Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Паң Нұрмағамбет ұрпағымен сұхбат...

21.04.2023 2300

Паң Нұрмағамбет ұрпағымен сұхбат 16+

Паң Нұрмағамбет ұрпағымен сұхбат - adebiportal.kz

Қазақ тарихы мен әдебиетінде есімі таңбаланған тұлғалардың бірі – Нұрмағамбет Сағынайұлы. Нұрмағамбет Сағынайұлы – өз заманының ірі дәулетті адамы, дала шонжары. Сағынай бай – өзі өмір сүрген уақытында асыл тұқымды жылқы өсірумен, қазақ халқының қысқы-жазғы баспанасы – қыстау үй мен киіз үй мен олардың ішкі жабдықталу-безендірілуін, қазақтардың күнделікті киім-кешек, тұтыныс бұйымдарының эстетикасына аса мән беріп, осы тұрғыда өзгеге үлгі болған жан. Бұл туралы сонау Сәкен Сейфуллиннен бастап, көптеген белгілі тұлғалар тамсана жазып қалдырған. Патша заманының архив құжаттары да баршылық. Мәрт, жомарт бай ретінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов қатарлы Алаш қайраткерлерінің ұлт ісі жолындағы ұмтылыстарына да реті келгенде қаржы аямаған меценат Нұрмағамбеттің елден ерек кірпияз қалпына байланысты оның есіміне «паң» деген айқындауыш қосылған. Паң Нұрмағамбет есімінің ел есінде ерекше сақталуына әсер еткен жағдайлардың бірі – Ерейментаудың Қусағында әкесі Сағынай Есұлына берілген астың дүбірі болды.

Басталды әңгіменің былай басы,

Болды оған жетпіс, сексен жыл шамасы.

Арқада Ерейменді мекен еткен

Керейде Сағынайдың болыпты асы, - 

деп Ілияс Жансүгіров өзінің әйгілі «Құлагер» поэмасында жырлағанындай, Арқаның ардагері Ақан серінің осы астағы аламан бәйгенің алдында келе жатқан Құлагер тұлпары қандықол жолтосардың сойылына жығылып мерт болды. Паң Нұрмағамбет Сағынайұлы 1848 жылы қазіргі Ақмола облысының Ақкөл ауданына қарасты Ақсу кенті аумағында дүниеге келіп, 1925 жылы осы өңірде дүниеден өткен.

Сағынай байдың тікелей ұрпағы Алмагүл Төлешқызы Қалиевамен Паң Нұрмағамбеттің өмір жолы, елі үшін атқарған қызметі, әулеттің кейінгі тағдыры туралы сұхбаттасқан едік.

- Әңгімемізді таныстырудан бастасақ. Паң Нұрмағамбетке туыстық жөніңіз қалай? Осы жөнінде таратып айтып берсеңіз?

- Рақмет, әрине. Қазақы жөнмен айтқанда біз ежелден осы Арқаны мекендеген керей деген рудан тамыр тартамыз. Нақтырақ айтқанда біздің ата-бабамыз Күрсары керейден тарайды. Яғни Күрсарыдан Есбол – Сары – Шегірек – Алқаберлі – Қожағұл – Дауылбай – Жарас – Ес болып таралады. Аталарымыз қазіргі Ақкөл ауданы жерінде өмір сүрген. Ес бабамыздың Қосанай, Сағынай, Қозыбағар, Тайбағар деген ұлдары болыпты. Сағынай бабамыз да өз заманының беделді адамдарының бірі болған екен. Бабамыз өмірден өткеннен кейін берілген жылдық асы тарихқа енді ғой. Ол да тағдырдың жазуы шығар.

Сағынай бабамыздан Шәкей, Нұрмағамбет, Смайыл, Тәшкен атты ұлдар туады. Смайылдан Сәбит, Алтай, Бекіш, Көпей, Қапиз, Баймақ атты балалар туады. Осылардың ішінде Нұрмағамбет бабамыз әке байлығын молайтып еселеп бай болумен қатар, өзінің ерекше тұлғасымен, еңбекқорлығымен, сән-салтанатымен патша заманындағы әйгілі адамдардың бірі болады. Тазалықты жаны сүйген әдеттерін ел-жұрт паңдыққа баласа керек. Еуропа аристократтары тәрізді, аппақ қолғап киіп, көзіне алтын жиекті пенсне тағып, еңсесін биік ұстаған жан екен. Сондықтан ол кісіні заманында Паң Нұрмағамбет деп атапты. 

Паң Нұрмағамбет атамыздың Паң бабамыздың жастай қосылған жары – Көбілік. Бұл анамыз – әйгілі Біржан салдың: «Ар жақта керей, уақ, Мәті-Дәулен, Сайланған жігіттікке бұл бір дәурен», - деп шырқаған Мәті байдың ұрпағы. Паң атамыздың Көбіліктен өзге, әмеңгерлік салтымен алған Бибіш деген әйелі болыпты. Тағдырдың маңдайға жазғаны болар, малды аямай берген Жаратқан-Тағала Паң атамызды басқа кедей қылыпты. Бірге туған бауырларының балаларын баурына тартып, қамқорлық жасайды. Өз кіндігінен бала болмаса да, шаңыраққа иелік ететін мұрагер қажет. Сол себептен Паң атамыз отызды орталаған шағында кенже інісі Тәшкеннен туған Қалиды бауырына басқан екен. Бұл кезде Паң Нұрмағамбет отыз алтыда, бәйбішесі Көбіліктің де отыздан асқан шағы екен.

Бану әже отбасымен

«Құда мың жылдық» деп қазақ өз салтында ілік-жілік туыстық қарым-қатынасты жаңғыртып отыратын халық қой. Осы себептен де болар, Көбілік әжеміз өзінің кенже інісі Шәріптің қызы Бануды кішкентайынан өз қолына алып өсіреді. Қолдарындағы Қали мен Бануды кішкентайынан атастырған екен. Сөйтіп олар ержетіп, бойжеткен соң Паң атамыз бен Көбілік әжем ақ некесін қиып, ақ баталарын беріп қосады. Біз Паң Нұрамағамбет атамыз бен Бану әжеміздің тумаса да туғандай қылып бауырында өсірген мұрагер ұлы Қали мен келіні Банудан тараған ұрпақпыз.

- Иә тумаса да да туғандай болған балаға қатысты «емшек сүтімді бермесем де, елік сүтін беріп өсірдім» деген сөз бар ғой. Паң Нұрмағамбеттің ұлы Қалидан тараған ұрпақтар кімдер, олар қайда тұрып жатыр?

- Қали атам мен Бану әжемнен Дәулет, Төлеш атты екі ұл мен Мүнира атты бір қыз туған. Үлкен ұлы Дәулет атамыз 1906 жылы туған. Ол кісі 1941 жылы 15 шілдеде Ақмола облысы, Сталин аудандық (қазіргі Ақкөл) әскери комисариатынан әскерге шақырылып, майданға аттанған екен. 1942 жылы әжеме ұлының майданда хабарсыз кеткені туралы қағаз келген. Шамасы Мәскеу маңындағы қырғын соғыстардың бірінде қаза тапса керек. 

Дәулет Қалиұлы 

Екінші ұлы, біздің әкеміз Төлеш – 1925 жылы туған. Сталин ауданы, Сталин атындағы кеңшардың Сталин атындағы орта мектебінің 8-сыныбын бітірген әкем 1942 жылы қарашада майданға аттанады. Ол кезде әкем небәрі он жетіде екен. Отбасылық мұрағатта әкемнің 1941-1942 оқу жылындағы оқу үлгерім табелі сақталған. Кеңес Армиясының 5188 әскери бөлім қатарында Польшаға дейін жетеді. Осы елдің астанасы Варшава қаласын азат ету шайқасында жараланып, госпитальге түседі. Екі бірдей ұлын майданға аттандырып жылай-жылай соңында қалған әжемнің тілегі қабыл болғандығы шығар, әкем соғыстан аман оралады. «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы соғыста Германияны жеңгені үшін» медальдарымен туған жерге оралғанда әкемнің жасы жиырмада еді.

Төлеш Қалиұлы (оң жақта)

Соғыста қан кешіп, өмірдің небір қиындығын жастай көрген, жан жарасына қоса тән жарасы бар әкем майданнан келген соң еңбекке араласады. Отбасының мойнындағы жүгіне қоса, елдің тұралап қалған тіршілігін көтеруге атсалысады. Орта мектептегі оқуын жалғастыру үшін кешкі мектепке жазылып, күндіз мектепте сабақ берсе, кешке қарай өзі 9-10 сыныптардың бағдарламасын оқып игереді. Жиырма төрт жасында менің анам Орынтаймен отбасын құрады. Әкем 1961 жылы Семей қаржы-экономикалық техникумына сырттай оқуға түсіп, күрделі құрылысты қаржыландыру мен несиелеу мамандығы бойынша диплом алып шығады. Сөйтіп өмірінің соңына дейін қаржы, банк саласында қызмет істеді. Ол заманда тек мемлекеттік банк жүйесі ғана болды ғой.

Төлеш Қалиұлы жары Орынтай Шәріпқызымен (оңынан)

Соғыста екі рет жараланған әкем осының зардабын көп тартты. Жайық Бектұровтың Бану әжеммен кездескенінде «ұлы сырқат» деп жазатыны содан. Әкеміз жазушы Жайық Бектұров біздің үйге келіп кеткеннен жеті жылдан кейін, 1969 жылы өмірден өтті. Шүкір, кешегі кеңестік заманда басына қара бұлт үйірілсе де, Паң Нұрмағамбеттің қара шаңырағы құлаған жоқ. Әкем Қалиев Төлеш пен анам Орынтай Шәріпқызынан (тегі Көшімбаев) бес бала өрбіген. Менен үлкен апайым Күләш – 1953 жылғы, Жамбыл ағам – 1955 жылғы, бауырларым: Жанболат – 1959 жылғы, Жанбота – 1965 жылғы. Күләш апамыз өмірден өткен. Ұрпақтары бар. Бәріміз де үйлі-баранды, ұрпақ өсіріп, Қалиев тегімен Көкшетау қаласында тұрып жатырмыз. 

Қалиев Төлештің ұл-қыздары

Әкеміз өмірден өткен соң шешеміз бізді Көкшетауға, өзінің туыстарының жанына көшіріп алып кетті. Біз нағашы жұртта өскендіктен, ата қонысымыздан, ағайын-туыстан шеттеу қалғанымыз рас. Сағынай бабамыздан тараған ұрпақтар, Аллаға шүкір, баршылық. Кеңестік заман жалпы біздің тұқымның басынан сипай қоймаған. Баймақ атамыздың Зәйкен, Рақымжан атты балалары да отыз жетінің жазықсыз құрбандары болыпты. 

- Жазушы Жайық Бектұровтың 1962 жылы Ақкөл ауданына келіп әжеңіз Бануға жолығып Сағынай әулеті, Паң Нұрмағамбет тұлғасы жайлы әңгімелескенін өзі жазған еңбегінен білеміз. Жазушы бұл сапары, Паң Нұрмағамбет ұрпақтары туралы: «1962 жылы осы қыс өз елімде, Алексеевка ауданының орталығы Ақкөлде болып, Паң Нұрмағамбеттің інісінің келіні Бану бәйбішенің үйіне қондым. Қасымда сол ауылда туып-өскен Ақмола жазушысы, өзім бала күнінен білетін Әскен Нәбиев бар. Бану апайдың жалғыз ұлы, фамилиясы Қалиев сырқат, жіңішке ауру, банкте қызмет істейді. Бір атадан қалған жалғыз еркек кіндік осы жігіт. Бану бәйбіше жасында көрікті де , кісілікті кісі болғандай. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, әлі сыны кетпеген. Сөз, жөн білетін, кәртайса да көзінің нұры тая қоймаған көрікті кісі екен. Бану Біржан сал мен Сараның айтысында он екі мың жылқы бітті дейтін керейдегі Мәті Дәуленнің шөбересі. Мәті қажы, одан Мұсабек қажы, одан Шәріп қажы, Шәріптен осы Бану», - деп таратып жазады. Аталған жазбадағы жазушыға берген жауаптарынан Бану апаның ата-бабасынан бері дарыған бір тектілік сипаты анық аңғарылатындай.

- Бану әжем – ерекше адам болатын. Мен өзім 1957 жылғымын. Кішкентайымнан әжемнің қолында өстім. Әжем – көпшіл, қонақжай, өжет, айналасына беделді кісі болатын. Арғы-бергіі ағайын-туыстарды аралағанда, қонаққа барғанда мені қасына ертіп алатын еді. Жан-жақтан жиналған туыстардың, әдейілеп келген қонақтардың алдында отбасымызда тақпақ оқып, өлең айтып, би билейтініміз есімде. Жазушы Жайық Бектұров келгенде де солай жасағанымыз еміс-еміс есімде.

Әжем өзінің шыққан тегі, келген жері туралы көп-көп әңгімелер айтатын еді. Кішкентай болып, оның бәрін есте сақтай алмадық. Жоғарыда айтылғанындай, белгілі жазушы Жайық Бектұров 1962 жылы Алексеев ауданы орталығында тұратын Бану әжемді арнайы іздеп келіп жолыққан екен. Жазушы осы кездесу барысында Паң Нұрмағамбет бабамыздың өмір жолы, қызметі, ұрпақтары туралы көп мәліметтерді әжемнің аузынан жазып алып, өзінің болашақ туындысына енгізген. Бұл туралы жазушы өзінің деректі кітабындағы «Бану апайдың әңгімесі» атты жазбасында кеңінен тарқатып айтып өтеді. Бану әжем сол кезде жетпістің ішін аралаған шағы болса да еске сақтау қабілеті мықты адам екендігін, жазушымен әңгімесін оқығанда аңғаруға болады.

Жеті мың жылқы біткен Мәті байдың немересі Бану әжемнің Нұртаза, Перуша деген інілері болыпты. Шәріп қажының баласы Перуша Ақмолада Сәкен Сейфуллинмен бірге оқыған талапты жігіт екен. Шәріп қажы баласы Перушаға Сілеті бойындағы құлатай қыпшақ Мұса дегенің кісінің Гүлнәр деген қызын айттырады. Гүлнәрді ел-жұрты Көкеш деп атаған екен. Сөйтіп Көкешті ұзатып әкеткелі жатқанда осы елге Орынбордан келіп жүрген Қазақстан совнарком төрағасы Сәкен Сейфуллин қалыңдықты ұнатып қалады. Сөйтіп Перуша атамыздан Көкешті өзіне жар еткісі келетінін айтып, кісілер арқылы қолқа салады. Перуша атамыз көнеді. Сөйтіп Сәкен Сейфуллин қалыңдықты машинамен алып кетеді. Кейіннен қандай бір себеппен дәм-тұзы жараспаған болар, Сәкен мен Көкеш екеуінің жолы екі айырылады. Көкеш елден жырақ кеткенімен, Бану әжеммен өмір бойы хабарласып тұрыпты. Перуша атамыз Көкеш ұзатылып кеткеннен кейін отбасын құрған. Ол кісіден туған бір қызы болыпты. Бану әжеміздің өз әкесі Шәріп қажы да еліне белгілі адамдардың бірі болғандығын өз аузынан еститінбіз. Ол кісі туған жерден жырақ кетіп, Омбы жақта қайтыс болған екен.

Әжемнің бауырларының ұрпақтары Ақмола облысы, Ақкөл ауданының «Искра» кеңшарында тұрған. Паң Нұрмағамбет атамның келіні Бану әжем көп жасап, сексен алты жасында өмірден өтті. Паң атамыз бен Көбілік анамыздың айналасындағы адамдардың өмір жолы сол дәуірдегі көптеген оқиғалармен байланысты болып жататынын көруге болады.

Әжем Ілияс Жаснүгіров, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Сәкен Жүнісов, Тұрсынбек Кәкішев, Жайық Бектұров, Мақсұтбек Сүлейменовтердің туындыларына, кітаптарына арқау болған көптеген оқиғалар мен әңгімелерді тікелей бастан өткерген, ішінде болған адам. 

- Әжеңіздің баурында он бес жасыңызға дейін болған екенсіз. Бұл жаста әрине, көп дүние ұғып қалу мүмкін емес те болар? Дегенмен, әжеңіздің айтуында Паң бабаңыз туралы қандай дүниелер есіңізде қалды?

- Әжем өмірден өткелі де жарты ғасырдан асты ғой. Ол кісі өткен ертегідей өмірі туралы көп айтатын. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романындағы біздің үйімізді суреттейтін жерінің рас екенін айтатын. Ол заманда орысшаға ауа бастаған тұс. Әжемнің айтуындағы сол көріністі кішкентай болсақ та жазушының «Тернистый путь» романынан оқығаным есімде. Бұл туындыда Паң атамыздың өзі отыратын киіз үй мен ұлы әжеміз отырған үйдің ішін, қымызды, ыдыс-аяқты, адамдарының киім-киісін тамсана суреттейді ғой. Ал бізге совет заманында қазақтардың өмірін сүреңсіз, байы да, кедейі де алба-жұлба киімді, малдан өзге білері жоқ адамдар ретінде суреттеген жоқ па? Әжемнің айтуындағы әңгімелер – кітаптағы, кинодағыдан мүлде бөлек болатын.

Паң Нұрмағамбет атамыздың ұзын бойлы, көрікті, киімді талғап киетін, тамақты талғап ішетін кірпияз адам болғанын айтатын. Қолына үнемі аппақ қолғап киюінің өзі де ол кісінің тазалықты жаны сүйгенінің айғағы емес пе? 

Паң атамыздың тағы бір ерекшелігі – бес уақыт намазын қаза қылмайтын діншілдігі туралы әжем көп айтатын еді. Ол кісінің төрт рет қажыға барғанда аман-есен туған жеріне оралуының өзі де үлкен денсаулық пен қажыр-қайраттың, ерекше күтімнің арқасы болса керек. Өздерінің қазіргі Қарабұлақ ауылы маңында үлкен ағаш үйі болғанын, ол жерде мешіт болғанын, ол мешітті совет үкіметі жылдары бұзып әкеткенін, соншама көп байлықтан ешбір белгі қалмағанын айтатын. 

- Әйгілі дала шонжары Паң Нұрмағамбеттің әдеби бейнесін былайғы жұрт асқақ ақын Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы мен Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романы арқылы танып өстік. Әрине, бұлар – қазақ әдебиетінің классикалық туындылары. Дегенмен екі туындыға да терісінен соққан коммунистік қызыл желдің әсер еткені анық. Ол заманда бай адамдар қанаушы, озбыр, сараң, қу, білімсіз адамдар ретінде суреттелетін еді ғой. Сондықтан да, «Құлагер» поэмасында дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров:

Жоқ болмас, бірі ғана құры байдың,

Өзі-нән болса керек, руы – айдын.

Осы астың біз айтпай-ақ өзі айтады

Болғанын әлдеқандай сұмырайдың, -

 деп жазғаны анық. Солай, жорта «сұмырайға» теңеп отырса да Сағынайдың, оның әулетінің жай бір байлардың қатарынан емес екенін аңғартып өтпей ме? Байларды былайша біркелкі стандарттауды кешегі советтің дәуірдің мәжбүрлеуі, шектеулі сұранысы дейміз. Паң Нұрмағамбеттің шынайы тұлғасы жайлы не айтқан болар едіңіз?

- Советтік дәуірдің талабы солай болды. Бұл жағдай Паң атамызды айналып өтпеген. Ол үшін жазушылар мен ақындарды кінәлауға болмайды. Паң атамыздың беделді тұлғасы дәуірлер ауысқанда өзінің лайықты орнын иеленді деп білеміз. «Асыл пышақ қап түбінде жатпайды» дейді қазақ мақалы. Паң атамыздың атақ-даңқы белгілі бір дәуірлердегі ел ішіндегі елеулі оқиғаларға қатысты аталып отыратынын көреміз. Мысал үшін, 1891 жылы Ресейдің ІІІ Александр патшасының тақ мұрагері ІІ Николай ханзаданың ел-жермен танысу сапарына шығады. Ертісті бойлап жүзген кеме Омбы қаласына келеді. Ханзаданың келу құрметіне орай осы қалада ұйымдастырылған көрмеде Паң Нұрмағамбет атамыздың тіккен ақбоз үйі, арнайы сыйға тартқан жүйрік аттары өзгелердікінен ерекше болады. Паң атамыздың ерекше сәнмен, талғаммен жасалған бұл киіз үйі кейіннен Нижний Новгородта өткен бүкілресейлік көрмеге, Париждегі халықаралық көрмеге қойылады. Қазір Ресейдің бұрынғы астанасы Санкт-Петербургтегі Эримтажда сақтаулы тұр. Бұл да болса атамыздың қатардағы мал жиған көп байлардың бірі болмағандығының айғағы ғой. Жалпы байлық дегеннің өзі еңбектенген адамға бітеді емес пе? Паң атамыз өзінің туған жерінде сан жылдар бойы мал басын сұрыптап, жылқының тұқымын асылдап өсірген. Қазіргі тілмен айтқанда селекция жасаған. Ол заманда жылқы – стратегиялық маңыздағы көлік саналған. Паң атамыздың жылқы өсірудегі еңбегін патша өкіметі бағалап күміс, алтын медальдар мен алтын сағат сыйға алған. 

Сағынай бабамыздың асына қатысты айтатын жағдай – Құлагер жүйрік бәйге жолында өлтірілген соң, бұл жағдайға өкініш білдіре отырып Паң атамыз аттың иесі Ақан серіге осы аламанның бас бәйгесін тапсырған екен.

Бір жолы Сәкен сері ағамыздан: «Паң Нұрмағамбет атам шын мәнінде қандай адам болған?» - деп сұрағанымда жазушы: «Паң Нұрмағамбет – бейне алып қыран ғой. Ел жадында суреттелеген айбарлы сырт тұлғасы, ішкі мінез-құлық дағдысы тұғырда отырған қыран бүркіт қой», - деген еді. 

Бану әже ұлы Төлеш, қызы Мунира отбасымен

Паң Нұрмағамбет атамыз сондай-ақ дін жолын нық ұстанған тақуа адам болыпты. Ол Мекке-Мединеге төрт рет қажылық сапарына барған. Өзінің атақонысында да мешіт салып, халықты имандылық жолына үндеген Паң бабамыз қажылық сапарындағы қиындықтарды ескере отырып, теңізден құрлыққа шығып, Мекке-Мединеге беталған жолдағы Дамаск қаласында қажылар түсетін үй сатып алады. Бұл да болса, халықтың қамын ойлағандық қой. Паң атамыздың мәрттігі, жақсылығы туралы айтылып, жазылып, деректі фильмдер түсіріліп жүр ғой. Солардың бәрі ол кісінің тұлғасын танытуға қосылып жатқан үлес деп білеміз.

- Байлығымен, өз дәуіріндегі аңызға толы тағдырымен ерекшеленген әйгілі дәулетті қазақ Паң Нұрмағамбет Сағынайұлының туғанына биыл 175 жыл толады екен. Есімі тарихта қалған Паң Нұрмағамбеттің тұлғасын ел жадында жаңғырту турасында қандай істер атқарылуда?

- Менің сізге келіп жолығып Паң атамыз бен ұрпақтары жайында әңгіме-сұхбат құрып, жариялауға өтініш білдіруім де қолымыздан келген ел жадында жаңғыртудың бір жолы деп білемін. Осы ретте ел ағасы атанған азамат, белгілі меценат тұлға Марат Әскенұлы Нәбиев ағамыздың Паң Нұрмағамбет тұлғасын ұлықтаудағы көп жылдық еңбегін атап өткен дұрыс болмақ. Ол кісілер Сағынай әулетіне жиен болып келеді. Яғни белгілі жазушы Әскен ағаның зайыбы Фарида апай – Паң Нұрмағамбет атамыздың туған бауыры Баймақтың ұлы Рақымжаннан туады. Жазушы Әскен аға – менің әкем Төлештің бала күннен бірге өскен досы болған. Марат ағаның күш-қаражатымен 1995 жылы Паң атамыздың басына күмбезді кесене тұрғызылған. Паң Нұрмағамбет атамыздың ежелгі қонысында бой көтерген Степногорск қаласында Паң Нұрмағамбет бабамыздың атындағы сәулетті мешіт бар. Осы мешіттің салынуына, Паң атамыздың атақ-абыройын асқақтатуға атсалысып жүрген Марат Әскенұлына Сағынай ұрпақтарының алғыс-ризашылығы шексіз деп білемін. 

Бану әже мен Фарида Рақымжанқызы

Қалың елі қазағы, Арқаның төсіндегі Қызылтопырақ-Моншақты елі, бүгінгі Ақкөл ауданының жұрты, Ақсу-Степногорск, Қарабұлағы, баба атын ұлықтар ұрпақтары барда Паң Нұрмағамбет бабамыздың есімі ешқашан ұмытылмайды деп білемін. 

- Сұхбат барысында қазақ поэзиясының дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын әңгімеге тұздық ете отырдық қой. Мұның да бекер емес екені айқын. Жиырма төртінші қара сөзінде Абай хәкімнің: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды», - деп айтатынындай, қазақтың бір мақтаны – асырып берген ас пен той болғаны белгілі. Коммунистер келіп қидай сыпырып алғанға дейінгі Қазақстан мен өзге елдердегі қазақтар арасында небір ұлан-асыр астар өткен. Солардың барлығының үлгісіндей болып Сағынай асының ел есінде қалуы – сөз, ән өнерің, қаламның құдіретінде. 

...Ескі күн елім көрген енді ойласам,

Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ.

...Ескі күн – елдің жылап өткен күні,

Ескі ән-күй – сондықтан қалған боздап.

Ілияс ақын өзі жырлаған дәуір де қазақ үшін бақыты шалқыған кезең болған жоқ. Ата-бабадан байлықты мұраға алып, ел игілігіне жаратуға талпынған кешегі Паң Нұрмағамбеттей, Тінібай қажыдай, Қосшығұлов әулетіндей байлардың қаражаты мен іскерлігін ел игілігіне пайдалануына мүмкіндік болғанда қазақ ұлттық буржуазиясы лайықты қалыптасқан, әлеуетті ел болған болар еді-ау! Дегенмен өткен күн – кешегі тарих. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің ауқаттыларына кешегі Паң Нұрмағамбет заманындағы байлардың ынсабын молынан берсін дейміз. Ең бастысы, ел аман, аспанымыз ашық болсын. Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар