Қысқа мәтін дәуірі: неге қазіргі жастар ұзақ романнан гөрі ықшам дүниені таңдайды?
«Бір минутта оқып шығасыз», «30 секундта түсінесіз», «Қысқаша мазмұны», «Қысқаша нұсқасы»… Қазір ақпарат айдынында дәл осындай сарында басталатын мақалалар көбейіп кеткен.
«Бір минутта оқып шығасыз», «30 секундта түсінесіз», «Қысқаша мазмұны», «Қысқаша нұсқасы»… Қазір ақпарат айдынында дәл осындай сарында басталатын мақалалар көбейіп кеткен. Бұл оқырман көңілін аударып, ұсынған ақпаратты назарда ұстап қалу үшін қолданылатын заманауи әдістердің бірі болар. Бүгінгі күні жас оқырман ұзақ романдардың орнына бірнеше минутта оқылатын қысқа мәтіндерді, әңгімелер мен әлеуметтік желідегі жазбаларды немесе шағын эсселерді көбірек таңдап жататыны рас. Мүмкін, содан да болар, «қазіргі жастар кітап оқымайды»,- деген пікірлерді жиі еститініміз. Алайда астарына ақырын үңілсек, жастардың әдебиеттен алыстағаны емес, оқырман мәдениетінің жаңғырып, жаңарғанын байқауға болады.
Әр дәуірдің өз оқырманы болады дейміз. Кешегі том-том роман оқу қалыпты болған буын үшін қоғамдағы басты ақпарат көзі кітап пен газет болса, бүгін бұл қызметті сан алуан цифрлық платформалар алмастырып отырғаны белгілі. Демек, мәселе жастардың кітаптан бас тартуында емес-ау, мәселе ақпаратты жеткізу мен қабылдау тәсілінің өзгеруінде. Асылында, бұл – назардың тұрақтылығы үшін күресетін ғасыр.
Бүгін біздер бұрын-соңды болмаған ақпарат ағынының ортасында өмір сүріп жатырмыз. Көзімізді ашқаннан бастап, күннің соңына дейін зейініміз әлеуметтік желі мен телефон экранына байлаулы. Өкінішті жағдай. Десек те заман талабы осы боп тұр деген сылтауымыз тағы бар. Бірнеше секунд сайын түрлі жаңа хабарлама келіп, мәліметтер жаңарып, қысқа бейнероликтер көз ілеспес жылдамдықта ауысып жатыр. Психологтардың айтуынша, мұндай ақпараттық ортада адам назарының бұрынғыдай бір дүниеге ұзақ уақыт тұрақтауы өте қиын. Тіпті олар мұны «назар экономикасы» деп те атайды екен. Қарап отырсақ, қазір әрбір қосымша, әрбір әлеуметтік желі кез келген адамның уақытын барынша иеленуге тырысып бағуда. Сол себепті ақпарат та ықшамдалып, қысқа да нұсқа формаға көшкен. Мұндай өзгеріс қазіргі заманауи әдебиетке жаңаша леп беріп, өзгеше әсер сыйлады. Оны бұрын он бетке созылған ойдың, бүгінде бірнеше абзацқа сыйып кететінінен-ақ байқауға болар. Бұрын толық бір кітапты оқып, содан алған әсерді, қазір бір ғана эсседен немесе шағын әңгімеден алуға тырысатынымыз да бар. Осындай тенденциядан кейін, кейде қысқа мәтінді құп көретін жастарды үстірт ойлайды деп те жатамыз. Алайда, қысқа мәтін – жеңіл ойдың белгісі деп ойлау қате түсінік. Жалпы ойды шұбыртпай, қысқа да тиянақты жеткізе алу – оңай іс емес. Керісінше, аз сөзбен терең де мағыналы ой салу үлкен шеберлікті талап етеді емес пе?!
Бүгінгі оқырман мәтіні қысқа болғанымен мазмұны бар, нақты әрі ой саларлық дүниені іздейді дер едім. Бәлкім көлемге емес, сапаға мән береді. Егер шығарма алғашқы беттерінен-ақ, оқырманын өзіне тарта алмаса, ол кітаптың бетін бірден жаба салатынымыз да өтірік емес. Алайда бұл – әдебиеттің құнсыздануы емес, оқырман талғамының өзгеруі болса керек. Себебі, қалың проза, ұзақ роман оқу үшін уақыт қана емес, ішкі жан тыныштығы да аса қажет. Көңілінде тыныштығы жоқ, уайымы мен мәселелері басым адам, бейқам отырып, кітап оқи алмасы анық. Бүгінгі әрбір жанның өмір сүру ритмі ерекше жылдамдықта. Оның ішінде оқу, жұмыс, әлеуметтік желі, күнделікті қарбалас – мұның бәрі уақытты талап етеді. Бірнеше күн, тіпті апта бойы бір кітапты оқып, бір шығарманың кейіпкерлерімен өмір сүру – қазіргі заман тынысына жат дүние. Үлкен қалалардағы қым-қуыт тіршіліктің қарқыны көркем шығармадағы өмірді сезінуге тіпті мүмкіндік те бере бермейді.
Осы тұста кітапсүйер көпшілік әлеуметтік желіні кітаптың басты «қарсыласы» ретінде көреді. Бірақ бұл пікірді өз басым біржақты дер едім. Иә, әлеуметтік желі адамның назарын жиі бөледі дегенімізбен, сондай электронды әдеби платформалар арқылы көпшілік оқырман кітаптың онлайн түрімен қайта қауышып жатқаны белгілі. Бүгінде кітаптарға арналған парақшалар, әдеби подкасттар, кітап клубтары, қысқаша рецензиялар көптеген оқырмандар мен мыңдаған қаралымдар жинап жүр. Тіпті кей жастар белгілі бір романды дәл әлеуметтік желідегі бір үзінді үшін іздеп оқитыны тағы бар. Демек, цифрлық кеңістік әдебиеттің бәсекелесі емес, дұрыс қолдана білсек, оған жаңа тыныс беретін тың әрі заманға сай құрал. Әлем мың құбылған заманда әдебиеттің формасы мен көлемінің өзгеруі де заңдылық сияқты. Себебі, әдебиет – тірі құбылыс, ол – қоғамның айнасы. Қазіргі оқырман үшін тек «оқу керек» деп ауызбен айту жеткіліксіз. Іс жүзінде әдебиеттің бүгінгі өмірмен нағыз байланысын көрсету аса қажет. Егер қандай да бір әдеби шығарма бүгінгі адамда, қоғамда кездесетін мәселелерді қозғап, ой салса, оның көлемінің қандай екені маңызды болмай қалары анық. Шын қызығушылық туса, қалың кітапты да аяқтау жеңіл ғой. Ол үшін әбеди әлем оқырманымен жаңа форматта «тілдесуге» дайын болғаны жөн. Альфа ұрпақтың кәсіби әдебиеттің классиктеріне деген алғашқы қадамы – дәл қазіргі шағын әңгімелерден бастау алуы әбден мүмкін. Бүгін әлеуметтік желідегі шағын әдеби жазбаны қызыға оқып отырған жас ертең Абайдың қара сөздерін, Әуезовтің эпопеясын немесе әлем классиктерінің романдарын қолға алады деп сенеміз. Ең бастысы – жас оқырманның оқуға деген қызығушылығы мен шамшырағының сөніп қалмауы.
Қорыта айтсақ, жастардың шағын көлемді әңгіме, мәтіндерді көбірек таңдауы – әдебиеттің жеңілісі емес, бүгінгі уақыттың талабы. Біз өзгерген оқырманды зерттегенше, түрленген заманның заңдылықтарын түсінуге тырысуымыз керек. Ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасап келе жатқан әдеби әлем, қағаздан заманауи экрандарға алмасқанымен, халыққа жеткізер түпкі құндылықтары мен негізгі мәнін жоғалтқан емес. Тек оқырманға ұсынудың формасы мен жолы ғана өзгерді. Мүмкін, бүгінгі қысқа мәтіннің дәуірі – ертеңгі үлкен романдарға жетелейтін жаңаша тыныстың бастауы болар. Әдебиет міндетке айналған жерде оқуға деген махаббаттың әлсірейтінін де ұмытпағанымыз абзал.
