Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Орхан Памук. Суретші болғым келетін

09.11.2018 382

Орхан Памук. Суретші болғым келетін

Жеті жасымнан тартып, жиырма екі жасыма дейін сурет көрмесін өткізуді қиялдап, мұны өзімнің бақытқа толы күндерге қадам басатын аяулы да қарапайым тәсілім деп қарадым, суретші болуға құштар болдым. Сүйтіп көптеген уақытымды, әсіресе, жасөспірім шағымды сурет сызып жаттығуға арнадым. Үйдегілер де қатты қолдады, құжырамның өзі сурет өнеріне қатысты ескілеу құрал-жабдықтармен көмкеріліп тұратын. Солай да, солай Ыстамбұлдың әлдебір бұрышындағы ғимараттардың бір бөлмесінде бала Памук өзінің күндердің күнінде әйгілі суретші болып шығу жоспарын мықтап жасап қойған еді.

Тұп-тура жиырма жылдан соң бұл жоспардың іске аспасы белгілі болды. Мен Ыстамбұлда шығармалар жаздым, романдар жарияладым. Бұлар менің қазіргі қол жеткізген нәрселеріме қарағанда, өзімнің бастапқыда бақытты болашақ үшін берген уәдемді жерде қалтырмауыма көп септігін тигізді.

1980 жылдардың басынан тартып аяғына дейін Ансельм Кифердің туындыларын көзім шалса-ақ болғаны, мейлі қайсысы болсын, мені бір қамырық билеп ала жөнелетін, бұл қамырықтың қызғаныш пен арман-мұратынан адасқан тұрмыс-тіршіліктің көгіне лепілдей толған өкініш сезімінің аралық атырабында туғанын да жақсы білетінмін. Бірақ, бір жағынан мен өзімді енді аса сергек ұстап жүруші едім, өйткені, анадай бақытқа қол жеткізуге мүмкіндігімнің жоқтығын ақыл жүзінде мойындап үлгерген болатынмын. Жас кезім мен балалық шағымдағы сенім дүниесі мүлде қарама-қайшы бағытта құрылыпты, соншалықты бір іңкәрлікке толы көңіл болғанымен, ол бәрібір ұйықтамай түс көрген іспеттес кейіп еді де, өнер көкжиегіндегі нәтижеге кенелер күйден қашық-тын. Бүгін де Ансельм Кифердің құрметке бөленген туындылары менің осы сөздерімді бір қырынан дәлелдеп отырған жоқ па?! Мазмұны қуатқа кенеулі әрбір шымыр сөз-сөйлем мен суретші тұлғасындағы байқампаздық пен бейнелеу шеберлігінің барлығы да бізге таныс шығарманың ғажайыбы секілді негіздік түйіндер болып есептеледі. Менің дене-тұлғам, иығым, білегім, саусақтарым егердің егері деп басталатын қиялымның орындалуы мүмкін емесін сездіріп отырады да, Кифердің жасампаз қуатының алдында ащы шындыққа тізе бүкпеуге әлім жетпей қалатын болды.

Дейтұрғанмен, Киферге тамсанумен бірге күндердің-күні тісқақан суретшіге айналу арманы менің миымның әлдебір бұрышында біресе сөніп, біресе өшкіндеп қалтырап жанған күйі қалып қойған секілді, бұл бейне өзімнің баяғыдан бері ұмытып кетуді тынымсыз үміт етумен келе жатқан қайсыбір қылмысым сияқтанатын. Менің сол жарқын да риясыз ниетімді бір жағынан алғанда Кифердің туындылары қанаттандырып та отырғанын жоққа шығаруға болмайды, тіпті оның Кифердің нән тұлғалы, ғажапқа толы туындыларының жанына барып жайғасып алғаны да бар. Осындайда менің есіме Кифердің жас кезінде салған “Кітап” атты жазушылар мен кітап әуесқойларының ықыласына бөленген туындысы оралады.

Кифердің эстетикалық әлемінде кітап болмысы мен кітаптан бір елі ажырамайтын мәтін кіршіксіз һәм қасиетті дүние болып орныққан, оның өнердегі ұстанымы сөзден, мәтіннен жүзіп өтетін «физикалық қасиетке» суарылған (Мұнда оған Хайдеггердің ілімі көмекке келеді). Өнерпазымыздың жуық жылдар бойында қорғасын жапырақшаларынан, және басқа метальдардан мүсіндеген кітаптарына зер сала отырып, олардың тамашалаушыларға табиғи бітімнен көрінетін қасиетті тазалықтың мәтіннің өн бойынан байқалғанымен қоймай, бүкіл болмыспен біте қайнасқанын сездіргісі келетінін байқаймыз. Мейлі бұл кітаптар қағаз болсын, металл болсын барлығының тұлғасынан ұқсас бір түрдегі қабілеттің аңысын аңғаруға болады. Бұл мен секілді жазушыға қияли бір сезім бағыштайды, ал, мұндағы кітаптың қасиетті болу себебі мәтіннен емес, жалпы болмыстан еді.

Неміс суретшісі Ансельм Кифер

Кифердің кітабі бізге мынаны айтқысы келетін сыңайлы, сөздің бейнелеуі мен жеткізуінен асып түсу үшін кітаптың сипатына баса назар аудару қажет, бейне дуалдың бетіне зер салғанда оның әрбір тас-кесегінен гөрі оның жалпы тұлғалық бітісіне көз жіберу маңызды. (Кифер негізі там қабырғаларын зерделегенді ұнатады, оның әр кірпішін бөлек-бөлек сызады. Осыған қарап оны кірпіш зауыт әуескері деуге де болар еді. Десе де, біз оның туындыларын бақылағанда, оның әрбір кірпішін қоймай жінтіктей бақылауымыз қажетсіз, там қабырғасы да біз үшін айтарлықтай маңызды емес, маңыздысы туындыдағы кестеленген дүниенің болмысы, сипаты). Меніңше, қарым-қабілеттің асып тұрған тұсы осы да, ондағы елден ерек сурет салу өнері сыйлап тұрған әсердің үстемдігінің қайнары да осы тұстан аңғарылса керек.

Дәп басып, таныған жерімнің бірі осынау әдеби ерекшелік Кифердің “Кітабынан” тартып түгелге жуық туындыларына өз ықпалын тигізген. Тау жүлгесі, жазық дала, орман, Герман ғажабы, тат басқан қажетсіз темір-терсектер, және жол қатарлы суреттердің ішкі әлемінде жасырынып тұрған бір өнер алыбы бізді суреттерді көруге емес оқуға шақырып тұрады. Әрине, олар шындығында кітап секілді еді. “Кітап” атты туынды арқылы айқындала түскен осы бір сурет салу тәсілі барлық туындылардың бойындағы оқуға тиісті тұстарды қатарлатып алдымызға тартады. Біз оның салған ағашына, тат басқан теміріне, тауларына қарап өзіміздің көз алдымызда мәтін тұрғанын тәбиғи түрде сезіне аламыз. Ал, құпиялық жаңағы біз тамашалаған суреттегі дүниенің ішінде сүйкімді және кісі таңғаларлық мінезбен жасырынып тұрады. Біз үшін бұларды оқу әрине оңайға соқпайды.

Кифердің сурет саудагері мені ертіп суретшінің қызмет үйін көрсеткен кезде көкірегім жоғарыда айтқан арманымның буына лыпылдап толып кеткенін сезіндім. Парижге баратын машинаға отырғаннан тартып бейне бір тұңғыш рет кино көруге бара жатқан ұл бала секілді қатты желпіндім, және ауыр-ауыр қиялдардың жетегінде отырдым. 2008-жылы болса керек, Зальцбург шаһарында суретшімен жүздесудің бір қуанышты орайына ие болған едім, оған дейін әрине сурет альбомдарынан болсын, мұражайлардан болсын оның түгелге жуық туындыларымен қанық білісіп үлгірген болатынмын. Кифердің жұмыс үйіндегі алқалай жайылған туындыларды көрген кезімде мүмкін шыт жаңа бір күйлерге бөлендім, тіпті, күндердің күнінде жазушылыққа хош айтысып, қалған ғұмырымды сурет салуға арнау жайлы бекімдерге келген де шығармын.

Мейлі қалай болмасын ұлы өнерпаздың кең әрі еңселі жұмыс үйіне енгенімде мені өнер табиғатына деген еріксіз оянған құрмет билеп ала жөнелгені, басымды иіп тағзым етпеуге әлім жетпегені анық еді. Негізі, мен Кифер шығармашылығымен етенедей таныспын, бұрынырақта болса керек, бір жолы дәл қазіргі көз алдымдағы қызғалдақ іспеттес, балаң мінезді ұшақ оймасын көрген едім, туындыдағы өзіме таныс шеберлікті байқап ішкі дүнием кәдімгідей жұбаныш тапқандай болды. Иә, Кифер әлі де бұрынғыдай туындысына меңземе жазып қояды екен, бұнысы өзін әсерлендірген, шабытқа бөлеген ғажайыптар жайында бізбен бөлісу болатын. Мәселен, әлдебір эпизод немесе өлең (Ингеборг Бахман, Пауль Целан, Артюр Рембо) арқылы бізге әрбір туындының астарында тұрған идиомдарды яки тарихи хикаяларды аңғартып отырады.

Кифердің жұмыс үйіндегі тізіліп тұрған кереметтерге мастанбай, желпінбей қарау мен үшін кәдік еді, сол арада жүріп суреттердің сырына қайталай ой жүгірттім, суретшінің сөзден, геометриялық сызықтардан, аңыздан, табиғат әлеміндегі қарапайым һәм сырлы болмыстардан құрам тапқан дүниесінің ішіндегі мейлінше жанды байланысты сездірген әлеуеті жәйлі ойландым. Барлық сөздер, әріптер, ағаш бұтақтары, тау сілемдері, нәзік гүлдер және қажетке жараудан қалған темірлер, жолдар…осылардың барлығы да даралыққа құрылған мазмұнның бір бөліктері ғана, барлығында да ортақ желіге тартылған ортақ негіздік құрлымдар бар. Мен мұнда қалай болмасын осынау суреттерді, сосын, шебердің парасатты қалам ізін оқи алуды барынша үміт ететінім мұнда тұр. Оның үстіне, мұндағы сөз бен сызықтардың ортасында қаншама бәсеке болғанына қарамастан, мен тағы да көрнеу көкжиектен алқып көтеріле алмасымды, осынау таңба мен нақышқа кенеулі тауды парақтап түгесе алсам да тыныштық таба алмасымды білемін. Әні, сол сөз бен сызықтың, мәтін пен өнердің аралық шегіндегі абсолютты тербелу кеңістігі Кифер шығармашылығының қолқа жүрегі саналатын.

Тұңғыш көз салғанда оның суреті сөзге сықалып тұрғандай әсер беретіні рас, десе де, өнер туралы, жалпақ әлем туралы ойланып көрер болсақ, біздің көріп тұрған дүниеміздің оқыған сөздеріміз бен таныған әріптерімізден гөрі әлдеқайда қызыққа толы, мазмұнды екенін түсінер едік. Сурет көру дегеніміз суретті оқу деп айтсам, сізше бұл мүмкін бе? Суретті кітап ретінде оқуға шынымен де қалай қарайтыныңызды білгім келеді.

Ансельм Кифер. "Түнгі тәртіп"

Мазмұн мен символ екеуі де қайнарын таусылмас қазына-мифтен алады. Мен білетін өнер алыптарының ішінде Кифердің ең мықты, құлашы ең кең болуы, тіпті Әдеби қасиеттерге де ең бай болуы әбден мүмкін, бәлкім, осыдан соң да оның әлемінің мені соншалықты қуатты тарту күшімен өзіне тартып ала жөнелгенін түсінуге болар.

Кифердің жұмыс үйінде аялдаудан ілгері әлгі менің көңіл түкпірімдегі жасөспірім маған ұдайы менің де мықты суретші бола алатынымды, менің де суреттің ұлы құдыреті арқылы жүрек түкпірімдегі сол бір симфонияны шалып шыға алатынымды күбірлеп отыратын, енді бір жағынан, етек-жеңін жинап естияр қалыпқа жеткен, көңілді, өзіне сенімі зор жазушы жігіт те менің прозамен айналысуым мен Кифердің сурет сызуының мағынасы ұқсас қарекет екенін, үмітімнің үстіне кішіпейілдік пен шыншылдықтан азырақ қосуымның қажет екенін ескертіп жататын. Сондықтан, айналасындағы әсемдікке толы өнер шұғыласынан есеңгіреп қалған мен үшін балалық шақтағы суретші болу арманымды ақырын ғана ысырып қоюға тура келген еді.

Сол күні кеште Ропас (Ropac) өзінің Сена өзені бойындағы үйінде зияпат өткізді, мен, Кифер, ол үшеуіміз қатарласып отырған бір сәтте Ропас қонақтарға қарап: «Бұл екеуінің біреуі жазушы боламын деп жүріп суретші болып кетті де, енді біреуі суретші боламын деп армандап жүріп жазушы болып бірақ шыққан» -деп күлдіргені бар. Дегенмен, бұл сөз мен үшін ешқандай да күлкілі емес болатын, өйткені, менің суретші болу арманым әлі де кеудемнен сөніп үлгірмеген болатын, сондықтан да, мен сол күні кеште жүзім шарабын артықша сілтеп жібердім-ау деймін, қолына қардай әппақ қолғап киген даяшы мырза менің қолымдағы стаканға қайта-қайта мөлтілдетіп шарап құюмен әуреленіп бақты.

Көп өтпей-ақ мен қауырсындай жеңілдеп, шалқи бастадым, сонан болса керек, қалтамдағы естелік қатирем есіме түсе берді, оның ішінде менің ыстық ынтамен салынған бірнеше кішкене туындыларым бар-тын. Оларды қасымда отырған алып суретшіге көрсетуім керек сияқтанады, мұным жөн бе еді? Меніңше, болғанда ол менің көңіл-күйімді қалтқысыз сезіне алар жан еді.

Мұным мүмкін лайықты бола қоймас, күлкіге қалуым мұнда тұрған іс шығар?! Мен онда Томас Маннның “Тонио Крогер” повесіндегі кешкі қонақасы төрінде сіресіп тұрып өлең оқитын әскер секілді күлкілі көрінуім де мүмкін еді. Дейтұрғанмен, мен тағы да сәл кештетіп болса да тыныштау бір бұрышты тауып алып оларды Ансельм Киферге ұрланып болса да көрсеткенім оң болар ма еді? Ол бір жұғымды һәм мейірімді, кісі жанын түсінгіш елгезек жан еді ғой. Қайткен күнде де менің эстетикалық өреме құрметпен қарар еді.

Осы арада менің миымда тағы бір аса тоңмойын, шыншыл бір дыбыс: «Бұл қалай болғаны? Егер сен шынында сурет салғың келсе өзіңнің үйіңде емін-еркін сала берсеңші, ешкім де көріп жатпайды, тіпті, ешкімнің де сүйіне назар аударуын күтпей-ақ қой, әсіресе, мынадай даңқты суретшілердің көңіл аударуының еш маңызы да жоқ».

Ал, оқиғаның ұрымтал да қызықты тұсы менің қонақтардың мазасын ала күлегештеніп сөйлеп тұрған сәтімде болды. Кифер де қонақтармен әңгімесі жарасып, әсемдікке толы тұрмыстың табысқа жеткен бір ер азаматқа сыйлайтын ләззатына мейлінше қанып тұрған еді. Оны көзім шалған сол мезет мен өзімді бүкіл әлем тарапынан тастанды болғандай сезініп құлазып бара жатқанымды ұғына қойдым да әңгімеге қайтадан серпіле араласуға қамдана тұрып миымның іші ендігәрі оларға салған суретім жайлы жақ ашпауға бекінген бекімдерге толып сала берген, саусақтарым қайта-қайта шапанымның қалтасына зүңгіп өзімді меңгеруге толықтай қауқарым жетпей-ақ қинала бастап едім.

Сол кезде Кифер маған бұрылып бірдеңе айтпаққа ыңғайланғанын сездім, оның өңінен аздап қысылу мен әрі-сәрі болған беймазалық жасыруға көнбей менмұндалап көрінген.

– Мен бір кітап жазған едім, білетін де шығарсыз? Менің сізден кеңес алғым келеді.–деді ол.

– Кітаптың аты қалай? Қай жақтың баспасынан шығып еді?–дедім мен де жалма-жан.

– Атауы «Естелік дәптер», ағылшынша нұсқасы әлі жарық көрген жоқ.

Біраз уақыт үнсіздіктен соң Мен өзімнің Киферді бұрынғыдан әрмен жақсы көре бастағанымды сездім, ол тек қана бір ұлы суретші ғана емес екен, оның қалтарыс тұстары тіпті де көп секілденді. Осыларды ойлап тұрып өзімнің анау туындыларымды оған көрсетіп мазасын алмағаным қандай жақсы болған деген қиялым да сап ете түсті. Оның үстіне дәл сол сәтте өмірімде тұңғыш рет суретші бола алмайтынымды ұғынып, көңілімнің өз арнасына түсіп жыли бастағанын да аңғарып қалдым.

Зияпат тым ұзаққа созылған жоқ, қонақтар да Париждің кешкі сұлу келбетіне елтіп, ақырындап тарай бастаған, сырт жақта самалға дәрмен бітіп, жаңбыр тамшылары түсе бастағаны білінеді. Ал, менің ішкі жан-дүнием әлдебір әсерлі сезімдермен тоғысып жатқан еді. Сосын Сенаның бойында азырақ серуендеп, бой жаза жүріп көңілімді тыншытқым, ойларымды ретке салғым, бүгінгі Кифердің жұмыс үйінде өткен бір күнді сана сүзгісінен өткізіп шыққым келді. Көрген жерден көзді бірден тартатын ғажап суреттер, ертегі елесін, әдебиеттің бекзат бояуларын құшағына ораған түрлі-түсті картиналар миымның ішінде керуендей тізіліп өте бастады. Сосын оның жазған кітабының мазмұны туралы қызыға қиялдадым, бірақ, менің ойымда орнығып қалған оның тек елден ерек парасатпен, шеберлікпен бусанған суреттері ғана екен.

Кейде, кейбір адамға табынған сәттерде мен сол тұлғаларды өзім салған сурет секілдендіріп сезінетінім бар.

Қытай тілінен аударған: Арман ӘДІЛБЕК

«Солақайлар» әдеби клубы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Нобель, орхан памук, ансельм кифер, сурет
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар