Қазақ әдебиетінің шежіресіне айналған әулеттер
Отбасылық маңызды құндылықтарды сақтап, ұрпақтар сабақтастығын және саналы әрі «дұрыс» ата-ана болу маңызын дәріптеу мақсатында, қыркүйектің екінші жексенбісі «отбасы күні» деген әдемі мерекеге ұласыпты. 2013 жылдан бастап еліміздің мерекелер тізіміне ресми енген бір атаулы күннің отбасыға арналғаны қуантады. Дәл осы мерекеге орай, төл әдебиетіміздегі отбасы сабақтастығы жайлы сөз қозғасақ деп едік. Атадан балаға мал-мүліктен бөлек баталы сөз, бағалы кітаптардың да қалуы – құнды мұраның бірі.
Қаламгер үшін отбасы – кейде алғашқы мектеп, кейде шығармашылық зертхана болатыны рас. Баланың әдебиетке деген қызығушылығы көп жағдайда үйдегі ата-ананың әсерлі әңгімесінен, оқыған бір кітабынан, жазу үстеліндегі қойын дәптерден басталуы әбден мүмкін. Әдеби ортада өскен қаламгердің баласы сөз қадірін жастайынан түсініп, оның бағасын басқаларға қарағанда жоғары қоя ма дерсің? Бұл әңгімені қозғап отырған себеп мынау. Отбасылық маңызды құндылықтарды сақтап, ұрпақтар сабақтастығын және саналы әрі «дұрыс» ата-ана болу маңызын дәріптеу мақсатында, қыркүйектің екінші жексенбісі «отбасы күні» деген әдемі мерекеге ұласыпты. 2013 жылдан бастап еліміздің мерекелер тізіміне ресми енген бір атаулы күннің отбасыға арналғаны қуантады. Дәл осы мерекеге орай, төл әдебиетіміздегі отбасы сабақтастығы жайлы сөз қозғасақ деп едік. Атадан балаға мал-мүліктен бөлек баталы сөз, бағалы кітаптардың да қалуы – құнды мұраның бірі.
Қазақ әдебиетінде шығармашылық сабақтастықты қалыптастырған әулеттер аз емес. Дана халқымыздың «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген мақалы әдебиеттегі әке жолын қуып қалам ұстаған, анасының өнегесімен көгеріп, өнерге келген ұрпақтың шығармашылық сабақтастығын, рухани жалғастығын айқындай түсетіндей. Талант пен тағылымды қатар мұра етіп, төл әдебиетімізде бір әулеттің шығармашылық үрдісін қалыптастырған әдеби тұлғалар жетерлік. Жылулық пен берекенің лебі ескен «отбасы күні» қарсаңында бір тамырдан тараған, қазақ әдебиетінің шежіресін қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан қаламгерлер мен ізін жалғаған ұрпақтары жайлы не білеміз?
Жалпы әдебиеттің тарихын әр қаламгердің еңбегінен емес, тұтас әулеттің тағдырынан тануға болады дейміз. Бір үйдің төрінен басталған әдеби әңгіме кейін бірнеше буынның өміріне ұласып, ұлт мәдениетінің ортақ мұрасына айналған мысалдар да жоқ емес. Әкесі қалам ұстаса, баласы әдебиетті зерттеген, қызы әкеден қалған әдеби мұраны көзінің қарасындай сақтаған мұндай отбасылардың әрқайсысы – қазақ руханиятындағы шежіренің бір-бір тармағы сынды. Сондықтан болар әке жолын жалғаған баланың қаламы – бір жағынан, отбасылық өнегенің, екінші жағынан, рухани аманаттың бүгінгі жалғасындай.
Ұлттық әдебиет тарихында бір әулеттің атын қатар алып, екі алыптың шығармашылық мұрасын сөз етуге болатын ерекше есімдер бар. Солардың бірі әрі бірегейі – Абай мен Шәкәрім сынды екі бөлек тұлға. Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының арасындағы туыстық байланыс олардың рухани деңгейінің жақындығымен де астаса түскені белгілі. Шәкәрім – Абайдың немере інісі. Бозбала шағынан Абайдан үлкен тағылым алған Шәкәрім – оның ақындық дәстүрін жалғастырған. Әдебиетте өзіндік жеке қолтаңбасын, адам, қоғам, ғылым, дін, ар-ұят туралы ойларын өзгеше дүниетанымымен сабақтастырып, қазақ әдебиетін жаңа биіктерге көтере білген жан. Десек те, ұлы ойшыл Абайдың айналасында қалыптасқан шығармашылық орта Шәкәрімнің тұлға ретінде қалыптасуына айрықша ықпал еткені белгілі. Ойлап қарасақ, Абайдың ақындық мектебі Шәкәрім үшін тек өлең оқып, жазуды үйренетін орта емес, ізгі ой мен үлкен ізденістің, адам болмысына үңілудің рухани ордасы болды.
Абай қазақ поэзиясына жаңа дем әкеліп, сөз өнерінің көркемдік мүмкіндігін кеңейтсе, Шәкәрім сол рухани арнаны өзіндік философиялық ойларымен тереңдете түсті. Оның «Үш анық» еңбегі, өзге де өлеңдері мен дастандары адам мен ар мәселесін, иман мен ақылдың ара қатынасын, өмірдің мәнін кеңінен толғайды. Осы тұрғыдан алғанда, Абай мен Шәкәрімнің әдеби байланысын бір әулеттегі таланттың жалғасуы ғана емес, бір рухани мектептің екі биігі деп қабылдаған жөн.
Төл әдебиетіміз жайлы сөз қозғағанда, ендігі ойға оралатын есімдердің қатарын Мұхтар Әуезов толықтыратыны анық. «Абай жолы» арқылы қазақтың тұтас бір дәуірін әлем әдебиетінің кеңістігіне алып шыға алған жазушының шығармашылық мұрасын атадан балаға қалдырар мәдени жәдігер деп те айтуға болады. Жазушының ұрпағы әке жолын жалғап, ғылымға, жазу-сызуға ден қояды. Уақыт өте қаламгердің ұлы Мұрат Әуезов қазақ мәдениеті мен ғылымында, ұлт тарихында өзіндік орны мен аты қалыптасқан дара тұлғаға айналады. Ізденістері мен еңбектерінің нәтижесінде, ғалым, мәдениеттанушы, дипломат, қоғам қайраткері атанып, асыл әке мұрасын келер ұрпаққа дұрыс жеткізе ала білді. Тек сақтап қана қоймай, қазақтың рухани әлемін жаңа қырынан танытуға сүбелі үлесін де қосты. Сонымен Әуезовтер әулетін айтқанда, ұлы мұраның құнын біліп, оны дұрыс сақтай алған саналы ұрпақтың әке жолын лайықты түрде жалғағанын көреміз.
Қазақ поэзиясындағы алыптардың ендібірі – Ілияс Жансүгіров пен оның шығармашылығы Тағдыры ұлт тарихының күрделі кезеңдерімен ұштасқан ақынның шығармалары уақыттың қатал сынынан өткенмен, оның артында қалған әдеби мұраны сақтау міндеті кейінгі ұрпағына жүктеледі. Жансүгіровтың қызы Ильфа Жансүгірова әкесінің шығармашылығын зерттеп, оның әдеби мұрасын жинақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттауға зор еңбек сіңіреді. Қарап отырсақ, әдеби әулеттің жалғастығын міндетті түрде, қолына қалам ұстаған ақын немесе жазушы болумен өлшеуге болмайды екен. Кейде әкесі жазған тамаша еңбекті ұрпағының ұлты үшін сақтап қалуының өзі – әдебиетке деген зор қызмет пен құрмет дерсің.
Бағамдай келе, әдеби әулет деген ұғымды «әкесі – ақын, баласы – жазушы» деген қысқа шеңберде қарастыру жеткіліксіз екендігін байқаймыз. Әдебиетке қызмет етіп, оны келер буынға жоғалтпай жеткізудің өзі үлкен міндет әрі зор жауапкершілік. Қаламгер ұрпағының бірі жазса, бірі зерттейді, енді бірі оны сақтайды, келесісі – оқырманға жеткізеді. Олардың барлығын байланыстыратын дүние – әдеби жады. Әдеби жады – бір ұрпақтың екінші бір буынға қалдырған рухани аманаты, қастерлі мұрасы.
Уақыт көші тоқтаусыз алға жылжиды. Кезінде әдеби әлемде әр сөзінің салмағы алтынмен тең болған ұлы тұлғалар да уақыт өте келмеске аттанады. Алайда олардың артында халыққа қызмет еткен тағылымды еңбектері мен ұрпақ санасында өшпес із қалдырған әдеби мұрасы қалуда. Сол мұраны кейінгі буын қайта оқып, өзінше зерделеп, жаңа оқырманға жеткізген сайын әдеби шежіренің де жаңа парақтары ашыла береді. Қазақ әдебиетінің тарихы – жеке тұлғалардың ғана емес, бір-біріне жалғасқан тағдырлар мен ұрпақтар сабақтастығының тарихы. Әкеден балаға, ұстаздан шәкіртке жалғасқан рухани аманаттың бүгінге жетуі – әдебиетті сақтаған әулеттердің еңбегі. Сондықтан әр қаламгер отбасы – өткен мен бүгінді жалғап, шығармашылық мұраны келер ұрпаққа аманат ететін әдеби шежіренің бір тарауы.
