«Еңбекқор, талантты неміс халқы, егер де менің қолымнан қанішер фашистерің қаза тапса, маған рақмет айтыңдар. Ал егер, менің қолымнан байқаусыздан, амалсыздан Гитлердің заңынан қорқып келген адал ұлдарың мерт болса, онда кешіріңдер мені. Мен оған кінәлі де емеспін. Кінәлі – Гитлер, фашизм!» Бұл – Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің жан сөзі. Үміт пен күдік, үрей мен ерлік, қан мен тер қатар төгілген, жан алқымға келген ұлы ұрыс даласындағы от пен оққа оранған сөзі дер едік. «Қылыш үстінде серт жүрмейді» десек те, жанталасқа толы майданда батырдың да, аярдың да оғы адам таңдамасы анық. Жанын ізгілікке суарып өскен дала ұланы, отанының шетін өрт шалғанда, тозақтың отында жүріп, жау жауынгерінің де өзіндей ет пен сүйектен жаралған жан екенін сезінген сәтіндегі арпалысы еді. Арыңа маза бермес жанның бұл бұлқынысы, жүректің бұл тартысы қас батырлардың бәріне тән екені аян. Өйткені, қан жауған, аждаһалар асыр салған, ажал оғы алқымнан алған ұрыс алаңында да өмір бар, тіршіліктің демі бар. Өмірден кейінгі сұрау, соғыстан кейінгі жауапкершілік бар. Бұл әсіресе тірі қалғандар үшін…
Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қаһарман Қайсеновтің бітім-болмысы, адами кейпі мен ғұмыр жолы туралы баяндалған Әбіш Кекілбайұлының мына бір ақ адал сөзі жанға қуат, тәнге қанат бітіреді. «Ол біздің қанды қасаптан оралмай қалған мыңдаған ағаларымыз бен әкелеріміздің ақырғы көзіндей еді. Оған қарап, опат болған сол бір ержүрек ұрпақтың келбеті мен қасиетін көргендей болушы едік. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар мінезіне әрі сүйсінуші едік, әрі именуші едік. Сүйсінетініміз – оның бір басына ғана емес, окоп түбінде ойрандалып қалған мыңдаған замандастарының бәріне де тән сол бір қайтпас қайсарлықтың арқасында аман қалып, адыра шаңырақтарды қайтадан қатарға қосу үшін алға тырмысып, азамат болдық. Қаймығатынымыз – ортамызда тірі жүрген оны ренжітсек, опат болған қаһарман ұрпақтың бәрін ренжітетіндей көруші едік. Бірақ Қасекең тас түйін қайсарлығын сонау Карпат ормандарында қалдырғандай, қайсымызбен де: «Айналайын, амансың ба?» - деп жайма-шуақ амандасатын. Күркірей шыққан жуан дауысы құлағымызға майдай жағушы еді... Ол дүниеден өткенше кешегі күркіреген II дүниежүзілік соғыстың жауынгері болып қала білді. Украинада жау басып алып, тірідей шерменде болып отырған қауымға Жаратушының өзі аяқ астынан жіберген ақ қанат періштедей көрінген құтқарушылық панагөйлігін Қазақстанға қайта оралған соң қара қағаздардан еңсесі түскен қайғылы қауымның қайта тыңайып, қайта еңсе көтеруі жолындағы қалтқысыз еңбекке арнады. Қанжарын қаламға айырбастап, тым майса кезінде үсік шалып, жапырылып қала жаздаған жетім ұрпақтың жауынгер әкелері мен ағаларының ерлік дастандарын жазды. Ерлік туралы айта отырып, елдік жайында сыр шертті. Ұлттық намысты оятты. Ұрпақтық парызды ескертті. Елжандылық тағылымын көрсетті. Сол үшін де Тәуелсіз қазақ мемлекеті қан түкіріп, от кешкен есіл ердің оған дейін бағаланбай келген теңдесі жоқ ерліктерін ең асыл ұлттық құндылығымыз санап, Халық Қаһарманы құрметті атағын берді. Бағзы бабасы Қабанбай батырдай даңқ шыңының даусыз дарабозы болып өмір сүрді. Ол өмір біз түгіл, бізден кейінгі қазақ ұрпақтарына халық жолында қалтқысыз еңбек етудің қастерлі өнегесі болып қала береді».
Қасым Қайсеновтің есімі соғыс жылдарында да, соғыстан кейін де Вася деген атпен тұтас империяға аңыз болып тарап жатты. Алайда, кіші халықтарға мұрынының ұшымен қарайтын астамшыл империя оның ерлігін көре тұра білмегендей сыңай танытты. Кеңес Одағының батыры атағы әлдебір атаққұмар алаяқтардың қанжығасында кетіп жатты. Бұндай аярлықтан Бауыржан Момышұлы да, Рахымжан Қошқарбаев та, Қасым Қайсенов те қалыс емес еді. Олар өздерінің атсыз-атақсыз қалғаны үшін емес, майданда бірге от кешіп, ажал құшқан оғыландардың бодаусыз төгілген қандарының алдында өздерін жазалы сезінді. Солардың рухы алдында өздерін кінәлі сезінді. Әйтпесе әлдекімнің темір терсегі оларға қаңсық емес еді.
Қасым Қайсенов: Маған тиесілі Батыр атағын командирім алды
Белгілі майдангер жазушы Қалмұқан Исабай Қасым Қайсеновтің өз аузынан естіген мына бір әңгімені тілге тиек етеді. 1943 жылдың күзінде Днепр өзені соғысушы екі жақтың ара-жігіне айналады. Оң жағында Кеңес әскері, сол жағында неміс солдаттары. Екі жақ бір-бірін ала алмай текетіреске түседі. Алысады, арбасады. Осы сәтте үшінші тараптан партизандар Кеңес әскеріне көмектесіп, өз жақтастарын неміс жаққа өткізу үшін көмекші күш ретінде кезекті жорыққа шығады. Партизандар қатарындағы Қайсенов «Осы бағытта әлің келгенше қимылда!» деген қатаң тапсырма алады. Қасым Қайсенов бомба, допок, миналар түсіп бұрқ-сарқ етіп қазандай қайнап жатқан Днепр үстінен, балықшының қайығымен арғы бергі жағаға әлденеше рет өтіп, жағдайды бақылап қайтады. Әр өткен сайын бірнеше солдатты өткізіп, жағаның арғы бетіне жасырып отырады. Осы кезде арт жақтан «Днепр өзенінен бірінші болып өткендерге Кеңес Одағының батыры атағы беріледі» деген бұйрық та жетеді. Осы бұйрық бойынша Қасекең өз қайығымен арғы бетке өткізіп тастаған Кеңес офицерлері мен солдаттары «Кеңес Одағының батыры» атанып шыға келеді де, оларды балықшының қайығымен өткізіп жүрген Қасым Қайсенов бәрінен жұрдай болып қала береді. Бұндай әділетсіздік бір ғана Қасым Қайсеновтің басында емес, сол тұста ерен ерлік көрсеткен талай қазақ сарбаздарының басынан өткен еді. Беларусь жерінде партизандық қозғалысқа ат салысқан Әди Шәріпов те бірде «Ерлікті қазақтар жасайтын да, оған тиесілі награданы Беларусь майданы штабындағылар алып жататын», - деп ашына жазады.
Қасым Қайсенов шын мәнінде жер бетінде бұрын-соңды болмаған ең жойкын шайқаста жауға етегінен шалдыртпай, жағасынан алдыртпай өткен баяғының батырларындай болды. Халқымыздың күллі адамзатпен бірге жасаған ең ұлы ерлік дастанынын ең басты қаһармандарының бірі ретінде тарих сахнасынан өз орнын айшықтады. Қан майданда өлімнен қорыкпаған ер күреске толы өмір жолымен ұрпағына үлгі, еліне қорған болды. Сол өмірге деген кұштарлық өнерге де іңкәр қылмай қоймаса керек. Оның үстіне әкеден айырылып шарасыз, ағадан айырылып панасыз калған ұрпақты өнегесін айтып шыңдау, өнерін көрсетіп баулу да Қасым Қайсеновтің алдында тұрған опалы жұмыстарының бірі еді. Міне осындай нардың нары көтеретін көш жолында Қайсеновтен артқыға салмақ болар жүк қалмады десек, бір адамның ғұмыры үшін бұл аза жауапкершілік емес. Ел құтқарарда ерлік қандай керек болса, ес жиғызарда шындық сондай керек екен. Сөйтіп, жеңіске қолынан жеткізгендерге жеңіс жайлы шежірені де өз қолдарынан жазып шығуға тура келді. Сосын да, Қасым Қайсеновті әдебиетке сондай үлкен рухани зәру, әлеуметгік парыз бен сұраныс әкелгендей еді. Оны қаламгердің ары мен ұяты сынға түсер алаңға пайда қуған пақырлық, даңық қуалаған даңғойлық, атаққа ұмтылған аусарлық әкелген жоқ.
Қасым Қайсенов шығармашылыққа өз жолымен, өз бағыт-бағдарымен, өз тақырыбымен келді. Қайсеновтің партизандық күрес жолындағы көрген-білгені, көкейге түйгені бір басына жетіп артыларлық қазына еді. Украина топырағынан алғаш келгенде, соғыстан қайтқан солдат жанын қоярға жер таппай булығып, буырқанып, өз-өзіне сыймай, бейбіт өмірге ендеп араласа алмай алқынып бірәз жүреді. Осындай сәттерде ол соғыс майданының қанқасап қиындықтарын айналасындағы ағайынға ауыз-екі әңгіме үстінде әсерлі етіп айтып беріп жүреді. Газет-журналға материал іздеп келген журналистерге майын тамызып баян етіп береді. Кейін келе осы дүниелерді үзіп-жұлып әр жерде әңгіме қылып берекесін кетіргенше, неге жүйелі, орнықты етіп деректі шығарма етіп жазбасқа деген ой қылаң береді. Ал жазуға келгенде оның миы мен санасына сіңген, жүрегіне маза бермес ойлар мен оқиғалар ұшан теңіз еді. Енді қаламгер Қайсенов осы дүниелерді шетінен кертіп бере бастады. Қасым Қайсеновтің соғыс тақырыбындағы прозасын оқығанда Максим Горькийдің «Өз басыңнан өткен оқиғалардың қоюлығы мен маңызы сені мазалап, соны жазбай тұра алмайтын күйге жеткізгенде ғана жаз», - дейтін аталы сөзін еске алмай өту мүмкін емес. Осыдан соң оқушы қауым сұрапыл соғыс туралы әлдекімнен өтірік-шыны аралас естігенін емес, қан майданның бел ортасында жүрген жауынгер жазушының өз қолынан шыққан туындыдан оқи алатын болды. Қасым Қайсеновтің кітаптары шынайылығымен, жалғандықтан ада деректерінің молдығымен үлкенге де, кішіге де ұнады. Ол соғыс тақырыбындағы туындыларын еш боямасыз өмірдің өзіндей етіп суреттеді. Дәлдікті, нақтылықты, шынайы тарихи оқиғаларды дерек етті. Қасым Қайсенов шығармаларының тілі қазақтың қарапайым сөйлеу тілі. Шұрайлы, нәрлі. Бейне Бейімбет Майлинның шығармалары тәрізді күрделі дүниені қарапайым, жаттық баяндау арқылы оқырмандарын жіпсіз матап ұстап отырды. Қасым Қайсенов жазған («Жас партизандар», «Жау тылында», «Ажал аузында», «Днепрде», «Жау тылындағы бала», «Ағалар туралы аңыз» т.б.) партизан өмірі осылайша әдебиетіміздің бөлек бір жанры болып бой түзеді. Бұл қуатты топқа Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Жұмағали Саин, Әди Шәріпов бастаған үркердей қаһарман ұрпақтың шығармашылығын жатқызуға болатын еді.
Қасым Қайсенов бір әңгімесінде өз шығармашылығы туралы былай деп баян етеді: «Мен осы жасымда қазақшасы бар, орыс, украин тілдеріне аударылғаны, қайта басылғаны бар, отызға жуық кітап шығардым. Сол кітаптарда жазғандарым – басымнан кешкендерімнің 20 немесе 25 пайызы ғана, қалғандары жазылған жоқ. 1941-42 жылдары біз жау тылында жүргенде тұтқын алған жоқпыз. Тұтқынды айдап жіберетін жерің, не қамап қоятын абақтың болмаса не істеуің керек? Мысалы, қолға 50-100 фашист түсті дейік. Оларды босатып жіберсең, ертең қайта қару алып, өзіңді атады. Тұтқын алмаған соң не істейді деп ойлайсың. Оны жою керек. Біздер – жау тылында жүрген партизандар туысқан украин халқын, совет халқын фашистер қатыгездікпен өлтіріп жатса, атып жатса, кішкентай балаларының жүрегіне қанжар сұғып лақтырып жатса, соның бәрін көріп жүрсек, үйлері өртеніп, өздері қан жоса боп сабалған, арып-ашқан адамдар біздерден «құтқарыңдар» деп көмек сұраса, адамда ыза-кек болады ғой. Оған қоса партизандарды «халық кегін алушылар», - дейді. Сонда жауға өшігіп, біз де қатыгездік жасадық. 1941-42 жылдары біздің қатыгездігіміз фашистерден артпаса, кем болған жоқ. Ал оны жазуға болмайды, жазғанмен жарыққа шығармайды. Тіпті жазған күннің өзінде сені жауапқа тартуы мүмкін. Жау тылында заң, сот жоқ. Судья да, прокурор да өзіңсің. Төреші де, тергеуші де – азаматтық арың, ашу-ызаң. Біз керекті оқ-дәрі, киім-кешек түгіл, күнделікті тамағымызды табу үшін фашистермен соғысып, өзімізден шығын – кісі өлімін шығарып, тартып алып, тартып іштік. Мысалы, 50 фашисті қолға түсірдік, елу патрон шығындау керек. Бізге оны беретін Қызыл Армия жау тылында жоқ. Сондықтан оларды қалай өлтірді деп ойлайсың. Адамды өлтірудің 100 түрлі әдісі болады. Адам – табиғатынан жауыз. Оның үстіне небір жағдайларды көрген соң, амалсыздан өзің де жауыздыққа барасың. Сондықтан 1943 жылдың басына дейін бастан кешкен оқиғаларымыз жазылмай қалды. Орыс әдебиетінде де «окоп шындығы» дегенді кейінгі уақытта ғана көрсете бастады емес пе. Ал менің жазғандарым 1943 жылдың ортасынан 1944 жылдың аяғына дейінгі оқиғалар ғана».
Қасым Қайсенов өзін ешуақытта жазушымын деп есептемеген. Мен осыншалықты кітап жазып едім деп кеудесін қақпаған. Соғыс тақырыбында қалай шынайы, қарапайым жазса, өмірде де ардан аттап, шындықтан сүрінген жері жоқ. Біздің сөзге иланбасаңыз батырдың өз уәжін тыңдаңыз: «Мені біреулер роман, повесть жазды деп жүр. Оның бәрі – өтірік сөз. Мен роман да, повесть те, көркем әңгіме де жазған адам емеспін. Мен басымнан не кештім, өз қолыммен не істедім, өз ойымнан не өткіздім – соның бәрін фотоға түсіргендей еске түскендерін жазып жүрген адаммын. Сондықтан менің жазғандарымның бәрін бұрынғы партизан отряды командирінің басынан кешкендері деп түсіну керек». Бұл Қайсеновтің өз сөзі, жан дауысы. Қайсенов шығармашылық жолында басынан кешкендерінің 70-80 пайызын ғана жазып кеткен. Қалған соғыстың құпияларын, қалтарыстағы мәліметтерді, жазықсыз оққан ұшқан жауынгерлердің тағдырын арқау етер жазбаларын өзімен бірге ала кеткені аян. Оны өзі де кітаптарын да ашық айтқан. Ол да өз алдына бөлек көтерер жүктің әңгімесі. Ұлыларға тән жұмбақ болмыс. Қасым Қайсенов міне осындай бітімімен де биік. Биыл қаһарман Қайсеновтің туғанына 105 жыл толып отыр. Ғасырда бір туатын оғылан ұлының атаулы мерекесін туған халқы дабыра қылып өткізе жатар. Біздікі - баба рухы алдындағы ақжарма пейіл ғана.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.