Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СЫН
/
Олигарх  образы - көркем шығармада...

Олигарх  образы - көркем шығармада

16.02.2026

3324

Олигарх  образы - көркем шығармада - adebiportal.kz

        (Жолтай Әлмашұлының «Олигарх қазақ» дилогиясын оқығанда)

Әдетте, көркем әдебиетте баяндалатын оқиғалар  өмірдің өзінен бастау алып жатса ғана мазмұнды әрі  тартымды болатыны айтпаса да  белгілі  шындық. Бұны бүгінгі талант деңгейі бар, қабілетті де сауатты қаламгерлер жақсы білеріне еш күмән жоқ. Бізден кейін шыққан, ізімізді басып келе жатқан бірқатар жазушылардың жазған  туындыларынан байқалатыны – шығармаларында шынайылық бар, өмірге жақындық бар. Сондай жазушылардың бірі – Жолтай Әлмашұлы деп есептеймін. 

Мен оны соңғы 20-25 жылдан бері жақсы танимын, бірқатар шығармаларын асықпай оқып, пікір де жазғанмын. Айталық, 2007 жылы жарық көрген  «Күлкі мен көз жасы» деген екі кітаптан тұратын романын оқығанмын, айтары анық, ойға жетелейтін шығарма екен деп, қалам иесіне риза болып, ойымды  «Егемен Қазақстан» газетіне жариялағанмын. Роман тақырып жағынан өткен ғасырдың бас кезіндегі аумалы-төкпелі, аласапыран уақыт шындығын  өзек еткен, сонымен бірге  көптеген қайталанбас кейіпкерлер шоғыры бар, түйіні  салмақты, тілі шұрайлы дүние болып шыққанына көз   жеткізгендей едім. Әсіресе, Нарша – Тақыр – Жасыбай – Қалданбек – Бадырақ Бейсен  линиясы өте тартысты әрі ұтымды әдіспен  баяндалған. Осы кейіпкерлерді сомдай отырып, сол уақыттағы замана лебін дәл суреттеп, адамдар арасындағы екіжүзділік пен сатқындық, пайдакүнемдік пен дүниеқоңыздық секілді мәңгі бітпес мінездер тайталасын мөлдірете алдыңызға тартады. 

        Ал, енді таяуда ғана  қаламгердің тағы бір толымды туындысымен танысуға тура келді. Аты да қызық, өзіне тарта түсті. «Олигарх қазақ» деген роман-дилогия. Алматыдағы «Көкжиек-Горизонт» баспасынан  басылып шығып жатыр екен. Кітапты бастап оқи берген сәтте-ақ  көз алдыма байлық пен ақшаға тоймайтын ашкөз олигархтар  келе қалды, ашығын айтқанда, олар жайлы қай кезде де көпшілік тарапынан қолпаш пен жылы сөздер  айтыла ма?  Ірі бизнес өкілдері әдетте жүзді мыңдап, мыңды миллиондап, миллионды миллиардтап көбейтуге құштар болып, осы жолда арын да, барын да салатынын кім білмейді? Молшылық ақша-қаражат  араласып жүрген жерде адамгершілік ар мен ізгілік нышаны  шетке ығыстырылатыны өтірік пе? Демек, мұны білуге тиіс қаламгер олигарх туралы шағын дүние емес, екі бөліктен тұратын роман жазуға  қалайша тәуекел етті екен? Жә, қазіргі уақытта ірі кәсіпкерді былай қойып, мемлекет басқарған президентті, тіпті құдайдың өзін кейіпкер етіп жатқандар аз ба дерсіз? Бар. Білеміз. Бірақ, көп жағдайда өз басын ойлап, тек байлыққа бас иген  олигарх-адамнан  толыққанды, дара әдеби кейіпкер  жасауға, оның үстіне әсіресе  жағымды образ сомдауға  қаншама жанкештілік керек? Мына  шығарманы оқып отырып, Жолтайдың  бүгінгі уақыттағы қалтасы қалың,  мол ақшалы ірі кәсіпкерлерді ескі сарынмен  сын садағына алу емес, қайта  оларға  бір бүйрегі  бұра отырып, өзінше  көркем шығарма түзуге талпынған, бөлек образ жасауға ұмтылған  жаңа талабын байқадым. Ақиқатында, ақша мен адамгершілік бір сапта тұра ала ма? Мол байлық пенденің пейілін ешқашан  бұзбайды деп кім айтады? Бұл менің ғана күдігім емес, барша оқырманның да күдігі дей аламыз.  Олай болса, жазушының  жан азабына жетелер тастақты жолды  таңдаудағы мақсаты не?

        «Олигарх қазақ» дилогиясының бірінші кітабын «Тоят» (Олигарх және олимп) деп атапты. Әдетте тоят сөзі екі мағынада қолданылады. Біріншісі – жан ләззатына байланысты айтылады, екіншісі – бір нәрсеге тою, тояттау мағынасында  пайдаланылады. Түсінгеніміз – автор екінші мағынаны негізге алып отырған секілді. Яғни, бас кейіпкер етіп алған ірі бизнес адамының байлыққа белшесінен батып отырып, сосын  ес жинап, тоят жасап, тәуба ойлауы  деген ойды алға шығарғаны аңғарылғандай. Тағы да мүдіресің!  Өзі бизнес адамы болса, өзі миллионды миллиардтап жүрсе, ол пақырың қалайша  аяқ астынан тояттайды? Жалпы, үлкен кәсіпкерлік жолды таңдаған адамның өмірдің бір кезеңінде өзіне-өзі сын көзбен қарап, қайтадан өзгеруі яки жаңа  өмір жолын  ұстануы ақиқатқа сәйкес келер ме? Өз басым  сенуге қиналсам  да, автор мені яғни барша оқырманын осыған сендіргісі келгендей. Шершаһар деген шағын қаладан шыққан Аспан Шуани деген қазақ жігіті бала асырап алу үшін қазақ еліне келген америкалық бизнесменмен танысып, соның шақыруымен Америка құрлығына барып, кәсіпкерлік жолға түседі де, үлкен жетістіктерге қол жеткізеді, бірте-бірте атағы шығады. Сол жақтағы ірі-ірі бизнес өкілдерімен терезесі тең жағдайда өмір сүріп жатады. Бір жолы оған Шершаһардағы немере інісі телефон соғып, ол туралы жергілікті басылымға «Байлықтың батпағына батқан адам» деген фельетон шыққанын айтады. Басқа жерде емес, өзі туған шағын қалада  жария болған осы бір сыни мақала Аспан Шуанидің пенделік  намысын оятып, ашуын келтіреді. Арғы жағындағы оқиға Аспанның Шершаһарға арнайы келуі, фельетон жазған журналиспен бетпе-бет кездесуі, екеуара әңгіме қоюлана келе,  ой тайталасына ұласып, ел ішін жайлаған жемқорлық пен  жастар арасындағы нашақорлық,  есірткіге бой алдырушылық, сонымен қабат тосыннан тарала бастаған (емі табылмай жатқан)  ауру-кеселдердің өршіп бара жатқанынан хабардар болады. Сөйтіп, туған жерде тамырлай бастаған  ауыр ахуал  мен қиын жағдай жанына қаяу салып, оны тез арада  жолға қою  мен түзетуге деген ықылас-пейілінің оянуына себеп  туғызады. Роман оқиғалары осылай жымдасып жатады, сеніміңді  сынайды, ары қарай оқуға жетелейді. Әсіресе, бас кейіпкер Шуанидің образы есте қаларлық. Көп шығармаларда  сомдалатын  бүгінгі таныс бейнелерге  ұқсай бермейді. «...Ал, жеке өмірі ше? Ол жағы да сырткөзге мүлде таңсық: жар сүйіп, ұрпақ жалғастыруды, асылы, отбасы бақыты деп есептемейтін сықылды; ешкіммен некелескен емес және ешбір әйел затына ер адамша емірене иелік жасап, ақ төсегіне жақындатуды ойламапты...» (Олигарх қазақ, 8-бет) деп сипаттайды. Сонда ол қандай еркек?  Байқасақ, оқта-текте Кэт есімді (ұлты белгісіз) бір әйелмен  ләззаттанып, тоят қайырады екен. Романда Аспан – Кэт- Артур Хаземет үштігі негізгі желіні құрайды. Хаземет – өзінің бизнестегі орынбасары. Оған өлердей сенеді, көп сырын ашады, алайда шығарма ортасынан ауа бере  сол Артурдың маймыл мінезін, екіжүзділігі мен сатқындығын байқап, бармақ тістейді. Шығарма соңында Шуанидің  Шершаһардағы бала күнгі махаббаты Балзиямен жолығуы, екеуінің арасында  баяғы тәтті күндерден бір дәнекер бала қалғанын кеш те болса білуі, сол арқылы санасында  тосын  сілкініс толқып  шығып, әкелік мейірімнің оянуымен аяқталады. 

        Аспан Шуани секілді  қазақтан шыққан, Америка құрлығына есімі танымал  ірі бизнес өкілі өмірде болған ба?  Әлбетте, жоқ! Бірақ, жазушы қиялы осы күнгі әлемге аты шыққан олигархтар мен үлкен бизнесмендердің жиынтық образын жасай отырып, бір кейіпкердің басына жинақтап,  жан-жақты нанымды образ  сомдауға күш жұмсаса, мұнысы  қате қадам дей алмаспыз.  Керісінше, қазіргі заманда қоғамды ашса алақанында, жұмса жұдырығында (байлықтың құдіреті) ұстап отырған ақшалы, қалталы жандар жайлы осылайша кең ауқымды көркем ой қозғау – уақытпен үндесіп жатқанына келіспеске шараң жоқ. 

         Жазушы екінші романды «Есекқұлақ» (Жылдан да ұзақ жеті күн) деп атапты. Бұл, бір сөзбен айтқанда, алдыңғы романдағы бас кейіпкер Аспан Шуаниге бизнес бағытында іні болған, ізіне ерген, ағасының тікелей көмегіне сүйеніп, ел ішінде кәсіпкерлігін дөңгелентіп алып кеткен Жан (Шайжан) Шапжанұлының бір жеті ішінде басынан кешкен қилы тағдыры жайлы сыр шертеді. Психологиялық ауытқу ма, болмаса уақытша ойшаршау ма, әйтеуір Жан есімді Шершаһарға кең  танымал бизнесменнің бір түн ішінде құлағы ұзарып кеткенін байқауы, оны басқаларға көрсетпеу үшін, көрші қаладағы таныс дәрігерге барып бір жеті емделуі, осы бір жеті ішінде бүкіл өткен өмірін салмақтап-таразылауы мен өз жеке басынан кеткен ірілі-ұсақты кемшіліктерді  қиялында електен өткізуі жайындағы баян. Жазушының бұл жолғы формалық әдісі жақсы, сосын да роман жинақы болып шыққан, айтар ойы да кедір-бұдырдан аулақ, рет-ретімен тізбектелген. Құлағының  кенеттен ұзарып кеткенін ой-қиялымен саралап, неден көрерін білмей сарсаңға түседі.  Өзімен қатар оқыған бір  досы қатты қиналып келіп, жағдай айтып, жалына қаржылай көмек сұрағанда бетінен қаққаны бар еді, соның кесірінен бе?  Сол жолы таршылық көрсетпей,  мол ақшадан көсіп алып  қолына ұстатып жібергенімде тап мұндай күйге тап болмас па едім деп қиялданады. Одан кейін тағы бір  себебін қалада  мейрамхана ашқан соң, оның қызмет көрсету бағасын тым жоғарылатып жібергенінен көреді, халық қарғысына ұшырадым ба деп ойға батады.  Ал, ақыр соңында осының бәрін  әлгі бір  бейкүнә  жас  қызға – Алуаға  жасаған қиянат әрекетімен байланыстырады. Бір кезде өзіне хатшы есебінде қызметке алған, уақыт өте бере  онымен «әмпей-жәмпей» болып, ақыр аяғында бұлардың тым жақындап бара жатқанын сезген әйелі Айжанның жаңағы қызды жұмыстан қуып жіберуімен аяқталған болатын. Содан кейін Жан ол қызды мүлде ұмытып, естен шығарады. Сөйтсе, сорлы қыздың аяғы ауыр екен, Жаннан бір ұл көреді, бірақ ол жайлы ешкімге ләм деместен,  өзінше өмір сүріп жатады. Емделіп жүрген бір жеті ішінде өзінен аяғы ауыр болып, ұл тапқан Алуа жайлы тосыннан  хабар естиді. Әйелі Айжан бір қызды жарық дүниеге әкеліп, сосын босануға мүмкін болмай, тоқтап қалған жайы бар еді. Бір жағынан, ұлы бар екеніне қатты қуанса, екінші жағынан  жасаған «иттігі» арын азапқа салады. Арада төрт-бес жыл өткенде оған жетіп барып,  емін-еркін сөйлесіп, «бұл менің балам» деуге хақылы ма? Осы ой жанын шырқыратып, жүрегіне салмақ түсіреді. Әсіресе, роман соңында атақты бизнесмен Жан  Алуаның алдына барып бас иіп  түрып, кешірім сұрауы мен туғалы бері түрін де  көрмеген ұлын құшақтайтын сәті жаныңды толқытады. Жүрегіңді езіп жібере жаздайды.  Әлбетте, Жан -Айжан -Алуа линиясы  романда негізгі  желі болып тартылған, бірақ шығармада одан бөлек  екі-үш сала қатар суреттелген. Басқа да тартысты оқиғалар мен кейіпкерлер шоғыры алдымызға кезек-кезегімен шығып, бәрі жиылып келіп,  ар мен  адамгершілік мәселелерін молынан  тартып отырады екен. Жазушы да шығарма соңына қарай кейіпкер аузымен былай дейді: «...Мына ғұмыр-көшіндегі көп адам кешегінің көрпесін серпіп тастап, тазарудың жолына түсе ме десең, сазарудың «атқорасын» айналшықтай беретіні несі екен?..» (Олигарх қазақ, 313-бет). 

        Былай қарағанда, қай оқырманға да бұл екі романның да финалы ұқсас тәрізді көрінуі әбден заңдылық. Бірақ, тереңірек ойлансақ – арасында мүлде ұқсамайтын өмір шындығы  жатыр. Ол не? Бірінші романдағы Аспан Шуани  – кісікиік жан, оған отбасы да, әйел заты да аса қадірлі емес, құндылық болып есептелмейді, қысқасы, ой-қиялында кішкене «кінараты» бар еркек. Бірақ, Шершаһарға оралған кезде бала махаббаты Балзияны көріп, оның ұлын өзіне ұқсатып барып, жан әлемінде тосын бұлқыныстың  пайда болуы  арқылы автор  адами инстинктің  ешқашан жоғалып кетпейтінін, оның мәңгілік екенін астарлап аңғартып өтуді негізгі нысана еткен. Ал, екінші романдағы жағдай мүлде бөлек әңгіме. Мұнда кәсіпкер Жанның жастық желікпен (бәлкім байлыққа мастанып) жас қыздың басын айналдырып алып, өз тән рахаты үшін тағдырын талқандауы, ең соңында сол оспадарсыз әрекеті үшін бармақ тістеп өкінуі (құлағы ұзарып кеткенін де сонан көріп) арқылы  мына тірлікте әлсізге  қандай қиянат жасасаң да түбі айналып келіп, зауалын өзің тартасың   деген  ащы ой  - негізгі нысана!   

       Тағы бір байқағанымыз - «Олигарх қазақ» дилогиясының оқиғасы  өмірде кездесіп жүрген һәм кездесе де беретін  сан қилы тағдырлар жиынтығы емес, олар көркемдіктің тұздығы ғана  сияқты! Жазушы өз шығармасында  көп жазылған «жаттанды мінез»  адамдарды аттап өтіп,  жаңа образ жасауға көбірек көңіл бөлгені аңғарылады.  Сосын да кейіпкерлері   кесек -кесек  қалпымен көрінеді.  Мен осы мақала басында Жолтайдың  «Күлкі мен көз жасы» деген роман-дилогиясын атап кетіп едім. Сол романдағы бас кейіпкер Нарша – ел ішіндегі өте бай, тұрмысы түзу  адам болатын. Оның  жеке иелігіндегі  уақ малдарын былай қойғанда, жылқысы мен түйесі ен далаға сыймай жататыны кең көлемде суреттелетін.  Нарша романда сасық бай, сараң бай емес, керісінше айналасындағылардың тұрмыс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын, адамшылық қасиеті  мол бейне түрінде көрінуші еді. Сол романды оқып шыққан кезде де  ойымда бір сауал кесе-көлденеңдеп тұрып қалған болатын. «Жазушы  неге байлық пен баюды мақсат еткен, бұған дейінгі біз оқыған шығармаларда  (мысалы, Мұқановтың Итбайы, т.б.) ылғи да теріс қырынан көрінетін  ашкөз, дүниеқоңыз адамдарға жұртшылық  ықыласын оятып,  жағымды образ жасағысы келді екен?» Осындай пікірде жүргенімде қаламгер  ағынан жарылып, ол ойымды сейілткендей болды.  Жолтай «қазақтың барлық бай-бағландарына үнемі  қара күйе жағып, кері тон кигізе берсек, онда бір-бірімізді қайталаған шығарма жазуда қандай мән бар, кейде осылай азшылық болса да, жүзі жарқын, елшіл бейне жасау да оқырманға ой салып, қоғам үшін өз нәтижесін бермес пе» деп жауап қатқаны бар. Бүгін, мына олигархтар жайлы екі бөліктен тұратын туындысын оқып шыққан соң, тағы да сол бір ой-күдік есіме түсіп отыр. Бірақ, бұл жолы жазушы іні- досым Жолтайға сұрақ бермеймін. Оның  үнемі ұстанып отыратын қаламгерлік концепциясы маған  онсыз да  мәлім. 

        Сонымен, Жолтай Әлмашұлының «Олигарх қазақ» роман-дилогиясы өзінің көркемдік биігіне көтеріле алған ба?  Сәтті шыққан шығарма ма? Жалпы оқырман бұл туындыны қалай қабылдауы мүмкін? 

       Автор өте  қиын тақырыпқа түрен салып, тайсалмай кірісіп, көркем дүние жасай алуының өзі атап көрсетуге тұрарлық. Тәуекел шаруаның көп  ретте сәтті  бола беруі екіталай, мұндайда  сүрініп кету жағдайы кездесіп жатары  бесенеден белгілі. Романды оқып шығып, негізінен алғанда, бадырая  көзге ұрып тұрған кемшіліктер мен жетімсіздіктерді байқамаған сияқтымыз.  Ашығын айту керек, автор бір нәрседен ұтып кетіп отыр. Ол - аталған шығармасында қазіргі олигархтар мен кешегі қазақ бай-бағландарын салыстыра, шендестіре көркем сөз сабақтай алғандығы. Кешегі «қызыл» саясат кезінде қазақ байларын оңды-солды мазақ еттік, елге түрпідей етіп көрсеттік, тіпті шықпырта қуып, түрмеге тоғыттық. Шығармада тек жағымсыз бейне болып суреттелді. Ал, қазір ше? Бұрынғы бай-бағландар орнын енді ірі кәсіпкерлер мен олигархтар басқан жоқ па? Тек сыртқы тоны өзгерткен, қой терісін жамылған  «жыртқыштар»  емес пе? Ендеше, бұлар  жайлы да көркем әдебиетте  біржақты баяндап, «сыңар езуленуіміз» керек пе?  Жазушы шығармасы осы сауалға жауап іздеген. Екеуінің арасындағы ұқсастық пен айырмашылықтың ара-жігін ашып көрсетуге күш салады. Қазақ байлары кім еді? Бүгінгі олигарх кім? Арада жүз жылға жетер уақыт алшақтығы жатыр. Не өзгерді? Не өзгермеді? 

       Осы кітапты  оқып болған соң  маған мынадай тосын ой келді:  ірі бизнес өкілдері мен олигархтар  (олар қазір баршылық емес пе) жазушы  қиялынан өрбіген мұндай көркем шындықты өз ішімен қабылдай алар ма екен? Пікірлері қалай болуы мүмкін? Қостар ма, жоқ қарсылық көрсетер ме? Бұл-бір!  Екіншіден, біз  де кәсіпкерлер мен олигархтар өмірінен бейхабармыз, сосын да кітапта баяндалған тартысты оқиғаларға  төреші болудан аулақпыз, ендеше  жазып отырғанымыз да  қаламгерлік жеке пікір!   Болашақта әдебиет сыншылары мен зерттеушілері  кітапты талдап оқып, таразыға салып, шығарманың көркемдік деңгейіне  ылайықты бағасын бере  жатар. 

         Адамды өзгертетін, теріс жолға бастайтын мол  дүние-байлық па, жоқ болмаса тойымсыз пейіл ме? Әлде кеуде сарайында әу бастан ізгілік пен мейірім шуағының кемшін әлде мүлде жоқ болуынан  ба? Пендені байлап-матап ұстайтын тасбауырлықтың түпкі себебі қайда тығылып жатады?

       Жазушы өзінің көркем туындысы – жаңа роман-дилогиясы арқылы осындай өмірлік сауалдарға жауап іздепті, алайда оның шешуін оқырманның өзіне қалдырыпты.  Айтары астарлы, жұмбағы мол көркем шығарма  алдағы уақытта сыншылар тарапынан өзіне ылайық  бағасын алып, тіпті  арнайы әдеби сыйлықтармен марапатталып жатса, артық болмас еді деп ойлаймыз. 

                                                                                                           Алдан СМАЙЫЛ,

                                                    ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan