Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
«Назым Хикметтің бөлмесі...»...

«Назым Хикметтің бөлмесі...»

31.10.2025

4026

«Назым Хикметтің бөлмесі...» - adebiportal.kz

«Назым Хикметтің бөлмесі» деп аталатын бұл жазбамызда Назымның өз өлеңдері мен өлең жолындағы даму негізі туралы көзі тірісінде айтқан ойларына, 13 жыл бойы дос болған Екбер Бабаевтың Назымнан естіген естеліктеріне, шексіз еркіндікті аңсаған ақын рухындағы революциялық мазмұнның, форманың түп тамырына, содан соң соның негізгі дәлелдерінің бірі болған «Kuvâ-yi Milliye» дастанының өзіне келіп табан тірейміз. 

Назым Хикметтің бөлмесіҚабырғаларда Абидин Диноның «Жүріс» атты картинасы, Ыстанбұлдың түрлі-түсті фотосы, Авнидің «Жылқылары», болгар пионерлерінің сыйлығы – кестеленіп, тоқылған кілем. Сол кілемнің үстінде Назымның өзі секілді, өте көркем, ең үлкен және өзін айнытпай салған портреті бейнеленген.

Мен Назымның үстелінде, Назымның жазу мәшіңкесінде, Назымның кітабына алғы сөз жазып отырмын... Редакторлық түзетулерді Назымның маған сыйлаған қаламымен жасап жатырмын...

Назым ұлы орыс ақыны Пушкин туралы былай деген еді: «Пушкинді кинодан да, театрдан да көрдім, Пушкин жайлы жазылған кітаптар мен өмірбаяндарды, хикаяттарды оқыдым, оқыған сайын жүрегім аузыма тығылатын... әне, қазір өзін өлтіріп қоя ма деп қорқып отыратынмын. Оқыған әр сәтімде «Пушкин өлді» дегенде, жаным қайта-қайта азапқа түсетін...»

Мен Назыммен он үш жыл бойы өте жақын достық қарым-қатынаста болдым. Оның жазған өлеңдерінің барлығын дерлік өз аузынан алғашқылардың бірі болып тыңдадым. Мәскеуде жазылған өлеңдерінің алғашқы оқырманы болдым. 1951 жылдың 29 маусымында оны Мәскеудің «Внуково» әуежайынан қарсы алдым да, 1963 жылдың 3 маусымында Мәскеудегі «Новодевичье» зиратында онымен қоштастым...

Енді мына алғы сөзді жаза отырған сәтімде көз алдымнан сол он үш жыл тізбектеліп өтіп жатқандай болды...

Назым туралы айтқан әр сәтімде 3 маусым 1963 жылға жақындаған сайын жүрегім аузыма тығылады. «Аһһһ, Назым кетіп барады», – деп ішімді қорқыныш пен қасірет кернейді. – «Бұл дүниеден Назым өтті...».

(Назым Хикметтің балалық шағындағыжастық шағындағы досы Вала Нуреддин Назым жайлы жазған кітабына өте әсерлі бір атау қойған еді: «Бұл дүниеден Назым өтті».)

Назым Хикмет туралы талай жазба жарық көрді, әлі де жазыла бермек. Оның өнері жайлы сыни мақалалар жарияланды, тағы да жариялана береді...
Бірақ осылардың бәрінен де маңызды бір нәрсе бар: ол – Назымның өз тілімен, өз аузынан өз өнерін түсіндіруі.

Назым өз өнері, өз өлеңі жайында сөз қозғауды ұнатпайтын. Кітаптарына алғы сөзді үгіттеп жүріп, әрең жаздыратынбыз. Сондай сәттердің бірінде міне, осындай бір алғы сөз жазыпты:

«Бала күнімде оқытушылар емледен кеткен қателерімді ең кемі жиырма бес рет жазғызып, маған жаза қолданатын. Сол кезде бір қиын іс, ауыр жаза секілді көрінетін ол...

Ал қазір мен үшін ең ауыр жаза – басылған кітаптарыма алғы сөз жазу.
Кітап – өзі айғақ емес пе, мен оқырманның ақылына, парасатына сенемін. Егер сенбесем, кітапты оқырманның алдына оқысын деп қоймас едім.

Онда алғы сөздің, әсіресе менің өзім жазатын алғы сөздің не қажеті бар? “Мен өнерді былай түсінемін, менің көзқарасым осындай” деудің қаншалық қажеті бар? Менің өнерге көзқарасымды, оның қалай қалыптасқанын, қандай өзгерістер өткергенін, әсіресе осындай “Таңдамалы шығармалар” жинағымды оқыған адам білмейтін болса, онда әрі қарай  не десем де, бәрі бос әурешілік. Менің алғы сөзім де, кітапты құрастырғанның соңғы сөзі де бос сөз болып қалады мұндай жағдайда... Бірақ, міне, осының бәрін біле тұра, бәрібір алғы сөз жазып отырмын. Ернімді тістеймін, маңдайымды тырыс­тырам, орнымнан тұрып, қайта отырам, бірақ жазам. Неге? Неліктен? Өйткені мен шығармашылық жолымда не істеуді қаладым, не істей алдым – соны белгілі қылып, айтып бергім келеді. Өмір жолында қандай сағыныштың жетегінде болдым, сол сағыныштың қаншасын жүзеге асыра алдым – соны білгім келеді.

Яғни мен өзімнің өнер жайлы көзқарасымды, не істеуді қалағанымды, сағынышымды оқырманға айтқым келеді. Ал сол оқырман – менің не жазғанымды, не істей алғанымды оқып, өз қалауымды қаншалық іске асыра алғанымды өлшейді. Егер айырмашылық бар болса, соны таразылап көреді. Әрине, айырмашылық бар. Біздің сағынышымыз оқырманға жеткізіп, мақсатымызды жүзеге асырған бөлігінен қарағанда әлдеқайда алда, әлдеқайда биік. Айырмашылық бар, бірақ қайшылық, қарама-қайшылық жоқ. Мен өзімнің өнер жайлы көзқарасыма қарсы бір де бір жол, бір де бір шумақ, тармақ жазған жоқпын, жазбауға тырыстым...».

Содан кейін Назым тағы басқа кітаптарына бірнеше рет осындай алғы сөздер жазды. Бірақ менің алғы сөз арқылы ең қатты қалаған нәрсем – оның өз өнерін өзі түсіндірген бір жазбасын көру еді. Алайда ол ондай жазбаны жазбайтын немесе жазғысы келмейтін. Оның себебі де бәрібір сол, баяғы таныс себеп.

Бір күні Италиядағы Назымның шығармаларын басып, жариялап жүрген бір баспадан хат келді.

Баспаның иесі Назымның осы уақытқа дейін жазған барлық еңбектерін, неше том болса да, түгел басуға ниетті екенін жазып, одан өз өнері жайлы, өнерге көзқарасы туралы бір мақала сұраған екен.

Айта кетейін, бұл баспа – Назымның еңбектерін ең жақсы, ең сапалы қылып басып шығарған баспа болатын. Тіпті бір жолы «Отанымдағы адам пейзаждары» поэмасының үшінші кітабын бір беті түрікше, бір беті итальянша етіп басып шығарған. Назым бұл баспаны қатты құрметтейтін еді, сондықтан бұл ұсынысты қуана-қуана қабыл алды.

Біз шығармаларын жинай бастадық. Сосын жол – Берлинге, одан аз ғана уақыттан соң... 1963 жылдың 3 маусымына..(Назымның қайтқан күні).

Танганикаға аттанардың алдында мен Назымның бұрын бір кездері жазған, менің қолымда сақталған жазбаларын біріктіріп, бір «монтаж» жасаймын, ал ол қайтып келген соң соларды қарап шығып, қажет жерлерін толықтырып, жазбалардың арасына «көпір» орнатады деп шешіп, өз арамызда келіскен едік. Мен сол «монтажды» жасадым, Назымға көрсеттім. Ол ұнатты, «көпірлер» туралы сөйлестік, екі күннен кейін сол көпірлер жазылуы керек еді...

Төмендегі жазба – дәл сол мен жасаған, Назым өзі көрген «монтаж». Өкінішке қарай, көпірлерді орнатып, жазып үлгермеді Назым... Көпірлерді біраз жыл өткен соң мен өзім құруға тырыстым... Әрине, Назым қалай жазар еді, Назым не айтар еді осы тұсында деп, еске ала отырып...

Емле – Назымның өз емлесі. Өзгертпедім…

«Яхия Кемаль анама ғашық болған сияқты»

Мен неліктен өлең жазамын?

Бәлкім, бұл сұрақты сәл басқаша сұрау қажет шығар: Мен өлең жазуға не себепті, қалай кірістім? Есіме түсіріп көрейін. Он үш жас шамасында едім. Ыстанбұлда тұратынбыз. Атам ақын болатын, бірақ оның өлеңдерін әлі күнге дейін түсінбеймін. Оның тілі – біз «османлыша» дейтін, жетпіс пайызы араб пен парсы сөздерінен тұратын, әрі сол тілдердің грамматикалық ережелеріне бағындырылған түрік тілі еді. Оның өлеңдері дидактикалық, догматикалық, діни сарында болатын... Мен оларды түсінбейтінмін. Бірақ мен – ақын атаның немересі екенімді білетін едім.

Анам Ламартинге ғашық болатын. Французша оқитын. Бір кездері сол шақта Ламартин түрік тіліне аударылған еді, бірақ бірнеше өлеңі әлі османлыша оқылып жүретін. Анам француз тілін өте жақсы білетін, ал османлышаны, мен сияқты, ол да білмеуші еді.

Атам мәуләуи Назым паша – ақын болатын,
анам – Ламартинді сүйсініп оқитын

Әкемнің әдебиетке мүлдем қызықпауына қарамастан, біздің үйде өлең әрқашан ең құрметті, ең киелі орында тұратын. Бір күні бізге қарама-қарсы орналасқан үйде өрт шықты. Сол кезде менің өмірімде өртті алғаш рет көруім. Таңғалдым, қорықтым. Атам, өрт біздің үйге де өтпесін деп, Құранды терезеден шығарып, қарсыдағы жалынға қарсы ұстап тұрды. Өрт басылды. Бірақ Құранның күшімен емес, тіпті өрт сөндірушілердің күшімен де емес – өзі жаққан үйді күлге айналдырып барып, өзінен-өзі өшті...

Содан бір сағат өткен соң мен өзімнің алғашқы өлеңімді жаздым. Өлеңнің аты - «Өрт». Өлшемі – атамның дауыстап оқитын аруз өлеңдерінің құлағымда қалған әуезіне жарым-жартылай еліктеуден туған. Яғни ол не аруз емес, не буын емес қойырпақ бірдеңе болатын. Ал ол кездері менің еркін өлеңнен мүлдем хабарым жоқ еді. Бұл – бар болғаны өзімше құрастырған өлшем еді.
Тілі де сондай, османлышаға ұқсатып, еліктеп жазылған. Ал тақырыбы мынадай еді:

Жанады, жанады,

Қорқынышты оттар,

Адамзаттың денесін

Құшағына тартады.

Үйлер, кедейлер, жетімдер...

Қазір осыны жазып отырғанда бір нәрсені аңғардым. Мені әсерлендірген, шабыттандырған атамнан гөрі әдебиеттің жәдид ақындары екен, мысалы, Фикрет болса керек. Неліктен, неге екенін білмеймін. Мүмкін, өлеңді ұнатпайтын, бірақ өзіне тиесілі бір османлы тілінде жазатын Тевфик Фикретті екі рет дауыстап оқып берген әкемнің әсері шығар? Мүмкін. 

Екінші өлеңімді шамасы қателеспесем, он төрт жасымда жаздым.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезі еді. Нағашым Чанаккале майданында қаза тапқан тұғын. Жанымды үрей мен отаншылдық, ұлтшылдық кернеді. Соғыс туралы өлең жаздым. Қызығы – жазғаным анық есімде, әрі ол енді османлыша емес, мектепте оқығанымыз ақын Мехмет Еминнің тарсыл-гүрсіл, бірақ араб-парсы сөзі аз, қазіргі түрікшеге жақын бір тілде жазылғаны да есімде. Алайда өлеңнің өзінің бір де бір тармағы есімде қалмапты...

Сосын үшінші өлеңімді он алты жасымда жазған шығармын.
Сол кезде түрік поэзиясына жаңа бір тіл мен жаңа бір түсінік әкелген ұлы түрік ақыны – Яхия Кемаль менің шешеме ғашық болса керек. Үйде шешем оның өлеңдерін оқитын. Өзі Әскери-теңіз училищесінде маған тарих пәнінен сабақ беретін.

Жазған өлеңім – қарындасымның мысығы туралы еді. Өлеңімді Яхия Кемальға көрсеттім, ол өлеңде айтылған мысықты да көргісі келді сол сәтте. Көрді де, өлеңдегі кейіпкерге мүлде ұқсатпады. Сосын маған қарап: – Сен мына ұсқынсыз, қотыр мысықты осылай мадақтай, әспеттей білесің бе, демек сен ақын боласың, – деді.

Қателеспесем, он жеті жасымда алғашқы өлеңім басылып шықты. Өлеңнің аты – «Кипаристерде», яғни зираттардағы жылаған, өмірінде сүйе білген, бірақ қазір бақиға аттанған жандар жайында еді. Яхия Кемаль оның көп жерін түзетіп берді.

Содан кейін қыздарға ғашық болдым, ғашық болған соңөлең жаздым.
Кейін Антанта әскері Ыстанбұлды басып алды. Мен оларға қарсы, Анадолы күресін қолдап өлеңдер жаздым. «Ар-намыс деген не, ұждан деген не?» деп ойлаған сәтімде, тағы өлеңдер тудырдым. Бірақ енді тілім тазарып, буын өлшемімен, дұрыс ұйқастармен жаза білуді үйренген едім. Анадолыға өттім. Халық – арық аттарымен, соғыстан қалған ескі мылтықтарымен, аштық пен битке толы киімдерімен – грек армиясына қарсы соғысып жатты. Мен халықты және оның соғысын таныдым. Таңғалдым, қорықтым, сүйсіндім, есімнен танғандай болдым. Сөйтіп мұның бәрін дәстүрлі тілмен, дәстүрлі өлең өлшемімен емес, басқаша, өзгеше жазу керектігін іштей сездімБірақ сол кезде әлі жаза алмай жүрдім. Үлкен бір сілкініс қажет еді... (Сол күннен бері мен өлеңсіз өмір сүре алмай келемін.)

Футурист сурет пе, конструктивист пе?

Ыстанбұлдан, яғни басып алынған қаладан, Анадолыға өткенімде және әсіресе Болуға келген соң халықпен, әсіресе ауыл адамымен жақын араласқанда, сонымен қатар Кеңестік Ресейде болып жатқан жайттарды ести бастағанда, Маркс пен Лениннің есімдерін алғаш рет естігенімде – мен өлең арқылы жаңа нәрселерді, бұрын айтылмаған ойларды жеткізу керек екенін түсіндім...

Ең әуелі мені жаңа мазмұнға лайық жаңа түр, форма табу мәселесі қызықтырды.
Жалпы алғанда, формадағы жаңалықты жасау оңайырақ, мен де ең алдымен ұйқастан бастадым: ұйқастарды тармақтың соңында емес, бірде басында, бірде соңында қолдануға тырыстым.

Мысалы:

Жұлдыздармен көкжиекке салбыраған аппақ, қалыпты түн 

Сағат күтім, қалай қарай жүгіргің келсе...

Болудан Трабзонға келгенімде, Кеңестік Ресейге өту мақсатымен жүрген едім. Бірақ мені енді мазмұн, яғни өзім «революциялық» деп санаған сол ойлар мен мағыналар – формадан да көбірек қызықтыра бастады. Дегенмен сол мазмұнды жалпы символдар арқылы беруге тырыстым. Мысалы:

Мысырдың күйген қызыл шөлдеріндегі Пирамида-ғалам –

Бүгін сені көңілінің тілімен сөккен адам...

Мүмкін, батыр жүректі, мүмкін, бір есі кеткен,

Бірақ сені қиратуға ант ішкен...

Батумға келдім. Осы жерде мен Кеңес шындығымен алғаш рет тікелей бетпе-бет келдім. Бір жағынан – «Қызыл Армия» өлеңін жаздым, екінші жағынан – қайтадан өлеңнің формасы туралы мәселе мені мазалай бастады.

Он төрт және жеті буындық өлшеммен «Қасиетті кітап» атты өлең жаздым. Мұндай тәжірибелер менен бұрын да болған еді, бірақ мен өз шығармаларымда мұны алғаш рет сынап көрдім. 

Бір күні «Правда» газетінен бе еді, әлде «Известия» газетінен бе, дәл қазір есімде жоқ, бірақ бір өлең оқыдым. Маяковскийдікі болса керек. Ұзын-қысқа тармақтардың пішіні мені қатты қызықтырды. Бірақ өлеңді аудартуға тырыссам да, не жайында екенін толық түсіну мүмкін болмады.

Батумнан Мәскеуге келгенше жолда аштық аймағынан өттік. Көргендерім мені терең күйзеліске түсірді. Бірақ сондай аштықтың өзі де революцияны күйретпейтінін айқайлап айтқым келді.

Мәскеуде буын өлшемімен, оның әртүрлі комбинацияларымен аштық туралы бір өлең жазбақ болдым. Бірақ қолымнан келмеді. Сол кезде Батумда көрген өлеңнің формасы көз алдыма оралды. Ішімнен бір үн оның маған таныс француз еркін өлеңі (верлибры) емес екенін сездірді; бұл мүлде жаңа бір нәрсе сияқты көрінді. Сондан соң мен ақын ойды осылай – толқын-толқын қылып жеткізуі тиіс деп түйдім. Сөйтіп мен «Аштардың көз қарашығы» атты өлеңімді жаздым:

Бірі

Тізесіне

Соғылып

Сүйегі

Дөңгелек

Қарынын арқалап жүреді.

Бірі 

Құр тері... тері!..

Тек

Көздері

Өмір сүреді.

Ол кезде мен бұл тәсілде ұйқастың үлкен рөл атқаратынына сенетінмін және ұйқасқа шебер болу үшін жаттығулар жасай бастадым. Мысалы:

Жаңбыр жау,

Жау жаңбыр жау,

Аулары сау,

Ей, аталық!

Тағы да кеуіп қалды сай,

Ауға түспейді балық...

Сол уақытта мен өлеңдегі әуенде – бір ғана аспаптың, тіпті бір скрипканың емес, түрлі аспаптармен түрлі үйлесімде үн шығаратын оркестрдің гармониясы болуы тиіс деген қорытындыға келдім.

«Жаңа өнер», «Бахри Хазер», «Салқым тал» атты өлеңдерім – осы түсініктің техникалық тұрғыдан жасалған тәжірибелері мен жемістері еді.

Бүкіл осы формалық ізденістерімде мен негізінен буын өлшемін – яғни халық поэзиясының дәстүрін, және аруз өлшемін – яғни диван әдебиетінің элементтерін сақтап қалдым. Ұйқас құруда қиындық көрмедім, өйткені диван поэзиясы ұйқастың ең күрделі әрі мінсіз үлгілерін жасап кеткен. Яғни дәстүрімде ол бағыт онсыз да бар тұғын. Бұл кезеңдегі өлеңдерімді мен, әсіресе, сахнадан оқуға немесе бір дауыспен, хор түрінде айтуға арнап жазатынмын. Мұның, әрине, өлең формасына да әсері тиді. Мысалы, бәріміз бірігіп, жүріс маршына ұқсас ырғақпен айтуға лайықтап жазған өлеңдерімнің бірі мынау еді:

Адым,

Адым,

Адымдар адым – дары!

Тро – туартро – туар,

Тро – туарлар тро – туар – лары!

Көше,
көшелер 

толған жұрт.

То – ла – ды жұ – рт...

Осы форма ізденістері, яғни жаңа мазмұнға сай ең лайық пішін табуға бағытталған тәжірибелерімде, сол дәуірдегі Кеңес поэзиясының бір не бірнеше бағытының ықпалы анық байқалатын.

(Назым Хикметтің «сол дәуір» деп отырғаны – 1920 жылдар болатын.
Ол жылдары кеңестік поэзияда, расында да, бірнеше бағыт бар еді. Олардың ішіндегі ең маңыздылары – Маяковский жетекшілік еткен “футуризм”,
және Ілья Сельвинский мен Эдуард Багрицкий сияқты атақты ақындар қатысқан “конструктивизм” ағымдары болатын. Ол шақта Назым Хикмет әлі орыс тілін білмейтін. Сондықтан бұл ағымдардағы ақындардың мазмұннан гөрі формалық ізденістері оның назарын көбірек аударды. Маяковскийдің өлең құрылысын ұнатып, сол үлгіде (яғни форма жағынан) өлеңдер жаза бастаған Назым Хикмет өзін «футуристпін» деп жариялайды. Бірақ бір күні көшеде кездестірген, орысша білетін бір түрік оған былай дейді:
– Әй, сенің есің дұрыс па? Өзіңе “футуристпін” дейсің, бірақ білесің бе, футуристер өлеңдегі лириканы жоққа шығарады!

Сонда Назым:

– Рас па? Онда мен футурист емеспін. Ал сонда лиризмді жоққа шығармайтындар кімдер? – деп сұрайды.

– Олар – конструктивистер, – дейді әлгі.

– Ендеше мен конструктивиспін! – деп жауап береді Назым.

Бірақ Назымның “конструктивист болуы” да ұзаққа созылмайды. Көп ұзамай басқа бір адам оған:

– Жо-жоқ, футуристер лиризмді жоққа шығармайды, керісінше лиризмді жоққа шығаратындар – конструктивистер, – деп түсіндіреді. Сөйтіп Назым қайтадан «футурист» болып шығады.

«Гренада, гренада, гренада моя!»

Назым Хикметтің кейінгі өлеңдерінде футуризм мен конструктивизм ағымдарының идеялық жағынан кейбір іздері сақталғанымен (мысалы, «Өнер туралы түсінік» атты өлеңінде: «Өлеңіме шабыт беретін перінің иығындағы ашылған қанат – менің аспалы көпірлерімнің темір арқалықтарында»
деген жолдар бар), олардың әсері негізінен форма жағынан ғана байқалады.

«Назым Хикметтің таңдамалы шығармаларына алғы сөз»

(жақында Болгарияда жарық көретін жинаққа)

Бұл кітаптың авторы – жүрегін де, ойын да, қаламын да, өмірін де тұтастай халқының жолына арнаған қарапайым түрік ақыны.  Сонымен қатар ол – аты, елі, нәсілі, ұлты қандай болса да, ұлттық тәуелсіздік, әлеуметтік әділет, бейбітшілік үшін күрескен барлық халықтардың күресін өлеңдерінде жырлаған ақын. Олардың жеңісін – өз халқының жеңісі, жеңілісін – өз халқының жеңілісі, қуанышын – өз халқының қуанышы, қайғысын – өз халқының қайғысы деп білді. Міне, бұл кітапта сол қуаныштардың да, сол қайғылар мен жеңістердің де, жеңілістердің де жаңғырығы бар. Бірақ бұл кітап – сонымен бірге бір адамның өмір жолы туралы да хикая: оның махаббаттары мен сағыныштары, өмір мен өлім алдындағы мінезі, қорқыныштары, дерттері, үміттері мен бақыттары, сенімдері жайлы хикая. Содан соң бұл кітапта, қадірлі оқырмандарым, менің өз өлең құралыммен, өзімнің даусым мүмкіндігінше таза естілсін деп, оны қалай өңдегенімнің, қалай шебер қашауға тырысқанымның есебі де бар. Менің поэзиямның тамыры – елімнің топырағында. Бірақ оның бұтақтары шығыста да, батыста да, түстікте де, солтүстікте де – жер жүзіне жайылып, сол жерлердің өркениетіне, бүкіл адамзат әлеміне ұлассын дедім.

Адам баласы қай жерде, қай заманда, қай тілде болсын  жүрек пен ақылға жақын, жүрек пе ойдан нәр алатын өлең жазса, мен оның шеберлігін үйренуге,
оның өнерінен нәр алуға тырыстым. Тек өз әдебиетімнің емес, шығыс пен батыстың барлық ұлы шеберлерін ұстаз тұттым.

Назым Хикмет

Мысалы, сол дәуірдегі Совет өлеңінің Назымға әсеріне тағы бір дәлел мынау. Жиырмасыншы жылдары Мәскеуде ауыздан ауызға тараған бір өлең бар еді. Ол – Михаил Светловтың «Гренада» атты туындысы. Гренада – Испаниядағы бір қала. Өлеңнің кейіпкері: «Гренада, Гренада, Гренадам менің!» – деп ән салып келе жатады да, кенет маңдайына оқ тиіп, «Гренада» сөзін аяғына дейін айта алмай, «Грена…» деп үзілген күйі жан тапсырады. Өлеңдегі осы сөз ойынын, яғни аяқталмаған дыбыстық әсерді түсінбей қалған Назым Хикмет, кейін өзі жазған «Салқым Сөгіт» пен «Бахри Хәзер» өлеңдерінде осындай тәсілді қолданған болатын. 

 

Аттылар, аттылар – қып-қызыл аттылар,

аттары – жел-қанаттылар!

аттары жел – қанат...

Аттары – жел.

Атта...

Ат...

«Салқым Сөгіт»

Шығады қайық,

Түседі қайық.

Шығады қа...

Түседі қа...

Шық...

Түс...

Шық... 

«Бахри Хәзер»

Кейінірек, 1952 жылы, осы өлеңдер жайында сөз қозғалғанда, Назым былай деген еді: – Светловтың өлеңінде жарылмай қалған, бірақ сәлден соң жарыла жаздап тұрған бір қол гранатасы бар, менің өлеңдерімде болса – батып кетпеген, бірақ біртіндеп суға батып бара жатқан қайық пен сәлден соң құлап түсетін ат бар...

– Не айтып тұрсыз, ұстаз? Қандай граната? – дедім мен.

– Граната – қол бомбасы емес пе?

– Иә, солай, бірақ өлеңде «Граната» емес, «Гренада» деп жазылған, яғни Испаниядағы бір қала аты ғой.

– Ойпырай, рас па? Құдай ұрып кеткір, мен оны басқаша түсініппін, енді не істейін, өлең жазылып қойды ғой...

Бұл мысал да Назым Хикмет поэзиясында совет өлеңінің әсері алдымен форма жағынан көрінгенін дәлелдейді. Сол дәуірдегі совет поэзиясының ықпалын ең алдымен сол дәуірдің рухынан, революция тудырған жігер мен толқудан іздеу қажет. Маяковскийлерге, Багрицкийлерге, Светловтарға өлең жаздырған сол төңкеріс, азамат соғысы, жаңа экономикалық саясат (ЖЭС) кезеңінің қызу лебі Назымға да сол жігерлі, отты өлеңдерді жаздырды. Сол тұстағы совет поэзиясындағы мазмұн совет ақындары мен Назым Хикмет үшін ортақ еді. Әрқашан жаңа мазмұнға жаңа пішін іздеген Назым Хикмет совет ақындары тапқан кейбір көркемдік тәсілдерді өз туындыларында шеберлікпен пайдалана білді. Сондықтан да, совет әдебиетінің Назым Хикмет поэзиясына тигізген әсерін қарастырғанда, осы жайттарды ескерген жөн деп білемін. 

«Кува-йы Миллие» дастаны

«Кува-йы Миллие» (Араб. Ұлттық күштер) дастаны – Назым Хикметтің Түркияның азаттық соғысын бөлімдерге бөліп баяндаған классикалық туындыларының бірі. «Кува-йы Миллие» дастаны 1939 жылы Ыстамбұл түрмесінде, 1940 жылы Чанкыры түрмесі мен 1941 жылы Бурса түрмесінде жазылған. Шығарма алғаш рет 1965 жылы «Азаттық соғысы дастаны» деген атпен, кейін 1968 жылы «Кува-йы Миллие» деген атпен жарық көрген.

Бұл шығармасында Назым Хикмет өзінің әдемі, жалпақ және жатық түрікшесімен, қалыптан тыс теңеулерімен бір ұлттың "Ұлттық күресін" баяндап, елі үшін жанын қиған жүз мыңдаған Анадолы халқын кейіпкерге айналдырған. Назым Хикмет жырларына советтік революциялық рухтың әсер еткені де осы дастанынан да көрінеді. Дегенмен бұл кезде ақын формалық еркіндікке көшкенін көреміз. 

«Kuvâ-yi Milliye» дастаны

 БАСТАҢҒЫ

ОЛАР

Топырақта құмырсқа,

суда балық,

ауада құс секілді құжынаған бәрі..

қорқақ,

батыл,

надан,

ақылды

және жеткіншектеу әлі..

қарғыс атқан жаратушының дәл өзі болатын олар.

дастандарымызда тек қана солардың хикаясы бар.

сатқынның азғыруына көніп

қолдағы байрағын жерге түсірген де,

және соғыстағы дұшпанын тастап, үйлеріне қайтқан да,

құрсақта жатып қанжар сермеген де солар.

жап-жасыл ағаш секілді күлетін де,

дәстүрсіз жылайтын да,

әкеңнен бастап боқтайтын да солар,

дастандарымызда тек қана солардың хикаялары бар.

 

Темір,

көмір,

және шекер,

қызарған жез бен мата да,

махаббат...қасірет... өмір де...,

өнеркәсіп түрлері де,

аспан мен сайын дала да,

және көкпеңбек мұхит пен

өзендерге апаратын мұңлық жолдар да,

жер аударылған топырақ пен қаланың бақыты да,

бір алакөбеде өзгеріп сала беретін болады әлі...

 

топырақты езеді зілбатпан қолдар

олар

қараңғылықтың етегінен адымдап кері қайтатын болады әлі....

бір таңда өзгеріп сала беретін болады бәрі...

 

Ең данышпан айналарға

түрлі-түсті суреттерді шағылыстырған да солар.

ғасырлар майданында жеңген де, жеңілген де өздері болатын.

олар жайлы айтылған сөздер де, жазылған дастандар да сансыз.

және олар жайлы:

шынжырдан басқа жоғалтатын ештеңесі қалмаған делінді...

 

БІРІНШІ БАП

1918-1919 ЖЫЛ және ҚАРАЖЫЛАН ХИКАЯТЫ

Өртті де, қастандықты да көрдік,

Сонсоң өртенген көздеріміз арқылы

әлемнің төбесінде тұрдық.

919 жылдың соңғы айларындағы Ыстанбұл

919 жылдың мамырында Измир,

Маниса, Менемен, Айдын, Аққисар болса,

Мамырдың ортасынан маусымның ортасына дейін,

шабындық кезеңі,

арпалар орылып, бидайларға кезек келген сәт,

ағып түсті бәрі...

Адана,

            Антеп,

                        Урфа,

                                    Мараш:

                                               аунап түсіп, алысып жатқан...

 

Өртті де, қастандықты да көрдік

Қанды банкир базарында

мемлекетті сатқандар,

мазарларлардың үстіне келіп жатқандар

жан қайғысына түсіп

жандарын құтқарамыз деп

халықтың ашуынан қашып

қараңғыға сіңіп жоқ болды...

жаралы, қажыған және кедей болатын халық

бірақ азулы айқастарға түсіп шайқасып жатты.

шайқасып жатты екі есе құлдыққа түспеу үшін,

екі есе тоналмау үшін және...

 

Өртті де, қастандықты да көрдік

Мұрат өзені, Жәнік таулары, Фырат...,

Жасылырмақ, Қызылырмақ,

Гүлтөбе, Тилбешар ойпаты

Тістері ақсиған Ағылшынды көрді.

Ақсу мен Көпсу,

Қаракөл мен Сөгіттікөл

Күміс баспалдақты кесенесінде жатқан ғашық мәйіт

Қораз қауырсынынан жасалған тымақ киген Италиялықты көрді.

және Чукурова,

тегіс тізілген жартастар, беткейлер, таулар

және Сейхун мен Жейхун,

қара көзді Өрік қызы

көк түсті формадағы Французды көрді.

Ал біз өртті де, сатқындықты да көре бердік тағы.

Атақтылар мен дүмпу салғандардың көбі,

ағаларымыз да,

Бағасар ағадан бастап

алып басты Мехмет ағаға дейін

дұшпанмен ауыз жаласқан еді...

Сиырларды, қойларды, ешкілерді айдап әкетіп,

келіннің абыройын төге

балаларды өлтіріп,

               тәуелсіздікті өртеп жатқанда дұшпан,

маузері, бесатары мен мылтығы бардың бәрі тауға шықты сол сәт

көшкін сияқты көбейді қарақшылар.

билік құра бастады ауыл тұрғындары сонда

                             сатпақ ішкиім киген ауыл тұрғындары...

Тунистік және Үндістандық малайлардың арасынан табылды,

бізге жақтасатындар...

Қысық көз, сирек сақалды Түркістандық Қажы Ахмет

кішкентай бесатарын қолына алып таулар сілемінде,

таңда да, шаңқай түсте де, алакеуімде,

айсәулесінде, қараңғылықта та

біздің ел тұтқиылға тап келсе,

құдды жерден өсіп шыққандай-ақ жанынан табылатын ылғи.

сөйтіп соғысып дұшпандарымызбен

ғайып болатын тау жаққа барып тағы...

 

Өртті де, қастандықты да көрдік

Төздік..

Измирде де, Айдында,

Аданада да төздік, Урфада да, Марашта да, Антепте де...

 

Антептіктер мерген келеді,

Тіптен ұшқан тырнаны да қалт жібермес мылтығы.

Қашқан қоянды артқы аяғынан атып түсірердей тіпті.

және араб атының үстіне жап-жасыл сауырдай тік отырады олар..

 

Антеп шыжыған ыстық

Антеп темірдей қатал...

Антеп халқы мерген келеді...

Антеп халқы ержүрек халық...

 

Қаражылан

қаражыланға айналмай тұрып

Антептің ауылдарын шарлап жүретін.

бақытты ма, бақытсыз ба әйтеуір

бір ән сарнап жүретін..

далалық тышқан секілді өмір сүретін ол

далалық тышқандардай қорқақ болатын..

Қаһармандық - атпен, мылтықпен, туған топырақпен қонады адамға,

ал оның аты, мылтығы, топырағы да болмаған.

Мойны сабандай жіңішке, жалпақбас болатын қаражылан

                                    қаражыланға айналмай тұрып...

 

Дұшпандар Антепке адым атқан сәт

Антеп халқы оны

қорқынышын көмген  пісте ағашының үстінен тауып алады.

 

Астына ат, қолына мылтық берді сонсоң..

 

Антеп – қатал да қатқыл жер,

қызыл жартастарын

                            жасыл кесірткелер мекен қылатын..

ауада ілгері-кейінді қалықтайды

                                             қайнаған бұлттар...

 

Жау әр төбеден қыспаққа алған сәт,

зеңбіректермен қоршалған Антеп халқы

ойпатты жерлерде

кептеліп қалды.

Дұшпан оқ жаудырып жатты,

Топырақты түбімен қопарып.

Жау әр төбеден қыспаққа алған,

аққан Антептің қаны..

 

Тегіс жазықта өскен бір тал гүлдің көшетін көздеген,

Қаражылан қаражылан болмай тұрғанда нысанаға алып.

Сондай кішкентай нәзік бір гүл еді

ал Қаражыланның үрейі де, бассүйегі де алып болатын.

оқпанға бір де бір оқ жүгіртпестен

етпеттеп жататын..

 

Антеп шыжыған ыстық

Антеп темірдей қатал...

Антеп халқы мерген келеді...

Антеп халқы ержүрек халық...

бірақ жаудың қолында зеңбірек бар болатын

қолдан келер қайран жоқ тағдырға..

тегіс жазығын Антеп халқы

дұшпанның уысына тастауға мәжбүр...

 

Қаражылан

қаражыланға айналмай тұрып

ақыретке дейін Антеп жау қолында қалса да

                                               бәрібір болатын оған..

өйткені «ойлануды» ешкім үйретпеген еді әлі,

Құм арасында дала тышқаны секілді өмір сүретін ол..

дала тышқаны секілді қорқақ болатын және...

 

нысанасына бір тал гүлдің көшетін алып

етпетінен жата беретін түбінде сол гүлдің.

ақтастың арғы жағынан қара жылан ақситып басын шығарды

 

Терісі жылтыр,

                        көздеррі оттан да қып-қызыл,

                                               тілі айыр болатын оның...

Бір күні аңдаусыз келген оқ басын кеседі,

Қаражылан өлді деседі...

 

Қаражылан

қаражыланға айналмай тұрып

өз табиғатын көріп

айқайға басқан жан дауысымен

өмірінде тұңғыш рет ойланған қаражылан...:

«Ғибрат ал, алаңғасар көңіл,

темір сандыққа тығылсаң да тауып алады сені,

ақ тастың артына тығылған қара жыланды тапқандай... өлім...»

 

Дала тышқаны құсап өмір кешіп,

дала тышқанындай қорқақ болған қаражылан,

ыршып ілгері жүгірген сәт

Антеп халқының бойын ашу билеп,

соңынан ағылады оның.

төбелерді басқан қалың жауды

төбелерде шайнап тастады олар...

Дала тышқаны құсап өмір кешіп,

дала тышқанындай қорқақ болғандарға

Қаражылан деп ат қоятын болды сонсоң...

Антеп халқы...

 

Екбер Бабаев жинақтаған мәлімметтер 

«Весика» журналынан алынды.

«Kuvâ-yi Milliye» дастанының үзіндісі 

түпнұсқадан аударылды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan