Шәкір Ыбыраев. Абайтанудың әлемдік контекстегі ғылыми аспектілері (І бөлім)
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы «Қаламгер ұстаханасы» жобасы бойынша ай сайын дәріс ұйымдастырып келеді. Тамыз айының басында көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Шәкір Ыбыраев «Абайтанудың әлемдік контекстегі ғылыми аспектілері» тақырыбында дәріс оқыды.
- Сіздерді көргеніме қуаныштымын! Бүгін бір маңызды тақырып бойынша өздеріңіздің алдарыңызда ой бөлісейін деп отырмын. Жалпы «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», - дегендей, Абай туралы жазылып жатқан еңбектер: кітаптар, мақалалар өте көп. Бұл еңбектердің көбін мен де былай байқап қараймын, Еуропада ондай зерттеулерге баяғыда-ақ анықтама берілген. Бұл еңбектерді аласың, оқисың, әсеріңді білдіресің: «Абайды бұрын неге оқымағанмын, Абай сияқты данышпан ақынды оқыған кезде мынадай дүниенің бәрін мен байқамаппын ғой», - деп қолына қалам алып, жазып жатқан кісі көп. Бұл бағыттың Еуропадағы аты – оқырман рецепциясы. Яғни бұл - туындыны оқыған кісінің өзінің жеке субъективті пікірі. Ал ғылым – одан басқа. Іргелі әдебиеттану ғылымы, біз басқаны да, ғылым ретінде мойындайтын болсақ, оны ғылым ретінде кезекпенен жүйелі дамып отыратын болсақ, ғылымның айтатын сөзі осы оқырман рецепциясынан басқа болып келеді. Мен шама-шарқым жеткенше, осы басқа әңгіменің бүгінгі күні түйінін ақтаруға, тарқатуға тырысайын деп отырмын.
Еңбектердің көбін қарап отырған кезімізде, мынадай бір ой айтылады: Абай – әлемдік тұлға, Абай – адамзаттың Абайы, Абай – әлемдік деңгейдегі ойшыл тұлға, Абай – әлемдік деңгейдегі ақын дейтін сияқты анықтамалар беріледі. Өздеріңіз де мұны жиі кездестіріп жүрген боларсыздар. Дұрыс-ақ. Бұл қорытындыға мен де қосыламын. «Адамзаттың Абайы» десе – дегендей, әлемдік деңгейдегі ойшыл десе – дегендей.
Бірақ енді соның әлемге, қазақтардан, қазақ оқырмандарынан басқа деңгейге алып шығып: «Мынау біздің әлемдік деңгейдегі ұлы ақынымыз, ойшылымыз, мінеки, қараңдар!» - дегенде, дәлелің қайсы? Абайды әлемдік деңгейге шығарып тұрғанда сенде қандай дәйектеме, тұжырым бар? Оны зерттеп-зерттеп, салыстырып алып келдің бе? Әлемдік деңгейдегі ақындар Байрон, Пушкин, Гете сияқты ойшыл ақындарменен салыстыра отырғанда, олар қандай деңгейде, Абайымыз қандай дәрежеде? Осыны бір жинақтап айтып берсең, онда: «Абайды әлемдік деңгейдегі ақын», - деп айтуға илануға, мойындай бастауға болады.
Ал енді біз көбіне-көп, «Абай – әлемдік деңгейдегі ақын», - деп аламыз да, оны салыстыратын кісілеріміз кім? Біз Абайды көне антикалық дәуірдің ойшылы Аристотельдің ойларынан, әлгі «толық адам танымы дегенді» таратамыз. Одан берегіректегі, орта ғасырдағы әл-Фарабидің ойларынан таратамыз. Сөйтеміз де: «Абай деген – әлемдік ұлы ойшыл тұлға!» - дейміз. Бұлармен салыстыруға болады, әрине. Мен оған қарсы емеспін. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз ғой? Сонда Абайымыздың ойшылдығы антикалық дәуірдегі ойшылдардың деңгейінде болса, орта ғасырдағы әл-Фарабидің ойымен үндесіп, қайталанып жатса, арада бәленбай ғасыр өтіп кеткеннен кейін, ХІХ ғасырда келіп, Абай соларды қайтадан қайталағандай болмай ма? Болмаса солармен үндесіп жатқандай ақын болып: «Еу, бұл адамзаттың Абайы ғой, адамзаттың ақылдысы ғой!» - деп айтуға осы жеткілікті ме? Меніңше, бұл дәйектеме өте жеткіліксіз. Енді не істеуіміз керек?
Әлбетте әдебиеттану дейтін ғылымның бүгінгі әлемдік деңгейдегі биіктеріне, жетістіктеріне сүйене отырып барып, тек қана сол тұрғыдан сөз қозғаған кезімізде: «Я, шындығында солай екен ғой!» - деп, мұны ең алдымен әлемнің ғалымдары мойындай бастайды. Сонан кейін қалған оқырманы қабылдай бастайды. Сөйтіп барып Абайды әлемдік деңгейге: «Міне, біздің ақынымыз, ойшылымыз», - деп алып шығуға болады.
Енді осында бір қызықты сұрақ бар: Абайды: «Ұлы ақын, әлемдік деңгейдегі ойшыл тұлға», - деген кезімізде, бірінші бір сұрақ туады: Абай – философ па, жоқ ақын ба?
Бұл жерде де көптеген зерттеушілеріміз мұны ажыратпайды. «Ойшыл, ойшыл» деп кете береді, кете береді. Бір кезде Абайдың көркемдік ойлау дәрежесі далада қалады. Жақсы, ендеше, егер Абайды философ деп шығарсақ, менде мынадай сұрақ туады: «Әлемдік деңгейдегі философ ойшылдармен қатар қоятын болсақ, онда Абайдың философиялық трактаттары бар ма? Сондай философиялық еңбектер жазып қалдырды ма? Біз отыз сегізінші сөзді көбіне тілге тиек етеміз. Қара сөздеріндегі кейбір ойларын, «хакім» деген сөзін, болмаса, «толық адам» деген алып аламыз. Және де: «Сонда толық боларсың елден ерек» деген өлеңіндегі үзіндісін алып аламыз, сонымен әр-әр жерден, өлеңдерден үзінділерден құрастырып аламыз да: «Міне, Абай деген – әлемдік тұлға!» - дейміз.
Меніңше, бұл жерде бір нәрсені ескеру керек. Менің білуімде, әзірге қазақ арасында Абайды М.Әуезовтен артық зерттеген ғалым жоқ. Ең жақсы жеріне жеткізе зерттеген ғалым, зерттеген адам, ол – Мұхтар Әуезов. Мұхтар Әуезов айтады: «Абай – ең алдымен ұлы ақын, оның философиялық ойлары – қосымша, сол өлеңдерінің ішіндегі ойлар арнайы бір ғылыми еңбек емес. Сондықтан мұны естен шығаруға болмайды.»
Иә, бұл – Абайдың туындыларында философия жоқ деген сөзіміз емес, Абайда бар. Бірақ мұны әлемдегі философтармен қатар қойып қойып: «Міне, философ еді», - деуге, былайша дәлелдеуге Әуезов те қарсы. Мен де осы пікірдемін. Шындығында да кез келген адам, әлемнің кез келген философтары: «Қане, ол кісінің трактаты ма, философиялық еңбегі ме, қайда?» - десе нені көрсетеміз? Отыз сегізінші қара сөзін көрсетеміз бе, жоқ әлде жаңағы «Сонда толық боларсың, елден ерек» деген бір жол сөзін алып алып, жаңағы «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл жылы жүрек» дегеннің үшеуін қоссақ, толық адам деп Абай айтты» деп, осыларды дәлел ретінде келтіреміз бе? Бұл меніңше, ұлы философ деп айту үшін жеткіліксіз. Абайдың пікірі өте терең. Шындығында, қаза берсе, одан шыға беретін пікір. Бірақ, бұл – бастан аяқ құрастырылған, зерттелінген философиялық трактат емес қой. Сондықтан бұл жерде ақынды әлемдік деңгейдегі философтармен шатастырудың қажеті жоқ. Өйтіп біз Абайды философ еді десек, онымыз басқа әлемдегі Кант, Гегель секілді небір философтардың қатарына қоятын болсақ: «Мына қазақтар өзі не болып кеткен?» - дейді ғой. Шынымен олай болмайды. Сондықтан бұл жерде Абайдың ақын екендігін жоғалтып алмауымыз керек.
Енді Абайды «әлемдік деңгейдегі ақын, ойшыл тұлға» деп айтқан кезімізде, сол әлемнің ең атақты ойшылдарымен, кешегі ХІХ ғасырдағы немесе ХХ ғасырдағы және де бүгінгі замандағы ұлы философтарменен, ақындарменен салыстырылған еңбек бар ма? Мен ондай еңбекті білмеймін. Мүмкін мен оқымай, маған кездеспей жүрген шығар? Бірақ ондай еңбектерді, дәл сондай салыстыруларды, типологиялық салыстырып отырып қорытып отырып қорытынды жасаған еңбектерді мен өз басым, әзірге көрген жоқпын. Бар болса, сіздер айтсаңыздар, қуана-қуана қабылдар едім.
Үшіншіден, «әлемдік деңгейдегі ақын» деп айту үшін сен қандай ұстанымдарға, қандай теорияға, методологияға, әдіснамаға сүйеніп айттың? Осы бар ма?
Әй, қайдам-ау. Тағы да бұл мәселеде: «Міне, теориясы мынау, әдістемесі мынау, осылай да осылай зерттедім. Осы арқылы Абайды осындай сценаға қондырдық», - деп айтатын тұжырымды әзірге мен кездестіріп жатқан жоқпын.
Енді сонда бір қызықты жағдай: біздің қаншама әдебиетшілеріміз, ғалымдарымыз бар, осы күнге дейін зерттеп жатқандарымыз не болып жатыр, сонда? Өкінгішке қарай біз, кеңестік дәуірде бізді толығымен идеологиялық ұстанымдар басқарды. Біз кеңестік дәуірде өмірді, шындықты бейнелеудің социалистік реализм дейтін тәсіліне сүйендік. Ол сүйену неге байланысты еді? Сол үшін де біз міндетті түрде еңбегімізде таптық, материалистік, атеистік сияқты принциптерге сүйендік. Оларды аттап өте алмаймыз. Ол кезде совет үкіметі сені тырп еткізбейді. Біз тек соның аясында ғана әңгіме етуге тырыстық.

Енді тәуелсіздікті алдық. Оған да отыз жыл асып кетті ғой. Әрине, бір күнде бәрін игеріп біліп аламыз деп айта алмаймын, тәуелсіздік жылдарымызда отыра қалып дереу әлемнің ең алдыңғы қатарлы ғылымының тәжірибелерін игеруге әрекет жасасақ: «Отыз жылдың ішінде мінеки, біз социалистік реализмнен де, кеңес дәуіріндегі идеологиядан да құтылдық, жаңаша әдістеме мен теорияны жолға қойдық, енді осы бойынша зерттеңдер, оу азаматтар, ғалымдар!» - дейтін нәрсені тағы да өкінішке қарай, өз басым кездестірген жоқпын. Бұл бағытта да сол баяғы бір сол итіңбаймен, оқырман рецепциясымен келе жатқан жағдайымыз бар.
Ал енді осы кезде шетел не болып жатыр? Кешегі біз Совет үкіметі тұсында: «ура, ура!» - деп жүрген кезімізде өзге жұрттар структурализм, онан көп ұзамай постструктурализм, онан көп ұзамай модернизм деп, қазіргі заманда бүкіл әдебиеттану ғылымын дамытты. Осындай бір әбден жетіліп, еңсесін тіктеген мектеп бар. Ол – феноменология. Бұл феноменологияның ең негізгі сүйенетін тәжірибелік аргументтері – кешегі автрияның әйгілі писхологі Зигмунд Фрейдтің, содан кейінгі Кар Юнг сияқты психоаналитиктердің адам психологиясының қатпар-қатпарына үңілген нәрселеріне сүйене отырып: «Жазушылар мен ақындардың, шығармашылық адамының бір көркем шығарма жазғандағы өзгешелігі, сондай бір ерекше өріске өткен кезіндегі психологиясы өзге ешбір адамда қайталанбайды. Бұл – феномен. Себебі, тура соның санасының ізіменен екінші бір ақын бәрібір жүремін десе де, жүре алмайды. Ал енді оның құпиясы – біз Абайды оқыған сайын жаңа көргендей боламыз да отырамыз. Ол тозбайды, жаңа идеялармен, ойлармен алдымыздан шығады да отырады. «Бұрын неге байқамағанбыз?» - деген сияқты жаңа ойлар, дүниелер біздің алдымыздан үнемі ашылады да отырады. Оны ашқан сайын: «Біз дәл осыны бұрын неге байқамағанбыз? Неге ол байқалмаған?» - деген сияқты ойға келе беретініміз анық. Демек бұл не? Бұл – феномендік құбылыс. Абайдың санасы – соншалықты бір қайталана бермейтін сана, кез келген ақын қайталай алмайтындығы – оның феномендік құбылыс екендігі.
Қазіргі әлемдік ғылымда осыны жеке қарастырып, сол ұлы ойшылдардың, ақындардың шығармашылығын зерттейтін ең негізгі бір тереңдеп зерттеп жатқан нәрсе – ақынның психологиясына кіруге әрекет жасау, осы психоаналитикалық талдаулар арқылы соның небір құпиясын ашуға әрекет жасау. Міне, Абайға қазірде осы тұрғыда үңіліп келіп жіберсек: ғажаптардың ғажабын көргендей боламыз.
Енді тағы бір қызықты жағдай бар. Біздің әдеби шығармаларды: өлеңді талдауларымызда, байқайсыздар ма, әдетте бір өлеңнің ішінде сізге қатты ұнап кеткен жерлерін, болмаса сізге бір ойыңызды тербеткен тұсын үзінді қылып аласыз да, сол уралы жазасыз-жазасыз, кетесіз-кетесіз. Анау бүтін шығарма, бүтін өлең, бүтін роман, бүтін повесть жайына қалады. Сіз жаңағы үзіндінің соңынан қуып кетсіз.
Осы кемшілікті бізде ең алғаш байқаған үлкен академик ғалым – Зәки Ахметов болатын. Ол кісі не дейді? Сіздерге оқып берейін. «Поэзиялық шығарманы тек онда айтылған ой-пікірлер тұрғысынан қарап бағалаудың осал жағы – көркем шығармадан бөліп алып, ондағы ой мен сезім әсер жалғастығын еске алмаған соң, олардың өзі жай, жалпылама, жадағай пікірлер болады да шығады.» Бұған мен жүз пайыз қосыламын.
Осы күнгі зерттеулерді алып қараңыздаршы. Мәтінді бастан-аяқ алып қарап, Абай болсын, басқасы болсын, бүтін өлеңінің ішінде осы ақын не айтпақшы болды өзі? Бұл бүтін өлең, ол бізге: «Үзінді-үзінді қылып алып ойланыңдаршы!» - деп отырған жоқ қой. Абай да, өзге Қ\қай ақын болса да, ол бізге бүтін шығарма ұсынып отыр ғой. Осы бүтін шығарманың ұсынатын идеясы, діңгекті ойы (центральная идея дейміз) не? Мұны еш уақытта естен шығаруға болмайды.
Еуропаның бір өзгешелігі: жаңағы мен айтып отырған мектептердің біреуінде де мәтіннің осы өзгешелігі назардан тыс қалған емес. Сонау ХХ ғасырдың басындағы структурализмді қараңыздаршы. Структура дегеннің өзі – құрылым. Ал құрылымда сен ана жерін бөліп ал, мына жерін кесіп ал деуге, мына жерін алып кетуге болмайды. Структура деген – бастан-аяқ сол ғой. Бүтін структурасымен қарап отырасың. Постструктурализм – бұл да құрылымды бүтін қарайды, бірақ оның мазмұнын қай тұрғыдан түсіндіреміз, талдаймыз. Бұл мәселе тағы бар.
Модернизмде де, феноменалогияда да солай. Әр уақытта, еш уақытта мәтіннің бүтіндігін ойдан шығаруға болмайды. Ал бізге бұл қалаған нәрсемізді бөліп алып талдай беретін, бір үзіндіні алып мақтап аспанға шығарып жіберетін немесе жамандап жер ғып тастайтын дәстүр қайдан келді? Бұл – кешегі кеңестік дәуірдегі діннің мотивін алып тастау, идеологияға жақпайтын нәрсені кесіп тастаудан келді. Ыбырай Алтынсарин, «Кел, балалар, оқылығында»: «Бисимллаһи рахман-рахим», - деп бастайды, «Ойбай, болмайды ол – алып тастайық», - деді, кезінде. Сондай өзіміздің идеологияға жағатынымызды ғана алып алу арқылы талдаған дәстүр бізге соншалықты кіріп кеткенің соншама, біз қазір идеологияға бағынбасақ та, жаңағы мәтіннен керегімізді алып алып, содан соң ескі сүрлеумен кетеміз, тоқтамастан. Мінеки, біздің үлкен бір кемшілігіміз сол!
Әлемдік әдебиеттану ғылымының мектебінде ең бастысы – осы мәтіннің бүтіндігін еш уақытта назардан тыс қалдырмау. Мен уақыт қалдырса, осы бүтіндік тұрғыдан, Абайдың бір-екі өлеңіне бүтін мәтін ретінде қарап келгенде не шығады дегенді айтып көрейін. Соны талдауға келеміз.
Біздің көркем әдебиеттегі ең негізгі принципіміз – өмірді реалистік тұрғыдан, шындыққа жақын суреттеу. Абайды да біз бұрын жаңа реалистік әдебиеттің негізін салушы деп айтып келдік. «Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп аталатын мақаласында: «Бұл әрине ұлы ақынның ұлттық поэзия алыбы, жаңа реалистік әдебиетіміздің атасы екенін жоғары бағалаған», - деп әдебиет тарихынан жазған ең соңғы көп томдық еңбегімізде осылай баға бердік. Демек Абай біздің жаңа реалистік әдебиеттің негізін салушы екен. Оған дейінгі әдебиет не болды? Демек Абайдыкі жаңа болса, ескі реалистік әдебиет те болған.
Социалистік дәуірде біз не көрдік? Социалистік реализмді өттік. Сондықтан өмірді бейнелеудің біз білетін ееалистік, романтикалық сияқты бір-екі ғана әдісіміз бар. Ал натуралистік десек, оны жақтырмаймыз. Модернистік, абстракционистік десек: «Ойбай, не нәрсе оның бәрі», - деп оның бәрін жақтырмаймыз. Ондайға үйренбегенбіз. Ал сонда барлық нәрсе реалистік тұрғыдан болатын болса, ол да қызықты жағдай, басқаша әдіспен бейнеленген шығарма сол реалистік деген шеңбердің ішіне сыя бере ме? Енді мен осы жерде Абайдың «Жаз» деген өлеңіне талдау жасайық. Мен талдағалы отырған өлеңнің екінші бөлігі түсіп қалған. Оның себебіне тоқталатын боламыз.
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда:
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап...
Былай алып қарағанда, шын мәнінде табиғаттың бір тұнып тұрған әдемі картинасы. Оған ешкімнің таласы жоқ. Реалистік десе, дегендей. Реалистік шығарма екенінде дау жоқ. Туындының ішінде салтанат құрып, шай ішіп отырған үлкендер бар. Үй тігіп жүрген қыз-келіншектерді суреттейді. Анадай жерде, өзенде балық аулап жүрген жастарды, балаларды суреттеп кетеді. Сөйтіп келеді де, соның арасында бір бишара шал бар, соны шығарады:
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен:
Малыңды әрі қайтар деп,
Малшыларға қаңқылдап.
Бай: «Байғұсым», - десін деп,
Шақырып қымыз берсін деп,
Жарамсақсып, жалпылдап, -
дейді. Мына бишараның түрі қандай? Жаңағы байлардың салтанатты өмірінің, жаңағы үй тігіп жүрген қыз-келіншектердің, балық аулап жүрген балалардың қасында мынау шал осы картинаның ішіндегі ең бір бишара. Анау бай: «Бері келші, айналайын!» - деп бір ұрттам қымыз берер ме екен деп: «Әй, малыңды ары қайтар!» - деп жүрген бір ербеңдеген-желбеңдеген жаман шал. Былай алып қарағанда, шалдың қылығы біздің езуімізді тарттырып, күлкі тудырады. Бірақ осы «Жаз» өлеңінің мәтінін тұтас алып жіберіп қарағанда, өлеңнің соңына келгенде, Абай не дейді?
Өткен күннің бәрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жоқ,
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап.
Өлең осылай аяқталады. Оу, анау күліп отырған байлардың, шай ішіп отырған кісілердің салтанаты, болмаса анау үй тігіп жүрген көңілді күліп-ойнап жүрген қыз-келіншектердің, болмаса балық аулап жүгіріп жүрген балалардың күлкісімен неге аяқтап бітірмейді?
Абай мынау жаңағы елбеңдеген-желбеңдеген, біз күлетін шалды ең соңында қайтадан сахнаға шығарады.
Енді сұрақ? Шал неге күліп тұр? Кімге күліп тұр? Ал мұның түйіні өте тереңде. Басқалардың күлкісімен аяқталып тұрған жоқ. Бірақ мұның алдында бұл шалдың күлкісінің кіріспесі тұр. «Өткен күннің бәрі ұмыт.» Мына шал: «Ей адамдар, білесіңдер ме? Сендердің салтанатты мына жайнаған, реалистік суреттелген әдемі «Жаз» картиналарың өтеді де шығады. Бұл бір кішкентай ғана қысқа кезең, ғұмыр. Сендер соның ішінде бақытты өмір сүріп жатырсыңдар. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін мұның бәрі де мына мен сияқты азады, тозады, қартаяды. Өткен күннің бәрі ұмыт болады. Осындай бір жайнап тұрған жаздың әдемі көрінісінің, мұның бәрі-бәрі ертең уақытша», - деген сұмдық терең ой тұр. Бұл – реалистік тұрғыдан қарастырдық дегенге, оның рамкасына көнбейді! Міне, қызықты қараңыздар! Енді мен осыны әлемдік деңгейдегі ұлы ақындармен салыстырып көрейін. Жаңа айттым ғой, А.С. Пушкиннің «Когда за городом, задумчив, я брожу» дейтін керемет бір өлеңі бар:
Когда за городом, задумчив, я брожу,
И на публичное кладбище захожу, -
дейді. Қыдырып жүріп қаланың салтанатты моласына бір кіріп қаламын. Сонда қаланың моласына қарап керемет бір ойға батамын, әсерде қаламын. Байлардың моласы тізіліп ең әдемі жерлерінде тұр. Жай ғана кісілердің моласы шет жағында батпақтарда орналасқан. Ал бұған қарағанда, ауылдағы молаларды қарасаң, кең-кең, бірақ онда мынадай салтанатты ескерткіштер, керемет бағаналар, шарбақтар, т.б. жоқ. Осындай бір ғұмырға қарап мен ойға қалып, әсер аламын», - дейді де, осы өлеңнің де ең соңғы жағында, Абайдағы сияқты, ой айтады. Қараңыздар:
На место праздных урн и мелких пирамид,
Безносых гениев, растрёпанных харит.
Стоит широко дуб над важными гробами,
Колеблясь и шумя…, -
деп аяқтайды. Осыны орыстың ғалымдары әр түрлі-әр түрлі айтып келді. Бірақ осы туралы ең бір жақсы, мықты қорытынды жасаған ғалым – Юлий Лотман. Ол не дейді: «Мынаны қараңыздар, маңғазданған, ұйпа-тұйпасы шыққан, мұрны сынған, «харит» деп отырғаны – ежелгі гректің сұлулық құдайы бізге мұрны сынып жеткен ғой. Дәл сол сияқты, мына молалардың да біреуі тоналған, біреуі азып-тозған ұйпа-тұйпасы шыққан, біреулерінің қойылған ескерткішінің мұрны сынған деген сияқтыларды қарап отырған кезде, сол қалпында тұрған ештеңе жоқ. Енді осылардың барлығының үстінде емен ағашы жайқалып, дыбыс шығарып тұр («Стоит широко дуб над важными гробами, колеблясь и шумя»), молада. Орыс халқының ежелгі дәуірден бастап бүгінге дейін келе жатқан ұғымында емен – мәңгілік уақыттың символы. Ананың, адамның өмірінің бәрі, ол мола бола ма, оны әдемілеп, ескерткіш тұрғызып қоясың ба, оның бәрі уақыт жүзінде мұрны сынады, азып-тозады, өйтеді-бүйтеді, бәрі бітеді, ал оның үстінде тұрған мәңгі жасыл емен ағашы кім болсаң, ол бол, бай бол, неше түрлі ескерткіштер, мола салып қой, бәрі азады-тозады, бірақ осының бәрінен үстем болып тұрған – мәңгілік уақыт деген идеяны Пушкин айтып отыр.» Бұл шындығында да ғажап ой ғой. Ғалым мұны осылай тарқата түйіндейді.
(Дәрістің жалғасы порталда келесі аптада жарияланады)
