Құрылтай - дәстүрлі төл сөзіміз

…Бірақ құрылтай дәстүрін тек Шыңғыс хан заманынан бастау дұрыс болмас еді. Өйткені одан әлдеқайда бұрынғы түркілік қоғамдық өмірде де кеңесу, алқаласу, ел ағаларымен ақылдасу дәстүрі қалыптасқан. 

Құрылтай - дәстүрлі төл сөзіміз - adebiportal.kz

Сөздің тарихы – халықтың тарихы. Кей сөздер ғасырлар көшінен өтіп, өзімен бірге тұтас бір дәуірдің тынысын, елдік сананың ізін ала келеді. «Құрылтай» да сондай қасиетті сөздердің бірі.

Құрылтай – сөздік қорымыздағы ежелгі сөз

Қазақ даласында ел тағдырын таразыға салған, жер дауын шешкен, жауға қарсы аттанар сәтті белгілеген, хан сайлаған, бітім мен бірліктің жолын қарастырған талай ұлы жиын өткен. Сол жиындардың атауы ретінде тарихымызда «құрылтай» сөзі жиі кездеседі.

Бүгінде бұл сөз бізге етене таныс. «Құрылтай өтті», «құрылтайда мәселе көтерілді», «елдік мәселелер құрылтайда талқыланды» дейміз. Бірақ күнделікті қолданыста жиі айтылатын осы бір сөздің ар жағында қандай тарих жатыр? «Құрылтай» атауы қайдан шыққан? Оның мағынасы қандай? Неліктен ата-бабамыз елдік басқосуды дәл осы сөзбен атаған?

Бұл сұрақтардың жауабы – қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі-монғол өркениетінің тарихымен сабақтас.

Сөздің арғы төркінінде не бар?

«Құрылтай» сөзінің этимологиясы жөнінде ғылыми әдебиетте бір ғана пікір қалыптаспаған. Зерттеушілер оның төркінін көне түркі және моңғол тілдеріндегі «жинау», «топтау», «құру», «кеңесу» мағыналарымен байланыстырады. 

Құрылтай ұғымының көне түркілік мәдени кеңістіктегі тамырын әдеби мұралардан да көруге болады.

Көне түркілік «құр» түбірі «жинау», «құру», «біріктіру» мағыналарына жақын. Осы түбірден қазақ тіліндегі «құру», «құрылу», «құрылым», «құрылыс» тәрізді сөздердің жасалуын да байқауға болады. Ал моңғол тіліндегі qura – тұлғасы да «жинау», «жиналу» ұғымдарымен сабақтас.

Демек, «құрылтай» атауының семантикалық өзегінде бір жерге жиналу, бас қосу, кеңесу, ортақ шешімге келу ұғымдары жатыр деуге негіз бар.

Сөздің сыртқы тұлғасына қарасақ та, оның ішкі мазмұны айқын сезіледі. Құрылтайда жұрт жай ғана жиналмайды. Жиналған ел ортақ ойға келеді. Ортақ ойдан шешім туады. Ал ортақ шешім – елдіктің тірегі.

Сондықтан «құрылтай» ұғымын қарапайым ғана «жиналыс» сөзімен алмастыру оның тарихи салмағын толық бере алмайды.

Құрылтайдың тарихы Шыңғыс хан дәуірінен де ары жатыр

Құрылтай сөзінің тіліміздегі ежелгі қолданысы турасындағы дереккөз ретінде біз «Оғызнаме» туындысындағы мәтінді келтіре аламыз. ХІІІ-ХҮ ғасырларда жазылған деп саналатын, күллі түркі халқына ортақ бұл әдеби мұра Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы. «Оғызнаме» туындысында былай дейді: «...Андан соң Оғуз қаған улуғ курілтай чакірді, нүкәрләрін эл күнләрін чарлаб чакірді. Кәліб кәңәшіб олтурді (л) ар..» (Одан соң Оғыз қаған үлкен құрылтай шақырды, нөкерлерін, халықты шарлап шақырды. Келіп кеңесіп отырды.)

«Көне түркі тілі сөздігінде» де құрылтайға «халық жиналысы» деген анықтамасымен, осы «Оғызнаме» туындысындағы мысал алынған.

Осы ретте «құрылтай» сөзі өзінің бар мағыналық қуатымен монғол тілді халықтардың ел басқару дәстүрінде қолданылып келгенін айтып өткен жөн. Бірақ бұған қарап «құрылтай» монғол сөзі деген қорытынды жасауға болмайды. Себебі Оғыз мемлекетінің құрылып өркендеуі Шыңғыс хан дәуірінен едәуір ілгері ғой.

Құрылтай ұғымы Еуразия даласындағы көне мемлекеттік құрылымдармен тығыз байланысты. Түркі және моңғол халықтарының саяси тарихында билік пен ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді ақылдасып шешу дәстүрі болған. Әсіресе Шыңғыс хан дәуірінен кейінгі саяси кеңістікте құрылтайдың мемлекеттік маңызы айқын көрінді. Ұлы ханды сайлау, соғыс пен бейбітшілік мәселелері, жорық бағыттары, мемлекет өміріндегі маңызды шешімдер осындай кеңестерде қарастырылған.

Бірақ құрылтай дәстүрін тек Шыңғыс хан заманынан бастау дұрыс болмас еді. Өйткені одан әлдеқайда бұрынғы түркілік қоғамдық өмірде де кеңесу, алқаласу, ел ағаларымен ақылдасу дәстүрі қалыптасқан. 

Құрылтай  жиыны – Дала демократиясының үлгісі

Құрылтай – Ұлы Даладағы демократиялық басқарудың тамаша үлгісі. Қазақтың дәстүрлі қоғамындағы «кеңес», «мәслихат», «алқа», «бас қосу» тәрізді ұғымдардың барлығы осы қоғамдық ойлау жүйесімен үндеседі.

Ел басқарудың далаға тән үлгісінде ханның билігі болғанымен, хан жалғыз шешім қабылдаған жоқ. Оның жанында елдің сөзін сөйлейтін билер, батырлар, рубасылар, беделді тұлғалар болды. Халықтың тағдырына қатысты күрделі мәселе көптің талқысына түсті.

Бұл – демократиялық институттардың қазіргі үлгісімен бірдей деген сөз емес. Бірақ көшпелі қоғамның өзіндік кеңесу мәдениеті болғанын жоққа шығаруға болмайды.

Көшпелі өмір салтында жеке адамның тіршілігі тұтас қауымның тағдырымен тығыз байланысты болды. Бір рудың жайылымы, бір елдің көші-қоны, көрші мемлекетпен қарым-қатынас, сыртқы жаудан қорғану – мұның бәрі жеке адамның емес, бүкіл қауымның мәселесі еді.

Сондықтан ортақ мәселені ортақ талқыға салу қажеттілігі табиғи түрде қалыптасты.

Қазақ үшін кеңес – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, даналықтың белгісі болды.

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөздің өзі дала қоғамында сөздің салмағы ерекше болғанын аңғартады. Ел ағасы сөйлегенде, би төрелік айтқанда, оның сөзіне тоқтау – қоғамдық тәртіптің бір көрінісі еді.

Құрылтайдың ең басты ерекшеліктерінің бірі – сөзге орын берілуі.

Қазақ қоғамында шешендік өнер жай ғана көркем сөйлеу қабілеті болған жоқ. Ол – қоғамдық ойдың құралы еді.

Бір ауыз сөзбен дауды тоқтатқан би, елді соңынан ерткен шешен, қиын кезеңде жұртқа бағыт көрсеткен ақсақал – дала қоғамында үлкен беделге ие болды.

Сондықтан құрылтайды қазақтың сөз мәдениетімен бөліп қарауға болмайды.

- Құрылтайда кім сөйлейді?

- Елдің сөзін сөйлейтін адам.

- Не туралы сөйлейді?

- Елдің тағдыры туралы.

- Қандай сөз қажет?

- Жұртты бөлетін емес, біріктіретін сөз.

Осы тұрғыдан қарағанда, құрылтай – қазақтың дәстүрлі қоғамдық өміріндегі ақыл мен сөздің тоғысқан кеңістігі.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас»

Қазақ мақал-мәтелдері де ел болып ақылдасудың қадірін айрықша көрсетеді.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дейді халық.

Бұл – қарапайым тұрмыстық мысал арқылы үлкен қоғамдық философияны білдіретін нақыл.

Жеке адам қателесуі мүмкін. Ал көп болып ақылдасқанда, мәселенің түрлі қыры көрінеді. Бірінің білмегенін бірі толықтырады. Бірінің байқамағанын екіншісі байқайды.

Сондықтан құрылтайдың түпкі мәні – көпшіліктің санын көбейту емес, көптің ақылын біріктіру.

Қазақтың «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақалы да осы идеямен үндес.

Демек, құрылтай ұғымының астарында саяси мағынамен қатар терең философиялық мән бар. Ол – бірлік, келісім, ортақ жауапкершілік және елдік сана.

Құрылтай – халық жадындағы тарихи код

Тіл – халықтың тарихи жадын сақтайтын ең сенімді қазынаның бірі.

Кейде біз бір сөзді күнделікті өмірде қолданамыз да, оның ғасырлар бойы қандай жолдан өткенін ойлай бермейміз. «Құрылтай» да сондай сөз.

Оның құрамында көшпелі өркениеттің ізі бар. Оның мағынасында хан ордасы да, ақ боз үй де, кең дала да, ел ағаларының әңгімесі де, билердің тоқтамы да елестейді.

Бұл сөзді естігенде, көз алдымызға сахара төсінде тігілген үлкен ақ үй, сол үйге жиналған ел ағалары, ортада жатқан мәселе, кезекпен сөйлеген шешендер елестейді.

Әрине, бұл – біздің тарихи санамыздағы көркем бейне.

Бірақ сол бейненің астарында нақты тарихи шындық жатыр: көшпелі қоғамда ел тағдырын ақылдасып шешудің дәстүрі болған.

Құрылтайда ең өзекті мәселелер шешілген

Қазақ тарихында ел тағдырын шешкен ірі жиындар аз болған жоқ. Арғы дәуірлер, одан бергі Қазақ хандығының құрылу, қалыптасу кезеңінен бастап елдің бірлігі мен жер тұтастығына қатысты мәселелерді талқылауда хандық кеңестердің, билер мен ел ағаларының жиындарының маңызы зор болды.

Тарихта «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген тіркес сақталған. Бұл сөздің өзі қазақ қоғамында кеңесудің қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді.

Әз Тәуке хан тұсында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған елдің беделді тұлғаларының кеңесі мемлекеттік басқарудың маңызды тетігіне айналды. Қазақтың әдет-ғұрып заңдарын жүйелеген «Жеті жарғы» да осындай елдік ақылдасудың жемісі ретінде қарастырылады.

Тарихта қалған әйгілі құрылтайлардың бірі 1269 жылы көктемде Талас өзені бойында шақырылды. Бұл құрылтайдың маңызы туралы тарихшы ғалым, академик Берекет Кәрібаев былай деп тұжырымдайды: «1269 жылғы Талас құрылтайы саяси жағынан Монғол империясының ыдырап, жеке ұлыстардың дербес мемлекеттерге айналғанын заңдастырса, экономикалық жағынан, монғол ақсүйектерін жергілікті халықпен есептесуге, олардың шаруа­шылық өмірімен санасуына бет бұрғызады. Ал бұл, өз кезегінде, жергілікті этнос­тардың монғолдарды ассимилизациялауға, дербестенген Ұлыстардың жергілікті этностардың мемлекетіне айналуына алып келеді. Осындай процестерді заңдастырған 1269 жылғы Талас құрылтайының тарихи маңызы осы деп есептейміз.»

Ұлт тарихындағы аса маңызды құрылтайлар осындай ел тағдырының елеулі кезеңінде шақырылған. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. 

Атап айтқанда, 1710 жылы Арал теңізінің батысында, Қарақұм шөлінде болған құрылтайды Әз Тәуке хан ұйымдастырып, бұл ұлы жиында Үш жүздің өкілдері жоңғар басқыншыларына тойтарыс беруді, қазақ рулары мен әскерін басқару құрылымын қайта құру жоспарын талқылаған болатын. 

Ал Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Осы ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары Құрылтай сөзін қолданыста молынан пайдаланғанын көреміз. «Сол үшін де азамат соғысы жылдары «Алашорда» үкіметі Құрылтай үкіметінің құрамына кірді. Ондағы мақсаттарын сұраған түрме тергеушісіне Х.Досмұхамедов: «Құрылтайдың тапсыруымен Орал қазақтарының басқару құрылымын жасадым, ол еш өзгеріссіз құрылтайда бекітілді. Кейінгі демократиялық өзгерістердің барысында ол жеке кітапша боп басылып шықты. Құрылтай: монархияға – демократияның құлдығының символы, бір халықты екінші халыққа арандатудың ошағы ретінде баға берді. Егерде: барлық халықтардың өзін-өзі билеуіне ерік берілген жағдайда және барлық державалар қарусыздандырылса, онда құрылтай өкілдері ешқандай аннекциясыз, контрибуциясыз бейбіт келісім жасауды жақтайтынын мәлімдеді. Жалпыға ортақ ашық және жасырын дауыспен сайланған Құрылтай жиналысы – Россияның мемлекеттік заңдық құрылымы ретінде танылды, өзінің санына байланысты әр ұлттың өкілі мемлекеттік мекемелерге қабылданатын болсын деп шешім шығарды»,– деп жауап берді.»

Түйін

Уақыт өзгереді. Қоғам өзгереді. Мемлекеттік институттар өзгереді. Бірақ кейбір құндылықтар өзгермейді. Солардың бірі – кеңесу мәдениеті. Келелі кеңестің өзегі – бүгінгі күні «құрылтай» сөзі жаңа қоғамдық мазмұнмен қолданыла бастады. Қазақстандағы парламентаризм жаңа құрылымдық сапаға көтеріліп, бұрынғы Сенат пен Мәжілістің орнын Құрылтай басты. Бұл – ғасырлар бойғы дәстүрдің жалғастығы. Мұны қайта салтанат құрған тарихи заңдылық деп білеміз. Егер халық белгілі бір көне сөзді ғасырлар өткен соң қайта жаңғыртса, демек сол сөздің мағынасы оның санасында әлі де өмір сүріп жатыр деген сөз. 

Құрылтай – қазақ халқының қоғамдық өміріндегі елдік ой мен ортақ шешімнің тоғысқан тарихи институты. Оның мәні тек белгілі бір мәселені талқылап, шешім қабылдаумен шектелмейді. 

Тәуелсіз Қазақстанның заң шығарушы құрылымы Құрылтай – елдің бірлігін бекемдейтін, ортақ мүддені айқындайтын, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіндіретін рухани әрі саяси кеңес алаңы ретінде ел игілігіне қызмет ете береді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan