Қасымхан Бегманов поэзиясындағы ұлт рухы мен әлем поэзиясының үндестігі

Ақын, қоғам қайраткері Қасымхан Бегманов шығармашылығының әлем әдебиетімен үндестігі мақалаға арқау болған.

44

Қасымхан Бегманов поэзиясындағы ұлт рухы мен  әлем поэзиясының үндестігі - adebiportal.kz

Поэзияны уақыт өлшемімен бағалау мүмкін емес. Нағыз өлең белгілі бір дәуірдің ғана емес, адамзат руханиятының ортақ қазынасына айналғанда ғана өзінің көркемдік өмірін жалғастыра алады. 

Сондықтан әрбір үлкен ақынды тек ұлттық әдебиеттің аясында қарастыру жеткіліксіз. Қасымхан Бегманов поэзиясы әлемдік көркем оймен қаншалықты үндеседі, қандай рухани биіктікке көтеріледі? Міне, осы сұрақтарға жауап беру – бүгінгі әдебиеттанудың маңызды міндеттерінің бірі.

Қазақ поэзиясында ұлттық рухты, тарихи жадты, азаматтық ұстанымды және адам болмысының трагедиясын қатар жырлаған ақындардың бірі – Қасымхан Бегманов. Оның өлеңдерінен бір ғана адамның тағдыры емес, тұтас ұлттың жүрек дүрсілі сезіледі. Сондықтан Бегманов поэзиясын оқығанда кейде Томас Стернз Элиоттың рухани мазасыздығы, кейде Райнер Мария Рилькенің жалғыздығы, кейде Роберт Фросттың өмір жолы туралы философиясы, кейде Рабиндранат Тагордың рух тазалығы еске түседі. Бұл – Қасымхан Бегмановтың аталған тұлғаларға ұқсап кетуі емес, адамзаттық көркем ойдың табиғи үндестігі. Академик Зейнолла Қабдолов: «Нағыз талант – ұлттық топырақта өсіп, адамзаттық биікке көтерілетін құбылыс», – деген болатын. Осы тұрғыдан қарағанда, Қасымхан Бегмановтың поэзиясы да қазақтың қара өлеңінен нәр алып, әлемдік поэзиямен үндесетін көркем кеңістікке көтеріледі.

«Тақтада тұр шіреніп, қортық ойлы пешкілер,

Бет жағы адам болғанмен, түбі олардың ешкілер.

Ертең ұрпақ ес білер, қара бұлттай көшті дер,

Менің асқақ дауысым ғасырлардан естілер!» – 

деп жырлаған ақын хас поэзияның ғана өлмейтіндігін дәлелдеп тұр. Иә, рас, өлмейтін тек – хас поэзия ғана!

Ақынның «Құлазу» өлеңін оқығанда оның мұңы бір адамның күйі болып көрінгенімен, тереңдей үңілсеңіз, бұл – бүтін бір қоғамның рухани портреті болып шығады. Ақын өзі арқылы уақыттың жан-жарасын сөйлетеді:

«Талаңдар мені, иттердей жұлқып ырылдап,

Шыбын жан ұшсын аспанға қарай шырылдап.

Өтеді айлар, өтеді жылдар зырылдап,

Басқа бір ұрпақ ықыласы ауып бұрылмақ». 

Міне, бұл жолдар – тек Қасымхан Бегмановтың ғана емес, бүкіл талантты адамдардың басындағы күй. Бұл – қарғыс та емес, бұл – ақынның қоғам алдындағы жалғыздығы, жанайқайы. Ол «мені итше талай беріңдер, шыбын жаным аспанға ұшсын шырылдап», деп тұр. Дәл осы тұста американдық-британдық ақын Томас Элиоттың әйгілі «Қуыс адамдар» поэмасы еріксіз ойға оралады екен. Ол:

«Мы попые люди,

Никчемные люди,

Столпленье соломой,

Наполненных мумий. Увы!» – 

деп тұрып күрсінеді. Бұл жолдарда Элиот адамзат атаулының қуыс кеудеге айналғанын меңзеп тұрса, біздің Бегманов сол рухани қуыс қоғамда ақынның қалай жалғыз қалғанын көрсетеді. Екі ақынның айтпағы бөлек емес. Бірі – Батыстың рухани күйреуін суреттесе, екіншісі қазақ қоғамындағы рухани селқостықты бейнелейді. Бегманов: «Қазақстанда қадірсіз қазір ақын көп!» – деп жырлайды. Осы бір ғана жолдың астарында ондаған әлеуметтік мақалаға жүк болатын шындық жатыр. Бұл – өкпе емес, бұл – әдебиетке деген қатты алаңдаушылық! Австралиялық ақын Райнер Мария Рильке бір жас ақынға: «Өз ішіңе үңіл! Егер жазбай өмір сүре алмасаң ғана ақын бол!», – деген екен. Ал, біздің ақын:

«Солардың бірі болғым келмейді, талаңдар,

Онсыз да менің жазылмайтын жарам бар», – 

дейді. Мұндағы жара – жеке адамның қайғысы емес, бұл – бүкіл ақын атаулының ары. Ал, өлеңнің келесі бөлігі бүгінгі ақпараттық кеңістіктің дәл диагнозындай естіледі:

«Интернеттер мен баспасөз шулап боқтаңдар,

Жала жабыңдар, өсек айтыңдар, оттаңдар!» 

Сіз бұл жерден тек ақынның басындағы күйзелісті ғана көріп тұрған жоқсыз. Бұл бір қарағанда «ақынның ашуы» сияқты көрінеді. Бірақ, ақын бұл жерде адамдарды емес, өсекке құрылған қоғамдық сананы әшкерелейді. Ақиқат айтылған жерде жалғыздық та бірге жүреді. Өйткені, Бауыржан Момышұлы айтқандай, «шындық көп, ақиқат жалғыз!» Өлеңнің соңында ақын:

«Арыма тимей тоқтаңдар,

Маңыма қайтып соқпаңдар! – 

дейді. Бұл – жеңілген адамның сөзі емес, бұл – арын сақтап қалуға тырысқан адамның сөзі. Француз ақыны Поль Валери: «Ақын – сөздің емес, ардың күзетшісі», – деген. Бегмановтың осы өлеңі әлем классигінің осы сөзін дәлелдеп тұрғандай күй кештіреді.

Жалпы, Қасымхан Бегмановтың «Құлазу» өлеңі – көңілсіздік туралы өлең емес. Онда бұйрық райы бар. Бұл – қоғамның рухани жүдеуі туралы туынды. Ақын өзін қорғап тұрған жоқ. Ол поэзияның, ардың, ақиқаттың қадірі төмендеп бара жатқанына күйінеді. Сондықтан бұл өлеңнің философиялық салмағы жеке тағдырдан әлдеқайда биік. Элиоттың өркениетке қойған диагнозы қандай терең болса, Бегмановтың қазақ қоғамына қойған рухани диагнозы да соншалықты шынайы әрі терең.

Қасымхан Бегмановтың «Ташкентпен қоштасу» деген өлеңі – жоғалған қала туралы емес, жоғалған тарихи кеңістік туралы толғаныс. Ақын бұл туындысында географиялық мекенді ғана жоқтамайды, ол халықтың тарихи жадында қалған рухани әлемді іздейді. Сондықтан шығармадағы Ташкент – картадағы қала ғана емес, қазақ өркениетінің сан ғасырлық мәдени кеңістігінің символы. Өлеңнің ең ауыр жолдарының бірі:

«Басы сайран, түбі ойран дүние опа бермейді-ау,

Ташкент енді қазаққа мәңгі қайтып келмейді-ау!» 

Бұл тармақтарда саяси ұран жоқ, тарихи өкініш бар. Ақын өткенді қайтаруды талап етпейді, ол тарихтың қайтымсыз екенін мойындай отырып, халықтың жадынан өшпеуге тиіс рухани құндылықтарды еске салады. Осы тұста палестиналық ұлы ақын Махмұд Даруиштің туған жер туралы әйгілі өлеңі еске түседі:

«Біздің жеріміз бар,

Сағыныш пен күйзелістің арасында

Сол жер бізді үнсіз шақырып тұрады». 

Бұл жолдарда Даруиш үшін туған жер – тек аумақ емес, ұлттың жады. Бегмановтағы Ташкент те дәл сондай көркемдік қызмет атқарады. Екі ақын да жердің өзін емес, жермен бірге кеткен тарихи сананы жырлайды. Бегманов әрі қарай:

«Қалай қиып кетермін,

Төле бидің моласын», – 

деген бір ғана тармақпен тұтас дәуірді сөйлетеді. Бұл – қабірге тағзым емес, тарихқа тағзым. Төле би – қазақтың құқықтық ойының, билік мәдениетінің, елдік рухының белгісі. Сондықтан оның мазары ақын үшін өткеннің тас белгісі емес, ұлт жадын сақтап тұрған рухани өзек. Өлеңнің тағы бір тұсында ақын:

«Қазақтың тілі қайта оралсын,

Ділі қайта оралсын,

Сыры қайта оралсын,

Жыры қайта оралсын», – 

деп қайталай түседі. Бұл қайталау – көркемдік тәсіл ғана емес. Ақын Ташкенттің өзін қайтаруды емес, ұлттың жоғалтып ала бастаған рухани тұтастығын қайтаруды армандайды. Осы себепті өлеңнің негізгі идеясы территория емес, рухани тұтастық болып саналады. Неміс ақыны Иоганн Вольфганг Гете: «Өткенді білмеген адам бүгінін де толық түсіне алмайды...», – деп бір-ақ қайырған. Дәл осы ой Бегманов поэзиясының табиғатына өте жақын. Ақын өткенге байланып қалуды емес, өткенді ұмытпау арқылы болашақты сақтауды көздейді. Бұл өлеңнің қуаты оның тарихи фактілерінде емес, символдық жүйесінде жатыр. Ташкент, Төле би, Сыздық төре, Байшұбар – бұлардың бәрі жеке атаулар емес, ұлттық жадының тірек бейнелері.

Міне, дәл осы себепті «Ташкент енді қазаққа мәңгі қайтып келмейді-ау!» – бұл тек сағыныш өлеңі емес, бұл – тарихи жадтың поэзиясы. Осы қасиеті арқылы бұл шығарма Махмұд Даруиштің Отан туралы лирикасымен үндесіп тұр. Алайда Даруиш жерінен айырылған халықтың мұңын жырласа, Қасымхан Бегманов тарихи кеңістіктің қайта келместей болып өзгергенін мойындай отырып, «халықтың ең әуелі тілі, ділі, сыры мен жыры қайта оралуы тиіс» деген биік азаматтық идеяны алға тартады. Міне, дәл осындай философиялық тереңдік бұл өлеңді «бүгінгі қазақ поэзиясындағы тарихи сана» туралы ең салмақты туындылардың біріне еш күмәнсіз-ақ айналдыра алады.

Қасымхан Бегмановтың «Төртқақпалы Түркістанға тағзым» туындысы да «Ташкент енді қазаққа қайтып келмейді-ау!» секілді идеясы терең дүние. Бұл шығармада ақын Түркістанды жай ғана тарихи қала ретінде емес, күллі түркі жұртының рухани жүрегі, ұлттық жадтың мәңгілігі ретінде бейнелейді. Өлеңді оқығанда ақын тарихты баяндап емес, құдды бір тарихпен тілдесіп тұрғандай әсер қалдырады екен. Қараңызшы:

«Аласапыран жылдарды, басыңнан талай кешірдің,

Қаншама шаңды жорықты санадан сызып өшірдің

Түркістан ием, біз үшін, Тәңірмен бірдей есімің,

Алаштың алтын бесігі-ай, мұңдасы жетім-жесірдің». 

Мұнда да Түркістан – географиялық кеңістік емес, ол – халықтың рухы. Ақын мұнда қалаға емес, қасиетке тағзым етіп тұр.

Дәл осы сарын Ирланд ақыны Уильям Батлер Йейтстің тарихи жад туралы жырларымен үндеседі екен. Мәселен, Йейтс өзінің «Пасха 1916» өлеңінде:

«Ибо Англия может сдержать слово...

Но мы знаем их любовь,

И знаем, что они умерли.

И пусть все переменилось,

Переменилось совершенно –

Родилась ужасная красота», – 

деп жазады  (Григорий Кружковтың аудармасы). Бұл жерде екі ақынның үндестігі – Йейтс Ирландияның ұлттық оянуын жырласа, біздің Бегманов Түркістан арқылы қазақ рухының мәңгілік өзегін көрсетеді. Яғни, қос ақынның да тарихқа көз жүгіртуі – сағыныш үшін емес, ұлттың болашағын ояту үшін қажет болып тұр.

«Қазақтың қайғы-мұңдарын топырағыңда, жасырдың,

Қайран, біздің төрт қақпалы Түркістан,

Қасиетіңе аяулым,

Еңкейіп келіп бас ұрдым!» – 

дейді Бегманов. Бұл жолдарда тағзым бар, бірақ құлдық жоқ. Құрмет бар, бірақ дәрменсіздік жоқ. Ақын өткеннің алдында бас имейді, керісінше, өткеннен күш алады. Чилилік ақын Пабло Неруда өзінің әйгілі бір поэмасында: «Менімен бірге қайта тіріл, бауырым!» – деп тасқа айналған өркениетті сөйлетсе, Бегманов Түркістанның үнсіз қабырғаларынан қазақтың үнін естиді. Бұл – тарихи кеңістікті рухани кеңістікке айналдырған ұқсастық емес пе? Сондай-ақ поэмада:

«Бейжінге тартар күре жол,

Шолтиып қалай кесілдің?» – 

деп бір ғана сұрақ қояды. Бұл негізінен – жолдың жай ғана үзілуі емес, бұл – тарихи сабақтастықтың үзілуіне деген қасірет. Яғни, Бегманов өткенді аңсау үшін емес, бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын серпілту үшін жазады. Міне, қараңызшы:

«Мен жылар болсам, аяулым, өзің деп қана жылармын,

Мен құлар болсам, аяулым, өзің деп қана құлармын!

Мен сұрар болсам, аяулым, өзің деп қана сұрармын!» 

Бұл – үш жол жай ғана қайталау емес, бұл – Ант! Ақынның өз тағдырын туған жер тағдырымен тұтастырған көркем серт. Осы тұста үнділік ойшыл-ақын Рабиндранат Тагордың «Гитанджалиден» туындысындағы мына жолдар еске түседі: «Менің елімнің рухы азат болған жерде ғана менің жүрегім тыныштық табады». Қазақ ақыны Бегманов та жеке бақыты мен жеке мұңын Түркістан тағдырынан бөліп қарамайды. Сондықтан, бұл туынды – тек тарихи поэма ғана емес, «ұлттық рухтың поэмасы» деңгейіндегі туынды. Бұл поэманың қуаты оның тарихи деректерінде емес, сол тарихты бүгінгі адамның жан дүниесіне айналдыра білуінде жатыр. Түркістан бұл шығармада көне қала болып қалмайды, ол – ұлттық ардың символына, қазақ рухының мәңгілік шамшырағына айналып сала береді.

Менің қатты бір таң қалғаным, Қасымхан Бегманов шығармаларынан бір мұңның лебі еседі. Бірақ оқи келе оны ақынның тек жеке басының мұңы деп емес, әр адамның басындағы күйзеліс екенін түсінесің. Мәселен, ақынның «Бақытты болмадым» туындысын алайықшы. Тақырыбы ат үркітіп тұр. Алғаш оқыла бастағанда бұл өлең лирикалық мұң секілді әсер қалдыруы мүмкін. Алайда, шығарманың терең қабатына үңілген сайын ақынның жеке тағдырын емес, халықтың рухани халін жырлағанын аңғарамыз. Яғни, бұл туынды – жеке адамның емес, ұлттың бақыты туралы толғаныс. Өлеңнің маңызды ролі мына екі жолда жатыр:

«Бақытсыздық себебін сен сұрасаң,

Бақытты деп кім айта алар халқымды?» 

Бұл – философиялық түйін. Ақын өз өміріндегі өкінішті жеке басының кемшілігінен іздемейді. Оның өлшемі – халықтың тағдыры. Егер халқы мұңайса, ақын да өзін бақытты сезіне алмайды.

«Барлық гүлді жұлып тастауы мүмкін, Бірақ көктемнің келуін тоқтата алмайды», – деп жырлаған Пабло Неруданың өлеңіндегі көктем – халықтың үміті болса, Бегманов үшін сол үміт – ел бақыты болып тұр.

«Бақытты бол, бақытты бол, балам, – деп,

Шалдар маған беріп жатты батасын», – 

деп ақын әрі қарай ой жалғайды. Бұл – қазақ дүниетанымындағы батаның киесін көрсететін ерекше түс. Ақынның өмірінде үлкендердің өзіне берген ақ тілегі аз болмаған. Бірақ ол сонда ол бақытты өз өмірінен емес, қоғамның күйінен іздейді.

«Халқым кешке бақытты боп көз ілсе,

Бақытты боп оянамын таңертең», – 

дейді ақын. Бұл жолдарда тіпті ақынның жеке бақыты түгелдей халықтың бақытына тәуелді екені айдан анық аңғарылады. Мұндай мұң – тек азамат ақынға ғана лайық ұстаным.

 «Қалқам, неге мен бақытты болмадым?» Бірақ ақын бұл сұраққа жауап іздеп жатпайды. Себебі, жауапты келесі шумақта өзі береді. Оның бақыты – мансапта да, атакта да емес екен, яғни оның бақыты тек халықтың қуанышымен ғана өлшенеді. Ол осы екі тармақ арқылы-ақ өзінің «азаматтық кредосын» танытып тұр. Ақын өз бақытының өлшемін материалдық игіліктен де, жеке жетістіктен де іздемейді. Оның бақыты – тек халқының амандығы, елінің рухани тұтастығы.

Дәл осы себепті біз Қасымхан Бегмановтың «Бақытты болмадым» циклін «мұңлы өлең» деп қабылдауға қақымыз жоқ. Бұл – жеке «меннен» ұлттық «бізге» дейін көтерілген азаматтық лирика. Осы қасиетімен Бегмановтың бұл туындысы Пабло Неруданың халықшыл поэзиясымен, Назым Хикметтің гуманистік мұраттарымен және Уильям Блейктің философиялық лирикаларымен табиғи үндестік табады. Бірақ біздің ақынның ерекшелігі – ол бұл идеяларды қазақы дүниетаныммен, бата ұғымымен, халықтық сана мен ұлттық жауапкершілік арқылы жеткізеді. Сондықтан да оның «бақыт» туралы түсінігі де поэзиясы да – жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың бақытына негізделген көркем-философиялық тұжырым болып қабылданады.

Қасымхан Бегмановтың «Өмірбаян орнына жазылған өлең» туындысы – өмірбаяндық деректердің жиынтығы емес, ақындық тағдырдың көркем шежіресі. Бұл өлеңде ол туған күнін, жүрген жолын, көрген мехнатын тізбектеп жатпайды. Оның орнына шығармашылық жолындағы жалғыздықты, түсінілмеуді, рухани күресті бейнелейді. Сондықтан бұл өлеңнің негізгі айтары – өмірбаян емес, ар алдындағы өмірдің ақиқаты. Қараңызшы, өлеңнің алғашқы шумағы-ақ ақынның бүкіл тағдырын алдыңызға жайып салады:

«Тамыздың туылыппын төртінде мен,

Сырым көп сендерге әлі шертілмеген.

Қолды сілтеп кетіп-ем барлығына,

Қайтадан Алматыға келтірді өлең», – 

деп жырлайды. Бұл жолдарда ақын «мені қайта әкелген – өлең» дейді. Демек, поэзия – оның кәсібі емес, тағдыры. Адам өмірден қашуы мүмкін, бірақ өз тағдырынан қаша алмайды. Бегманов үшін тағдырдың аты – өлең! Орыс ақыны Марина Цветаева:

«Моим стихам, как драгоценным винам,

Настанет свой черед», – 

деп жырлаған. Цветаева өз дәуірінде толық мойындалмаған ақындардың бірі болды. Ол өз «поэзиясының шынайы бағасын уақыт қана береді», деп сенді.

«Шынымды айтып, шырылдап, шырқырап-ем,

Сырларыма сенбеді ешкім менің...», – 

деп жырлаған біздің Бегманов та осы жолдан өткені айқын көрінеді. Бұл жерде екі ақынды байланыстырып тұрған ортақ мұң – олардың оқырманнан бұрын «уақытқа сенуі» болып тұр. Өлеңнің келесі бөлігінде ақын қоғамдағы күншілдік пен өсек атаулының шығармашылық адамын қалай қажытатынын да жасырмай айтады:

«Ішкіш, жүргіш, жазғаны түк емес», – деп

Жоғарыға жалалы хатты айдайды». 

Бұл – күйзеліс тек бір адамның, яғни Бегмановтың ғана басындағы жағдай емес. Бұл – әлем әдебиетінде талай ақынның басынан өткен трагедия. Ақынның өлеңін түкке тұрғысыз ету – ақын үшін, әрине – трагедия! Жалпы, адамзат тарихында шын талант көбіне мадақпен емес, күдікпен қарсы алынған. Осы тұста тағы бір рет неміс ақыны Райнер Мария Рилькенің: «Егер жаза алмай өмір сүре алсаң – жазба!» – дегені еске еріксіз түсе береді екен. Бұл сөздің астарында ақындықтың мамандық емес, өмір сүру тәсілі екені жатыр. Біздің Бегмановтың өлеңі де осы қағидаға бағынады. Ол өлеңді өзі таңдап алған жоқ, өлең оны таңдап алды. Мына жолдарда ақынның жан-жарасы бұрынғыдан да қатты айқындала түседі:

«Қатты батты, жаныма сенбегені,

Шыр айналды уақыттың дөңгелегі.

Бақытсыз көп ақынға қоса салдың,

Айырбастап біреуге сен де мені», – 

деп жырлайды ақын. Бұл жолдарда жеке өкініштен гөрі ақынның «уақытпен айтысы» сезіледі. Бүгін сенбеген қоғам ертең сол ақынды іздеуі мүмкін. Шын мәнінде, әдебиет тарихы мұндай мысалдарға толы, қайсы бірін сөз ете береміз олардың. Томас Элиот «Нағыз поэзия адамға толық түсінілмей тұрып-ақ оның жүрегіне әсер етеді» деп жазған.

Міне, Бегманов поэзиясының ерекшелігі де осында. Кейбір өлеңдері алғаш оқығанда өмірбаян секілді көрінгенімен, оның ішкі әлеміне үңілген сайын адамның тағдыры туралы философиялық толғанысқа айналады. Әсіресе өлеңнің соңғы шумақтарында ақынның мінезі тағы бір қырынан ашыла түседі:

«Боратқан етектегі есектілер,

Күн сайын жүрегімді өсек тілер.

Жетімдерге қайырым жасап едім,

Күліп жатты сыртымнан есептілер». 

Мұнда Бегманов адамгершілік пен пайдакүнемдікті қарама-қарсы қояды. Ақынның қайырымдылығын да есеппен өлшейтін орта суреттеледі. Бұл – тек қазақ қоғамына тән құбылыс емес, жалпы адамзаттық мәселе.

 Жалпы, бұл өлеңге мен бірауыздан «өмірбаян» деп емес «рухбаян» деп баға берер-ем. Себебі, мұнда туған жыл мен қызмет тізілмейді. Оның орнына сенім мен күмәннің, жалғыздық пен табандылықтың, жара мен үміттің тарихы жазылған. Бұл өлең өз кезегінде «хас өнердің мәңгілік тағдырын» бейнелейтін туынды ретінде бағалануы тиіс. Мұнда уақытша атақ емес, уақыттың өзінен «әділ төрелік күткен» ақынның ұстанымы үстем боп тұр. Бұндай өмірбаян әлемдегі кез келген хас таланттың басынан өтетін жан күйзелтер жағдай. Міне, дәл осы себепті бұл поэзия уақыт тезінен өтіп, келешек ұрпақтың алдына ақынның «жеке төлқұжаты» ретінде жарқырап шығары анық. Өйткені, бұл поэзия – тек Бегмановтың тағдыры емес, болашақ ақындарымыздың да алдынан кес-кестеп өтер күншілдік мәселесі. Ал, бұл «күншілдік» деген жағымсыз қасиетті иеленгендер әлі де талай хас таланттың жолына «тұсау» қояры ап-анық...

Ал, енді Бегмановтың «Қақпан» туындысына келер болсақ, бұл өлең де «Өмірбаян» өлеңінің жалғасы іспетті шығарма екен. Яғни, бұл өлең де – тек бір адамның ғана басынан өтетін жағдайды суреттемейді. Бұл өлең сонысымен құнды. Мұнда – сенім мен сатқындықтың, адалдық пен өсектің, адамдық пен опасыздықтың мәңгілік тартысын бейнелейтін философиялық сарын бар. Ақынның «қақпаны» – аң аулайтын темір құрал емес, ол – адамның жүрегіне, абыройына, арына құрылатын рухани тұзақ.

«Досым ғой деп жан сырымды ақтарғам,

Сосын...

Өсек өрттеріне қақталғам.

Бір әңгіме айтқым келіп оқталғам,

Сол бір адал, сол бір аңқау шақтардан». 

Өлеңнің осы бір алғашқы шумағының өзі-ақ оқырманды шынайы өмірдің ауыр шындығымен бетпе-бет әкеледі. Бұл шумақта ақынның жан күйзелісі – жауының опасыздығында емес, досының сенімге селкеу түсіруінде. Сондықтан өлеңнің алғашқы сөзі «досым» деп басталады. Себебі, адамды көбіне дұшпан емес, өзіне тым жақын жүрген жан жаралайды. Уильям Шекспирдің «Юлий Цезарь» трагедиясындағы «Сен де ме, Брут?» деген әйгілі сөзі есіңе сап ете қалады екен. Осы бір ауыр сөз ғасырлар бойы сатқындықтың символына айналып келеді. Цезарь үшін қастандықтың ең ауыр жері – «пышақ» емес, оны «Бруттың сұғуы» болды. Бегмановтың да «Досым ғой деп жан сырымды ақтарғам...» деген жолында да дәл осы психологиялық күй жатыр. Мұнда жараланған нәрсе – өсек емес, сенімнің күйреуі. Өлеңнің келесі бөлігінде ақын адамның рухани беріктігін бейнелейді:

«Жылдар жылжып, айлар ізсіз аунаған,

Жаңбыры едім сахараның жаумаған.

Қорықпаймын ғыйбаттардан бораған,

Қорықпаймын өсектерден лаулаған!» 

Бұл жолдардан мен тіпті Бегмановтан әлем әдебиеті үздіктерінен гөрі өзіміздің Мағжан Жұмабаевты көргендей болдым. Қазақ үшін Мағжандай өр, Мағжандай батыл ақын жоқтың қасы. Ақын мұнда өсекпен күреспейді, тіпті одан биік тұр. Оның рухын ғайбат сөз жеңе алмайды. Бұл – рухани жеңіс, туындыдан өр Мағжанның айбаты «менмұндалап» тұр.

Ағылшын ақыны Редьярд Киплинг өзінің әйгілі «Егер» өлеңінде:

«Жұрттың бәрі күмәнданса да

Өзіңе деген сеніміңді жоғалтпа!» – 

деп жырлаған. Мұнда Киплинг те, Бегманов та адамға сыртқы әлемнен бұрын «ішкі беріктік» ауадай қажет екенін ескертіп тұр. Екеуінің поэзиясында да мінез – басты құндылық. Бегманов поэзиясының идеялық шыңы мына шумақта айқын көрінеді:

«Ей, жас ұрпақ, достарыңды сатпаңдар,

Адал жанға бекер жала жаппаңдар,

Адамдықты, адалдықты сақтаңдар!» 

Бұл – кейінгі ұрпаққа беріліп тұрған жай ғана ақыл емес. Бұл – ақынның өмір тәжірибесінен туған адамгершілік өсиет. Осы үш жол бүкіл өлеңнің моральдық өзегін құрайды. Булат Окуджава бір өлеңінде: «Давайте говорить друг-другу комплименты...» – деп келтіреді. Бұл жолдардан Окуджаваның «адамдар арасындағы мейірімнің жоғалуына» алаңдауын анық сеземіз. Ал, біздің Бегманов одан да өткір мәселені көтеріп тұр бұл туындыда. Ол: «Мейірім жоғалған жерде жала көбейеді. Ал, жала көбейген жерде сенім өледі», – деп тоқетерін кесіп айтады. Мұнда тағы бір айта кетерлігі:

«Бөрінің ұрпағы едім мен азулы,

Өз аяғын шайнап тастап кететін», – 

деп жырлайды ақын. Мұндағы бөрі – еркіндіктің ғана емес, ар-намыстың символы. Қақпанға түскен қасқырдың өз аяғын шайнап босап кететіні туралы халықтық таным ақын қолында кәдімгі мінез философиясына айналып кете барған. Яғни, ақын үшін тәннің жарасынан бұрын рухтың еркіндігі қымбат болып тұр. Роберт Фрост: «Қиындықтан шығатын ең дұрыс жол – оны қайыспай өтіп шығу», – десе, біздің Бегмановтың бөрісі де осал емес. Демек, біздің бөрі де қақпанды айналып өтпейді, қаншама азапты бастан кешіп жатса да өз еркіндігін сақтайды.

Сонымен, «Қақпан» – жеке өкпе туралы емес, бұл бүгінгі қоғамдағы адамдық қатынастардың көркем диагнозы. Ақын қақпанды сырттан емес, адамның өз мінезінен, қызғанышынан, екіжүзділігінен іздейді. Не деген – даналық! Сондықтан бұл өлеңнің идеясы уақытпен бірге алға жылжи бермек. Нақты айтқанда, бөрі өлең өлмек емес...

Қасымхан Бегмановтың «Абадан» туындысы да – нақты бір адамның тағдырын суреттейтін шығарма емес. Бұл – тұтас ұлттың мінезін бір бейнеге жинаған символдық туынды. Ақын «Абадан» сөзін жай ғана батырдың немесе көсемнің атауы ретінде алмайды. Ол оны қазақ рухының беріктігі, намысы мен азаттығының көркем тұлғасына айналдырады. Өлеңнің алғашқы шумағы былай деп басталады екен:

«Ормандай орыс ішінде жол салған кекті абадан,

Тілін шайнаған тексізді қамшымен қуып сабаған.

Сіміріп тартқан қымызды күмпілдей піскен сабадан,

Шәуілдек ауыл иттері келеді екен қабаған». 

Жойқын, сұрапыл поэзия! Бұл шумақтағы қарама-қарсылық ерекше. Бір жағында – абадан, екінші жағында – шәуілдек иттер. Міне, «поэзиядағы мәңгілік контраст» деген осы! Ұлы тұлға мен ұсақ мінездің, ерлік пен қорқақтықтың, намыс пен жағымпаздықтың қарама-қарсылығы осы жолдарда айқын көрініс береді. Тағы да Редьярд Киплингтің әйгілі «Егер» өлеңіне оралуыма тура кеп тұр. Киплинг:

«Егер айналаңдағы жұрттың бәрі сабырынан айырылғанда сен өзіңнің байсалдылығыңды сақтай алсаң», – деп жырлайды. Киплинг үшін де, Бегманов үшін де «Нағыз ер – көпшілікке ермейтін адам» болып саналады. Біздің Бегмановтың «Абаданы» да дәл осы мінезге ие, Ол көптің қошеметімен емес, өз мінезімен биік! Бірақ, туындыда ең ауыр тұсы – Абаданның тағдыры.

«Абаданымды кәпірлер қаумалап келіп қамаған,

Бас изеп, қолын қусырды игі жақсыға санаған.

Өтіп те кетті қайтейін, жалғаннан солай жан ағам,

Шерлі жүректі жамаған». 

Бұл жерде ақын тарихи трагедияны бірнеше жолдың өзіне сыйғызады. Абаданды жеңген – күш емес, олардың қаумалап кеп жабылғаны. Бұл – тек қазақ емес, әлем тарихындағы талай ердің тағдыры емес пе?! Назым Хикмет:

«Жалғыз ағаштай еркін өмір сүр,

Бірақ ормандай бауыр болып өмір сүр», – 

деп жырлайды. Мұнда түрік ақыны «еркіндікті адамның табиғи болмысы» деп таниды. Біздің Бегмановтың да Абаданы дәл сондай еркін рухтың иесі. Оның денесін тұтқындауға болады, бірақ рухын тұтқындау мүмкін емес.

Туындының соңғы бөлігі оқырманға тіпті ерекше әсер қалдырады:

«...Байланған қолын қайырып,

Туған жерінен айырып.

Артында қалған ауылы,

Малымен кеткен жайылып.

Ата дәстүрі жойылып,

Тұлпары асқа сойылып,

Орны тұр мәңгі ойылып». 

Міне, бұл – бір ғана адамның қайғысы емес, бұл – отарланған халықтың трагедиясы. Демек, Абадан – өткенді жоқтау ғана емес, бұл – ұлттық жадты тірілту. «...Абаданыма бұл күнде ескерткіш жатыр қойылып», – деп ақын өлеңнің соңғы жолын ерекше символдық мәнге ие қылады. Ақын үшін ескерткіш – тастан қашалған мүсін ғана болғанымен, ақынға қойылған нағыз ескерткіш – халықтың жадында сақталған рух. Егер халық Абаданды ұмытпаса, ол – тірі және ірі!

Қысқаша айтқанда, «Абадан» – тарихи тұлға туралы ғана өлең емес, Ол – ұлттық рухтың мәңгілік өмір сүретінін дәлелдейтін философиялық шығарма. Қасымхан Бегманов – «жеке адамның тағдырын ұлт тағдырының көркем символына айналдыра білген» тұлға. Дәл осы шеберлігімен Ол қазақ поэзиясындағы тарихи жырдың мазмұнын жаңа көркемдік деңгейге көтере білген ақын. Абадан – бір адамның емес, қандай жағдайда да намыстан айырылмаған қазақтың рухани бейнесі. Ақын шығармалары сонысымен құнды.

Ойымызды түйіндесек, Қасымхан Бегманов поэзиясы – ұлттық рух пен адамзаттық ойдың тоғысқан кеңістігі. Оның жырларында тарихи жад, азаматтық жауапкершілік, адам болмысы, уақыт пен мәңгілік мәселелері терең философиялық деңгейде көркем шешімін таба білген. Ақын туындылары әлем әдебиетінің классикалық дәстүрімен рухани тұрғыда үндесе отырып, қазақ поэзиясының табиғи болмысын, ұлттық дүниетанымын және көркемдік ерекшелігін сақтайды. Сондықтан Қасымхан Бегмановтың шығармашылығы – бүгінгі қазақ поэзиясының идеялық салмағы мен эстетикалық қуатын танытатын маңызды көркем құбылыс. Оның өлеңдері оқырманды тек әсерлендіріп, жігерлендіріп қана қоймай, ойлануға, тарихи санасын жаңғыртуға және рухани байлықтарды қайта бағалауға жетелейді. Ендеше, осындай рухты жырлардан құралған автордың «Құланиек, құба таң» кітабы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, мәре сызығын алғашқылардың бірі болып кеседі деп сенеміз!

Гүлсара БАЙДАН 

Автор туралы

1982 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. 2000-2004 жж. «Қайнар» университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын бітірген. Алғашқы еңбек жолын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде кафедра операторы және осы оқу орнының «Жастар айдыны» газетінде «тілші» болып бастаған. «Жамбыл-Тараз» газетінде және республикалық «Қазақия» газеттерінде де «тілші» болып қызмет атқарған. 2018 жылдан бері «Атпал» ЖШС директоры, жазу кәсібімен айналысады. 

Студент кезінде «Жоғалмайтын байлық болды бұл өлең» атты жинақтың авторы ретінде танылды. «Өмірден көп қиындық көрсең ғана жазушы боласың» деп өзіне бата берген  Шерхан Мұртазаның ең кішкентай шәкірті.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan