ЖАУЫНГЕР АҚЫН
XIX ғасырда жорық жыршысы атанған жауынгер ақындардың бірі – Қалнияз Шопықұлы (1816-1902). Ол тапқыр да ойлы өлеңдерімен, ауыздан ауызға көшкен ерлік толғауларымен, «Қырық батыр» жырларын айтып таратумен ел арасында кең танылған.
Қалнияздың әкесі Шопық Доспамбетұлы жас кезінде Еділ, Жайық өзендері арасындағы Нарын құмын мекендейді. Кейін Маңғыстауға беттеп, Қаракұм, Үстірт жерлерінде Мұңат, Тілеп деген байлардың жалшысы болады. Міне, Қалнияз осы өңірде – қазіргі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Сам мекені аймағында дүниеге келген.
Ақынның өмір сүрген аймақ ерте кезден тоғыз жолдың торабы, атадан балаға ұласқан батырлық жырлар мен Ақтабан–шұбырынды, Исатай – Махамбет оқиғалары кең тараған өңір еді. Оның үстіне, Хиуа хандарының Маңғыстау, Үстірт қазақтарына басқыншылық шабуылдары мен патша үкіметінің отарлаушылық саясаты Қалнияздың ел қорғауға үндейтін жырлар толғап, көне ерлік дастандарды насихаттауына ерекше әсер етеді. Қалнияз өз дәуіріндегі Хиуа хандары басқыншыларына қарсы күрескен Балуанияз бен Қармыс, Төлеп пен Амантұрлы, Қожалақ пен Қарақұл, Сүгір мен Тұрманбет, Балта мен Дәуіт батырлар бастаған жорықтардың көбіне қатысып, жауынгерлерді өлең, толғауларымен ерлікке үндеген.
Бізге жеткен Қалнияз жырларының саны көп емес. Ақын жырларының мазмұнына, ондағы адам аттарына қарағанда, «Ер Қармыс» та, «Балуанияз» да, Жаскілең ақынмен айтысы да, «Көтібар бөтен кісім бе?» толғауы да Маңғыстау, Атырау, Қарақалпақстан, Түрікменстан жеріндегі қазақтар арасына кең тараған. Аталған шығармалары және «Сүгір батырға айтқаны», «Батырда Балуанияз, Қармысы бар» өлең, толғаулары Маңғыстау, Үстірт аймағында 1868 жылдарға дейін, «Амантұрлы батыр қазасын шешесіне естіртуі», «Қожалақ батырға айтқаны», «Ер Көней», «Билерге айтқаны», «Қара бір сөзге келгенде» Хорезм өңірінде, «Аңсадым аға, жеңге, ағайынды», «Қалнияз едім күнінде», «Ата қоныс Нарында» тәжік жерінде шығарылған.
Өмір жолдары мен жыр, толғауларын саралағанда айқын танылатын ақиқат жәйт: Қалнияз – көне жыраулар сияқты өз дәуірінің ең елеулі оқиғаларын толғап, екіталай кездерде еліне ақылшы болып ел бастаған, елі мен жерін қорғар күн туғанда жорық жыршысы болып қол бастаған ақын.
Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ,
Филология ғылымының кандидаты
БИІК ҚЫЛЫП СӨЙЛЕЙІН
Биік қылып сөйлейін,
Асқардың ала тауындай.
Нөсерлетіп сөйлейін,
Селдете кұйған жауындай.
Тәтті қылып сөйлейін ,
Жаңа піскен кауындай.
Таза қылып сөйлейін,
Бұлақтың мөлдір суындай.
Шыны қылып сөйлейін,
Жіліктің аққан майындай.
Қылтындатып сөйлейін ,
Қысырдың емген тайындай.
Жылтылдатып сөйлейін ,
Сары алтынның буындай.
Сылаңдатып сөйлейін,
Жалғыз үйдің қызындай.
Байұлыға белгілі,
Ұстазым Тіней Өгізбай.
Неше буын жыр төккен,
Он екі баспа қобыздай.
Тосылып сөзден көрмеген,
Адайда айтқыш Абылдай.
Шабатын жүйрік мен едім,
Сөзге қамшы салдырмай.
Қаумалаған қарындас,
Құмарыңды сөзбенен,
Кетейін неге қандырмай?!
КӨТІБАР БӨТЕН КІСІМ БЕ?
Қалнияз жолаушылап келе жатып Әлім Көтібар ауылына кездеседі.
– Адайларда барымта-сырымтамыз бар еді, жақсы келдің, олжалап алайык, – деп ауыл жігіттері Қалниязға қалжындаса керек. Сонда Қалнияз Көтібар алдында өзін былай таныстырып, батыр ауылының сый-кұрметіне бөленеді:
Көтібар бөтен кісім бе?
Апамды алған күйеуім.
Айсары бөтен кісім бе?
Өзімнің алтын сүйегім.
Ер Есет бөтен кісім бе?
Апамнан туған жиенім.
Абайлаңыз, көп Әлім,
Қапияда аузыма
Кетерсің түсіп біреуің.
Танымасаң жөнімді,
Білдірейін сендерге:
Мен сегіз арыс Адайда
Қосса, бәйге бермеген
Қалнияз деген күреңің.
АМАНТҰРЛЫ БАТЫР ҚАЗАСЫН ШЕШЕСІНЕ ЕСТІРТУІ
Дәукескен қамалында Қоскұлақ Амантұрлы батыр қаза болады да, бұл қазаны батырдың шешесіне естіртуге Қалнияз барады. Ол бұрынғы өткен ерлердің ерлік істерін мақтап және олардың көбісінің ерлікпен халық үшін қаза болғанын мысалдап айтып отырады. Бірақ батырдың қарт шешесі сөз мәнісіне түсіне коймай, "Ә, бәрекелдесін!" айтып отыра беріпті. Сонда Қалнияз батырдың шешесі түсінсін дегендей бірден Амантұрлының атын атап, былайша толғаған екен:
...Аруақты Амантұрлы ерім еді-ау,
Ерлігін халқым неше көріп еді-ау.
Қожалақ, Балуанияз, Асар, Балта, –
Осындай жақсыларға серік еді-ау.
Құдайке, Келімберді құралғанда,
Қол бастап ортасында жүріп еді-ау.
Ат қойып Дәукескеннің қамалына,
Іркілмей, екі дүркін кіріп еді-ау.
Қайран ер қайта шауып ғайып болды,
Халқына содан бері көрінбеді-ау, —
деп толғайды.
Шешесі сонда ғана түсініп: "О, Қалнияз-ау, сені жыр айтып, менің көңілімді көтерейін деп келген екен десем, жоқтау айтып, мені жылатайын деп келген екенсің ғой", – деп зарына басыпты.
СҮГІР БАТЫРҒА АЙТҚАНЫ
Бір жорықта екі жақтың жасағы да жақын келіп қалады да, біріне бірі бата алмай, тұрып калады. Қолды бастап шабатын Хиуа ханы әскерлері жағынан да, қазақ жағынан да кісі шыға қоймайды. Сонда Қалнияз құнанорыс Шабай батырдың баласы Сүгір батырдың қасына келіп, батырды қайрап, былай деп қайрат-жігер береді:
...Баласы ер Шабайдың Сүгір деген,
Жүйрігім жауға шауып мүдірмеген.
Әруағың ақ бұлттай күнге өрлеген,
Ежелгі ер емес пе ең дүбірлеген.
Айтулы әкең батыр Шабай еді-ау,
Осындай қиын жерде кідірмеген.
Сонда Қожалақ батыр жауға қарай қолды бастап шапқан екен.
ЕР КӨНЕЙ
Нағашым менің Жеменей,
Жеменейде Ер Көней.
Көней, Көней дегенде,
Не ғып тұрсың үндемей?
Сымбатыңа болайын
Мұнарлы қара төбедей!
Қайратыңа болайын
Айдында жүзген кемедей!
Айбатыңа болайын
Кірістен шыққан жебедей!
Ұрандап жауға шапқанда
Атыңның басын тежемей,
Хан әскері қаймығып,
Тығылмас па еді бұтаға
Қарақұс көрген шөжедей!
АСАР КЕЛЕДІ ТУ ҰСТАП
Хиуа жендеттерімен арадағы бір шайқасқа Асар сұпы, Сүгір батыр, Қалнияз ақын, Шортықозы палуан бірге қатысады. Өзгелер қашқан жендеттерді қуып бара жатса, Шортықозы өлген адамды қылыштап қайта оралыпты. Сонда Қалнияз айтыпты:
Асар келеді ту ұстап,
Сүгір келеді құрыстап.
Менің сөзім барады
Айтқан сайын жылыстап.
Шортықозы келеді
Өлген адамды қылыштап.
ҚОШТАСУ
Асқар да биік тауларым,
............................................
Кетемін деген ойда жок,
Кетірді дұшпан-жауларым.
Еңіреп жүрген ер едім,
Еңіреумен кетіп барамын.
Бұлғыр да бұлғыр, бұлғыр тау,
Бұлдырап тұрған кұрғыр тау,
Арығым семіз болған тау!
Кетемін деген ойым жок,
Кетуге себеп болған жау.
Сарқырап аққан бұлағым,
Жағалай шыққан кұрағым,
Ауып та кетіп барамын,
Қайдан да болар тұрағым?
Жау күлкісін естімей,
Тас болсайшы кұлағым...
КӨКТАС, КҮЛӘП ЖЕРІНДЕ
Қалнияз тәжіктің Көктас, Күләп деген жерінде жүргенде айтыпты:
Сиыр деген малы бар,
Тұмсығына қарасам,
Тас қайрақтай жалтырар.
Құйрығына қарасам,
Шуда жіптей салбырар.
Қарағай екен қазығы,
Бір түп кияқ азығы.
Үш идіріп, төрт сауған
Қатынға болсын жазығы.
Адыр, жазық, тоғайлық,
Қыры менен ойы бар.
Көкпар алып қашатын
Қиқу салған тойы бар.
Қорғантөбе, Күләпта
Палуан, әнші, сал-сері
Қазағымның сойы бар.
МАҢҒЫСТАУДЫ АҢСАУЫ
Жүреміз бөтен елде қалай етіп,
Еріксіз бозбаланы малай етіп?!
Жігіттің егессе де елі жақсы.
Тасталық бұл қонысты талақ етіп.
Маңғыстау – атамекен, Үстірт – жайлау,
Барамыз он бес күнде, көшсек, жетіп...
КӨРМЕСЕМ, ҚОШ БОЛЫҢДАР
...Сарыарқа сағымданған белестері,
Көңілге оралады елестері,
Көкорай, көк кұрақты көлдері мен
Бауыры бұйра толқын дөңестері.
Баянды құтгы қоныс мекен болды
Шалдарым Сауран асып келген жері...
Сарыарқа кезген талай далаларын
Жем бойлап, Сағыз жайлап, Нарын қыстап
Атырау көрген көшіп жағаларын.
Ақыры қоныс басып мекендепті
Маңғыстау теңіз қолтық салаларын...
...Көргенмін Еділ – Жайық араларын,
Орынбор, Орал, Теке қалаларын.
Күңіренген әулиесі дін Хорезм,
Жол түсіп, Хиуа, Көне араладым.
Кетем деп Ауған асып, Тесік келдім,
Несібе тартса, бар ма шараларым?!
Сағынып ата қоныс туған жерді,
Қалнияз сәлем айтқан ағаларың.
Үлкендік,бір жағынан науқас және,
Көрмесем, қош болыңдар, балаларым!
АҢСАЙМЫН АҒА-ЖЕҢГЕ, АҒАЙЫНДЫ
Аңсаймын аға-жеңге, ағайынды,
Қаумалап құрал қылған маңайымды.
Жетіру, Әлім, Шөмен, Кіші жүзде
Байұлы, сегіз арыс Адайымды.
Шыға алмай үйден ұзап мен жатырмын,
Кетіріп науқас әлек жағдайымды...
Тайсойған және ойлаймын Нарынымды,
Оймауыт, Қызылқұдық, Жұрынымды,
Кешегі сауық етіп жүрген жерлер –
Жем, Сағыз, Елек, Қобда, Ойылымды.
Сарыарқа сағымданып көрінгендей,
Созамын кейде солай мойынымды.
Ішінде аға-жеңге араласып,
Кіші жүз, көрдім талай жиыныңды...
Мен көріп торқалы той томағасын.
Бергенмін сөзден шашу сыбағасын.
Аянып мерекеден қалғаным жоқ,
Халқыма сөзім қадыр ұнағасын...
Аралас Әлім, Табын ауылдасым,
Байұлы он екі ата бауырласым.
Алшында аты мәлім Есет, Тұрлан
Және де Байсал, Дәуіт замандасым.
Үйірін, адам түгіл, мал да іздейді,
Көңілім қалай сізді сағынбасын?!
Көзіме, қиял етсем, елестейді
Кешегі шеру тартқан көп жолдасым.
Не пайда бар болғанмен, жерім шалғай,
Қалекең біліп жатыр көре алмасын...
...Белгілі белес-белес белесінде,
Белгілі жерлер жатыр әлі есімде.
Әулие атам Бекет үйін салған
Оғланды ұшпа кұлау еңесінде.
Ерлерден Атағозы қалды дейді
Төменгі Бейнеу мешіт төбесінде.
Бітіріп һақ бұйрығын Асар сұпы,
Дін ісләм қалған Бәйтіл Мекесінде.
Баяндап ағаларым тұра алмаған,
Бізден де, дүние, бір күн өтесің бе?!..
ҚАЛНИЯЗ ЕДІМ КҮНІНДЕ
Қалнияз едім күнінде
Байұлы – Адай елінде.
Араладым Алшынды
Алланың берген демінде.
Сексеннен жасым асқансын,
Шал атанып бүгінде,
Жастағы сымбат бұзылып,
Еңкіш тартты белім де.
Бағы қайтқан бұлбұлдай
Сайрамай жүр-ау тілім де.
Ебі кетіп еріннің,
Үйлеспей қойды сөзім де.
Аға-жеңге алдымда,
Азайып жүр ғой теңім де.
Сәлемін сирек береді
Іні менен келін де.
Жастағы дәуір өткенін
Байқап жүрмін өзім де.
Қызыл жүзден нұр тайып,
Күңгірт тартты көзім де.
Базарым бастан сейіліп,
Жетімдік кірді көңілге.
Көрінбей қойды көзіме
Табында құрбым Адайбек,
Қосқұлақта Көтібар
Белгілі батыр ерім де.
Кім қалғанын білмеймін
Бұрынғы жолдас ерлерден
Маңғыстау, Үстірт жерінде,
Елек, Қобда, Жем, Сағыз,
Атырау, Жайық өрінде.
Кадырлы аға-жеңгелер
Отырған талай төрінде.
Сағынған кезде осындай
Таппай жүрміз бірін де.
Келер еді бар болса
Сақау батыр замандас,
Бектілеу бастас інім де.
Қайран дүние, қайтейін,
Балуанияз, Тұрманбет,
Қияр ма кісі өлімге?!
Амантұрлы, Қожалақ,
Бердалы, Есен, Сүгір де!..
Бұрынғы еткен ерлерім
Атағозы, Ер Лабақ,
Қармыс пен Өмір, Темір де.
Жылқайдар мен Ер Төлеп
Қосылған талай дүбірге.
Құлыбек, Сары, Ер Төкеш,
Қалымдай айтқыш серім де.
Іздегенмен бұларды,
Таппаймыз қазір бірін де.
Асар сұпы, Самалық,
Атам Бекет әулие,
Баяны жоқ пәнисің,
Солардан қалған дүние!..
ЕЛІН САҒЫНЫП АЙТҚАНЫ
...Ата қоныс Нарында,
Нарында қоныс барында,
Жұрт сүйсініп даңқыма,
Отырдым сыйлы орында.
О күнде бүтін елдерім,
Бастары түгел ерлерім.
Халқым құрмет қылған соң,
Сөзіме ынтық болған соң,
Келтірдім сөздің өрнегін.
Байұлы, Алшын аралап,
Көсіле шауып дүрледім.
Дәрежесі артық ханға да
Сөзбенен сойыл сермедім.
Арасында халқымның
Күнде қызық көргенім.
Жақсыларға серік боп,
Сайран етіп жүргенмін.
Тағдырдың ісі, қайтейін,
Туған елден бөлініп,
Бөліне көшіп бүлініп,
Өзге жерге келгенім.
Енді маған ел де жоқ,
Атырау, Орал көл де жоқ.
Атамекен кең қоныс
Сағымданған бел де жоқ.
Қадірлесім, қатарым,
Аға-жеңге, сен де жоқ.
Іздеп барып көрерге,
Көріп сәлем берерге
Жүретін қуат менде жоқ.
Асылық сөзім болмағай,
Кемістік жағдай кімде жок?!
Халқымнан кімдер өткен жоқ,
Кімдерге зауал жеткен жоқ?!
Ағаларым кешегі,
Іздесем, бүгін тіптен жок.
Есен, Сүгір, Ер Жанақ,
Құлыбек, Сары, Қонайым,
Кенжебек, Төлеп, Ер Қармыс,
Атағозы, Шабайым,
Көк сауытты Ер Досан,
Белгілі батыр Мыңбайым –
Бұлардың бүгін бірі жоқ,
Қара жер жұтқан талайын.
Іні, келін, қарындас,
Қаумалаған ағайын,
Көре алмасам, қош болың,
Қалың Алшын, Кіші жүз,
Сегіз арыс Адайым.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.