Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
«Оба» – Камюдың ұлы жұмбағы...

02.04.2020 5373

«Оба» – Камюдың ұлы жұмбағы 16+

«Оба» – Камюдың ұлы жұмбағы - adebiportal.kz

Бұл азапқа түсу уақыты аяқталып, естен шығару уақыты басталмаған өліара шақ еді.

«– Айтыңызшы, доктор, олардың обадан опат болғандарға ескерткіш тұрғызамыз деп жүргені рас па?

– Қалай болғанмен де, газеттер солай жазып жатыр ғой. Не стелла, не тақта қоятын шығар.

– Өзім де солай ойлап едім. Әлі қаншама сөздер сөйленеді десеңізші! – деп қылқына кеңкілдеді. – Қалай бастайтыны құлағыма келіп тұр: «Біздің өлілер...». Ал сосын тәбет ашарға, тіске басарға тартады».

Альбер Камюдың «Оба» романының сірге жияр тұсында, дәрігер Риэ мен ауру қарттың ортасындағы әңгіме осылай өрбиді. Екеуінің ұғымында қаланың қақ жартысын жалмап кеткен індет адамдарды өзгерте алмақ емес. Оба олардың жүрегіне, кісілік кейпіне, тағдырына үлкен із салып өткенімен, оба бәрі бір де оба болып қала бермек. Олар үшін оба – өмір, оба – өлім, оба – қасірет, оба – сандырақ, оба – үрей, оба – қорқыныш, оба – той, қуаныш, оба – бәрін ұмыту, жаңғыру, түлеу. Оба адамдарға, адам обаға айналғандай. Екеуі біртұтас бейне. Аянышты үйлесім. Бұрын да, кейін де, келешекте де осылай жалғаса бермек.

...Бұл күндері оба жайлаған осынау қасиет атқан қаладан қашып шығу арманы Рамбердің жүрегінің терең түкпірінде баяу бүлкілдеп қана жатқан. Көзін бір ашып бір жұмған арманын әлдилеп ержеткізуге, қуаттандыруға, күш беруге оның хәлі де, уақыты да, тіпті ынтызары да қалмаған еді. Қоқсық өртейтін пештен шыққан, адам мүрдесінің қою, майлы түтіні аспанды торлап алған. Аспан ажалдың апаны сияқты. Тойымсыз. Тынымсыз өлім оғын бүркіп тұр. Әр аттам жер қазусыз қабірің сияқты. Табаныңның асты қып-қызыл шоқ, тағдырың табада шыжғырылған тандыр нан тәрізді. Аңдусыз ауыз тиген адам аңдамай оққа ұшады. Тұтас қала обамен тыныс алып тұр. Тұтас қала обамен өмір сүріп жатыр. Тұтас қала оба болып ойланып тұр. Жауған жаңбыр да, соққан жел де, шыққан күн де, туған ай да оба туралы айтады. Алып алаңдар мен еңселі ғимараттардан тартып, қаланың қуыс-қалтарыстары, елеусіз бұрыштары мен беймәлім түкпірлеріне дейін обаның уысында тыпырлайды. Қуырылады. Алжир жағалауындағы Оранның запыран бораны әлде қайдан ұйтқытып әкеп, осында құсып тастаған Риэ, Гран, Тарру, Рамбер, Коттармен оның айналасындағы бейбақтар құйындай құтырған обаның ортасында арпалысып жүр. Оларды әлде бір тылсым нәзік сәуле үміттің қылдай жібіне еріксіз матап, болмашы бір өлеусіреген жарыққа талпынып жүр деп айта салудың өзі әбестік болар еді. Тіпті қиянат па дерсің?.. Олар өздерінше құрыштай мықты еді, өздерінше болаттай берік, күрескер еді. Сонымен қабат осы сәтте оларда өткен де, келешек те жоқ-тын. Ондағы уақыт пен кеңістік өлшемі барынша дәрменсіздікке бой алдырған. Олардың өмірі (егер өмір деп айтуға аузымыз барса) еркінен тыс. Олар бірте-бірте обаға бауыр басып, олар бірте-бірте обаға айналып, олар бірте-бірте обаға сіңіп кеткендей... Олар осылайша обамен мидай араласып жатса да, өздерінше дербес өмір сүретін. Оба оларға бәрі бір бөтен. Оба мен олар бәрі бір егіз. Олардың арасында адам қауашағына симас арақашықтық пен ажырағызсыз байланыс бар еді. Олардың санасын адам қуаты бойлай алмас түсініксіздік әбден тәлкек еткен болатын.

Камюдың бұл кейіпкерлерінің болмысынан өзі пайымдаған Сизифтың («Сизиф туралы аңыз») қасиеттерін аңғаруға болтын. Бұлардың бәрін белгісіз құштарлық мазалайды. Бұлардың бәрі жан азабының тәрбиесінен өткендер. Олар күніге оба дейтін алып таспен алысады. Алыса-алыса олардың өзі де тасқа айналып кеткендей. Өздері де толық болжай алмайтын мақсаттарының ұшар басына оба-таспен бірге сан шығып, сан құлайды. Қайта тұрады. Олар обамен де емес, таспен де емес, мәңгілік өзімен күресіп жүрген сыңайлы. Риэ осы романдағы ең орнықты кейіпкер. Шығарманың тұғыры іспетті қасиетке ие. Оба-тастың көзге ілінбейтін, бағаланбайтын тіреуіші тәрізді. Рамбер мен Гран бір ауыз сөзге, бір ізді байламға сыймайтын сені мен біздің арпалысымыз, азабымыз, жанталасымыз сияқты «тұрлаусыз» тұлғалар. Екеуінің өткен өмірі мен бұлдыр болашағында көзге көрінбес арқау бар. Тарру мен Коттар ең күрделі жаратылыс иелері. Шығарманың ұшар қанаты да, қонар құйрығы да осы екеуі дер едік. Мүмкін жүрегі. Білмеймін, бұларды былайша бөліп жаруға болмас. Дегенмен, осыған жуықтау мәнге ие қасиеттері тоғыстырып тұрғандай. Бұлардың бәрі Сизифтың шашыранды нұсқалары, әралуан бейнелері сияқты. Бірақ, олар және олардың азабы, болмысы, қайшылығы, тұтастығы, жиркеніші абсурдтық философияның ауанына толық сиып, бағынып кетпейтін сыңар езу қайсарлығы тағы бар. Бұл тұрғыдан олар («Оба») Камюдың өз пайымына қарсы шапқан жаралы арыстандар тәріздес. Айталық, Тарруды оба жайлаған Оманның отты құшағына тастағаны – он жеті жасында өз өміріне кескен үкімі. Әкесі тиіптес қоғамнан қашып, сан-салалы сауалдарға жауап іздеген мазасыздығы. Ал, қапияда осы қалаға қамалған журналист Рамбер сүйген жарына жету үшін, қаладан қашып шығудың жолында ең қауіпті тәуекелге барады. Жылға жуық жалғасқан оба құрсағында ол қайта туады. Оның сондағы бар тапқан тиянағы: «Бұл жарық дүниеде ұдайы талпынуға татитын бір дүние болса, ол – мейірім» деген мезеттік бақыттың құрсауы еді. Ал Тарру өзі жиі айта беретін «бойлауы қиын биік әлемге» (әулиелік кейіп) оба ішінде жүріп аяқ басады. Бірақ оны өзі аңдап та үлгірмейді. Және сол ғұмырлық аңсар болған биігіне, өзі ешкімге керек болмай қалған шақта ғана аласұрып жеткен еді. Айтпақшы, аттап өтіуге болмайтын тағы бір ғажап кейіпкер - діндар Панлю атай. Романды оқып отырып, мүмкін Тарру арман еткен «бойлауы қиын биікте» сол атай арғы дүниеде маужырап жатқан шығар дейсің іштей. Өйткені, оның өлімі өзі жанындай жақсы көрген «Тікеннен тәж киген Исаға» (Гвидор Рени) ұқсайтын. Ал, романның басы мен аяғын тұтастырып тұрған, обаның хабаршысындай егеуқұйрықтар айрықша символикалық мәнге ие.

Коттар – Камюдың ұлы жұмбағы. Қабірге бірге ала кеткен ғұмырлық құпиясы. Оның шешімі қабір ішіндегі тартыс. Оба індеті басталардан бұрын ол өзіне қол салады. Төбедегі шырақ сымына асылған арпалысы сәтсіз аяқталғанымен, кейін ол басқаша рең алады. Оны осы ұлы күйзелістен айықтырған Риэ дәрігер ме, обаның өзі ме? Ол да күрмеулі дүние. Сәуір айында басталған оба, жыл аунап ақпанның тамаша таңында соңғы тиянағына жетеді. Жабық қала Орон ашылады. Шіркеуді алғыс айтқан дұғалар кернейді. Аузы-мұрнынан толған пойыздар қалаға лек-легімен ағылып келіп жатады. Бір күн, бір түнге ұласқан мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Енді бәрі де сәтімен ақырласып, тіршілік әуелгі кейпіне енер деп күтіп отырғаныңызда, Коттар терезеден той тойлап, шеру тартып жүрген, аз күндік бақытын алаңсыз қаужаған қауымға оқ жаудырады. Осы сәт ұзақ ұйқыға кеткен оба оқыс оянғандай белгісіз күй танытады. Ол Коттар атқан автоматтың әр бір оғының ұшында асыр салып бара жатады. Әрбір оқта азап таңбасы бар. Хайуан атаулының ішінде обадан аман қалған жалғыз ит те оққа ұшады. Ол Коттордың оғы. Камюдың жұмбақ оғы. Ол обадан айрылып қалам ба деген «әділет» оғы. Дар ағашында тұрған адамның, кенет аман қалып, масайраған сандырағындай асау, ессіз оқ. Бұл обаның жеңісі және обаны «жеңгендердің» шаттық тойы. Сүйте тұра бұл мағынасыздық үздіксіз қайталануда. Обаның азапты оянуына құштар оқтар терезеден тынбай ақтарылуда... Бұл тұрғыдан Коттар Достоевскийдің жанкешті кейіпкерлеріне ұқсайды. Айырмасы Камюдың Коттары қара басының қайшылығы жан әлемінің адам төзгісіз құзар басына шыққанда түйінделсе, Достоевскийде сол қайшылық шың басындағы шырқау шегінен бастау алып, ары қарай шытжаңа ширыға түседі. Екеуінің тоғысар тұсы – ғаламдық жаратылыстың тұңғиық суаты. Оның жіп ұшын Камю «бойлауы қиын биікке» талпынған кейіпкері Таррудың аузымен аңдатады: «Оның жалғыз ғана қылмысы өз жүрегінде балалар мен үлкендердің өлтірілуін мақұлдауы. Сірә, қалғанының бәрінде оны түсінемін, сондықтан әлгі кінәсін кешіруге мәжбүрмін».

Камю барлық сұрақтардың шешімін адамдардың субективті пікірінен, жан әлемінен, психикалық қайшылықтарынан іздеуге тырысады. Онда әлеуметтік сұрақ, әлеуметтік жалған астар жоқтың қасы. Оның жауапсыз сұрағы – өмірдің мағынасыздығы. Жақынырақ айтсақ «Құдайдың өлімі». Ол үшін Құдай адам ақылсыздығының көрсеткіші. Ал, абсурд өзінің межесін, шегін білетін ақыл. Ақыл мен Құдай арасындағы ымыраластық пен бітіспес жаулықтың арасынан Камюге тән абсурдтық адам туындайды. Ол үшін күнә - білімге құштарлық. Философияда тек бір ғана шешім таппай келе жатқан мәселе бар делінеді. Ол – өзін-өзі өлтіру мәселесі. Яғни, абсурдтық адамның өзін-өзі тануы. Өзін-өзі боршалай алуы. Камю абсурдтық сезімге анализ жасай келе, «Сизиф туралы аңызын» экзистенциалист деп атанып жүргендерге қарсы жазғанын айтады. «Оба» романында осы ойын тіпті де жетілдіре түседі. Оның ұғымында адам абсурдтан (біз обадан деп те қабылдағымыз келеді) қорықпауы керек. Одан құтылуға тырыспаған жөн. Ол мүмкін де емес. Керісінше адам абсурд (оба) әлемінде бақытты өмір сүруі керек. Өйткені, абсурд – адамның жантамыры. Күресу мен қорғанудың тең тәсілі. Қайшылық пен тыныштықтың толық қанды үйлесімі. Шын өнер туындысының әрқашан оқырманға да, авторға да жасырған қырлары көп болады. Қалыпты өмір мен абсурдтық өмірдің қайсысы ақиқат, қайсысы адам табиғатына жақын, қайсысы таңдаған жолына адал? Біз көрген «Оба» міне, осы сұрақтарды өз жұмбағы ішінде қанаттандырады.

Камюдың ойыншы бұл дүниеде күнәсіз болып ғұмыр кешудің еш қызығы жоқ. Дүние жұмақ, адам періште емес. Дүниені тұрақсыздық жайлаған. Осы арпалыс ішінде жақсы болғысы келген пендені, мына дүниенің кірі былғамай қоймайды. Адам еріксіз қайғыны дос етеді. Жұмақ пен тамұқ осы қайғының адам миындағы сәулелері. Олардың тұрағы - сана. Ойлы жанның мәңгілік сауалы. Болмыстың да, тіршіліктің де мәні адам. Адамның мақсаты қандай сәтте де тіршілік ету. Осы тұста Камю мен Достоевский философиясы тағы да бір нүктеде тоғысады. Достоевский адамдық мұратты бәрінен биік қойған. Оның пайымынша адам бәрінен қымбат. Себебі, оны ешбір базардан сатып ала алмайсың, сатылмайды да. Ол ғасырлар бойғы нәтиженің жемісі. Ал, сол ғасырлар үшін тағы да керегі уақыт.

Ал оба жалғасып жатыр. Оның уыты өлмейді де, жоғалмайды да. Адам – оба. Оба – адам. Адамды қиратуға, жоюуға, өлтіруге де болар. Бірақ, жеңе алмайсың.

«– Олардың думандатып жатқаны дұрыс, – деді шал, – қалай болғанмен де түрлену ғой...

Дәрігер батылсызданып бөлме ішінде тұрып қалды.

– Егер мен террасаға көтерілсем, сізге бөгет болмай ма?

– О, жоқ, ол не дегеніңіз. Жоғарыдан аналарға қарағыңыз келетін шығар. Қалағаныңызша қараңыз. Бірақ та олар барлық жерде бірдей».

Ұмтыл Зарыққан

Көрнекі фото авторы Ричард Колкер


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар