Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Құндыз Тасқынбек. Бәлкім, Оралханның іздегені – тә...

12.01.2023 2120

Құндыз Тасқынбек. Бәлкім, Оралханның іздегені – тәуелсіздік болар 14+

Құндыз Тасқынбек. Бәлкім, Оралханның іздегені – тәуелсіздік болар - adebiportal.kz

Алтайдың кербұғысы атанған қазақтың заңғар жазушысы Оралхан Бөкей туған өлкеде бұл күні небір талантты жас қаламгерлер өсіп келеді. Солардың бірі жас ақын – Құндыз Тасқынбекқызы. Оның өлең-болмысы тым нәзік. Тым сыршыл. Құндыздың әлемі, һәм сол әлемді тануға деген талпынысы бөлек. Мұңы да әсем. Қазақтың аяулы ақыны Сұраған Рахметұлы Құндыз Тасқынбекқызының шығармашылығына қатысты былай деп пікір білдіріпті: 

«Ақын қызымыздың табанды, тағанды есебі бар... Елдік – есебі, кеңдік – кенеуі, еңлік дестесі де бар. Келешекте керемет кестесімен өлең – сүгірет сызарына сенуге болады. Әсірқызармауға тырысса ғана... Қиялда еш кінәрат жоқ. Оның ғұмыры 0-35 жас арасында кездессе керек. Соңғы өлеңдеріңізде өзгеше бір «план» болғалы тұрғанын сезетін секілдімін. Ол – кәперлеу һәм іздену». Белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы болса былай дейді: «Әдебиет, поэзия – ол ұлттың жан дүниесі, рухани сүйеніші, ұлт тілінің ең көркем кестесі. Құндыз Тасқынбекқызының өлеңдері, бір ауыз сөзбен айтқанда, әдемі өлең, көркем өлең. Өлеңнің ең бірінші талабы – сұлулық. Сөз бен ойдың ішкі қисыны. Құндызда сол екеуі де бар».

Рас. Құндыздың ішіндегі сұлу да сырлы дүниетанымы өлеңінен де байқалады.  Жақында оның «Жүректегі көбелек» атты жыр-жинағы жарық көрді. Біз осы орайда жас ақынмен сұхбаттасуды жөн көрдік. Сол сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз, қадірлі оқырман.

- Жуырда «Жүректегі көбелек» атты жыр жинағыңыз жарық көрген екен. Қуанышыңызға ортақпыз, Құндыз. Жинағыңызды неліктен бұлай атағаныңызды білуге бола ма? 

- Өлеңді не үшін жазғанымды түсіндіргенді ұнатпаймын. Бірақ жақында бір ақын әпкем  «Жүректегі көбелек» сөзі қазақ ұғымында бар ма?» - деп сұрады. Осындай тақырып алуым, көбелектің қанат қағысын жүректің соғысына ұқсатқанымнан болар, әлде, өз қанатының сұлулығын көрмеген оны аядым ба, кім білсін?! Жеткізгім келгені, әр гүлге қонған көбелектей тұрақсыз адамның жүректен орын алуы –  өмірде таңсық жайт еместігі. Әр адамның өмірінде жамандыққа бергісіз, бар кемшілігіне көз жұма қабылдайтын адамы болса керек. Мен жеке өз атымнан емес, барша қыздардың атынан өлең жазатын сияқтымын. Мысалы, жүректегі көбелек құрбымның махаббат оқиғасын естігенде жазғаным. Әлде ондай адам менің де өмірімде  болды ма екен? 

«Жүректегі көбелек»

Бір бақ күтіп тұрғандай онда маған,

Менде ұзақ, үздіге жол қарағам.

Үміт бар-ды кеудемде қалар деген,

Өлең қалды үстелде, жолдамаған.

                                       

Үйіліп кеп төгілген төбеме мұң,

Жолым болмай келеді неге менің?

Үлбіреген гүлдей боп қалдым енді,

Ұшыруға қорқатын көбелегін!

 

Аямауға тағдыр да бекем бүгін,

Қайғы мен мұң. Менде қос мекендімін.

Қалай ұшып жүрген ол білмесе егер

Қанатының сұп-сұлу екендігін.

 

Бақыт үшін күндер көп құрап тіздік,

Жауабы жоқ қалады-ау сұрақ біздік.

Оны ғана байқайтын кінәм менің,

Оның жалғыз кінәсі – тұрақсыздық! 

Сенің жалғыз кінәң бар – Тұрақсыздық...

- Өлең жазуды балалық шағымнан бастадым дедіңіз ғой? Осы балалық шағыңыз жайлы айтып берсеңіз?

- Менің балалық шағым ата-анамның қасында алаңсыз өтті. Олар жайлауда жиі болатыны есімде. Әкем үнемі үйге  қарақат теріп әкелетін. Сыбызғыдай сыңғырлап аққан бұлақ, түрлі түсті жайқала өскен гүлдер – есімнен еш уақыт шыққан емес. Кішкентай кезімде суретші болуды армандағам. Дегенмен, үйдегі үлкендермен үнемі айтыс жасап жүреді екенмін. Көршілер қызық көріп біздің үйден шықпайтын дейді ата-анам. Менің есімде не айтатыным жоқ. Бірақ өмірімді өлеңмен байланыстырам деп ойлаған емеспін. Бала кезден жалғыз жүргенді ұнататынмын. Бірақ айналамдағы адамдар маған үйір болды.

Негізі өлеңнен, әдебиеттен алыстап көрдім. Төрт жыл ештеңе жазбадым. Ұзақ уақыт ойланып жүретінмін. Өлең тармақтары түсіме енген сәттер де болды. Құлағыма біреу тақырыпты , я тармақты сыбырлайтын сияқты. Соны қайталап жатып оянатынмын. Әрине, бір өлеңді тұтастай түсіңде көріп жазсаң ғажайып болатын еді. Бірақ маған біреу белгілі бір детальды ғана айтатын сияқты. Қазір ондай сезімім жоғалды. Кеудемде қайдан келгені белгісіз бір қайғы күрмеледі де тұрады. Алқымымнан алған сол белгісіз сезімді, яғни жан бұлқынысын өлеңге айналдыруыма тура келді. Поэзиядан алыстаған уақытымда аллергияны, астманы таптым. Қазір мені астмадан құтқарған өлең бе деген ойға қаламын. 

- Ең алғаш талантыңызды танып, бағыт-бағдар сілтеген ұстазыңыз бар ма?

- Мектепте ең сүйікті пәнім – қазақ тілі мен әдебиеті болатын. Сол пәннен – Мұратхан Месейханұлы деген пән мұғалімі сабақ берді. Сол кісі оқушыларға қосымша сабақ ретінде ақындар сыныбын құрды. Мен ұстазыма қарағанда Мұқағали елестейтін. Сондай қарапайым, ақкөңіл, жүрегі таза, ешқашан атақ-даңққа ұмтылмаған адам. Ол үшін ар мен ұят бәрінен биік. Қолынан түспейтін қоңыр портфелі де жылулық сыйлайды.

Біз алғашында көркем шығармаларды талқылаумен уақыт өткіздік. Ұзақ әңгімелесетінбіз. Кейіннен өлең құрылысы жайлы сабақтар өткізе бастады. Жиналған балаларды прозаға, поэзияға жақындығына байланысты екі топқа бөлді. Солай өлең жаза бастадым. Ешқашан шәкірттеріне ауыр сын айтып көрген емес, маған өзімнен артық сенетін.  Қиялыма қанат біткен болса сол кісінің арқасында.

- Еркіндік ұғымын қалай түсінесіз?

- Еркіндік деген сөзді естігенде көз алдыма аспан мен теңіз елестейді. Сондай биік, алып, терең, тұңғиық. Осы екеуіне ешқандай шекара болмайтындай. Ең алғаш М.Әуезовтың «Көксерегін» оқығанда, одан түркі халықтарының бейнесін байқадым.  Адамнан қаншалықты алыс болса, табиғат анаға соншалықты жақын.  Өзіне тән дала заңы бар. Оның мекені – ұлан ғайыр атырап. Сөйте тұра, оған жетпегені өзіне туғаннан тиесілі еркіндігі! 

Ал О. Бөкейдің «Қайдасың қасқа құлыным» повесін оқығанда автордың іздегені шын мәнінде қасқа құлын емес деген ойға келгем. Бұғының мүйізін аяусыз кесіп, қанын судай ағызған Матвейдің ұлтының орыс болуы тегін емес қой. Бұған дейін айбыны асқақ болған Алтайдың бұдан кейін өксігі басылмайды, өзегін өкініш кернейді. Сарқынды шалдың қайғылы күйіне қоса қайғырады. Жер астына көмілген байлық дәстүр-салтымызға салынған тиымды, мұраға қалған сары пышақ болашаққа деген үмітімізді еске салатындай көрінді. Бәлкім, Оралханның іздегені – тәуелсіздік болар! Түрлі шығармаларды оқып отырып, осындай астарлы мағыналар тауып алатынмын.   

- Өзіңіз құралпылас жас ақындардың шығармашылығына қатысты көзқарасыңыз қандай?

- Қазіргі қазақ поэзиясында жас ақындар өте көп. Менің қатарластарым ақ өлеңмен де, қара өлеңмен де жазады. Олардың үнемі ізденіс үстінде жүретіндері ұнайды. Екі бағыттағы ақындардың да шығармашылығын жақсы көремін. Ақ өлең жаппай белең алса, қазақтың қара өлеңі жойылып кетеді деген сөз емес. Тарихқа үңілсек, Күлтегін мен Тоныкөк жазбаларының өзі ақ өлеңмен жазылған. Поэзия – жанның айнасы, жүрек симфониясы. Оның үні. Дегенмен, постмодернизмді ұзақ уақыт түсінбей жүргенім рас. Мен үшін бұл күңгірт тақырып болды. Алғашында мәтін сияқты болып көрінетін. Кейін сол мәтіннен сұлулық көре бастадым. Ол адам ойының әдемі жеткізілуі. 

Әрі-беріден соң «біздің әдебиетте постмодернизм бар ма?» - деген сұраққа жауап беруім қиындады. Қазіргі эстетикалық ойлау жүйесінде постмодернизм кеңінен талқыланғанымен, оның әдіс, бағыт немесе ағым екенін ешкім ашып айта алмай жүр. Соңғы жылдары жазылған ғылыми әдебиеттерде постмодернизм бірде идеология, бірде ағым, бірде әдіс, дәуір, кезең ретінде де қарастырылады екен.  Филология ғылымдарының докторы, профессор, сыншы Б.Майтанов: «Қазіргі дәуірдегі модернизм мен постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері тұтас бағыт деңгейіне көтерілмеген, олар өзара ара-жігін де ашып дараланбағандықтан, бүгінгі күн бедерінде көркем-әдеби ағым ретінде өмір сүруде. Орнына қарай дәстүр, үрдіс, көрініс, стиль тер­миндері қолданылуы мүмкін. Біз бұл үде­рісті жылдамдатуға да, кідіртуге де құқылы емеспіз. Тақсыр уақыт пен әдеби тәжірибе негізгі сөздің тұтқасын ұстамақ»-деген пікірді айтады. 

Осы жайында жазушы-драматург Дулат Исабеков «Қамшы» порталына былай деп сұқбат берген: «Қала өркениетіне жақын, жаңашылдыққа құмар толқындар келіп жатыр, бірақ қазіргі шығармаларда ерекшелік жоқ. Біздің кезіміздегідей қызығы мол шығармалардың қатары да сиреген. Жазушылардың шығармаларында өз стилі емес, өзгеге еліктеу басым тұрады. Одан кейін сападан гөрі санға көп мән береді. Қала өркениетіне жақын, жаңашылдыққа ұмтылатын жазушылар бар. Олар, тіпті, өздерін постмодернизм өкілдеріміз деп атайды. Қазақ әдебиетінде постмодернизм жоқ. Бар болса, бір-екі шығарма жазылған шығар. Бірақ оларда ешқандай идея да, алғышарт та, белгілі бір мақсат-мұрат та жоқ. Оқиғаны баяндай береді. Бірде сүйісіп, бірде бала сүйіп, келесі жолы ажырасып жатыр. Не үшін жазды? Кім үшін жазды? Осының бәрін негізгі идеяға бағындыруың керек қой. Біздегі «постмодернизм» – шетелдің әдебиетіне сырттай ғана еліктеу. Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанда формализм мен абстрактизмге қарсы қатты күрес жүрді. Кейіннен айтыс біткен соң қарасақ, бізде формализм де, абстрактизм де жоқ екен. Біз кәдімгі жел диірменмен айқасқан Дон Кихот сияқты болып қалыппыз». 

Постмодернизмнің үлкен жаңалығының бірі – саналы түрде күрделі, ойы астарлы, күңгірт, түсініксіз, біртүрлі өлең жазу, тура құпия сияқты. Оның ерекшелігі де сол - түсініксіз, қабылдауға ауыр туындылар. Осы бағытта жиі қалам тербейтін - жастар. Қазір әлеуметтік желілерде жиі талқыланып, өзекті мәселелердің біріне айналған - Сұраған Рахметұлының жастар поэзиясы жайлы “Досхан Жылқыбайға хат” немесе “бақыт формуласы” мақаласы арқылы біраз ақынмен таныстым. Сұраған аға осы хатында жас ақындарының шығармашылығына жеке-жеке тоқталады. Өлеңдері жарияланған ақындардың бәрі әдебиет әлемінен өзін табуға, жаңа қазақ поэзиясын қалыптастыруға, оны әлемдік деңгейге көтеруге талпынып жүрген жандар. Сол мақалада Ұмтыл Зарыққан, Файзулла Төлтай, Думан Рамазан, Роза Аспанқызы, Әсел Кәрібай, Қарлығаш Қабай, Ақжан Аманжол, Айдана Қайсарбек, Жанар Рахат сынды ақындар шығармашылығы сөз болады.

Жастар поэзиясының үлкен бір ерекшелігі ішкі сезімін ашық жеткізу болса керек. Жоғалтқан арманы үшін жылағанын, өз жанын көтере алмағанын ашық айтады. Дүниедегі барлық құбылысты, мұңды, қуанышты, сұлулықты, бәрін сөзбен суреттеп жеткізуге болатынын Файзулла Төлтайдың “Қашу” атты өлеңінен байқауға болады. Ақынның осы өлеңі арқылы алқаракөк қиялы мен сезімін паш етіледі.  Бір оқығанда мүлде түсініксіз өлеңнің, екінші оқығанда тіптен мағыналы, астарлы, тіпті жаңыңа жақын болып шығуын қалай түсіндіруге болады? Қызығы да сол, әр оқырман әртүрлі қабылдауы мүмкін. Тура өлең емес, жұмбақ дерсің. 

Бүгін, өмірдің бар екенін ұмытып,

өлімнің жоқ екеніне сенген түндердің бірі…

…мен болсам көзімді жұмуға қорқам:

қабырғалардың қолына түскен терезе сұлбасының шыңғырған үні

бөлмемнің алты бұрышына байланып қалған;

ол алты бұрыш –дүниенің алты тарапына шашыраған сәуледей көркем;

бастау нүктесі – басымдағы орай; 

Кеңістік – көзім;

жер болса –көзімдегі тамшы,–

деп қазір он сефиротты қойнына жасырып ұйықтаған тәнім:

сол тәннің ішінде шам ұстап отырғаныммен қараңғылыққа қарсы,

бәрібір ол үнді босатып жіберуге жетпейтін секілді шамам,

оның да қауқары жоқ сынды шарыққа қашар;

күн өткен сайын дәл осы күйіммен мен де бір терезе сұлбасына айналып барам,

…сен қашан қол ұшын созады екенсің, ажал?!

Кеңістікті көзіне сыйдырған ақын, жерді көзіндегі тамшыға теңей отырып, өзінің де ең бірінші шумақта айтылған терезе сұлбасына айналып бара жатқанына налиды. Және өзін құтқарар күш ажал деп есептейді. Осындай жан түршігерлік сипаттаулар мен түңілу постмодернизмнің үлкен ерекшелігі. 

Келесі бір ақын Ұмтыл Зарыққан жандүниесінің ауыр салмағын ақ өлеңге жүктейді. Өзін мына қатал дүниеден таба алмай алас ұрады. Поэзиядағы суреттеу тәсілін өте жақсы қолданатын ақын. Оның “КАФКА” өлеңінде сөзсіз жаңа толқынның лебі сезіледі.

Алты бұрышты ғаламның алыс шетіндегі

сол бір бейбақ жан

және оның шүңірек көзі

шүңірек көзде малтыған мен

мен және менің асқақ отаным

бәріміз қоңызбыз біртұтас пішінде.

Қысқа қанаттарымыз алып аспанды қармап

тұншығамыз сонша

өз қабырғамызбен қалаған

қуыс «Қамалдың» ішінде.

Сол бір шүңірек көз

уытты

үрейлі

һәм қаһарға толы,

менің ішімде де бар сондай

түпсіз меңіреу үңгір.

Шөлдегі шыңырауға құлаған

сынған сәуленің деміндей

жым-жылас ғұмыр.

Мен сол шыңырау ұшындағы

шүңірек көзден ұшып

қонарға қалқа таба алмай

түнектен қайтқан

қанаты күйік құс сияқтымын.

Салқыны соққан

сан мың жылдар соқпағындағы

адамзат ар-ұятының.

Кафка –

өртенген теңізге құлаған күн

күн ішіндегі жойқын жарылыс

жарылыс ішіндегі біз

біз және біздің бейбақ отанымыз

бәріміз қоңызбыз біртұтас пішінде

және сондай асқақ кейіпте

тіршілікті қайтадан бастасақ дейміз

жым-жылас орманның түбінде.

Өлеңнің басталуы да ерекше. Алты бұрышты ғаламның алыс шетіндегі шүңірек көзді бейбақ, және оның шүңірек көзін мекен еткен автор. Артынша бәріміз қысқа қанатымен аспанды қармауға тырысқан бір пішінді қоңызбыз деген ақын, сол шүңірек көздегі үрейлі, түпсіз үңгір өз ішінде де барын айтады.  Өзін түнектен қайтқан қанаты күйген құсқа теңеу де Ұмтыл поэзиясына тән құбылыс. Ешкімге ұқсағысы келмейтін ақынның ғаламдыққа ұмтылуының өзі ғаламат емес пе?

 Ақжан Аманжол «Уақыт» өлеңінде жалт еткен жарық арқылы жер бетіндегі бүкіл жылу атаулыны сипаттап, оны бір адамның қолына ұстата салады. 

...Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны

бүкіл әлемді жылыта алар еді.

Бірақ,

оның

ескі суреттерді өртеп жібергісі келді.

Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны

бүкіл әлемді жылыта алар еді.

Бірақ,

ол

шылым тұтатты.

Ол қолындағы соңғы шырпыны

Күнге ұқсатқысы келді.

Бірақ,

шырпы сөніп қалды .

Жалпы, тәуелсіз елде тәуелсіз әдебиеттің қалыптасуы заңды құбылыс. Бұл тамшының мөлт етіп жерге түскенін сол қалпында боямасыз жеткізу сияқты. Әлем әдебиетімен керегесі тең әдебиет қалыптастыра аламыз деп сенемін. Мен барлық жерден іздеп тауып жүрген тәуелсіздік. Ережеге бағынбайтын,  қалыпқа салынбайтын-ақ өлең! Менің бостандығым ақ өлеңнен табылатын сияқты.

«Қонақ»

Мынау – кірпігіме ілінген мұздар,

Бітпейтін уайым, бітпейтін ызғар!

Қазіргі күйіме алыстаймын деген сайын таядым.

Мен –

Өзімнің үскірік демімнен

Мұз болып қатқан көз жасымды аядым...

 

 

Ақ басқанға дейін күресемін дейтінмін,

Әр самайды,

Өткен де, кеткен де дамылсыз есігімді

Қағудан шаршамайды.

Мен шаршадым.

 

Солқылдап аласұрған жүректі

Кеудеге түйгенмін,

Үмітсіз ойларым үздіксіз есігімді тоқылдатады?

-Кіруге бола ма?

( Үнсіздік. Үйдемін).

 

Қабырғаларымды ұрғылап,

Жанымның есігін жүрек те қағады!

 

Кеудедегі тынымсыз тоқылдағымды,

Өкпелетіп алуға  қорқатынды шығардым!

Естеліктерімнің иісі сіңген көшеге де шығуға қорқамын.

 

Бұл ортаның заңы сондай, мықтылар ғана керемет!

Керемет боласың, не солай көрінесің деседі,

Деседі де үкім кеседі.

 

Жоғалудан,

Табылудан, табылмаудан, сабылудан соң...

Ұза-а-ақ қаштым.

Қайдамын? Кіммін?

Кім бұл?

Мен есігімді аштым.

 

- Кіре беріңіз, қонағым...

- Уақыт тауып, шынайы әңгімелескеніңіз үшін көп рақмет!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар