Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Қасымханның «Көкжиегі»...

01.09.2022 957

Қасымханның «Көкжиегі» 14+

Қасымханның «Көкжиегі» - adebiportal.kz

Жырлар жазып мәңгі ғұмыр хақында,

Қамшылайсың  тұлпарыңды тақымда.

Жолға түскем

армандағам болғым кеп,

Ажалды сол жеңген ерлер сапында.

 

Солай,

солай несін айтам,

қарағым,

Перзентінен сыр тартып көр даланың.

Бесікпенен қоштасқан сол сәтімнен,

Ажалды өзім іздеп кетіп барамын.

Өнер атаулының арпалысқа толы майданында «өлімді жеңу» деген қастерлі ұғым бар. Бұл ұлы ұрыс алаңында тұрған жауынгердің шайқасқа шығар алдындағы жан арпалысы, көзінің қуаты, ақ алмасының жарқылы тектес дүние. Мен бәріне дайынмын деген ішкі бекем, ақтық уәде. Осы күйді сезінбеген ақынның қолына қалам алуға хақысы жоқ. Ондай ақыннан өміршең сөз күту де әбестік. Бұл біз ойлағандай ішкі нәумездік, пендауи нәпсіге тән күйбең тіршіліктер қақтығысындағы қайшылықтармен болған күрес емес, тура һәм тұнық мағынасындағы өліммен бетпе-бет келу. Өмірдің жекпе-жек майданын да арың мен ұятыңның, намысыңның жалауын жықпай, жұмсалмай, жүгірмей, жүгінбей өз биігіңді мәпелей білу. Былай қарасаң, қарапайым ұғым. Әйтсе, қысталаң шақта қылдан таймай көр. Ескілердің әңгімесіне қарасақ хакім Абай бес жасында өлімді жеңген деседі. Ғалым Тұрсын Жұртбайдың пайымынша, оны суреткер Әуезов «Абай жолы» эпопеясында, бала Абайдың «Қодар мен Қамқа» уақиғасынан кейінгі құсадан қан жұтып, төсек тартып, содан соң шыт жаңа есейіп, жаңа адам болып оянатын тарихи сәтті астар ете бейнелеген. Ерте ме, кеш пе, жақсы ма, жаман ба өнердің айдынына нартәуекел қайығын салған пенденің жүріп өтер жалғыз жолы осы. Киелі кітаптар да ғалымның сиясы шейіттің қанымен бірдей деп ардақталатыны да осыдан. Әсіресе, өлеңде осы үрдіс берік сақталған. Өйткені, поэзияда жақсы не жаман деген өлшем жоқ. Поэзияның заңы – не бар боласың, не жоқ боласың. Мұқағали, Жұмекен, Өтежан, Кеңшілік, Жарасқан, Жұматай, Жәркен сынды жалғасып жатқан алыптар жүлгесінің жүріп өткен ізіне қарасаңыз, біз аңдатқан кепті сезінбеу мүмкін емес. Шайырлардың салқар көшіне ат шалдырып, өз іздерін қалдырған оғыландардың қай-қайсысы да құрбандықтың қанды сиясымен өз Темірқазықтарын нықтап, сөнбес жұлдыздарын жарқыратып кеткен. Біз сол жұлдыздардың жарығында дәтке қуат ғұмыр кешіп келеміз. Ақын Қасымхан Бегмановтың жоғарыдағы екі шумақ өлеңі біздің санамызға осындай ойлардың отын тұтатып кетті. Бұл жыр жолдары – Бегманов әлемінің өнермен, өмірмен, ажалмен айқасар тұстағы қыбыламанамасы іспеттес. Ағалар салған асыл жолға түсер сәттегі қырандай сілкінуі, түлеуі тиіптес киелі таным. Шын өміршең жыр жолдары осындай тұнық айдынға тас атқандай толқымалы болады. Қырын келген ажалға да тік қарайтын тұйғын тектес, қаршыға бітімдес. «Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде» (Жұматай) дейтіндей Бегмановтың бекзада болмысының боямасыз көрінісі осындай. Бұл тұрғыдан келгенде Бегманов – сонау жас өркен шағынан, ежіктемей, екіленбей бақыты кем, соры қалың өлең әлеміне ойланбастан ен салып, ат байлаған ақын. Жайнаған туын жықпауға серттескен ақын. Қасымхан Бегмановтың өлең бастауы міне осы бітімдес, мәңгілікпен қанаттас, ірілермен тағдырлас тұнық тұмадан тамыр тартып жатыр. Алып жартастардың кәрі жердің кеудесіне қадаған сұғындай сұсты. Бізді Бегманов әлемі осындай кепиетімен енжар қалдырмайды. Делсалдық, бейғамдық пен бойкүйездік, самрқаулық Бегмановтың өжет поэзиясына жат қылық. 

Көңілім сол көңіл ғой баяғыдай,

Адалға құшағымды жаям ұдай.

Қаршадайдан жыр жазған қазағым деп,

Қасымдардың бір едім, ая құдай.

Ұлы ақын бары да рас арасында,

Жанының білем оның жарасын да.

Гүлжазира әлем бар, сол әлемде,

Менен басқа ешкім жоқ, барасың ба?

Қасымхан Бегманов жырлары – шынайылығымен, нәзік талғампаздығымен құнды. Қасымхан – ақ қағаздың алдында өтірік сөйлей алмайтын қасиетімен ерекше. Күлбілтелеу мен көлгірсуден ада. Оның сағынышы – кіршіксіз, риясыз. Оның мұңы – пайым мен парасатқа құрылған таза мұң. Жадағайлықтан ада. Жасанды мұңнан пәк. Сосын да оның жан дүниесі әдепкі көзге қорғансыздау көрінеді. Өзінің жалғыздығын серік еткен әлди күйі – ақын Қасымхан поэзиясының жаны. Оны алдамайтын, жолда қалдырмайтын, досқа күлкі, дұспанға таба қылмайтын жан жолдасы – осы аңқау, момын қара өлеңі. Осы қара өлең оның қос иығына қанат бітіріп, қомдана ұшқан сәтінде тұтас дүние қос алақанында қонардай еді. Бұл ақынның ең бақытты, ең шабытты шағы. Аруағын судай сапырған мерейлі сәті. «Қара өлеңдей қадірлі дос таппадым, Бәрі жалған... бәрі өткінші өкінем» деп өксуі де тегін емес. Ақынның кейбір өлең жолдарын да кезігетін қарапайым, тіпті жадағайлау көрінетін тіркестердің өзі жарасымды, ұтымды көрінеді. Себебі, әлем-жәлем мен әсіре қызыл-жасылдан ада, өз болмысымен құйылып түскен сол тіркестердің астарында, ақынның жүрек лүпілі, тамыр ағысы жатыр. Сондықтан да, Қасымхан Бегманов поэзиясы – оқырманның жүрек пернесін дөп басатын табиғатымен нұрлы. Жаныңның тереңінен шымырлап шыққан сөз, оқырманыңның күретамырын дөп басып, тыңдаушының тынысын ашып, теңіздей тебірентсе, ақынға одан артық бақыттың керегі не?..

Айтар сөзің қалмағандай бүгінге,

Есі кеткен ессіздерге жүгінбе.

Артымдағы иір-қиыр жолдармен,

Мені біреу іздеп шығар түбінде.

Қасымхан Бегмановтың қаламұшы – адам жанының ең бір нәзік сәулелеріне бойлайды. Жүдеген жан әлеміңді сол сәулелердің мизам шуағына шомылдырады. Пәс тартқан көңіл көкжиегіңді масаттандырады. Ақынның поэзиясы – оқырманын тоңдырмайды, қақтап күйдірмейді. Оның поэзиясы – адам ділімен үндесіп, қуаттандырады. Бейістің лебіндей ықылым күй кештіреді. Өткенің мен кеткенің, болашағың мен бағдарың, жарық дүниенің әрбір алаулы сәті – Қасымхан Бегманов жырларының жүлгесін жағалап, өз шүңетіне батырып, өз иріміне тарта береді. Сіз сол қуатты ирімнің құшағында өмірге қайта келгендей, бұрын аңдамаған, бұрын мән бермеген сезімдеріңізді аялап, өмір жолын қайта бастардай саз аңсайсыз. Өмірдің опындырған, өкіндірген тұстарының өзі сізге ғаламат құштарлық сыйлай бастайды. Міне бұл – Қасымхан Бегманов поэзиясының құдіреті. Оны өзге шайырдан аттың қасқасындай айқындап тұратын белгісі, бөгенайы. Қайталанбас қолтаңбасы. Ақындықтың жанкешті жолындағы үміттің ақталуы. Бұл өнер атаулының ең биік мәресі емес пе?

Алла маған өлең сөзден дерт беріп,

Түн ұйқымды төрт бөліп,

Қара жолда

Өзіме-өзім серт беріп,

Миллион рет жана-жана өрт болып,

Сезімдерім қиялымда кетті өліп.

 

Талқан қылып тас қамалын тағдырдың,

Шоқай өткен жолға түстім,

Қаңғырдым.

Қара өлең боп нұрын шашып жанымның,

Бабалардың сөздерінен жаңғырдым.

Біздің пайымымызша, Қасымхан Бегманов – өлеңді өліммен бетпе-бет келгендей күйде отырып жазатын ақын. Осы жолда ол өзін де, өзгені де аямайды. Бұл сөзді кие тұтқан шын ақынға тән қасиет. Сөз басында аңдатқанымыздай мылтықсыз майдандағы құрбандық. Осындай орасан болмысымен қатар ақын Бегманов кейде сондай шарасыз, дәрменсіз күйдің бұғауына да түседі. Ақын бір сұхбатында: «Мен өзімді кейде ипподромда үйретілген жылқы сияқты сезінемін»,- дейді. Әдепкі көзге бұл төрт құбыласы түгел, айтқан сөзі алашқа жүріп тұрған Бегманов айтар сөз еместей көрінеді. Иә, ол рас та. Ал арғы саңлауына үңілсеңіз бұл ақын Бегмановтың, сәби көңілді Бегмановтың жүрегі сыздаған шағындағы, көбелек қанатының діріліндей жан күйзелісі дер едік. «Ақын да адамзаттан дос болмайды» дейтін Мағжан ардақтаған жұрттың булыққан, тұншыққан күйінің бір парасы осындай. Бір де – от, бір де – мұз. Бір де – қақпанға түскен қасқырдай қаһарлы. Бір де – бесіктегі баладай бейғам. Ақын әлемі. Бегманов осындай қайшылықтар ортасынан үйлесім тауып, сол үйлесімнің өткір әуенін өлеңге тиек етіп, ғасырлар пернесін қозғап келе жатыр. Оның поэзиясының бебеулеген үні – қазақтың өз үні, қоңыр үні, дала дауысы. Оның алапатын асырып тұрған да осы ұлттық дауыс пен болмыс!

Баса алмадым шөлімді бір қандырып,

Өткен-кеткен санамда тұр жаңғырып.

Қайда барам, кеткенменен қаңғырып,

Қайғыларың жүрегімді жандырып.

Елім деген о, аяулы адамдар,

Мен сендерді сүйіп өтем мәңгілік.

Иә, оның поэзиясы ғасырлар пернесінің үстімен, толқыннан толқын тудырып жөңкіліп келеді. Уақыт атты қарияның қолындағы көне домбырадай арыдан бебеулейді. Параллель жатқан екі өмірді қос ішегіне қондырып ұзақ боздайды. Мың жылғы бір жолаушыдай болдырып келіп, қара жолдың бойындағы қара қосыңызға арнайы ат басын бұрып сәлемдеседі. Арғы бергіден сыр шертеді. Күңіренеді. Ішіндегі қамырықты ойлар қорғасындай құйылады.

Өр кеудемді намысым бастырмады,

Шуағымды жан-жаққа шаштырмады.

Өтті, кетті барлығы көрген түстей,

Адымымды уақыт аштырмады.

 

Мінезімді өзгертті күндер менің,

Ыңғайыңа жығылсам жүндер ме едің.

Ұлы ақын болам деп сөз беріп ем,

Ұлы өлең жазуға үлгермедім.

Сол көне домбырадан жұққан аңсарлы сағымның бір қанаты Қасымхан Бегманов жырынан осылай да оқыс үн қатады. Өз жанына терең үңіле алатын ақынның жан дауысы. Сырлы сөздің толғағы алқымыңнан алып, арпалысқа салатын ақын атаулыға тән қасиетті соғыс. Ең ұлы туындысын келер күннен күткен үміт ұшқыны. Ақын атаулы өз биігін бағамдағанымен, өзіне-өзі кесер үкімді уақыттың еншісіне қалдырады. Өзеуреп, озандамайды. Жан сырын ақтарып салып қарап отырады. Бұл Бегманов сынды бекзат ақын үшін жарасымды мінез. Орынды опыну.

Ақын, қоғам қайраткері Қасымхан Бегмановтың ұлт руханияты үшін істеген жұмыстары ерлікпен пара пар. Әсіресе тұтас Түрік жұртының көсемі Мұстафа Шоқайдың ізімен жүріп өткен сапары, ел мүддесі үшін жасалған ұлы істердің бірі болды. Мұстафаның тал бесігі Сұлутөбеден бастап, жер бесігі Берлиндегі зиратына дейін сегіз мемлекетті басып өткен тағылымды экспедиция, әуелі бірнеше бөлімнен тұратын деректі фильм болып шықты. Сосын «Мұстафа Шоқай жолымен» атты ғылыми сапарнамалық кітап болып жалғасын тапты. Одан кейін, ақын шығармашылығының биік парасатын көрсететін тарихи дастан, тарихи поэтикалық драмаға ұласты. Соның бірі – Қасымхан Бегмановтың «Көкжиек» жыр жинағына кірген «Мұстафа Шоқай» атты бір бөлім, жеті көріністен тұратын драмалық шығармасы. Аталмыш шығарма – ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай өмірінің ең күрделі, ең нәзік, ең күреске толы кезеңін шамырқана суреттейді. Нақтылап айтсақ тұтас түркі жұртының бірлігі үшін жасалған күрес аяусыз жанышталғаннан кейін, алаш ұранды азаматтарға қуғын-сүргін басталып, Мұстафа Шоқайдың ел тәуелсіздігі жолындағы күрестің жаңа белесіне көтерілер тұсы. Яғни Түркия арқылы алғаш Германияға сосын Францияға қоныс аударып, «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, советтік билікті аяусыз сынаған өмірінің соңғы кезеңдеріндегі арпалысты жолы – осы сахналық шығармаға арқау болады. Драмада Мұстафа мен жары Мариямның ізгі махаббаты, қан кешіп, от бүріккен ұрыс даласында бір-біріне сүйеніш, тіреу болған ерліктері тамаша баяндалады. Қандай қиын сәтте де Мұстафадай асыл ердің қасынан табылған Мариям анамыздың образы бүгінгі жас ұрпаққа ой саларлық биікте ашылған. Сонымен қабат БМСБ тергеушісі Харитонов пен оның тыңшысы Ивановтың Мұстафаның соңынан түскен аярлығы, Шоқайдың ел ішіндегі беделі мен шетел қайраткерлерімен қатар тізе қоса Советтік идеологияға қарсы тұруы барынша тарихи деректер негізінде, ақынның образды ойлауының нәтижесінде шынайы, шығармашылықтың биік мәресінен көрініс береді. Айталық, драманың соңында Мұстафаның аузынан айтылатын мына сөздер, жігеріңді жанып, рухыңды тасқындатады.

Біріксек, біреу келіп таптамайды,

Жалтақты ешбір пенде жақтамайды.

Бұл күнде бөлек-бөлек ел боп кеткен,

Түркістан үшін майдан тоқтамайды.

 

Шырқарың әуелетіп бір ән болып,

Жаттайтын ұлы сөзің құран болып,

Түркістан,

Түркі сөзі ұран болып,

Туларың көкте самғар қыран болып.

Қайтадан дәуірлейтін заман келіп,

Түркілер, бірігіңдер Тұран болып!

Ақын Қасымхан Бегмановтың азаматтық ұстанымы анық әрі берік. Ол бұл көште Мұстафа Шоқай һәм Алаш арыстарының пайымы терең ұстанымдарын мұрат тұтқан. Өмір жолының айнымас заңы еткен тұлға. Мұстафа Шоқай бір сөзінде: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi»,- деп атап көрсетеді. Міне, Қасымхан Бегманов өзінің шығармашылық жолында да, азаматтық ұстанымында да Мұстафа рухымен, Мұстафа жолымен қаруланған қаламгер. Кезкелген ақын да бола бермейтін бұндай рух қаруы Қасымхан ақынның бітімін тіпті де биікте те, сөзінің нәрін тіпті де құнарландыра түседі. Біздің осы ойымыздың ұшығын ғалым, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова қуаттай түседі: «ХХІ ғасырдың қазағына қажетті ойларды бізде айта білетін ақындар көп емес. Солардың бірегейі – Қасымхан Бегманов екені даусыз. Мен осы кітапты оқып шығып, қазіргі қазақ поэзиясында шынында да бір үлкен өзгерістер бар екеніне анық көзім жетті. Себебі, Қасымхан Бегманов ел айтып жүргендей, лирикалық бағыттағы ақын ғана емес. Сол лирикалық, өзінің жас кезіндегі шынайы бозбалалық сезімін, одан кейін анаға, табиғатқа деген шынайы сезімін бейнелеп жазған сезімтал ақын». Қасымхан Бегмановтың поэтикалық қуаты аса күшті тарихи жыр-толғаулары мен дастандары міне осы азаматтық еркіндіктің, тәуелсіз ойға деген құштарлықтың күмбезі. Бұл тұрғыдан келгенде оның «Ташкентпен қоштасу», «Шерлі Түркістан», «Ескі жұрт», «Алашорда аманаты» сынды шығармалары – әдебиетімізге қосылған ірі жетістіктердің санатынан. Тарихи шындықты көркем образ, анық сурет пен бейнелеу тілінің өткірлігі арқылы аша білу – Бегманов поэтикасының үлкен жетістігі дер едік. Ол бұндай күрделі, ауқымды, жауапкершілігі зор тақырыптарға үлкен дайындықпен келеді. Ол үшін барлық деректерді салыстыру, зерттеу азшылық. Ең бастысы ол аталған тарихи уақиғаны, тарихи тұлғаның болмысын, бітімін, мінезін, арман мұңын, мұрат мақсатын жанәлемінен өткізіп, өз ішінде түлетіп, өз ішінде жаратып, жұмыртқасын шайқаған қырандай қайыра дүниеге әкеледі. Бұл тұрғыдан Қасымхан Бегманов – Мағжан мен Ілиястің, Ғафу мен Жұбанның жоқшысындай, от орнын басқан тұяқтай әсер етеді.

Шын сүйді ғой сүйгенін, жазсын деген шығарсың,

Шоқай жолын екшелеп, қазсын деген шығарсың.

Жағда шалмен сырласып, қалсын деген шығарсың,

Сыбағасын өмірден, алсын деген шығарсың.

Дүниені шарлап бір, қайтсын деген шығарсың,

Жүрек сырын жыр етіп, айтсын деген шығарсың.

Жағда демекші... Қазақтың қайталанбас тұлғасы, Алаш арыстарының көзіндей болған абыз ақсақал Жағда Бабалықтың аузынан, ұлт мәдениетіне тікелей қатысты ұлан-ғайыр байлықты жазып алуының өзі – Қасымхан Бегмановтың ұлтқа жасаған даңқты қызыметінің бірі. Біздің елдігімізді басқа жұрттан айшықтап, айналамыздан даралап тұратын ұлттық сипатқа ие бұл еңбек – «Этнографпен әңгіме» деген атпен кітап болып жарыққа шықты. Қасымхан Бегмановтың басқа еңбектерінің бәрін ысырып қойып, жалғыз осы еңбегін қалдырсақ та, ол алаштың рух-төріне еркін жайғасуға лайықты тұлға. Әлдеқашан ел руханиятының алтын қазығына айналған, ғылыми айналымға түскен бұл еңбектерді біз әдіптемесек те, саналы жұрт біледі. Біздікі сөз орайына қарай, ел есіне қайта бір жаңғырту. Бұл күнде Қасымхан Бегмановтың жетекшілігімен шығатын, еліміздегі бірден-бір этнографиялық «Дәстүр» журналы да, сол байырғы өркениеттің жалғасындай болып келе жатқан басылым екені қалың оқырманға мәлім.

Жаратушым көңілде, жүрегімде тұрарсың,

Көз жетпейтін көкжиек, қол жетпейтін шынарсың.

Менің мұңлы у-шулы өмірімде тұрарсың,

Сәл жұмбақтау, қайғылы өлімімде тұрарсың,

Соңғы минут, соңғы сәт көңілімде тұрарсың,

...Терең ұққан жас ұрпақ өксіп-өксіп жыларсың.

Бұл жаратушының алдында жансырын айтқан ақынның дұғасы, ішкі иланымы. Жаратушының алдында ақын Қасымхан Бегманов осылай асқақ сөйлеуга, ашынып сөйлеуге әбден хақылы. Құдай-Тағаланың махаббатпен жаратқан пендесінде құдайлық сипаттың баршасы бар екені аян. Ақын буырқанған ойдың жойқын жарылысы үстінде осылай асып-тасып сөйлейді. Нұр сипаттанады. Тәңірлік кейіпке енеді. Барша дүние бүтін болмысымен алақанында уылжып тұрады. Бұл - Құдайдың ақынға берген алапаты. Ақын Қасымхан Бегмановтың «Көкжиегіне» сапарлай шыққанымызда біз осындай ұйытқы ойлардың шарпуына жиі түстік. Ақын жанының аялы шуағына малшындық. Бізді өз тұңғиығына тартып, алды-артымызды орап, табанымыздан ыстығы өтіп, төбемізді туған айдай нұрландырып – Қасымханның жыр әлемі жатты көз алдымызда. Жаны шөлдеген, кәусар тазалыққа ынтыққан, өз әлемін таппай жүрген жан иесі болса, біз оны ойланбастан Қасымхан Бегманов поэзиясының ақ суатына бастар едік. Жұпарын құмарлана таусаған сәтін мейірлене тамашалар едік. Арманға асыққан жолдарды бойлап, аспан мен жердің арасын жалғап, «Көкжиек» (Қасымхан Бегмановтың жыр жинағы) бізді тағы бір көкжиекпен қауыштыратындай. Бір белді бір белге бүктеп, бір шаңды бір шаңғы қосып сол жиекке қарай жүйткіп келеміз. Тым асығулымыз…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар