Қазіргі қазақ және әлем әдебиетіндегі жалғыздық феномені
Жалғыздық сезімі – адам өмірінде ұдайы болатын құбылыс. Бұл тақырып қазіргі XXI ғасырда бұрынғыдан да өзекті бола түскендей. Ақпараттық технология дамып, әлеуметтік желілер көбейген сайын адамдар бір-біріне жақындай түсті деп ойлағынымызбен, олардың рухани тұрғыдан алшақтауы уақыт өте басымдық алуда. Үйреншікті экранның әр жағындағы әдемі өмір мен қаумалаған көпшілікті ортасын көрсетіп алып, шынайы өмірде өзін бұрынғыдан да жалғыз сезінетіндердің қарасы көп. Содан болар, қазіргі қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінде жалғыздық тақырыбы кеңінен талқыланып, түрлі жанрда жиі жазылып жүр.
Әдебиет – адам өмірінің, тұтас заманның көркем түрде жазылар шежіресі. Әдебиет – әр кезеңде дәл сол уақыттағы адамдардың ой-санасын, жан дүниесі мен өзектілік тудырған мәселелерін сөзбен шебер бейнелейтін қоғамның айнасы. Ол өткен мен бүгінді байланыстырып, сананы оятады. Бұрынырақ жалғыздықты көбіне туған жерден алыстау, сүйгенінен айырылу немесе тағдыр тауқыметімен байланыстыратын болса, қазіргі әдебиетте ол адамның ішкі хәл-күйі, рухани дағдарысы және өзін-өзі іздеуі ретінде көркем сипатталуда. Әдетте жалғыздық – тыныштық пен ойды сүзгіден өткізуге мүмкіндік беретін құрал ретінде көрінсе, енді бір адамдарға ауыр психологиялық салмақ түсіретіні қасиеті де бар. Бұл тақырып әдебиетте кейіпкерлердің ішкі әлемін ашудағы маңызды бір тәсіл ретінде қолданылады.
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жалғыздық
Жалғыздық деген ұғым бүгінгі төл әдебиетімізде қалай көрініс табуда? Осыған байланысты ой өрбітсек. Қазіргі қазақ әдебиетінде жалғыздық тақырыбы психологиялық бағыттағы шығармаларда ерекше байқалады. Бәлкім бұл уақыт талабы да болар. Шығармаларда, қарап отырсаң, кейіпкерлер көбіне өз ар-ұжданымен, өмірдің мәнімен, қоғамдағы орнымен күреседі.
Мысалы, осы төңіректегі тақырыптарды терең қозғап жүрген қазақ әдебиетіндегі жазушылардың бірі – Төлен Әбдік. Оның «Парасат майданы» повесіндегі жалғыздық ұғымы адамның ішкі тартысы арқылы әдемі жеткізілген. Шығармадағы басты кейіпкер өз санасымен, ар-ұятымен және қоғамдағы әділетсіздікпен күресіп жүріп, адамдар арасында өмір сүрсе де, өзін ешкім түсінбейтіндей сезінеді. Осы арқылы қаламгер адамның ең үлкен күресі сыртқы жаумен емес, өзінің ішкі жан-дүниесімен болатынын анық көрсете білген. «Парасат майданында» жалғыздық – әлсіздіктің белгісі емес. Керісінше, ол адамның ақиқатты іздеу жолындағы рухани сынағы ретінде керемет суреттеледі. Кейіпкердің жан күйзелісі оқырманды да терең ойға жетелей түсетіндей. Оқып отырған оқырманға осындай күй сыйлай алатын тағы бір автор – қарымды қаламгер Роза Мұқанова дер едім. Оның шығармаларында да адамның ішкі жан дүниесі, үнсіз қайғысы мен жалғыздық сезімі ерекше нәзіктікпен бейнеленеді. Жазушы еңбектерінде кейіпкерлерінің көбі сырттай қайсар көрінгенімен, ішкі дүниесінде үлкен қайшылықтарды бастан кешіріп жатқандай. Осы арқылы қаламгер қоғамдағы көптеген адамдардың бүгінгі психологиялық жағдайын ұтымды ұштастыра білген.
Қазақ әдебиетінде жалғыздық көбіне ұлттық құндылықтардың әлсіреуімен, ауыл мен қала өмірінің арасындағы айырмашылықпен және отбасы, қоғамдағы өзгерістермен байланыстыра суреттелетінін білеміз. Әуелгі кезде қазақ қоғамында үлкен әулет болып өмір сүру қалыпты жағдай болса, бүгінгі күні жеке шекараны қорғаймын деп дара өмір сүру салтының кең таралуы – адамдар арасында жалғыздық сезімін күшейте түсетін көріністің бірі.
Әлем әдебиетіндегі жалғыздық
Ал әлем әдебиетінде жалғыздық тақырыбы ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ерекше қарқынмен дамыды десек болар. Оған атақты жазушы Харуки Муракамидің үлесі зор. Шығармаларындағы кейіпкерлері тұңғиық ойларға жетелеп, жалғыздық сәтін жиі бастан кешу арқылы тұлғаға айналып отырады. Мысалы, «Норвег орманы» романында жалғыздық махаббатпен, өмірдің негізгі мағынасын іздеумен және адамның өткен шағымен байланыса суреттелген. Кейіпкерлер бір-бірін жақсы көргенімен, ішкі әлеміндегі бос кеңістікті толықтыра алмайды. Автор осы арқылы жалғыздықтың адам жан дүниесінде қалай қалыптасатынын шебер суреттей білген. Осындай сарындағы жалғыздық тақырыбын әлем әдебиетіндегі танымал жазушы Орхан Памук шығармаларында да кездестіре аламыз. Оның еңбектерінде жалғыздық тарихи түрленулер мен ұлттық болмыстың өзгеруімен астасып кеткен. Кейіпкерлері дәстүр мен жаңашылдықтың, Шығыс пен Батыстың арасында қалып, өз орнын табуға тырысады. Бұл да автордың көзқарасы арқылы жеткізілген рухани жалғыздықтың тұтас бір көрінісі дер едім. Әлем әдебиетінде жалғыздықтың типі көбіне мегаполистегі өмірмен байланыстырылып суреттеледі. Кейіпкерлер үлкен қалаларда, қарбалас тіршілік пен көптің арасында жүрсе де, адамдар өздерін жалғыз сезінетіндері жайлы көркем түрде жиі баяндалады.
Жалғыздық – адам болмысының бір қыры, оның өмірінде кездесетін қалыпты құбылыс десек те, бұл тақырыпты көтергенде еріксіз көңілге мұң, ойға уайым оралары анық. Қазақ және әлем әдебиетіндегі жалғыздық тақырыбын салыстыра келе, бірнеше ортақ ерекшеліктерді байқауға болады. Мәселен, біріншіден, екі әдебиетте де басты назар адамның ішкі дүниесіне аударылады. Кейіпкерлердің сыртқы әрекетінен гөрі олардың ойы, сезімі және жан дүниесіндегі қайшылықтар шығармаларда маңызды орын алады. Адамдар жиі жалғыздықты бастан кешу арқылы артынан өзін тапқан тұлғаға айналып жатады. Қайталанбас, ерекше қасиеттері дами түседі. Бұл – автордың жеткізгісі келген рухани тереңдігінің белгісі. Екіншіден, жалғыздық қоғамдағы өзгерістердің салдары ретінде көрінеді. Адамның қазіргі өмір салты психологиясына әсер етіп, оның рухани әлеміне ықпал ететіні айтылады. Үшіншіден, әлем әдебиетінде де, төл әдебиетімізде де кейіпкерлер өмірдің негізгі мән-мазмұнын жалғыз қалғанда, жалғыздықпен бетпе бет келгенде іздеп жатады. Өзіне «Мен кіммін?», «Өмірімнің мақсаты қандай?», «Мен үшін бақыт деген ұғым қандай?» деген сынды сұрақтарды қою арқылы жалғыздықтың жағалауына тоқтағандай күй кешеді. Мұны екі екі түрлі болмысы бар әдебиет әлемінің ұқсас тұстары десек, дәл сондай өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Қазақ әдебиетінде жалғыздық көбіне болмысымызға сай, туған жерге, ұлттық дәстүрге, отбасылық құндылықтар мен махаббатқа байланысты сипатталатыны рас. Көп жағдайда туынды кейіпкерлерінің рухани күйзелісі туған топырақпен, ата-анамен және тарихи жадымен байланыстырылып өріледі. Ал әлем әдебиетінде бұлай деу қиын. Ол жақтың шығармаларын оқып отырсаңыз, жалғыздық адамның жеке шекаралық еркіндігімен, технология жақсы дамыған қоғамдағы урбанизациямен тіпті тұлғаның даралануымен көбірек сабақтасатындай.
Зерттеулерге сүйенсек, қазіргі қоғамда жалғыздық мәселесі тек әдебиеттің ғана емес, психология мен әлеуметтанудың да негізгі нысанына айналып отыр. Әлеуметтік желілердің кең таралуына қарамастан, адамдардың бір-бірімен ашық сөйлесуі сиреп бара жатқанын байқаймыз. Ал виртуалды қарым-қатынас шынайы байланысты алмастыра алмайтыны бесенеден белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, әдеби шығармалар оқырманға тек қызықты оқиға ұсынып қоймай, адамның өз сезімдерін түсінуіне, ішкі әлеміне тереңірек үңіліп, көңіл көкжиегінің кеңеюіне зор мүмкіндік береді. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы оқырман өз өміріне сын көзбен де қарай бастайды.
Қазіргі қазақ және әлем әдебиетіндегі жалғыздық феномені – адамзатқа ортақ тақырып. Қазақ қаламгерлері бұл мәселені ұлттық құндылықтар, отбасы және рухани болмыс арқылы бейнелесе, әлем жазушылары урбанизация, технологиялық даму және жаһандану жағдайындағы адамның психологиялық күйіне көбірек назар аударуы арқылы жеткізуде. Сондықтан жалғыздық тақырыбы бүгін де, болашақта да әдебиеттің маңызды бағыттарының бірі болып қала бермек. Әдебиет осы мәселені көтеру арқылы әр адамның өз жан-дүниесіне көз салуына, өзгелердің сезімін түсінуге және өмірдің шынайы құндылықтарын дұрыс бағалауға шақырады.
