Түрік жазушысы Сайт Фаик Абасианыктің «Жайын балықтың өлімі» атты әңгімесін қаламгер Маржан Ершудің аудармасында жариялап отырмыз.
Балықтардың көздері әдемі. Балықтың алтын, күміс түстес жылтыр қабыршақтарын әйелдердің көйлегіне, құлақтарына, алма мойындарына әшекей қылып тақса, қандай көркем болар еді?! Оның қасында гауһар, інжу-маржан, жақұттар деген не? Әйелдер сауық кештерге тірі балық терісін жамылып баратын болса, балықшылар шетінен миллионер, балықтар баға жетпес байлық көзіне айналар еді-ау. Өкінішке орай тірі кезінде балықтың көзді қызықтыратын жалт-жұлт еткен қабыршақтары өлген соң солады да қалады. Түкке қажетсіз болып.
Менің сізге әңгімелегім келіп тұрған балықтың ондай жылтыр әшекейі, жалт-жұлт еткен қабыршақтары жоқ. Жай қабыршақтары да жоқ ол байғұстың. Жасыл түсті қарақошқыл терісі бар. Балық ішіндегі ең сүйкімсізі де сол. Тіссіз, жаялықтай үлкен аузы ғана бар. Судан шығар шықпас аузы бір қарыс ашылады. Бір ашылса қайта жабылмайды. Терісі кір сияқты қошқыл түсті деп пе едім? Бүйірінің екі жағында да басбармақтың үлкендігіндей қара дақтар болады деп пе едім?
Грек балықшылары «христос» деп атайтын бұл балық кезінде қорқынышты теңіз жыртқышы болған екен. Иса тумастан бұрын Жерорта теңізінде ойран салыпты. Сол қорқыныштан бір феникилік те теңізге түсе алмайды екен. Бұл теңіз жыртқышы Қартажалы, Бениусрил балықшыларының қайықтарын аударып тастай береді екен. Жұлмалап-жұлмалап пышақпен кескендей сындырып лақтырып тастайды екен. Жерорта теңізінің ашкөз адам баласынан, не хайуаннан, не сұрапылдан, не жауыннан, қорықпайтын теңіз қарақшылары бұл жыртқыш балықтың атын естігенде, қорыққаннан тізелері дірілдеп, өңдері бұзылып бозарып кетеді екен.
Иса бір күні теңіз жағалауында қыдырып жүріп, қайықтарын тастай сала қашып бара жатқан балықшыларды көреді.
- Не болды? - деп сұраса, балықшылар:
- Құдай сақтасын! - депті. Құдай елімізді бұл пәледен сақтасын! Теңіздегі бұл жыртқыш қайығымызды тесті, достарымызды жұтты. Бәрінен бұрын бұл теңізден енді балық ұстай алмайтын болдық. Аштан өлейін деп жатырмыз.
Иса жалаңаяқ теңізге қарай жүреді. Жыртқыш балықтың ең үлкенін ұзын саусақты қолымен ұстап алып жағаға шығарады. Бүйірінен қатты қысып, иіліп құлағына бірдеңе деп сыбырлайды. Сол күннен бастап бұл жыртқыш балық түсі қорқынышты бірақ момақан теңіз жануарына айналып кеткен екен. Денесінде шегеге, араға, егеуге, кемпірауызға ұқсайтын жерлері бар. Жайын деген аты оған бұрын берілсе керек. Бұл балықтың денесін тұтас нейлон секілді тері жапқан, құйрығына таман терісінің түсі қарақошқылданып, жұқа терісі қалыңдай түседі. Қармаққа ілінсе болды, судан да , өмірден де түңіліп кетеді. Ойына не келетінін кім білсін? Енді ол үшін дүние бос. Қармақтан құтылса да бәрібір. Судың бетіне қалқып шығады. Үп-үлкен көздерімен адамға кінәсіз бір көзқараспен қарайтыны қорқынышты-ақ. Қайыққа салғанымызда бірнеше минутқа дейін бұл балықтың ыңырсыған дауысын естисіз. Дауыс! Осы балық пен қырланғыш балығы ауға түскеннен кейін өлгенше өксікке ұқсас дыбыс шығарып жатады...
Бір күні балықшы кафесінің алдындағы ақ-қызыл гүлдер ашқан акатсиа бұтағына ілініп тұрған жайын балықты көрдім. Түсі теңізден жаңа шыққандай қара қошқылданып тұр еді. Денесі қимылсыз. Тек қанаттарының айналасындағы жұп-жұқа жібектен де жұмсақ желбезегі дір-дір етеді. Мұндай ойынды өмірімде көрмеген едім. Бұл бір ойын еді. Уа, көзге көрінбейтін көңіл желінің ойыны еді. Бізге көрінбейтін іштегі желдің екпіні. Денесіне қарағанда ешқандай қимыл байқалмайды. Тек желбезегі ғана тәтті үреймен дірілдеп тұр. Бір қарағанда адамға қызық болып көрінетін бұл діріл өлім биі еді. Жайын жаны желге айналып, осы зарымен дүниеден өтіп бара жатқандай...
Жаздың үп еткен жел болмаса да, теңіз үстінде бір толқын пайда болады. Бұл да соған ұқсас ғажап діріл еді. Адамның жанын жадырататын. Балықтың өлімі еске түскенде бұл діріл қайғыға айналады. Бірақ адамдар мұның қайғылы жағын да ойлағысы келмейді. Мүмкін бұл ғажап өлім шығар. Мүмкін балық өзін судың тұңғиығында жүрмін деп ойлайтын шығар. Көйлегі көк, қарны тоқ. Түн. Теңіз түбінің құмдары денесіне тиіп қытықтайды. Астында ұрғашы балықтың жұмыртқалары , үстінде еркек балықтың ұрығы салбырап ырғақпен теңселіп тұр. Денесін тәтті бір сезім баурап алады.
Кенеттен бір қорқынышты нәрсе көрдім. Балықтың түсі өзгеріп, бозара бастады. Аппақ болып барады. Маған солай көрініп тұрған шығар дегенімше болған жоқ шынымен де мақтадай боп ағарғанын көрдім. Мөлдір жұқа қабығының дірілі ғана уілдейді, балық аппақ түске боялды. Жайынның жүрегіндегі үрейді сезінгендей болдым. Бұл – бәрімізге мәлім өлім үрейі еді!
Ол барлығын білді. Теңіз әлемі бітті. Енді денесін теңіздің ағынына беріп еркін жүзе алмайды. Енді таңертең жоғарыдан түскен жарық сәуленің шуағына бөлене алмайды. Күннің ол ешқашан да көгілдір, жасыл сәулелерімен құйрығын бұлғаңдатып ойнай алмайды. Енді балдырларға шалқайып жатып, судың ағысында жуына да алмайды. Бәрі де бітті.
Балық тектес теңіз жыртқышы саналар бұл жайын балығының өлу күйі ұзаққа созылады. Алғашында газ бен ауаға үйреніп, жерге көндігіп, жатқандай жатып алады. Балықтың сол қалпын көргенде біраз шыдаса, құрлыққа үйреніп кетеді-ау деп ойлап қаласың.
Бұл екі сағаттық өмірін төртке, төртті сегізге, сегізді жиырма төрт сағатқа ұзартсақ жайын балығы арамызда мәңгі жүретіндей болады...
Оны өз атмосферамызға, ауамызға үйреткен күні қуанып той жасаймыз! Қолымызға қорқынышты әрі сүйкімсіз, қорқақ әрі үркек, тілсіз тіршілік иесі түскен соң оны жәбірлеу үшін қолымыздан келгенді жасаймыз. Алғашында ол бәріне де таң қалады, қанша қорланса да шыдайды, кейін еті үйреніп кетеді. Оны бәріміз жабылып жүріп, ақырында өмірден түңілдіріп, түсініксіз әрі өкпелі ызақор ақын етіп шығарамыз! Бірінші күні нәзіктігіне тамсанып, екінші күні жақсылығын мақтап, үшінші күні қорқақтығын кейде тентектігін, тіпті тілсіздігін-үнсіздігін бетіне басып, жанын күйдіріп, азапқа түсіреміз. Осыдан соң ол қасқа бойында қаншама жақсы қасиеттері болса да, бәрін жоғалтады. Сенімін, сезімін, ақылын жоғалтады. Содан соң ызалана ырсиып, долданып бір замандарда қос бүйірінде қалған Исаның қолының іздерін қанатымен қағып, кемпірауыздарымен тістеп, арасымен кескілеп, егеуімен егеп, жынын шығарады. Сөйтіп, бұрынғы жауыз , жалмауыз жыртқыш қалпына қайта енетінін сеземіз бе?!
Біз, адамдар, қаталмыз! Шынымен де сол балық біздің ортамызға үйреніп, бізбен өмір сүре бастаса, оны жауыздыққа итермелеп, құбыжыққа айналдыру үшін қолымыздағы барлық мүмкіндікті пайдаланар едік қой…
