтірмесе де, енді өлтіреді. Әрине, мейлінше сақ болуы қажет. Әр адымын есептегені жөн. Ертең қалай болса да, сол үшін тағы қырық гинея алатыны анық. Ол соншама ақшаны армандап та көрмеген. Бәлкім, Махмуд мырза мұның әлдебір саудамен айналысуына да көмек берер. Онда арманының бәрі орындалар еді-ау.

Ол әуелі үйреншікті кофеханасына соғып, ондағыларға басқа қалаға жұмысқа кететінін жеткізді. Кофеханада отырғандар бұдан ақыры құтылатындарына қуанып:

– Жолың болсын, бар, бар! – деп бір кісідей шулады.

Шығып бара жатып, Байюми: «Нағыз өлтіретін адамдар сендерсіңдер ғой», – деп ойлады. Содан соң базар моншасына беттеді. Кір-қожалақ боп кірген ол өзін қайтадан адам сезініп шықты. Базардан іш киім, жаңа галабея, етік сатып алды, бірақ жалпиған аяғына бәтеңке таба алмады. Бұдан кейін мейрамханаға барып, даяшыны таңғалдыра ішіп-жеді. «Шіркін, ешкімді өлтірмей-ақ, үнемі осылай өмір сүрер ме еді!» – деп ойлады Байюми.

Ол Абд ас-Самад әл-Хаббани қажыны бірер рет қана көрген еді, оның өзінде де, үстірт көрген. Енді қажыны жете тануы қажет болатын. Байюми Абд ас-Самад тұратын Дарб әл-Гамамиздегі ескі болса да, зәулім үйге бет алып, үйдің маңайын барлады, содан кейін қажының Мабъядадағы кеңсесіне бет түзеп, оны да бірнеше рет айналып өтті. Қажыны жақыннан мұқият көріп алудың сәті түсіп, оның түр-тұлғасын, әсіресе жылы шырайлы томпақ жүзі мен өзіне әдемі жарасатын киімін есіне жақсы сақтап қалды. Бір рет көздері түйісіп қалып еді, Байюми көзін ала қашты.

«Абд ас-Самад қажыны Махмуд неге сонша жеккөреді? – деп қайта-қайта ойланды Байюми. – Бұл адамды неге өлтіруге тиіс екенін Байюмидің білуге хақы жоқ па?» Бірақ бұл туралы сұрайтын болса, жауап орнына таяқ жейтіні сөзсіз. Ал ана қаныпезерлер жұртқа ойына келгенін істейді. Ол қайда барса да, барлық жерден Махмудтың қолшоқпарларының бірі кезіге кететін.

Кешкісін Байюми коньяк ішіп алды да, циркке барды, содан соң жақсы қонақ үйге қонды. Осы үшін ешкімді өлтірмей-ақ, үнемі осылай өмір сүрудің кереметтігі жайында тағы ойланды. Ол қайтадан үйленер еді-ау, дүниеге ұл-қызы аралас балалары келер еді... Сауда жасап, табысқа кенелер еді... Ал өзін ертең не күтіп тұр? Бұған дейін не көре қойып еді сонша? Кіп-кішкентай кезінен бастап, шаңы бұрқыраған тар көшелерде жартылай жалаңаш күйі мөлтеңдей жүгіріпті, содан кейін ұры-қарылардың тобына қосылып, талау-тонауға, төбелеске араласыпты немесе бір тілім нан табу үшін гашиш сатпақ болып, түнге қарай кофеханаларды жасырын жағалапты... Сонда не көрді ол, енді не күтіп тұр?!

Келісілген сенбі де жетті. Өміріндегі ең қауіпті күнге іштей қамдана, Байюми ерте тұрды. Бір қалтасына – бір кесек салқын ет, екіншісіне бір шиша коньяк салды да, қойнына өткір пышағын жасырды. Бұл күні Махмуд пен оның адамдары өздеріне күдік туғызбас үшін кеңселері мен дүкендерінен ұзамай, жұрттың көз алдында болуға тырысады. Ол мұндай қулықтарды жақсы білетін. Қасиеттен жұрдай бұл бандиттерден қырық гинея немесе... ту сыртынан соққы аларын да білетін.

Байюми Абд ас-Самад қажының үйінен бірнеше адым тұстағы ағаш тасасында тұрып, өз құрбанын аңдуға кірісті. Есік ашылып, үйден оқушы сумкасын ұстаған екі ұл мен қыз бала шықты. Үш бала бір-біріне ұқсайтын, дегенмен үлкен ұлдың Абд ас-Самадқа қатты ұқсайтыны көзге ұрып тұр еді. Сол мезетте Байюми өз ұлын ойына алды, баласынан айырылған кезде қалай қайғырғаны есіне түсті.

Аулаға Абд ас-Самадтың өзі де шығып, таяғына сүйене тұрып, мұртын ширатты. Арт жақтағы біреумен сөйлесті, бірақ оның кім екенін Байюми көре алмады. Абд ас-Самад әлгі адамға қол бұлғады да, баптана аяңдап, көшеге беттеді. Оның томпақ жүзінен тоқмейіл күлкі аңдалатын. Жайдары кейпінен шуақ төгілген мына адам Байюмиге жайсаң жандай көрінді. Бірақ оның да басқалар тәрізді еместігін немен дәлелдемексің? Өз жақындарымен бәрі де мейірлене сөйлесетіні белгілі ғой. Солардың бір мысалы түрме бастығы емес пе? Ой, Алла-ай! Сондай сұмырайды қалай ұмытарсың! Бір жолы Байюми оның өз баласымен қалай ойнағанын байқап қалған, сол кезде олардың алғаусыз көңілдене күлгені сонша, түрме бастығы оған жап-жақсы адамдай көрінген...

«Осының бәрі тезірек бітсе екен!» – деген бір ғана тілек ойынан шықпай, өне бойы дірдектей толқыған Байюми Абд ас-Самадты алыстан баға, соңынан ілесті. Абд ас-Самад жайбарақат кетіп бара жатты. Ол өзінің отбасын, балаларын ендігәрі ешқашан көрмейтінін, осы күн өмірінің соңғы күні боларын, өзінің ендігі тағдыры артынан ілесіп келе жатқан және кім екенін де, мына дүниеде бар-жоғын да өзі білмейтін біреудің қолында екенін, бұл адам елу гинеяға бола, оның ажалы болуға келіскенін қайдан білсін? Қызық, Абд ас-Самадтың ақшасы өзі үшін төленген ақшадан неше есе көп екен?!

Төңірегін шолып өткен Байюми: «Мына кісі қайда бара жатыр өзі? – деп ойлады. – Бұл көше оның кеңсесі орналасқан Мабъядаға апармайды ғой. Әне, ол терезесінен әлдебір марқұмды жоқтай зарлаған дауыстар естіліп жатқан бір үйге беттеді. Демек Абд ас-Самад жаназаға келген екен ғой. Қарғыс атқан күн болды-ау!»

Жақындау тұсқа кідірген Байюми жағдайды бақылауға кірісті. Қолы қалтасында жатқан салқын етке ырқынан тыс созылды. Шетінен үзіп алып, шайнай бастады. Коньяктан жұтып жібергісі келсе де, өзін тежей білді, өйткені нағыз қажет сәт туғанша шыдауға тиіс болатын.

Сағат он бірлер шамасында марқұммен қоштасар сәт жеткенін сездіре, үйдегі зарлы дауыстар күшейіп кетті. Марқұмды көшеге алып шықты да, жаназаға қатысушылар қозғала бастады. Көз жасын үлкен орамалмен сүрткілеген Абд ас-Самад қажы саптың алдында еді.

Зар илеген әйелдер, түнере қайғырған ерлер қауымы. Қасыретті көрініс Байюмиді езіп жіберген. Тек зиратқа беттеген жол үстінде ғана сәл жеңілдегендей сезініп, қайтадан өз құрбандығын бағуға көшті. Абд ас-Самад қайта-қайта көзін сүртіп келе жатты. Аналар бұл кісіні өлтіруге неге сонша құмартты екен?

Шіркін, осы Абд ас-Самадтың өзі өліп қалса, ешкімді өлтіру қажет болмас еді-ау! Бірақ онда қырық гинея бұйырмайды ғой, тіпті кепіл ақшаны қайтаруды талап етуі де мүмкін емес пе?!.

Алыстан қорымның қақпасы көзге шалынысымен, жерлеуге қатысқысы келмеген Байюми тоқтай қалды. Абд ас-Самадты күтіп тұрған кезінде оның миында нешетүрлі оғаш ойлар сапырылыса бастаған. – «Қабірші болу да жақсы жұмыс тәрізді. Табысты кәсіп сияқты. Бұл жерде ешкім де өткен өміріңді тергеп-тексермейтіні анық. Ара-тұра гашиш сатып тұрсаң, табысыңды да оп-оңай көбейтуге болады. Зираттар арасында сауда да қызу жүрер еді...» – Байюми кез келген нәрсені ойлай беруге дайын еді, тек өзі істеуге тиіс әрекетті ғана ойлағысы келмейтін.

Абд ас-Самад қажы көрінді. Мабъядадағы өз кеңсесіне бет түзеді. Ол есіктен кіріп кеткен соң Байюми қарсы беттегі шағын кафеге жайғасып, шай алдырды, бірер кесек ет жеп, кеңсені бақылай отырып, кальян шекті. Кенет есік ашылып, іштен біреу шықты. Байюми өз көзіне өзі сенбеді, – бұл Абд ас-Самадты өлтіру үшін ақша төлеген Махмуд мырзаның нақ өзі еді. Қажы қонағын есікке дейін шығарып салып, екеуі де мәз бола күлді. Махмуд күймесіне отырып, кетіп қалды. Демек ол әлі Абд ас-Самадқа дос сияқты көрініп жүр ғой. Не деген ар-имансыз, екіжүзді оңбаған! Иә, оның қаныпезерлігіне шәк келтірмесе де болады. Дәл осы сәтте ол байғұс Байюми туралы ойлап, оған сәттілік тілеп бара жатқан шығар!.. Қандай қатерге бас тіккенсің, Байюми! Бәрі бүгін бітуге тиіс. Ал ертең не болар екен? Орайы келмесе, ашу-ыза мен кектің нысанасына ілігіп, жер бетінен тығыларға тесік таппай қаларсың. Иә, шегінерге жол жоқ, бұл анық; өзі білмейтін және ешқандай өштігі, қастығы жоқ адамды өлтірмек, өйткені басқалар соны талап етіп отыр.

Қашандағыдай, жұмыс соңына қарайғы әдет бойынша, сағат төртте кеңседе қарбалас көбейді. Қол арбалар аулаға кіргізіліп, қызметкерлер тарай бастады, терезелер жабылды да, есіктен Абд ас-Самад қажы мен төрт кісі шықты. Байюми орнынан тұруға ұмсына берген. Бірақ сол сәтте әлгі топтың өзіне қарай беттегенін көрді. Олар кафеге кіріп, жақындау тұсқа жайғасты.

– Мұныңыз дұрыс ой болды. Қайтадан марқұмның үйіне бармай тұрып, осында сәл демалып алайын, – деді қажы.

Табақпен сусындар әкелінді. Бәрі шай, кофе іше бастады.

– Алланың шапағатына бөленуді нәсіп етсін, Әбду мырза, – деп күрсінді Абд ас-Самад. 

– Бүгін сені жерлейміз деп кім ойлаған!

– Кеше ғана осында бірге отырып едік, – деп сөз қосты қасындағылардың бірі.

– Иә, біз мұнда күнде келетінбіз.

Қажыға жаны аши көз тастаған Байюми оның шынымен қайғылы екенін көрді. Мейлі, ештеңе етпейді, денсаулығы мықты ғой. Мынадай жуан мойын мен анадай дәу қарын қандай қайғыға да төтеп береді... Мұны өлтіру де қиын тимес. Бәрі бүгін кешке, мұның өзі үйіне қайтып бара жатқан кезде бітуі керек...

– Мен ертең Жоғарғы Мысырға баруым қажет пе? – деп сұрады қызметкерлердің бірі.

– Иә, – деді қажы, – бұл келісімнің бағасы алтынмен пара-пар, біз мұндай сәттілікті армандап та көрмегенбіз.

– Мен қанша төлей аламын?

– Негізі, келісіп қойғанбыз, дегенмен жүзге дейін көтере аласың. Кепілі бар келісім ғой.

Осыны айта тұрып, қажының жадырай күлгені сонша, бүкіл қайғы-қасыретін ұмытып кеткендей көрінді.

– Намазға кешігіп қалмау үшін менің кетуім керек.

– Аман болыңыз, – деп жауап қатты басқалары, – ертең бестегі кездесуімізді ұмытпаңыз!

– Иә, бесте. Кешігіп жатсам, алаңдамаңдар, қалайда келемін.

Қажы алдағы уақыт туралы айтса немесе кездесу уақытын белгілесе, Байюми үнемі толқып кететін. Шынымен, бұл кісіні неге өлтіруі керек? Бұл адамды мүлдем білмейді ғой. Ол енді ғана қажыны мұқият қарап өтті. Жүрегінде оған деген ешқандай өшпенділік, ешқандай реніш жоқ екен. Қажыдан ешқандай қиянат көрмепті. Ендеше неге өлтіруге тиіс? Бірақ олай істемесе, өзін өлтіреді... бәлкім, мына өмір жылы қабақ танытып қалар... Оның үстіне, уәде берді ғой... Ең дұрысы – ештеңе ойламау... Бәрінің сәтті боларына сену керек. Кім бұдан күдіктенбек! Мұның мына адамға өшігердей әлдебір себебі бар ма? Иә, аналар өздерінің қанды істеріне дәл мұны таңдап, ақылдылық танытқан екен...

– Алдағы рамазанда, – деп сөзін жалғады Абд ас-Самад қажы, – көбірек жолымыз болатын шығар. Алла жолымызды оңғарсын...

Алдағы рамазан! Мына адамның дауысын есту қандай азап еді! Бұл дауыс Байюмидің құлағында өмір-бақи жаңғырып тұратын шығар!

– Кешіріңіздер, кететін уақытым болды, – деп қажы орнынан тұрды, – жолыққанша.

Байюми ілесе шықты. Ол шам жарығы түспейтін қараңғы қуысқа бой жасырып, қалтасындағы еттен үзіп жеп, коньяктан аз-аздан ұрттай бастады. Ұрттаған сайын қаны қызып, жүрегі кеудесін жарып шығардай атқақтай соқты. Құлағына Құран оқушының дауысы жетті. Абд ас-Самадтың жұрттың соңын ала шығарына сенімді болғандықтан, Байюми біртіндеп ессіздік жылымына жұтыла, ішіп-жеуін жалғастыра берді. Асықпай, маңғаздана басып, полицей келе жатты. Байюми дірілдеп кетті; өйткені мұны көріп немесе дыбысын естіп қалса, тіпті иісін ғана, иә, қарғыс атқыр түрме камерасын, шелектер мен төсектерді, ұрыс-керіс, төбелестерді бірден еске түсіретін әлгібір ерекше иісті ғана сезіп қалса, полицей бәрін бірден түсінер еді... Полицей жанынан өтіп кетті де, қайтып оралып, мылтығына сүйеніп тұрды, содан соң мылтығын қолтығына қысып алды да, жайына кетті.

Марқұмның үйінде бірнеше адам ғана қалды. Байюми де торуыл орнынан шықты. Оған жан-жағының бәрі қып-қызыл боп көрініп еді.

Жейде ішіндегі пышақты сипап өткен ол Абд ас-Самадтың үйіне беттеді. Дүкендер жабылып, жүріс-тұрыстың бәрі басылған төңірек тып-тыныш болатын. Міне, қараңғылыққа бөккен ұзын әрі тар көшенің шетіндегі таныс үй де көрінді. Байюми тоқтай қалды. Бұл жерден бәрі алақандағыдай көрінетін, ал оның өзін қараңғылық тасалап тұрған. Ол кеуде тұсындағы пышақты тағы бір сипап өтті. Уақыт та байланып қалғандай, жылжыр емес.

Түн түскенін хабарлай, ескі сағаттың дауысы естілген сәтте алыстан Абд ас-Самад та көзге шалынған. Бірақ ол жалғыз емес еді. Байюмидің жүрегі дүрсілдей соқты. Қажыны дәл осы сәтте өлтіре алмаса, онда бұл іске оның өзі де ешқашан тәуекел ете алмайтыны және өз ажалы әр адымын аңди, ізіне түсері анық еді. Абд ас-Самад пен серігі көше ортасына жетіп қалды. Шарасыздана күйзелген Байюмидің көкірек тұсы удай ашыды. Ол амалы таусылғанын мойындай, тығылған жерінен шығуға оқтала бергенде ана екеуі кілт тоқтап, бір-бірінің қолын қысты да, қажының серігі бүйірдегі көшеге бұрылып кетті. Енді Абд ас-Самад жалғыз аяңдады. Байюмидің бұлшық еттері шиыршық ата, екі көзі жақындап келе жатқан адамға қадала қалды. Бір қолына таяғын ұстап, екіншісімен сағатының шынжырымен ойнап келе жатқан қажы баптана адымдап, жақындай түскен. Бет-әлпетінен шаршау мен бейқам сабыр аңдалады.

Міне, ол үй алдындағы қараңғы қалтарысқа кірді, қарауытқан сұлбасы да көрінбестен, түнек ішінде жылжып бара жатқан түсініксіз бірдеңеге айналды. Енді екеуінің арасын бірнеше қадам ғана бөліп тұрған. Байюми пышағын суырып, бар күшімен сығымдай қысты да, құрбандығына атыла ұмтылып, жойқын соққы жасады. Болмашы ышқынғандай дыбыс шығарған қажының салмақты денесі шайқалып барып, сылқ құлады. Үрейі ұша қалшылдаған Байюми марқұмның кеудесіндегі пышағын алуға да шамасы келместен, жүгіре жөнелді. Ол үсті-басының қан-жоса болғанын да аңғармаған…

Аударған Кенжебай Ахметов

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan