Бакумен тілдесу
Ертегілерге енгендей,
Бақыттысың ба сен мендей?
Ел менен елді жалғаған,
бұлттарың көшкен керуендей.
Алдымда гүлзар жүз бақ тұр,
Алауың мәңгі қоздап тұр.
Бакуым, сенің бар дертің,
Қарабақ болып сыздап тұр...
Кеудемді ойлар кернейді,
Ұшуға қанат сермейді.
Тербесе сені соққан жел,
ал мені өлең тербейді...
Ақынның жыр ғой сор, бағы,
Тарихтай тасың жолдағы.
Өзіңдей болсам арман не,
Ширваншахтардың қорғаны!
Жібердің рухты өсіріп,
Кешірші кетсем есіріп.
Бакуым, сенің жаныңда,
Каспийдей жатсам көсіліп.
Бірлессек, Баку, күштімін,
Құшақтап мені қыс бүгін.
"Бес күндік мынау тірлікте,
өзіңде өтті үш күнім!
Сыпырып тастап ноқтаны,
Тағдыр да бізді топтады.
Жібердің мені жылытып,
Бакудың жанған оттары!
Алға, оғлан!
Төрткүл дүние назарында – Қарабақ,
Тұтас тұрған ағзадағы қара дақ.
Азат етсе әзірбайжан оғланы,
Қарабақтан ізгі сәлем тарамақ.
Қайта гүлден,
түркілердің аймағы,
Отан – Ана ұл-қызының қайрағы.
Алдағы күн Рух қырандай қалықтап,
әділдіктің желбірейді байрағы!
Алға, ұлан!
Елің гүлге оранар,
Сілкінбесең ұлы мұраң тоналар.
Қарабақтың бағы қайта жанғанда,
босқан халық бостан болып оралар.
Дұға тілеп, тілек айтам сыртыңнан,
Айбаттанған арыстандай түр-тұлғаң.
Айналайын әзірбайжан әскері,
ар-намысын қорғау үшін ұмтылған!
Алға, оғлан! Әзірбайжан тірегі,
Жеңесіңдер, жаным сезіп, біледі.
Оң көзімнің қарашығы – Қарабақ,
Шуша деген – түркілердің жүрегі.
Әр қадамың – он,
жүздеген шақырым,
Сен жеңесің, алыстағы жақыным.
Алға, оғлан!
Ақиқаттың семсері,
Ұлы жолда ұл боп туған батырым!
Гүл – шахар
Жұпардайын ауасы,
Бағың жанның дауасы.
Келдім саған, гүл-шахар –
Низамидің қаласы.
Әр гүліңнен жыр ұғам,
Жан жайланып, тынығам.
Тыныштықты күзеткен,
әр ағашың бір ұлан.
Болмас достың бөтені,
Ажыраман екі елі.
Еске салдың жәннәтті,
бұлбұл құстар мекені!
Ғасырларға ерте кет,
Тұрдым бүгін ертерек.
Біз жоғалтқан қарлығаш
көгіңде жүр еркелеп.
Жайна, елдің байтағы,
Бола берші бай тағы.
Келген жандар Гәнжәға
шайыр болып қайтады.
Көрген жандар Гәнжәні
аңыз етіп айтады!
Шәкиде
Ұқсаспыз біз, өзіңнен жоқ айырмам,
Түркілік рух қияндарға жайылған.
Құстай сайрап жыр оқиын Кавказда,
Тұран достым, құйып қой бір шайыңнан.
Аяғым нық тарих тасын басқандай,
Керуен сарай тылсымы көп аспандай.
Көшелерің қан жүгірген тамырдай,
хан сарайың жан сарайын ашқандай.
Жан-жағыма қараудан көз талған жоқ,
Ақтарылған сөздерімде жалған жоқ.
Туып-өскен, тұрып жатқан Шәкиде,
Тұран достым, сенде сірә, арман жоқ!
Айтар болсам бұл сапарым, жайымнан,
Шәки даңқы ғасырларға жайылған.
Шабыт алып шайырларша шалқиын,
Тұран достым, тағы да құй шайыңнан.
Түркі даңқы жер-жаһанға тарамақ,
Тауларың тұр оң мен солын саралап.
Физули бей, «арабаңды» оталдыр,
Тұран достым, Тұран жерін аралат!
Бірлесейік ұлы дүбір басталмай,
Көңіл шіркін көкке құштар асқардай.
Қорған болып қаланайық енді біз,
Киш өзені алып келген тастардай.
Болмас бақыт миллеттім құралмай,
Қазағыма әзербайжан сыңардай.
Тұран достым, таудай болып тұра бер,
Жырым менің мың жасасын шынардай!
Шәкидің керуен сарайы
Ғасырлар жырын тыңдатқан,
тарихқа толы маңайы.
Заманалардан үн қатқан,
Шәкидің керуен сарайы.
Аттанған келер күндерге,
жолаушы бар ма соқпаған?
Тынығу үшін бұл жерге
керуендер келіп тоқтаған.
Кавказда барлық заңғарлар
ағаштарменен толысқан.
Жан-жақтан келіп сан жолдар
мәдениет болып тоғысқан.
Бұл жерден байлық қазылар,
жайылса әлем картасы.
Мыңдаған парақ жазылар
сөйлейтін болса әр тасы.
Тоқтаған талай асылдар,
толтырып нұрға маңайын.
Қалдырған екен ғасырлар,
Шәкидің керуен сарайын!
Жаса, Баку
Бауырлас ел бізге дағы басты елдей,
Жаса, Баку,
жанарыңа жас келмей.
Бұлттарыңның қозғалысы бейне бір
Қарабақты азат еткен әскердей.
Келген сайын талай сырды шертіп ең,
Тұрғындарың айнымайтын сертінен.
Желің жеңіл желбіретіп байрақты,
Еркелетіп,
жанымызды желпіген.
Жауың болса,
ол да маған дұшпандай,
Бірлескенде түркілік Рух, күш қандай!
Берекеміз көктемдегі жаңбырдай,
Бірлігіміз бауыңдағы құстардай.
Болса Рухым тұрған берік тасыңдай,
Жүрер саған сағынышым басылмай.
Аруларың шие,
інжір,
анардай,
әрбір ұлың жарқыраған жасындай.
Теңізің бар шабытымды еселер,
Еңсем биік Әзербайжан десе егер.
Жаса, Баку – Апшеронның алыбы,
Сағат сайын батырларша өсе бер!
Ганира
Күш алған жаңа ғасырдан
ақын мінезді Ганира.
Түркінің даңқын асырған
батыр мінезді Ганира.
Ісіңмен елді қайрадың,
жүзіңде сенің бар иба.
Көтердің Рухтың байрағын,
әзербайжандық Ганира.
Найзағайсың кей кездерде,
көңілің нәзік гүлге тең.
Намыссыз жасық ездерге
көрсетіп сені үлгі етем.
Өмірге терең бойлаған
ел-жұртың саған сенеді.
Адамзат қамын ойлаған
жүрегің неткен кең еді.
Әлемді оймен кезесің,
өйткені сенде білім бар.
Айтқызбай сөзді сезесің,
қылыштай өткір тілің бар.
Күш алған жаңа ғасырдан,
ақын мінезді Ганира.
Түркінің даңқын асырған
батыр мінезді Ганира!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.