Қараман ата: ант пен ақиқаттың киесі

Маңғыстаудың әр тасы – тарих, әр қыраты – шежіре. Ал сол шежіренің ең жұмбақ беттерінің бірі – Қараман ата. 

Қараман ата: ант пен ақиқаттың киесі - adebiportal.kz
фото авторы: Елдос Тоқтарбай

(Фотохроника)

Қараман ата жерасты мешітіне келген адам ең алдымен оның қарапайым қалпына таңданады. Сырттай қарасаң – иен дала, аласа төбе. Бірақ сол төбенің қойнауына кіргенде мүлде басқа әлем ашылады. Ғасырлар бұрын адамдар тас пен бор қабатын үңгіп, жер астынан ғибадат орнын жасаған. Халық Қараман атаны тақуа адам ғана емес, анттың киесін ұстаған әулие деп таныған. Аңыз бойынша, ерте заманда ел арасында шешімі табылмаған үлкен дау туса, екі жақты Қараман атаның басына алып келген. Өйткені бидің алдында жалған сөйлеуге болатын шығар, ханнан айлаңды асыруың мүмкін, бірақ әулиенің алдында өтірік ант ішуге болмайды деген сенім болған.

Қараман атаның атымен жалған ант берген адамның түбі оңбайды, киесі ұрады деп сенген. Сондықтан кейде ұзақ жылдарға созылған даудың өзі:     

– Қараман атаның басына барып ант бересің бе? – деген жалғыз сұрақтан кейін шешілген деседі. Кінәсіз адам тайсалмаған. Ал өтірік айтқан адамның жүрегі дауаламаған. Осылайша Қараман ата халық санасында тек әулие емес, ақиқаттың күзетшісіне айналған.  Қараман атаға байланысты тағы бір көне әңгіме Ақман және Қараман есімдерімен сабақтасады. Аңыздың әртүрлі нұсқасы бар. Соның бірінде Ақман мен Қараман рухани жол іздеген қасиетті адамдар ретінде суреттеледі. Кейін Қараман Маңғыстауға келіп, осы өлкеде тұрақтаған делінеді.

Ал ең жұмбақ аңыздардың бірі Қараман ата мен Шопан атаны байланыстырады. Ел ішінде: «Қараман ата мен Шопан атаның арасында жерасты жолы болған» деген әңгіме сақталған. Әрине, мұны дәлелдейтін нақты археологиялық дерек жоқ. Бірақ аңыздың өзі маңызды. Өйткені халық екі әулиені рухани тұрғыдан бір-бірімен байланыстырып, олардың мекендерін тұтас киелі кеңістік ретінде қабылдаған. Қараман ата мешітінің ерекшелігі де осында. Бұл – тек сәулет ескерткіші емес, осы жерде ғасырлар бойы адамның сенімі, қорқынышы, үміті мен ар-ожданы тоғысқан. Далада мемлекет заңы әлсіз болған кезеңдердің өзінде халықтың өз заңы болды. Оның бірі – сөзге тоқтау. Екіншісі – анттан аттамау. Үшіншісі – киеден қорқу. Қараман ата сол дүниетанымдағы ең үлкен моральдық шекаралардың біріне айналды.

 

 

 

Сондықтан Қараман атаға келгенде жерасты мешітінің қабырғаларына ғана қарамаңыз. Осы жерде жүздеген жыл бұрын: «Шындық кімнің жағында?» деген сұрақ қойылғанын елестетіңіз. Бәлкім, Қараман атаның ең үлкен құпиясы да осында шығар. Адамды жазалайтын әулие емес, адамның өз ары болған. Қараман ата жерасты мешіті – Маңғыстаудағы ең көне әрі аңызы қалың киелі орындардың бірі. Қараман ата Маңғыстау ауданы аумағында, Шетпеден шамамен 40 шақырым солтүстікке қарай орналасқан. Мешіт аласа төбенің борлы-жұмсақ жынысын ойып жасалған және үш негізгі бөліктен тұрады: кіреберіс, ұзындығы шамамен 23 метрлік намаз оқитын зал және Қараман атаға қатысты киелі бөлме. 

Қараман атаның тарихи тұлғасы туралы нақты жазба дерек аз, бізге жеткен мәліметтердің көбі – ауызша аңыздар. Бір нұсқада ол Шопан атаның немересі, Есен атаның баласы делінеді. Екінші нұсқаларда Қараман ата Шопан атаның баласы ретінде айтылады. Ел аңызы оны керемет иесі, сопылық жол ұстанған әулие ретінде сипаттайды. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan