Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Нұрлан Қалқа. Кәдесіз құдалық...

Нұрлан Қалқа. Кәдесіз құдалық

07.02.2026

4382

Нұрлан Қалқа. Кәдесіз құдалық - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Тұрсекеңді Астанаға келгелі білемін. Шағын бойлы, тарамыс келген, қараторы жігіт ағасы. Мінезі ерекше жан. Түзу жүретін, тура сөйлейтін азамат. Кеңес одағы кезінде жоғары оқу орнын Ленинградтан оқып бітірген. Техникалық мамандық иесі, зауытта да жұмыс істеген мол тәжірибесі бар. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу адам. Сондай жақсы қасиеттері үшін жақын тартып, араласуға пейілмін. Көре қалсақ, жылы шырайлы амандасып, әңгіме көрігін қыздырамыз. Ол – айтушы, мен – тыңдаушы. Бірде құдалыққа байланысты айтқан әңгімесі көпке дейін көкейімнен кетпей жүрді. Ол енді нағыз Тұрсекеңнің ғана қолынан келетін жайт. Тіпті, қанша жерден құптасам да оның жасағаны, әй, бар ғой, менің қолымнан келе қоймас. Енді Тұрсекең өзі айтып берген, ағайын-туғанын, құда-құдағиын сөзіне сендіріп, айғай-шусыз, мүлтіксіз жүзеге асырған қыз ұзату, құдалық жасау жайын әңгімелеп берейін.

Қызықсаңыз, тыңдап көріңіз. Кім біледі, сіздің де бір кәдеңізге жарап қалар. Ұл-қыздарыңыз бар дегендей...

***

Тұрсекең бәйбішесі екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасылар қатарынан. Балаларын ел қатарлы оқытты, тоқытты. Қыз бой жетіп, мамандағы бойынша жұмысын істеп жүр. Ұл ер жетті. Ол да жұмыссыз емес.

Бір күні кешкі ас үстінде әйелі Тұрсекеңе қыздары Баянның көңілі қалаған адамы барын, өздері рұқсат етсе тұрмыс құрмақ ойда екенін жеткізді. «Қыз бала жат жұрттық» деген атам қазақтан қалған мақалды тілге тиек етті зайыбы. «Қарапайым отбасынан шыққан бала екен. Оқуын бітіріп, қызмет істеп жүрген көрінеді. Екеуі бас қосып жатса, мүмкін, бас кезінде пәтер жалдап, қиналып қалмас үшін бізбен бірге тұрар» деген ойын қоса айта кетті Балым. 

Тұрсекең қапелімде не дерін  білмей сасып қалды. «Иә, Баянның да бой жетіп, қара шаңырақтан ұзатылатын уақыт келіп қалған ба?» деп терең ойға батты. Күні кеше ғана емес пе, тұлымшағы желбіреп, мойнына асылып, түспей қоятыны. Қыз бала болған соң Тұрсекең қатты еркелетіп өсірді. Бетінен қаққан жоқ, бірақ та шолжаңдатқан да жоқ. Тізгінді бір тартып, бір ұзартып, екі баласының бойына ата-анасынан алған жақсы қасиеттерді сіңіруге тырысты. Енді міне, «күйеуге кетем» дейді. «Теңін тапса, тегін бер» деген үлкендерден қалған тағылымды сөз бар. Дегенмен...».

Тұрсекең әйеліне жауап қатпады. Расында, бірден не дейді? Жүрегінің жартысындай болған қызын әлі күнге кішкентай деп жүрсе... Қарай гөр өзін. «Күйеуге тием» дейді... Қазір ғой заман жақсы, адам өзгерген. Біреуді біреу біліп болмайды. Әсіресе, жастардың сана сезімі, ойлау жүйесі, айтқаныңды қабылдауы – бәрі басқаша. Жаңа ұрпақ мүлде өзгеше. Жаһандану дәуірі деген осы шығар, бәлкім. Не істемек керек? Таңдағаны жақсы жігіт болып шықса жөн. Жаңадан үйленген жастарға Астанада пәтер жалдап тұру оңай емес. Қазір үйленіп алып, үй болмай жатып, шаңырақтары шайқалып, екі жақтың ата-аналарын уайымға батырып жатқан жастар қаншама!.. Тұрсекең ойға шомып кетті.         

Балым күйеуінің сырын жақсы біледі. Ол енді біраз күн ойланады. Түн баласы өз-өзімен сөйлесуі мүмкін. Пікірін бірден айта салса, «тіке айтар Тұрсекең» атана ма?! Одан әрі қазбалап, ештеңе демеді. 

Тұрсекең ас қайырып, дастархан басынан тұрып кетті. Көңіл-хошы болмай тұрғанын Балым іштей сезді. Күйеуінің қашанғы әдеті. Әлденені ой елегінен өткізерде өзімен-өзі қалғанды дұрыс көреді. Әне ұзын дәлізде арлы-берлі жүрді де қойды. Шекесі білеуленіп, көздері қызарып, онсыз да қараторы жүзі күйгелектіктен сұп-сұр болып, қу жанын қоярға жер таппай, әбігерге түскені... Ой үстінде. Енді бір-екі күннен соң қандай да бір шешімге келіп, ортаға салары анық. Қандай ой айтар екен!.. Не ойлап табар екен? Көңілге қонымды сөз айтса жөн... Әйтпесе... Тұрсекең бір-ақ айтады, одан кейін оны райынан қайтару қиынның қиыны. «Жанға жайлы сөз айтса игі еді» деп ойлады Балым көңілі алабұртып. Сосын шаршаңқы түрде ыдыс-аяғын жиыстырып, күйбең тірлікке кірісіп кетті...

***

Тұрсекеңнің есіне өткенде жақын досының жалғыз ұлының үйлену тойына барғаны сап ете қалды. Досы Арман бұған қарағанда қалталы жігіт. Жалғызынан несін аясын. Астананың бел ортасындағы керемет мейрамхананы жалдапты. Кіріп келгенде-ақ әппақ сарайдың салтанаты көзге бірден ұрады. Шамдары да «көрдіңіз бе, мықты болсаңыз осындай сарайда той жасап көріңіз» дегенді аңғартып тұрғандай. Үстел үстінде не жоқ дейсіз... Обалы не керек, той иелері келген қонақтарды құрақ ұшып, қуанышпен қарсы алып, ықыластарын танытып жатыр. Той үстінде небір атақты әншілер бірінен кейін бірі келіп, құйқылжыта ән салып, қонақтарды ортаға биге шақырып, көңілдерін көтеріп тастаған. 

Тұрсекең той өткізген досына арада біраз күн өткенде барып кездесіп қалды.

– Ареке, тойыңыз ханның тойынан кем өтпеді. Жақсы демалып, разы болып қайттық сол жолы, – деп шын пейілін білдірді.

– Пейіліңізге рақмет, Тұрсеке! Бірақ бар ғой... Сенен несін жасырайын, қызды-қыздымен біраз қаражат жұмсаптық. Аздап қарызға да кіріп кеттік. Соның орнын толтыра алмай әлекпін, – деп көңіліндегі сырдың ұшын шығарды.

– Қазақ «Бар жиған-тергенің тойға шашылсын» демей ме?! Ареке, жұмсалған қаржының орны толар, аман болсаңыз. Ең бастысы, жас жұбайлар бақытты болсын! – деп досының алаң көңілін жақсы сөзімен жұбатқандай болған.

– Иә, дұрыс айтасыз, Тұрсеке! Айтқаныңыз келсін!

Досы шынайы пейілмен айтылған сөзге жаны жадырап, жүзі жылып қалды. Екі дос бір-біріне «жақсы» десіп, өз жөндеріне кеткен.

Міне, сол оқиға есіне түсіп, Тұрсекең сан саққа жүгірген қалың ойының бір пұшпағын ұстағандай болды. «Анау Арман досым пысық-ақ жігіт, саудасы жүріп тұрған кәсіпкер. Соның өзі күні кеше ұлының үйлену тойын аста-төк етіп өткізгенмен, қарыз деген қомағайдың қақпанына қалай түсіп қалып, қамығып қалғанын өз құлағымен естіді. Осыдан сабақ алу керек болар.

Тұрсекең осы бір ой ұшқынынан айрылып қалмауға тырысты. «Көрпеңе қарай көсіл» деген ұлағатты сөз бар емес пе? Бекер айтылмаған. Қазіргі кезде үлкендерден қалған осы ақылды мүлдем ойдан шығарып алғанбыз. Қарызданып-қауғаланып, ат шаптырып той жасаймыз, құдалықтың өзін ұлан-асыр думанға айналдырып алдық. Ысырапты айтсаңшы. Тойдан ығыр болған көпшілікпен санасуды қойдық... 

Көршіміз, алып елдің арзан жылтырақ киім-кешегі, айыр қалпақ ағайындардың ою салып, түрлі дизаинмен тіккен шапан-камзолдары, тақиялы көршіміздің матадан пішілген кең етекті көйлектері құдалыққа кит ретінде алыс-беріс құралына айналғалы қаншама жыл өтті. Біздікі әлі сол баяғы шашылу, несиеге бату, одан кейін оны төлей алмай, арты ұрыс-керіске, шаңырақтың шайқалуына, ағайын-туыс, құда-жегжат арасында бітпейтін реніш-өкпеге ұласуы... Арман досым кәсіпкер, жарайды, алған азғантай несиесін өтеуге оның жағдайы жетеді. Соның өзінде іші қан жылап тұрғанын өз көзіммен көрдім ғой. Ендеше, мен ондай дархандыққа бара қоймауым керек. Мана Балым болашақ күйеу баланың жоғары оқу орнын бітіріп, қызметке енді орналасқан жас маман екенін, елордада пәтер жалдап тұрататынын айтты емес пе?! Баянмен бас қосып жатса, жас жұбайларды үйімізде тұрғызу қаншалықты дұрыс? Ол енді әдетімізге жат қой. Күйеу бала да келісе қоймас оған.  Сонда не істеу керек?..».

«Қызымыз тұрмысқа шықпақшы» деген әйелінің әнеу күнгі сөзінен кейін тойдың жайы Тұрсекеңнің жатса да, тұрса да ойынан бір шықпады. «Қазір мың құбылған заман. Біз болсақ, «Баяғы жартас – бір жартас» демекші, әлі сол өгіз аяңнан бір танбаймыз-ау, бір танбаймыз, – деп күйінді Тұрсекең. – Мына түрік ағайындар дәл біз сияқты шашылмайды екен. Қыз бен жігіт қосылар болса, ең жақын ағайындарын шақырып, шағын үстел жасап, тәттілерін қойып, ақ тілектерін айтып, тарқасады екен. Былтырғы жазда ағасының қарындасы Ботагөздің немересі Қасым Стамбұлда оқу бітіріп, жұмысқа орналасқан. Сонда жүріп түрік қызын ұнатып, үйленетін болып шешкен. Қыздың әкесі «бізге басы артық дүниенің керегі жоқ, жастар жақсы тұрып кетсе болды» депті. Қасымның ата-анасы көп шашылмай, Алматыда ағайынның басын қосып, шағын құдалық қана өткізіпті... Ойлап отырсаң, ақылға қонымды шешім сияқты... Біз қайтпекпіз? Бір жағына шығысып, ақыл қосар деген әйелінің түрі анау». Тұрсекең ауыр күрсінді.              

***

Балым күйеуінің нақты бір тоқтамға келгенін не келмегенін біле алмай дал болды. Көңілі құрғыр сан саққа жүйіткіп әлек... 

Тұрсекең ас үйге кіріп келіп, ақырын барып төрдегі орнына жайғасты. Балым күрең шәйін тездетіп демдеп, барын үстелге қойып, отағасының сөзін сабырмен күтті.

Тұрсекең шөлін басқан соң барып, сөз бастады.

– Баян теңін тапса, ақ батамызды беріп, ұзатқанымыз жөн. Көп ойланып, мың толғанып, бір шешімге келдім. Ойымды сенімен талқылап алайын деп отырмын. Сен қалай қарайсың? Содан соң қызымызға екі жақтап айтайық.

Балым күйеуінің жұмбақтап тіл қатқанынан іш жиып қалды. Бірақ бірден сыр бермеді.

Оның үнсіз тыңдауға ниетті екенін біліп, Тұрсекең сөзін сабақтады.

– Өткенде Арман досымыздың ұлының тойына бардық қой, есіңде ме? – деп Тұрсекең әйеліне сұраулы жүзбен қарады.

– Иә, той керемет өтті. Ондай той жасау біздің қолымыздан келер ме екен?

Тұрсекең мырс етті. Әйелінің осылай дейтінін сезгендей еді. Әйелдер деген қызық халық қой. Қолыңда қаражат бар-жоғыңа қарамайды…

- Шын ғой, өзің де көрдің. Аста-төк той болды емес пе?!.

Әйелі әлі де той қызығынан арыла алмаған кейіп танытты.

Тұрсекең енді сөзін келте қайырды.

– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген. Иә, Арман досым баласының тойын министрдің тойынан кем өткізген жоқ. Көрпесіне қарай көсілді. Біз басқаша шешім қабылдаймыз.

Тұрсекең үнсіз қалды. Терең тыныстап, көзін алыс нүктеге қадап алыпты. «Айтсам ба, жоқ па?» деген қалып танытты.

Шыдамы таусылған Балым:

– Жұмбақтамай айтсаңшы, той, құдалық жайын, – деді.

– Той жасамаймыз... Ал құдалық...

Тұрсекең айтып ауыз жиғанша әйелі:   

– Той жасамаймыз!.. Неге?.. 

Балымнан сабыр кетті. Сарғыш жүзі қызарып, қос жанары от шашып, өн-бойын еркінен тыс бір күш кернегендей... Даусы жаңғырып шықты.

– Бір тал қызымызға той жасамай, не көрініпті?! «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген... Ел-жұрттан ұят емес пе?!

– Сонда қарызға бату ұят емес пе, сен үшін?.. 

Тұрсекең енді әйелінің одан әрі көсілуіне ерік берсе, қара аспанды төндіретінін іштей сезіп, іле сөзін жалғастырды.

– Балым, алдымен жақсылап тыңдап ал. Той жасаудан қашып отырған мен жоқ. Жағдайды таразылай келе, тек шағын құдалық қана өткізсек деген тоқтамға келдім. Кит деген болмайды, оларға да бермейміз, құдалар жақтан бізге де ештеңе керегі жоқ. Алты-жеті адам болып құдалыққа барамыз, үш-төрт сағат болып, қайтамыз. Олар да алты-жеті адам құдалыққа келсін, үйде үш-төрт сағат күтіп, разы етіп шығарып саламыз. Бастысы, екі жас бақытты болсын. Бекерден бекер қарызданбаймыз. «Барымен – базар» деген.

Тұрсекең осымен бітті дегендей әйеліне қарады, үні тым қатқыл. Өз ойына мықтап бекінгендей.

 Балым не дерін білмей састы. Өңі өрт сөндіргендей. Түтігіп кеткен.

– Жоқ, Тұрсын, мұныңа еш келіспеймін. Той да болады, құдалық та жасаймыз!..

Орнынан жедел тұрып, жатын бөлмесіне қарай асыға адымдады.

***

Балымның көзінен бір түйір жас домалап түсті...

«Әйел ашуланса – жеңіледі, еркелесе – жеңеді» дегенді естігені бар еді. Мұндай сәтте қайтып еркелесін. Тіпті, сол еркелік деген не екенін ұмытқалы қашан.

Көзінің қарашығындай жалғыз қызын дүниеге әкелерде көрген адам төзгісіз қиындығы, оны ауыр босанғаны, денсаулығы сыр беріп, ана сүтімен емес, шетелдік сүт өнімін беріп өсіргені – бәрі-бәрі көз алдына келді. Енді кеп бойжетіп отырған қарғашын қолынан ұзатып, думандатып той жасасам деген арманы аяқсыз қалғалы тұр ма?.. Той жасамасақ, құдалықтың жайы қалай болмақ?.. 

Балым сансыз сұрағына жауап таба алмай, дел-сал күйге түсті. Ашуы тарқағанша апта бойы көңілсіз жүріп алды. 

***

Ақыры бұлай жүре берсе қызының жолына тосқауыл қойып, екі жастың қарым-қатынасына сызат түсерін ойлап, ашуын сабырға жеңдірді.

Кешкі ас үстінде күйеуін әңгімеге шақырып, оның шешіміне ден қойды. 

– Тұрсын, той жасамаймыз дейсің. Сондағы шешімің қандай?

Балым «сағыз сияқты созбаламай тезірек айтсаңшы не де болса» дегендей күйеуінің бетіне бажырая қарады.

– Бір бөлмелі пәтер алсақ.

– Бір бөлмелі пәтер! 

Балым таңырқай тіл қатты.

– Жарайды, оның жақсы сый! Бірақ... Өзің ойлап қарашы, жалғыз қызымызға ұзату тойын жасамасақ не құдалыққа шақырмасақ, ағайындар, достар не дейді?! Талайының тойына да, құдалыққа да бардық қой.

– Сонда тойға барып, ас-дәмін қарызға іштік пе?

Тұрсекең түтігіп кетті. 

– Кейбіреулер қалай ойлайды, онда менің шаруам жоқ. Қарызға батып, қызымызды кім көрінгеннің жалдамалы пәтерінде қаңғытып қоятын жайым жоқ. Ал өзің айтқандай, үйімізде бірге тұруға күйеу бала көне қояр дейсің бе? Оның да дос-жараны, ағайын-туысы бар дегендей.

Оның үстіне, денсаулығымды өзің менен жақсы білесің. Несие алып, «жаман айтпай, жақсы жоқ», онсыз да жырым-жырым жүрек сыр берсе, несиені қызымыз өтей ме, әлде, бір айлығың бір шайлыққа жетпейтін сен өтейсің бе? Әлде, ұлымызға «аманат» бола ма?..

Тұрсекеңнің сөзі Балымның жанына шаншудай қадалды. Есін жиып алғандай болды. Әкесі «Шындықтан сөз бұзылмайды» деп жиі айтып отыратын. Тұрсекең ашынып әрі шынын айтып отыр. Күйеуінің денсаулығы сыр бергелі біраз жыл. Күтіммен ғана жүргені өздеріне белгілі. Балалары да, өзі де соны көп уайымдайды. Екі-үш рет қатты қиналып, дәрігер досының арқасында әупіремдеп аман қалды. Ауруханаға күйеуінің халін білейін деп бір барғанында, дәрігер достары Аманды көрген. Ол амандық сұрасқаннан кейін, Тұрсекеңе жасалған ота туралы айтты. «Күйеуіңнің көрер жарығы бар екен, Балым. Дер кезінде көмек көрсетіліп, жүрегіне стенд қойылды. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Ендігі жерде қатаң күтім керек. Досыма жақсы қараңыз, достық тілегім – осы» деп, Аман жұмысым бар еді, деп қоштасып, бөлмеден шығып кеткен. Сол сөзі көкейінде жатталып қалды.

Шындығында, бүгінмен өмір сүретін пендеміз ғой. Әйтпесе, сонда күйеуінің амандығын Алладан тілеп, балалаларымен күн-түні аурухана есігін күзетіп еді. Денсаулығы кішкене аздап жақсарып қалып еді, бастан кешкен сол күнгі қиындық ұмытылып қалды. Балым күйеуінің сөзіне енді келіспесе болмайтынын жан жүрегімен түсінді. 

Едәуір жеңілдеп қалғандай, жеңіл тыныс алды.

– Балалармен ақылдасайық, – деді сосын күйеуіне қарап.

***

          Баян ата-анасының ұсынысын құптады.

– Мама, сіздерді қолдаймын! – деп Баян інісі Асанға қарады. 

– Сен ше?

- Мен де қолдаймын! Кейін үйленіп жатсам, мен де осылай істеймін.

Асан көп сөйлемейтін, мінезі ауыр бала. Әкесі секілді әңгіменің тоқетерін айтқанды жақсы көреді. Бұл жолы да сол әдетімен әкесінің ұсынысын бірден қолдай кетті.

Баян әкесіне әрі еркелей, әрі әлгінде анасы сөз арасында айтқан ұсынысының бір бөлігін тезірек білмек ниетпен:

– Папа, енді тосынсыйды айта берсеңіз болады, – деді.

– Иә, қызым, менің қарызды жек көретінімді білесіңдер. Қарыз алып той жасау – маған жат әдет. Одан да сендерге сыйлық жасайық деп шеттік. Жиып жүрген азын-аулақ тиын-тебенімізге бір бөлмелі пәтер алсақ деп келістік.

Абылайхан даңғылының сол жақ бойында әмбебап дүкен барын білесің. Ал жолдың оң жақ бөлігінде қызыл кірпіштен жаңа үйлер бой көтергенін күнде көріп жүрмін. Сол жаңа үйден пәтер алатын боламыз.   

– Бұл, папа!.. Күтпеген сыйлық! Рақмет, папа, мама!..

Баян орнынан ұшып тұрып, әкесі мен анасын құшақтай алды. 

Қыздың көзіне жас үйірілді. ...Қуаныш жасы еді.

***

Астананың саф ауасы тынысыңды ашады. Тамылжыған тамыз айында жер жәннаты – Жетісудан Беделхан бастап, құда-құдағилар келді.        

Құтты қонақтарға дастархан жайылып, лайықты құрмет көрсетілді. Тұрсекең мен Беделхан құдалар төс қағысып, ең жақын ағайындар арасында құдалық өткізілді. Балым «қанша дегенмен алғашқы куанышымыз ғой, көзімдей көріп жүріңіз» деп Салтанат құдағиына жүзік сыйлады.

Көп кешікпей Баян мен Берік қызыл кірпіштен салынған үйлердің бірінен алған пәтерге, жаңа қонысқа көшіп, ата-аналарының ақ батасын алып, туған-туыстың ізгі тілектерін жадыларына тоқып, жүздері бақыттан бал-бұл жанып, жаңаша өмір бастап кетті. 

***

Араға жыл салып, Асан үйленетін болды. Тұрсекең Абылайхан даңғылы бойындағы ақшаңқан биік үйлерден бір бөлмелі пәтер алып қойған. Кербез Көкшенің аруын алақанына қондырған ұлы Асан мен келіні Арайлымды жаңа пәтерге көшіріп, өз алдына жеке отау етіп шығарған.

Көкшелік құда-құдағилар Тұрсекеңнің «той-той деп ысырапқа жол бергенше, жас жұбайларға астана төрінен баспана алып берсек» деген бір ауыз сөзін түсіністікпен қабылдаған. Құдалық үстінде «осындай құда-құдағилардан айналмайсың ба!» дескен. Екі жақ бір-бірлеріне шынайы тілектестік білдіріп, «құдалығымыз мың жылдық болсын!» деп разы көңілмен тарасқан.

«Көңіл көңілден су ішеді» деп әжесі жиі айтып отырушы еді. Бекерден-бекер айтпайды екен, жарықтық» деп Тұрсекең иығынан ауыр жүк түскендей, жеңілдеп қалды. 

Астана.   4 ақпан 2026 жыл.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan