Салтанат пен Күлсім мәйітті екі жағынан демеп, тастың үстіне жатқыза салысымен, Салтанат жалма-жан оның үстіндегі жамылғыны сыпырып алды. Кәртамыс дымқыл қолымен өліктің киімін тінтіп, быртық саусақтарымен сатып алатын адамдай матаның сапасын ұстап көргенде шешек ізіне толы әжімді бетіне аяр күлкі үйірілді.
Қоянжырық ерін Күлсім болса, екі қолын бүйіріне таянып, Салтанаттың қасында тұрды. Ол да ашкөз кейіппен мәйіттің үстіндегі киімдерді көзімен ішіп-жеп бара жатты. Мәйітхананың ішін камфора иісіне араласқан судың буы, ескі шылымның түтіні мен қара ағаштың иісі жайлап кеткен. Төбедегі мәткенің ортасындағы әлсіз электр шамы қызғылт сәуле шашып, бұлдырайды. Оның жарығы қою будың арасынан әрең өтіп, ұзаған сайын әлсіреп, жоғала берді.
Салтанат мәйіт киімінің матасын саусақтарымен уқалап тұрып ішінен: «Іздегенімді таптым! Тура осыны қалағам. Құдай мұны Шамсияның үстіне арнайы жіберген екен. Енді бір амалын тауып, тартып алуым керек», – деп ойлады.
Содан соң жүзін Күлсімге бұрмастан, дауыстап былай деді: «Жаным-ау… мынаның ішіндегі іліп алары осы кәстөм екен. Меніңше, қажы Тоты мұны он-он бес түменге бағалар еді, мынау нағыз сапалы жүн мата ғой. Ұстап көрші өзің, бірақ жейдесінің тозығы жетіп, ескіріп қалыпты”.
Күлсім қолын өліктің үстіндегі кәстөмнің етегіне сұғып жіберіп, матасын ұстап көрді де, көтеріңкі көңілмен: «Пай пай..! Не айтып тұрсың? Он-он бес түменің не?» – деді.
Сосын кәстөмнің матасын қойып, Салтанаттың бетіне тақалып, сөзін жалғады: «Тыңдашы… менің ісімде ешқандай арамдық, қулық-сұмдық жоқ. Мына жәһүдтің иті – қажы Тоты екеуімізді әбден ақымақ көріп алған. Бізден не сатып алса да, су тегінге алғысы келеді. Анау Әсия деген пысықтан үйренуіміз керек. Жұрттың айтуынша, ол осы ауданнан бір зергерді тауып алыпты, қолындағы барлық затын соған жақсы бағаға өткізеді екен. Түнеугүні жүрек талмасынан өліп кеткен біреудің үстінен шешіп алған, былғанған қызыл түсті жейдесі бар еді ғой? Соны жиырма түменге саттым дейді. Егер қажы Тоты болса, оған жиырма түмен берер ме еді? Оның жүргіш әкесінің көрін ұрайын... Саған соны таста деп қанша айтсам да, кенеше жабысып айырылмайсың-ау!».
Содан кейін еңкейіп, қолын тізесіне қойды да, Салтанаттың жүзіне төменнен тесіле қарап, үміт пен қуаныш аралас үнмен былай деді: «Сенің шаруаң болмасын. Мен өзім сұрастырып, Әсия заттарын сатып жүрген анау байшыкештің кім екенін біліп алайын, соңсоң біз де соған өткізетін боламыз».
Мәйітханада едендегі тас үстіндегіден бөлек тағы екі өлік жатты. Олардың бірінің үстіне гүлді жайнамаз жабылыпты, екіншісінің үстінде лыпа жоқ. Тек бетіне умаждалған, жырым-жырым Йазди орамалын тастай салыпты. Бұл бүк түсіп, қол-аяғын бауырына жинап алған әйелдің мүрдесі еді. Оның денесінің кеуіп кеткен қоңырқай терісі үстіндегі көйлегінің жыртығынан көрініп менмұндалап тұрды. Бетіне гүлді жайнамаз жабылған ана біреуі арықша келген жас бала екен.
Есік босағасында епсіз жасалған бірнеше ағаш ақ сандық бірінің үстіне бірі жинаулы тұр. Ең үстіңгі сандықтың үстінде бөз бен кенептен дайындалған бірнеше кебін жатыр. Іші қаңылтырмен қапталған, қабырғада сүйеулі тұрған табыттың жанынан ішінде өлікті жууға арналған сідір ағашының ұнтағы бар тот басқан қара мұнай құтысы көрінді.
Салтанат өліктің үстіндегі іш киімге оның жаға тұсынан тесіле қарап, қабағын түйіп былай деді: «Мына Әсия дегенің – әккілігіне тең келер ешкім жоқ, нағыз алаяқтың өзі. Қулығына құрық бойламайтын адам. Көрмедің бе, түнеу күні ана қатын жасанды тіс үшін жұрттың көзінше басыма қандай пәле төндіргенің? Құдай ақы, мен одан тегін сұрап па едім? Соңғы тиынына дейін төлейтін едім ғой. Адам құсап: "Тісті бере тұр, бір танысым бар, соған апарып көрсетейін, аузына салып көрсін, егер шақ келсе, басқалар қанша берсе, мен де сонша төлеймін", – дедім. Ойбай-ау!.. Ол қатын емес, пәле екен… салдақы… көрші-көлемнің алдында айғай-шу шығарғаны сондай, айтарға сөзім жоқ. Ақыры не болды? Есалаң… барыпты да, Абрамның үйіне апарып, төрт-ақ түменге сата салыпты. Егер маған сатқанда, одан да қымбатқа алар едім».
Күлсім құлағының түбін қасып, ішінен: «Өзің жүз Әсиядан асып түсетін бетсіз жезөкшенің бірісің. Күйе жеген бір жасанды шаш үшін менің басыма қандай әңгір таяқ орнатқаныңды ұмытып қалған сияқтысың ғой?» – деп ойлап, соңсоң дауыстап былай деді: «Әй, Әсияны қойшы… әкесінің көріне түкірейін... Құдай үшін, бөгелмеші. Тездетіп үстін бір сипап жуайық та, шығарып жіберейік. Масқара… кеш батты, жерде әлі екеуі жатыр. Қазір анау неме үйге құр қол келеді, жейтін ештеңеміз де жоқ. Дүниені басыма төңкереді ау…».
Екеулеп өліктің киімін шешуге кірісті. Күлсім өліктің қолын көтерді. Жеңін шығару үшін шынтағын бүгейін деп еді, мәйіттің білегі қақиып қалғандықтан иілмеді. Ол оған аса күш салғысы келмеді. Салтанатқа ләм-мим деместен, екі алақанын мәйіттің бөксесінің астына төседі. Қарап тұрған Салтанат та қолын дереу өліктің белінің астына жіберіп, екеулеп оны етпетінен аударды. Сойылған қойдың ұшасы сияқты өлік етпетінен түскенімен, қолы денесінің астында қалып қойды. Күлсім ширақ, бірақ немқұрайлы қимылмен өліктің қолын астынан суырып алды да, жууға арналған тайғақ әрі дымқыл тақтайдың үстіне күштеп тастай салды. Содан соң өте қалыпты, немкетті түрде кәстөмнің екі жеңінің ұшынан шапшаң ұстады. Салтанат та кәстөмнің иығын босатқанда, Күлсім оны өліктің басынан асырып, қатты тартып, шешіп алды.
Күлсім суырып алған кәстөмнің қалталарын асқан ұқыптылық және шыдамдылықпен тінтіп, ішіндегінің барлығын сыртқа шығарды. Өліктің қалталарынан он “шаһилік” бір бақыр тиын, бір маржан түйме, бір-біріне түйреуішпен қадалған қыртыстанған түрлі-түсті креп матасының үш қиындысы, бірнеше асқабақ дәнегі, бір қасжұлғыш пен бір қапсырма түйме алды.
Салтанат мұның бәріне мұқият қарап тұрды. Күлсім оған өліктің қалтасында бұдан басқа ештеңе жоқ екеніне көз жеткізу үшін қалта астарларының бірінен соң бірін сыртына ақтарып көрсетті. Одан шаң-тозаң, қант, темекі және ұн сияқты басқа да нәрселер араласқан азғантай мақтаның түгі мен бір моншақ төгілді. Күлсім асқабақ дәнектерінің бірнешеуін бірден өз аузына салып, бірнешеуін Салтанатқа берді де, қалған заттарды қайтадан кәстөмнің бір қалтасына салып, оны жерде жатқан табыттың үстіне лақтыра салды.
Жағасының айналасы мен жеңінің ұштары сары жібек жіппен кестеленген, ал етегіне репетсіз майлы дақ жұққан қызыл көйлек киген мәйіт көзі жұмулы, құлағы керең күйде тас үстінде тыныш, сұлап жатты.
Қызыл көйлектің иесі өлгенімен, оның киімі әлі тірі еді. Бұл – иесінен кейін де ұзақ уақыт бойы күн сәулесі мен түн қараңғылығын бойынан өткізіп, талайдың құмарлығын оятып, еркектердің жанары оның матасының әрбір жібі мен саңылауын тінтіп өтері хақ көйлек. Оның үстіндегі киімінің иесінен кейін тірі қалуының себебі, оның өміршеңдік қасиеті иесінің шіріп кететін еті мен сасық қанынан әлдеқайда құндылығында болатын. Ал бұл дүниеде ет пен қанның бағасы бір тал сабаннан да арзан.
Салтанат сол қызыл көйлекті қатты ұнатып қалды. Көз алдына көйлек Шәмсияның бойына шақ келетіндей көрінді: Шәмсия оны міндетті түрде киюі керек, сонда ол мүштәрилерді өзіне тарта түседі. Содан соң әлгі мүштәри онымен жатып, оған ақша төлейді. Ал Шәмсия ақшаға өзі мен қасындағы бірнеше арамтамақты асырап, олар лас өмірлерін әрі қарай жалғастырады. Дәл сол себепті Салтанаттың есіл-дерті көйлекке қатты ауды.
Екеулеп көйлекті мүрденің үстінен сыпырып алды. Салтанат оны бірнеше рет сілкіп, шамға жақындатып қарады. Күлсім болса өліктің іш киімдерін шешуге кірісті. Ол мәйіттің үстінен жаңа ғана шешіп алған кір тоқыма мәйкіні табыттың ішінде жатқан кәстөмнің үстіне тастай салып, өліктің төстартқышы мен іш киімін шешуге көшті.
Салтанат көйлекті шамның жарығына тосып, бажайлап қарап тұрып, ішінен: «Шақ келетін сияқты. Қалай болғанда да, өзінің анау-мынау ескі-құсқысынан тәуір ғой. Егер аздап кеңдеу болса, екі бүйірінен сәл ішіне қарай тігіп жіберсем, тура келеді»,– деп ойлады.
Мәйіт енді жалпақ тастың үстінде шалқасынан толық жалаңаш жатты, тек көзі мен құлағына ақ орамал таңылыпты. Қалың шашының үстінен байланған орамалды сол жақ самайына дөрекі, тұрпайы түйіпті, ал бетінің екі жағына бұйра шашы шоқталып жиналыпты. Салтанат орамалды шешіп алғанда, астынан сүйкімді сопақша жүзі көрінді.
Мәйіт – жасы жиырма жеті-жиырма сегіздер шамасындағы, қою қоңыр шашты әйел. Көзі тірісінде аппақ болған қолы қазір сарғайып, тәтті лимонның қабығындай түске еніпті. Әнтек ашылған көгерген еріні созылып, тірісінде жағылған күлгін далап кеуіп, жарылып кетіпті.
Іші кеуіп кеткен. Кіндігінің оң жағында тігілген ескі жараның ізі созылып жатыр. Терісі жылтырап, керіліпті. Көзі жұмулы, кірпіктері қуыршақтың кірпігіндей біріне-бірі тығыз жымдасқан.
Оның жүзі тыныш көрінгенімен, өзімдікі жөн деген сезімге ие еді. Жүзінен қасарысқан кекке толы қырсықтық байқалады. Әлі де берілмеген сыңайлы. Оның бетінде жасанды әрі масқара өмірдің ең жаңа және ең шынайы күйі бейнеленіп, алданыш пен азапқа толы комедияның соңғы мұңды пердесі қалып қойғандай. Енді бұл жүз нәпсі, өшпенділік, өтірік пен өзімшілдіктің барлық кезеңінен құтылған, өмірдің бүкіл мазағынан алыстаған еді. Бұл – әлі де келемеждеп тұрған, оның жансыз, сән-салтанатсыз актерлерінің әрқайсысы өз орнында қатып қалған өмірдің соңғы мұңды пердесі еді. Ол тіпті алған тыныстың қимылы да тыныштығын бұза алмайтын ұйқыда жатты.
Күлсім мен Салтанат қылдан жасалған жөкелерімен мәйіттің үстін жууға кірісті. Оның мәңгілік тыныштығын бұзып жатқан тек осылар ғана еді. Оның табиғи сұлулығын, уақыт біртіндеп жер астында жиіркенішті кейіпке айналдырғанша, бірден жанып, күлге айналуы лайығырақ сұлулықты екі әйел қорлап, аяққа таптап жатты.
Салтанат мәйіттің ішіндегі жіңішке кір шиыршықтарын ысқылап түсіріп тұрып, ішінен былай деп ойлады: “Бұл көйлек Шамсияның тартымдылығын арттырады. Егер осыны кисе, төсектестері көбейеді. Қалай болғанда да, оның пошымы мына өліктен жақсы ғой. Үсті-басы алба-жұлба, жалаңаш-жалпы сорлы қызы… қай еркек мұндай әйелмен төсектес болғысы келеді дейсің? Бәрі оны тіленші деп ойлайды. Бірақ егер Седиқемен араласа бастаса, ол мұны бірден "Шаһре ноудағы” жезөкшелер көшесіне апарып тығады. Кек алу үшін болса да, солай істейді. Ондайда оның күні бітті дей бер. Алайда оны жалғыз қалдыратындай мен жынды емеспін ғой? Бір жақсы жері ол әлі бұл іске төселмеген. Көзі ашылып, есі кіргенше ّАббасқалидың үйінің кепілақысын толық шығарып аламын. Не бопты?! Әрі табыс, әрі қызық. Соның арқасында өзім де бір шала байып қаламын. Үстіме крепдешин көйлегімді киемін. Сәл боянып, қына жақсам бәрі реттеледі. Елде жүрген америкалық қара сарбаздар ұрғашы есек болса да кет әрі емес ғой. Әйел аққұба болса болды, басқасы маңызды емес. Шынымен, менің нем кем? Сыдиқе шешем сияқты болғанымен, нағыз дәуірі енді жүріп жатыр. Оның сұрын әжетханадағы құман көрсе де үркіп кетеді, бірақ сонда да көңілдестері толып жатыр. Ал менің өлік жуу жұмысым өз алдына.
Бірақ Асқар да оған тең келер адам жоқ нағыз жеңгетай ғой. Қыздың келгеніне үш күн де болған жоқ, оның маңайлап жүргенін көріп жүрмін. Менің нем кетіп барады? Істесе, көзі шықсын. Бұл осы жұмыс үшін жаралған ғой. Жүз адам істесе, бұл да соның бірі. Мен өзім Асқарды адам құрлы көремін бе? Жеңгетайдың күні-түнгі бар ойы көкнәр мен апиынында болуы керек.
Күйеу! Күйеу деген кім? Күйеу деген ақша. Адамда ақша болса, бәрі болады. Бастықтың баласынан өзге кез келген жас жігіт қолыңды сүйеді. Оның өзі менің нанымды жеп отырған жоқ па? Дегенмен, мына полицияларға төтеп беру үшін бақшадағы қарақшы сияқты болса да бір еркек керек. Оның бары жаман емес, соның өзі көмек. Әттең, мына бейшара Шамсия оны өзіне қаратып, ұстай алса игі еді».
Мәйіттің кіндігінде бір түйір шиыршықталған кір кептеліп қалған еді. Салтанат ойы мүлдем басқа жақта тұрып, оны жөкенің ұшымен бірнеше рет шығарып алмақ болғанымен қолынан келмеді. Кірдің түйіршігі шықпаған соң, әуре болмай, қалдыра салды.
Күлсім мәйіттің аяқтарын таспен ысқылап жатты. Салтанат өліктің үстіне бір торсық суық суды құйып жіберді де, саусағындағы көк тасты ескі күміс жүзігі бар сол қолымен оның ішін сипап өтті. Сосын қасын жоғары көтеріп, қарлыққан дауысымен былай деді: «Мына еркектің обалына қалдық-ау. Жылы сумен жуыңдар деп шөлдің тасындай ант-су ішкіздіріп еді. Түн ортасында жылы суды кімнің көтінен табамыз?»
Содан кейін дауысын сәл бәсеңдетіп, аянышты түрде сөзін жалғастырды: «Байғұс айтып еді... Бұл дүниеде осы жалғыз қызым бар еді. Ол да арманына жете алмай, жастайынан қыршын кетті деп…».
Бірақ бұл аяныш сезімі тек тілінің ұшында ғана тұрды, оның мәйіт үшін жаны ашымады. Керісінше, қызыл көйлекті Күлсімнің қолынан қалай тартып алсам деген ойдан туған қобалжуды басу үшін өзі де байқамастан осы сөзді айта салған болатын, бірақ оны сол сәтте-ақ ұмытып кетті.
Күлсім ештеңе демеді.
Салтанаттың темекі тартқысы келді. Қалтасында өз темекісі бар болғанымен өзінікіне тимеді. Күлсімге бұрылып, жалынышты әрі шіңкілдеген дауыспен: «Жаным, бір тал темекің бар ма? Кейін сатып алған соң қайтарып беремін. Темекімнің таусылғанына бір сағат болды, барып алуға мүмкіндік болмады», - деді.
Күлсім басын өліктің аяғына қарай еңкейтіп, еріні салбыраған күйде оны жөкемен ыса бастады. Кенет есіне Салтанаттың одан талай рет осылай темекі алып, қайтармай қойғаны түсті. Ішінде әрқашан сақтап келген, бірақ білдіруге батылы жетпеген жеккөрініші арта түсті. Жөкені өліктің былғарыдай ісінген санына қатты ұрып, былай деп ойлады: «Сайқал қатын, кедей болса да кердең өзі… біреудің мүлкіне келгенде иттің боғынан да жиіркенбейді. Осылай істемесе, соншама байлыққа қалай ие болар еді? Бәрі де соқыр тиынды санаған ашкөздігінен ғой. Осыншама үй мен дүкен саған аз ба? Құдай кімге дәулет беруді өзі біледі. Әлі де мың түрлі арам кәсібің бар. Сен емес пе едің, көшеден кедейдің қыздарын алдап үйіңе әкеліп, сосын оларды пайдаланып болған соң "Шаһре ноуддағы" жезөкшелер көшесіне сатып жіберетін? Егер шынымен мықты болсаң, өзіңе бір қорап "Ошноу" темекісін сатып ал да, әркімге алақан жаймай, қалтаңа салып жүр. Бұл залым қатын менің жасанды шаш үшін қандай күйге түскенімді ұмытты деп ойлайтын шығар. Саған темекі берем бе? Мә, беремін саған! Егер шынымен кедей болсаң, бір сәрі...»
Содан кейін Салтанаттың қымсынған, мүсіркеу толы үнінен де жұмсағырақ дауыспен былай деді: Рас айтамын, жоқ менде... Темекі деген не, тәйірі? Бір сағат бұрын Акбардың дүкеніне барып темекі сатып алайын деп едім, күннің қатты суықтығынан бара алмадым. Сосын үйге қайтарда шай, қант және апиынмен бірге бәрін бір-ақ сатып алармын деп ойладым. Егер темекім болса, бермес пе едім? Темекі деген сөз бе екен? Сенің менде мың сан хақың бар. Құдай сенің алдыңдағы қарызымды кеше гөрсін».
Осы өтірік антты ішкеніне жүрегі тынышталып, көңілі жай тапты. Темекісі бола тұра бермегеніне және ол үшін серт бергеніне рахаттанып қалды.
Содан кейін өлікті үйреншікті селқостықпен, жат дыбыспен тастың үстіне етпетінен аударды. Мәйіттің басы тасқа қатты соғылды. Жалтыраған қоңыр шашы иығына жайылып, желкесінде бейберекет айырылған шаштың арасы көрінді. Арқасынан банкі қойғаннан қалған көгерген бірнеше дақ көрінді. Дақтардың төменгі жағынан, бұластыр жапсырылған жерден үлкен қара шаршы із байқалды. Оның денесінің жұмсақ тұстары тартымды еді. Дөңгеленген бөксесі жөкенің дөрекі қозғалысымен жан біткендей қозғалып, бетінің бір жағы тасқа жантая түскен. Еріндері сәл алға қарай шығыңқырып, жартылай ашық жатыр. Қоңырқай шашы құлағының түбіне жайылып, көлеңке мен сәуле сұлулық пен ұят араласқан көрініс тудырған. Шашынан су тамшылары жылтырады.
Оның жалаңаш тәні дәл бір жаздың шуақты түс кезінде қауіпсіз әрі көзден таса жердегі жыныстық ләззаттан соң тәтті де сиқырлы ұйқыға кеткен әйелдің кейпін елестетті. Тас үстінде жатқан мүрде Роденнің Данаида мүсініне ұқсады. Алайда жүзінен өкініш пен мұң емес, қайсарлық пен бейбастақтық байқалды.
Салтанат ысқышпен оның арқасын қырш-қырш еткізіп, ысып жатқанымен, бар ойы Шамсия мен қызыл көйлекте еді. Көзі мәйіттің айдай денесіне қадалғанымен, оның тәнінің жұмыр, шұңғылдарының үстінен санасында кино таспасындай басқа көрініс көлбеңдеп өтіп жатыр: түнде үстіне ақ теңбілі бар қызыл крепдешин көйлегін киіп, шашын бояп, бетін әрлеген өзі. Шамсия да әлгі қызыл көйлегін киген. Екеуі көшеде, бір ағаштың түбінде америкалық қара нәсілді екі сарбаздың қасында тұр. Өзі олармен бағаға саудаласып жатыр, бейне бір түс көрген мылқаудай ишарамен түсіндіруде. Осы бір қиялдан жарылған жуан еріндері үміт пен қулық араласқан жымиыстан ашылды. Көзінің астымен Күлсімге ұрлана қарап, клеенканың үстіндегі дақты ысқышпен ыса түсіп: "Сен ақыры осы үйде қалатын болдың ба? Құдай сақтасын! Ана қатынмен қалай сыйысып жүрсіңдер, соған таң қаламын", – деді.
Бұл сұрақ Күлсімнің еске алуға батылы бармайтын, ойлаудан үнемі қашатын, жанына бататын тақырыбы еді. Алайда жүрегінің түбінде бұл қайшылық әрдайым арпалыс тудырып, жанын құрттай жеп, маза бермейтін. Салтанаттың сұрағынан кейін оның зәресі ұшып, көз алдына күйеуі мен үй иесінің әйелі Мұхтарамның бейнесі келе қалды. Ол істеп жатқан жұмысын тоқтатып, жүзін Салтанатқа қарай бұрды да, кекке толы дауыспен былай деді: «Пәлі! Жаным-ау, менің басым істемейді дейсің бе? Салдақы қатын өзін Утур хан Раштидің қызымын деп ойлайды. Енді тышқанның қаппен ісі болмаса да, қаптың тышқанмен ісі болып тұр ғой? Егер жалған айтсам, екі көзім соқыр болсын. Өз көзіммен мың мәрте көрдім, Мәшдидің алдында неше түрлі қылық көрсетіп, бұраңдайтынын... Ішімнен: «Ештеңе етпес, бұл қатынның байы бар ғой, бәлкім мен теріс түсініп жүрген шығармын» дейтінмін. Біреудің сыртынан күнәға батқан жаман ғой. Әйел қылтыңдағанымен, Мәшди оған ит екеш ит құрлы қарамайтын шығар деп ойлаппын. Айтпа деймін, бұлар баяғыда-ақ ауыз жаласып алған екен, мен хабарсыз болыппын. Ақыры арғы күні түнде әжетханада екеуінің үстінен түстім…
Ол қатын ұятты жұтып, арды құсып тастаған екен! Тіпті, ұялған да жоқ, сыр бермейтіндей сыңай танытты. Жайбарақат қана дамбалын көтеріп, табанын жалтыратты. Мен болсам, ел-жұрттың алдында масқара болмайын, мұның соңы не болар екен деп ойладым. Бірақ бұл «жоғары қарай түкірсең, түкірігің өз бетіңе түседінің» кері ғой. Ертең-ақ жұрт артыңнан: «Күлсімнің ерні жырық, басы таз болған соң күйеуі оның көзіне шөп салды» деп айтады. Аяулыларының өлігін құшақтап қалғырлар-ай… Бірақ "Бәріне кінәлі – ағаштың ішіндегі құрт" демекші, бәрі мына оңбаған Мәшдидің кесірі. Сен бұл антұрғанның қолынан не көрмегенімді білмейсің ғой.
Сүзекпен ауырғанда, бар-жоғымның бәрін сатып, оны аяққа тұрғызғанша шығындалдым. Ал қазіргі түрі мынау! Өзің жақсы білесің, осы антұрған апиынын тартсын деп, таң атқаннан күн батқанша айлаға басып, тиын-тебен жинаймын. Ақша қалтаңа түскенімен, жаның көтіңнен шыға жаздайды. Бірақ оны кім түсініп жатыр? Бұл неме Каземиндегі көгершіндер сияқты: жем-суын осы жерден ішкенімен, саңғырығын басқа жаққа тастайды.
Мәлік Хатун тоғанының маңында жүретін сол Соғыра емес пе еді?. Егер оған қарасаң, шешем құралпы, түрі маймылдан аумайды. Жақында бір тәбриздік тағашыны тауып алыпты, суретші дей ме, немене… Содан бері әлгі жігіттің қанын ішіп, сорып жатқан жайы бар. Осыдан екі-үш күн бұрын Шаһ мешітіне уағыз тыңдауға келіпті. Құлағында бір жұп салпыншақ сырғасы бар, лаулаған оттай жайнап тұр. Соны әлгі тағашы алып беріпті-міс. Адамның пешенесінде бақ болу керек қой. Негізі, ойнасы барлардың жағдайы күйеуі барларға қарағанда әлдеқайда жақсырақ сияқты”.
Салтанат өліктің шашын сабын шөбімен уқалап, жуып жатты. Ішінен өзінен әлдеқайда жас болғанымен, басы таз, ерні жырық Күлсім сияқты болмағанына Құдайға шүкір деу керек деп ойлады. Оған Күлсімнің төбесі маймылдың көтеніндей қызарып көрінді. Басының айналасы мен самайындағы шашы бір-біріне жабысып қалғандықтан самай шашының түсі киіп жүрген жасанды шашының түсінен өзгеше көрінетін. Содан кейін ол Күлсіммен жасанды шаш үшін ұрсысқан күнін есіне алды. Сол күні Күлсім аузына келгенін айтып еді.
Сосын дауыстап: “Енді не болды? Күйеуіңнің көзі әлгі қатынға түсіп жүр ме сонда?” – деді.
Күлсім қайтадан өліктің аяқтарының үстіне еңкейіп, ыза мен кейіске толы дауыспен айыптап: «Иә, жетісіп қалыпты, бейне бір Шырын мен Фархад дерсің! Ол кездері мен: «Егер мына қатынның күйеуі біліп қойса, бәлкім, төбелес шығарып, бізді бұл үйден қуып шығар», - деп ойлаушы едім. Бірақ қазір антұрған бәрін білсе де, дым көрмегендей, жылы жауып қоя салды. Сөйтсе, бұл жеңгетайдың өзі оңбай тұр екен ғой. Мына қатын ақымақ қылып, басына ойнастың бөрігін кигізіп қойса да, оның үні шықпайды», – деді.
Салтанат өзін үлкен әрі ақылшы сезінген кейіппен жауап берді: «Расымен, сенің соншалықты аңқау әрі ақкөңіл екеніңді білмеппін. Дертіңнің дауасы қолыңда тұрғанын өзің де білмейсің. Ел-жұрттың қиындығын біз шешеміз, ал сен болсаң мына бір кепкен қақтай қатынның кесірінен таусылып жүрсің. Егер мен айтқанды істесең, екі күн өтпей-ақ, сол қатын күйеуіңнің көзіне қасқырдың майынан да жиіркенішті көрінетін болады».
Күлсім үмітсіз кейіппен күрсініп, бойын тіктеді. Мұрнын жеңімен қасып, танауын бір тартып алды да, былай деді:
«Бірақ дуа-сиқырмен айналысқан адамның соңы сор болады дейді ғой. Дуа деген не, тәйірі? Адамның ең алдымен пешенесінде бақ болуы керек. Сонда бүкіл әлем дуа жасап жүр дейсің бе?! Негізі, мұндай істердің түбі қайырсыз дейді. Менің өзім мыңнан астам адамға мәйіт жуған жердің суын бердім. Олар үшін зират басында қойдың құйрық майын ерітіп, дуалап көрдім, бірақ солардың бірде-бірі келіп, пайдасы тиді деп айтқан жоқ».
Салтанат оның сөзін бөліп, әңгіменің тиегін ағытты: «Болды, болды, тіліңді тісте! Сен әлі жассың, әлі өмір сүргің келеді. Адамның сенімі мұншалықты әлсіз болғаны жақсы емес. Егер саған осы дуа-сиқырдың жеке басыма қаншалықты пайдасы тигенін айтсам, бәлкім, сенбессің.
Уаллаһи, сенің тым аңқау екеніңді қарашы. Әрине, жұрт жасаған дуа әсер етті ме, жоқ па, оны келіп саған айтпайды. Бұл халық бізді де өлілердің қатарында санайды. Бізден қорқады. Бізге қолдарын да тигізбейді. Бізге тиіп кетсе, қара басады деп есептейді. “Мәйіт жуушы” деген сөздің өзі олардың жүректерін айнытады. Мақсаттарына жеткен соң, бізді іздемейтіні мәлім емес пе? Несіне алысқа барамыз? Осы айтқаным өз басымнан өткен, тек арамызда қалсын. Мұны ешкімге тіс жарып айтпа.
Осыдан біраз уақыт бұрын, әлі жас, жалындаған кезімде, сен бөгде емессің ғой, тіліңе берік екеніңді білемін… Иә, ол кездері біз жалдамалы үйдегі бір бөлмеде тұратынбыз. Ол үйге неше түрлі адам келіп-кететін. Жалға алушылардың өзі болсын, қонақтары немесе туыстары болсын, бірі кіріп, бірі шығып жататын.
Жақсы түсінгің келсе, Сейфолла Шолақтың үйі сияқты болды деп ойла. Соған ұқсас еді. Солардың арасында Мазандараннан келген, “зурханаға” баратын, бейне бір қабырғаның тіреуіндей бір жігіт болды. Нағыз палуан, иықты, білекті десеңші, шашы жібектей төгіліп тұратын. Білегі шоқпардай еді. Оның он екі-он үш жастағы әйелі бар болатын, ол да жаман емес еді. Менің де күйеуге шыққаныма небәрі үш-төрт ай болған кез. Жүзім бал-бұл жанып тұрған, өңді кезім. Су ішсем, тамағымнан өткені көрінетін. Бетімді жай ғана шертсең, қаны шығатындай нәзік еді. Ақ қардың үстіне тамған қандай құлпырып тұратынмын. Ол кезде кім жұмыс істепті?! Таң атқаннан кеш батқанға дейін аулада ерігіп, бос жүретінмін. Шемішке қуырып, жиде теретінмін. Қыздармен бірге, екі иығымызды жұлып жеп, асыр салып ойнайтынбыз. Күйеуім Мәшди түскі асын дүкенінде ішетін. Түнде де дайын тамақ жей салатынбыз. Ол маған: «Сен жұмыс істесең, қолың қатайып кетеді», – деп, ақ саусақ қып қойды. Менде ешқандай уайым-қайғы болмайтын. Кекіліктей сыңқылдап күлгенімде, даусым жеті үйге жететін. Сөйтіп жүргенде, әлгі айтқан мазандарандық жігітке ғашық болып қалдым. Соған есім кетіп, бауыр бастым, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылдым. Тұла бойым өртеніп жатқандай күй кештім. Өзіме не болғанын мүлдем түсінбедім. Көз жасым көл болып, ішкен-жегенім мұңға айналды.
Түнде төсекке жатқанымда... күйеуімнің, қара жер хабар бермесін, құмарлығы өте күшті еді, ол мені күн демей, түн демей қалайтын. Менің жағдайымды еш ойламайтын, тек өз нәпсісінің қамын күйттейтін. Ал мен болсам, әлгі мазандарандық жігітке есім кетіп ғашық едім, есіл-дертім тек сонда болды. Көзімді жұмсам болды, әлгі жігіттің бейнесі көз алдыма келетін. Маған сондай әрекет жасап жатқан сол жігіт деп қиялдайтынмын. Бірақ, көзімді ашып қалғанда, Мәшди марқұмның қына жағылған ұзын сақалының менің аппақ мойнымда жатқанын көріп, одан шыққан ескі былғарының иісі мұрныма келгенде, жүрегім айнып, бірден жылап жіберетінмін. Ол болса, мені ауырсынып немесе қорқып жатыр деп ойлайтын. Мені қайта-қайта сүйіп, еркелететін. Ол кезде жаңа түскен келінмін ғой, еркелігім тасып тұрған кез. Бірақ уақыт өте келе, іс насырға шауып, масқарам шығуға аз-ақ қалған еді.
Әлгі жігіт те дәл мен сияқты ештеңенің байыбына бара бермейтін. Өзі өте момын, салмақты еді. Сол аулада Қажия ханым деген бір әйел тұратын. Ол қатынның таңнан кешке дейін бітіретін жұмысы намаз оқу, ораза ұстау және дұға жасау еді. Тіпті, әсіре таза кісі болатын, қолын жуғысы келгенде хауызға жүз рет батырып қана дұғасын оқитын. Әрдайым дәретпен жүретін. Егер оған жанынан өткен мысықтың құйрығы тиіп кетсе, дереу қайта дәрет алатын. Оның білетін діни мәселелерін ешқандай молда білмейтін. Хикаясы тым көп еді.
Жаз кезі болатын. Әркім өз бөлмесінің төбесінде ұйықтайтын, біз де өз бөлмеміздің үстінде ұйықтайтынбыз. Бір күні кешкі апақ-сапақта мен төбеге шығып, текеметті жайып, Мәшди екеуімізге төсек салдым. Сосын су құйылған құмыраны алып келу үшін төменге түспек болдым. Баспалдақпен жоғарыдан төмен қарай жүгіріп келе жатқанымда, кенет Лүтфолланы көрдім. Әлгі айтқан жігітімнің есімі Лүтфолла болатын. Қарасам, Лүтфолла бөдене салған торын ұстап, баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатыр екен. Жүрегім су ете қалды. Есімнен танып қала жаздадым. Осы күнге дейін оны ешқашан мұндай жақыннан көрмеген едім. Сасқалақтағанымнан аяқ-қолым дірілдеп, қалай асығыс сәлем бергенімді де байқамай қалдым. Содан соң садақтың адырнасындағы оқтай атылып, өз бөлмемізге қарай жүгіре жөнелдім. Бөлмеге жете бере құлап түстім, бейне бір талдың жапырағындай қалтырап жаттым. Басыңды несіне қатырамын, сол түні таң атқанша тауық пен су ішіндегі балық та ұйықтады-ау, бірақ менің көзім ілінбеді.
Айлы түн еді. Айға қарап отырып, көзімнің сорасы ағып, одан ары қарауға шамам қалмады. Сол түні қанша жас төккенімді бір Құдай біледі. Көшеде біреу әндетсе болды, менің ішімдегі мұңымды одан сайын арттыратын. Көз жасымнан жастығым малмаңдай су болғанын білсең ғой. Түн ішінде апиын ішсем бе деп те ойладым. Балалық қой, бірақ Лүтфолладан бас тарта алмадым.
Таң атты. Мәшди шәйін ішіп, дүкеніне кетті. Мен де бәлкім, бір көмегі тиер деген үмітпен Қажия ханымға баруды жөн көрдім. Басыма бір ой келді. Тақтайшаның бұрышындағы Құранды білдіртпей алдым да, Қажия ханымның бөлмесіне бардым. Мен барғанда ол жайнамаз үстінде намаз оқып отыр екен. Намазын бітіріп, артынан қосымша дұғаларын оқып, тасбиығын тартып болғанша күттім. Ол: «Айналайын, саған не болды?» – деді. Оның маған деген ықыласы ерекше еді. Үнемі біздің бөлмеге келіп тұратын, бірақ бізден шәй да ішпейтін, қорқор да тартпайтын. Ол бізді нәжіс санайтын.
Қысқасы, мен оған: «Апатай, сізге бір өте құпия сырымды айтпақ едім, бірақ қатты ұялып тұрмын. Ең алдымен, ешкімге тіс жармауға ант ішіңізші», – дедім. Қажия ханым күлді де: «Шырағым, Құранмен ант ішу, мейлі ол шын болсын, өтірік болсын, адамға бақытсыздық әкеледі. Сен әлі жассың, жаңа түскен келінсің, күйеуіңнің қызығын көруің керек. Мұндай сөздерді айтпағаның жөн. Құдай сақтасын, антты бұзған жағдайда Құран адамның жанына қас болады», – деді.
Мен болсам: «Апатай, бүгін осында болсақ, ертең елу мың жылдық қиямет қайым болады. Махшар күні Фатима-Захраның алдында етегіңе жабысып, сенен ақымды сұраймын. Мен үшін ант ішуіңіз керек, әйтпесе өзімді өлтіремін», – дедім.
Қажия ханым: «Мен тартынып тұрған жоқпын, егер соншалықты талап етсең, сен үшін ант ішейін», – деді.
Мен жамылғымның астынан Құранды шығарып, оны жайнамазының шетіне қойдым. Ол арабша дұға оқып, дем салды да, қолын Құранның үстіне қойып, ант берді. Антты естіген соң, мен ғашықтық хикаямды бастан-аяқ жайып салдым. Көктемнің бұлтындай еңіреп жылап: «Не сұрасаң да беремін, не істе десең де істеймін, тек мені Лүтфолламен қосатын бір амал жаса. Харам жолмен қосылғым келмейді. Құдай мен пайғамбар не десе, солай болсын. Күйеуімді сүймеймін, ол әбден қартайған, менің өмірімді қор қылды», – дедім. Қысқасы, жылағаным сондай, оның маған жаны ашып кетті. Несін айтайын, ақыры ол сондай бір іс қылып, үш күн өтпей Лүтфолла әйелінен ажырасты, мен де Мәшдимен некемді бұздым. Бір аптаға жетпей, Лүтфолла екеуміз қосылдық».
Осыны айтқан соң Салтанат аһ ұрып, күрсініп, үнсіз қалды. Өкініштен басын әрі-бері шайқады. Сосын ернін жымқырып, кекке толы күлкімен жымиды. Өткен күннің қызықтары бейне бір қараңғыда қалың ағашқа лап қойған жарқанаттардың үйіріндей басына сау ете қалды; әр естелік миының қатпарларын тырнап өтіп жатқандай болды. Ол шелекке су толтырып, өліктің оң жағына құйды да: «Алланың ризалығы үшін мәйітке ғұсыл құйындырамын», - деп іштей күбірледі. Бірақ әлгі жалдамалы үйде кешкен бақытты шақтарының қызығы мен шыжығы әлі көз алдынан кете қоймады. Оның ой-санасы бейне бір ыстық, тарам-тарам жолақтары бар мәрмәр тақта сияқты еді. Өлікті жуу ниеті сол ыстық тасқа тиген түкіріктей лезде буға айналып ұшып кеткенімен тастың бетіндегі неше түрлі шимайланған ой-жолақтар сол қалпында қалды.
Кенет Күлсім шыдамы таусылып, бірақ зор құлшыныспен былай деді: «Сен өзің де білесің ғой, екеуміздің арамызда бөтендік жоқ, сен менің әпкемдейсің. Бұл көйлек ештеңе емес, бірақ дуаның қасиеті жойылмауы үшін бір садақа беруің керек. Мұны өзім үшін сұрап тұрған жоқпын, бір бейшара, кедей қатын бар. Соның күйеуін әскерге мәжбүрлеп алып кетіпті. Қазір жалаңаш-жалпы жүр. Үсті басы ашық-шашық. Осы қызыл көйлек соған шақ келеді-ау деп ойладым. Кел, сен де сауап іс жаса, мен өз үлесімді кешейін. Құдай екеуіміздің күнәмізді кешіруі үшін сен де өз үлесіңді кеш. Мен де өз хақымнан бас тартамын. Қазір қыстың ортасында мынаны әлгі әйелге бере салайық, бізге дұғасын жаудырсын. Бұл көйлекті мүлдем болмаған деп есептейік».
Содан соң бірден даусын құбылтып, қулық пен жалған жанашырлыққа толы қобалжумен: «Бірақ бір шарты бар: мұрат-мақсатыңа жеткенше мұны ешкімге үйретпеуің керек, әйтпесе дуаның күші жойылады», - деді.
Күлсім бір сәт үнсіз қалды. Табыттың ішінде жатқан қызыл көйлекке бір қарады. Бір сәт ұсынысқа көнгісі келмегенімен, Салтанаттың салқын қандылықпен мәйітті сүртіп жатқанын көріп, оның үйлерін, дүкендері мен бақ-дәулетін есіне алды. «Бұл қатынның соншалықты бақытты болуының бір сыры бар шығар» деп ойлап, жүрегі елжірегенімен, күмәнданса да: “Мейлі, қарсылығым жоқ”, – деді.
Салтанат жеңіл тыныстап, риза кейіппен: «Құдай есесіне саған сауап жазсын, лайым мұратыңа жет. Қарашы, бұл өте оңай. Дәл ертең таңертең Шаһ мешітінің алдына барасың. Бір «сенари» сияқты қара бақырды бересің, мейлі он «шаһи» болсын, бірақ міндетті түрде мыс тиын болуы шарт. Сол жерде есімдерді мөрлеп қашайтындар отырады. Соларға тиынның бір бетіне күйеуіңнің атын, екінші бетіне әлгі қатынның атын қашатасың. Жаздырып болған соң үйге әкел. Түн ортасынан ауғанда, бірақ оған ай сәулесі түспеуі керек, түн ортасында тұрып, әлгі тиынды еш жері көрінбейтіндей етіп мықты баумен қатты орайсың. Сосын сыртын балауызбен күштілеп бекітесің. Содан соң оны ай сәулесі түспейтіндей етіп, сіріңкенің қорабына салып қоясың. Оны өзіңмен осы жерге алып келіп, сақтайсың. Осында бір зәңгі әйелдің мәйітін әкелген кезде оны жуып-шайып болған соң, бір салауат айтып, бейкүнә бес жанның атын атап, айналаңа дем саласың да, әлгі тиынды сол өліктің тік ішегіне тығып жібересің. Жоқ! Жәй екен деп ойлама. Мұның орындалмауы мүмкін емес. Егер сол қатын күйеуіңнің көзіне қасқырдың майындай суық көрінбесе, маған не десең, о де, мейлі…».
Бірақ Салтанаттың айтқаны - өзінің жас кезіндегі нәпсіқұмарлыққа толы, бүгінде ұмытылған алғашқы күндерінен қалған өтірік пен шындықтың қоспасы еді. Ол өзін жаңа танып келе жатқан алғашқы күндері ешқашан Лүтфоллаға қосылмаған болатын. «Лүтфоллаға жеттім» дегені жалған еді. Қажия ханымның оған: «Егер айтқанымды істесең, бір аптада Лүтфоллаға қосамын» дегені есіне түсті. Бірақ Қажия ханым оған дейін жалынып-жалпайып, ант су ішіп, соңсоң қоқан-лоққы жасап, бір кілем саудагеріне апарып берген болатын. Алдымен Құранды ұстап: «Ол әлі балиғатқа толмаған жас бала, ештеңе түсінбейді, тек өзіне ойнайтын серік тапқысы келеді» деп ант ішкенімен, Салтанатты оның үйіне апарғанда, төрде малдас құрып отырған, мұрты құлағына жететін білекті, ірі еркекті көрген. Ол Салтанатты көре сала төсекшеден атып тұрып, оны дереу құшағына алған. Қажия ханым да айналып-толғанған болып, Салтанаттың бетіндегі бүркеншігін күштеп сыпырып алған. Әлгі еркек оны қайта-қайта сүйіп, қасына жатқызған. Қажия ханым есіктің сыртында күзетіп тұрғанда, Салтанат қанша айғайлап, шыңғырғанымен, ешкім көмекке келмеген. Ісі біткен соң, әлгі саудагер оның алақанына Мұзаффар-әд-дин шаһтың бесқырлы алтын тиынын ұстатып, үйіне қайтарған.
Өліктің жұмысы бітті, бірақ Салтанаттың шаршаған жанары әлі де сол жалаңаш мәйіттің үстін кезіп жүр. Ол қызыл көйлекке қол жеткізгеніне іштей қуанышты еді. Шылым шеккісі келді. Көзін мәйіттен алмай, Күлсімнен тағы: «Қарашы, қалтаңнан бір тал темекі табылмас па екен?» - деді.
Енді көңілі жайланған, бар ойы Салтанаттан үйренген дуасында болған Күлсім дереу: «Иә, бар», – деп жауап берді. Қалтасынан «Ошноу» папиросын шығарып, Салтанатқа бір данасын берді де: «Енді мұнда қара әйелдің мүрдесі қашан келеді деп күтуіміз керек пе? Бұл күндері қара нәсілділер қайдан табыла қойсын?» - деп мұңайды.
Салтанат темекіні тұтатып, ішіне бірнеше рет құныға тартып: «Сабыр түбі – сары алтын» деген. Немене, жеті айлық болып туып па едің? Бәлкім, ертең-ақ біреуін әкелер. Құдайдың құдіретіне шәк келтірме», – деді.
Мәйіт шалқасынан сұлық жатыр. Жартылай ғана ашық көзі төбеге қадалған. Оның жанары тыныш әрі бейтарап еді. Бұл жанарды енді жарық та толқытпайды, қараңғылық та мазаламайды. Бұл – арман-тілегі таусылып, жоғалған, ештеңеге таңғалмайтын, бәрінен баз кешкен жанар. Ол үшін жаратылыс атаулы мағынасыз әрі күлкілі еді.
Салтанат өліктің ашық қалған көзін байқап, бірдеңе істеу керек екенін түсінді. Ішінен қызыл көйлекті Күлсімнің қолынан тегін алғанын ойлап, оң қолын өліктің көзіне қойып, қабақтарын саусақтарымен біртіндеп жапты да, ернінің ұшымен: «Құдайдың пендесі, қорықпа. Біз осындамыз. Қиямет жақын», – деп сыбырлады.
Садық Чубак (1916-1998жыл) - XX ғасырдағы иран жазушысы, драматург және новелла жазудың шебері. Көптеген зерттеушілер оны Садық Һедаят пен Мұхаммед Әли Жамалзадемен бірге Иранның қазіргі заманғы парсы прозасының атасы санайды.
Парсы әдебиетіндегі ең ірі натуралист-жазушы ретінде танылған Садық Чубак романдары, әңгімелері мен пьесалары арқылы қоғамның көлеңкелі, қараңғы тұстарын ашып көрсетті. Әсіресе, оның «Қуыршақ театры» және «Иесі өлген маймыл» атты жинақтары қазіргі парсы әдебиетіне қатты әсер етті.
Оның қысқа әңгімелері егжей-тегжейлі сипаттамасы, жинақылығы және бір тақырыпқа терең шоғырлануымен ерекшеленетіндіктен кейбір сыншылар оның туындыларын парсының миниатюралық суреттеріне теңейді
Чубактың негізгі шығармаларының қатарында «Тангсир» және «Сабыр тасы» романдары мен «Қуыршақ театры», «Иесі өлген маймыл», «Қабірдің алғашқы күні», «Соңғы шырақ» атты әңгімелерінің жинақтары мен бірнеше аударма еңбегі бар.
Ол 1916 жылы Иранның Бушер қаласында дүниеге келіп, 1998 жылы АҚШ-тың Калифорния штатындағы Беркли қаласында 81 жасында дүние салды. Жазушының өсиеті бойынша оның жарияланбаған қолжазбалары мен денесі өртелді.
Садық Чубактың «Қызыл көйлек» әңгімесі – жазушының «Қуыршақ театры» жинағына енген натуралистік бағытта жазылған үздік туындысы.
Парсы тілінен аударған Айнаш Қасым
