Қанипаш Мәдібайдың әдебиеттанушылық ұстанымы және абайтанудағы текстологиялық ізденістері
Әдебиеттанушының зерттеушілік ауқымының кеңдігі айқындалып, Абай мұрасына арналған еңбектері негізінде ғалымның Абай шығармашылығын жеке ақынның мұрасы ретінде ғана емес, тұтас әдеби-тарихи үдерістің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастыру ерекшелігі көрсетілген.
(Абай мұрасын зерттеу еңбектері негізінде)
Мақалада филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Қайсақызы Мәдібайдың қазақ әдебиеттану ғылымындағы зерттеу бағыттары мен ғылыми еңбектерінің өзіндік ерекшеліктері туралы сөз болады. Ғалымның әдебиеттану саласына қосқан үлесі және әдеби мұраны жаңаша пайымдауға бағытталған ғылыми ізденістері сараланады. Зерттеудің негізгі бөлігінде Қ.Мәдібайдың әдебиеттану ғылымына қосқан үлесін Абайтану бағытындағы еңбектері негізінде талданады. Зерттеу нәтижесінде Қ.Мәдібайдың әдебиеттанудың тарихы, теориясы, сыны және текстология салаларына қосқан ғылыми үлесі сараланып, оның қазақ әдебиеттану ғылымының аталған бағыттарында өзіндік ғылыми ұстанымы қалыптасқан әдебиеттанушы ғалым екендігі айқындалады.
Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен даму тарихында ұлттық әдеби мұраны жүйелі түрде зерттеп, оның көркемдік және тарихи табиғатын ғылыми тұрғыдан зерделеген ғалымдардың рухани құндылық көкжиегіндегі орны айрықша. Солардың қатарында Қанипаш Қайсақызы Мәдібайдың жарты ғасырдан астам әдебиеттанудың әр саласына қосқан ғылыми-зерттеу қызметі ерекше назар аударуға лайық. Ғалымның еңбектері қазақ әдебиетінің әр кезеңін қамтып қана қоймай, әдеби мұраны бүгінгі ғылыми таным тұрғысынан қайта қарастыруға бағыттылып отырады. Яғни, еңбектерінің әдіснамалық ерекшелігін тарихилық, сабақтастық, тұтастық және қайта пайымдау ұстанымдарының бірлігінде айқындалады.
Қ.Мәдібайдың қазақ әдебиет тарихы саласындағы елеулі еңбектері «Зар заман ағымы», «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «Өрісті өнер», «Әдеби үдеріс», «Махамбеттану», «Абайтану», «Сәкентану», «Қазіргі Әуезовтану өрісінде», «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихы», «Көркемдік кеңістігі», «Қазақ әдебиетінің жауһар ғасыры» т.б.
Ғалым ХІХ ғасыр әдебиетінің тарихы және жекелеген тұлғалардың шығармашылық мұрасын 1990 жылдан бастап жүйелі түрде зерттеп, ғылыми ізденістерінің нәтижесінде бұл кезеңнің әдеби үдерісін толықтырып, бүгінгі таңда тұтас әдеби дәуір ретінде қарастыруға мүмкіндік жасады. Соның нәтижесінде 306 бет көлеміндегі «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» оқулығы еліміздің ЖОО-да ХІХ ғасыр әдебиетін біртұтас кезеңді оқытуға арналған негізгі оқу құралдарының бірі ретінде қолданысқа енді. Қанипаш Қайсақызының ғылыми зерттеу нәтижелерін оқу үдерісімен ұштастыра білуі – оның ұстаздық шеберлігінің басты ерекшеліктерінің бірі. Ғалымның студенттер мен магистранттарға арналған «Махамбеттану», «Сәкентану», «Абайтану», «Қазіргі Әуезовтану өрісінде», «Қазіргі қазақ әдебиеті» атты оқу құралдарының жарық көруі осы сабақтастықтың айқын көрінісі. Аталған еңбектердің ғылыми-әдістемелік құндылығы – әдебиеттану саласындағы мол дерек пен ғылыми пайымдарды жүйелеп қана қоймай, әдеби процестің күрделі заңдылықтарын білім алушылардың қабылдауына ыңғайлы, жүйелі құрылымда ұсынуында. Осы тұрғыдан алғанда, Қ. Мәдібайдың шығармашылық мұрасын тек ғылыми зерттеу нәтижелерінің жиынтығы ретінде емес, қазақ әдебиетін оқыту үдерісінің мазмұны мен әдістемелік ұстанымдарын байытқан ғылыми-педагогикалық мұра ретінде бағалауға негіз бар.

Қ.Мәдібай әдебиеттанулық зерттеулерінің ғылыми салмағын оның әдеби құбылыстарға нақты теориялық өлшемдер ұсынуынан да байқауға болады. Мысалы, ғалым ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көркемдік дамуын әдеби үлгілердің «жанрлық, стильдік, даралық, теориялық негізделі тарихы» тұрғысынан қарастырады. Бұл ұстаным оның әдебиет тарихын жекелеген ақындар шығармашылығының жиынтығы ретінде емес, жанрлық және көркемдік заңдылықтары бар тұтас әдеби үдеріс ретінде пайымдайтынын көрсетеді. Зерттеуші өлеңтануға қатысты мақалаларында теориялық анықтау өлшемдері одан да нақтылана түседі. «Абай өлеңінің құрылысы» атты зерттеуінде ғалым өлеңнің жанрлық сипатын оның құрылымдық ерекшеліктерімен байланыстыра отырып, «Абай өлеңіндегі бас бунағындағы буын саны, сонымен бірге шумақтың тармақ саны, ұйқас түрлері жағынан ажырата бөліп, арғы тегін, жанрлық қалпын, ауызша мен жазба дәстүрде туғандығын айқындап түсудің нақтылы практикалық та, теориялық та мәні бар» деген тұжырым жасайды. Осы пайымнан ғалымның өлең жанрын анықтауда буын, бунақ, тармақ, шумақ және ұйқас сияқты поэтикалық категорияларды негізгі теориялық белгілер ретінде қарастырғаны аңғарылады. Жанрлық жіктеуде формалық белгілердің маңызын нақты мысал арқылы да көрсетеді. Ғалым: «Мұндай 4 тармақтан асқан шумақты өлеңдер дәстүрлі қара өлеңге жатқызылмауы керек» деп тұжырымдайды. Бұл анықтама Қ.Мәдібайдың жанр табиғатын шартты түрде емес, нақты поэтикалық құрылымға сүйене отырып саралағанын танытады. Яғни шығарманы белгілі бір жанрға ғана емес, өлең құрылысы мен тарихи-әдеби дәстүрі де ескерілуі қажет. Ғалымның тағы бір теориялық маңызды тұжырымы әдеби жаңашылдықты дәстүрмен сабақтастыра қарастыруы. Абай поэзиясыныңдағы өлең түрлерін ауызша поэзия, ортағасырлық түркі поэзиясы, халық ауыз әдебиеті және орыс поэзиясын аудару үдерісімен байланыстыра жүйелеудің қажеттігін атап көрсетеді. Демек, Қ.Мәдібай үшін көркемдік жаңалық бұрынғы әдеби тәжірибеден оқшау тұрған құбылыс емес, әртүрлі әдеби дәстүрлердің шығармашыллық тұрғыда игерілуі мен түрленуі нәтижесінде қалыптасқан жаңа сапа екендігін дәйектеп отыр. Зерттеуші-ғалымның әдебиеттану теориясына қосқан үлесі – қазақ әдебиетінің жанрлық, поэтикалық және көркемдік заңдылықтарын нақты мәтіндік негізде жүйелеп, әдеби дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын ғылыми түрғыдан тереңдетуімен құнды деген пікірдеміз.

Ғалым еңбектерінің тағы бір ерекшелігі – ғылыми зерттеу мен әдеби сынның, академиялық талдау мен эсселік пайымдаудың тоғысуы. 2022 жылы «Қаратерең симфониясы» атты портрет-эссесі еңбегі жарық көрді. Автор еңбегінде Бауыржан Омарұлының шығармашылық шеберлігі мен қаламгерлік қолтаңбасын талдайды. Атаулы еңбек Ұлттық академиялық кітапхана каталогында әдеби сын, шығармашылық шеберлік және әдебиеттанушылық зерттеулер аясында сипатталған. Сонымен қатар, 2023 жылы басылып шыққан «Шығарма сыны» атты портрет-эссе жинағы да ғалымның әдеби сын жанрына ден қойғанын көруге болады. Бұл еңбектердің ерекшелігі – әдеби тұлғаны тек шығармалар тізбегі арқылы емес, оның дүниетанымы, шығармашылық мінезі, көркемдік ізденісі және әдеби ортадағы орны арқылы таныту. Әдебиеттанудың әдеби сын саласындағы портреттік-эссе жанры ғылыми дәлдікті авторлық пайыммен ұштастыруға мүмкіндік береді. Қ. Мәдібай осы тәсіл арқылы әдебиеттанудың академиялық тілін оқырманға әсерлі, қызықты әрі ойға жетелейтін тілмен, яғни публицистикалық сергектікпен сабақтастырады.
Қ.Мәдібайдың зерттеулерінде ұлттық рух, тарихи жады және әдеби сабақтастық мәселелері маңызды орын алады. Әдебиеттанушының зерттеу еңбектері әдебиеттегі ұлттық рухани тәжірибені сақтайтын және жаңғыртатын мәдени құбылыс ретінде бағалайтынын көрсетеді. Зерттеу еңбектеріндегі әдеби кезеңдер мен тұлғалар әртүрлі болғанымен, олардың арасындағы дәстүр жалғастығы мен ұлттық дүниетаным сабақтастығы зерттеуші назарынан тыс қалмайды. Осы ерекшелік Абай мұрасын зерттеу барысында көрініс тапқан. Ақын шығармашылығын ұлттық әдеби тілдің дамуымен байланыстыра, Абай поэзиясы қазақтың жазба әдеби тілінің қалыптасуындағы аса маңызды кезең ретінде қарастырылып, ақынның сөз қолдану шеберлігі, поэтикалық ойлау жүйесі және дәстүрді жаңғырту сипаты назарға алынады.
Қ. Мәдібайдың ғылыми шығармашылығындағы маңызды бағыттардың бірі – абайтану. Ғалымның «Абай және Абай дәуіріндегі қазақ өлеңі» және «Абайтану» еңбектері осы бағыттағы жүйелі ізденістерінің нәтижесі болып табылады. Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеуге арналған зерттеулерінің ішінде 2021 жылы жарық көрген «Абай аманаты» атты еңбегінің орны ерекше. Аталған зерттеу еңбекте Абай шығармашылығына қатысты әдеби-теориялық, текстологиялық және деректанулық мәселелер өзара сабақтастықта қарастырылады.
«Абай аманаты» кітабы «Абайдың бір өлеңі, бір сөзі», «Абайтану тарихынан» және «Абайдың ақындық мектебі» атты үш бөлімнен тұрады. Зерттеу еңбекте Абайдың әдеби мұрасына қатысты алдыңғы зерттеулер сараланып, ақын шығармаларының өлең құрылысына қатысты автордың өзіндік ғылыми пайымдары ұсынылады. Сонымен қатар архивтік деректерге сүйене отырып, Абай шығармаларының мәтіндік нұсқаларына, олардың сақталуы мен таралу тарихына қатысты мәселелер қайта қарастырлды. Осы тұрғыдан алғанда, еңбектің ғылыми салмағын артыратын негізгі бағыттардың бірі – текстологиялық ізденістер.
Мақала көлемінің шектеулі болуына байланысты «Абай аманаты» еңбегінде қамтылған мәселелердің барлығын бір мақала аясында жан-жақты қарастыру мүмкін емес. Сондықтан зерттеуімізде кітаптың бірінші бөлімі – «Абайдың бір өлеңі, бір сөзіне» арнайы назар аударылды. Бөлім «Өзекті текстология, Мүрсейіт Бікіұлының қолжазба көшірмелері, Абайдың аударма шығармаларының текстологиясы, Айналымға қосылған жаңа қолжазба» тараушыларға құрыдған. Автордың «Өзекті текстология» өзі жазып кеткендей: біріншіден ғалымның бұл еңбегі, қазіргі таңда Абайтану саласындағы өзекті тақырыптың біріне қосқан зор еңбегі және екіншіден кітаптың бұл бөлімі Қ.Мәдібайдың әдебиеттанудың бір саласы текстологияға қосқан үлесі болып табылады.
Абай мұрасын тек әдеби-эстетикалық тұрғыдан ғана емес, оның түпнұсқалық сипатын, мәтіндік тарихын және қолжазбалық нұсқаларын салыстыра отырып қарастырғанын аңғартады. Бірінші бөлімнің «Өзекті текстология» деп аталуының өзі зерттеудің басты ғылыми нысанын айқындайды. Абай мұрасы бойынша текстологиялық мектеп жүйесін құрған тұлғалар еңбектеріне сүйене, текстология мәселесі Абай шығармаларының ғылыми айналымдағы мәтіндерінің қалыптасу тарихымен, олардың әртүрлі нұсқаларымен және мәтіннің түпнұсқалығын анықтау қажеттілігімен сабақтастырыла қарастырылады. Осы арқылы Қ. Мәдібай қазіргі абайтану ғылымындағы өзекті мәселелердің бірін – ақын мұрасының мәтіндік негізін нақтылау мәселесін алға шығарады. «Шығарманың жазылу себебі, қысқаша мәні, басылым дерегі, текстологиялық ауытқулар ескертпесі бағытында Абай мұрасының текстологиясында қыруар жұмыс жасалды. Әлі де шұқшия қарап, кеңесе отырып келісіп, бір тоқтамаға келетін мәселелер жеткілікті. Екі өлеңнің бір шығарма, немесе бір туындының екі өлең болып басылым көру фактісінде; өлең аударма ма, түпнұсқа ма дейтін мәселеде; жеке сөздің жазулуы жөніндегі қай сөз болсын қалып бұзбай, қисынға келіп тұрғандай көрінуі мәселесінде; өлеңнің шығу тарихына, қала берді ішкі, түпкі мәніне қатысты айғақталмай, арнайы зерттелмей қағаберіс жүрген өзекті мәтіннамалық мәселелер бар» - деген тұжырымынан ғалымның Абай мұрасының текстологиясын зерттеуді тереңдете түсудің қажеттілігіне алаңдайтыны аңғарылады. Автор мәтінге қатысты ғылыми пікірлердің әлі де бірізді жүйеге түспегенін атап көрсетеді. Сонымен қатар Абай мұрасын зерттеу белгілі бір кезеңмен шектелмей, әр дәуірдің талаптарына сәйкес үздіксіз дамып, жаңа ғылыми ізденістермен толықтырылып отыруы қажет деген ойды алға тартады.
Ғалымның бұл бағыттағы зерттеуін екі тұрғыдан бағалауға болады. Біріншіден, «Абай аманаты» еңбегіндегі текстологиялық ізденістер қазіргі абайтанудағы өзекті ғылыми мәселелердің бірін жүйелі түрде қарастыруымен құнды. Абай шығармаларының кейінгі басылымдарға ену жолын, қолжазба нұсқаларын, мәтіндегі өзгерістер мен айырмашылықтарды зерделеу ақын мұрасын дұрыс түсіндіру мен ғылыми тұрғыдан орнықты мәтінін белгілеудің маңызды шарты болып табылады. Екіншіден, бұл еңбек Қ. Мәдібайдың қазақ әдебиеттануының арнайы саласы – текстологияның дамуына қосқан үлесін танытады.
Зерттеудің «Мүрсейіт Бікіұлының қолжазба көшірмелері» атты тарауында Абай шығармаларының бізге жетуіндегі қолжазба дәстүрінің маңызы айқындалады. Мүрсейіт Бікіұлының көшірмелері Абай мұрасының кейінгі ұрпаққа жету тарихында маңызды дерек көзі ретінде қарастырылады. Сондықтан қолжазба мәтіндерін ғылыми тұрғыдан салыстыру, олардың арасындағы айырмашылықтарды анықтау және мәтіннің қалыптасу тарихын саралау – абайтанудағы текстологиялық зерттеудің негізгі міндеттерінің бірі.
Ал «Абайдың аударма шығармаларының текстологиясы» тарауы ақынның аударма мұрасына қатысты мәтіндік мәселелерді қарастыруымен ерекшеленеді. Абайдың аудармаларын зерттеу барысында түпнұсқа мен аударма мәтінінің арақатынасын, ақынның аудармадағы көркемдік шешімдерін және әр кезеңдегі басылымдарда сақталған мәтін нұсқаларын салыстырудың маңызы артады. Бұл бағыт Абайдың аудармашылық шеберлігін ғана емес, оның шығармаларының мәтіндік табиғатын да тереңірек тануға мүмкіндік береді.
«Айналымға қосылған жаңа қолжазба» тарауының ғылыми маңызы да ерекше. Жаңа қолжазба деректерінің ғылыми айналымға енуі Абай мұрасын зерттеудің деректік базасын кеңейтіп қана қоймай, бұрын қалыптасқан кейбір тұжырымдарды қайта қарауға мүмкіндік береді. Текстология үшін мұндай деректердің құндылығы – мәтіннің әртүрлі нұсқаларын салыстырып, олардың арасындағы сәйкестік пен айырмашылықтарды анықтау арқылы шығарманың неғұрлым негізді мәтінін белгілеуге жағдай жасауында.
Осы мәселелердің барлығы Қ. Мәдібайдың «Абай аманаты» еңбегіндегі текстологиялық ізденістердің кешенді сипатқа ие екенін көрсетеді. Ғалым Абай шығармаларының мәтінін дайын күйінде қабылдамай, оның қалыптасу, көшірілу, жариялану және ғылыми айналымға түсу тарихына назар аударады. Мұндай ұстаным Абай мұрасын зерттеудегі дерек пен мәтіннің арақатынасын нақтылауға, шығармалардың ғылыми мәтінін қалыптастырудың маңызын көрсетуге мүмкіндік береді.

Демек, «Абайдың бір өлеңі, бір сөзі» бөлімі Қ. Мәдібайдың абайтанудағы ғылыми ізденістерінің маңызды бір арнасын танытады. Автордың текстологиялық мәселелерге арнайы тоқталуы Абай мұрасын танудың жаңа қырларын ашып қана қоймай, қазақ әдебиеттануындағы текстология ғылымының теориялық және практикалық мүмкіндіктерін де айқындай түседі. Осы тұрғыдан алғанда, «Абай аманаты» – Абай шығармаларының мәтіндік табиғатын, қолжазба мұрасын және ғылыми зерттелу тарихын сабақтастыра қарастырған құнды зерттеу еңбектерінің бірі.
Қорыта келгенде, Қанипаш Мәдібайдың әдебиеттану ғылымындағы орны оның қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясын зерттеумен ғана емес, Абай мұрасын жан-жақты зерделеуімен де айқындалады. Ғалымның абайтану бағытындағы ізденістері ақын шығармашылығын жеке тұлғаның әдеби мұрасы ретінде қарастырумен шектелмей, оны қазақ әдебиетінің тарихи дамуы, дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығы аясында тануға мүмкіндік береді. Әсіресе «Абай және Абай дәуіріндегі қазақ өлеңі» және «Абайтану» және «Абай аманаты» еңбектерінде ақын поэзиясының құрылымы, көркемдік ерекшелігі мен әдеби-тарихи сипатына қатысты маңызды мәселелер қозғалады. Зерттеушінің «Абай аманаты» еңбегінің ерекшелігі әдеби-теориялық мәселелердің текстологиялық және деректанулық ізденістерімен сабақтастығында. Ғалымның зерттеулері ұлттық әдеби мұраны сақтау, зерделеу және кейінгі ұрпаққа ғылыми негізде жеткізу ісіне елеулі үлес қосады.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Мәдібаева Қ. Абай және Абай дәуіріндегі қазақ өлеңі. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 100 б.
- Мәдібаева Қ. Абайтану: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2013. – 204 б.
- Мәдібаева Қ. XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті: оқулық. – Алматы: Lantar Books, 2023. – 306 б.
Мәдібаева Қ. Абай аманаты:ғылыми-танымдық жинақ, - Нұр-Сұлтан:БиКА, 2021 – 341 б.
- Мәдібаева Қ. Қазіргі қазақ әдебиеті: оқу құралы. – Алматы: Lantar Books, 2023. – 353 б.
- Мәдібаева Қ. Қаратерең симфониясы: портрет-эссе. – Алматы: Arna-B, 2022. – 147 б.
- Мәдібаева Қ. Шығарма сыны: портрет-эссе. – Алматы: Қоңыр баспасы, 2023. – 187 б.
- Ыбырайым Б., Дәдебаев Ж., Мәдібаева Қ. Ұлттық рух және шығармашылық даралық (авторлық ауызша поэзия мәселелері). – Алматы: Ұлағат, 2018. – 350 б.
- Мәдібаева Қ. Қазіргі Әуезовтану өрісінде // Абай академиясы. – 2025.
- Мәдібаева Қ. Абай дәуіріндегі қазақ өлеңінің түрлері // Ақиқат. – 2008. – №11.
Сейсенбиева Э., Мәдібаева Қ., Юсуп А. Muslim Enlightenment in Y. Altynsarin’s Works «Shariat-ul Islam» // Bulletin of L.N. Gumilyov Eurasian National University. Philology Series. – 2019.
Асқарова Алтынай Шәуәлиқызы,
филология ғылымдарының кандидаты.
