Оралбай Әбдікәрімов – белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Бірқатар жоғары дәрежелі лауазымды қызметтер атқарған. Қазақы болмысты, кеңпейіл жүректі адамның саналы ғұмыры да ізгі өнегеге толы. Парасатты тұлғамен өзінің жүріп өткен өмірі, қызметтік жолы және бүгінгі қоғамға деген көзқарасы жайында кең отырып әңгімелескен едік. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Адалдықтан аттаған жоқпын
– Оралбай аға, сіз бүгінгі таңда халқымыздың «Азамат» деген ардақты атқа ие болған санаулы қайраткерлерінің бірісіз. Сізді осы абыройға жеткізген қандай құдіретті күш деп ойлайсыз?
– Расында, бала кезімде осындай биікке жетейін, дәрежелі қызмет істейін деген арман болған жоқ. Әрине, бойымызда әкеміздің қанымен, анамыздың сүтімен сіңген бір қасиет болғаны анық. Ол – адалдық десем болады. Мен осы ұстанымнан бір қадам шегінген жоқпын. Алланың маңдайға жазған тағдыры болады. Одан ешкім аса алмайды. Алғашқы еңбек жолым шопандықтан басталды. Он жылдық орта мектепті бітіргеннен кейін сыныптастармен бірге ауылда қой бағуға қалдық. Шопан болып жүріп, әскерге алындым. Онда да ауыл арасы емес, кияндағы «морфлоттан» бір-ақ шықтым. Одан кейін Қарағандының іргесіндегі «Шахан» кентіндегі кәсіптік-техникалық училищеде жұмыс істедім. Еңбек ете жүріп, жоғары оқу орнында оқыдым. Қарағанды облысындағы Шахтинск, Абай қалаларын салған құрылыс мекемелерінің комсомол ұйымын басқардым. Осылай төменнен басталған қызметтік жолмен сатылап өсе бердім. Бірден «төр менікі» деп алға озған емеспін. Сол уақыттарда жауапты жерлерге алдымен жастарды жіберіп, солардың күшін пайдаланатын. Сондықтан біз алғы шепте жүрдік.
– Әрине, ол кездегі адамдардың өмірі де, қызметтік жолы да бір-біріне ұқсас екені аян. Дегенмен, осындай дәрежеге жетуде туған топырақтан, ұшқан ұядан алған тәрбиенің әсері бар екені даусыз. Осы төңіректе ой қозғап өтсеңіз…
– Жасырары жоқ, алдымда асқар таудай арқа сүйеген ағаларым болды. Олардың барлығы да көзі ашық, көкірегі ояу, саналы азамат болып ер жетті. Жоғары оқу орындарын аяқтады. Бір ағайынымыз Мәскеуде оқып, КСРО Сыртқы істер министрлігінде, елшілікте абыройлы қызмет атқарды. Міне, осындай ағаларыма қарап ой түзеп, еліктеп өстім. Бір жағынан, бала кезімнен кітапқұмар болдым. Қолыма түскен кітапты тауысып оқығанша дегбірім қалмайтын. Кеңес дәуірінде өскен балаға сол заманның идеологиясы әсер етпей қоймайды ғой. Мәселен, жазушы Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» атты романының бас кейіпкері Павел Корчагин секілді кез-келген қиындықтан қорықпайтын, ержүрек, қайсар болып өскім келді.
Ол кездегі уақыттың тынысы да, адамдардың тұрмысы да бірдей еді. Ешкімнің бір-бірінен асып-тасып бара жатқан дәулеті де, сәулеті де болмайтын. Ел қарапайым ғана қоңыр тіршілік кешті. Алайда, мен үшін анамнан алған тәрбиемнің тәлімі ерек.
– Ертеректе, «Егемен Қазақстан» газетінен анаңыз туралы көлемді мақала оқып едім, сонда ол кісінің қазақы қалыпты жан екені шынайы жазылған…
– Иә, орынды айтасыз. Шешем жайлы шешіліп сөйлеуге болады. Асқан ақылды, байыпты, қазақы жөн-жобаны білетін, бес уақыт намазын қаза қылмаған, діндарлығы бар, кісілігі мол адам еді. Мен әкемнен бір жарым жасымда қалдым. Ол кісі соғыс басталғанда жасы егде тартып қалғандықтан, майданға алынбаған. Елдегі еңбек армиясына тартылған. Алғашында Ерейментау руднигінде, кейін Балқаш комбинатының құрылысында жұмыс істеді. Содан ауылға ауыр науқас болып оралып, 1946 жылы дүниеден озды. Әкем өмірден өткенде артында үйелмелі-сүйелмелі төрт ұл қалды. Осы балаларды жеткіземін деп анамның да тартпаған бейнеті жоқ. Біз бала болып, ойынға да онша құштар болмадық. Ала жаздай ауылда шөп шауып, содан нәпақа тауып, анамызға көмектестік. Ол кісі де бізге: «Балаларым, ешқашан да ала жіпті аттамай, үлкенді сыйлап, ешкімге зиян тигізбей, адал болып өсіңдер» деп үнемі айтып отыратын. Біздің отбасымызда әдемі бір дәстүр болды. Шешем ескіше хат танитын, көкірегі даңғыл адам болғандықтан, ескі қиссаларды тыңдағанды жақсы көруші еді. Болат деген ағам үнемі анама батырлар жырын, қиссалар оқып беретін. Кейінірек мен де ол кісіге Әбіш Кекілбаевтың «Үркері» мен Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романдарын оқып бердім. Өз басым, орта мектепті де, университетті де орысша бітірдім. Алайда, туған тілге жатық болғаным анамның арқасы деп білемін. Апамның басынан құс ұшырған жоқпыз. Қолымыздан келгенше алақанымызға салып, аялап бақтық. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, 98 жасында дүниеден озды. Сәкен Сейфуллинді көрген, талай тарихи уқиғаларды білетін танымы терең жан еді.
Билік қазақша сөйлеу керек
– Сіз 1981 жылдан бастап басқару органдарында жұмыс істеп келесіз. Кеңестік дәуірдің кейінгі ұрпақ біле бермейтін қыр-сыры көп. Сол шақтарда көңіліңіз толмайтын дүниелер болды ма?
– Әр дәуірдің өзіне тән ерекшеліктері бар. Мәселен, Қарағанды қалалық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істеп жүргенде көп нәрсеге көңілім толмайтын еді. Көзбояушылық басым болды. Сол жылдары қаланың іргесіндегі «Сұрыптау» стансасында балалар үйі орналасқан. Осы мекеменің басшысы көп тұрақтамай, жиі ауыса берді. Директор ауыса бергеннен балалар үйінде береке бола ма? Бір жағынан көздері жәудіреп, ата-анасынан қараусыз қалған балғындарға жаным ашып, соларға қатты көмектескім келетін. Ақыры, соған барам деп жүргенде басқа жұмысқа ауысып кетіп, өкініштен тілімді тістедім. Қарағанды облыстық партия комитетінде жүргенде жоғары жақтан күн сайын «қар» секілді түрлі ақпарат жауып жатады. Бәрі де жедел дайындалуы керек. «Ертең КПСС Орталық Комитетінің бас хатшысы Л.Брежнев баяндама жасайды, соған бүгін тездетіп озат еңбеккерлердің пікірін жинап беріңдер» деп жоғарыдан бұйрық түседі. Сол бойда озат сауыншы, даңқты шахтер іздеп тауып, солардың атынан пікірлер ұйымдастырамыз. Ол заманның алдымен ісі емес сөзі, дабырасы жүретін еді ғой, соған жұртты иландырып, сендіре білетін.
– Сол кезеңде Қарағанды қаласында ұлттық мүддені ұран еткен азаматтар болды ма?
– Дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың 80-ші жылдары Қарағанды облысында он үш пайыз ғана қазақ болды. Ол кезде Жезқазған бөлек облыс еді. Қаланың өз басында сегіз пайыз, ал Теміртауда үш пайыз ғана жергілікті ұлт өкілдері тұрды. Әрине, қалың көпшілік ішінде халқым деген арлы азаматтар болмай қалған жоқ. Бірақ, Кеңес өкіметі аса ақылды, білімді, ұлтжанды тұлғаларды билікке онша жақындатпады. Мәселен, айтулы ғалым, ұзақ жылдар бойы Қарағанды политехникалық институтының ректоры болған Әбілқас Сағыновты айтсам болады. Осы кісі қазақ балаларына ерекше қамқорлық көрсетті. Айталық, алғаш оқуға түскен жылы бірінші курс студенттері күз айында ауылшаруашылық жұмыстарына тартылғанда, ол қазақ мектебін бітіріп келген өрендерді алып қалып, бір ай бойы басқалармен білімдері деңгейлес болу үшін арнайы оқытып, аяқтарынан іліктіріп жіберетін. Академик ағамыз аспиранттарды дайындағанда да жергілікті ұлт өкілдеріне басымдық берді. Осы бір ардақты тұлғамен жақын араластым. Көреген, байыпты, ептеп әзілқойлау адам еді. Көрнекті тұлға Ебіней Букетовтің де беделі ерекше болды. Ол кісі бізге тау секілді көрінетін. Жазушы Жайық Бектұровпен жақын араласпасам да есті әңгімесін көп тыңдадым. Сондай-ақ, өнеркәсіп орындарында да ел намысын жоғары ұстаған, қазаққа бүйрегі бұрған азаматтар болды.
– Сіз азаттық алған жылдардан бері Елбасының сенімді серігі болып келесіз. Төбесіне шықса, бас айналатындай жауапты қызметтерді атқардыңыз. Сол жүріп өткен белестергеойша оралатын кезіңіз көп пе?
– Елбасымен бірге жүріп, елге қызмет ету үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ол кісімен қызметтес болғаным сексенінші жылдардың аяғынан басталады. Елбасы 1989 жылы Қазақстан КП ОК бiрiншi хатшысы болып сайланды. Сол жылы мен де Орталық комитеттің ұйымдастыру және кадр бөлімінің меңгерушісі болдым. Сексен адам қызмет жасайтын бөлім. Бірінші хатшымен жұмыс бабымен күнде кездесемін. Партия тарап, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де осы бөлім қайта құрылып, мені соған меңгеруші етіп бекітті. Жұмыс барысында Елбасының барлық айтқандарын мұқият орындап отырдым. Шынымды айтсам, басқа да қызметтес адамдар болды ғой, бірақ, мен сол кісіні ғана тыңдадым. Мемлекет басшысына қандай мәселені болмасын ашық жеткізуге тырыстым. Ол кісі шешім қабылдағаннан кейін барып, біз орындаймыз. Негізі, аппараттың қызметі солай болу керек. Оның жұмысы үнемі көлеңкеде қалады.
– Азаттық алған алғашқы кезеңдер елімізге оңай болған жоқ. Осы жылдары ойыңызда қалған қандай оқиғаларды айта аласыз? Сіз соның бел ортасында жүрдіңіз ғой.
– Дербестік алған алғашқы елең-алаң шақта жаңа мемлекеттің қалыптасу жолы жеңіл болған жоқ. Сол тұста лауазымды қызметте болған азаматтардың барлығы бел шешіп, белсене еңбек етті деп айта аламын. Тәуелсіздік декларациясын қабылдадық. Мемлекеттік рәміздерді бекіттік. Еліміз нарықтық экономика жолына түсу үшін жаңа заңдар қажет болды. Қолға алынған реформа түбегейлі іске асу үшін енді ескі заңдармен жұмыс істеу мүмкін емес еді. Екі рет Парламент өз өкілеттілігін тоқтатты. Сол шақта біз бір жылдай парламентсіз жұмыс істедік. Президент барлық жауапкершілікті өзіне алды. Біз басшымызға сүйеніш болдық. Айталық, 1994-1995 жылдары Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болған кезде депутаттардың алдында Елбасы алтыншы шілде күні астананы ауыстыру туралы мәселе көтерді. Ол халық қалаулыларынан қолдау тапты. Міне, бүгінгі елорданың іргесі солай қаланды. 1995 жылы
Ата заңымызды қабылдадық. Содан кейін екі палаталы парламентке көштік. Ол уақыттың қыр-сырын айта берсе әңгіме көп. Оның да құпиясы кейін ашылар. Қазір зейнеткерлікке шыққан саясаткерлер кітап жазып жатыр. Солардың кітаптарынан сол кездегі уақыттың тынысын байқауға болады. Алайда, дәл сол күрделі шақта қабылданған шешімдердің барлығы дұрыс болғандығын уақыттың өзі дәлелдеді.
– Сіз Сенат төрағасы болған кезде Жер сату туралы заңның қабылдануына байланысты қоғамда түрлі қарама-қайшы пікірлер болды. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.
– Рас, жер сату жөніндегі заңды қабылдау қиынырақ болды. Ол жөнінде ел ішінде түрлі пікірлер айтылды. Ұлтымыз үшін ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған жерден артық қасиетті ештеңе жоқ. Бірақ, нарықтық қатынастың заңы өзгеше. Жердің де иесі болу керек. Ол кезде Үкімет басшысы – белгілі азамат Иманғали Тасмағамбетов еді. Үкімет ұсынған заңды Сенат қолдады. Ал, Мәжіліс депутаттары қарсылық көрсетті. Егер Мәжіліс қарсы болса, Сенат қабылдай алмайды. Ақыры Үкімет отставкаға кетті. Аталған заңға Президент қол қойған жоқ, бірақ, уақыт өткеннен соң күшіне енді. Еліміздегі жер реформасы осылай басталды.
– Мемлекеттік хатшы болған кезде мемлекеттік тілге ерекше бет бұрғаныңызды да білеміз.
– Ана сүтімен бойыма сіңген қазақ тілінің абыройы мен үшін бәрінен биік. Мемлекеттік хатшы болып жүрген кезде зиялы қауым өкілдері мен көзіқарақты тіл жаңашырлары арасында қазақ тілінің мәселесі жөнінде салмақты да, өткір пікірлер айтылып жатты. Ол, тіпті, Парламент Мәжілісіне дейін жетті. Сол кезде халық қалаулыларының арасында мемлекеттік тілді дамыту жөнінде баяндама жасадым. Билік қазақша сөйлесе, бәрі орнына келеді деген сөз айттым. Ол кездегі Премьер-министр Даниал Ахметов еді. Бір жиында Президент: «Даниал, естідің бе, Оралбай Үкімет қазақша сөйлеуі керек деп отыр. Енді оны қолдаңыздар», – деді. Алайда, одан бері Үкімет басына қаншама азамат келді, тіл мәселесі әлі дұрыс шешілген жоқ. Елбасы бір жолдауында мемлекет 2025 жылға дейін қазақ тіліне көшу керек деп қадап айтты. Ол мерзімге де он жылдай ғана уақыт қалды. Әне-міне дегенше, ол да жетіп келеді. Таяуда білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің биылдан бастап, барлық жалпы білім беретін орта мектептерге «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «География» пәндерін мемлекеттік тілде оқыту
туралы қолға алған бастамасын толық қолдаймын. Бұл жобаның жеміс берері даусыз. Сондай-ақ, ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсыновтың «Әрбір бала бастауыш сыныпта өз ана тілінде білім алғаны жөн» деп айтқан өрелі сөзі бекер айтылмаған.
Азаттықтың өзі ана тілімізден басталады. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойы мерекеленуде. Елбасының өзі Ұлытаудағы сұхбатында тарихымыз, танымымыз, салт-дәстүріміз, дініміз жөнінде келелі әңгіме өрбітті. Жалпы, туған тілді дамыту да, таныту да өзімізге байланысты. Басқа ұлттарға өнеге көрсетуіміз қажет. Ұлт жанашырларының тіл, ел жайында шырылдап айтып жүрген сөздерін де ескерген жөн. Бүгінгі таңда әлем бойынша саяси ахуалдың өзі ауыр. Көршілес елдердегі оқиғалардың өзі алаңдатады. Сондықтан барынша ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тереңдете беруіміз қажет.
– Сіз 2008 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған жемқорлыққа қарсы кеңестің төрағасы болдыңыз. Бүгінде осы жемқорлық туралы көп айтамыз, бірақ қорытынды, аз, одан шығу жолы бар ма?
– Бүгінгі таңда жемқорлық жайында көп айтамыз. Соның барлығымен жалғыз ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі күресіп жатқандай көрінеді. Ал негізі, оған қарапайым жұртшылықтың қосып отырған үлесі мол. Өйткені, олар сенім телефоны арқылы ақпарат беріп, парақорлықтың жолын кесуге ықпал жасауда. Сондықтан бүгінгі күні халықтың таным-түсінігі, болмысы, көзқарасы өзгерді. Қоғамдық белсенділігі өсті. Ешкім де ештеңені бүгіп қалмайды. Таяуда бір қаланың әкімі екі бірдей орынбасарымен ұсталды. Бұл деген сұмдық. Сонда оларға не жетпей жатыр екен? Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасында жемқорлық жөнінде жақсы айтылған. «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған коррупциялық кеңестің төрағасы болып жүрген кезде осы дертпен табанды күрестік. Бірақ, тамыры тереңдеп кеткен жемқорлықты бірден тыйып тастау мүмкін болмай отыр. Менің ойымша, жемқорлық жөніндегі заңды әлі де жетілдіре түсу қажет. Сосын, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар қомақты қаржыға қызықпау үшін олардың әлеуметтік жағдайын көтеру керек. Сонда ғана кейбір лауазымды қызметке қолы жеткен адамдардың арасында «осы жерде уақытша істеймін ғой, мүмкіндігімше қызмет бабын пайдаланып қалайын» деген теріс пиғылдан арылатын болар. Мүмкін, жемқорлықтан ада-күде айығу үшін бір ұрпақ ауысу қажет шығар. Енді бір үмітті шетелден білім алып, елге оралып жатқан жастардан күтемін. Олардың өзге мемлекетте жүріп көргені, түйгені де бөлек қой. Мүмкін, солар елімізді осы дерттен сауықтырып, алып шығады деп ойлаймын.
Қазақтың төбеті әлемдік ондыққа кіреді
– Сіз туған жеріңізден ірге суытпаған азаматсыз. Сол елдегі аудандық мұражайдың ашылуына мұрындық болыпсыз.
– Иә, менің туған жерім елордадан онша қашық емес. Нұра деп аталатын нулы, сулы өлке. Ауданда бұрын шағын музей бар еді. Оны көрген сайын көңілім онша көншімейтін. Мәселен, Ұлытауға, Қарқаралыға барғанда тұрпаты еңселі мұражайларды көріп: «Шіркін-ай, біздің елде осындай бір ғимарат бой көтерсе» деп ойлайтынмын. Ақыры, халық қалаулысы болып жүргенде облыстан қаржы бөлдіріп, жаңа мұражай салынды. Оған сол жерде туған Кәрім Мыңбаев, Бүркіт Ысқақов секілді танымал тұлғалардан бастап, барлық еңбек ерлерінің есімдері жазылды. Түрлі этнографиялық жәдігерлер қойылды. Әжептәуір, туған елдің тарихынан сыр шертетін музей болып қалыптасты. Одан кейін Нұра ауданының орталығынан уақыт талабына сай екі жүз орындық колледж ашылды. Жанынан жүз орындық жатақхана бой көтерді. Елден ешқашан тамырымды үзген емеспін. Айына бір рет барып тұрамын. Аудан орталығындағы дауылпаз ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші де туған жерге кәдімгідей көрік беріп тұр.
– Бүгінгі таңда кімдермен араласасыз, жақын достарыңыз бар ма?
– Өткен жолы Елбасымен бір жүздесіп қалғанда ол кісі де «қазір кімдермен араласып жүрсің» деп сұрап еді. Жасымнан жақсы адамдармен дос болып келе жатырмын. Талай жылғы қызметтес болған, аралас-құралас жүрген бір топ жігіт бар. Айталық, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Равиль Шырдабаев, Тоқтар Әубәкіров секілді азаматтармен жақын араласамын. Алайда, өзімнің бала кезден келе жатқан бір хоббиім бар. Ол – тарихи кітаптарды оқу. Қолым бос болғанда осы сүйікті ісіммен айналысамын.
– Аға, бүгінгі таңда республикалық «Қансонар» қауымдастығын басқарып отырсыз.Бұл қауымдастықтың мақсаты қандай?
– Біздің бабаларымыз аңшылық өнерді ерекше дәріптеген. Сондықтан, осы аңшылық дәстүрді одан әрі дамытып, саны азайып бара жатқан жануарларды қорғау мақсатында осы ұйым заң аясында құрылды. ҚР Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтің бұйрығымен қазақ тазысы мен төбетінің стандарты бекітілді. Қазір сол тазы мен төбеттің табиғи қалпын сақтау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Негізінен, қазақы тазылардың тұқымы ел ішінде әлі де кездеседі. Дегенмен, аталған иттердің будандасып кеткен түрлері көп. 1937 жылы Слуцкий деген орыс ғалымы қазақтың тазысын зерттеп, ол жөнінде үлкен еңбек жазған. Сол кітаптарды қайта бастырдық. 1980 жылы Қаз ССР Ауыл шаруашылық министрлігі қазақ тазысының стандартын бекіткен. Оны да зерттеп білдік. Көрші Қытай елінде қазақ төбетінің тұқымы сақталған. Қазақтың төбеті тау қопарар алып күші мен алымдылығы жағынан әлемдік ондыққа кіреді. Оны да асыл тұқымды ит ретінде стандарттап алдық. Сондай-ақ, аңшылық өнерді насихаттайтын «Қансонар» деген журнал жарық көреді. Осы қыркүйектің басында елорданың іргесіндегі «Жібек жолы» деген ауылда республикалық қазақы тазы мен төбеттің көрмесін өткіздік. Оған еліміздің әр түкпірінен
75 тазы мен 19 төбет қатысты. Алдағы қазан айында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай «Қазақстанның жануарлар әлемі» деген фотокөрме өткізілмек. Қауымдастық осындай бірқатар жұмыстарды қолға алып, іске асыруда.
– Әңгімеңізге рахмет!
astana-akshamy.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.