Қазақ әдебиеті: Дала мақамынан ғаламдық үнге

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов жақында көпті толғандыратын тақырыптардың бірі – қазақ әдебиетінің әлемдік кеңістіктегі жаңа даму сатысына көтерілуі турасында өз ойымен бөліскен еді. «Әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама керек», - деген үндеуі арқылы қазақ руханияты үшін өте өзекті әрі көптен көтерілу керек мәселені ортаға салып отыр. Осыған байланысты бір топ қаламгерлердің пікірін ұсынып отырмыз…

54

Қазақ әдебиеті: Дала мақамынан ғаламдық үнге - adebiportal.kz

 

Түптің түбінде сең бұзылары анық

Жуырда ақпарат көздерінен Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов пен Нобель сыйлығының иегері, әлемге әйгілі қытай жазушысы Мо Янның өзара жазысқан хаттарын оқыдық. Мереке мырза хатында қалам иесінен қазақ әдебиетінің классигі, Халық жазушысы Төлен Әбдіктің қытай тіліне аударылған «Парасат майданы» повесін оқыған, оқымағанын сұрап, шығарманы Нобель сыйлығына ұсыну жолдары жайлы кеңескен екен. 

Мо Янь мырза да өз хатында қазақ еліне келіп, әдеби қауыммен сұхбаттасқанын, Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен әр кездесуде халықтың жылы қарсы алғанын жеткізе отырып, алғыс білдіріпті. Сондай-ақ ол Төлен Әбдіктің повесін оқығанын, шығарманың қатты ұнағанын баяндай келе, аталған сыйлыққа ұсынудың өз ережелері барын жан-жақты тілге тиек еткен.Жазушының шығармалары қытай тіліне ғана емес, Батыстың, Еуропаның тілдеріне аударылу керектігін, комиссия мүшелері де жазушы шығармашылығымен тереңнен танысуы қажет екенін де жазыпты. Меніңше, Мо Янь мырза дұрыс айтады. Өйткені, әдебиетіміздің танылуы үшін ең басты мәселе осы жерде жатыр.

Әдебиетімізде қаншама мықты классиктер болса да, осы күнге дейін ешбірі Нобель сыйлығына ұсынылмады, алмады. Себебі сапалы аударма, сәтті жарнама  жоқ. Тіпті Мұхтар Әуезовтен бастап, Сайын Мұратбеков, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік сынды өзге де  мықтыларымыздың туындылары өз деңгейінде тәржімаланған емес. Сол үшін де Шығыс Азия елдері, соның ішінде қазақ жазушылары қанша жерден талантты, дарынды болса да, бізге Нобель сыйлығының қарасы әзірге көрінбейді. 

Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов осы бағытта, жалпы Қазақстан  жазушыларының беделін көтеру мақсатында аянбай еңбек етіп келе жатыр. Біршама уақыт бұрын бір топ қаламгерді (оның ішінде біршама жас жазушылар да бар) әлем туралы, әдебиет туралы көзқарастары кеңейсін деген мұратпен Қытайға арнайы сапармен алып барып, алпауыт елдің әдеби ортасына таныстырып қайтты. Одан бөлек, қазақ әдебиетінің жауһарларын шет тілдеріне жүйелі түрде аудару, сауатты, білікті аудармашылармен байланыс орнату жұмыстарын қолға алуда. Осылай-осылай сең бұзылары анық. 

Ал, Төлен Әбдіктің әр туындысы, тұтас шығармашылығы әлемдік үлкен сыйлықтарға әбден лайық екенін қалың оқырман жақсы біледі. Басқа шығармалары да тәржімаланып, дүниежүзі оқырмандарына еркін жетіп, Нобель сыйлығын алар күні алда деп білеміз.

Кәдірбек Сегізбайұлы, 

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Аудармашылар мектебі құрылса, олжа салары анық

Көтеріліп отырған мәселе өте өзекті. Оны Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтің қозғап отырғаны өте дұрыс. Мақалада айтылған бастаманы Жазушылар одағы мен Министрлік бірлесіп қолға алса, үлкен стратегиялық бағдарлама жасалса, жұмыс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Нәтижені тез көреміз десек, Төлен ағаның тұтас шығармаларын (Төраға Нобель сыйлығына ұсынылса деп отырған әрі бірден-бір лайық жазушы) ағылшын тіліне сауатты да көркем аударту, жазушы туындыларын арқау еткен сын мақалаларды да жүйелі тәржімалату, шетел сыншыларына да талдау мақалалар жазғызу жұмыстарын ұйымдастыру керек. Содан кейін ғана, тиісті алғышарттарын орындап болған соң, жазушы туындылары Нобель сыйлығына ұсынылса, жемісіне де куә боламыз деп ойлаймын. 

Басқа елдердің, Жапонияның, Кореяның (бәлкім, Қытай елінде де осындай үрдіс бар шығар) тәжірибесіне зер салсақ, айтулы деген бір жазушыны таңдап,  соның шығармашылығын насихаттау, жарнамалау мақсатында мемлекет тарапынан арнайы жұмыс жасалып, қолдау көрсетіледі ғой, біздің елімізге де осындай үрдіс керек секілді.

Тағы бір айтарым, аудармашылар мектебін қалыптастыру қажет. Жазушылар одағы мұрындық болып, бюро құрып, қаламақысын Министрлікпен келісіп, мықты-мықты аудармашыларды жұмылдырса, қандай туындыларды аудару керегі жөнінде бағдар беріп отырса, үлкен олжа салары анық. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Абай атындағы университетте, Қыздар педагогикалық университетінде, Абылай университетінде екі тілді факультеттер бар. Осы тұрғыда да Білім министрлігімен келісім жасасып, әдеби шығармаларды аударатын бөлім құрып, мамандар дайындаса, нұр үстіне – нұр болар еді.

Әлия Бөпежанова,

әдебиеттанушы, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Біз әлемге сапалы аударма, сәлихалы әдеби агенттер арқылы шыға аламыз 

Қазақ қаламгерлері әлемдік кеңістікке шығуы үшін, ең алдымен, әлемдік оқырманды толғандыра алатын ұлы да ірі шығармалар жазылуы керек. Адамның қайғысы мен қуанышы, жалғыздығы мен үміті, адамзаттың жан жарасы, қоғам мен жеке тұлғаның қақтығысы – әдебиетке тақырып болатын дүние өте көп.

«Қазақ әдебиетінде Нобель сыйлығына лайық жазушылар көп» деген пікір жиі айтылады. Өз басым бұл пікірмен толық келісе алмаймын. Ондай қаламгерлер мүлде жоқ деген сөз емес, бірақ олар санаулы ғана. Оның үстіне, үлкен тұлғаларымыздың көбі о дүниелік болып кетті. Көзі тірі қаламгерлердің ішінен Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» роман-трилогиясын әлемдік оқырманға ұялмай ұсынуға болады деп есептеймін. Шығармадағы Пахраддин мен Сырға әулетінің, Хансұлу мен Шегенің тағдыры өзінің трагедиялық қуаты жағынан Маркестің Буэндиа әулетінің тарихынан кем соқпайды.

Нобель сыйлығына қазақ жазушыларын ұсынуға құмар азаматтар ең алдымен «Ақ боз үйді» жоғары кәсіби деңгейде ағылшын, француз және испан тілдеріне аудартуға күш салса дер едім. Өйткені әлемдік әдебиетке жол ұранмен немесе атақпен емес, сапалы шығарма және мінсіз аударма арқылы ашылады.

Әдебиетті ғана емес, өнердің кез келген саласын мемлекеттің және ірі қоғамдық қорлардың қолдауы – өте қажет әрі игілікті іс. Алайда мәселе сол қолдаудың қандай деңгейде және қандай қағидамен жүзеге асатынында. Өкінішке қарай, бізде өтетін әдеби конкурстар мен байқауларда кейде  тамыр-таныстық, алдын ала сөз байласу, рушылдық пен жершілдік көркемдік өлшемнен жоғары қойылып жатады. Ең алдымен шығармаға емес, оның авторының «қай топқа» жататынына мән берілетін жағдайлар кездеседі. Сондықтан әдебиетті қолдаудан бұрын сол қолдауды жүзеге асыратын орта әділдікке, ашықтыққа және кәсібилікке негізделуі керек. «Әркім өз лағын теке қылуға ұмтылатын» қазақы түсініктен арылмайынша, шынайы талантты анықтау да, әдебиетті өркендету де қиын. 

 Мемлекет қолдауы ең алдымен, аударма бағытында қажет. Бірінші мәселе – шығармаларды жоғары деңгейде аудару. Екінші мәселе – сол шығармаларды халықаралық әдеби нарыққа шығара алатын кәсіби агенттіктердің болуы. Цифрлық платформаларға, халықаралық кітап жәрмеңкелері мен дүкендеріне және ірі баспаларға шығу үшін қаржы ғана емес, әдеби агент, редактор, құқық маманы, аудармашы және маркетолог бірлесе жұмыс істеуі тиіс қой. Мұндай кешенді жұмысты жеке автордың жалғыз өзі атқаруы өте қиын.

Халықаралық кітап көрмелеріне кез келген кітапты апара беру нәтиже бермейді. Онда кәсіби түрде аударылған, мұқият іріктелген, әлемдік оқырманға ұсынуға лайық ең мықты шығармалар қойылуы қажет. Әр кітаптың шет тіліндегі таныстырылымы, қысқаша мазмұны, автор туралы мәліметі және аударма үзінділері дайын болуы тиіс.

Сонымен қатар шетелдік баспалармен, әдеби агенттіктермен, аудармашылармен, фестивальдермен және беделді қаламгерлермен тұрақты байланыс орнату керек. Мұндай жұмыс бір реттік науқанмен емес, жыл бойы жүйелі түрде жүргізілгенде ғана нәтиже береді.

Бізде әдебиетке жалғыз Жазушылар одағы ғана жауапты сияқты түсінік қалыптасқан. Бір ұйым бүкіл әдеби үдерісті қамти алмайды. Тәуелсіз шығармашылық клубтар, әдеби қорлар, кәсіби агенттіктер мен аударма орталықтары көбейгенде ғана әдеби ортада бәсеке пайда болып, сапа артады.

 Аударма институты баяғыда-ақ құрылуға тиіс еді. Біз көбіне игілікті істерді уақытынан кеш бастап жатамыз.

Елімізде қабілетті жекелеген аудармашылар бар. Алайда олардың еңбегіне төленетін қаламақы көбіне атқарған жұмысына сай келмейді. Көркем аударма көп уақытты, терең білімді, әдеби талғамды және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тиісті жағдай жасалмағандықтан, аударма саласы қатты ақсап қалды.

Арнайы институт аудармашыларды даярлаумен ғана шектелмеуі керек. Ол көркем аудармаға грант бөлу, жас мамандарды шетелде тағылымдамадан өткізу, аудармаларды бірнеше кезеңмен редакциялау, тәуелсіз сараптама жасау және үздік аудармашыларды тұрақты қолдау қызметтерін атқаруға тиіс.

Біздегі өнердің қай саласында болсын науқаншылдық басым. Мысалы, 2019 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақстандық 60-тан астам ақын-жазушының шығармалары ағылшын, француз, испан, қытай, араб және орыс тілдеріне аударылды.

Басқа тілдердегі нұсқалары жөнінде кесімді пікір айта алмаймын. Алайда өзім хабардар қытай тіліндегі кейбір аудармалардың сапасы үлкен күмән туғызды. Жекелеген мәтіндерден машиналық аударманың белгілері байқалып, сөйлем құрылымы мен көркемдік мағынасы елеулі бұрмаланған тұстар кездесті. Кей аудармалардың деңгейі бесінші сынып оқушысының сөзбе-сөз тәржімесіне ұқсап кеткен.

Бұл – қадірлі классиктерімізді өзге елге таныстыру емес, керісінше, олардың шығармаларын шетелдік оқырман алдында қорлау және қадірін кетіру. Әманда, нашар аударма орташа шығармадан да қауіпті. Өйткені шетелдік оқырман түпнұсқаны емес, сол сапасыз аударманы қазақ әдебиетінің шынайы деңгейі деп қабылдайды.

Қазіргі адамның санасы да, талғамы да, құндылықтары да өзгерді. Сондықтан бізге жаңа заманның талаптарына бейімделген, тамыр-таныстық пен жемқорлықтан ада, ашық әрі кәсіби аударма жүйесі қажет. Сонда ғана қазақ әдебиеті әлемге науқандық есеп үшін емес, шынайы көркемдік құбылыс ретінде танылады.

Ұларбек Дәлейұлы 

Ақын, жазушы.

Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты.

Қазақстан Жазушылар одағының, «ТҮРІКСОЙ» Жазушылар одағының  мүшесі

 

Әдебиет – ұлттың стратегиялық рухани капиталы

Нобель сыйлығы алғаш 1901 жылы табысталғаннан бері де бір ғасырдан астам уақыт өтіпті. Осынша  ұзақ уақыт бойы қазақ әдебиеті әлемдік әдебиетке үлес қоспауы мүмкін бе? Әлде әлемдік деңгейдегі сыйлыққа өз қаламгерімізді ұсынуға біздің хақымыз жоқ па? Егер бір ғасырдан астам уақыт бойы қазақ әдебиетінен Нобель лауреаты шықпаған болса, бұл  қазақ әдебиетінің әлсіздігін білдірмейді.Бұл – әдебиетіміздің әлемге жүйелі түрде таныстырылмағанының, шығармаларымыздың жеткілікті деңгейде аударылмағанының және халықаралық әдеби айналымға тұрақты енбеуінің  салдары.

Альфред Нобельдің өзі өсиет еткендей   «әдебиет саласында идеалдық бағыттағы ең көрнекті туынды жасаған», көркемдік деңгейі биік,  ғылымнан кем емес маңыздылыққа ие, адамзаттың ортақ мәселесін көтеретін, дүниетанымдық дамуына ықпал ете алатын үлкен шығармалар  жазған, адамзатқа ортақ шығармалары әлемнің  көптеген тіліне аударылған, халықаралық деңгейде танылған авторлар қазақта  болды ғой... 

Мысалы,  бір ғана Мұқтар Әуезовтің өзі неге тұрады? Бірақ, ол кезеңде  мұндай мәселелердің барлығы Кремльдің саяси сүзгісінен өтетін. Бодан елден шыққан жазушының әлемдік ең жоғары әдеби марапатқа ұсынылуының өзі сол заманның идеологиялық шектеулеріне тәуелді болды.

Ал, қазір  тәуелсіз Мемлекетпіз. Сондықтан Қазақстан Жазушылар одағының тарапынан қазақ жазушысын Нобель сыйлығына ұсыну бастамасының тарихта алғаш рет ресми түрде көтерілуі – қазақ әдебиеті тарихындағы маңызды белес. Мұны мысқылдың, кекесіннің емес, мәселеге бір ғана жазушының айналасында емес,  қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби кеңістіктегі орнын іздеуінде деп қарауымыз керек. 

Төлен Әбдік болсын, басқа болсын, қазақ қаламгерлерінің арасында шығармашылық қуаты Нобель лауреаттарымен бір деңгейде сөз қозғай алатын авторлар бар деп ойлаймын. Кезінде Орта Азия кеңістігін әлем әдебиетінің назарына  аудартқан Олжас Сүлейменовтің де ақындық қуаты, философиялық ойлау тереңдігі, халықаралық танымалдығы көптеген Нобель лауреаттарынан кем емес еді. Өкініштісі, ол шығармаларын өз  ана тілінде жаза алмады. 

Егер әлем әдебиетті ғылыммен, медицинамен, бейбітшілікпен қатар қоятын болса, онда біз де әдебиетке жай ғана мәдениет саласының «ресми немесе науқандық қолдау» сипатына ие бір тармағы ретінде емес, ұлттың стратегиялық рухани капиталы ретінде қарауға тиіспіз.

Сондықтан, Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы көтеріп отырған «Әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама қажет» деген ұсыныс – бір ұйымның немесе бір жазушының ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің болашағына қатысты мәселе деп ойлаймын. Сонымен, Қазақ әдебиетін Нобельге апаратын  баспалдақпен көтерілуге ұмтылысымыз баянды болғай! 

Ақсұңқар Ақынбаба, 

ақын, аудармашы, «Дарын» жастар мемлекеттің сыйлығының, 

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты 

 

Қазақ әдебиеті – әлемдік кеңістікке қарай…

Шын мәнінде, ұлттық әдебиеттің әлемдік деңгейде мойындалуы ең алдымен оның халықаралық мәдени айналымға енуімен тікелей байланысты. Әлемдік әдеби үдерісте шығарманың көркемдік құндылығымен қатар, оның жетекші тілдерге аударылуы, академиялық ортада зерттелуі, беделді баспалар арқылы жарық көруі маңызды рөл атқарады. Сондықтан қазақ әдебиетінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде дамыту.

Қазақ әдебиетінің көркемдік қуатына күмән келтіруге болмайды. Классикалық әдебиетіміз де, қазіргі қаламгерлеріміздің шығармалары да идеялық тереңдігімен, философиялық мазмұнымен және көркемдік ізденістерімен ерекшеленеді. Алайда бүгінгі жаһандану дәуірінде шығарманың құндылығы оның көркемдік деңгейімен ғана емес, әлем оқырманына қаншалықты қолжетімді болуымен де айқындалады. 

Осы тұрғыдан алғанда, кәсіби аударма, халықаралық баспа жобалары, әдеби агенттік институты және ғылыми зерттеулер әдебиетті әлемге танытудың негізгі тетіктеріне айналып отыр. Әлем әдебиетінің тәжірибесіне зер салсақ, халықаралық беделге ие болған көптеген авторлардың шығармалары алдымен жетекші әлем тілдеріне аударылып, университеттердің оқу бағдарламаларына енгізіліп, ғылыми конференциялар мен әдеби сынның нысанына айналған. Бұл – әдебиеттің халықаралық айналымға енуінің қалыптасқан моделі. Қазақ әдебиеті де осы үдерістен шет қалмауы тиіс.

Қазіргі таңда Қазақстан Жазушылар одағы қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде насихаттау бағытында бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Мұндай жұмыстардың нәтижесі бірден байқалмауы мүмкін, алайда олардың стратегиялық маңызы зор.

Қазақ әдебиетінің халықаралық беделі бір ғана марапатпен немесе жекелеген жетістікпен өлшенбейді. Ең бастысы – ұлттық әдебиетті әлемдік рухани айналымның ажырамас бөлігіне айналдыру. Ол үшін мемлекет, әдеби қауым, аудармашылар, әдебиеттанушылар мен баспа саласы өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажет.

Ұлттық әдебиеттің болашағы – оны әлемге таныта білуімізде. Бізде соған лайық шығармалар да, талантты қаламгерлер де жеткілікті. Ендігі міндет – сол рухани мұраны халықаралық оқырманға жүйелі әрі кәсіби түрде жеткізу. Сонда ғана қазақ әдебиетінің әлемдік кеңістіктегі орны бұрынғыдан да айқындала түсетіні сөзсіз.

Қанат Алтынбек,

жазушы, публицист,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan