Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
САҒЫМ-ҒҰМЫР (Ақын Күләш Ахметованың рухына мінәжат...

САҒЫМ-ҒҰМЫР (Ақын Күләш Ахметованың рухына мінәжат, поэтикалық әлемі жайында ой-толғау)

24.11.2025

3932

САҒЫМ-ҒҰМЫР (Ақын Күләш Ахметованың рухына мінәжат, поэтикалық әлемі жайында ой-толғау) - adebiportal.kz

Әлмисақтан айтылып келген «ақын болу шарт емес, азамат болу парызың» қағидасы мен үшін соншалықты бір терең мағыналы шыншылдығымен болмаса, орнын адаспай тауып тұрған дәл, дәйектігі мығым ұғым-қағидадай әсер етпейді. 

Өйткені, ақындық деп аталатын асқақ түсінікті азаматтықтан бөліп алу, немесе екінші сатыға қоюдан жалпы ақын ақындық, поэзия деген таным болмысын солғындатып алар бұл позиция табиғаттың таңдап, талғап қана сараң сыйлар ұлы бақытын аяқасты қалдырғандай әсерге итермелері бар. Оның үстіне алдымен Азамат болып алмай ақындықтың шылбыр шылауына қол созудың да әбестік екендігін осы тұста жыға танымау жалпы адами ауқымды тұжырымдамалар жасауға кепілдік бермесін еске еріксіз салатындай. Ендеше ақын болу үшін алдымен азамат болып ал десек манағы қағида әлдеқайда өтімді де өткір, жүйрік те жіті ажар кескінге ие болар еді. Бұған қоса халық түсінігінде «Азамат ақын» деген әдемі де айшықты асыл ұғымның да тектен текке қалыптаспағандығын төрелікке тартар едік. Сонда біздің сөз етіп отырған ақын болу үшін алдымен азамат болып ал деген жаңа қағидамыздың қанаттанып жүре берері даусыз.

Ақындыққа берілер бағаның азаматтықпен орайлас, еншілес шешілерін мойындағанда ғана қабырғамызды қайыстырып, мұң-қайғыға батырған арамыздан бұл фәниден, бақилыққа аттанған жас мөлшері сексеннің асуына ентікпей еркін көтерілген Күләш Ахметова ақынның толайым шығармашылығына өз бағасын бере аларымыз ақиқат. Өз оқушысына жеткен туындыларын таразылап, ой сүзгісінен өткізе алсақ Күләш жырларынан ақынның, азаматтық үні мен табан тірер тұғырлы биігін жаңылыс-жалтақсыз айқын танырымыз тағы да шындық.

Күләш Ахметова – Ақын. Таласы жоқ ірі әріптермен жазылатын ақын. Кейде осылайша ақын деген ұлы мағыналы ұғымды, ұлы ерлікпен пара-пар ұғымды, ешқашан жайдақтанбайтын, ешқашан жадыланбайтын, ешқашан жадыбастанбайтын осынау тым қастерлі де киелі ұғымды нағыз шынайы иесіне қарата теліген тұсымызда ешқандай баламасыз айтсақ та жарасады. Солай бола тұра, мұнымыз санаулыларға ғана тым көшелі кішіпейілділіктің пәтуалы тұғыры немесе тым тәкаппар кірпияздықтың сырбаз көрінісі сияқты әсер ететінін қайда қоямыз?! Бұл шындықтың бір ұшы ғана.

Өмірімнің суреті өлеңімде! – деудің өзі бір орайда жалпылама философия, ортақ ақиқат екені қаншалықты болса, енді бірде көрнекті ақынның өршіл өлеңін, өлеңдегі өршілдігін көрсететін көркемдік даралықтың бір көрінісі ғой. Олай болса, Күләш Ахметова, таласы жоқ көрнекті ақын, ірі ақын. Өйткені, біріншіден, өмірдің суреті өлеңде өзінен-өзі салына, өрнектеліне бермейді. Екіншіден, осынау қанатты тіркестің түңғиық шындығы мен биік мән-мұраты Өмір атты мұхиттың әралуан толқындары мен дауылдарындағы ақын әлемінің күрделі қатпарлары мен қарапайым болмыстары нағыз өнер иесінің шынайы автопортретін бүкпесіз мүсіндейтініне, сомдайтынына, бейнелейтініне ешкімнің дауы болмаса керек. Демек, Күләш Ахметова таласы жоқ, көрнекті ақын, ірі ақын. Солай бола тұра, осынау ұлы мағыналы ақындық ұғымға қосымша балама іздеп, нақты теңеу қосып әрі діттей, әрі ұштай айтуымыздың да өзіндік түрде белгілі бір заңдылығы, белгілі бір шарттылығы, белгілі бір нақтылығы бар. Ал бұл, әрине, шындықтың екінші ұшы ғой.

Ретіне көшсек, балама қоспаған кезімізде де үлкен әріптермен жазылатын ұлы мағыналы ақындық ұғымды ұмытпаумен бірге, соны неғұрлым шырайын шығара отырып, жеткілікті түрде дәлелдесек құба-құп. Бірақ мұның да қиямет-қайымы өз алдына бір төбе емес пе?!

Не болмаса, осынау ұлы мағыналы ақындық ұғымға тың балама қосып, әрлі-нәрлі теңеу тауып асқақтатпақ болған тұсымызда да шындықтан алшақтамасақ, әдетпен озбасақ өте-мөте құба-құп. Бірақ мұның да қиямет-қайымы өз алдына бір төбе емес пе?!

Енді не десек те, ұлы мағыналы ақындық феноменнің, әйтеуір, нақты өнер иесіне тән шынайы жарасымын, нәзік оралымын, дара болмысын неғұрлым әділ, неғұрлым нақты жеткізгенге, дәлелдегенге не жетсін! Өйткені, асыра айтамыз деп арзандатпасақ, артық айтамыз деп әсірелемесек, кең айтамыз деп көпіртпесек, келте айтамыз деп кемсітпесек қандай ғанибет. Әлқисса парықсыз дәріптегеннен, жалған жалпақ-шешейліктен көсегесі көгермейтіні қаншалықты шындық болса, шын таланттардың да көбеймейтінін, қуыршақ дарынсымақтардың да түптің түбінде көбесі қақырайтынын екінің бірі білетіні де соншалық шындық.

Күләш Ахметованың поэзиясы – үлбіреген дүниенің  үйлесімдерін көруден, танудан және көрсетуден, танытудан тұрады десек десек те болады. Қазіргі қазақ поэзиясындағы ақын Күләштың даралығы да, ерекшелігі де, ірілігі де – оның осынау болмысында. Көрнекті талантының көркейе түсетіні де, ұлттық лирикамызды көркейте түсетіні де – үлбіреген дүниенің үйлесімдерін өзі көріп, өзі танып қана қоймайды, соны өзгелерге көрсетуден де, өзгелерге танытудан да әрқашан әдемі көрініс, әрқашан жемісті өріс тауып жататындығынан. Үлбіреген дүниенің үйлесімдерін көру, тану бір ақынға – Күләшқа ғана қиындық тудырып қоймайды. Сонымен бірге мұндай құбылысты көрсету, таныту үшін ақын қаншама іңкәрлік, қаншама қайрат, қаншама қайсарлық, қаншама жігер, қаншама табандылық, қаншама күрескерлік, қаншама ыждаһаттылық жұмсайтынын көзбен көру, қолмен ұстау әсте мүмкін емес. Бірақ оның есесіне соншама түйсіну, соншама сезіну, соншама сүйсіну бар. Ақын құдіреті – өзінің көргенін өзгелерге қылаусыз көрсете алғанында. Ақын құдіреті – өзінің танығанын өзгелерге қапысыз таныта алғанында. Үлбіреген дүниенің гармониясы – әрқашан қарапайымдылық пен күрделіліктен, жақсылық пен жамандықтан, мейірімділік пен жауыздықтан, азаматтық пен сатқындықтан, кісілік пен кісәпірліктен, ожарлық пен көнбістіктен, сұлулық пен кеспірсізден, адалдық пен арамдықтан, шуақ пен көлеңкеден, жарық пен қапастан, тектілік пен тексіздіктен, тағысын-тағы өмірлік небір антитезалық қақтығыстардың, биполярлық оппозициялардың әралуан драмасынан, жансебіл температураларынан, аумалы-төкпелі қан қысымдарынан тұратындығы Күләш ақынның зерделі қаламына тән зайыр бояулармен, өрнектермен, бедерлермен, сезімдермен, ойлармен жетіп жатады, суреттелініп жатады, бейнеленіп жатады.

Тілге тиек ретінде нақты дәлел ретінде Анна Ахматованың емес, Күләш Ахметованың мына өлеңіне зер салайық:

«Жаңалық жоқ қалада –

Тәкаппарлау таулардың басы бірақ,

Күндегіден шыршалар жасылырақ.

 

Жаңалық жоқ қалада –

Жылғалардың өзгеше жыры бірақ,

Күндегіден қыздар да сұлуырақ.

 

Жаңалық жоқ қалада –

Дүниенің сүйкімді бәрі бірақ,

Күндегіден көшелер жарығырақ.

 

Жаңалық жоқ қалада, –

Бірақ, бірақ, қаласың мейрам ба деп,

Жұрттың бәрі шыққандай сайранға көп.

 

Жаңалық жоқ қалада –

Бірақ ешкім білмейді, мұңды, үрейді,

Бұлттың өзі жібектей үлбірейді.

 

Жаңалық жоқ қалада –

Ән салады құс түгіл тас та бірақ.

Күндегіден астана асқағырақ.

 

Жаңалық бар ал менде –

Жұмысы жоқ біздермен, ел не десін?!

Тұңғыш рет жанымда сен келесің!» – деген үш тармақты жеті шумақ өлеңнен небір ғаламатты қалайша сезінбейміз?! Бүкіл қалада жаңалық жоқ. Сөйте тұра бүкіл қала қисапсыз жаңалыққа толып-тұнып тұрған жоқ па? Таулар тәкаппар, жылғалар өзгеше, дүние сүйкімді, қала мейрам-сайранға айналып, ешкім мұңсыз-үрейсіз болып тұрса, астана асқақ болса, құс түгіл тас ән салып тұрса, шыршалар жасылырақ, қыздар сұлуырақ, көшелер жарығырақ болып тұрса күндегіден қандай ғажап! Қандай ғажап сурет! Қандай ғажап шындық! Сөйте тұра, бір ғана адамның жаңалығы бүкіл қаланы, айнала қоршаған ортаның өзін осыншама құлпыртып жібергені қандай құдіретті, қандай парадокс! Сөйте тұра, бүкіл қала мен қоршаған ортаның олармен еш жұмысы жоқ. Қандай қасірет, қандай антитеза!.. Мұның бәрі-баршасы ұлы мағыналы ақындықтың құдіреті емес пе екен!.. Оған қоса мұның бәрі-баршасы Күләштай көрнекті ақынның, ірі ақынның дара қолтаңбасы, сара көркемдігі, яғни, бір сөзбен айтқанда, үлбіреген дүниенің үйлесімдерін көре, тани білгендігімен бірге соны өзгелерге де көрсете, өзгелерге де таныта білгендігі емес пе екен?! Әрине, осылай, тек осылай демеске шарамыз жоқ.

Ілкі мысалды толық алуымыздың себебін жоғарыдағы дәлелімізге көз жеткізе түсу қажеттігі анықтайды ғой деп ойлаймыз. Өйткені, осы өлеңде «жоқ жаңалықтардың» баршасы поэзияның сиқыр-қуаты арқасында ғаламат жаңалықтарға, тым таныс – тым тосын өмірлік философияларға айналып кететіні неліктен заңды, қаншама занды болса, ал соған керісінше, барша жаңалықтардың «жоқ жаңалыққа» – небәрі тамшыдай өзгеріске керемет қуат дарытатыны, соншама құдірет құятындығы да соншама ақиқат. Бұл арада мұндай ғажайыпты нәзік те асау, қарапайым да асқак, өршіл де өміршең поэзия тілімен Күләш қаламымен жеткізгеннен артық қандай ақиқат бар!

Асылы, көркем сын мұндайда, амал жоқ, көркем дүниенің көркемдігін көру, тану үшін ғана емес, өзгелерге де көрсету, таныту үшін қара сөздің дәлеліне – өзінің негізгі құралы талдау процесіне – комментарийге еріксіз барады. Бірден бір құралы, бірден бір мұраты болған соң құлшынып-сүйсініп барады!

Қарапайым нәрсе әрі үлбірек, әрі төзімді келеді. Қарапайым нәрсе әрі қымбат, әрі жұмбақ келеді. Қарапайым нәрсе әрі таныс, әрі бейтаныс келеді. Үлбірек нәрсе де әрі қарапайым, әрі төзімді келеді. Үлбірек нәрсе де әрі қымбат, әрі жұмбақ келеді. Үлбірек нәрсе де әрі таныс, әрі бейтаныс келеді. Бұған Күләш Ахметованың қырық жылға жуық шығармашылық жолы мен еңбектері дәлел. «Ақ гүлім менің» (1975), «Сен менің бақытымсың» (1977), «Жапырақ – жаздың жүрегі» (1979), «Махаббат жылы» (1980), «Мейірім» (1981), «Бұлақтағы жұлдыздар» (1982), «Жасыл жағалау» (1984), «Ләйлектер қайтып келгенде» (1985), «Арғымақтар даласы» (1987), «Сен жанымда жүрсең» (1989), «Наурыз нұры» (1991) атты жыр жинақтары мен жыр кітаптарындағы өлеңдер мен поэмалардың, алуан-алуан лирикалық туындылардың баршасы дерлік әртүрлі тұрғыдан, әртүрлі аспектіден әрқилы өрнектермен, әдемі өрнектермен, кіршіксіз де мөлдір сезімдермен, өміршең де қарапайым ойлармен ширақ та шымыр жеткізіледі.

Ылғи осылай, жинақтан жинаққа өсумен, толысумен келген. Өзін-өзі оқып келді, өзін-өзі тоқып келді. Асылы, Күләш өлеңдері өмірдің өзіндік күнделігі, парақтары болып келсе, онда замандасымыздың өзі де өмірдің бір күнделігі, бір парағы болып өзгелердің қолында, өзгелердің ойында, өзгелердің пікірінде жүр. Өмір заңдылығы осылайша болса, өнер заңдылығы да сондай. Осыдан шығар Күләш Ахметова 1978 жылы «Сен менің бақытымсың» атты жинағына Қазақстан Жастар одағының сыйлығын алды. Мәртебелі сыйлық мәртебелі иесін дер мезгілінде тауып жатса, онда Күләштің «қуанса да өлең үшін қуанғанына, жыласа да өлең үшін жылағанына» толық айғақ екендігі де соншама мәртебе демеске дәтің жетпейді.

Негіз керек пе, тағы бір өлеңді келтіріп көрейік:

«Менің өлең өмірім –

Менің үлкен сыбағам

Ұлы майдан, ұлы алаң.

Бар әйелдің жеңісімен қуанып,

Бар әйелдің көз жасымен жылағам.

 

Менің өлең өмірім –

Менің үлкен сыбағам.

Өкінемін мынаған:

Түнде оянып, ой жібіне сөз маржан,

Тізген кезде көмек берді кім оған?..

 

Менін өлең өмірім –

Менің мәңгі үлесім,

Біресе мұң, біресе үн...

Қуанышым, махаббатым, қызығым,

Қылдай үміт, қымбат тілім, күресім», – 

деген үш шумакты өлең көрнекті акынның ірі акынның суреткерлік дара болмысын каншама драмамен, қаншама трагедиямен, қаншама оптимизммен жеткізіп тұр смес пе?! Әлбетте, солайы солай. Өйткені, онын өлеңдерінен осынау болмысты көрмедік, танымадык десек мүлде күпірлік, мүлде менмендік, мүлде басырлық болар еді. Ал, бірақ акын Күләштің тұлғасына, қаламына тән жетістіктердін бәрін көрсетуімізде, танытуымызда кемшіндік бар десек, бұл да бір өзгеше әңгіменің желісі боларлық шындық.

Күләш Ахметованың ақындық өнері мен шығармашылық жолы үлбіреген дүниелерлің үйлесімін көрсетуден, танытудан тұратынын жоғарыда айтып кеттік. Дегенмен бұл орайда, оның туындыларының бүкіл өн бойында мейірім, шапағат, жақсылык, адамгершілік, азаматтық, мәрттік, сағыныш, күрескерлік, мұң, шер, ата-баба рухына адалдык, атамекенге сүйіспеншілік, махаббатқа мәңгілік берілгендік пен мәңгілік тұрақтылық тәрізді ұғымдар мен көзқарастардың асқақтығын неғұрлым өрістету үнемі алғы саптан көрінеді, үнемі алтын тамыр өзекке айналып жатады. Бір тәтті бір ашыны жұбатып жатса, бір ащы бір тәттіні жылатып жатады. Бір емші бір саңырауды еститін, бір мылқауды сөйлейтін, бір басырды көретін етіп жатса, бір арамза біреуді керең, біреуді сақау, біреуді соқыр етіп жатады. Тағдырдың осындай қыртысты қатпарлы тайталастарын, қақтығыстарын ақын Күләш өзіндік өрнекпен, өзіндік талғаммен, өзіндік дауыспен, өзіндік шыншылдықпен жырлаумен келді.

Үлбіреген дүниелердің үйлесімі – Күләш поэзиясы осыны мейлінше ерек, мейлінше жүйелі көрсетеді. Бүған оның «Соғыстан қайтқан гармоншы жігіттің сөзі», «Болашақ үшін», «Ұлы дала», «Бозторғай», «Алтын жаңбыр», «Ілтипат», «Мұқағали мұзарты», «Ел бағына туған ұл», «Кіндік шеше», «Күзгі жел», «Алтыбақан», «Күй», «Халық әні» және тағы да басқа туындыларынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Жеке жеке талдауға болады.

Лирик Күләштің қадау-қадау туындыларын тек қана атап шығатын болсақ та, осынау шағын мақаланың көлемі рабайсыз қомпиып кететіні, белгілі ғой.

Әлбетте, бұл ақталу емес, өйткені өлең шумақтарын нақты келтірмей құрғақ мақтау, құрғақ ділмарсу теледидар жарнамасының ығыр шығаратын әләуләйінен басқа кәдеге аспайды.

Шынтуайтына көшсек, шынайы ақын жалаң жарнамаға өш келеді. Сондықтан да кейбір жекелеген жолдарды қысқа түрде келтірсек те жетіп жатыр.

Ал мына жекелеген жолдардың лирикалық, әлеуметтік-философиялық мозайкасы нені көрсетеді деп ойлайсыз. Сіздің таным өз еркіңізде, біздің таным бойынша жоғарыдағы пікірлерімізді растайтын сияқты.

М ы с а л ы:

«Хат жазар деген ойға еш келмеген».

 

«Мен сенің есіміңді жырыма орап, –

Болашаққа қастерлеп алып барам».

 

«Еліме менің еншісін түгел бер көктем!»

 

«Тірліктің барлық заңдарынан да қымбаттым.

Адамның жаны, адамның көңілі жұмбақ тым».

 

«Ортақ маған арманың, қиял қайғың...

Ойларымды мен саған жиі арнаймын...»

Верлен мен Лорка, Басё мен Рильке, Цветаева мен Ахматова поэзиясындағы небір ащы шындықтардың Күләш өлеңдеріндегі өзіндік жалғасына қызықпауың мүмкін емес. Тағы да мысалдар керек десеңіз келтіре берейік.

«Ақын – аққу, ақ қанатты, үні – азат».

 

«Еске түсіп, есті күй, бір ардақ ән,

Жақсы ортаны сағынсам, кім аңдаған».

 

«Лаулайды жанарында шындық оты».

 

«Уақытты кеңістік сіміргенде».

 

«Жүрегімнің жұмбағын даусым барда».

 

«Ақ қағазға құйылады әппақ ән».

 

«Сәл нәрседен жүдейтін жүрегімді

Дүниенің бар мұңы – сыздатады».

 

«Туған елге берейін түсіндіріп».

«Ақындардың махаббаты мәңгілік», – деген жекелеген, қос тармақ жолдардың мысқалдай мозайкалары әрқилы өлеңдердің өрімінде, мазмұнында, формасында өзіне лайықты, өзіне қажетті поэзиялық міндеттер мен жүктерді көтеріп тұрғанына күмән жоқ. Әрине, әлеуметтік-көркемдік, лирикалық-философиялық жүктерді айтып отырмыз. Сондықтан шығар, үлкен әріптермен жазылатын ұлы мағыналы ақындықтың яғни таласы жоқ көрнекті ақын, іpі ақын Күләш Ахметованың шығармашылық табысы өзіне де, өзгелерге де анық. Замандастың шынайы озғанына, жан нұрына шарпылған жырлардың шырайлы болғанына, қазақтың ақын Күләшына айналғанға не жетсін!

Аян ҚАЖЫБАЙ,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау

университетінің қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan