Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Қуат Адис. Бағдаршам...

Қуат Адис. Бағдаршам

19.12.2025

4512

Қуат Адис. Бағдаршам - adebiportal.kz

Қуат Адис – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылында дүниеге келген. Ол балалар әдебиетіне әбден төселген, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақын. «Көңіл керуені», «Қоңырбек пен Содырбек» атты кітаптардың авторы.

Бағдаршам

Тәртіп керек түзге,

Қалаға да және.

Бағыт сілтеп бізге,

Бағдаршам тұр, әне!

 

Көше бойы тоқтап,

Барынша сақ болғын!

Ал есіңе сақтап,

Ережесін жолдың.

 

Қиылыста қалсаң,

Қара,

Көлік жоқ па?

Қызыл көзі жанса,

Қауіп саған.

Тоқта!

 

Асығыс бол, мейлі, 

Өте алмасың анық.

«Ал, дайындал!» дейді.

Сары көзі жанып.

 

Тұр енді сен, балам,

Бағдаршамды бағып.

Жол ашады саған,

Жасыл көзі жанып.

 

Қарсы бетке өттің,

Ал енді оны жаттап.

Сол арқылы көптің,

Қал өмірін сақтап!

 

Туған күн

Беске толдым мен бүгін,

Жігіт болар келді күн.

Еркелікті қоямын,

Ұят болар ендігім.

 

Ас үйде анам аптығып,

Торт пісірді тәтті ғып.

Әпкем оның үстіне,

Шырақтардан жақты үміт.

 

Сөкпейді ешкім тиып ғып,

Салтанатпен киіндік.

Туған күнді тойлауға,

Дастарханға жиылдық.

 

Қанат, Таңат, Жомарт, мен...

Толды үйіміз қонақпен.

Шырақтарды торттағы,

«Үрлеп сөндір», – деді әпкем.

 

 – Қане, тұрма үдеріп,

Ас жеп, ойнап-күлелік.

Үнсіз еді манадан,

«Тәйт», – деді әжем түнеріп. 

 

 – Халқыңда ырым көп, балам,

Жөн ғой оған тоқтаған.

Жақсылыққа жағылған,

Өшірмейді отты адам.

 

Атам да сөз бастады,

Әкем оны қостады.

Қасиетін шырақтың,

Білді барлық достарым.

 

Ақыл айтса ұғамын,

Тыңдайды қос құлағым.

Атам берді батасын,

Сөнбесін деп шырағың.

 

Табиғатты қорғайық

Түн түндігін түрді де,

Нұрын шашты күн, міне.

Жас шыбықты сындырма,

Аяла әсем гүлді де.

 

Құстар әні жаңғырып,

Жатсын десең сән құрып.

Қамқорлық қыл оларға,

Ұя жасап талға іліп.

 

Гүлдер жайнап тұрмаса,

Құстар сайрап тұрмаса.

Күн де күліп тұрмаса,

Түн де мүлгіп тұрмаса:

 

Хәлі нешік Ананың?

Хәлі нешік баланың?

Хәлі нешік қаланың?

Хәлі нешік даланың?

 

Сондықтан да қарағым,

Бейбіт күннің сал әнін!

Табиғатты апаттан,

Қорғай алсаң, жарадың.

 

Жерде соғыс болмасын

Жердің жүзі гүл-кілем,

Қажет оған күн, білем.

«Соғыс» сөзі бұзбасын,

Тыныштықты мүлгіген.

 

Қурамасын құрақ, тал,

Сарқылмасын бұлақтар.

Жарық болсын әрбір үй,

Сөнбесінші шырақтар.

 

Түңілігін түн түрсін,

Көкте күліп Күн тұрсын.

Жерде адамдар шаттанып,

Әсем гүлдер құлпырсын.

 

Мен әскерге барамын

Шырқатып үйді,

Ән бассын, мейлі.

«Ең қымбат» – әкем,

«Бейбіт күн», – дейді.

 

Кең байтақ жерім,

Егемен елім.

Қымбатты қорғау –

Міндетім менің.

 

Әскерге барам,

Сеніңдер маған.

Ұстауға қару,

Жетеді шамам.

 

Жетеді күшім,

Басталар ісім.

Оқ дауысын елге,

Естіртпеу үшін.

 

Отанды қорғап,

Ер – батыр болмақ.

Тұрады елде,

Тыныштық орнап.

 

Әткеншек

Қарындасым Келбетті,

Әткеншекке тербеттім.

Құстай самғап әп-сәтте,

Шарлап кетті ол жер-көкті.

 

Ашыпты оған жол ғалам...

Көктен жерге қонды аман.

Көргендерін баяндап,

Былай деді ол маған:

 

– Биік ұштым баудан да,

Биік ұштым таудан да.

Араласып бұлтпенен,

Жерге түстім жауғанда.

 

Әткеншекке мінгенде,

Ұшқыш болдым бір демде.

Әттең, әкем тербетсе,

Табысар ем Күнмен де.

 

Әсем біздің ауламыз

Ауламызды түлеттік,

Алуан түсті гүл ектік.

Қалмау үшін қуарып,

Анашым жүр суарып.

 

Достығы бар гүлдермен,

Түрлі-түсті түрге енген.

Көбелектер толады,

Гүлдерге кеп қонады.

 

Әсем аула, үйіміз,

Төгіледі ән-күйіміз.

Аула іші құлпырып,

Сұлулыққа тұр тұнып.

 

Сиқырлы қылқалам

Таудай оның талабы,

Қолында ылғи қаламы.

Табиғатты тірілтіп,

Ақ қағазға салады.

 

Гүлдендіріп қаланы,

Түрлендіріп даланы.

Өзгертеді бір сәтте,

Сиқырлы қылқаламы.

 

Сүйкеп қалса қолы егер,

Тал-теректер көгерер.

Шыға келер одан соң,

Тауға айналып төбелер. 

 

Биік таудың етегі –

Төрт түліктің мекені.

Құлыншағы бір сәтте,

Тайға айналып кетеді.

 

Түрлі бояу тұр тұнып, 

Гүлдер өсті құлпырып. 

Сары бояу жаққанда,

Шыға келер Күн күліп. 

 

Бұлт арасы сөгілді,

Күннен шуақ төгілді.

Жеті түсті бояудан,

Кемпірқосақ көрінді.

 

Ақ бояу – тау бұлағы,

Жасыл бояу – құрағы.

Сұр бояуды жаққанда,

Тарғыл тастар шығады. 

 

Көкшіл түс – көл болады,

Кемері тез толады.

Қоңыр бояу жаққанда,

Қаз-үйректер қонады.

 

Шөл даланың танабы,

Нуға айналып барады.

Сиқырлы екен расында,

Ерденнің қылқаламы.

 

Атасының ақылы

Басқалар да байқасын,  

Өсті десем Өркенім...

Ауырлығын айтасың,

Арқаңдағы сөмкенің.

         

Жеу үшін де талқанды,

Еңбек етіп терлейсің.

Жауыр қылмай арқаңды,

Қиындықты жеңбейсің.

 

Салмағына сөмкеңнің,

Ауырсынба сен бүгін!

Көтересің ертең күн,

Бұдан да ауыр ел жүгін.

 

Жарға жықпас нар сенім,

Жетер оған күшің де.

Болашағың бар сенің,

Сол сөмкенің ішінде.

 

Білсең бәрін жаман ба?

Биіктікпен тау – Ұлы.

Болмайды онда адамға,

Керек заттың ауыры.

 

Әжемнің өзі бір мектеп        

Жүзіне бүгін түсті әжім,

Ал, менің өңім тұр көктеп.

Алғашқы менің ұстазым

Әжемнің өзі – бір мектеп.

 

Жүрегі жұмсақ, алайда

Сөзінің өткір қияғы.

Әбестік көрсе қандай да,

«Тәйт» деген сөзбен тияды.

 

Ырымға қазақ бай халық,

Содан да елден ерекпіз.

Адам бар үйді айналып,

Жүгірме дейді себепсіз.

 

Жасалар туыс, досқа арнап,

Жөнімен бәрі сый-кәдең...

Құлашты жайып қос қолдап,

Босаға керме дейді әжем.

 

Сөздерін түйдім жадыма,

Ақылмен санам нұрланды.

Жаратпайды әжем тағы да,

Табалдырыққа тұрғанды. 

 

Тілейтін бізге амандық,

Әжемнің сөзі – мейірім.

Шақырма дейді жамандық,

Таянса біреу бүйірін.

 

Ниетің болса болғаны,

Ісінде әрбір бар үлгі.

Ырымға жаман ол-дағы,

Таянба дейді жағыңды.

 

Ақылын тағы бастайды,

Есейдік десек біз енді.

Одан да тиып тастайды,

Отырсаң құшып тізеңді.

 

Жеңіңе жүрме тас тығып,

Халықта тылсым бар кие.

Ырымның түбі – жақсылық,

Тиымның түбі – тәрбие. 

 

Жаманнан мені тиғасын,

Жүремін ылғи құрметтеп.

Үйреткен әдеп-ибасын,

Әжемнің өзі – бір мектеп. 

 

Ана тілім

Менің ана тілімде:

Қаным бар,

Арым бар,

Жаным бар. 

Даңқым бар,

Салтым бар,

Антым бар.

Түспек емес ол дауға,

Міндеттіміз қорғауға.

 

Сол үшін де:

Атам да,

Әжем де.

Апам да, 

Әкем де.

Ағам да,

Қарындасым, інім де

Сөйлейміз ана тілінде. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan