КИЕЛІ ҰСТАХАНАДА ШЫҢДАЛҒАН ҚАЛАМ
немесе әңгімеміздің әлқиссасы
О кезде қазіргідей бұрқыраған аткөпір газет-журнал жоқ. Бар-жоғы он саусағыңа толар-толмас республикалық басылым болатын. Сондықтан да сөз өнерінің қадір-қасиеті бөлекше биік, атақ-абыройы тым асқақ еді. Иә, өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдары талғамы зор қалың оқырмандар ортасында оқылымы жағынан болсын, таралымы тұрғысынан болсын, «Лениншіл жас» газетінің (қазіргі «Жас Алаш») даңқы ғажап-ты. Ал жас қаламгерлердің киелі ұстаханасы саналатын басылымда қызмет істеу, аузымен құс тістеген небір сөз зергерлерімен қатар отырып қалам сілтеу – ерекше құрмет қана емес-ау, үлкен бақыт.
Қазақ баспасөзінің маңдайына бұйырған дара да, біртуар редакторлар Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұлов шүмектете тер төге жүріп, дабылдатып атақ-беделін әлемге жайған «Лениншіл жас» нағыз ұлттың үнжариясына айналғаны мәлім. Сөз өнерінің байрағы іспетті жастар басылымы қаламгерлер қауымының талай толқын-толқын буынын қанаттандырып ұшырды. Қазақ руханияты мен мәдениетінің шоғыр-шоғыр жұлдыздары мен талантты ондаған емес, жүздеген майталмандары жасалаштықтар екені даусыз.
Классикалық қазақ журналистикасының айғайлап, атойлап тұрған шұрайлы шағы, дәл осы «Ленжастың» дабылды дәуірімен тұспа-тұс келеді. Сөзіміз сылдыр болмас үшін жас қаламгерлер ұстаханасының көрігін қыздырған алау жүректердің қастерлі есім-сойларын құрметпен еске түсірелікші. Әрине, дүлдүлдердің бәрін бірдей тізе алмаймыз. Сондықтан қалам қайраткерлерінің жұрт жүрегінде жатталып қалған очерктерін ғана атайық. Олар – Шерхан Мұртазаның «Шағалалар қайда ұйықтайды?», Сейдахмет Бердіқұловтың «Арбаған мені бір сиқыр», Қалдарбек Найманбаевтың «Олардың есімдерін бүкіл әлем біледі», Оралхан Бөкеевтің «Ұйқым келмейді», Ақселеу Сейдімбектің «Күңгір-күңгір күмбездер», Әнес Сараевтың «Бұлт теңізден су ішті», Кәдірбек Сегізбаевтың «Құба жонда қар жатыр», Орысбай Әбділдаевтың «Он сегіз бен жиырма бестің арасы», Сейітқазы Досымовтың «Ащы мен тәтті», Жақау Дәуренбектің «Дала хикаялары», Ырым Кененбаевтың «Жұлдыздар бұлттарды жарып барады», Мағира Қожахметованың «Өмір деген тамаша екен, бауырым!»... тағы-тағы біріне-бірі ұласқан тұшымды да тағдырлы туындылар. Бір қуаныштысы, толқындар легі ешқашан үзілген емес. Жоғарыдағы жүйріктерден кейін Рашит Рахымбеков, Құрманғазы Қараманұлы, Марат Қабанбаев, Қайнар Олжай, Бауыржан Омаров, Қыдырбек Рысбекұлы тәрізді «ақ мылтық» журналистер сапы түзілді. Сексенінші жылдардың соңында «Лениншіл жастың» бетінен алдаспандай жарқ етіп көрінген Әділбектің аты-жөнін оқи бастадық.
Университет қабырғасында-ақ екі жанрда бірдей қалам тербеп жүрген балғын қалам иесін «Лениншіл жастың» шаңырағына өзім іздеп барып таныстым. Жастар газетінің ежелгі дәстүрі бойынша алғашында басылымның бас штабы – секретариаттың көрігінен өтіпті. Содан «Право және қоғамдық пікір» бөліміне ауыстырылған екен. Жалынды жігіт 1991 жылғы 11 шілдедегі Қазақ КСР Жоғарғы сотының назарына жазған «Дәлелсіз шығарылған үкім» зерттеу-сараптамалық мақаласында Семей облыстық Социалистiк меншiктi талан-таражға салушыларға қарсы күрес бөлiмi бастығы майор Т. Мәнкеновтің тағдырына араша түседі. Нәтижесінде сегіз жылға сотталып шыққан кейіпкерін ақтап қана қоймай, тәркiленген дүние-мүлкiн қайтаруға, бұрынғы лауазымын қалпына келтiрiп, шұғыл түрде шенiн өсiруге, осы жылдардағы мәжбүрлікпен жұмысқа шықпай қалуы себебінен жалақысын өсiмiмен төлеуге соттың қаулысы қабылданады. Мұндай жағдайға Кеңестер одағы тарихында екі-ақ адамның қолы жеткен, соның бірі Т.Мәнкенов болатын. Ал ақиқатқа араша түскен баспасөз мінбері биік еді. Қанаттанып, төселген тілшіні көп созбақтатпай «Әдебиет және өнер» бөліміне жібереді. Әлеуметтік-қоғамдық мәселені қозғаған «Жалғыз түп жыңғыл» очеркі жарияланғанда қазақтың көрнекті жазушысы, «Парасат» журналының редакторы Баққожа Мұқай ыризашылық білдіре Әділбектің қолын алғанына куә болған едім.
Жазу-сызудың қилы-қилы соқпағында талай өткелекті белестерін бастан кешірген талантты бауырымның шығармашылық жолы менің көз алдымда. Тосын да тың ойларымен әрдайым дараланып жүр. Тіпті, талай рет ол туралы қалам тартуға оқталғаным рас. Көптің ықыласын аударған трилогиясы төңірегінде ағалық пікірімді білдіруге соншалық құлшынғаным бар. Сәті енді түсіп жатқандай. Шерхан аға ұстазым айтқандай «Талтүсің – алпысың» арындатып жеткенде, шығармашылық мерейдің меселін арттыру үлкендердің жолы болса керек.
2. СӨЗ СӘУЛЕСІНІҢ СИҚЫРЫ
немесе әдебиеттің сүйегі – сөз, жаны – көркем де бейнелі тіл
Өнериет, яғни, шығармашылық дегеннің өресі биік, құпиясы шексіз жұмбақ дүние екенін ішкі түйсікпен аңғаратынымыз рас. Солай бола тұра кейде руханият адамының қосалқы өміріне айналған іздену үрдісіне үстірт те қарайтынымыз жасырын емес. «Қосалқы» дейтініміз – көптеген салада өнерпаз, мысалға әртіс, спортшы – өз ортасында, өз қазанында қайнап, қабілетін шыңдаса, қаламгерлер күнкөріс үшін жегілген жұмысын атқара жүріп, жаны қалаған жазушылықты жанама тындырады. Баяғыдай, бірнеше қарындашты ұштап ап, алаңсыз қалам тербеу келмеске кеткен.
Әдебиетті жасаушылар осы сүрлеуде қаншалық михнат шегетінін толық біліп ұғынсаң, тірмізік тіршіліктерінен жүрегің шайлығады. Әрине, мұндай жанкештілік бәрінің бойына да біте бермейді. Үнемі ілгері жылжыған минуттармен тайталаса сарсыла отырып, ақ қағаз бен қаламға сыр төгу – әрі-беріден кейін қажытуы мүмкін. Тіпті, қожыраған сүттей сарқылуы да ықтимал. Әйтсе де зиыны терең, зердесі биік енді біреулер үшін «өз әлеміне» кіріп алып, не қилы кейіпкерлермен «тілдесіп жүру» бақыттың бақыты. Ізденіс жолында «өз әлемін» таба алған адам, шынтуайтында, ғаламат шедеврлерді өмірге әкеледі.
Жұмыр жерге кеңінен мәлім қылқалам шебері Илья Репин картиналарын жазғанда тұтастай дәуір мен ұлттың болмыс-бітімін дәл үйлестіретініне бас шайқаймыз. Оның осы өте мұқият, әр штрихқа ұқыптылықпен үңілетін жүрегіндегі көзі мен саңылауындағы көзқарасы елді тәнті етуімен қатар, Ильяны ұдайы ерекшелендіре көрсетті. Белгілі «бояушының» кенептерінде бәрі-бәрі ұсақ-түйекке дейін ойластырылған. Суретші әр кейіпкерді елес елегінен өткізе отырып, соған сай қимыл-әрекетін ғана емес, мінез-бітімін де дәл береді. Кенептің идеясын ыждаһаттылықпен өрбіте келіп, көңіліндегі кескінді көркем дүниеге айналдыруы – керемет. Әрине, бұл кірпияздығы мол процесс көп уақытты «жұтып қоятыны» мәлім. Мысалы, ол казачествоны кескіндеген әлемге әйгілі «Казактар» картинасын жазуға он бір жыл уақытын сарп еткен екен. Дегенмен, нәтижесі – абыройын аспандатып жіберді.
Қылқалам иесінің ғажайып туындысына сағаттар бойы жалықпай қарауға болады. Әрі, зер салған сайын жаңа қызықты мәліметтерді табасыз. «Казактар» картинасы тұтас бір романның жүгін көтеріп тұр. Запорожьдықтар түрік сұлтанына хат жазып отыр. Одан өткен заманның кескінін ғана емес, сан алуан мінез бен көріністерді, шилі тартысты аңғарасыз. Бұған мысал ретінде бір ғана қызықты детальға тоқталсақ жеткілікті деп ойлаймыз.
Сол жақта отырған казак неге беліне дейін жалаңаштанып алғанын бажайлап көріңізші. Шынтағын үстелге тіреп, қолын шошайта пешірден асыра қарап, ар жағындағы сапсиған мұрттыға әлденені барынша түсіндіруде. Оның сөзіне айдарлылар да, тақыр бастар да, бөріктілер де барлығы рақаттана күліп қалған. Мәселе мынада, ол банкомет, яғни, ойыншыларға карта тарататын адам. Хат жазарға дейін бұлар қызылкеңірдек болып ойынға басқан сыңайлы. Жақсылап ден қойсаңыз, оның жанында – оң қолтығының астында колода жатыр. Запорожьеде мұндай карта үлестірушілер айналасына өздерінің «тазалығын» таныту үшін, дәстүр бойынша сырт киімдерін шешіп тастайды. Онысы – әлденені жасырып қалатын лыпам жоқ дегені. Бұл салтты білмеген адам суретке қанша рет үңілсе де, бірақ мына казактың неге көйлексіз екенін ешқашан түсіне алмайды. «Жазалауға әкелінген айыпкер ме?» деп те тұспалдауы бек мүмкін.
Міне, кенепте кескін ғана кейіптелмейді, арғы-бергі оқиғалар мен салт-дәстүрлер де тап басып беріледі. Суретшіге осынша құнар қажет болғанда жазушыға қандай дүние керек екенін шамамен топшылай беріңіз.
«Бүгінде көркем ой мен көркем әдебиет жасап жүргендердің қатарында кімдер бар?» дегенде, алғашқылардың бірі болып, Әділбектің есімі ойға оралады. Қазақтың соңғы ханы Кенесары жөніндегі «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы оның әбден қалыптасқан жазушы ғана емес, аса шебер майталман екенін көпшілікке танытты.
Үлкен прозаға тыңғылықты дайындықпен келген жазушының қолтаңбасын айқын көрсететін туынды – осы роман-трилогия. Тақырыбының өзі бұрын құлаққа сіңісті емес, тосындау тіркеспен адамды селт еткізеді. Қазақтың үш-төрт ғасыр басынан кешкен хикметтерін сипаттайтын трилогияның алғашқы томында сонау Тәуекел, Есім ханнан бастау тартып, Абылай дәуірінің ақырына дейінгі кезеңге көркемдік стильмен тарихи-әдеби шолу жасалады. Ортаңғы томда Кенесары ханның азаттық пен тәуелсіздік жолындағы арпалысқа толы өмірі мен күресі нақты оқиғалар негізінде шеберлікпен бейнеленген. Ал, соңғы үшінші томда Кенесарының ержүрек ұлы Сыздық сұлтанның әке мұратын көздеген жанкешті әрекеті әңгіме болады.
Сонда, эпопеялық пландағы бұл еңбекті қазақ халқының бодандыққа қарсы ұлт-азаттық күресі туралы біртұтас туынды деп қарасақ, онда бірінші кітап осы тарихтың басталуы, кіріспесі сияқты көрінеді де, үшінші кітап – сол күрестің ең соңғы кульминациялық шырқау шыңындай әсер етеді. Ал Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның ұлы «Кенесары сұлтан семсердің жүзін сүйіп, серт етіп, азаттық үшін күрес жолында атқа қонған» (2-том, 81 б.) оқиғаларды суреттейтін екінші кітап – үлкен туындының идеялық өзегі. Осы үш тараптың арасын жалғастырып тұрған логикалық байланыс пен әдеби бірізділік – көркем шығарманың үзілмес жүлгесіне айналған.
Әрине, тұтас халықтың бірнеше ғасырлық тарихына қатысты оқиғаларды бір адамның басынан кешкен өміріндей рет-ретімен жіпке тізгендей баяндап беру мүмкін де емес, қажет те емес. Автор осыны дұрыс түсініп, шығарма кілтін сәтімен таңдай білген екен. Уақыт жағынан да, кеңістік өлшемімен де осындай ауқымды тарихты түгендеген шығарма бірінен екіншісі туындайтын жалғаспалы сюжет емес, ірі оқиғаларды суреттеу арқылы жинақтап, түйіндеп, әрі көзбен көргендей сезімге жетелейтінін үш томды оқып шыққанда ұғындық. Мұндай амал – ұзақ уақытты қамтыған романдардың бәрінде кездесетін тәсіл, дербес жағдайда, Есенберлинде де бар. Бұлай етуге шығарма табиғатының өзі емеурін білдіріп, сұранып тұрады. Әділбек трилогиясындағы, әсіресе, бірінші кітаптағы тарихи шолу іспетті эпизодтарды осылай түсінген жөн деп ойлаймын. Бұл – трилогияның құрылымдық жүйесіне қатысты мәселе.
Жалпы, автордың романдағы оқиғаларды үш кезеңге бөліп, Кенесары тұлғасы мен ол бастаған ұлт-азаттық қозғалысын кіндік діңгек етіп алғаны – дұрыс көркемдік шешім болған. Өйткені, тарихшылардың межелеуінше, патшалық және кеңестік отаршылдыққа қарсы қазақ даласында 200 жыл аумағында өрістеген 300-ден аса қарулы қарсылықтың ішіндегі ханның өзі бастап, басқарған, бүкіл ұлтты тұтас қамтыған бірден-бір көтеріліс, дәл осы – Кенесары қозғалысы екені белгілі. Оның үстіне, аталмыш трилогия – Есенберлиннің «Қаһарынан» кейін, Тәуелсіз Қазақстан әдебиеті тарихында тікелей Кенесары күресіне басы бүтін арналған ең алғашқы кесек туындының орнын иеленіп отыр деп, еш күмілжімей айту артық етпейтіндей.
«Ең алғашқы» деуімнің тағы бір себебі мынада: тарих ғылымы тәуелсіздік жылдары Кенесарыны ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалағанымен, осы баға көркем әдебиет кеңістігінен алғаш рет Әділбек романы арқылы орын алғанын мойындаған жөн. Өйткені кеңестік кезеңде жазылған сол Есенберлиннің «Қаһарында» да, одан кейінгі Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романдарындағы Кенесары есімі аталатын эпизодтарда да ұлт қаһарманының «бейбіт елді шапқаны» туралы айтылады. Алайда бұл кеңестік саясаттың зорлығымен Кенесарының бетіне амалсыз жағылған күйе екені айдай анық. Әйтпесе, кезінде таңғы шыққан күндей ұйқыдағы халықтың ұлттық рухын оятқан «Қаһар» романы жарық көрмес еді. Сол үшін де ол кездің «бодан буынға» айналған авторлары кейбір жайтты жаба тоқып, ақиқаттың жүзін бүркемелеп боса да ашуға тырысқан. Ал сол бүркеуді жұлып тастап, Кенесары хан мен Наурызбай сұлтанның қылша мойнынан көкке шапшып көтерілген қызыл қанның түсіндей ұлт рухының нұрлы шуағына әрбір беті боялған «Семсер жүзіндегі серт» сынды шындықпен суарылған шығарма тудыру мәртебесі жаңа ғасыр әдебиетінің тарланбозының бірі – Әділбек Ыбырайымұлының еншісіне бұйырған екен. Автор алдына қойған миссиясын жоғары деңгейде атқарып шыққан деп ойлаймыз.
Роман – кез келген қаламгердің тісі батпайтын, маңына жақын баса алмайтын жанр. Ал, трилогия алып титандар ғана тудыратын күрделі туынды. Себебі, роман, оның ішінде үштомдық жазу үшін қаламгерге әңгімешілдіктен бөлек өзгеше ойлау жүйесі мен логикалық байланысты сабақтастыратын құдірет керек. Бірінші кітаптағы кішкентай деталь үшінші кітапта үлкен оқиға тұрғысында көрініс табуы әбден заңды. Бұл – Репиннің «Казактар» полотносындағы елеусіз жатқан ойын картасы сияқты болуы мүмкін.
Кеңес дәуірінде романшылар қатары біршама бар еді. Өйтетіні, әдебиет идеологияның «сиқырлы аспабы» ретінде мемлекет іргесін нығайтудың, көп ұлтты алып державаны ұстап тұрудың нақты секторына айналды. Оған ұдайы көңіл бөлініп, жүйелі менеджерлік жұмыс жүргізілді. Солардың негізгілері оқыту, талдау, насихаттау және жазуға үндеу, қаржыландыру. Міні, осының нәтижесінде өрениеттің қағидаттарын бойларына сіңірген қаламгерлер қатары қалыптасты. Араларынан тамаша романшылар шықты. Әйткенмен, аса суреткер жазушы Сайын аға Мұратбеков, Дулат Исабеков, талантты Дидахмет Әшімханов, Мархабат Байғұт, Серік Асылбекұлы сынды майталмандардың өзі роман жазбады, «ұлы әңгімеге» (А. Байтұрсынов) қол артпады. Бұл қаламгерлер саналы түрде романға бармады, өйткені оның батпанын, михнатын білді.
Бүгінгі уақытта романистер сирек. Сирек болатынының себебін жоғарыда айттық. Осы сиректердің қатарынан көрінген Әділбек Ыбырайымұлы ақын еді. Сәулелі сөздің сиқырын жетік меңгеруге ынтыққан ол үздіксіз ізденуден жалықпады. Айтпақшы, қазақтың көрнекті ақындары Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Аян Нысаналиндер кезінде «Ленжастың» журналистика алауын маздатқан жалынды қаламгерлер болғанын әсте ұмытпауымыз керек. Әділбек солардың ізбасары іспетті.
3. ЖҮРЕКЖАРДЫ ЛЕБІЗ
немесе жыр пырағы
Қым-қуыт қоғамның тіршілік-тынысын, қоян-қолтық араласып жүрген адамдардың пиғыл-ниеттері мен іс-әрекеттерін өлеңмен өрген ақынның төменде «Пір мен Пырақ» тұңғыш жыр жинағынан бір шоғыр туындысын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Оның лирикалық, эпикалық өлеңдері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елең еткізген. Әр өлеңнің өз үні, өз айтары бар:
Құс қайтады, иектейді бір бәле,
Сен көрмейсің, есікті ашып кірді, әне.
«Атым бар» деп, қоймай қойды мазаны ап,
Тұлпарына мінейікші жүр, кәне.
Ақ боз ат қой: ақ сұлы жеп жараған,
Шапқан кезде кедергі емес жар оған.
Бұлт еліне сіңіп кетіп барамыз,
Аспан шалдың кіндігінен тараған.
Құстар қайда-а, тым төменде тізілген,
Әй, бәлекет, қалдың ба ақыр ізімнен.
Қобызы бар ұшырастым Қорқытпен,
Нарға мініп,
Жетелеген жүз інген.
Тірі екен ғой, ажал бұған жетпеген,
Қандай ғажап қасиетті ең Көк деген.
Тізгінімді тарттым сәл-пәл аңырып,
Керуенге...
Күнге қарай беттеген...
Соны тіркестер бірден миға сақ етіп тиеді әрі шынайылығымен ұйытып әкетеді. Ұлттық ұғым мен мистикалық сарын байқалады. Тағы да жырға кезек берейік, ақын жүрегі қалай лүпілдейді екен:
Сымпитып мені шығарды ламбард тағы,
Жолымды кесті сығандар бұраңдап тағы:
«Сатпайсың ба алтын?»
Қояды бір ғана сауал,
Сылаңдап сығыр сумақай сыр аңдатпады.
Қайқаңдап қалған әйелдер қысыр жыландай,
Салдақы қарлар бағаны «ұшырды» қандай.
Батпаған шығар ешқашан «Мың бір түндегі».
Айуандық пенен былыққа Мысыр мынандай.
... Байламсыз жалған жалтарды, сыр аңдатпады,
Жолықты жолай біреуі бұраңдап тағы,
Көзімнің жасы: Көсемге – көгеннің басы,
Алтынның бәрі менікі ломбардтағы.
Сол кездегі қоғамның шынайы бейнесі көркемдік концепцияға ұласқан. Әрі, өлең күрделі әдіспен бес буынды ұйқасқа құрылған. Бұдан да ерекшелікті аңдаймыз. Енді мына шумақтарға зер салып көрелікші, кәне:
Ішейікші шараптан.
Қымсынба түк,
Өмір мені жіберді тылсымға атып.
Көмейдегі күлкілді күмәніме,
Мүйнет сайын барамын шым-шым батып.
Арақ мені бәрінен арашалар,
Алдымда тұр ызғарлы қараша... қар.
Мынау жалған тірлікпен:
Жалған суды –
Ішкен адам, байқаймын, жараса алар.
Күн кешемін құлазып, талығып тым,
Сары уайым сайқалсың, салыныппын.
Құжырасыз халімді сұрамашы,
Табы батты арқама тағылықтың.
Зымысқы уақыт соңымнан тын алады,
Иба – артымда, алдымда – жын алаңы.
Ішейікші арақтан көксауыр бір,
Дәм-тұзымыз ертең-ақ тынады әлі.
Қаз мойынды әкелші, потал қағаз,
Арақ боп тұр біздегі отандағы «аз».
Марқадамды таппады мантығандар,
Абыз деген атақ пен сақалға мәз.
...Ішейікші арақтан потал қағаз.
Тығырыққа тіреліп, күйзелген жанның монологы іспетті өлең – дәл өз дәуірінің үні екеніне дау жоқ. Тереңірек бойлай қарасаң, тұтастай халықтың қалжыраған кейпі көрінеді. Ақынның өлеңі арқылы қоғамның даты айтылып тұрғандай. Сондай-ақ, мына бір лирикалық шумаққа көз жүгіртсеңіз:
Үлбіреген үстіңде көне көйлек,
Сұлулықты тұрғаны көлегейлеп.
Қос анардың ұшында барқын дағын,
Сипап өттім жабысқан кене ғой деп.
Жоғарыдағы өлеңдерден Жұмекеннің де, Мұқағалидың да, Тұманбай ақынның да сарынын байқайсыз. Уағында Тұманбай ақын Әділбекке мынадай хат жазған: «...Пір мен Пырақтың» менің алдымда жатқанына да екі айдың жүзі болды. Оқып шығудың реті келмей-ақ қойды бір. Әділбек жолыққан сайын өз кітабы жайлы бірдеңе айта ма деп аузыма қарайды. Мен оны байқамағансып өтіп кетемін. Осы бір екі жеті шамасы болды-ау деймін Әділбек Ыбырайымұлының «Пір мен Пырақ» атты кітабын парақтай бастадым. Алғаш кітапты жаратпай тастадым, бір түрлі суық, бір түрлі жат көрінді маған. Біртіндеп жақындастым. Біртіндеп Әділбек жүрегімнің қылын шерте бастады. Біртіндеп жыр пырағы мені алыс бір жақтарға алып кеткендей болды. Еркін, еркелеген муза ырқымнан айырып, алыс қияларға, алысқа, айға, жұлдыздарға қарай алып ұшты.
Пірге ілесіп әмбимен жолығыстым,
Періштемен періште болып ұштым.
Пайғамбарлар сөз айтты парасатты,
Жөн үйрендім Абызға қонып үш күн.
Қыдыр көрдім, Бақ көрдім, есендестім,
Енді ала алмас бұдан соң есемді ешкім.
Пенделердің арасы пәтуасыз,
Періштелер ішіне көшем… көштім.
Егде тартып, еңсең түскенде, қарттықпен ұшырасқанда, бойыңдағы отыңнан, қойныңдағы тотыңнан айырылғанда айтылар сөзді жас жігіт неге сонша ерте айтты екен деген күдікті ойға берілгенім болмаса, Әділбектің осы бір жүрек жарды сөзіне мен әбден сендім. Сергелдең күндер кешкелі, сезіммен күбірлеспей, ақылмен арыздаспай ақын байқұс бақытқа ұшыраса ма? Ақын деген алдымен мазасыздық. Әділбектің кітабында әбігер тіршілік бар. Шимай-шимай шындық шырылдап тіл қатады. Ағындаған тұлпар, сағынбаған жар, арылмаған сор, бағыңды алған ор, қазылмаған көр, жазылмаған жыр, айтылмаған сыр – бәрі қанаттасып, бәрі қабаттасып көңіліңді бей-жай етеді. Кейде май ішкендей санаңда, жүрегіңде бір нәрсе кілкілдегендей зілденесің. Ауырлық көтергендей алқынасың. Бұ қалай?
Кітабын оқып отырып Әділбек ініммен айтысып, айқайласып отырған сәттерім де аз емес. Қараңғыдан жарық іздеу, оны табу, арықтан семіз, жалқыдан егіз, жаманнан жақсы, қарадан ақ іздеу ақынның ісі, ақын мұраты. Күдікшіл көңілден, секемшіл сенімнен сергитін күш табу мүмкін емес. Сондықтан өмірге баланың, сәбидің көзімен де қарап үйрену керек. Ұлы жырдың бәрі батырдың жеңісімен, ұлан асыр тоймен бітеді. Осыны да ойлау керек, Әділбек. Өмірдің қараңғысынан жарық табу үшін ақындық сенің жүрегіңе қонған, шырағым. Сен мені сергек ойға, асыр тойға баста.
Ақындықтың арғымағына мінген, қолында қаруы жарқылдаған жақсы ініден, жақсы ақыннан ерлікке бастар, ізгілікке жетектер ақпейіл жырлар, жақұттай ажарлы жырлар күтуге хақымыз бар. Өйткені оның ақындық дүниесінде менің де қосқан үлесім, өз еңбегімнің бар екеніне шүбәм жоқ. Үлкен ақын ұлы көштің алдында атой салып жүрсе ғой, шіркін. Көштің шаңына көмілмей шырқап шық, інім. Соңымнан туған оқшау жұлдыздардың жарығы қазақтың аспанын нұрландыра берсін, жарқырата берсін демекпін, жұлдызым менің. Тұманбай ағаң» деп аяқтапты ақын інісіне арнаған хатын.
Әуелгіде біз де Әділбекті сырттай ғана танитын едік. Үлкен өмір баспалдағын республикалық жастар басылымы «Лениншіл жас» газетінен бастағаннан кейін, ондағы журналистерге барлай қарайтынбыз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Ыбырайымұлы бас редактор Уалихан Қалижанның шақыруымен 5-ші курсты бітірмей «Лениншіл жастың» секретариатына қаңтар айында жұмысқа тұрды. Мамандардың бәрін секретариаттан өткізіп алу әдісі Сейдахмет Бердіқұловтың кезінен қалыптасқан дәстүрі еді. Жас жігіттің алғашқы мақалаларына, өлеңдеріне зер салып жүрдік. Бір жылдың ішінде журналист ретінде танылды. Ақын тұрғысында да көңілдерден жылы орын тапты. Әдебиет бөліміне тілші болып ауысты. 1993 жылы Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың, одан кейін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. Бірақ ұйқыл-тұйқыл заман орнады да, тұрақсыздық белең алып, ешкім ештемені білмейтін күн туды. Жазу-сызу саласы – әдебиет ақсады. Бұрынғыдай баспалар жүйелі жұмыс жасамады. Кітаптар шықпай қалды.
Қаламгердің ең алғашқы жинағы 31 жасында өз қаржысына жарық көрген. Бұл шығармашыл адам үшін тым кеш сияқты. Әйткенмен сол уақтағы қоғамдық-саяси ахуалды ескерсек, бәлкім кеш те емес шығар. Әдебиет тұрмақ таңғы ақыл түске ас болып жарымайтын кезге тап келген тәлейге не шара?.. Соған қарамай, қолына түскен тиын-тебенін бала-шағасының аузынан жырып, әдебиетке жұмсау – аңғалдық па, ақымақтық па? Меніңше, «дертіне» дәру іздеген қадамнан шыққан көзжұмбайлық сияқты.
4. «ЖОҒАЛҒАН БУЫН» ӨКІЛІ
немесе руханият қараусыз қалғанда
Дәл осы тұста үлкен өмірге араласқан жастардың дені негізгі бағытынан айрылып қалды. Соның салдарынан университетті бірге бітірген елуге тарта құрбыларының бірде-біреуі көркем шығарма жазу, тіпті, журналистика саласында аялдай алмай, күн көрістің басқа қамымен кетті, рыздықтарын өзге өрістен терді. Руханиятқа қызмет етуге тиіс бір буын құмға құйған судай үшті-күйлі жоғалды. Бұл да Әділбектің ілгерлеуіне үлкен кедергі келтірді. Өйткені қашан да «жүйрік қосағымен жүгіреді» деген сөз бар еді. Әрі, қанаттас тілеуқорларынан тірідей айрылды. Сөйтіп, «жоғалған буынның» өкілі болып, қаламгерлер қауымдастығында, шығармашылық өрісте жалғыз қалып қойды. Оның үстіне өзі де көп ұзамай әдеби ортадан алыс, сырт салаға ауысты. Назарға бірден іліге қоймауына да осы «әлеуметтік салдар» үлкен кедергісін тигізіп, «жалғыздың үнін шығартпады». Тіпті, әрі-сәрі заманда «байтал түгіл бас қайғы» боп, әдебиетті, руханиятты ойлайтындар некен-саяқ қалған.
Мұны бірақ, жас қаламгер ерен көрмеді. Насихаты мен қолдаушыларының аз болғандығынан да табандап еңбек етті. «Пір мен пырақ», «Көктемсіз жыл», «Сүмбіле шуағы» жыр жинақтарын, «Ақкекіл» хикаяттар мен әңгімелер топтамасын, «Адам-айуан», «Ұяластар» романдарын жұртшылыққа ұсынды. «Сүмбіле шуағы» өлең кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Кейіннен «Ақ тамақ қарлығаштар», «Жерұйық жұмбағы», «Күнге бет алған керуен» жыр жинақтары, «Мизам көк» хикаяттар мен әңгімелері жеке кітап болып жарық көрді. Әйткенмен көрмес, білмес, мылқау ғалам жақ ашпады. Керісінше, «бүгінгі заманның әлпетіне сай шығарма жазылған жоқ» деп, аузын қу шөппен сүртіп, жылай берді.
Сөйтіп, әуелде әдебиетке өлеңмен келген Ыбырайымұлы бірте-бірте ауыр жанр – прозаның да жілігін шаға алды. Осы уақытқа дейін «Ұяластар» романын, «Зауқайыр» роман-триллерін, «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясын, «Ақылға атой» романын ұсынды. Биылдың өзінде «Арзу» интеллектуалды романы мен «Жалғыз жолаушы» хикаяттар мен әңгімелер жинағы оқырманға жол тартты. Мұның бәрі нарыққа, қаражатқа тірелетін заманда бір адамға таудай жүк еді. Баяғыда қаламгерлер әр кітабына бопыр ақша алып байыса, енді жазушылар әлдекімдерге қолын жайып, көмек сұрап, ақырында, өз жанынан ақша жұмсап, кітап бастыратын, кедейленетін болды. Қажыр-қайратын ғана жұмсап қойған жоқ, несібесі сыртқа шашылды. Кітапты жазу бір проблема болса, оны бастырып шығару одан да күрделі мәселе. Жалпы, нарық – несібемізбен қатар иманымызды да шайып жібергендей...
Ал жетпіс жыл құдайсыз қоғамда өмір сүрген қазақ елі нәтінен ажырап, ежелгі санасын жоғалтып, жаратушы нәсіп еткен тілін ұмытты. Түрі ұлттық болғанмен, мазмұны социалистік, демек, дүбәрә болып кетті. Орыстанды. Қайсыбірі, тіпті, ана тілінде сөйлеуге жерінді, әрі-беріден кейін ұялды, қорланды. Осы сезімдері арқылы құлақкесті құлға айналғанын аңғармады. Еліне, жеріне жаны ашымайтын мәңгүрт ұрпақ арамшөптей қаулап өсті. Олар – оккупанттар тойындырып, ішіндірген аға буынның жалпы адамзаттық құндылықтарды пір тұтқан, ата-баба тегінен айрылған глоболист ұл-қыздары еді. Енді билік басына солар келді. Онысыз да үстемдік езгіден ассимилияцияға ұшырап, рухы жанышталған қазақ – атқа мінген иісалмастардың зардабынан зауалға бата берді. Халықты қан жылатқан отарлау саясаты Тәуелсіздігімізге 34 жыл болса да әлі күнге өктемдігін жүргізеді. Ана тілінде сөйлейтін ұлт кадрлары басқарушылық звеноға барған жоқ, мемлекет құрушы ұлттың мүдделері теңдей қорғалмайды, Конституциялық нормалар өз мәртебесінде сақтала бермейтіні қалың жұртты қынжылтады. Бірақ, осы шындықтардың бәрі әдебиетімізде өз деңгейінде көркем дүние ретінде көрініс тапты ма? Жоқ. Ал, Одаққа мүше мыңның үстінде жазушы бар...
Қатып-семген қоғамда өмір сүріп, әр қадамы аңдулы болғанына қарамастан әдебиетіміздің алтын ғасырын жасаған аға буын келмеске кеткен кеңес дәуірімен бірге қаламгерлігін доғарған сыңайлы. Жасы жетіп, қалжырап қалған қайсыбіріне кешіріммен қарағанымыз да дұрыс шығар. Өләра шақта шабыстарынан жаңылып, аяқтарына жем түскен аттай кібіртіктей берді. Тәуелсіздіктің таңы атып, цензурадан біржола құтылып, еркіндікке қол жеткізген уақытта серелі суреткерлеріміздің көсілетін уағы еді. Қоғамның өңезін ақтарып, қат-қат дүниені зерттеп, халықтың зар-мұңын көркем шығармаларына арқау етуі тиіс болатын. Бірқатары қаламын суытып қойып, бір қатары ата-жұртын түгендеп, өз руынан шыққан батырлар мен билер туралы адам сенбес «триллерлік» романдарды бірінен кейін бірін балалатып жатты. Сөйтсек, біз жасанды қоғамда ұлттық ауқымға көтеріле алмай, езілуші тап ретінде рулық деңгейде қалып қойған екенбіз. Еркіндік тигенде «бодан буын» қаламгерлері қалыбына барып, өресін көрсетті. Алға ілгерлеудің орнына, кері кетті. Осындай уақытта Әділбек кеңес дәуірінің әркім білгенін істеген соңғы сәті мен Тәуелсіз қазақ елінің алғашқы жылдарындағы ел ішіндегі ахуалды суреттейтін «Адам-айуан» романын жазды. Онда қайткенде де ақша табудың қамына кіріскен бандалық топ кісі ұрлау, адам саудасы, нашақорлық пен апиын өткізу желісін жолға қойып, ауыр қылмысқа жең сыбана кіріскені, олардың артында жұмсақ креслолардың иелері – жүнді білектердің тұрғаны шытырманды оқиғалармен әсерлі әдіптеледі. Оның соңын ала бере «Ұяластар» романы жарық көрді. Мұнда да тәуелсіз ел болып қалыптаса бастаған мемлекеттегі шынайы өмір қаз-қалпынша суреттелген. Желтоқсан оқиғасы барынша көркем әрі ауқымды түрде ашыла түскен. Әрі бұл туындылар қызыл империялық идеологияға байланған бұрынғы әдебиеттерден батылдығымен, еркін ой және реалистігімен ерекшеленді. Ал, осыдан үш жыл бұрын қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның өмірге келуі, үлкен рухани жаңалық болды. Алайда кітаппен көзін ашып, құнды шығармалармен бой түзеген алғы лек кетіп қалған еді. Оның үстіне жойқын зұлмат – жаһандану дәуірі мықтап орнығып, құты қашқан құндылықтарды одан сайын санадан өшіріп, бірыңғайлыққа қарай икемдей берді. Бүгінгі кітап оқымайтын, кибертехнологияның тұзағына түскен – гаджеттің жетегіндегі жұрт, ғажайып дүниенің бағасына жете алмайтыны өкінішті. Өйткені олар бір парақтан артық қағаз оқуға жігері жоқ, екі минуттан артық роликті көруге шыдамы жетпейтін, кеңкелес кейіпке ауысып барады.
Қоғамдық құрылым мен идеологиялық ұстанымның өзгеруіне сай әдеби процестегі бағзы сүрлеудің жіңішкерген тұсындағы «жоғалған буынның» парызы мен қарызын арқалаған қаламгер жауапкершілікті бір сәт ұмытқан жоқ. Тасқа басылған тәуелсіз рухтағы дүниелері арқылы тоталитарлық тауқымет бітеп тастаған ұлтының рухани-мәдени жұмық жанарын ашуға аянбай атсалысты. Қызыл империя әлемі бір кездері сұрқия идеологиясымен мүлдем мәңгүртке жеткізген санаға бостандық саңылауын түсіріп, прозалық еркін ойдың бастауына жетелеген Әділбек Ыбырайымұлы жақында ғана «Арзу» романын оқырманына ұсынды.
«Арзу» – жаңа өлшем мен стильдегі роман. Шығарма бүгінгі күнгі тыныс-тіршілікті, заманауи Қазақстан ғана емес тұтастай жер жаһанның кескінін суреттейді. Оқиғасы шиырлы әрі қазіргі заманғы кейіпкерлердің бейнесі сомдалған.
Биолог ғалым қазақ жігіті Сәметтің ғылымға деген ынтызарлығы мен еңбегі әдемі өрбиді. Көкше көлдерінің жұмбағы мен Оқжетпес шыңының түбіндегі қайнар құпиясы оқырманды елең еткізеді. Сутегі бомбасын жасауға қолданылған дейтерий суының қазақ топырағында бары бұл күнге дейін беймәлім болып келген еді. Осы құпияны телескоппен барлаған әрі ұштығын Америкада жатып ұстаған шетелдік инвесторлардың «Астанаға Ертістен ауызсу әкелеміз» деген жақауратқан қам-қаракеті нанымды бейнеленген.
Бұған параллель өрбитін NASA-ның ғарыштық жобалары мен марс аумағынан ашылған «Астрономиялық Байланыс Айлағындағы Йель» (АБАЙ) кеңістігі адамзат өркениетіндегі ғажайып жаңалық еді. Галактикадағы АБАЙ-ды тапқан америкалық астронавт Қазақстанға келіп, кездейсоқ ғұлама Абайдың философиялық ойларын оқығанда, хакімнің жандүниесіне ерекше құлқы ауады.
«Йельдің» («Yale») мағынасы «координат» деген ұғымды береді екен. Романда қоғамның атрибутына айналған дін мəселесі де көркем түрде жазылған. Иса (ғ.с.) бейнесі ашық, Мұхаммед (с.ғ.с.) бейнесі жасырын беріледі. Бұл да жазушының өзіндік ізденісі болса керек.
Әлемдік оқиғаға айналған Украина соғысы да шынайы да көркем көрініс тапқан. Еуропа құрлығындағы майдан үшінші дүниежүзілік соғыс емес, ғаламдық жұлдызды соғысқа айналып бара жатқанын адамзат әлі біле қоймайды. Сонымен қатар, туындыда ұрпақты ұлт тарихына, құндылықтарына үлкен мəн беруге үндейді.
«Арзу» романы – парасат майданының парқын танытып, әдебиетті кісілік күмбезінің киесі деңгейіне апара алған. Адамзат ақыл-ойына ар-ұждансыз әрекеттер шабуыл жасап жатқанын көріп, қынжыласыз. Бұл ғылыми-интеллектуалдық аспектілерді көркем дүниеге ұштастырған тың тұжырымдағы шығарма қиялға да орнымен ерік беріп, фантастикаға да ұшқасып отырады. Ұлттың жаны бас кейіпкер Сәметтің, Бенджамин Роджерстің қолында жүргендей байқалғанымен, соңында жазушының қаламы ұшында тұрғанын аңғарасыз.
Жалпы, романның оқиғасы қызық, грамы екі жүз мың АҚШ доллары тұратын сирек металл осмийге таласқан ғарыштық держава өкілдері Қазақстанға келіп тоқайласады. Бұл руданы әлемде қазақ елі ғана өндіріп, қазақ елі ғана сатылымға шығаратын. Оған жергілікті коррупциялық күш иелері араласады. Романшының тілі шұрайлы. Тосын байлам, шешімімен оқырманға түрлі ой салады.
Кезінде алаш абызы Әбіш Кекілбаев Әділбек Ыбырайымұлының шығармашылығына қатысты төмендегідей пікір білдірген екен: «Өмірімізге тоғышарлық пиғыл елеусіз дендеп бара жатқан бұл уақытта Әділбектің қолтаңбасынан ұлттық тектілікке үндейтін сарынды молырақ аулаймыз. Жалпы, қазір рухани жалқаулыққа ұрынған тұтастай ұрпақтың әдебиетке деген салқындық ахуалын серпілтуге өзіндік үлесін қосып жүрген бұл азаматтың ең бірінші қасиеті – ұлттық таным-түйсігінің молдығы, екінші, еңбекқорлық ерекшелігімен үндесетін болмысы арқылы көзге түсіп келеді. Профессионалдық қалыптасу жағы ақынның өмірлік тақырыпты таңдаудағы жауапкершілігінен танылады.
Әділбек Ыбырайымұлы кейінгі толқынның арасынан қазақ өлеңінің әлеуметтік ес-жадысын жаңғыртуға қабілетті жігіт. Әсіресе, өмірді көре біліп, құбылыстарды көкірегіне қондырып барып қорытынды жасай алатын ойшылдығы байқалады. Творчество иесінің еңбегін бағалағанда ата-бабалық салтпен еркін суарылған әлеуметтік жадысының тереңдігін бірінші кезекте ескеру қажет. Өйткені ол ұлттық арна, ұлттық бояу-құнар. Тап осынау талап бойынша қарағанда Әділбек Ыбырайымұлы өз қатарының арасынан оқ бойы озық тұр» дейді. Сол кезде-ақ ғұлама Әбіш өмірлік тақырыпты таңдаудағы жауапкершілігін, ұлттық бояуға қанық ес-жадысын, құбылыстарды көкірегіне қондырып барып қорытынды жасай алатын ойшылдығын аңдай алған екен.
Ал, Қазақстан халық жазушысы Төлен Әбдік «Әділбектің тілді сергек сезінетіні, әдебиет мүддесін қалтқысыз аңғаратыны, бәрінен де бұрын жазу өнеріне деген ілтипат, құштарлығы зор. Ойды еркін жеткізіп, еркін тебіренетін ұшқырлығы, әріден қозғайтындығы үміттендіреді. Сондай-ақ, «балуанға оңы да, солы да бір» дегендей, оның өлеңге де, қара сөзге де тосырқамайтындығы, өзгелерден ерекшелігін айғақтайды» десе, қазақтың келесі бір мықты ақыны Есенғали Раушанов: «Өлең мен қара сөздің тізгінін тең ұстаған ол, өзінің қабілеттілігін қай жанрда болсын анық байқатып келеді. Бірақ, осы уақытқа дейін тиіп-қашып болмаса, барынша бой көрсетпеуі, ауызға алынбауы: оның дүниеге салқынқандылықпен қарауынан шығар, әдеби ортадан үнемі сырт жүргендігінен де болар» деп түйіндейді.
Иә, әдебиетіміздің тамыршылары, сөз өнерінің сүлейлері дарынды жазуышының қарым-қабілетін дер кезінде аңғарып, үлкен жанашырлықпен адал бағасын берген екен. Шынында да сорғалап төгілген маңдай тердің уақытында бағаланып, талғамы биік оқырман үдесінен шыққаны абзал-ақ.
5. БЕЛ ЖАЗБАҒАН БЕЙНЕТКЕР
немесе қағажу қағидасы
Ақиқатында ұзақ уақыт әдебиеттің ауылынан алыс, өзге салада жүрсе де Әділбек Ыбырайымұлы руханиятымызға толассыз тер төгіп келеді. Оның осы қажыр-қайраты мен табандылығы кімді де сүйіндіретіні ақиқат. Бірақ, соны мойындауға дәтіміз жетпейді. Ол аздай, біздің қаламгерлер төңірегінде қалыптасқан бір жайсыз іс, астыртын «элиталық пул» жасап ап, соларды дәріптеуге, насихаттауға жабыла жұмылады. Әлгі санатқа енгендерді ғана министрлікке, Үкіметке, Президент Әкімшілігіне ұсынып отырады.
Әлбетте, керексіз адамдарын санға да, санатқа да қосқысы келмейді. Өйткені бәсекелеске айналып, кедергі тудырады деген сақтықтан, өзіндік ерекшелігі мен қолтаңбасы бар қаламгер әдебиет ардасымыз деп жүргендердің көпшілігіне бірден ұнай қоймайды. Бар кінәсі сол – жақсы жазғандығы. Іші тарлардың алдында бәріміз кінәліміз. Жақсы жазған сайын дос пен бірге жау да көбейе береді. Сондықтан ондай таланттар туралы тіс жармай, мейлінше жылы жауып қоюға ұмтылады. Осылай дымын құртып, өзін өзі мүжіп жеуге тастайды.
Бұдан Әділбек басқаша сабақ алып, жасанды адамдардың арасынан алшақ, жалғыз жортқан көкжалдай, өз жолын өзі салып, талантсыздарға үрей тудырып келеді. Осыдан біраз жыл бұрын әлемнің жетекші алты тіліне аударылған жүз қаламгердің арасында да оның аты-жөні жоқ. Бірақ сол туындылардың ішінде әлемді айтпақ түгілі, қазақ оқырмандарын да тәнті ете алмаған халтуралар пәленбай елдің тіліне аударылып кетті. Соның салдарынан бүгінгі ұлттық әдебиетімізді халықаралық деңгейде әлсіз көрсетіп, бәрімізді жерге кіргізгендей ұятқа қалдырғанын осы істің басы-қасында жүргендер біледі. Оған аударма сапасының да ықпал еткені аян.
Алайда, істің басында отырғандар қасақана назардан тыс қойса да Ыбырайымұлы тәуелсіздік жылдардағы төл әдебиетімізге өзгелерден көбірек еңбек сіңіруде. Ол еңбеккер, еңбеккерден бұрын бейнеткер десе орынды. Қазіргі руханияттағы тынымсыз қажыр иесін кімдердің ортаға тартпай жүргенін бәріміз топшылайтын сияқтымыз.
Көпшілікті былай қойып, әдебиетті зерттеуші ғалымдардың өзі іріктелгендердің ішінен ғана суыртпақтата оқитын сыңайлы. Жалпы тәуелсіздік дәуірінің әдеби-көркем бағыты мен қарымды қаламгерден шыққан туындылар қызықтырмайтындай. Уағында ұлы жазушы Л. Толстой да: «Қазір сыншылар туралы ойға кетіп отырмын. Сынның шаруасы – қаламгерлердің өмірге әкелген туындыларын түсіндіру, ең бастысы – біз жазған түкке алғысыз дүниелердің ішінен – ең үздігін бөліп көрсету. Және де олар осының орнына не тындырып жүр өзі? Өздерінің өздері жандарын қинап, көбіне нашар, бірақ та жұртқа танымал жазушылардың жылт еткен ойын алтынмен зерлеудің соңына індете түседі... Бұл – енді сын деп аталады.» (см.: Лев Толстой об искусстве и литературе. – М.: СП, 1958, т.2. – С. 521), – деп қынжылған екен.
Осындай әрекеттің салдарынан қоғам алдында ат төбеліндей топтың шығармашыл ақын, жазушы ретінде бейнесі қалыптаса бастайды. Елдің бетке ұстар зиялылары болып іріктеледі. Депутаттар да, мемлекеттік марапаттанушылар да, стипендиаттар да, мүшәйрашылар да, түрлі қаржысы қомақты конкурстардың жеңімпаздары да, қазылары да солардың арасынан шығады. Бұдан соң наразылықтан кикілжің өрбіп, Жазушылар одағының іші жанжалға батып жатады. Әлгіндей келеңсіздікті көргеннен кейін «неге біздің әдебиетіміз өркениетті елдерден үлгі алып, алға ұмтылмайды?» деген ойға қаласың.
Кеңес дәуірінде лайықты қаламақы қаламгерлерді құлшындырса, қазір әдебиетке деген жанкештілік пен ұлтына деген сүйіспеншілік қана жігер береді. Әйтпесе, өмір бақи ақысыз қалам тербеу басқа жұрттың қолынан келмес еді. Міні, соның айқын бір дәлелі – Әділбектің өндірімді еңбегі. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» дегеніндей, ол түптің-түбінде өзіне лайық бағасын алатынына сөз жоқ. Әдебиеттің төңірегінде жүрген бүгінгі тоғышар топ көз жұма қарағанмен, ертең руханиятты түгендеуге келетін демократшыл, трайбалистік дерттен аулақ, елдік ұғымдағы ұрпақ оның дүниелерін тереңнен аршып алады. Осындайда еріксіз ақиық ақын Мұқағали еске түседі. Ол кісінің құдайсыз қоғам болғанмен, имандылығы басым кезеңде өмір сүргеніне қуанасың. Сол талантымен қазіргі ортаға түссе, әлдеқашан жынданып кетер еді. Тағдыры бұрынғыдан да қасіретке толы болар ма еді деп ойласыз.
Бүгінгі таңдағы тағы бір үрейлі нәрсе, оқырмандардан жазармандардың қатары артып барады. Өйткені, қазіргі үрдісті көз алдынан көшіріп отырған жастар шығарманы әлдекімге хат жазғанмен бірдей санайды. Себебі, әдеби мектеп дәстүрін көрмеген, көркем ойлау мен көркем жазудың жауапкершілігі мен ауыртпалығын сезінбейді. Оның үстіне оқығандары өзі сияқты айналасы мен қаптаған коммерциялық негіздегі арзанқол туындылар. Әрі, жанындағы жолдасының оп-оңай «жазушы атанғанына», Одаққа мүше болғанына куә. Одан бұның қай жері кем? Содан кейін, олақтың сылақ жаққанындай көркем сөздің мүсінін ойдақ-сойдақ, ойпыл-тойпыл сөзімен бүлдіреді.
Екіншіден, жазуға ниеттенген талаптанушыларды іріктеп, тектеп отырған және ешкім жоқ. Бұрын жас жазушылар редакцияға барса да, баспаға барса да кәнігі қаламгерлермен ұшырасатын. Тырнақалдысын соларға оқытып, солардың пікірін естіп, әуелгі арынын басып, іздену деген нәрсеге мойын бұратын. Әділбектер осындай мектептен өтті, үлкен қаламгерлердің алдын көрді. Қазір ондай жосық та, жүйе де жоқ. Баспалардағы редакторлардың орнын басқан кітап жазбайтын корректорлар. Олар жас жазушыға өрениетке қатысты ешқандай кеңес бере алмайды, тіпті, сөйлеспейді де. Сондықтан, ешкімнен ескерту мен есті сөз естімеген «туабітті таланаттардың» «осы бағытым дұрыс екен» деген ойдың сүресіне малданып, бытпырақтатып жүргендері қаншама...
Ал, өлең деген дүние мүлде тылсым әлем, сол тылсымдықты түйсінбей ұйқасқа сап, шатпақтар құрайтындар; ақ өлеңшілерміз деп мантырайтындар жетіп артылады. Бірер кітабын шығарып, аяғын басарға жер таппай қалған жастарды көріп жағаңды ұстайсың. Шетінен «классик». Қарапайым ғана нәрсе – сынықтық, сыпайылық байқалмайды. Бәрі Толстой мен Тургенов болып алған. Қазір жазармандар да мол, шығарма да көп, алайда татымдысы аз.
Азаматқа ең керекті имандылық пен ізеттілік әдебиетке де ауадай қажет. Көркем шығармада кісілікке қатысты құндылықтарға басымдық берілмесе, қаражүректік пен қанішерлікті ерлікке балаған туындының қажеті қанша? Кейде, өте сауатты жазылғанымен өзегіңді иітер «жаны жоқ» дүниелерге ұшырайсың. Мұндай әдебигершілік, яғни, литературщина көсегені көгертпейтіні аян.
6. МЫҢЖЫЛДЫҚТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖАҢҒЫРЫҚ
немесе жазушының олжасы
Бір қуанарлығы, Әділбек ұдайы өсу үстіндегі қаламгер. Әуелгіде прозасынан кібіртіктер аңғарылған, кейін оны түзеп алды. Байқағаным, мәтінмен көп жұмыс жасайды әрі үзбей оқиды. Осы мақаланы жазу барысында әлденеше рет жолығыстық. Бірақ ол ішкі жоспарымнан бейхабар еді. Екеуара әңгімеде әдебиет пен шығармашылық жайында біраз жайды қозғадық. Кейіпкерімнің жансарайына үңіле түсейін деп, «өмір дегеніміз не?» дедім.
– Жаратушы тарапынан берілген пенденің кісілігін сынайтын уақыт кеңістігі, – деді. Ал ұлт туралы ойлары қызық көрінді. – Ұлт дегеніміз – Әйел, – деп жалғады уәжін. Ол – тіршілік, болмыс, өркениет өрбитін ұжданның ұясы. Ал осы алтын құрсақтан талай халық перзенттері, ұлт көсемдері өмірге келді. Сондықтан, ұлт тағдыры әйел қолында.
Кеңес өкiметi орнағанда «әйел теңдiгi» деп зарлады. Сондағы саясаттың құлқы – тездетiп жаулықтылардың бетiн ашып (бетінің қытығын қашырып, тілін шығару деген мағынада – автор), қолтығына су бүркiп, ибасы мен иманын бұзу еді. Мұны Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунисінен» нақ көруге болады. Ондағы айтылғандарды кері мағынада қабылдау керек. Атасының көзін бақырайтып қойып жұрттың алдына шығады, жиынның төрін бермейді, мінберден сөйлейді, күйеуінен ажырасады, партияға өтеді, жесір әйел қалпында кіл саусылдаған ерлер арасында жүреді. Осындай «жаңашылдығымен» жат әрекеттерді ұлтқа теліді. Тіпті, көркем дүниедегі әйелдің алғаш ерінен ажырасуы осы шығар. Ұрғашы дiннен шықса қоғамның өзiнен өзi қожырайтынын қызыл сұңқарлар екшеген. Қазiр, Қазақстан тәуелсiздiк алған тұста «ана тiлiміздің теңдiгiн» iздеп отырмыз. Осының өзi бiр кезде еркекпен тең боламын деп, орысша оқып, билікке ұмтылып, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық ұстанымдарды мансұқ еткен көкбет келiншектiң құрсағынан өрбіген көкжалқақ ұлдардың шалағайлығы. Сол кезде әйел тiннен безбесе, қағанағын жарып түскен ұрпақ тiлден кетпейтiн едi. Өзбектің әйелдеріне де осы амалды қолданып көрді, әйткенмен олар ибадан аттамады. Қатын бұзылғанда кәде құритынын білді. Ақ патшалық империяның езгісінде жүрсе де ана тілін ұмытқан шешен, ингуш, грузин, әзірбайжан көрдік пе? Тіпті, отаны жоқ, әлемге тарыдай шашылған сыған, ұйғыр, курд халқы да ана тілін ұмытқан жоқ. Бiр әйелдiң қулығы қырық есекке жүк болса, бiр әйелдiң қырсығы қырық жылға да жүк. Құдай жаратқанда жылқыдан жылқы, түйеден түйе туады. Тек қазақ әйелдері ғана түрі ұлттық, мазмұны социалистік «ұрпақ» туады.

Біртекті этнос қалыптасу үшін әйел санасы ұлттық жадыға оралуы тиіс. Сонда ғана көкжалқақ ұрпақ емес, көкжал ұландар шығып, жаһандану амалдарына қарсы тұра аламыз. Ұлт – тегің мен мақсат-мүддеңді танытатын өлшем ғана емес, салт-сана мен ата-баба ұлағатының ошағы болып қалуы керек.
– Ащылау естілсе де ақиқатқа жақын мәселе екен, жаңа Бейімбетті айтып қалдың, кімдерді жазушы дейміз?
– Бақилық үнге айналған адам ғана жазушы.
– Бақилық үн... мәселенки...
– Жазушы – ұлт мүддесінің жоқтаушысы. Ол үнемі ой үстінде жүреді де әлдебір эпизодтардан көркем шешім жасауға, сол арқылы халқының мұң-зарын айтуға жанталасады. Елінің пайдасына өлмес парасатты уәж айта алса, ұлт санасында жазушылық ғұмырын жалғастырмақ. Мәңгілік жалғастырмақ.
– Ақынға қандай сипаттама беруге болады?
– Ақын – ақыл мен шалықтың арасындағы найзағай.
– Жаратушыны қалай ұғынасың?
– Ол менің жалғандағы жалғыз қамқоршым. Бір Алланың ғана жар болуымен келе жатырмын. Шүкір, бәріне қанағат.
– Азаматқа ең керекті имандылық пен ізеттілік әдебиетке де ауадай қажет деп қалдың, иман деген не өзі? Орыстар мораль деп жүр...
– Иманын қасым еткендер қаншама. Бірақ пенде атаулы иманнан айырылғысы келмейді. Сондықтан мүрдені ақтық сапарға шығарарда соңындағы тірілердің барлығы «иманды болсын», «иманы жолдас болсын» деген ниет білдіреді. Алайда, бұ пәниде имансыздыққа барғандардың со заматта иманы ұшып кетпеді ме?.. Иманның негізгі атауы мейірім, шапағат, кісілік. Ол – жүректегі нұр. Әркімнің кеудесіндегі осы болымсыз ақ сәуле сөнбесе екен деп тілеймін. Өйткені, иман, өліден гөрі тіріге көбірек керек сияқты.
– Жазушы бақыты деген не?
– Көкейіндегі дүниесін келісті етіп жазып, оқырманға ұсына алуы және жұртшылық тарапынан бағалануы.
– Өмірде қанағатшылсың ба?
Күйкі тірлікте барға қанағат жасаймыз. Бірақ, шығармашылық жолда тоқмейілсу дұрыс емес деп ойлаймын.
Әділбектің жауаптарына ойланып қалдым. Қарапайымдылық қаламгерлерге қажет дүние. Осы уақытқа дейін он бес-он алты кітап жазса да кеудесін көтеріп, кісімсінгенін байқамадық. Үнемі кішіпейіл, ізетті мінезінен айнымай келеді. Әрі, әдебиеттегі өз жолын тыңнан омбылай салып, шығармашылыққа адал қалпын сақтай алған. Сонысына орай туындылары мықты. Егер, бірыңғай әдебиеттің соңына түскенінде бұдан да мол дүние беретініне шүбә жоқ.
Осы ретте айтулы ақынымыз Фариза Оңғарсынованың: «Жалпы, шығармашылығын сырттай бақылап, өзім оқып келе жатқан соңғы лектің ішіндегі Әділбектің аяқ алысы өзгешелеу екені аян. Зейін салып, ден қойсаң, жазғаны қатпар-қатпар қыртыстардан тұратын күрделі ақын. Дүниетанымы, көркемдік-эстетикалық концепциясы, образды ойлау жүйесі, логикалық құрылысы өлеңмен сұхбаты аз, өнермен таныстығы үстірт кез келген адамға бірден ұғыла қоюы қиындау соғуы да ықтимал» деген байламы жадыма оралды. Сондай-ақ, белгілі жазушы Шәрбану Құмарова да: «Автор осының бәрін өмірден ойып алған. Кейде бұлыңғыр, кейде бұлттың арасынан жылт етіп көрінген күн көзіндей оқиғалар керуені осылайша тізіле береді. Талантты жазушы Әділбек шындыққа оқушысын мойындатып, ешкімді бейтарап қалдырмауға тырысады» деген тұжырым жасапты.
Бірақ, өкінішке орай, Әділбек ұзақ жылдар уақытың мен жігеріңді жеп қоятын мемлекеттік қызметтің атқарушылық кіші звеносында жүрді. Бас көтермей қағазбастылықтың қара жұмысына жегілді. Күнде сағат 21-22-ге дейін жұмыста болса, таңертең 8.40-та тағы да жұмыс кабинетінде отыратын. Ал, сенбі міндетті жұмыс күніне айналып кеткен. Осындай қарқынмен жүріп, жазуына мардымсыз ғана уақыт қалатын. Жанын аямай түнгі бір, екіге дейін тағы үстелінің басында отырды. Мұндай тегеуріндікке таудай қажыр мен табандылық қажет еді.
Тәуелсіздікпен қатар қанат жайған оның әдебиеттегі жолы даңғыл болмады, бірақ лайықты туындылары бар бүгінгі заманның өз жазушысы. Оны жеңді білектер қасақана көзіне ілмесе де, жасып, беті қайтқан емес.
Әділбектің өзіндік олжасы – үлкен әдебиетке жиырмасыншы ғасырдың, тіпті, екінші мыңжылдықтың соңында келуі. Бұл бір тұтас дәуірдің ауысуымен тұспа-тұс ұшқасқан ескі қоғамның күйреп, жаңа қоғамдық құрылымның қалыптасып жатқан кезі еді. Түсініксіз аласапыран уақыттағы саяси-әлеуметтік мәселелермен қатар кісілік парасаттылық пен мінез-құлықтың да өзгеріске түскен уағы десек, жаңсақтық болмас. Себебі, нарықтық қатынас орнап, әркім өзін өзі қаржыландыруға ден қойып, меншіктік сана ояна бастаған. Ескі жүйедегі көзқараспен өмір сүріп үйреніп қалған қоғам, енді мына жаңа заманның талап-нормаларына көндіге алмай, болмыстың боқырауға ұшырап тұрған сәті. Осы тарихи құнды көріністер мен дүниелер Әділбектің шығармасында молынан кездеседі. Оны поэзиясынан да, прозасынан да анық көресіз, оңай табасыз. Ертең әлеуметтік жүйені зерттейтін ғалымдар Ыбырайымұлының шығармасына бажайлай үңілсе, өтпелі кезеңдегі өләрә шақтың кеспірін тап басып танитын болады. Социализм орнай бастаған тұстағы оқиға мен көріністерді суреттеген Бейімбет Майлиннің шығармалары қандай өзектілікке ұласса, нарықтық дәуірге қадам басқан кезеңді барынша сипаттаған Әділбектің шығармасы да кісіліктің қалай деформацияға түскенін көруге мүмкіндік береді.
Оның жуықта «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Құмқыз» әңгімесі де ата-бабамыздан келе жатқан тектілік пен парасаттылықтың уақыт уытымен шайылғанын астармен аңдатып, бейнелі суретпен көрсете алған.
Екеуміз де жер жәннәті Жетісудың түлегі екенімізді кейін білдік. Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында туған қаламгер інімнің құнарлы топырақтан өнгені қарымынан байқалады. Болашақта «Жиырмасыншы ғасырдағы ұлы кітаптар тізімі», «Жиырма бірінші ғасырдағы ұлы кітаптар тізімі» деген өлшеммен төл туындыларымызды жүзжылдықтар бойынша сараласақ, осы екеуінде де Әділбектің аты аталатынына күмәніміз жоқ.
7. ТҮЙІН
немесе эссеміздің эпилогы
«Қолда өскен жүйріктің тай атықалмайды, қолда өскен жігіттің бала аты қалмайды» дегендей, Әділбек бізге әлі жасаң сияқты болып көрінетін. Сөйтсек, осынша өндіріп жазған қаламгердің уақытпен тайталасып келе жатқанын енді аңғарып жатырмыз. Ол да алпыстың асқарына иек артыпты.
«Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясына алғысөз жазған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғара ағамыз: «Жақсылыққа қуануды ұмытқан сәтте, ардың ісі әдебиет те бұзылады. «Семсер жүзіндегі серттің» соңғы бетін жапқанда бұрынғыдай саясаттың қолбаласы болмаған қазақ романының жаңаша бітімін көріп, бойымды қуаныш сезімі керней, төңірегіме марқая қарадым. Кенесары мұрат тұтқан тәуелсіздік рухымен оянған буын келе жатыр. Үш жүз жыл ұрпақты ділінен ажыратып, ұлттық құндылықтарынан тұттай жасаса да, бұл – ес пен сестің қанша ғасыр өткеніне қарамай бабадан балаға ауатынының көрінісі. Тілінен айрылған тобыр, отаршылар отықтырып тойындырған обыр қанша бұлқынғанымен ұлттық ділдегі бүтін бұқара оларды бауырына басып, байырғы болмысына сіңдіріп әкетеді...» деген керемет сөз айтқан екен.
Осы Тәуелсіздік жылдарында ұлт мұратын баянды етуге Әділбек – қаламгер тұрғысында еліне адал еңбек сіңірді. Аға буынның бірқатары «Шерханның шекпенінен шықтық» десе, Ыбырайымұлы «Уәлиханның уәжімен» қос жанрды тел тізгіндеген жазушыға айналды. Кемеліне толған оның қарымды қаламынан әлі де тегеурінді туындылар оқырманға жол тартатынына сеніміміз мол. Тек, сәттілік серік болса екен деп тілейміз.
Жанат ЕЛШІБЕК,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Астана қаласы
