Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Салауат Кәрім. Әңгімелер...

15.09.2018 5806

Салауат Кәрім. Әңгімелер

Салауат Кәрім. Әңгімелер - adebiportal.kz

ЕКІ ДОС

Едірей маңына көктем ерте келді, қырат басында қар қалмады. Тау етегіне жайылған шағын ауыл тым – тырыс. Маңыраған малдың, үрген иттің үні естілмейді, адам қарасы да көрінбейді. Үй ортасын жалғап жатқан іздер де жоқ, қыстауларынан тірі жан шықпады. Көктем суығы ауылды бүрістіріп тастады. Ауылды аштық тегіс жалмап өтті, қаңырап қалған ауыл.

Өлгендерді көміп, тірілеріне қашуға жәрдем еткен екі дос тірі қалды. Қалжыраған олар қора маңында күнге қыздырынып отыр. Қалдері жоқ, көптен нәр татпады.

Түс ауа ілініп, жолға шықты, ашыққан жүргіншілерге ілесті. Оларға кімсіңдер деп қараған да, бұрылып сұраған да ешкім болмады, бетімен қашқан жұрт.

- Мәкен, жүруге әлім жоқ?!

- Шыда! Бол, ілесші!

Қолындағы малын Совет үкіметіне тапсырумен болған ауыл жұрты малды жасырып тығатын, ол да таусылды. Ауыл қырғынға ұшырайды деп ешкім ойлаған жоқ.

Мәкен мен Сарқыт тірі қалды. Қыс басында Мәкеннің атасы мен әжесі, одан соң әкесі, артынан ағасы мен қарындасы, соңында анасы аштыққа шыдамады. Мәкен шекесіне үңірейіп кіріп кеткен анасының ашық көздерін жұма алмай көмді. Сарқыттың отбасы да бірінен соң бірі қырылды. Туғандарын ауыл шетіндегі шұңқырға көміп, басында көмген жерлеріне барып жүрді. Осы жолы да шұңқыр жанынан өтті, олармен қоштасты. Жанталасқан қос бала айрық жолдың қайда жеткізетінін, оларды не күтіп тұрғанын білген жоқ.

Бес күннен кейін Баянауылдан далада шашылған өліктерді жинайтын адамдар тобы шала жансар құлаған Мәкен мен Сарқытты тауып алады, Павлодар қаласына жеткізеді. Екеуін ауруханада айлар емдеп, аман алып қалады.

*****

1933 жылдың жазында он алтыға жаңа толған, бұғаналары қатпаған екі досты іргесі жаңа қаланып жатқан Қарағанды қаласына алып келеді, екеуін жер астына шахтаға түсіреді.

Жылдар өтеді, өмір жақсара түседі, аштықта ұмытылады. Соғыс басталғанда екеуі майданға сұранады. Көмір қазушылардың бригадирі Мәкен елде қалып, соғыс жылдары бүкіл Қазақстанға, Советтер Одағына аты шығады, көмір шығаратын шахтер қыздардың біріне үйленеді. Сарқыт қырық үшінші жылы соғысқа алынып, ауыр жарақатпен елге оралады.

Сынаққа түспейтін ештеңе болмайды екен. Олардың достығы да сынаққа түседі. Екі достың ортасындағы түсінбестік, артынан көре алмайтын өшпенділікке ұласады.

Октябрь Революциясының 50 жылдығы қарсаңында көп жылдар бойғы еңбегі үшін кеншілер бригадирі Мәкен Оспанов Ленин орденімен марапатталады. Орден алған Мәкен пенсияға шыққан күні шахта дирекциясын қонаққа шақырады, той жасайды, шахта дирекциясы «Победа» машинасын сыйлайды. Ауыр сырқаты асқынған Сарқыт тойға бара алмайды, әйелін жібереді.

Мәкен Сарқытқа өкпелейді, аралары ашылып, сәлемдесуден қалады. Көп жылдар араласпайды.

*****

1973 жылғы қаңтардың аязды күндерінің бірі қал үстінде жатқан Сарқыт: «Мәкен, келсінші, қоштасып қалайын», - деп досына адам жібереді. Мәкен әйелі екеуі жетіп келеді, жылап көріседі, өлім үстінде жатқан досынан кешірім сұрайды. Сарқыт қырық жыл ұстаған құпия сырын сол күні ақтарады:

- «Мәкенжан, сенен жақын менің кімім бар?! Бір түйір ауызға салар жоқта кішкентай Мәкен уысындағы тарысын, қи ортасына әкесі тыққан кесек етті ұрлап таситын, нан үзігінің қалдығын, қолындағы құртын беретін, байдан болсаңда қайырымды едің, сенің жақсылығыңды қалай ұмытайын, – деп бастаған Сарқыт ауыр күрсініп, әрең демін алып сөзін жалғайды:

- Жолдың үшінші күні ас көрмеген денең бозарып, есіңнен танып құладың. Алыстағы қарадан қорыққаным өз алдына, ессіз жатқан денең қасында айналып жүрдім. Ойыма не келмеді, тастап кетуге қимадым. Біресе арқалап, біресе сүйреп бұрыннан қалған бай қыстауының маңына жеткіздім. Сені құрғақ талдармен жыра иығына тығып, кері қайттым. Ондағы ойым жандарына жоламай, айналып өткен, көмілмей жатқан өлік денелерге жету еді. Қалтаңдағы бәкіңді алып шықтым. Өлік үш дененің соңғысына жүгіре жетіп, сан, бел еттерін жырып, кесіп жүгіре қаштым.

Күн бата саған асығып жеттім, аузыма өлген адам етін салып жедім, айқайлап сенің тілің астына да салдым. Есіңе келіп, көзіңді ашқан сәтте есімнен талдым. Содан кейін не болғанын білмеймін. Қырық жыл бойы ауыз ашпай келемін, күнәм жібермейді, жанымды қинайды, сілейіп жатқан өлік денелер маза бермейді. Мәкенжан, менің өз кінәмда, өз күнәмде жетеді. Ауырмағанда сенің қызығыңан қалар ма едім!», – деп сөзін аяқтаған Сарқыт Мәкенді жанына шақырады, басын көтеріп досын құшақтап отырады. Тынышталған сәтте Мәкенге төсекті қасына салдырады, ертеңіне досының қолында қайтыс болады.

Мәкен болса соңғы демі шыққанша жөнсіз өкпесін кешіре алмады. Қалған күндері бес намазын қалдырмай жаңа ғасырдың басын көріп, бұл дүниеден өтті.

2009 жыл

ЫЗҒАР

Кімнің болмасын жалғыз сүйеніші болса анасы шығар. Сегіз баласын аяғына жалғыз көтерген Қадияны ауылдастары соңғы сапарға лайықты шығарып салды. Мектеп директорынан сұранған Нағима екінші тоқсан сабақтарын оқытушы қыздарға таратып берді, оның қайғысына мектеп директоры қарсы тұра алмады. Нағима ағасы Бектемір, інісі Жантемір, сіңлісі Маржанмен анасының қырқына дейін болды. Жер қойнауына берген аналарын іштен жылап, сыртқа шығып көрсетпей еңсігенмен тіріліп келмейтініне көздері жетті. Қырқын өткізген кеште әркім өзіне қайта бастады: біреуі - Астанаға, екіншісі - Қарағандыға, Нағима - Қарқаралыға бет алды.

Анасының қазасы ма, әлде қыстың суығы өтіп кетті ме қызының бетінен сүюге мұршасы келмеген Нағима келген бойда төсек тартып жатып қалды. Ертеңіне түске таман бас көтерді, мектептен қызын күтті.

- Әлияш, сенсің бе? – деп есікке бұрылған Нағима айқай сап келе жатқан көршісін көрді:

- Нағима, аман- есен келдің бе?!. Кеше келсем Әлия жаныңда жылап отыр: «Апамның қызуы түспей қойды, ессіз жатыр», - дейді, тұрдың ба?!

- Жааңа тұрған бойым.

- Нағима, қарыз ақшаң бар ма?! – деген көршісіне ештеңе демей ақша берді. Артынан қайтарамын дегеніне де болмады. Сол бойы қабаттаса үйге кірген қызы:

- Апа, ертең демалыс, екі күн мейрам – Тәуелсіздік күні, демаламыз! – деп анасын құшағына алды.

*****

Нағиманың күйеуі ұрлықпен бірнеше рет сотталды, артынан араққа салынып әйелін ұрып соғатынды шығарды, шыдамы таусылған Нағима Қарқаралы басындағы мектептегі математика мұғалімінің бос орнына ауысты. Қызы екеуі он жыл бөлек тұрады, олар адам жалдап шөбін шауып алады, екеуі малдарын қарайды, өздері еркек, өздері әйел. Нағиманың қызы да, қызығы да осы Әлия.

Кеште қызы екеуі телевизор қосты. Телевизорден Жаңаөзен оқиғасы, қашқан халық, қуып жүрген полиция, өртеніп жатқан ғимарат көрсетілді, экраннан елдің қоғам қайраткерлері мен белгілі жазушылары «тәуелсіздік күні қарсаңында халықты ұятқа қалдырды!» деп жатты.

Нағиманың көзі бұлдырап, тұрған орнында құлап қалды.

*****

- Нағима, Гүлнарды алып кетші, алып кетші..., – деп жалына айқайлаған Есеннің даусы әбден қарлығып жоғалды. Милиция қызметкерлері Есеннің қолын бұрап алаң жиегінде түзілген сары автобустарға сүйретіп бара жатты.

Соққыдан қансыраған курстасы Гүлнарды құшақтап, тізелеп отырған Нағиманың қасына жүгіріп келген каскалы солдат: «Вставайте, суки!» деп екеуін желкесінен жұлқып тұрғызды.

- Отпусти меня! – деп шыңғыра айқайлаған Нағима каскалы солдатты аяғының тұсынан әлсіз қолдарымен соға бастады.

Каскалы солдатқа көмекке келген сержант дубинкамен басынан бір соқты, көзінен от жарқ ете түсті, мұрттай ұшты, есінен танып құлады. Сержант каскалы солдатқа:

- «Что, стоишь, тащи ее на машину» , – деп айқайлап бұйырды.

Каскалы солдат су шылқыған асфальт үстінде ессіз жатқан Нағиманы сүйрете жөнелді.

Алматы. 1986 жылғы 18 желтоқсан. ТАСС хабарламасы. «Кеше және бүгін Алматы қаласында ұлтшыл элементтер, жастар көшеге шығып Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті пленумының шешіміне наразылық білдірді. Жағдайды бұзақы элементтер мен қоғамға жат топтар пайдаланып тәртіп сақшыларына қарсы әрекеттер жасады, азық – түлік магазиндер тоналды, автокөліктер өртенді, азаматтардың намысын қорлайтын әрекеттер қала ішінде өріс алуда»,- деп ресми хабарлады.

Олар филология факультетінің екінші курс студенттері алаңға ағылған жастардың артынан ерді. Сейфуллин даңғылы бойымен Брежнев алаңына жаяу – жалпылап Нағима, Есен, Гүлнарда жетті, бейбіт шеруге шыққандар қатырында есеп болмады, дені жастар, ойларында ешқандай жаманшылық жоқ. Бейбіт шеру болғандықтан ешбір қорқынышта жоқ. Алаңға кіргенде милиция, ішкі әскер толы тұрды, олар жастарды қоршауға алып, кері шығармады. Әр жерде қолдарында көтере ұстаған: «Әр ұлтқа – өз көсемі!» «Лениндік ұлт саясаты жасасын!» деген ұранды транспоранттар мен плакаттар көрінеді. Қайрат Рысқұлбеков мінбеге шығып сөз сөйлемекші болды, тәртіп сақшылары оны жібермеді. Зиялы қауым өкілдерінен Роза Бағланова жастарға басу айтты, жастар «Қонаевтың бір ауыз сөзін естісек» деп ұрандатып тұрып алды, «Жасасын Қазақстан!», «Бізге Колбин керек емес», деген олардың дауыстары қарлыққанша шықты, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні қайта - қайта шырқалды.

Түнгі сағат 10-ның шамасында команда күтіп тұрған қалаға әкелінген ішкі әскер мен милиция жасақтары жастарға құйындай лап қойды. Пожекторлар жарығының астында салқын сумен оларды құлатып, дубинкаларымен соққылап, қар үстінде сүйреп жатты....

*****

Көзі жасқа булыққан Нағима өкіріп жіберді. Телевизорды суырып, төсек салғызды. Ызғар өткен денесі қалтырап, қызуы көтеріліп, ыңырсып жерде сұлап жатты.

2013 жыл

ВЕЛОСИПЕД МІНГЕН АДАМ

Әр елдің өз әкімі бар.

(мұны арабтар айтқан екен)

Оның велосипеді бірінші қабат сатысының тіреуштеріне күнде құлыпталып тұрады. Велосипед иесі жауын шашын, аяз екен демейді, велосипедіне мініп жұмысқа бара жатады. Велосипед мінген адам жұпыны, басындағы қара кепкасын, үстіндегі сұр курткасын, аяғындағы ескі кроссовкасын шешпейді. Басында ол маған бас изеп амандасып жүрді, мен «Ассалаумағалейкум» деп сәлемдесіп жүрдім, кейін қол алысып амандасатын болдық. Қарағандыға N. қаласынан келіпті, айтуына қарағанда бұрын мемлекеттік лауазымды қызметтер атқарған, қазір депода слесарь, «сол кезде өмірден мүлдем түңілдім, безіп кеттім», - дейді. Сырт қараған кісіге өмірден қорқып қалған адамға ұқсайды. Бүгінде бас изеп амандастық.

*****

N. қаласы халқының көргені ит тірлік. Шаһардың экономикалық - әлеуметтік жағдайы жақсармақ түгел талпыныста болған жоқ. Кезінде алып өндірістік өңір орталығы болған қала жұртының өмір сүру деңгейі нашар, күннен күнге төмендеп жатты. Тұрғындардың әл-аухаты, тіршілігі, өмірі мүлдем билікті ойландырмады, билікке сексен мың халықты «тырп еткізбейтін», «жұрттың аузын аштырмайтын» әкім керек еді, ондай адам қала ішінен табылды.

Әкімшілік түзету колониясының аға прорабы, кейін қалалық партия комитетінің нұсқаушысы Жұмажан Ибатов әкім тағайындалды. Соңғы он бес жылда халық кімге шағымданбады, байғұстар қазір әбден шарасыз, шаршаған, ешкімге сенбейді, өздеріне өзі өш, амалы жоқ.

Қаланың шағын қызмет көрсету кәсіпорындары Жұмажан Ибатов әкім болып келген тұстан бастап жабыла бастады. Өздерінің кірісінен «өз еріктерімен қаражат аудару» әкімдерден басталды. Әкім қорына қаражат аудармағандар салық, санитарлық – эпидемиологиялық қадағалау, өртке қарсы қызмет құрылымдары тарапынан қысымға алынып, көнбегендері кәсіптерін тастап, қаладан кетіп жатты. Жекешелендіру кезінде қала байлығының үлкен бөлігі әкімге, оның туысқандарына, жақындарына бұйырды. Әкім он бес жыл бір өзі қаланы билеп жатты.

Қалаға журналистік материал іздеп келген осы елдің тумасы, белгілі жазушы «әкім «крышасы» Астанада екен», - деп, жиған –тергенін айтуға да, жариялауға батылы жетпей қайтты.

*****

Әділетсіздікке көнбейтіндер болады. Олар бұрын көп болатын, қазір сирек, бірақ жоқ емес. Олар адамдардың жүрегіне үміт ұялатады, адамдашылықтарынан айырылмасын деп өздерін құрбандыққа шалады. Әділет іздегендер әлсіреп, жақындары жараланып, төзе алмағандары жолдарынан қайтып, ал күрестің соңына дейін барғандары жеңіске жетіп жатады.

Жексен сот санкциясыз қамалды, изолятор бастығы Жексенге достары жалдаған адвокатты онымен жолықтырмады.

Жексен бұдан екі жұма бұрын N. қаласында мемлекеттік сатып алу барысында миллиондаған ақша қаражат бір мердігер кәсіпорын есеп-шотына түсетіні, ал есеп- шот әкімге тиісті екені туралы тәуелсіз республикалық басылымда жариялады.

Облыс тарағанда Жексен қызмет іздеп шабылмады, туған қаласында қалды, бірақ облыс әкімдігінің бұрынғы қызметкеріне орын табылмады, Ибатов Жексенді қызметке жолатпады.

Қала әкімінің озбырлығына, оңбағандығына, еліндегі әділетсіздікке Жексен шыдай алмады, ешқандай мазмұны жоқ мемлекеттік қызметтен мүлдем кетуге шешім қабылдады, әкімге қарсы шықты.

Мақаладан соң жұрт дүрліге бастады, ал әкім болса жағдайдың бұлай ушығатынын күтпеді. Жаңа келген облыс әкімінің халық алдындағы есебі қарсаңында мақала «бомбадай» жарылды. Тәуелсіз басылымдар, батыл бірнеше депутат, партия өкілдері қаладағы ауыр жағдайды көтере бастады, қала тұрғындарының жағдайын жеткізіп, облыстық мәслихаттың күн тәртібіне енгізді. Қалалық мәслихаттың бірнеше депутаты қала прокурорына, облыстық ішкі істер бастығына Жексенді қамаудан босатуды сұрап ашық хат жазды. Түрме маңына жастар жиналып, пикет ұйымдастырды.

*****

Әкімді түнгі телефон қоңырауы оятты. Арғы жақтан қарлығы айқайлаған дауыс, оның Астанаға дереу жетуін талап етті. Әкім түнде жолға шықты. «Қарағанды– Астана» тас жолында жүйіткіген әкімнің қара мерседесі Астанаға жетпей аударылды. Әкімнің өлік денесін төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары жапырылған көліктен әрең шығарып алады. Аударылған көлік маңын көзімен көрген олар жүз долларлық купюрлар шашылып жатты дейді. Әкім өлімі кездейсоқ па, әлде ұйымдастырылды ма, ол жағы маңызды емес. «Адам жоқ жерде қылмыста жоқ» деген қағида күшіне енді. Өлген әкім ешкімге керек болмай қалды. Екі күннен кейін Жексен қамаудан босатылды.

Бүгінде велосипед мінген адам бас изеп амандасты, ол жұмысына кетіп бара жатты.

2006 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар