Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Өлгеннен сұра өлеңді......

05.01.2023 7994

Өлгеннен сұра өлеңді... 14+

Өлгеннен сұра өлеңді... - adebiportal.kz

Нұрлан Мәукенұлының өлеңдері өзі емірене жырлаған Ертісі, үлбіреген Үлбісі, көсіліп жатқан кербез Зайсаны сияқты. Сауыр-Сайқанның күдірейген жотасы, сиқырлы қойнауы, күмбірлі тынысы, күреңсе белі іспетті. Сол күрең белден асқан жұмбақ соқпақтың көкжиекке асығыс аунап, тылсымға ерте шомғанындай ғайып дүние, ғафыл өмір, кәусар әуен. Оның болмысы – «Сыртым бір момын қоңыр аң, ішім бір түкті қабылан» (Несіпбек) дейтініндей кеп. Морт емес, беріш. Боркемік емес, берен. «Нәті келсе қаритұғын темірмін», - деп өзі де айтты емес пе? Айтты. Бірақ тағдыр оның нәзік жанын шоқтай қарыған жоқ па? Ақынның бөлек жаратылысы, ауыр мінезі, тұңғиық болмысы бәрін ішіне жия берген тәрізді. Бәрін өлең ғып ақтаруға үлгірмей, қапыда жарылған жанартаудай өзі де өртке оранып, айналасын да оттай ыстық жалынға бөлеп, сөзінің солығы басылмай, алауы алыстан мұнартып тұрғандай. «Өлінің қамын тірі жер, тірілер бірін-бірі жер», - деп жырлап еді. Тірісінде Алашта аты озған ақынның қадірі қаншалықты болғанын іштей бағамдаймыз. «Тірлікте қашқан қадірің, өлгенде ғана білінер», - деп өзі айтқанымен, қайтқанына ширек ғасырға жуық уақыт өтседе, қадірі қаншалықты өтті, асыл ердің сөзі қаншалықты ардақталды? Бұл безбеннің де таразысы төмен тартып тұрғандай.

 

Обалым кiмге менiң? Кiмнен көрем?

Оң жағымда бiр iсiм үлгермеген,

Сол жағымда бiр iсiм дiлгiрлеген.

Қайғы-мұңсыз бiр өмiр сүрмек едiм –

Қатар ақтым қайтпайтын күндерменен...

 

Ақынның досы, журналист Нұртөре Жүсіп: «Негізі Нұрланның мінезі тұйық, көп адаммен аралас-құраласы жоқ, саяқтау жүретін. Отырыстарда топты жарып, сөз сұрап, «мен білемін, мен айтайын» деген кеудемсоқ мінезден ада, өзіндік көркем мінезі, өзіндік жұмбақ жан әлемі бар жігіт-ті. Қаламынан керемет ойлы жыр туып жатса да, сол жылдары басылым беттеріне өз өлеңдерін көп жариялай қойған жоқ. Студент бола жүріп, алғашқы кітаптарын шығарып үлгерген пысықайлардың қатарынан емес-тұғын. Университетте өтетін жыр кештерінде Нұрлан «мен мынадай керемет өлең жаздым, мынаны тындырдым, мынаны былай жазғалы жатырмын» деп сурылып алға шығып, ойын ортаға тастап, жан әлемін ашқан емес. Бірақ оңашада ойлы өлеңдерін қойын дәптеріне түсіріп жүргенін білетінбіз»,- деп еске алады.

Шын ақынның өлеңінен оның мінезі, адами келбеті, жүріс-тұрысы, тіпті дауыс ырғағы мен тұтас табиғаты аңқып тұратыны анық. Нұртөре құрдасы «осылай еді» деп жазбағанда да мен оның қолын сермеп, шашын жұлып, айғайлап өлең оқымағанын, бойын жасырған жүйріктей өзін-өзі жаратып, оңаша ой мүжіп, жалғыздығын серік еткенін толық сезінемін. Мұқағалидың: «Бөліп жарған қайсы бір қуаныштан, оңашада ойланған мұңым артық», - дейтініндей. Оның өлеңдер жинағын оқып болғаныңызда, тұманның сілбі аралас жауынын кешіп өткендей ауыр күй кешесіз. Ақынның ыстық демі маңдайыңды қарығанын, «Сұрғылт тұман дым бүріккен» (Абай) салқын ойлары жүрегіңді тоңдырғанын еріксіз аңғарасыз. Бойұсынасыз. «Өлгеннен сұра өлеңді, тірінің көзі тірлікте». Ақын өлім туралы көп жазды. Оның жұбанышы да өлім сынды. Әсте тәннің жабайы өлімі емес. Өмірді өлімдей, өлімді өмірдей қастерлеген қасіретті арпалыс. Мағжанның әлди күйі. Алтын бесігі. Жер жүзіне топан су жайлатып, өзі күн боп жаңа адам жасайтын асқақтығының өрен үлгісі. Жан дауысы. Ақынның сәл мызғып оқыс оянуы. Мәңгілік ғұмырының бастауы. «Қайран өлең, сен тұрғанда мен осы қайдан өлем», - деуі де сол ғұмырлық аңсарға деген ішкі сенімнің биік байламы. Өлең мұнарасының тұғыры биік, тамыры терең екенін аңдатуы.

Нұрлан поэзиясының парасаты – оның шынайылығында. Өзін-өзі аямайтын жанкештілігінде. Өзіне-өзі «үкім» шығаратын қаһармандық рухында. «Қорқам кейде мен осы көпке барман, алып жейді-ау кеудемде кеткен арман». Платонның «Даналық үшін жазалайтын қоғамда қалай күн кешуге болады?» дейтін өлмес әуезінің біздің қоғамдағы бейнесі, ақын жүрегінің жарылысы. Ақын ішкен у да «Мемлекеттік у». Адамизаттық дерт. Ашынған жанның ақиқат алдындағы арзуы. «Өмір – тән, өнер – жан. Тән тұншыққанда – жан шыңғырады», - деген Асқар Сүлейменовтың сол «Шашылып түскен тіркестер» арасынан Нұрлан ақынға деген ыстық ілтипатын сезініп ек. Асқар Сүлейменов: «Мен Нұрланды іздеттім. Үш қайтара іздеттім. Анау сақал (Ұлықбек Есдәулетов) ұмытып кетіпті. Жылқыдай сұлу өлеңдері бар екен. Суретіне қол қойдым: көз тимесін. Әрбір жымиысы – «шик». Өлеңі де «шик»... (1992 жыл 6 ақпан). Асқар іздеген Мәукенұлын біз жоқтаймыз. «Көкте – күн жоқ, Жерде – үн жоқ, Арамызда – кім жоқ»?! Өз бағасын шын білген ақынның мәңгілік сауалы! Сары қурайдың сыбызғы әуендес жаяу сыңсуы. Иесіз қалған соң үйірін аңсап ұзап кеткен жылқының ащы кісінеуі. Әлдебір иістесінен айырыла қалған ботаның боздауы. Тозығы жеткен уақыттың құлағын сабалаған сарсыл шуылы. Ұзақ үнсіздіктен кейін де жауабы табылмаған жансауалының бейғам жаңғырығы…

Нұрлан Мәукенұлының «Қаннан сияға айналған» (Т.С.Элиот) өлеңдерінің өткірлігі, жаралы жолбарыстай буырқанысы, ашкөз азулылығы, ішіңдегі маужыраған күйді лезде жез тырнағымен қылпып түсер қиқарлығы бізге Таласбек Әсемқұловтың: «Өлең неғұрлым момын, неғұрлым пірадар болған сайын мінезсіздене береді, нашарлай береді. Керісінше ақиреттің табалдырығына баруға қорықпай, Адам-пенденің ең көлеңкелі сырларын ашқан сайын поэзия асқақтай түседі. Қабылдаңыз, қабылдамаңыз – жыр өнерінің заңы осы», - деген пікірін есімізге қайта салып отыр. Бұл «заңдылыққа» көп ақын бағына бермеген. Дұрысы – қуаты жетпеген. Нұрланның өз тағдырымен «ойнағандай» өлең астарынан жалт беретін аймауыт күй – ақынның нәзік жүрегінің түктілігі, ойының кесектігі, өлеңге риясыз сенгендігі. «Ақындардың киесі атпа мені». Нұрлан ғана айта алатын жан тазалығының айнасы. Ақын қоғамдық формациялар өзгерген, құндылықтар ауысқан, адами келбет тапталған, өнер түгілі өзіңді сақтап қалу сынға түскен уақытта өмір сүрді. Басы азат болғанмен жүрегі кісендеулі қоғамның қандаурынына түсті. Замандастары бұл кезеңді бізде «Жоғалтқан ұрпақпыз» деп әдіптеді. «Бізден кейінгі ұрпақ, өзіңе лайық түр тап. Сенің заманыңа – салауат, менің заманым – сырқат», - деп өксіді өзі де. Нұрланның жүрегін кернеген ат басындай шердің бір түйіні осы ма дейміз. Бұл үрдіс қазір де ентігін баса алмай, сақардай қайнап тұр. Сол баяғы санадағы штамптар, комплекстер, сағызша созылған синдромдар сары аурудай тұралатып, топшылдық пен жікшілдіктің буы бұрқырап бағуда. Десек те «Ақын өлтіру ойынының» (Жұматай) «Жаза алаңында» шайыр атаулының жазымыштан озымыш кеткен тұсы жоқ әзірге.

Жазушы, сыншы Айгүл Кемелбаева «Сплин. «Ішінде кеткен құсасы...» атты көлемді зерттеу мақаласында: «Ұлттық жаратылысы шынайы ақын Нұрлан Мәукенұлының өлеңдерінде ақтық сәтінде депрессия зардабы ушығып кеткенін, өмірден ерте кетуіне сол әсер еткенін мен итальян кинорежиссері Микеланджело Антонионидің әйгілі «Қызыл шөл» атты фильмін қайта көргенде барып ұқтым. Алпысыншы жылдардағы неореалистік кино мен 2000 жылдардағы қазақ ақынының өлеңіндегі құса бір текті болып шыққаны жаныма қатты әсер етті... Нұрлан «Жұмбақ бағым жоғалды, жұмақ бағым жоғалды» деп жырлайды. Мақсат – шығармашылық адамдарына өзіне-өзі тірі күнінде эпитафия жазбаудың қаншалық маңызды екенін айту, райдан қайтару. Ал құдаймен алысу, өз-өзіне жоқтау жазғандай күйіну – бұл адасу мен күйреудің, күпіршіліктің бастауы», - деген пікір білдіреді. Былайғы оқырман бұл пайыммен келісер, иә, келіспес. Бірақ біздің жүрек құп ала бермейтін сыңайлы. Біз ақынның ішкі «меніне» қол сұғудан, тағдырына «араласудан» аулақпыз. Ол мүмкін емес те. Мүмкін біздің жаназабымыз осындай оғылан ұлдарын сақтап қала алмаған ел дейтін емескі жұртқа, қоғам дейтін қой торы қауымға айтқан базынамыз, дұрысы наламыз бен ішкі қарсылығымыз шығар.

Жырау әлем, жетеле,

Жан дүнием байысын.

Жүрегіме төтеле,

Салып тірлік сайысын…

Нұрлан Мәукенұлы кек пен отқа суарған жырлаулар поэзиясының тегеуріні мен нәзік лиризмді шебер ұштастырған ақын. Оның поэтикалық тілі ауыз әдебиетінің мол қазынасымен әспеттелген. Өлеңдеріндегі мифопоэтикалық қуатты сарын, аңыз бен әпсана астасқан толқынды ағыс оның эстетикалық талғамының биік өлшемі. Ғалым Жанат Әскербекқызы бұл ойымызды одан ары ширата келе: «Нұрланның Шығыс өңірінде, Зайсан алқабында Сұңқар сайдың ауасын жұтып, Сұңқарбұлақтың суын ішкені сұңқар болмысты жырларды дүниеге әкелуіне себепкер болған шығар?.. Биікке құштар сұңқар-көңіл сол сұңқардай ғұмыр кешті», - деп түйіндейді.

«Мен ақ сұңқар құстың сойы едім» деген «Махамбет ерге жақын» Нұрлан Мәукенұлының поэзиясы, Алаш аспанынан әркез сұңқардай саңқылдап, қалғыған ойымызды қанжардай қанатымен сілкіп өтер.

Табаным жерге тиген күн –

Тəй-тəй басуды үйрендiм.

Маңдайым тасқа тиген күн –

Байқай басуды үйрендiм.

Қабырғада қаяу жоқ –

Қалың жұртқа сүйендiм.

Омыртқада буын жоқ –

Ояу жұртқа сүйендiм.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар