Тарихи танымы мен рухани дамуы есте жоқ ескі замандардан бермен қарай сабақтасып жататын қазақ-қырғыз ұлыстарының ұлағат биігінен орын алған ортақ мұралары туралы сөз болғанда, ойға оралатын құндылықтар шоғыры адамзат өркениетінің өзекті бір бөлшегін құрайтынын байқаймыз. Санадан туындайтын салт пен дәстүр, таныммен сабақтасатын тылсым сырлы толғаулар жүйесі тоғысатын тұстарда да қазақ пен қырғыз жұртының рухани үндестігі менмұндалап тұрады.
Басыма кидім ақ қалпақ,
Оюлап шетін сырғызған.
Менің де бетім жап-жалпақ
Айырмам қане қырғыздан!? –
деп жырлаған көрнекті қазақ ақыны Әбіділда Тәжібаев өлеңіндегі тірлігі бір ордалы жұрттардың абзал бейнесі – рухани бірлік пен адами үндестіктің тарихи дамуда сирек кездесетін нұсқасы. Адамзатқа ортақ құндылық – ұлы «Манасты» құбылмалы саясаттан арашалап алуға атсалысқан ұлы Мұхтар Әуезов дәстүрінен дәрмен көрген текті тұлғалар, қай заманалар болсын, «бір туған» ниетті қос ұлыстың игі бірлігіне дәнекер болудан жазған емес.
Шыңғыс Айтматов шығармалары әлемдік көркем үлгілердің қатарынан орын алып, туған халқын абыройға бөлеген бұл есім қырғыз ғана емес, бүкіл түркі жұртының мақтанышына айналғаны шындық. Заңғар суреткерге қазақ бауырлары «Адамзаттың Айматовы» деген толағай теңеу де – шын ықыласпен берілген баға. Бұл – қаламгерлік аренаға ХХ ғасырдың орта тұсынан шыға бастаған тума таланттың алыс қиырларды шарлаған атағы мен даңқына шын пейілімен қуанған қазақ қауымының ұлы суреткерге деген ықылас-пейілінің көрінісі еді. Оған уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өз дәуірінің өзегін жарып шыққан дара перзенттерге тән ерекше қасиеттердің көшбасында тұруы, еткен еңбегі мен тындырған шаруасының жалпы адамзатқа түсінікті болуы айқын айғақ. Тілі мен дініне, әдеті мен ғұрпына, қоғамдық құрылысы мен қауымдық қағидасына қарамай мұхит асып, теңіз басып, биіктіктермен біте қайнасып кету үрдісі де дара тұлғаларға тән құбылыс десек, Шыңғыс Төреқұлұлы – осы қатардан ойып тұрып орын алған ғасырлық құбылыс.
Адам бойындағы асыл қасиеттердің арда тармағын алаулы азаптар құрсауында ғұмыр кешкен, біреулер үшін көптің бірі, енді біреулер үшін биік рухтың, бірегей болмыстың иелері – Жәмила мен Данияр бейнесі арқылы жеріне жеткізе айшықтап берген жас Айтматов «тау мен дала жыршысы» биігінен ешқашан аласарған жоқ. Қарапайым тіршілік пен қатыгез болмыстың ара-қатынасында жататын иірімдердің илеуінен шыққан жазушы кейіпкерлері, зерделі оқырмандардың сансыз толқынын: «Қайткенде адам қалады адам болып?…» – дейтін тереңге жетелеп келеді, әлі де жетелей берері сөзсіз. Суреткер мұраты – Расул Ғамзатов айтпақшы: «Адамдар менің жұлдызым, соларға жетсем болғаны» – десек, Шыңғыс Айтматов сол мұраттан көрінген жазушы.
Өркениет тарихына өзіндік бетбұрыс әкелуімен ерекшеленетін ХХ ғасырдың адами галереясын жасаған суреткерлер, өздеріне тұстас дәуірдің ғаламшар кезіп, мұхит табанын тоздырып, жер құрсағын індеткен пенделерінің іс-әрекеті арқылы уақытқа уағыз айтушылар биігіне көтерілгенін кез келген адамға мойындата алатын мысалдар жеткілікті. Осы тұста Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы», Михаил Шолоховтың «Тынық Доны» мен «Адам тағдыры», Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңізі», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы болып жалғаса беретін ғасырлық сөз-тұлғалар сөресінде «Қош бол, Гүлсары», «Боранды бекет», «Кассандра таңбасы» тәрізді құндылықтардың тұруының сыры неде дейтін сұрақтың көлденеңдеуі бек мүмкін. Сана сапырылысын сабырға шақыру үшін мифологиялық өрімдер мен табиғи таным деңгейіндегі өрістерде жатқан қарапайым қағидаларды шендестіру, орға түсуді оқыстан дегенімізбен, одан шығудың тәсілі біреу-ақ екендігін мойындай білу немесе мойындата білу шығар. Айтматов феномені міне, осындай құбылыстардан тұратын күрделі әлем болғандықтан, жоғарыда тілге тиек еткен қарапайым сұрақтың жауабын да осы тұстардан іздеп көруіміз керек.
Жалпы «Илиада» мен «Одиссея», «Махабхарата» мен «Манастан» бермен қарайғы «адами оқулықтардың», шамамен «Дон-Кихоттан» бастап екінші демі ашылды деп пайымдауға әбден болатын сияқты. Әңгіме, асыра дәріптеу мен әсірелей әрлеуден, тарихи баяндаудан бірте-бірте арыла бастаған сөз өнері, енді екінші бір ерекше әлем – адам зердесінің ішкі иірімдері мен ой толқындарынан бастау алатын таным табиғатына қарай бет бұра бастаған тұс туралы. Әдеби әлемнің осы екінші кезеңінде туған жұлдыздар шоғыры ерлік пен өрліктің, зұлымдық пен махаббаттың, наным мен сенімнің шырмала шиеленген қиын түйіндерін залалсыз шешіп, зардапсыз тарқату тәсілін зерттеп, зерделей бастады. Дәл осы екінші кезеңнің тұсында күшті мен әлсіздің, билік пен бұқараның, пенде мен табиғаттың ара-қатынастарындағы аласапыран арпалыстардың асау ағындарынан қан мен тердің, қайғы мен қасіреттің, үміт пен мақсаттың ара-жігін ажырату амалдарын іздеу мұраты алға шықты.
ХХ ғасырда сол мұраттың көсегесін көгерткен топтың бел ортасында Шыңғыс Айтматовтың суреткерлік тұлғасы тұр.
Қазақ пен қырғыздың қадым заманнан бері көзінің қарашығындай сақтаған қасиетті жәдігерлері – таулары мен далаларының биіктігі мен кеңдігін, оларда ғұмыр кешкен толымды тұлғалардың жан әлемі арқылы жер-жаһанға жар сала дәріптеген заңғар суреткердің өзіне тұстас дәуір болмысына тигізген әсер-ықпалы да зор болғанын мойындауымыз керек.
Шығарма өзегіне қазақ даласының бір қиырындағы қарапайым адамдар тіршілігі арқау етілген «Боранды бекет» романы өз дәуіріне орай жаңа көркемдік өлшемге негізделген туынды болуымен ерекшеленеді.
Суреткер алдына сол өзі өмір сүріп отырған кезеңнің бар болмысын өзінің өнері арқылы өзгеге де ұқтыра алу міндеті тұратыны белгілі. Бұл шынайы сөз зергеріне тән құбылыс деп есептесек, оның алдында адам жанының нәзік сырларыын қозғап, оқырманды шытырман тартысқа ендіру мұраты тұратыны сөзсіз. Әрине оның кілтін таба білу де оңай емес. Ол бойына табиғи дарын қабілеті мен үздіксіз іздену қасиетін сіңірген хас таланттың ғана қолынан келетін іс.
Шыңғыс Айтматов шығармалары туралы сөз қозғағанда осындай ойлар толғандыра бастайды. Ол күнделікті өмірде кездесіп жүрген елеусіздеу, жұпыны адамды бойына мол өнегелі қасиет жинаған асыл адам деңгейіне дейін көтереді. Оның өзгеге ұқсамайтын өзіндік стильде бейнелеп отырған адамның көркем образына қоғам, тарих, болашақ деген философиялық ұғымдарды қатар қамти отырып, оқырманның көңіл-күйін сол қарапайым қаһарманның ішкі әлеміне бойлатып, соған құрметпен, шексіз сүйіспеншілікпен бас игізеді. Жазушының сезім мен ойға толы шығармаларында адам тіршілігі таңғажайып әлем түрінде суреттелмейді, оқиға желісі де кәдімгі қарапайым шындық деңгейінде көрініс табады. Алайда аңызға бергісіз оқиға желісін замандастарымыздың іс-әрекетінен, мінез-құлқынан табуға тырысады. Қаламгердің әр шығармасы әлеуметтік-адамгершілік проблемаларды тиянақты зерттеудің, терең талдаудың жарқын үлгісіндей болып, бір туындыдан екінші туындыға өткен сайын биіктен биікке көтеріліп отыратыны әмбеге аян.
Тіршілік әлемінің кез келген тұсында тоғысып отыратын қырғыз бен қазақтың тарихи, мәдени сабақтастығы хас талант Шығыс Айтматов бұған дейінгі шығармаларында да қазақ кейіпкерлер шағын ауқымда болса да негізгі идея мен оқиғалар арнасында үнемі көрініс тауып отыратын. Ал қаламгердің «Боранды бекет» романында бұл сипат барынша кеңейтіліп, тұтастай қазақ жұмысшысының бейнесін сомдауға арналғанын көреміз.
Романда қазақ даласының бір қиырындағы Сарыөзек сияқты шағын теміржол разьезінде енбек етіп жатқан қарапайым қазақ жұмысшыларының өмір-тынысы, кісілік болмысы суреттелуі екі халықтың тұрмыс-тіршілігінің де ұқсастығын еске саласа керек. Алыс замандардан бері де терезесі тең, төсекте басы, төскейде малы қосылған қазақ пен қырғыздың бір атаның ажырамас егіз ұланындай екені баршаға белгілі. «Боранды бекет» романы осы үрдістің жарқын бір көрінісі деуге болады.
Жазушы қатардағы қарапайым еңбек адамы Едігенің тағдыры арқылы кешегі социализм дәуірінің өмір-тынысын көрсетеді. Шыңғыс Айтматов өз оқырманын кісілік тұлға, адамгершілік сияқты ұлы қасиеттер туралы ойға бұра отырып, оны адам бойына дарытудың тиімді амалдары мен жолдарын іздеуге жетелейді. Романның бас кейіпкері Едіге – бойынан ұлттық қасиеті айқын көрінетін күрделі тұлға. Ол ұлттық әдебиет қана емес, әлем әдебиетіндегі жаңа тұрпатты кейіпкер. Әрдәйім әлеуметтік келісті іс-әрекет үстінде көрінетін Едігенің тұла байындағы сезім мен парасат, күрес пен қимыл, толғаныс пен тебіреніс оқырман ойын еріксіз баурап, толғанысқа түсіреді. Ол – сондай-ақ қазақ халқының дәстүріне сай кішіге аға, үлкенге іні, отбасының тұтқасы, мейірімді әке, Қазанғап пен Әбутәліп Құттыбаевтарға айнымас дос, адал көрші бола білген өмірі өнегеге толы жан. Едігенің бойындағы парасат оның табиғи қарапайымдылығы мен қайырымдылығы арқылы тағылымды қасиетке ие. Ол – қатардағы қарапайым қазақ, темір жолдың қара жұмысшысы болғанына қарамастан ісі де, ойы да адамзаттық ұлы мұраттар биігінен көрініп отыратын дара тұлға.
Сонау қияндағы Қызылорданың тұлпардың тұяғын, құстын қанатын күйдіретін, алты ай жазда бір тамшы тамбайтын аптап-ыстығына қарамай адамдар тіршілік етіп жатқан Боранды бекет – біреулер үшін «ит байласа тұрғысыз» болғанымен осында жайлап, ұрпағын өсіріп, азаматтық қажыр-қайратын көрсетіп жүрген жандардың «алтын бесігі», басқаның «мысыр шәрі жұмағына» айырбастамайтын бақ мекені. Өрісі тар, күйкі мақсаттардың пендесі еместігіне риясыз сендірмек. Суреттеліп отырған темір жол бекеті шетсіз-шексіз алып құм шағылдар мұхитының ортасында жатқанымен, әлгіндей асыл адамдар қайсарлығының арқасында «бұл өлкеде пойыздар шығыстан-батысқа, батыстан-шығысқа үздіксіз ағыла» беретініне кәміл сенесіз.
Романның басталуы да тосын. Оқырман бірден шиеленісетін оқиғаға тап болады. Ол – шағын ауылдың ағасы дерлік, разъездің ең байырғы жұмысшысы, Едігенің бір еңбек коллективінде істейтін ежелгі досы, жансүйер аға замандасы Қазанғаптың дүние салуы еді. Жұмыс басында жеткен суық хабар Едігенің санасын сан-саққа жетелеп, есеңгіретіп тастады. Оның түрлі себебі бар еді. Қазанғаптай ұл да, қыз да өсірген ардагердің демі таусылған шақта аузына су тамызып, басын сүйеп, бетін жабар жан болмай, қаңыраған бос үйде жан тапсыруы көңілін құлазытып, жанын ауыртты. «Қандай асыл еді десеңізші. Ақырында жүзін жабатын адам да болмай қалды қасында... ит өліміндей болды...», – деген Үкібаланың сөзі де күйеуінің ойын қайталағандай еді. Едіге іштей егілді. Асыл азаматтың «ит өліміндей», қарғысқа ұшырағандай дүние салуы Едігені қатты күйзелтеді, терең тебіреніске түсіреді. Осы оқиғаға бас кейіпкердің роман бойындағы барлық қимыл-әрекеті мен ой парасаты қозғаушы болады. Қазанғаппен танысқан алғашқы күннен бастап бірге өткізген өмір белестері ой шегінісі арқылы Едігенің санасында қайта жаңғырып, көз алдынан өте бастады.
Сонау бір жылдары соғыстан мүгедек болып оралған Едігеге Қазанғап қол ұшын беріп, босағасына Қаранарды байлап, көмегін көрсеткен болса, енді Қазанғапты мәңгілік сапарға аттандыру міндетін Едіге атқаруға тиіс күн туған еді. Өйткені Қазанғап алдында тіріде қайтара алмайтындай борышы бар. Сондықтан бұл Едігенің Қазанғап алдындағы азаматтық борышын өтеуге тиіс сәттің келгені еді. Дәстүрлі ұлттық түсінікті санасына сіңіріп өскен Едіге ескі досын жерлеу күні шамасы келгенше азаматтық, кісілік борышын өтеуге талпынады.
Қай-қай тұста да шығарманың бас кейіпкері өзі өмір сүрген дәуір азаматтарына ұқсастығымен де, әрі өзгешелігімен де танылатыны заңды. Бұл орайда ірілі-уақты тартыстарға қатынасы оны өзгелерден бөлектеп көрсетіп, сезім-күйі де, қимыл-ірекеті де өз болмысына ғана үндес шығып жатуы да керек. Қазанғап бірден өз жолын таба алмай, бір орынға тиянақтай алмай жүрген Едігені дұрыс жолға салып, тіпті басына баспана тұрғызып, алдына мал салып беріп, еңбекке баулиды. Ақырында Борандының табиғатына да етін үйретіп, туыстастырды, көнтерілі азаматқа айналдырады. Оның тұрмыста, еңбек процессінде, адамдармен қарым-қатынас үстінде де бірден-бір тәлім алар ұстазы – осы Қазанғап.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей бас кейіпкер Едіге Қазанғаптан қабылдаған жақсы үрдісті дамытып, жауапкершілікпен жалғастырды, белгілі белеске көтереді. Едіге адамшылық ірі болмысы, мінез тұрғысынан қарағанда да өзгеше тұрпаттағы кейіпкер. Мұғалім Әбутәліптің басына үйірілген бұлттан сескенбей, қысылшаң күнде қиындықты бірге көтеріп, қуанышына бірге қуанып, қайғысына бірге ортақтасады. Ол жазықсыз жапа шеккен сәтте, артында қалған отбасын қиянатшыл жандардан арашалап, бала-шағасына қамқор болып, барынша қол ұшын береді, жәрдемдеседі. Біраз уақыт өтіп, саяси жүйенің ызғары қайтып, бір кезде жазықсыз жазаланғандарды арашалауға мүмкіндік туған шақта сонау бір кезеңдегі тоталитарлық саясаттың құрбаны болған Әбутәліп Құттыбаевтың аруағын арашалап, адалдығына көз жеткізуге, бала-шағасына, адал жарына сүйікті адамының азаматтық есімін қайырып беруге белсене кіріседі. «Бәрінен аулақ, өзіме зияны тимесін» деп қашқалақтаған кейбір ұждансыздар сияқты емес, Едіге сол бір қиын күндердің өзінде ешнәрседен жасқанбай «халық жауы» Әбутәліптің адалдығына, тазалығына нық сеніммен қалқан болып, ақталуына бар күшін салады. Осы бір іс-әректтің өзінен-ақ адалдық үшін жалаң аяқ шоқ басып, жалаңаш мұз төсенуге дайын кейіпкерін автор небір ширыққан тартыстар үстінде көрсетеді. Оны сол дәуірге тән идеология аясында, халықтың дәстүрлі мүдделері мен мақсаты тұрғысынан бейнелейді. Халықтың көкейіндегі арманын, салт-санасындағы ежелден қалыптасқан ізгілік мұратын дәріптеуден тартынбайды, «әсіре қызыл» идеология ықпалына түсіп қашқалақтамайды. Едіге сүйенері жоқ соқа басты Қазанғап қартты «Ана-Бейіт» зиратына апарып жерлеуге қаншама күш салғанын қараңыз... Бұл Едігенің отыз жыл бойы жұбын жазбай бірге келе жатқан досының әруағына деген шын адамгершілік ілтипаты екені сөзсіз. Едігенің Қазанғапқа деген достық көңілі ыриясыз адал. Өйткені, Қазанғап – Едіге үшін «асыл адам» символы.
Өлім үстінде ұлттық жосық-жоралғының орындалуы барысында көрініс табатын іс-әрекеттер, қазақтың жерлеу рәсіміндегі өрелі кісілік қасиеттер романда Едігенің көзқарасы, өзіндік пайымдары арқылы берілген. Бұл орайда дүние салған жан тірі кезінде кімге қандай жақсылық, кімге қандай залалдық жасады деген мәселе төңірегінде ой елегінен өткізу «сүйек иесінің» қасиетті борышы болып саналған.
Едіге адам өліміне адамгершілік категориялардың тоғысуы тұрғысынан баға береді, өмірмен жанды қатынастағы құбылыс ретінде қабылдайды. Ол адам қазасына, өзгенің де басына түскен трагедиялық жағдайына тебірене біледі. Бұл жағынан келгенде Сәбитжанды Едігемен мүлде салыстыруға келмейді. Сәбитжан – тіпті туған әкесінің өліміне қайғыра алмайтын безбүйрек. Әкесінің өлген хабарын естіп келіп, оны мәңгілік сапарға аттандыруға тиіс Сәбитжанның болмысын көрсететін мына бір көрініске назар аударып көрейік: «...Еркектер жағы шелекпен су тасып, қара май сіңген ескі шпалдарды жарып отын дайндады. Бұл шөл далада отын да судай қат еді. Жұмысбасты адамдарды алаңдатып, қай-қайдағыны бөсіп, Сәбитжан аяққа оралғы болды. Облыста кім қандай қызметте, кім орнынан алынды, оның орнына кім барды деген сияқты қысыр әңгіме. Ал атасының қазасына өз әйелінің келмей қалғаны қаперіне кіріп шығар емес. Қызық-ау, құдая тоба! Әйелінің келмеген себебі: шетелдік меймандар қатысатын әлдебір конференцияда болуы керек екен. Сәбитжанның әйелі болмаса, конференция қараң қалатындай. Ал марқұм Қазанғаптың немерелері неге келмеді, деп ешкім қазбалап та жатқан жоқ. Сәбитжанның балалары болашақта институтқа түсу үшін тәуір аттестат алмақ болып, оқу үлгірімі жолында күресіп жатса керек. Бұл жұрт не болып барады. Бұлар үшін өлімнен басқасының бәрі қадірлі. Бұлар өлімді сыйламаса, тіршіліктің қадірін қайдан білсін. Бұлар қалай, не үшін өмір сүріп жүр өзі? Өмірдің мәні не сонда бұлар үшін?» [1,29] Едіге аузынан шыққан бұл сөздерде қаншалықты терең сыр жатқаны ақиқат.
Өз қоғамының өзегінен өніп шығып, өзге ортаның өзегін өртеген Ш.Айтматов кейіпкерлері нанымы мен сенімі, әдеті мен ғұрпы, тілі мен ділі жәйлі өзіне бейтаныс ортаға «түсініктеме» беріп жатпай-ақ судай сіңіп, тастай батып кетіп жатса, ол сөз өнерінің тектілік тұрпаты мен дарынның даралығымен ғана түсіндірілуі мүмкін.
«– Мен түнде ылғи қараймын, ай маған қарайды. Бірақ бір-бірімізді естімейміз... Айда біреу отыр...» [1,117]. Бұл адам әлемін екі жікке бөлудің, мүмкін, көшбасында пайда болған алғашқы әдеби ұғым – бейне ретінде қабылдануға тиісті Мәңгүрт тектесіміздің адамзатқа қайтарған қасіретті жауабы.
Ғарасат майдандарынан майдаланбай шыққан миы сау, мінезі түзу, үғымы ортақ ұлағаттармен ұштасқан кешегі ортаның бүгінгі бір бөлшегінің пайымы. Шыңғыс Төреқұлұлының Ақмаяға мініп алысқа аттанған Найман – Ана мен Мәңгүрт перзент образдары арқылы адами санаға енгізген жаңа түсінігінен бастау алатын, тұстас ғасыр тұрпатындағы жаңа айшықтарды түстеп-түгендеп жатудың қажеттілігі замананың ой-өресіне сын жағдай деп есептеуіміз керек.
«Шығыстан батысқа қарай, батыстан шығықа қарай ағылып жататын пойыздар» жөңкілісі жетіқат көктің жырағынан талып жеткен «Орман Төс» өркениетінің үрейлі үні, Найман – Ана жатқан ежелгі зиратқа аяғы жетпей жаны жүдеп, жүрегі жылаған есіл Едіге, Найман – Ананың ақ жаулығынан аза құсына айналған ақ қанат әлем – ұлы суреткердің Ұстаздық бейнесінен тараған үміт пен үрей ұшқындарындай әсер қалдырады.
Ой желісін орманды нуға жетелеп, болмыс заңдылығын сана-хатпен шегелеген шебер Иеге шерін төгіп жалбарынған Едіге – Тағдырдың Сарыөзектің сағымды даласына ғана емес, бүкіл Аспан астын саялаған адами санаға бағышталған алапат арман-тілегін Айтматов қаламы жан тебірентер биікке көтере келе, сабыр мен салқам-саябырға емес, өнебойыңды қарып түсер қатерлі диалогқа ұластырады. Мүмкін бұл ғасыр қасіреті шығар!
Марқұмның мүрдесін жер қойнына жаңа тапсырып, жан-дүниесі жаңа ғана жадырай бастаған Едіге, Қазанғаптың аузына тістеп, арқасына салып баққан, арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп оқытып, ел қатарына қосқан жалғыз мұрагері Сәбитжанға қайрылады.
« – Сәбитжан қарағым, енді қолымыз босады. Енді бір әңгіме бар. Ата-баба зираты Ана-Бейітті қайтеміз неді? – деп сұрады.
- Қайткені несі? Бас қатыратын түгі де жоқ, – деді Сәбитжан. – Жобаның аты жоба. Сол жоба бойынша зират жойылады. Мұның несі сөз.
- Менің айтпағым ол емес. Өйте берсең кез келген іске қолды бірсілтеп қоя салуға болады. Сен ғой осы жерде тудың, осы жерде өстің. Әкең сені оқытты. Енді әкеңді алыс жолға аттандырдық. Жапанда жалғыз өзі қалды. Әйтеуір өз туған жерінде жатыр, көңілге сол ғана медеу. Сен ғой сауатың бар, құдайға шүкір, қызметің облыста, кез келген адаммен сөйлесе аласың. Оқымаған кітабың жоқ...
Е, онда тұрған не бар? – деп Сәбитжан орта жолдан килігіп кетті» [1,295 ].
Өне бойыңды өртке орап, жан-жүрегіңді шаншып өтер екі сөйлем: «Оқымаған кітабың жоқ», «е, онда тұрған не бар?». Шағын мақала үшін ұзақтау болып көрінер осы үзіндінің қатпарында жатқан алапат астарларды пайымдау үшін әрбір оқырманның өзі өмір сүріп отырған уақыт пен қоғамы туралы ойлануы керек. Шешуі күрделі қиын түйіннің шиеленіскен шимайында – адамзат жүріп өткен ұзақ жолдың ұлағатты тұстарын ұлықтаған құдайдың пендесі Едіге мен бір аяғы Сарыөзектің даласында, бір аяғы «Орман Төстің» қиырында тұрған Сәбитжандардың арасындағы тұңғиықтың аранынан адамзат өркениетін арашалап алудың амал-айласы мен тәсілін іздеудің ізі жатыр.
Пайдаланылған әдебиет:
- Ш. Айтматов. Боранды бекет (Ғасырдан да ұзақ күн). – Алматы: Жалын, 1986. – 304 б.
ҚҰНЫПИЯ АЛПЫСБАЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры,
филология ғылымдарының докторы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.