Осыдан шамамен үш жыл бұрын болған оқиға, өміріме мұншалықты әсер етеді деп ойлаған жоқ едім.
Мұның бәрі мен осы көше бойындағы бір үйді жалға алып көшіп келген кезден-ақ басталды. Тағдырдың жазғаны болса керек өзімнің шамадан тыс әуесқой, бәрін білгісі келіп тұратын мінезімнің арқасында осындай тосын жайға тап болдым. Сол кезде өзім тұрған үйдің көршілес ауласында тұратын, тағдыры талай теперіш көрген шәлтік шалдың менің өміріме естіген жанды елең еткізер өзгеріс әкеледі деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Мен оны алғаш рет үйінің алдында, ескі орындықта терең ойға батып отырған күйде көрдім. Қабағы кірбің тартып, ретсіз өсіп кеткен қаба сақалы мен татам-тарам қатпарлы тереңдей түскен әжімдеріне қарап-ақ, оның бір кездері толықтан келген кісі екені байқалатын. Көріксіздеу келген бет-әлпеті әлдебір қаһарлы тәңірдің мүсініне ұқсайтын секілді, оған көзі түскен кісінің көңілі құлазып, жүрегін әлдебір жайсыз сезімдер керней түсетін. Жанарында белгісіз мұң ұялаған қария, үстінде өткен ғасырдың елуінші жылдардың үлгісінде тігілген көнетоздау күртемен, иегінің астыңғы жағы салбырап, көзі бір нүктеге қадалған күйі үнсіз ой құшағында отыр еді. Мен көліктен кітаптарымды үлкен етегіммен көтеріп кіргізіп жатқанымда – ол айналасындағы дүниеден әлдеқашан үмітін үзген, енді мына жалғанда қызықты дүниенің бәрі таусылғандай маған селқос бір көз тастады да, қайта сол қалпынша үнсіз жерден көз алмай мелшиіп отыра берді.
Арада бірнеше күн өткеннен кейін, қожайын әйелден шалдың бір кездері әжептәуір суретші болғанын, тіпті қазірде өнерін қолынан тастамай жүргенін естігенде таң қалғаным рас. Алайда мен оны өмірде жолы болмаған, бір кезде мансаптан сәтсіздік көрген шенеунік шығар деп ойлап едім. Кейін мен оны сол көнетоздау күртесінде, өмірінің санаулы күндері қалғандай, өте сақтықпен ауыр басып үйіне не көшенің басындағы азық-түлік дүкеніне қарай бет алғанын жиі байқайтын болдым. Кейде оны махалладағы асханада қолдары дірілдеп отырып тамақтанғаны, қабағының астынан айналасына біртүрлі қырын көз тастап, адамдарға сондай бір суық өшпенділікпен қарайтыны әлі есімде. Япыр-ау, сонда ақ киім жапсаң әруақ боп шыға келетін осы бір қаншырдай қатқан қарияның адамды тұншықтырып, әлсіретіп жіберетін өшпенділігі маған оның бүкіл болмысынан, тұтас жан-тәнінен, қатып-семген тамырларынан, тап бір тікенекті ішіндегі тылсым қамалдай беймәлім қорғанынан буырқанып шығып тұрғандай әсер еткен еді. Неге екенін қайдам, оны көрген сайын көңілім құлазып, жан дүнием алай-дүлей күйге түсетін де тұратын. Дегенмен біз әлі амандық-саулықтан әріге өткен жоқ едік. Сонда да болса маған, ең алдымен, оның түрі ұнамайтын: өзінің шарасыз, әлжуаз, бишара халіне қарамай, адамдарға сондай бір менмендік аралас тәкаппар көз тастайтын озбыр еді. Қысқасы, бір тағы жанның бойынан бәріне жатырқай, көрінгенге күмәнмен қарайтын әдет және ешкімге оңайлықпен сыр аша қоймайтын тұйықтық дағдыға айналған айнымас машығы болатын.
Күндердің бірінде қожайын әйел маған шалға кешкі ас апарып беруімді сұрап өтініш жасады. Шалды көрген бойда көңілім құлазып сала беретін жайды ойлап тұсамда, күтпеген жерден қожайын әйелдің бұйымтайына не айтарымды білмей тосылып, үнсіз келіскен болдым. Мінекей, менің өміріме сұмдық әсер еткен жайдың бәрі осы кездесуден басталды...
Ескі үлгіде салынған, тар табалдырықты есіктен ішке кіргенімде шал кең терассада, шиден тоқылған орындықта еңкейе, алдында тұрған суретке үңіліп отыр екен. Үй сондай салтанатты, кең болғанымен, ол маған әлдеқалай меңіреу, иен тартып, құлазып тұрғандай көрінді. Бағаналары мен терезе жақтаулары шіріп кеткендіктен аулаға тараған аңқымалы сасық әрі жағымсыз иіс адамды тұншықтырып өлтіре жаздайды. Бұл иіс ағаштардан, қар астында қалып, қараусыздықтан қурап кеткен гүлзардан, өңі бозарып, құлауға шақ тұрған үйдің ескі ағаштарынан және дәлізде үйіліп жатқан сан түрлі суреттерден тараушы еді. Ал, кірген бойда бірден қолқаңды қабатын күлімсі иіс қоқыс тасталған шұқырдан келетін. Қиялымның бір шетінде «мына шұқырдағы қоқысты шал өмір бойы жинап келген шығар» деген сұмаңдаған ой сап ете қалмасы бар ма?. Онсызда бұзылған бірдеңе жеп қойған адамдай лоқси жаздап тұрған мен, амал жоқ, шал отырған терассаға бет алдым. Ең сорақысы, ол маған назар аударған жоқ; әлдебір уақыт жоғалып кетіп, қайта оралған бөтен біреуге көзінің ұшымен ғана назар аударғандай, салқын ғана таңырқай бір қарап қойды да, өз ісін жалғастыра берді. Мен оның тосын отырысына қызыға үңілсем, ол бояуы қанық бір сурет салып отыр екен. Шеткеріректе тұрған шағын тақтайшаны әкеліп, шалдың алдына қойдым. Ол мұны да елеген жоқ – сірә, өзіне тамақ әкеліп беруге әбден үйреніп қалған болар. Сонда оның дірілдеген қолдары бояуды бей-берекет жағып жатқанын байқадым. Мен тамақты алдына қоя бергенім сол еді, ол сурет салуын бірден доғарып, аласа үстелге бұрылды да, бояуға малынған саусақтарымен нанды еш қиналмай үзіп алып, аузына салды. Сонда оның жарылып кеткен еріндерінің арасынан шіріген көкшіл тістері көрінді. Міне, дәл осы сәтте мен оның әлдебір қаһарлы тәңірдің мүсініне өте қатты ұқсайтынын тағы да сездім. Ол осы меңіреу салтанатты жалғыз өзі паналаған билеушідей, мейлінше пысылдап, асықпай, шалдарға тән салғырттықпен тамақтанып отыды. Аузының екі жағынан кеспенің сорпасы қайта табаққа тамшылап, басы селк-селк етеді. Жұтынған сайын мойнындағы шиыршық атқан тамырлары білеуленіп, көгілдір тартып, шүңірек көздері шаршаңқы күйде жасаурап тұратын да, ара-тұра оң қолымен қасы түйіскен тұстағы мұрын қырын қасып қоятын. Бұл оған үйреншікті әдет болса керек – әйтеуір жүзінің осы тұсы сан түрлі бояуға малынған еді. Сонда мен, қолымен қасықты әзер көтерген дімкәс қарттың әлсіздікке бой алдырған мүшкіл әрекетіне, ал сол сәтте одан сайын жансыз тарта түскен жүзіне қарап, тамақты жөнді ішуге шамасы келмейтін күйгелек, жүдеу, шәлтік шалдың суретші екеніне мүлде сенгім келмейтін. Сөйтсе де өзімді сабырға шақырып, оған тіл қаттым.
— Суреттеріңізді көруге бола ма? Жиырмасыншы жылдардағы туындыларыңызды айтам? – деп сұрадым, күдігімді білдіріп алмауға тырысып. Шал мейлінше асықпай, алаңсыз асын шайнап жұтты да, маған қарамай, бұл іске оның түк қатысы жоқ кісідей, бір үйінді қоқысты нұсқаған секілді жиіркене кең терассаның алыс бұрышын көрсетті. «Бәрі рет-ретімен жинақталған, сол жақтан басталады», – деді қарлығыңқы үнмен. Жеті қат жер астынан жеткендей суық үнін естіген бойда еріксіз тәнім түршігіп, үнсіз көрсеткен түкпірге қарай бет алдым.
Шалдың жиырмасыншы жылдардағы салған суреттерін осы көшедегі өнерден хабары бар бірлі-екі адам жер-көкке сыйдырмай мақтап еді; музейде жұмыс істейтін досым да оның туындылары көрмеге қойылғанын айтқан болатын. Әйтеуір не керек, ел аузында оның ол жиырмасыншы жылдары комсомол қатарында жан аямай тер төккен нағыз еңбекқор жан болғаны айтылады; басмашыларға қарсы күресіп, жаңа дәуірдің бастауында белсене атсалысқан елеулі жандардың бірі бопты. Міне осы жиырмасыншы жылдардың дүрбелеңі оны биік асуларға жетелесе, отызыншы жылдардың жөлөкпе желі абройлы қызмет тағына көтерген. Содан зейнетке шыққанға дейін ұзақ жылдар бойы тапжылмай жұмыс істеген көрінеді. Әйтсе де, көптің аузында оның сол кездегі мансабы туралы түрлі өсек жүретін. Шал жұмыстан кеткен соң, міне осы ескі үйге тығылып, біржола ешкіммен араласпайтын бопты. Айтуларына қарағанда, ғұмырының базары өтіп, мазары төнген шақта кезінде өзі жәбір көрсетен жандарды көргісі келмей осылай күн кешуге бел байлаған. Жалғанда жалғыз жұбанышына айналған аяулы әйелі елуінші жылдардың соңында қайтыс бопты, тек жалғыз ғана ұлы бар екен. Табиғаттың заңдылығы сол ма, кім білсін, әйтеуір әлгі ұлының өңі шалдың өзінен де суық еді-ау. Бәлкім, содан шығар оның өскенде басбұзар, құмарпаз, оңбаған, қалта ұрлығын кәсіп еткен әккі болғаны. Ел аузындағы сөзге қарағанда, ол біршама уақыт кісі өлтіргені үшін түрмеге де отырып шыққан, ал қазір күнкөрісіне деген тамағын құмар ойыннан тауып жүрген көрінеді. Табиғатынан өте қызба мінезді жігіт еді. Оны мен бар болғаны екі-ақ рет – көшеден өтіп бара жатып – көргем. Тараған сыбыс сөзден білгенім, қазір ол қаланың бір шетінде жесір әйелмен бірге тұрады екен. Айына-жылына бір рет әкесіне соғып, сол келген жолы да үнемі жанжалдасып кететін. Әдетте ол шалдың қасына бір мақсатпен – тек ақша сұрап келетін; егер бермесе жоқ жерден шу шығарып, тіпті екі рет әкесін ұрып-соққан деседі. Көптің аузынан «шалдың ақшасы бар, бірақ оны ешкімге, тіпті өз ұлына қимайтын өте сараң жан еді», деген сөзді жиі естідім. Қайдан білейін, бәлкім ұлы да әкесі туралы осылай ойлайтын шығар; менің білетінім ол әкесін мүлде құрметтемейтін. Мен оның даусын көшеден өтіп бара жатып жолай естіп қалдым: «Мына дүниенің бірде-бірін енді бермеймін, – деп айқайлап жатқан еді ол қаһарлы дауыста, – егер тауып бермейтін болсаңыз, сізбен бірге үйді де қоса өртеп жіберемін». Содан кейін гүрсілдеген, тарсылдаған дыбыстар, ыңырсыған, жалбарынған үнмен шалдың бірдеңе деп боқтап жатқаны естілді. Кешке үйге келгенімде қожайын әйелден әлгі баланың шалды тағы да ұрып-соғып кеткенін естідім.
Мен шалдың жиырмасыншы жылдардағы суретіне қатты қызығатыным соншалық, шын мәнінде қарияға көз салған сайын оған деген қызығуым мейлінше соншалық арта түсетін болды.
Шалдың терассасы – сірә оған еркін шығармашылықпен айналсатын ұстахана міндетін атқарған болар – алдыңғы жағы әйнектелген, жазда терезелерін айқара ашып, самал желге толтырып салқындатуға болатын, кең әрі жарық бұрыш еді. Десе де, мұнда түрлі қажетсіз дүние-мүлік – жасанды гүлдер, гүлсауыттар, алуан түсті бояулар, сарғайып кеткен кітаптар, от көтеріп бара жатқан бала бейнесіндегі мүсін, тастан қашалған сан түрлі бұйымдар, торлар мен шынжырлар үйіліп жататын; сонымен қоса мұндағы иіс те жағымсыз еді. Расында бұл жер маған терассадан гөрі әлдебір бейберекет қоймаға ұқсап кететін. Терасса ұзын еді. Суреттер салынған жылдарына қарай, тап бір көрмеге қойғандай рет-ретімен тізіліпті. Дәлірек айтқанда, қырыққа жуық қана сурет пен эскиз «1957», «1947», «1937», «1928», «1926» деген тәртіппен орналастырылған екен. Суреттерді аралап келе жатып, өзімді бір сәт белгісіз бір баспалдақпен жоғары өрлеп, әлдебір құпия бекініске – қарттың ғұмыр құпиясы жасырылған қамалға бет алып бара жатқандай сезіндім. Ақыры терассаның бұрышына ілінген ең соңғы суреттің тұсына жеттім.
«1921» деп жазыған екен: мен қарт осы жылдан бастап сурет сала бастаған болар деп ойладым. Сурет шеберлік жағынан әлі қалыптаспағандай көрінгенімен, бояулары қанық әрі айқын еді. Картинада қалың орман ішінен маймылды жетектеп шығып келе жатқан бойшаң, апай төс, көрікті жігіт бейнеленіпті. Жігіттің көздерінен өзіне деген сенімі айқын көрінетіндігі соншалық, маймылдың мойнына салынған бұғауда соншалықты ширатыла тартылған екен. Бір қарағанда суретте шалдың не айтқысы келгенін толық түсінбесем де, жігіттің айбарлы бейнесінде көрінген сенімділік мені таңғалдырды; қызғылт әрі қоңырқай бояулар оның ішкі болмысындағы сезімді барынша айқын бейнелеп тұрушы еді. Келесі суреттерде шалдың бабына келе бастағаны, бояуларда мейлінше өз орнын дәл тапқандай, табиғат көріністері барған сайын көркемделе түсіп, түстері де алуан реңкке ене батсаған еді. Алайда, бір сәтте аспан-көкті қаптаған күзгі қарғалар секілді, суреттерге белгісіз бір тұманды, көмескі мұң басып кіретіндей әсер қалдыратын. Тегінде, суреттердің осылай бірте-бірте өзгеруі менің көңіліме де белгісіз, тосын ойлар ұялата бастаған еді. Бір байқағаным сол көмескілік, бейнелердің өзінде де, бояуларда да сезіліп тұрды. Ежіктеп қарай бастағанымда әрбір көріністе өзге түстердің орнын – бір қарағанда жан баласына байқала бермейтін – қара түс басым алғанының күәсі болдым.
Отызыншы жылдары салынған суреттер одан да көмескілеу еді, ал енді сол жылдардағы туындыларды қара түс тұтасымен жаулап алғандай еді-ау. Алғашында мен шалды суреттерді бейберекет сала берген шығар деп ойлағанмын, өйткені оның жауапты қызметте болған кезеңі дәл осы жылдарға тұспа-тұс келеді. Суреттерге қарап, олардың бей-берекет мақсатсыз салынғанын сездім. Тек алғашқы суреттегі жігіттің жанарындағы қайсарлық пен сенім еріксіз кез-келген жанды өзіне баурап алатын. Сөйтіп, сізде, жігіттің соңынан еріп, белгісіз әрі асқақ үлы сапарға аттануға, үрейлі, меңіреу орманнан соқыр сенім мен жаңсақ түсініктен жойып жіберуге шақ тұрған ата-бабаңызды мейлінше нұрлы, мейлінше ғажап арпалысқа толы аласапыран тіршілік иіріміне жетелейтін сезім пайда болатын. Егер сіз жігіттің көзіне тура қарай қалсаңыз оның түбінде жеңіспен ораларына сенуші едіңіз. Музейдегі досым да осындай сезімді бастан кешкен болса керек, ол маған шалдың туындыларын ерекше ықыласпен мақтап еді. Міне дәл осы суретінде шал өзін шын мәнінде қабілетті, мейлінше болашағы жарқын талантты суретші ретінде көрсете алған болатын. Егер шалдың алғашқы онжылдықтағы туындыларына назар аударсаңыз, еріксіз оның жастық шағындағыдай асқақ көңіл күй ырғағына шомып, оның шабыт пен арман астасқан терең рухани әлемінің қойнауына батып кетуші едіңіз.
Мен кейінгі жылдарда салынған суреттерге қарап, шалдың тек қолын жаттықтыру үшін ғана салған болса керек деген ойға келдім: десе де, бұл кезеңдегі туындыларда иесіз қалған ауылдар мен көшелер, иелері тастап кеткен үйлер, өзіне тартып тұратын зираттар, өлімнің иісі аңқыған түрлі қарулар, көз жасына малынған әйелдер мен балалар, кең даланы жайлаған өлексежегіш құзғындар, мәйіт артылған арбалар, темір торлы камералар, өртеніп жатқан ауыл – қандай да бір қорқыныштан (тұп-тура «Помпейдің соңғы күні» сияқты) тас болып қатып қалған қауым, белгісіз мақұлықтар мен жыртқыш аңдар, беттеріне түрлі жануарлардың маскаларын киген адамдар (мүмкін, карнавал болар деп ойлағанмын), думан құрып отырған серілер, шараптың сан алуан түрлері, түрлі тағамдар, жалаңаш әйелдер, пәк қыздар, солып қалған гүлдердің суреті бейнеленген еді. Осыған қарап-ақ, мына суреттердің сондай бір шабытпен немесе бір мақсат жолында салынғанына сене алмадым. Бірде-бір туындыда бейнеленген кескінді ұға алмай, мен қартқа қайта көз тастадым. Байқасам шал тамағын ішіп болған екен. Ол маған теріс қарап отырған күйі кенепке тағы да қоңырқай реңк беріп, бояу жағып отырды. Менің осында екенімді әлдеқашан ұмытқан секілді өзі. Мені ойландырған жағдай: шалдың кейіннен салған суреттерінен бірде-бір мінсіз бейнеленген адамның бейнесін көрмегенім болды. Бәрінде де кенептің бетіне бояуды бей-берекет жаға салғандай әсер қалдыратын туындылар ғана. Сөйте тұрғанмен бұл суреттерге тән әлдебір тұманды, жұмбақ күй мені қатты таңырқатты. Өйткені шал бұл туындыларын өз шығармаларының ішіндегі ең таңдаулылары деп іріктеп, рет-ретімен жайғастырып қойған екен. Сол күні мен қарттың көршілері айтып жүргендей шын мәніндегі шебер суретші екеніне мүлде сене алмадым. Есесіне оның суреттерін көрген сайын көңілім одан сайын суып, үмітім біржола үзіліп бара жатты. Расында бұл суреттер маған үміт әскерлері тастап кеткен, өмірдің қаңырап бос қалған бекіністеріндей әсер қалдырды. Сөйтіп мен оны жұрт тек аты үшін ғана мақтаған болар дей салдым. Неге екені белгісіз суреттердегі әлдебір көмескі, тұманды, түсініксіз күй жан дүниеме белгісіз бір мұң ұялатып, көңілімді құлазыта берді. Алайда шалдың өмірі бір кездері бір түнде жарқ етіп ашылған гүлдей тосқауыл білмейтін екпінмен басталып, кейін сол екпін өмірдің көмескі арналарына жазғы жаңбырдың тамшылары аптап шөлге сіңіп үнсіз жоғалғаны секілді, содан былайғы тіршілік жолын қараңғылық басқан. Мен мұны оның салған суреттеріне қарап-ақ сезгендей болдым. Оның сол бір жастық шағын еске салатын жалынды от, қазір қанталап, дымқыл тартып тұрса да, айналаға төне қарайтын кірпияз көзқарасында әлі де сөне қоймапты: қанша дегенмен бір замандарда жан дүниесіне жылулық ұялатқан сенім мен үміт атты нәзік те жарық сәулелі сезімдер осы шүңірейген көзінде біржола ізін суытқан екен.
Шалдың жанына қайта беттей бергенім сол еді, бір сәт оның салып отырған суретіне көзім түсіп ғажап көріністің күәсі болдым: бұл сәтті мен ешқашан да ұмыта алмаймын; үстіне шаң қонбасын деп дәке жауып қойған – кенепте адамның және әлдебір жануардың аяқтарының бейнесі көрінді. Бұл көрініс мені қатты таңырқатқаты. Өйткені көп жылдардан бері алғаш рет оның полотносында адам бейнесі пайда болған еді. Сурет әлі толық аяқталмаған екен. Неге екені белгісіз, бүкірейіп қалған шалдың келбеті кенептің алдында тура бір тізерлеп отырғандай, бояулар да қартқа әзер бағынатын сияқты – бейнебір олар да осы мәнсіз әрі бұлыңғыр көріністерді бейнелеуден әбден шаршаған секілді көрініп тұрды.
— Ал, не айтасыз, – деді ол менің ыдыс-аяқты жинай бастағанымды көріп, — суреттер сізге ұнады ма?
Мен желкемді қасыған болып, суреттерді толық түсінбегенімді айттым. Ол осы еңбектен мейлінше шаршаған, қызыл иегіне дейін жас толы қажыған көздерін маған аянышты түрде бір сәт қадап тұрды да, кейін баяу ғана бас шайқады.
— Иә, рас айтасыз, біз түсініксіз өмір сүрдік, – деді ол мұңлы кейіппен. Мен сұрамасамда сыр айтқысы келдіме білмеймін, әйтеуір сөзінің соңын; — Біз басқан әр қадам адамдар үшін күмәнді әрі күңгірт болып көрінді. Әрине, бұған сіз емес, өзіміз кінәліміз, – деп аяқтады.
Сырағысына қарасам адамның үстінен мысқылдап тұрғандай не кекесінмен сөйлеп отырған секілді, әр сөзі жүйкені қарып өтіп, арамен кескендей әсер ететін. Кім біледі, бәлкім маған солай көрінген шығар. Осылайша ол осымен әңгіме бітті деген ишаратпен қолына қаламын алды. Менімен одан әрі сөйлескісі келмейтіні, тіпті мен осында қара кешке дейін тұсрам да оның маған көңіл бөліп сөйлеуі екіталай еді. Содан ыдыс-аяқты алып жылдам басып, шығып кеттім. Шал маған бұрылып қараған да жоқ.
Көпке дейін оның айтқан сөздері есімнен кетпей мазамды алып ойымды бөле берді. Алайда, қанша ойласамда оның неліктен маған бұлай айтқанын мүлде түсіне алмадым. Солай болса да, шалдың суреттерінің ішінен маған тек маймыл жетектеп бара жатқан жігіт бейнесі ғана ұнады. Рас, мен бейнелеу өнерінің онша білгірі емес едім, бірақ жігіттің көзіндегі сенім мені таңғалдырғаны сонша, оның қайсар келбеті көз алдымда жиі елестей беретін болды. Қалған суреттері толық есімде қалмапты. Содан болса керек, екі күн өткен соң алғашқы суреттен басқасының бәріндегі көріністер бір-бірімен араласып кетті де, сөйтіп жол үстінде ағаш бұтағына бір сәтке қонып ұшып кеткен құстардай, жадымның бұтақтарынан ұшып жоғалды.
Келесі бір күні шалға кешкі асын алып келгенім сол еді, баяғы шіріген сасық иіс қайтадан қолқамды қаба жаздады. Алайда мен енді мұндағы әр бұрыштан мүжіліп бара жатқан ғұмырдың күйреуін сездіретін сол күлімсі иіске жәймен үйрене бастаған едім. Біз бұл жолы біразға дейін әңгіме айттық. Мені таңдандырғаны – ол өтте сауатты әрі күні бүгінге дейін не істесе де, бәрін саналы түрде, толық түсініп жасағандай әсер қалдырды. Ол Титсаны да, Пикассоны да, модернизмнің қазіргі өкілдерін де, музейдегі досым үнемі айтып жүретін Джорж Баракты, тіпті Умберто Бачаниді де білетін болып шықты. Асыра мақтағаным емес, қарт олар жайлы біліп қана қоймай, шығармашылығынан де өте жасқсы хабары бар жан еді. Алайда, біз сол күні онымен мүлде басқа дүниелер жайлы сыр шерттік. Оның сөзіне қарағанда мына өмірде ненің жақсылық, ненің жамандық екенін ешқашан айырып болмайды. Біреулер үшін жақсылық болып көрінген нәрсе дәл сол сәтте басқа біреулер үшін жамандық, ал жамандық деп есептелген дүниелер біреулерге жақсылықтай көрінеді. Менің өмірде түсінгенім – осы, деді.
— Жоқ, – дедім мен салған бойда, оның байыппен сөйлеп, менің қорытындым бәріне ортақ ақиқат болуы керек деген сыңайда айтқанына ашуым келіп. — Бұлар мүлде бір-біріне қарама-қайшы, керағар ұғымдар ғой. Жамандық сірә да жақсылық болуы мүмкін емес, қандайда бір еркіндікке, бостандыққа, ізгі мақсатқа қарсы келетіннің бәрі – сөз жоқ, жамандық, – дедім.
Ол маған қарап, әлі бала екенсің ғой дегендей мысқыл аралас жымиып күлді. Сосын кенет байсал тартып, әлденелерді еске түсіргендей ойланып барып сөзін жалғастырды.
— Мен өмір бойы ізгілікке де зұлымдыққа да тепе-тең қызмет еттім деп ойлаймын. Өйткені мен қандай да бір жұмысқа қол ұрсам да, ол іс түбінде екіге бөлініп шыға келетін. Мұның бәрін айтысқа салып, сіздің көзіңізді шындыққа жеткізсем деген ой менде жоқ, әйтсе де, соған тек бір ғана мысал келтіргім келеді. Бір кездері менің аса мәртебелі бір досым болды. Ол табиғатынан адал, ақкөңіл жан болатын. Сөйте тұра атақ-абыройға әуес еді. Сол досым жиырма жеті жыл бойы қызмет креслосын ешбір жанға берген жоқ; өз ісінің шебері еді жарықтық. Ол не жұмыс істейтін еді, дейсіз ғой? Жоғарыдан: «Пәлендей мөлшерде шикізат бар» деген бұйрық түседі. Мұндай бұйрықты не теріске шығару, не талқылау мүмкін емес – біз солай тәрбиеленгенбіз. Демек, бір ғана жол бар: бұйрықты бұлжытпай орындау. Бұйрықты орындау үшін бүкіл кәсіпорын жұмысшылары тапжылмай он төрт – он алты сағаттан еңбек етуі керек. Ал бұл – өзіңізге белгілі жайт, ресми түрде мүмкін емес. Дәлірек айтқанда, мүмкін деуге болады, егер әртүрлі бастамалар ұйымдастырып, соның аясында орындаса, бірақ он екі ай бойы үзбей бұлай істеу деген, ақылға қонбайтын тірлік. Өйткені адам баласы робот емес ғой. Оның соңы мыңдаған кісінің денсаулығына кінәрат жеткізуі әбден мүмкін. Ал егер мұндай жағдайға келіспейтін болсаң, орынды босатып қой; басқа біреу міндетті түрде келіседі. Жалғыз өзінің адал болғаныңнан өмір жақсарып кетпейді. Міне осындай сын сағатта менің досым «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» ең оңтайлы жолды таңдаған. Қайталап айтайын, ол өзі өте ақкөңіл, адал әрі ақжарқын жан еді. Ол барлық істі «орындалды» деп көрсетіп, құжаттарға қол қоя берген. Мұнымен шектеліп қалмай басқа кәсіпорындарды да осы іске тартқан, олар да «сізден – анау, бізден – мынау» деп жазып бере салған. Шын мәнінде ол мұның бәрін, адамдардың тағдырын ойлағандықтан істеп еді. Менің досым осы жолмен өз бетінше бұйрықтардың өктемдігіне қарсы күрескен болды. Сөйтіп жиырма жеті жыл бойы адамдарды қағазбастылық арқылы шамасы жеткенше қорғап келді. Ақыр соңында оның ажалы жетіп, өмірден өтті. Енді мына бір тосын жағдайға қараңыз: өмір бойы кінәсіз жандарды қорғап, олар үшін жанын тәуекелге тіккен, есесіне ештеңе күтпеген кісінің көзі кеткенде оның қабіріне тас лақтыру басталады; ол қорғаған мыңдаған адамдардың өздері ең алдымен соған тас атты, лағынет жаудырды. Кейін оның орнына басқа біреуді сайлады, ал жаңа басшы бұйрықты қалай берілсе, солай орындау үшін қолындағы бар мүмкіндікті пайдаланып, бұлжытпай, қажет болса – күш қолдануға дейін барды. Уақыт өте келе, табыс азая бастағандықтан, күн көріс қамы қайыршылыққа әкеп соқты. Осындай қысылтаяң шақты бастан өткерген адамдар енді келіп бұрынғы басшыны өкінішпен еске алып, оның шын мәнінде дұрыс жол таңдағанын түсіне бастады. Ал енді маған бұл жерде ненің жақсылық, ненің жамандық екенін айтыңызшы?. Оның ақ-қарасын айырып, алажігін қалай бөлмеміз. Бірі адамдарды ойлағандықтан өз мүддесін асыра пайдаланып заңға қарсы әрекет жасады, ал енді бірі заңды үстем санап адамдардың тағдырын күйретті. Сәл қызбаланып кеткен шығармын, ол үшін ғафу етіңіз. Мен бұл жағдайдан жақсылық пен жамандықты жеке-жеке бұғалықтап, екі жаққа бөліп қояр тұсын көрмей тұрмын. Және бүкіл ғұмыр бойы соны түсіне алмай келемін.
— Ал сенім ше? – дедім мен, оның мейлінше салмақты әрі өктем сөйлегеніне ашуланып. Шынымды айтсам, оның келтірген уәждері мені біраз абдыратып тастап еді. Ол шын мәнінде, өз өмірі жайында көп ойланған жан ретінде, сөзін сондай сенімді әрі сондай айқын байламмен айтып жатты. — Сенімі бар адамдар, дұрысы – сенімі берік жандар жақсылық пен жамандықтың парқын өте жақсы пайымдайды, – деп өзімнің соншалықты әсіре сілтеп жібергеніме ұялып, соңында үнсіз қалып қойдым.
— Әә, сенім бе! – деді ол таңырқаулы күйлі, ойшаң біраз мұңлы үнмен. — Егер адам өмір бойы белгілі бір сенімге ден қойып, соған иланып, сол жолда күресіп, бар болмысын соған арнап өтсе, ал кейін сол өзі табынған сенімінің бос, жалған, бейне бір үрлеп ісірген шардай ғана өткінші екенін, өзің ізгілік деп қастерлеген нәрселердің түбінде арсыздық болып шыққанын аңғарса – онда сіз менің алдымда бұлай көсіліп, өзіңізді күлкіге қалдырмаған болар едіңіз. Міне, сонда бүкіл өміріңіз жақсылық пен жамандықты бір-бірінен айыра алмастай, ысырылып барып жолдан тайған, салдыр-күлдірі мол іші қуыс бос арба секілді күй кешер едіңіз. Сонда барып, бостықтар орнын толтыру үшін, салдыр-күлдірімен жүйкеңізді қажытқан бос арбаңызға әлдебір нәрселерді жүктеу мақсатында кез-келген зұлымдыққа жол беруден тайынбас едіңіз. Сіздің айтып отырған «сенім» деген түсініктің түпкі мәні осы болғаны ма?. Менің мұндай, тіпті естіген құлаққа сонай күлкілі сөздерді қолданбай жүргеніме қырқ жылдан асып кетті. Біле-білсеңіз бұл сөздің күлкілі әрі тым келемежді екені соншалықты естіген бойда-ақ жүрегім айни бастайды.
Ол осылай ызалы күйде, даусы қарлығыңқырап барып тоқтап қалды. Оның ашуы келіп, қатты толқып тұр еді. От жағып жіберсең өртеніп кете жаздап тұрған қарсымдағы жанға тағы бір уәж айтуға бата алмай үнсіз қалдым. Айтқан күннің өзінде, сөз жоқ, ол мені зекіп салушы еді. Өйткені ол түнбіде өзінің айтқандарын қолдамайтындарды ұнатпайтын болатын. Ол өмір бойы ізгіліктің мәні мен зұлымдықтың шынайы болмысын ұғынуға тырысқаны соншалық, соңында бұл тірлігінің бәрі бекер болып шыққан сәтті ойша елестеткен шағымда қандай күй кешкенімді қазір айтып жеткізе алар емеспін. Міне сол күні мен осы жағдайдан кейін оның әлдебір салған суреттерін түсінгендей болдым; бұл суреттер – түптеп келгенде өз-өзіне сенімін жоғалтқан, ғұмырын сан түрлі алдану мен жұбанышқа арбалып, бекер өткізген адамның өмір туралы толғаныстары, оның көмескілікке лайық болған ішкі кеңістігінің бытыраған бөлшектері ғана еді. Ғұмыры соңына таяған сайын, мейлінше қатал, қайырымы жоқ мына дүниенің үкімдерінен қашып, басқа лажы болмаған соң, ол осы тыныштық пен жалғыздықтың қалың орманына бой тасалаған еді. Өзінің өткен өміріне осы жалғыздық құшағынан көз жүгіртіп, ғұмырына қорытынды жасағысы келетіндігін, шамасы, оның айтқан сөздерінен түсінгендей болдым. Алайда, менің ойымда, ол өзіне қажет түйінді әлі де таба алмаған еді. Шалдың жалғыздықтағы өмірі маған шіріген ағаштың жалғыздығындай өте үрейлі әрі суық көрініп кетті. Сірә, жалғыздық оның соңғы панасына айналған. Оның айтқан сөздерінде адам жанын улайтын, белгісіз бір зілмауыр салмақ еңсеңді басатын да тұратын. Мен онымен ширек сағаттай тілдескеннен кейін-ақ өзімді жайсыз сезіне бастадым. Өмірде не нәрсеге сенген болсам, шал соның бәрін теріске шығарып, бұзып тастағандай болды, тіпті санамды өзінің сенімсіздігімен улауға шамасы жетті. Сол күннен кейін ішіме ұялаған сол қарт бейнесіндегі әлдебір қараңғылықты жанымнан қуып шыққанша, ұзақ уақыт бойы өзімді-өзім жұбатып, тек көңілді әңгімелерді ғана оқып жүрдім.
Сөйтіп шалдың қасына қайта барған жоқпын. Ауладағы қолқаңды қабатын шіріген жағымсыз иістен де, шалдың әңгімесінен де әлі күнге дейін ес жия қойған жоқ едім. Тіпті еске алған сайын көңілім құлазып, жүрегім айни кенет барлық нәрсеге деген қызығушылығым өзді-өзінен жоғалып кететін болды. Соңғы уақытта оның бір іске беріле отырып ерекше ыждақатпен әлдебір сурет салып жатқанын қожайын әйел арқылы естідім. Ол апта сайын шалға бір рет тамақ беріп тұратын. Өзі ғой сурет өнеріне мүлдем түсінбейді, тіпті қарттың өзін де жақтыра қоймайтын, бірақ қараусыз қалған қарияға бүкіл көше кезек-кезек тамақ жеткізіп тұрғандықтан, қатардан қалғысы келмейтін еді. Жалпы, жесір әйелдердің табиғи болмысына тән мейірім, жанашырлық сезімі басым келетіні бар ғой. Жүрегі жұмсақ, әрбір жағдайға тез әсерленіп, тез ренжитіні содан.
Бара-бара маған шалдың суреттері де, тағдыры да мүлдем қызық болмай кетті. Ол кезде мен Онеттидің әңгімелерін аударып жүр едім. Сол шақтарда шал есіме сирек түсетін, ал есіме түскен сәттері көз алдымда шал үрейлі елес секілді пайда болып, міне осы қорқынышты елес менің қыр соңымнан қалмай үнемі мазалайтын болды. Кейде алғашқы суретті еске алып, ойға беріліп кетем де, ойларым да кенептегі жігіттің көздері сияқты тыныш әрі рахат сезім сыйлайтын. Алайда мені тек шалдың кейінгі салған суреті ғана аздап қызықтыратын болды. Өйткені, шамамда, шал ең соңғы суретін салып жатқан еді. Оны кейде жолай – азық-түлік дүкенінен қайтып келе жатқанда көріп, күн өткен сайын өмір атты тіршіліктің сөніп бара жатқан жүзіне, өз ғұмырына қатысты ащы да аянышты қорытындыларға толы жанарына, әсте осы жағдайды әдейі оны келемеждеген секілді көктеммен бірге құлпырып, мейлінше көркейе түскен айналадағы дүниені көрмеу үшін жерге одан сайын еңкейе түскен сұлбасына қарап, сол бір сұмдық ойыма еріксіз сенгім келетін.
Бүкіл қыс бойы шалды небәрі екі-ақ рет көрдім – қақпа жанына орындық қойып, күн шуаққа қыздырынып отырған күйінде. Қожайын әйел сөзшең кісі еді: бүкіл махалланың өсегін бастан аяқ айтып шығады да, соңынан қайтадан шалды «әжуалауға» кірісетін оның күнделікті әдеті. Ол шал туралы сөйлегенде жиіркеніп кетеуші еді; әсіресе ол, шалдың ел-жұрттың мінез-құлқына ұқсамайтын оғаш әдеттерін жек көтерін. Соған қарамай оған тамақ жеткізуді кенде қылған емес.
Көктем айының басында демалыстан қайтып келген бойда үйге кіргенім сол еді, қожайын әйел көз жасын төге қарсы алып, үш күн бұрын шалдың бақилық болғанын айтты. Бойымда әлдебір суық, жылан секілді бегісіз бір нәрсе жорғалап өткендей түршігіп кеттім де, артынша бірден ойыма шалдың салған суреттері оралды.
— Үйі әлі қараусыз тұр, - деді қожайын әйел, — ұлын жер-көктен таба алмай жатыр, сірә, тағы да қолға түсіп қалған болар сұмырай.
Кешқұрым шалдың ауласына кірдім. Аула көңілсіз, қаңырап бос жатыр екен. Әлгі сасық иісте шалдың өзімен бірге кеткен секілді. Бірақ, әлі де бір түрлі күліміс иіс қолқаңды қауып тұратын. Байқап қарасам шалдың суреттерін бір бұрышқа жинап қойыпты. Мен оның соңғы суретін іздей бастадым. Іздеп жүріп санамда, шал суретті толық аяқтай алдыма, жоқ па, деген ой маза беремей шыдамым таусылды. Ақыр соңында сары түсті мата жабылған сол суретті таптым. Жарылғыш зат ұстаған адамдай әлденеге сақтанып оның бетіндегі қағазды жыртқан бойда суретке үңілдім. Кенет, жанарыма аса жарқын, мөлдір бояулар оттай басылды – бұл сурет қырық жыл бойы салынған мұңды туындылардан мүлде бөлек шығарма еді. Суреттегі көрініске таңданып, оған үңілген күйі қаттым да қалдым: кенепте алғашқы суреттегі секілді орман бейнесі суреттелген екен. Ол маған – бейне бір маймыл, жалғанда бар үмітінен қол үзіп, мейірімсіз, қатал тағдырдың қатты соққыларынан дәрменсіз кеудесін әзер ұстап тұрған кейіптегі шалды орманға қарай жетелеп бара жатқандай көрінді.
Суреттің асығыс салынғаны бірден байқалды. Көп жеріне бояулар тек болмашы ғана шәпеттелген екен. Бұл сурет маған, шал өз өмірінің соңына таяп келе жатқанын іштей сезіп, асығыс салғандай көрінді. Өйткені суреттің артқы фонындағы түстер толық жетілмеген екен. Ондағы көрініс күн батып, айналаға жайылған әлсіз қараңғылыты еске салады. Дегенмен, дәл осы қызғылт-қоңыр фонның үстінде маймыл мен адамның бейнесі мейлінше айқын көрініп, ол адамның жүзіндегі үмітсіздік сезімін одан әрі күшейтіп, айшықтай көрсетіп тұрды.
Сол сәтте санамда еріксіз, өнердің де өмірдің өзіндей кірер және шығар есігі бар екен деген ой туындады. Шалдың суреттері бейне бір тылсымға толы қамал секілді еді шамасы: мен оның алғашқы туындысын көрген сәттің өзінде-ақ осы қамалға қамалғандай болдым да, кейін оның суреттерінен туындаған суық әсермен жүрегімнің мазасыз күй кешуінің себебін енді ғана ұққандай болдым. Сөйтіп, осы күнге дейін мен шалдың сол қамалында қамалып өмір сүріп келген жан секілді, ал енді сол қамалдың қақпасынан шығып, иен далада жалғыз қалғандай күй кештім. Бұрын бойымды билеген әлгі жылпылдақ, жиіркенішті сезімнің орнын енді әлдебір затын жоғалтып алған кісідей ішімді кернеген бос кеңістік басып, шалдың суреттерінен қалған әлдебір үрей ғана еске салатын сезім қалды.
Өзім тұратын үйге қайтып кіргенімде, қожайын әйел махалла комитетінде жұмыс істейтін қарт кісімен сөйлесіп отыр екен.
— Махалла ақсақалдары жиналып, бұл үйді біреуге бермекші бопты, – деді ол маған. — Үй аламын деп жүрген едіңіз ғой, міне, осы үйді ала салыңыз.
Бір сәтте мұрныма жеткен ауладағы ағаш-бұтадан бастап, гүлдер мен әр кірпішіне дейін сіңіп қалған күлімсі иіс лап етіп ұрды да, жүрегім айни жаздап, жиіркеніп кеттім.
— Жоқ, – дедім мен өз бөлмеме беттей бере. — Әзірге үйсіз-ақ жүре тұрамын.
өзбек тілінен аударған Нұрғиса Камалбек
