Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
«Өнер адамы» немесе Есенқұл Жақыпбектің бір өлеңі ...

«Өнер адамы» немесе Есенқұл Жақыпбектің бір өлеңі жайлы...

21.01.2026

8132

«Өнер адамы» немесе Есенқұл Жақыпбектің бір өлеңі жайлы... - adebiportal.kz

Өнердің құпиясы, оны өмірге әкелуші жасампаз жандар жайында көп ойланамын. Бабатанымдағы «Өлең аласың ба, жоқ әлде көген аласың ба?» сөзінің мәнін тым кеш пайымдаған бейбақтың біреуі болдым. Қазақтың өнер жолында жүрген бір ұланы ретінде түсінгенім, дәл осы таңдаудың «көгені» әлдеқайда дұрыс  па деген пікірдемін. Неге дейсіз ғой? 

Өнерге, ең әуелі, шын дарындысын етене түсінетін  парасатты қоғам, жетілген мәдениет  керек. Біздің қоғамның қазіргі парасаты мен ішкі мәдениетінде зор ақау болғандықтан, оның өз уақытынан озып туған таланты да бақытсыз деген байлам жасар едім. 

Мұны айтып отырғаным, өнердің де өз иерархиясы болады.

Патшасы мен уәзірі, құлы мен құтаны... болып қарым-қабілетіне сай тармақталып кете береді. Мен бұл жерде таланты патша тәжіне сай дарабоз өнерпаздардың  кермек тағдыры жайында ғана сөз шығындап отырмын. 

Асқар Сүлейменовше айтсақ, «жұмсалған», билік бишігіне үйренген құлақкесті құл-құтандар (иерархиясы) бізде онсыз  да жетіп артылады. 

Қысқасы, орысты білмедім, Андрей Вознесенскийдің «Құлайды патшалықтар да ақыны теріс айналса»  мінезін дәл қазіргі қазақ қоғамы үшін ақиқат деп  айта алмас едім. 

Бұл қайраткер мінездің жілік майы кеміктеліп, аяғына қан түскелі қашан. 

Құдай-ау, ақын қайда, мейманасы зор, үстінен биті домалаған біздегі билік (патшалық) қайда? 

Жоғарыда өнер дедік... 

Оны өмірге әкелуші өнер адамы дегенде есіме мына бір жай еріксіз түседі. 

Қызық... «Өнер адамы» деген  Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған сазгер, Қадырғали Көбентайдың ғажайып бір әні бар. Осы бір әнді сан мәрте тыңдасам да ақын сөзіне онша  мән бермеген екенмін. 

Міне, енді ғана ет жүрегімнен өткізіп, қалтарыс қалған жерлерін қайыра бажайлап отырмын. Бұл өлең де сол өнердің өз ахуалын тап басып таныған, Тәңірден көген дарымай, өлең дарыған  тағдырына налыған ақынның бір сәттік буырқанысы болса керек.

 

Біздер, біздер патшадан да паңдармыз,

Біздер, біздер біреулерге арманбыз.

Барды бар деп, жоқты жоқ деп жасырмай,

Бақытынан қашып жүрген жандармыз.

 

Біреулердің оғы жоқ боп атарға,

Біздер жүрміз қатерлі бір сапарда.

Жыртығыңды жамап беріп жатса да,

Ешкім бізді қоса алмайды қатарға.

 

Алдымызда жалт-жұлт етіп от-шырақ,

Әне-міне бақ қонардай боп тұрады.

Жалпы мақтап жаны қалмай жатса да, 

Ешкім бізді шын түсінген жоқ, бірақ.

 

Бізге ғашық ұятты қыз шыбық бел, 

Бізге ғашық жаны жайсаң жігіттер. 

Біз жүрген жер үлбіреген үміттер, 

Біз жүрген жер ақ ниетті бүліктер.

 

Жанымызға бермей ешбір тыныштық,

Көпшілікпен көп жүруге тырыстық.

Бар екенін махаббаттың, шындықтың, 

Барша адамға сендіруге тырыстық…

Әннің қайырмасы ретінде айтылатын «АЛДЫМЫЗДА ЖАЛТ-ЖҰЛТ ЕТІП ОТ-ШЫРАҚ, ӘНЕ-МІНЕ БАҚ ҚОНАРДАЙ БОП ТҰРАДЫ» сөзі бүкіл өнер адамының үкілі үміті мен өмірлік мұраты десек те болады. 

Әйтеуір, бір күні  ғайыптан  аяқ астынан айың оңынан туып бақытты болып кетердей боласың да тұрасың.  Рас, сол шіркінді (бақытты айтамын) қанша жыл сарыла күттік...

Енді сол құрғырдың қос қанатын  құлаштай жайып төбемізге қонбайтынын да ептеп түсінгендей болдық. Сарыла күткен  үміт жібі де үзілуге шақ. 

Мұны Мейірхан ақынша айтсақ «...Жұтам үнсіз... Үмітім жоқ жеңістен» 

Неге?  

Ақын осы жерде «Барды бар, жоқты жоқ» деп айтудың өзі бақытты басыңа қондырмаудың, анығырақ айтсақ қасыңнан қашырудың себебі ретінде сипаттайды. Бұл білген, түсінген адамға шынымен-ақ үлкен сөз. 

Саяси билігі керең, мәдениеті мешел қоғамда «барды бар», «жоқты жоқ» деп айтудың өзі аса қатерлі іс. Дәл осы екеуінің арасын ашалап айтамыз деп талай-талай тарландардың бағылан басы оққа байланды. Қанаты қырқылды. 

Бұл жерде әлгі алғадай жандардың атын айтып аруағын мазаламай-ақ қоялық. 

Олардың енді кімдер екенін сіз де  бес саусағыңыздай  біліп отырсыз деп ойлаймын. Рас, мұндай қоғамда өмір сүруіңнің өзі ақын айтқандай аса «қауіпті сапарға» айналады. Ал «атарға оғы жоқтардың» ішкі бақастығына бойласақ, бұл бір өз алдына жеке тақырыпқа жүк. 

Басқаны білмедім, сөйте тұра өнер адамы сол шындық пен махаббатқа өлердей сенеді. Сенгенімен қоймай, өзін ғана емес, өзгелерді де осы шындыққа иландырғысы келеді де тұрады. Ақынның «...Біз жүрген жер ақ ниетті бүліктер…» деп отырғандағы осы алабөтен  «бүлік» сөзі  ел ішін ала тайдай бүлдіріп лаң салу емес, санадағы өзгеріс пен жаңаруға деген ұмтылысы.  Бәрі де айналып келгенде еліңнің алға басуын ойлаған ақ ниеттің қамы.

Бұл, шамасы, өнердің де, өнер адамының да айнымас ең басты мұраты болса керек. Ақын ғазал соңын «БАР ЕКЕНІН МАХАББАТТЫҢ, ШЫНДЫҚТЫҢ, БАРША АДАМҒА СЕНДІРУГЕ ТЫРЫСТЫҚ» тұжырымдамасымен түйіндейді. Бұл өнер адамының өмірдің мәмілегерлік декларациясына өз жүрегіңмен риясыз шартқа отыруы.

Дәлірек айтсақ, Есенқұл Жақыпбектің бес шумаққа сыйғызған бұл өлеңі мешел қоғам қабатындағы өнердің өз көрінісі және оны жасаушы жасампаз жандар туралы жазылған классикалық  анықтама десек те болады.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan