Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Салауат Кәрім. Лев Толстой және Кавказ...

Салауат Кәрім. Лев Толстой және Кавказ

14.10.2025

4453

Салауат Кәрім. Лев Толстой және Кавказ - adebiportal.kz

Кавказ Толстойдың өмірінде және жазушылық қалыптасуында  маңызды рөл атқарды. «Мақсатсыз, бос өмірден шаршадым» деген 23 жастағы Лев Толстой өзінің  өмірін өзгертуге шешім қабылдайды, 1851 жылдың мамыр айында артиллерияда қызмет ететін ағасы Николаймен бірге Кавказға аттанады. Толстойдың мұндай шешім қабылдауға ағасы Николайдың ықпалы көп еді дейді  толстойтанушылар. Демалысқа келген  ағасы інісін Кавказға аттануға көндіреді, інісі басында қарсылық білдіргенімен, біраз ойланғаннан кейін ағасымен Кавказға аттануға келіседі. Ағасы Николайдың қызмет атқаратын жиырмасыншы артиллериялық бригадасы  Кавказда Терек өзенінің Кизляр қаласының төмен жағалауында тұрған еді. 

Ағайынды Толстойлар Саратов  қаласынан пароходка отырып, Еділ өзенімен Қазан қаласы арқылы төмен түсіп, 1851 жылы 26 мамырда Астраханға келеді, 1851 жылғы 30 мамырда  Старогладковская станицасына жетеді.

Кавказға жеткен соң Толстой күнделігінде: «Старогладковская станицасы Терек өзенінің сол жағалауында орналасқан. Үйлер ағаштан салынған, төбелері қамыспен жабылған, станица терең шұңқырмен қоршалған, мұнда Терек казактары тұрады. Олар мал шаруашылығымен, бау-бақша, балық аулау және аңшылықпен айналысады, казактардың ең басты қызметі шекара күзету.... Үш шақырым жерде шырмауықпен  қоршалған, зеңбірек атуға жол салынған жерде шекара күзеті тұр. Терек өзенінің оң жағалауында Старогладковская станицасына қарама-қарсы шешендердің Хамамат-Юрт ауылы көрінеді, оңтүстігінде казак станицалары орналасқан, Терек өзені артында үлкен Шешенстанмен, солтүстігінде Моздок даласымен шектеседі» -  деп барған жерін суреттейді. 

 Толстой Кавказға аттанбастан екі жыл бұрын Қазан Императорлық университетінде оқыды. Толстойдың үлкен ағалары да Қазан университетін бітірген болатын. 1844 жылы Қазан университетінің философия факультетінің  Шығыс (араб-түрік) әдебиеті бойынша бөліміне оқу ақысын өзі төлейтін студент ретінде оқуға түседі, ал келесі 1845 жылы мамырда оқу үлгеріміне және дәрістерге өте сирек қатысқаны үшін курсты қайта тапсыруға қалдырылады, заң факультетіне ауысқанымен оқу емтихандарын тапсырған емес, оқуын тастап иелігіндегі  шаруашылығымен айналысу үшін Ясная Полянаға қайтады. Бос өмірден әбден жалыққан,  не істерін білмей шаршаған Лев Толстой Кавказға көтеріңкі  көңілмен аттанады.

Толстой бір аптадан кейін ағасымен бірге Горячеводск маңындағы бекініске  Старый Юрт  – шағын шешен ауылына  көшеді. Старый Юртта  шешендер тұратын, оларды да Терек казактарына жатқызатын, сондай-ақ айта кету керек, Лев Толстой Кавказ кезіне қатысты барлық көркем шығармаларында, күнделік жазбаларында, кейін шығармаларында да  таулық мұсылмандарды «татарлар» деп атады.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Кавказ соғыс ошағына  айналды, Орыстар Иван Грозный патшадан бастап Кавказды басып алуды бастады. Екатерина II тұсында Ресейдің басқыншылық саясаты одан әрі күшейді. Жаулап алған Кавказ жазығының ең құнарлы, шұрайлы әсем жерлеріне орыс дворяндары қоныстандырылды. Тау халықтары орыстардың жерлерін басып алуына қарсы  күресі ұзақ жылдарға созылды. 

Толстой 1851 жылдың жазында ағасымен бірге  таулықтарға қарсы әскери жорықтарға қатысады. Жорық кезінде солдаттар мен офицерлердің, сондай-ақ  бейбіт ауылдардағы  таулықтардың өмірімен, салт  дәстүрлерімен жақын танысады, олардың сенімдеріне, емін еркін қатынастарына, өжет мінездеріне  ерекше тәнті болады, бұл оған  қатты әсер  етеді. Алғашқы жорықтар Толстойдың соғыс туралы түсінігін күрт өзгертеді, тау халқының адамдарына басқаша көзбен  қарай бастайды. 

Толстой Кавказ табиғатына, таулықтарға тәнті болғанымен, әскери қызметке кіруді,  офицер шенін алуды көздейді. Бұрынғы жұмыс орны Тула қаласы дворяндарының депутаттары жиналысындағы азаматтық қызметінен босату туралы өтінішіне жауап келмегендіктен әскери қызметке тұра алмайды, тек  алты айдан кейін 1851 жылғы қазан айында әскери қызметке түсуге  емитихан тапсыру үшін Тифлиске келеді. 

Тифлисте әскери юнкер дәрежесіне арифметика, алгебра, геометрия, грамматика, тарих, география және шет тілдері пәндерінен емтихан тапсырады, әр пәннен ең жоғары - 10 балл алады. Азаматтық қызметтен босату туралы құжаттары келместен бұрын 1852 жылғы 3 қаңтардағы «20-шы артиллериялық бригаданың №4 зеңбірек батареясына IV класты фейерверкер болып, «құжаттары келген бойда қызметке кіріскен күннен бастап қабылдансын» деген  жарлықпен рәсімделеді.

Ақыры 1852 жылы 23 наурызда көптен күткен әскери қызметке қабылданғаны туралы бұйрық келеді, алайда бұл қуанышты хабар Толстойды  аса қуанта қоймайды, Кавказда өткен кезде офицерлер айналасы оған ұнамады, олар арақ ішіп, күні түні бойы  карта ойнайтын, бұның бәрі оған жат көрінді, мүлдем ұнамайды. Ол өзін офицерлер арасында жалғыз сезінетін. Толстой  туралы бір офицер: «Ол тәкаппар еді, басқалар арақ ішіп, көңіл көтеріп жатқанда, жалғыз кітап оқып отыратын. Мен оны бірнеше рет кітап оқып отырған жерінен көрдім....» - деп  еске алды.

«Мен жиырма төрттемін, сегіз жылдан бері өзімнің нәпсімді тиып, өзіммен арпалысып келемін, мұның бәрі бекер емес шығар. Менің өмірдегі мақсатым не?» - деп күнделігінде өзіне осындай сұрақ қояды.

 

                                      ***

1834 жылы таулы аймақтардың орыстарға қарсы күресін Шәміл басқарды. Шәміл он алты мен алпыс жас аралығындағы барлық ер адамдарды жиһадқа шақырды, үлкен әскер жинады. Орыстардың шабуылын тоқтатуға тырысқан Шәміл орыс әскерлеріне тұтқиылдан шабуылдар жасап, оларды қалжыратып, шекара маңындағы орыстарға күн бермеді, үнемі қауіп төндірді.

1845 жылдан бастап Ресей қолбасшылығы Шәмілге қарсы әскери экспедиция жіберді, орыс әскері орман алқаптарын орып, олардың тауға шегуінуге мәжбүр етті. Орыс әскерлерінің таулы жерлерге қарсы жорықтары асқан қаталдықпен, жауыздықпен жүзеге асырылды. Толстой басында орыстар әділ соғыс жүргізуде деп сенеді, алайда орыстардың тау халықтарына қатыгездіктерін, жауыздықтарын көрген сайын Толстой  іштей қарсы болады. 

Толстой Мичике өзені маңындағы ұрыста зеңбірек ядросынан аман қалады. Бұл шайқаста қаһармандығы үшін Толстойды Георгий кресіне ұсынады, бірақ шахмат ойынынын қызығына кіріп кеткен Толстой қарауылға кешігіп қамауға алынады. Ал енді бірде Толстой ерлігі үшін оған ұсынғалы тұрған Георгий кресінен командирінің өтінішінен кейін жалақысы көлемінде өмір бойы зейнетақы алуға құқық беретіндіктен шаруа солдаттың пайдасына беру үшін өзіне ұсынылған марапаттан бас тартады. 

Артынан Лев Толстой: «Соғыс -  әділетсіз, жаман нәрсе, соғысушылар ар-ожданды  ұмытады» - деп жазды. Толстой алғаш рет өзінің таулықтарға қарсы соғысқа қатысуының дұрыстығына күмәнданады. «Соғыс мейлі ол таулық адам, казак немесе орыс солдаты болсын дұрыс емес» - дейді, соғыстан бас тартуды, ал ең бастысы, сол кезден бастап адамдар арасындағы бауырластық керектігі туралы ойлайды, артынан болашақ кемеңгер жазушының мақсаты мен оның өмірлік мұратына айналады. 

Кавказ Толстойдың бейбіт өмірге, соғысқа  деген көзқарастарын анықтай түседі, сезімдері мен көргендері артынан көрем шығармаларына, әсіресе «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясына  арқау болды.

Лев Толстой  әскери қызметтен кетуді ойлайды. Бұған тағы бір  себеп  ағасы Николайдың  отставкаға шығуы, сондай-ақ өзіне белгілеген Кавказда болу мерзімінің  аяқталуы болатын, 1853  жылдың көктемінде үйіне бару  үшін демалысқа шығу туралы рапорт береді. 

Алайда, маусым айында Ресейдегі жағдай күрт өзгереді. Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар шиеленісе түседі. Бірінші Николай  соғыс туралы манифест шығарады, орыс әскерлері Түркияға тәуелді Молдова мен Валахияны басып алу үшін соғыс жорығын бастайды. Соғыс қимылдарының басталуына  байланысты армиядан отставкаға шығуға, демалысқа кетуге тыйым салынды. Толстой Молдова мен Валахияда орналасқан орыс әскерлерлерінің  қолбасшысы, генерал М.Д.Горчаковқа оны майдан әскеріне жіберуді сұрайды. 1854 жылғы 12 қаңтарда  Дунай армиясының  12 – артиллериялық  бригадасының 4 батареясына  ауыстырылғаны туралы хабар алады.

Лев Толстой Кавказдағы жастық шағы жылдарын еске алғанда «Сол кездегі  күндерім  ауыр да әрі азапты  болғанымен өмірімдегі ең жақсы уақыт еді.  Мен бұрын да,  кейін де мұндай өзімнің ойлау биігіне жеткен емеспін. Менің сол кездегі ақылға түйгендерім өмірдегі менің сенімдеріме айналды» - деп жазды.  Лев Толстой Кавказға  жастықпен аттанып, жазушы болып оралды. 

                               

                                 Кавказ туындылары 

Толстой Кавказда жүргенде ауырып 1852 жылы Тифлисте бірнеше ай кідіреді. Сол кезде «Балалық шақ» повесін жазуды бастайды. Нағашы әпкесі Т.А.Ергольскаяға: «Есіңізде ме, сіз маған бір кезде роман жазуға кеңес берген едіңіз ғой, енді мен сіздің ақылыңызды қабыл алдым, мен, әдебиетпен шұғылданып жүргенім туралы айтып отырмын. Менің жазғаным бір кезде жарық  көре ме, мен білмеймін, бірақ бұл жұмыс мені қатты қызықтырады, мен жазушылықпен  шындап айналысқым келеді, енді оны тастағым келмейді» – деп хат жазады. 

Сол 1852 жылғы мамырда Лев Николаевич емделуге Пятигорск қаласына келеді, толстойтанушылар Пятигорскіні Толстойдың «әдеби бесігі» дейді, өйткені Толстойдың ең алғаш әдеби туындысы – «Балалық шақ» повесін осы жерде бітірді, тағы бір туындысы «Кавказ хаттарын» жазуды бастайды, кейін ол шығармасы  «Жорық» деген атаумен жарық көреді. 

1852 жылы шілде айында Толстой «Современник» журналының редакторы 

Н.А.Некрасовқа өзінің алғашқы хатын жазып, «Л.Н» деп қол қойып, «Балалық шақ» қолжазбасын жібереді. Толстой Некрасовтан қолжазбаны қарап шығуды, повесть туралы пікірін сұрайды, Некрасовқа өте жақсы әсер қалдырады, журналда басылады.

Алайда Толстой өзінің алғаш жарық көрген шығармасына цензура  тарапынан көптеген қысқартулар жасалғанын, өзгерістер енгізілгенін  көреді, бұған қатты ренжиді, тек төрт жылдан кейін 1856 жылы «Балалық шақ» повесінің  өз алдына бөлек кітап болып шыққан кейін тынышталады.

Лев Толстой соғыстың не екенін өз көзімен көреді, оның Кавказдағы әскери қызметімен байланысты «Жорық» (1853) «Кавказ тұтқыны» (1872) және «Казактар» (1863) шығармаларында жазушының өмірі анық көрінеді,  Толстой кейіпкерлері арқылы өзінің өмірін, ішкі жан дүниесін, күмәндарын, рухани жеңістерін, өзінің өмірі  және таулықтардың өмірі туралы  ойларын жазады. Толстой Кавказда жүргенде «Жастық», «Ересек шақ», «Қасиетті түн», «Маркер жазбалары» туындыларын жазды, шешен халқының фольклорын жинады. Кавказ соғысына қатысты «Орманды отау» (1855)  және  «Қажы -  Мұрат»  (Толстой қайтыс болғаннан кейін 1912 жылы  жарияланды) повестерін  жазды.

Толстой  «Кавказ тұтқыны» әңгімесін  болған  оқиға жанрында деп анықтайды, өйткені  жазушы өзінің басына түсе жаздаған  оқиға негізінде баяндайды. Толстой  1853 жылы 23 маусымда күнделігінде: «Тұтқынға түсіп қала жаздадым, бір қиындықты сезіп, өзімді сабырлы ұстадым» дейді. Толстойдың танымал шығармаларының бірі «Кавказ тұтқыны» әңгімесін Толстойдың өзі де, Кавказда бірге әскери қызмет атқарған  жолдастары да жоғары бағалады.

Быль Кавказский пленник с картинками - Читать сказки, басни и рассказы  Толстого Льва Николаевича
   «Кавказ тұтқыны» әңгімесіне суреттік көріністер 

«Казактар» повесі - Толстойдың жеке өмірбаянымен, оның  арманымен  өте тығыз байланысты дейді  зерттеушілер. Әңгіменің кейіпкері ештеңеге сенбейтін, ештеңені мойындамайтын, өмірде мұқтаждық көрмеген кейіпкер -  жас дворянин Дмитрий Оленин туралы баяндалады. Басты кейіпкер өзін ғана жақсы көреді, әлі де болса өзінен жақсылық күтеді, әлі де болса өзінен көңілі қала қоймаған, үміті мол жас адам. Жас дворянин еркін казактардың өмірімен танысады, олардың еңбекқорлығына қызығады, олардың өмір сүру салтын ұнатады, ең бастысы өмірдің мәні неде екенін түсінеді. Казактар Оленинге жақсы көңілмен қарайды, алайда өздерінің ортасына оны  жуытпайды, жақын жібермейді, бөтен адам санайды. Оленин де олардың өмір сүру дәстүрлерімен келіспейді, сөйткенмен де  Оленин  казактар қатарына жазылып, артынан үй сатып алып, мал жинап,  казак қызына үйленсем деп армандайды. 

Кавказдың бай  және әсем табиғаты, қарапайым адамдар арасында өмір сүру Толстойға қатты әсер етеді, сол кезде ол өзін бақытты сезіне бастайды, бұрын уақытын бос өткізгеніне, мақсатсыз өмір сүргеніне өкінеді. 

Толстой Кавказда жүргенде адамның  бақыты - адамдар ортасында өмір сүру, адамдарға қызмет ету керектігін түсінеді.

                               

                                   «Қажы - Мұрат» повесі

         

Лев Толстой  «Қажы - Мұрат» повесін  әдеби шығармашылығының кемел  шағында  1896 жылы  жаза бастады,  көзі тірісінде,  жазуды   аяқтамастан бұрын шығарманы жарияламау туралы шешім қабылдайды. «Қажы- Мұрат» повесі Толстой қайтыс болғаннан кейін оның жарық көрмеген  бірқатар шығармалары және еңбектерімен қоса 1912 жылы ғана жарияланды.

Повестің басты кейіпкері, 1851 жылы орыстардың жағына өтіп, Шәмілдің  тұтқынында қалған  отбасын құтқару үшін тауға қашып, мерт болған  Шәміл наибы тарихи тұлға Қажы- Мұраттың өмірі туралы туынды.

   Қажы - Мұраттың суреті 

                                        

1851 жылы желтоқсанда Лев Толстой Кавказдан ағасы Сергей Толстойға жазған хатында: «Егер Кавказдан тың хабар туралы мақтанғың  келсе, мен саған  айтайын, Шәмілден кейінгі екінші адам Қажы-Мұрат жуырда  Ресей үкіметіне өтті. Бұл бүкіл Шешенстандағы бірінші сабаз, баскесер, бірақ зұлымдық жасады» дейді.

Елу жылдан кейін Толстой Қажы-Мұрат туралы  мүлдем басқаша  жазды. Толстой ондаған жылдар  повестің негізіне өмірде болған тарихи оқиғаға қатысты деректер жинайды, шындықты дәл бейнелеуге тырысады, еркіндік аңсаған адамның  рухына арналған реалистік повесть  жазып шығады. 

Толстой  «Қажы-Мұрат» повесінде Ресей патшалығы мен Солтүстік  Кавказ халықтарының  арасындағы таулықтардың өздері  ішіндегі қалыптасқан  күрделі қарым-қатынастарды суреттейді.

Повестте Кавказ соғысының бір эпизодын баяндайды, имам Шәміл серіктерінің бірі Қажы - Мұрат шешен ауылы Махкетке келіп, шешен Садоның үйінде тоқтайды. Келесі күні Қажы - Мұрат және оның бес нөкері (аварлар мен шешендер) орыстардың жағына шығады. Қажы-Мұрат Шәмілдің тұтқынындағы отбасын орыстардың көмегімен босатамын деп үміттенеді, бірақ онысы іске аспайды. Отбасын өз бетімен қайтаруға шешім қабылдайды. Қажы-Мұрат және оның  адамдары осы шайқаста  мерт болады. Қажы -  Мұраттың жансыз денесін  қорлап, басын кесіп, орыстар әскери  бекіністер мен ауылдарда көрсетеді. 

Қажы-Мұрат қиын таңдаудың құрбаны, соңына дейін күрескен, өзінің сеніміне  адал  болған адам,  оның рухына таңданбау мүмкін емес. Толстой Қажы-Мұрат үшін отбасы, оның жақындары қаншалықты маңызды екенін, қандай жағдай болмасын адам рухын түсірмеу керектігін жеткізеді. Повесте таулылықтардың өмірі, әдет-ғұрыптары мен салттары әр түрлі қырынан көрсетіледі, бір жағынан, кавказдықтар қатал мінезді, ержүрек халық ретінде көрсетілсе, ал екінші жағынан мейірімді, адал жандар ретінде  суреттейді. 

1903 жылы америкалық журналист Джеймс Крилменмен  сұхбатында Лев Николаевич Толстой:  «Бұл уағыз емес, Кавказ туралы поэма.  Қажы -  Мұрат Ресейге қызмет етіп,  содан кейін өзінің халқымен оған қарсы күрескен халық қаһарманы, соңында орыстар оның басын шабады.  Бұл өлімді  жек көретін халық туралы поэма»  дейді.

1898 жылы ақпанда Чертковтың шетелде шығатын «Свободное слово»  баспасына Толстой  «Қажы - Мұрат» повесінен  «Хазават» деп аталатын үзінді  әзірлейді, Толстой  Қажы - Мұрат күресінің идеясын басында діни фанатизм тұрғысынан көрсетпекші ойы болады, артынан бұл ойынан бас тартады, өзіне өзі ренжиді, наразы болады. 

Лев Николаевич повестің алты нұсқасын жазған, соңғысы 1902 жылы аяқталды, алайды екі жылдан кейін Николай I-ге арналған эпизодты қосады, 1903 жылдың көктемінде «Кавказ археографиялық комиссиясының актілерін» қарап шыққан соң,  Қажы- Мұрат муридтерінің ойдан шығарылған есімдерін өзгертеді.  Кітаптың алғашқы он үш тарауы бес рет, ал Николай I - ге арналған он бесінші тарау сегіз рет қайта жазылды. Соңғы қолжазбасын Ясная Полянадағы соңғы күндеріне дейін жариялау үшін баспаға бермейді, ешкімге көрсетпейді, құпияда ұстайды. Жоғарыда айтқанымыздай автордың көзі тірісінде  «Қажы - Мұрат»  жарияланған емес, тек 1912 жылы басылып, жарық көреді. 

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы Толстой шығармашылығына үлкен сүйіспеншілікпен қарады, орыс жазушысының шығармаларын алғашқылардың бірі болып аударды.  Орыс патшалығының отаршылдық саясатын суреттеген «Қажы-Мұрат» повесінің көркемдік идеясы Әлихан Бөкейханұлына өте жақын еді. Әлихан Бөкейханұлы көркем аудармаларының көлемді  бөлігі  1922 жылдан 1927 жылға дейін СССР халықтарының Орталық баспасында Қазан секциясының әдеби қызметкері болып қызмет етіп жүрген кезге келеді. Оған дәлел 1925 жылы Л.Н. Толстойдың «Қажымұрат» повесі 1923 жылдың қыркүйегінде аударылды. 1924 жылы қазақ тілінде жарық көрді. Кейін Әлихан Бөкейханұлы аудармасында Лев Толстойдың  «Кавказ тұқыны», «Жеті қарақшы», «Жұмыртқадай бидай»  әңгімелері басылды.

 Әлихантанушы  зерттеуші -  ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы «Алаш көсемін Мәскеуде коммуналдық пәтер мен әдеби қызмет тосып алды» деген еді «Абай кз» порталындағы кезекті бір мақаласында. «Ә.Бөкейханның көркем аудармаларының ішінен «Қажымұрат» повесінің аударылып, кітап болып шығуының өзіндік  хикаясы бар көрінеді. Райымжан Әзілханұлы Бөкейхановтың Мәскеуде ағасының өз аузынан естіген әңгімесіне қарағанда, повесті аударып болып, баспаға берер бұрын Қыр баласы кітапты оның бас кейіпкері – Қажымұрат портретімен беруді ойлайды да, Мәскеуде өзіне жақсы таныс бір суретшіні тауып алып, оны Қажымұраттың шығармада сипатталған бейнесі бойынша суретін салып беруге көндіреді. Л.Толстойдың өзі алғаш басып шығарғанда, кітапта бас кейіпкердің портреті не суреті болмаған. Қыр баласының аудармасында Қажымұраттың суретімен басылып шығады» деп жазады. Енді көркем шығармадан тарихқа келейік.  Қажы-Мұрат 1852 жылы өлтірілді. Оның шабылған бас сүйегі Санкт-Петербургке жіберілді, 1959 жылға дейін Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясында ұсталды. Қазір Кунсткамерада сақталады. Қажымұраттың бассыз денесі  Әзірбайжанда жерленген. Лев Толстойда  Кавказ соғысын  орыс мемлекеті  тарихындағы  «қанды парақтардың  бірі»  деп санады.

Толстой орыс отаршылдығының зұлымдығы мен жауыздығын  уақыт  оздырмай жеткізген жазушы болды, «Кавказ – бұл соғыс пен еркіндік,  яғни бір жағынан адам табиғатының күші мен қадір – қасиетінің сынағы, екінші жағынан езгілікті білмейтін Кавказ халықтарының өміріне таңдану дер едім» - деп жазды. Толстой Кавказға бұдан соң қайтып бармады, бірақ өмірінің соңғы күндеріне дейін Кавказға деген махаббатын сақтап өтті.

(жалғасы бар…)

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan