Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Салауат Кәрім. Лев Толстой және Америка Құрама Шта...

Салауат Кәрім. Лев Толстой және Америка Құрама Штаттары

04.03.2026

149

Салауат Кәрім. Лев Толстой және Америка Құрама Штаттары - adebiportal.kz

«Толстойдың америкамен сұхбаттары» кітабының авторы Галина Алексеева Лев Толстойдың «өз Америкасы» болғанын, америка әдебиетін жақсы көргенін, АҚШ жазушыларымен тығыз қарым - қатынаста болғанын жазады. Лев Толстой жас кезінде Америка Құрама Штаттарының негізін қалаушылардың бірі, саяси қайраткер, дипломат, өнертапқыш, ғалым, философ, жазушы Бенджамин Франклиннің  (1706-1790 жылдары өмір сүрген) «13 Ізгіліктерін» оқығаннан кейін күнделік жаза бастайды, Франклин күнделігінде ізгіліктер жасау үшін жазған болса, Толстой өзінің іс – әрекеттерін тежеу үшін, өзінің қателіктерін талдау үшін жаза бастайды, мұны өзін жетілдіру жолы деп білді. Толстой орта жасында Генри Джордж идеяларын қолдады, Уолт Уитмен өлеңдерін  оқыды, қартайған шағында америкалық өнертапқыш Томас Эдисоннан сыйлық алды.

Томас Эдисонның сыйлығы тіптен өзгеше, өйткені атақты америкалық өнертапқыш Томас Эдисон ұлы жазушының дауысын болашақ  ұрпақ үшін қалдырды.  1907 жылы Нью-Йорк Таймс газетінің бас редакторы Стивен Бонсал, Эдисон ойлап тапқан дауыс ойнатқышты Толстойға беруге уәде береді, ойнатқыш кімге берілетінін естіген Эдисон өзінің соңғы үлгісіне ақша  алудан бас тартады да «Томас Альва Эдисоннан Граф Лев Толстойға сыйлық» деген сөздерді  жазып сыйға тартады. Сыйлық Толстойға 1908 жылы табысталды, қазір Ясная Поляна мұражайында тұр. Томас Эдисон: «Сіз бүкіл әлемге танымалсыз, Сіздің дауысыңызды миллиондаған адамдар естіп қуанатынына, адамгершілікке, әлеуметтік өрлеуге ықпал ететіне сенімдімін» - деп ағылшын және француз тілдерінде жанды дауысын қалдыруды өтінеді. Лев Толстой Эдисонның өтінішін орындайды, жазушы дауысын Толстой сайтынан тыңдауға болады, кемеңгер жазушы өмірінің соңында жазылып қалған дауысы бүгінде адамгершілік  жаңғырығындай естіледі.   

Америкада басқа елдерге қарағанда  Лев Толстой шығармалары молынан басылды, 1878 жылы Нью-Йоркте «Казактар» повесі, оның алдында 1886 жылы «Соғыс және бейбітшілік» романы жарық көрді,  ХІХ ғасырдың соңына дейін әйгілі роман екі рет басылды, сол 1886 жылы «Анна Каренина» туындысы жарық көрді. 1890 жылы алғаш рет «Крейцер сонатасы» Бостон, Чикаго және Нью-Йорк қалаларында бір мезгілде шықты. 1899  жылы «Воскресение» романы  Нью-Йоркте жарық көрді. ХХ ғасырдың басында америкалық оқырмандар Толстойдың негізгі шығармаларын, философиялық - дүниетанымдық трактаттары мен драмалық шығармаларымен жақын танысты. Толстоймен таныс  діни жазушы, шіркеу пасторы Уильям Ньютон «Толстойдың  романдары қаншалықты маңызды болса да, оның діни жазбалары одан да маңызды» деп жазды.

ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында Америка Құрама Штаттарында  жазушы шығармаларының  даңқы  асып,  салтанат құрды,  үнемі жаңа басылымдармен толысып тұрды. 1902 жылы Нью-Йоркте Лев Толстойдың 22 томдық шығармалар жинағы жарық көрді,  1912 жылы  Бостон мен Нью-Йоркте 14 томдық жаңа шығармалар жинағы қайта басылды. Толстой шығармаларының әр басылымы АҚШ мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Мерзімді басылымдар мен журналдар «Толстойдың Америка үшін маңызы», «Толстой мен орыс әдебиетінің шабуылы», «Толстой - әлемдік тұлға», «Толстой өнер мен сұлулық туралы», «Толстой патриотизм туралы»,«Толстой соғыс туралы», «Граф Толстой қарсылық және қара нәсілдер мәселесі туралы», «Толстой әйелдер мәселесі туралы» «Толстой және патша», «Толстой және орыс цензурасы», «Толстой және шіркеу» деген тақырыптардағы  ғылыми - танымдық мақалалар жарық көріп жатты. 

2004 жылы жарық көрген «Л.Н. Толстой және АҚШ. Хат алмасу» деген кітапта америкалықтар Толстойға көп хат жазғаны, заңгерлер мен дәрігерлер, жазушылар, баспагерлер мен аудармашылар, фермерлер мен жұмысшылар, діни қызметкерлер мен анархистер, мектеп оқушылары мен студенттер, әйелдер, балалар мен қарттар, кәсіпкерлер мен конгрессмендер, әйгілі, атақты бай адамдардан келіп түскен 1800-ден астам хат сақталғанын, оның 300-ге жуығына  Лев Толстой  өзі  жауап бергені, қалғандарына отбасы мүшелері мен достары жауап беруге көмектескені туралы жазылған. 

 

 Лев Толстой:  «Ұлы әдебиет жоғары адамгершілік  сезімдер  оянған кезде туады» 

 

Лев Толстой АҚШ тарихына, америкалықтардың өмір сүру дәстүрлеріне, мәдениетіне, өнеріне, әдебиетіне, дүниетанымдық  көзқарастарына және  америкалық  утопияға  зор қызығушылық танытты. Жазушының жеке кітапхана сөрелерінде америкалық авторлардың  кітаптары да көп болатын, бұл Лев Толстойдың америка әдебиетіне  қызығушылығын көрсетеді. 

Лев Толстой шет елдер әдебиетін мұқият бақылап тұрды, шетел әдебиетін көп оқыды, Еуропа және АҚШ әдебиетін жақсы білді, Диккенсті оқығанды ұнататын, Гюго, Мопассан, Анатолий Франстың әдеби таланттарын жоғары бағалады, неміс жазушысы  Вильгельм фон Поленцтің «Шаруа» романының аудармасына алғысөз жазды. Лев Толстой  еуропа әдебиетімен қатар шығыс әдебиетіне де қызығушылық білдірді, алайда толстойтанушылар Толстой жазушылар ішінде «ерен саңлақтарды» Америка Құрама Штаттары әдебиетінен тапты»  дейді. 

Лев Толстой ағылшын аудармашысы Элмер Модпенге берген  сұхбатында ХІХ ғасырда  орыс және америка әдебиеттерінің өркендеу себептері: «Ұлы әдебиет жоғары адамгершілік сезімдер  оянған кезде туады. Мысалы, Ресейде шаруаларды азат ету күресін, АҚШ-тағы қара нәсілділердің азаттығы үшін  күресін қараңыз, осы оқиғалардан кейін Америкада қаншама саңлақ жазушылар шыққанына қараңызшы: Гарриет Бичер Стоу, Торо, Эмерсон, Лоуэлл, Уитьер, Лонгфеллоу, Уильям Ллойд Гаррисон, Теодор Паркер, ал Ресейде Достоевский, Тургенев, Герцен және тағы басқалар»  деп ойымен бөліседі. 

Лев Толстойды америкалық әдебиеттен оның идеяларына жақын    (адам бостандығы, қоғамдағы бауырмалдық, зорлыққа қарсылық, адамдар теңдігі) және рухани дүниетанымдық және философиялық  көзқарастарына (рухани сенім, адамгершілік, сүйіспеншілік) америкалдық авторлардың еңбектерін ұнатты, іздеп оқыды. 1879 жылы жазылған «Прогресс және кедейшілік»  кітабының авторы Генри Джордждың  жер жүзіндегі барлық табиғи игіліктер, ең алдымен жер, бүкіл адамзат баласына бірдей тиесілі деген идеялары ұнайды,  Толстой Генри Джорджды «XIX  ғасырдың ең ұлы адамдарының бірі» деп таниды, америка жазушысы идеяларын өзінің оқырмандары арасында насихаттау мақсатында «Воскресение»  романындағы кейіпкер  Дмитрий Нехлюдовты Джордж идеяларының жақтаушысы ретінде, екінші жағынан Толстой өзінің де образдық бейнесін жасайды. Лев Толстойға  Генри Джордж идеяларының ұнағаны сондай Ресей премьер-министрі Петр Столыпин мен Николай II патшаға джорджизм  идеяларын сендіру үшін хат жолдайды, Ресей патшасы мен премьер - министрі жазушы ұсынысына құлақ аспайды. Толстой көп  жылдар  Генри Джорджмен хат алмасып тұрды, Ясная Полянада қазір сақталған америкалық  кітаптарды Генри Джордж поштамен жіберген дейді толстойтанушылар.

Толстойдың  әділетсіз мемлекетке қарсы тұру туралы идеяларына үндес америкалық Генри Тороның «Азаматтық бағынбаушылық»  шығармасына назар  аударады, Толстой құлдыққа қарсы Уильям Ллойд Гаррисон жұмыстарын зерттейді, оның «Сезімдер декларациясы» идеяларын «Сіздің бойыңыздағы Құдай патшалығы» атты  трактатының бірінші тарауына енгізеді.

Толстой шығармаларын ұнатып оқыған, оған өте жақын тағы бір америкалық жазушы  Эрнест Ховард Кросби Ясная Полянада 1894 жылы Толстоймен кездеседі. Артынан Кросби Толстой теорияларының қолдаушысы, адамзат бауырластығы туралы идеяларды қолдаған  серіктестерінің біріне айналады.

Лев Толстой Ясная Полянада АҚШ мемлекеттік  саясатының ықпалды тұлғалары, сенаторлар мен жазушыларды жиі қабылдады, 1903 жылы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Уильям Дженнингс Брайан ұлымен бірге Ресейге  келген сапарын Лев Толстойға сәлем беруден бастайды. 

Толстой «Крейцер сонатасы» мен «Ағартушылық жемісі» шығармаларын жазу кезінде  атақты америкалық ақын - филосаф Уолт Уитмен өлеңдерімен танысады, көп өлеңдері Толстойға түсініксіз болады. Толстой шығармаларын оқыған Уолт Уитмен де  «Жазылғандардың  бәрі мені  қызықтырмайды,- дейді  жазушы Хорс Траубелмен болған сұхбатында -  оның тақуалығы мені  қажытып жіберді,  дегенмен Лев Толстой  орасан зор тұлға  және оның жолы —  дұрыс жол»  деп  сырын ақтарады. 

Америкалық көркем әдебиет пен публицистикасы Толстойға  қоғам дамуының үрдістері мен бағыттарын анықтауға септігін тигізді,  америка мысалында, адамдар арасындағы ынтымақтастық,  адамдардың өмір сүрудің  экономикалық үлгілері де  көп толғандырды.

Лев Толстойдың танымалдағы оған америка жазушыларын аударуға, америкалыққ авторлардың шығармаларына алғысөз жазуға мүмкіндік берді. Бір қызығы, олардың кейбіреулері Толстойға АҚШ мәдениеті мен дәстүрлерін ғана ашып қана қоймады, сонымен қатар ағылшын тіліндегі америкалық әдеби танымдық басылымдар арқылы шығыс мәдениетінің, оның ішінде жапон және қытай мәдениеттеріне жол ашқандығы туралы да жазады. 

Лев Толстой АҚШ әдебиетіне, философиясына ризашылығын, америка халқына деген көңілін ағылшын жазушысы Эдвард Гарнетке жазған хатында: «Мен америкалықтарға, 1850 жылдардан бері  олардың  жазушыларынан  алған үлкен көмегім  үшін  алғыс  айтамын» деп алғысын білдіреді.

 

Лев Толстой мемлекет туралы немесе  АҚШ  президент сайлауына  неге  араласты?

          

АҚШ пен Ресей арасындағы теке- тірестерге қатысты кемеңгер жазушының  өмірінде орын алған тарихи деректерді алға тарта отырып Лев Толстой 1908 жылы АҚШ-ның президенттік сайлауына араласты деп көрсетеді. Лев Толстой басқа бір елдің ішкі саясатына, АҚШ-тың  сайлау құқықтарына, ішкі саясатына араласқан емес, ол мұндайға бармаған да болар еді, дегенмен әр нәрсенің ақиқатына бармаса Толстой бола ма?!

Лев Толстой адам өміріне қатысты салиқалы көзқарастар мен ғибратты пікірлер айтқан дана ойшыл еді, адамгершілік қана адамды бақытты етеді,  әрбір  адам  өзінің өміріне өзі жауапты болуы керек, қоғамда өзінің орнын табуы керек, өзін өзі жетілдіруі керек, өмірдің мәні қоғамға қызмет ету, жеке мүдделерін қоғам  мүдделеріне бағындыруы керек  тағы басқа адамшылық  идеяларды уағыздаған адам  болды. 

Толстой қоғамда адамдардың арасындағы әлеуметтік теңсіздікті сынады, сән-салтанат пен байлықты айыптады, дәулет, бақ,  байлық адамдарды бүлдіріп, адамшылық қасиеттерден айырады  деп санады.

Лев Толстойдың америкалық адам  бостандықтары мен құқықтары қорғаушыларымен жақындығы да кездейсоқтық емес екендігін жиі жазып жүр. 

Лев Толстой Сократ, Платон және Аристотель секілді мемлекет не деген сұраққа жауап берген, мемлекет  табиғатына анықтама берген ойшыл ретінде тарихта қалды.

Сократ: «Мемлекетәділеттілікке, құзыретті басқаруғанегізделіп, жалпыға бірдей адамдардың игілікке ұмтылу құралы, «мемлекетті «білетіндер» басқаруы керек»,  «идеалды  мемлекет – әділетті мемлекет», сонымен қатар «мемлекеттің бастымақсаты - азаматтарды ізгілікке тәрбиелеу» деген  ойларын білдірсе, Аристотель «Мемлекет ортақ игілікке қол жеткізу үшін табиғи жолмен біріккен еркін азаматтардың ең жоғарғы қатынас нысаны» дейді, ал Платон философтар пікірталасына құрылып жазылған «Мемлекет туралы»  еңбегінде философ Фрасимахтың аузынан шыққан: Әділет күштіге ғана керек нәрсе. Кез келген мемлекетте билік кімнің қолында болса сол күшті... Өйткені, кез-келген билік өзінің пайдасына қарай заңдар жасайды» деп жазады, ал  Лев Толстой  екі мың екі жүз жылдан кейін мемлекет арқылы адамдарды басқаруды сынға алды, мемлекет құрылымының әділ екенін жоққа шығарды, «мемлекет адамдарға қысым көрсету құралы, зорлық, қорқыту және талап ету арқылы адамдардың бірлігін бұзатын» институт деп анықтады. Толстойдың пікірінше, «адамдардың шынайы өмірі мемлекеттік билікке емес, ар-ұжданға негізделуі керек» деген анықтама берді.

Толстой христиандық анархизм идеологиясы жақтаушыларының бірі болды, ол сол кездегі патшалық Ресейдегі адам бостандықтарымен тікелей тығыз байланысты еді, ол  адамдарды алалауға қарсы адам еді, сондықтан Толстойға  америкалық публицист  В. Э. Чаннингтің,  ақын В.Л.Гаррисонның, жазушы, философ Г.Торо секілді құқық  қорғаушылардың  шығармашылықтары оның христиандық анархистік идеяларына үндес еді , сондай-ақ америкалық жазушылардың  зорлық – зомбылықсыз мемлекет құру, мемлекетке балама  адамдардың өмір сүру институттарын құру идеялары да жақын болатын. 

1903 жылы желтоқсан айында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы, демократиялық партияның көрнекті өкілі, президенттікке үміткер  Уильям Д. Брайан Толстойды іздеп, Ясная Полянаға келеді. Ол кезде америкалық  саясаткер небәрі  36 жаста, ал Толстой 75 жаста еді. 

Толстой  америкалықпен болған үш күнгі кездесуге тәнті болғаны сонша, ол Уильям Д. Брайан кеткеннен кейін ұйықтайтын бөлмесінің  қабырғасына онымен түскен фотосуретті іледі. Өз кезегінде  Ясная Полянадан алған әсерін Уильям Д. Брайан кейін «The Apostle of Lovе» мақаласында жариялайды. Толстойдың жеке дәрігері Д.П.Маковицкийдің айтуынша, Толстой көп ұзамай  Брайан туралы: «Оның президенттік креслоға үміткер болуы маған қызық көрінеді, ол «ақылды, діндар америкалық емес пе» дейді,  Лев Толстой Уильям Д. Брайанның президенттік сайлауда жеңіске жету мүмкіндігіне күмән келтірсе де оған сайлауда табысқа жетуге тілектестік білдіреді. 

Бес жыл өткеннен кейін 1908 жылғы тамызда  Ясная Полянаға Филадельфиядан Брайанның алыс туысы, кәсіпкер Райерсон Дженнингстеннен хат келеді, онда Толстойдың Брайанды қолдауын сұрайды, Толстой  мынадай мазмұнда хат жолдайды:

«24 тамыздағы хатыңызға жауап ретінде Г.Брайанның Америка Құрама Штаттары президенттігіне кандидатурасына сәттілік тілеймін. Менің көзқарасым бойынша зорлық-зомбылыққа  құрылған мемлекетті мүлдем мойындамаймын, президент қызметін де құптамаймын, алайда, ондай қызмет болса, оны лайықты  әрі  сенімді адамдар атқарғаны жөн. Г.Брайанға үлкен құрметпен қараймын, оның негізгі өмірлік  қағидаттары менікімен сәйкес келеді, бұқараға жанашырлығын, милитаризмге және зұлымдыққа қарсы көзқарастарын қолдаймын» -  деп АҚШ президентігіне үшінші  рет сайлауға түсіп тұрған  демократ  Уильям Брайанға қолдау  білдіреді. 

Сол кездегі АҚШ президенті Теодор Рузвельт 1908 жылғы сайлауда соғыс министрі Уильям Ховард Тафттың кандидатурасын қолдады.

Лев Толстойдың У.Брайанды қолдағаны намысына тиді ме Т.Рузвельт Толстойды ең данышпан және ең ұлы жазушы деп бастап кейін сынға алады, жас америкалық жазушыларды Толстой идеяларынан сақтандыруды өзінің міндеті санайды.

АҚШ президенті орыс жазушысының елдің ішкі істеріне «араласуына» наразылық  білдіреді. 1909 жылы 20 мамырда Т.Рузвельт мақаласын оқыған Толстой күнделігінде: «Рузвельттің мен туралы мақаласы әрине, ақымақтық, бірақ  жақсы жазылған» деп күнделігіне түртеді. Осылайша ХХ ғасырдың басында АҚШ билігінің қолымен жазушыға басқа көзбен қарайтындар пайда бола бастады.

АҚШ президентінің сөзінен кейін Толстойдың ықпалы артпаса кеміген емес,  кейін америкалық әйгілі жазушы Теодор Драйзер бір кезде «Толстойдың «Крейцер сонатасы» мен «Иван Ильичтің өлімін» оқығаннан кейін мен жазушы боламын деп шешкен едім» деп  жазды.

1886 жылы  орыс әдебиетін ағылшын тіліне аударушы Клара Блэк (Констанс Клара Гарнетт) «Соғыс және бейбітшілікті» барлық семантикалық кедергілерді алып тастап, мағыналық қырынан  аударды, бұрын америкалықтар француз тіліндегі бірнеше аудармалардан, шетелдік аудармалардан оқитын, Клара Блэктің аудармасы америкалықтарға Толстойды түсінуді әлдеқайда жеңілдетті, осы кезде американың тағы бір ұлы жазушысы Эрнест Хемингуэй: «Мен Констанс Гарнеттің аудармасынан кейін «Соғыс және  бейбітшілікті» соңына дейін оқуға мүмкіндік алдым, қанша рет соңына  дейін  оқи алмағанымды  ұмытқан емеспін!»  деп жазды.

АҚШ-та «Воскресение» романының қайта басылымдарының  саны «Анна Каренина»  мен «Соғыс және бейбітшілік» романдарын артта қалдырды.

Америка  киносының негізін қалаушы  Дэвид Уорк Гриффит 1909 жылы Толстойдың көзі тірісінде  Ясная Полянада сол кездегі адамдар талғамына сай  кемеңгер жазушының   соңғы шығармасы«Воскресение» романына қысқа метражды аттас  дыбыссыз, «мылқау» фильм  түсірді, ал 1956 жылы сол америкалықтар  «Соғыс және бейбітшілік» романын  бірінші болып  әлем киноэкрандарына  шығарды.

Лев Толстой америкалық оқырмандардан идеяларының дұрыстығын білгісі келді, олардан қолдау күтті, ал америкалықтар болса жылдар өткен соң Толстойды ізгілік жаршысы, Америкада  ешқашан да болмаса да адамзат баласының көңіл-күйіне ықпал еткен өнегелі жазушы деп таныды.

(жалғасы бар)

      

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan